"Алмас қылыш" романы — XV ғ. оқиғаларынан аса көп мағлұматтар бере алады және ол оқиғалардың жылнамалық реті сақталған. Сол себепті де оны роман-хроника деп атауға болады. Роман-хроника болғандықтан, онда көптеген тарихи оқиғалардың тізбегі басым келуі — жанрлық заңдылық. "Алмас қылыш" романында Дешті Қыпшақтың (бұрынғы қазақ елінің бір атауы) қаһарлы ханы Әбілхайырдың кезінде қазақ руларының қазақ хандығы қол астына топтасуы, бір жағы — Әбілхайыр, екінші жағы — Жәнібек, Керейлердің тақ пен тәж үшін таласы, хан ордасындағы шытырман оқиғалар, алдау мен зорлықтар тізбегі баяндалған. Кітаптың бірінші бөлімі — Әбілхайыр ұлысының екіге бөліну жағдайын көрсетуге арналса, екінші бөлімі қазақ хандығының ішкі, сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде шынығып ширауы, бұл жолдағы қыруар кедергілер мен қиындықтар көрсетілген. Романның басты идеясы — қазақ руларының бірлесу, бір хандықта ынтымақ құру мәселелері.
«Жанталас» романында қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы XVIII ғасырдағы азаттық күресінің шешуші кезеңдері, сол күрестің негізгі күштері, қазақ елінің саяси-әлеуметтік ахуалы, ішкі қайшылықтар, сыртқы жаулар, әсіресе, қытай богдыхан-дарының жыртқыштық, арандатушылық саясаты, ар, намыс, өмір үшін кескілескен ұрыстарда қазақ халқының өз тәуелсіздігін қорғауға қажыр, қайрат таба білгендігі, осы оқиғалар тсында қол бастайтын қаһармандар өсіп, жетіліп шыққандығы туралы тарихи көп мағлұмат келтірілген. Оның үстіне Бұхар жыраудың төрт дүркін әңгімесі арқылы Хақназар, Тәуекел, Есім хандар кезіндегі қазақ елінің ахуалы, үздіксіз, жанталас соғыстар, сыртқы жаулардың толассыз шабуылы, халықтың дүшпаңдарын жеңіп отырғандығы туралы тарихи шындыққа сәйкес деректер берілген. Сонда «Жанталас» романы тек XVIII ғасыр оқиғаларымен шегерілмей, одан арғы екі ғасырдың да басты оқиғаларын қамтыған болып шығады. Міне, осындай үш ғасырға жуық қезеңнің күрделі істерін бір кітап көлемінде көрсету дегеннің қаншалық күрделі екенін аңғару қиын емес. «Жанталас» романында көп кейіпкердің аты аталады. Қазақ қосындарының қолбасшысы боп сайланып, жоңғарларға қарсы алғашқы екі-үш жеңісті шайқаста басшылық еткен Әбілхайыр ханды алып көрейік. Оның басындағы бірталай ұнамды қасиет — ақылдылық, әскери дарындылық, табандылық, айлакерлік жан-жақты елес береді. Әбілхайыр қарсы келгендермен күресе білетін, ерлікті де, ездікті де танитын алғыр адам сипатында сурттеледі. Ол Ресейге Қазақстанды ерікті түрде қосып, өзі бүкіл қазақтың ханы болуды армандайды. Оның ел басқаруға арыны да, шалымы да жететіні талай жерде байқалады да. Бірақ кезінде ептілік танытып, қазақ елінің тағдырын қуатты Ресей мемлекетіне тәуелді етуге көп еңбек сіңірген адам, түбінде өзінің ішкі жеке мақсатына жете алмайды. Патшалық оны барлық қазақтың емес, Кіші жүздің. ханы деп таниды. Сонымен Идеясы-Әбілхайырдың үлкен үміті іске аспай, патшалық шешіміне көңілі толмай, бұлқынуға дәрмені болмай, трагедиялық халге түседі.
"Қаһарда" қазақ даласында тәуелсіз хандық орнатуды мақсат еткен Кенесарының қол жиып күреске шығуы, тәуелсіздік үшін күресті қолдамаған сұлтандарға және патша бекіністеріне шабуылы, Кенесарының билікке қол жеткізу үшін патша өкілдерімен келіссөздер жүргізуі, талабы өтпеген жерлерде халық қанының төгілуімен есептеспей, күш қолданылатын істерге баруы баян етіледі. Осы жолдағы ханның қаталдығы, елдің күйзеліске ұшырауы, Кенесары дұшпандарының ұйымдасқан іс-әрекеттері, сан алуан адам мінездері көрсетіледі. Идеясы-Бір отаршылдан екінші отаршылдың артықтығы жоқ екені, бәрінің көксеген мүддесі қазақ елін бөлшектеп бөліп, әлсіретіп, қансыратып, талан-таражға салу, өз билігін жүргізу екенін жазушы ашып көрсетеді.
Шыңғыс Айтматов: «...алайда, ең бастысы, «Көшпенділердің» бұрынғы қоғам жағдайына да, қазіргі жағдайға да тәуелсіз өз құндылығы мен әдеби тағдырының барлығында жатыр».
Достарыңызбен бөлісу: |