«Шыңырау» (1971) повесінде құдық – шын мəнісінде сыртқы фон, автордың негізгі айтпағы – адамдардың жүйкесін жеген даңғойлық, көрсеқызарлық, іштарлық, дүниеқоңыздық, бəсекелестік секілді дерттері. Өз өнері өзіне сор болған Еңсеп тағдырынан өнер адамдарының өнері қашанда өз бағасын ала алмайтынын ғана емес, өткінші дүниедегі əлсіздікті, жалғандықты, баянсыздықты, парықсыздықты көруге болады. Жазушы Еңсептің өмірі мен өліміне əлеуметтік, психологиялық талдау жасайды.
Автор құдықшының өмірі мен өлімі арқылы философиялық ой түйеді. Бірінші көзге түсетін – өнер иелері еңбегінің бағаланбауы, екіншісі – адам бойындағы астамшылық пен эгоизм. Еңсепті де жұтқан осы. Себебі ол елде жоқ құдық қазып атын шығармақшы болады. Бар тəжірибесі оның өз басын жұтуы арқылы автор сол бір даңғазалық, мақтаншақтық, эгоизмді əшкерелеген. Автордың негізгі айтпақ ойы – осы.
Әбіш ағамыздың «Шыңырау» хикаятының сахнагерлер назарына ілігуінде үлкен мән бар. Әуелім, шығарма өмірде болған оқиғаның ізімен жазылған, қойылымдағы басты кейіпкер тек Еңсеп қана емес, сонымен қатар ол шөлді өңірдің тылсым сырларын меңгеріп, ұрпағына мирас етіп қалдырған барша құдықшылар прототипінің жиынтығы болып саналады. Кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ туған жердің қадір-қасиетін сезінуі үшін жеті қат жер астынан тіршілік көзін іздеп, Үстірттің үмітін үзбеген мұндай сирек тағдырлардың тарихтағы тағылымды іздерін ешқашан ұмытпаулары тиіс.
Шығарма көрерменге терең ой салып, табысқа қол жеткізу үшін адамға тек адал еңбек ету ғана емес, ой-пікір тереңдігі, иман мен ниет тазалығы қажеттігін алға тартады. Қозғап отырған әңгімесі өткен ғасырдың еншісіндегі кәсіп туралы болғанмен, тарихи шығарманың ескірмейтін, ертеңнің мұратымен жалғасып кете баратын жақтары басым. Жас өркенге Маңғыстаудың шөлстаннан гүлстанға қалай айналғанын көрсету үшін хикаяттың сахналық туындыға айналғаны құптарлық әрекет деп санаймыз. Спектакльдің басты кейіпкері – Еңсеп (рөлді сомдаған әртіс Айбек Иманқұлов). Ол жапан түзде талай құдық қазып, елінің мейірін қандырып, мерейін үстем еткен жан. Байсал бай Еңсепке Үстірттегі ең шұрайлы жерден құдық қазып беруге өтініш жасайды. Бір-екі ақсақал тастақ жыраның құбыла бет құрамын қолайлы көретінін айтады. Еңсеп құлақ аспайды. Еңбекке жарамды нарларды таңдап, құдық қазуға кіріседі. Шыңырау түбінде түрлі ойға шомып, кейде балаша шаттанса, енді бірде қорқынышқа бой алдырады. Қошемет-қолпаш Еңсепті тас қараңғы қапасқа талай мәрте тірідей тұншықтырады. Бастапқыда жұртқа құдық қазып берсем, олар менің бұл ісіме қуанады, шаттыққа кенеледі деп түсінеді. Алайда, ажалмен бетпе-бет келген сайын бұл райынан қайтып, ойы мүлде басқа ауанға ауысады. Әр шыңыраудың соңынан маңырап алдына мал біткенмен, соңынан ерген сөз одан асып кетер еді. «Құдық біткен күні жанына кеп: – Апыр-ай, мына байда иман жоқ екен, жетпіс құлаш шыңырауға бар болғаны жетпіс тоқты айдатыпты-ау, – деп сыбырлап қалатындар араға айлар салып өзі келеді. – Еңсепжан, біз анау пәленше бай емеспіз. Ақыңды жемейміз. Ернектің үстінен шыңырау қазып берсең, жүз тоқтыны алдыңа саламыз, – деп қолқалайды». Ал спектакль соңы Еңсептің өліміне қарамастан оптимистік ырғақта аяқталады. «... Содан бірнеше жыл бойы қанды құдықтың маңына ел жоламады. Біреулер құдықтың перісі бар екен, Еңсепті ұстап қалыпты десті, енді біреулер о жердің астында айдаһар бар екен, бірде құдықтың аузынан басын шығарып тұрғанын өз көзімізбен көрдік деп соқты. Арада әлденеше жыл өтті. Жер астынан шыққан айдаһар көрінбеді. Бір-екі жүрек жұтқан жігіт барып қауға салып еді, мөп-мөлдір тұщы су шықты. Ақсақалдар әрі ақылдасып, бері ақылдасып, молда апарып, кітап ашқызып, дұға оқытып, құдықты жын-періден аластады. Шегендеді... Тусырап жатқан өңір суға қарық болды да қалды. Жаңбырсыз жылдары қанша шыңыраудағы су тартылғанмен, ол лықылдайды да жатады. Біреулер қауға түсіріп алса, артынан сонау көк теңіздің жағасындағы ақ тұмсықтың астынан табылыпты. Енді жұрт бұл құдықтың суы сонау ұлы теңізге барып құяды екен десті». Көненің көзіндей сақталған сол құдықтардың жұрнағы күні бүгінге дейін Үстірттің үстем үнін биіктетіп тұр екен. «Қараш қазған» құдығының бүгінде құр атауы қалған десеңіз, қателесесіз. Жұбан ақын: «Құдықтың түбі қатыгез, Өртенген шөлдің өзіндей» деп жырлағанындай, мұнда аңызақ даланың аңыз-әпсанасына айналған небір сырлы дүниелер көп сақтаулы. Маңғыстау десе, бүгінде шөлдегі салқын бұлақты, жасыл шөпті шұраттар, Бекет ата, Шақпақ ата, Ұлы Шерқала, Үстірт, Сұлтан-эпе сияқты сан-сапат тарихи-мәдени ескерткіштер атауы жадыңда жағалай жаңғырады. Ал енді осыған дейін бұл өңірдің тарихында не болған, мұншама мол қазына қалай сақталған, халқы сусыз қайтіп өмір сүрген, салт-дәстүрі, әндері мен күйлері қандай десек, бұл құндылықтардың қыр-сырына қапысыз қанығу үшін Ә.Кекілбайұлы шығармаларының шыңырауына түсіп шығуыңызға тура келеді. Мұнда спектакльдің діңгегін құлатпай ұстап тұратын құдықшылар тіршілігі шынайы сезімде өріледі. Автор туындысындағы құдықшы Еңсептің бейнесімен бетпе-бет келген кісінің толғаныспен жеткізілген кейіпкер тебіренісіне, селкеусіз сезім-күйіне таң қалмасқа лажы қалмайды. Құдық шыңырауында шыңдалып көрмеген адам оның түбіндегі жанталасқан өмір арпалысын, тіршілік көзін табушының ой-толғанысын, жарық дүниеден жанұшыра құлдилап бара жатқандағы жанайқайын қалай дәл тауып бере алған деген сауал сананы сағымдай баурайды. Мұның бәрін қаламгер өзінің өн бойынан өткізгендей, «Көзін құдықта ашса да, жер астына әр түскен сайын бір жас қартайғандай болады. Аяғының астында, сонау көзге түртсе көрінбес қара түнекте, ол өмірі көрмеген бір дүлей аранын ашып, тісін сақ-сақ қайрап тұрғандай ту сыртына мұздай тер шығады. Қашан аяғы жерге тигенше төменге бір қарамайды, көзі көкте болып, жаңа ғана артында қалған жарық әлемнің сонау бір алақандай жұрнағына телмірумен болады. О да барған сайын кішірейе түседі. Құдықтың аузындағы жігіттер шыңыраудың түбіне бір тал шаштай болып, сымша тартылып созыла түскен жіп-жіңішке қыл арқанның ұшына жармасып, тырбаң-тырбаң етеді...» деп кейіпкер шерін қалай нанымды суреттейді десеңші?
Мұнда оқиға баяндау сипатында өріледі. Диалог жоқтың қасы. Құдық түбіндегі өзекті ашытар ащы мұңды қазақы сауық-сайранның шалқар саздары басып кетіп отырғаны байқалады. Жалпы, кез келген шығарма басы бүтін тек қуанышты оқиғадан, яки болмаса өкініш пен күйініштен құралмайтыны мәлім. Мысалы, онда: «Алпыс үй ақ төс Арын атанған ауылдың жігіттері ылғи сән түзеп, ауыл қыдырып, ат үстінде жүрер еді. Шетінен Орынбордың қара мандаласынан тіктіріп, қынама бешпет киетін-ді; омырауларын ашық тастап, ақ шәйі көйлектері анадайдан жарқырап келе жатар-ды. Олар не торы, не қара, өңшең сүлік сұлу ат мініп, төстері жарқырап жал басына шыға келгенде, қапелімде қай-қай ауыл да сасып қалар-ды... Арын аулының жігіттері аттарынан да сәнмен түседі, тізелерін бүкпейді, тізгіндерін ұстап, қолтықтарынан демейтін – ауыл иелері. Қашан аттанып кеткенше көліктің жайын сұрамайды. Мамық төсектің астында сынық арпа жатса, бірден біле қояды» деген жолдар бар. Өзен-көлі жоқ қу медиен даланың төсінен тіршілік көзін табу – екінің біріне бұйырмаған кәсіп десек, ол үшін құдықшыңызға Құдай тағала маңдайдағы көзіне қоса түйсік көзін сыйлаған, сондықтан шыбын жанын шүберекке түйіп жер астына түскен пендесін ауыл-аймақ қастерлеп, тегін адам еместігін мойындаған.
Табиғаттың терең сырларын меңгеріп, ұрпағына кәсібін мирас етіп қалдырған Еңсеп секілді қаншама тағдырларға қойылған рухани ескерткіш арқылы біз де құдық қазу өнерінің жүрек дүрсіліне бір сәт құлақ түргендейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |