Атты халықаралық Ғылыми-əдістемелік конференцияның материалдары


Сейітнұр Ж., Əділетқызы А



Pdf көрінісі
бет153/174
Дата02.07.2022
өлшемі6.73 Mb.
#459584
1   ...   149   150   151   152   153   154   155   156   ...   174
Сборник 2022 Жакыпов с обл

Сейітнұр Ж., Əділетқызы А.
(Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) 
СТУДЕНТТЕРДІҢ ЭМОЦИЯЛЫҚ ЖАНЫП КЕТУІНІҢ (ТАУСЫЛУЫНЫҢ) 
ТҰЛҒАЛЫҚ ДЕТЕРМИНАНТТАРЫН ЗЕРТТЕУ
 
Елімізде болып жатқан экономикалық жəне əлеуметтік-мəдени өзгерістер қоғамның 
барлық саласы мен əрбір жеке тұлғаға əсер етуде. Енді ғана кəсіби қызметке дайындалып 
жатқан, кəсіби өзіндік санасы əлі толық қалыптасып бітпеген студенттер сыртқы əсерлерге тез 
ұшырайды. Студенттік жас – адамның өзіндік көзқарасы мен қатынасы қалыптасатын кезі. 
Жас мөлшері жағынан студенттер ересек адамның даму кезеңдерімен сəйкес келеді, негізінен 
«пісіп-жетілуден кемелдікке дейінгі өтпелі кезеңді» білдіреді жəне кеш жастық шақ – ерте 
ересектік (18-25 жас) ретінде анықталады. Студенттік жасқа арналған зерттеулерде олардың 
ішкі жан дүниесінің қарама-қайшылықа толы екендігі, өзіндік ерекшелігін табудың қиындығы 
жəне қайталанбас, шығармашылық дара тұлғаның қалыптасуы жүретіндігі атап өтіледі. 
Студенттік жастағы психиканың кейбір ерекшеліктері олардың əлеуметтік жағдайы мен 
мəртебесінің аралық сипатта болуымен анықталады. Ересектер əлеміндегі өз орнын анықтау
ең алдымен тұлғаның өзін-өзі анықтауын талап етеді. Студенттік жас сонымен қатар 
экономикалық белсенділіктің дамуымен сипатталады, ол өз бетінше өндірістік əрекеттерді 
түсінуді, еңбек өмірінің басталуы мен өз отбасын құруға дайындықты қамтиды. Бұл өмір 
кезеңі жас адамды кəсіби даярлау мен оқыту үшін ең қолайлы шақ. Студент - əрі тұлғалық əрі 
кəсіби даму үстіндегі тұлға. 
Бүгінгі таңда болашақ мамандардың кəсіби дамуының психологиялық ерекшеліктері 
белсенді зерттеу нысанына айналды. Соның бірі – тұлғаның эмоциялық жанып кетуі феномені. 
«Эмоциялық жанып кету» немесе «іштей таусылу» (ағылш. burnout) түсінігі психологияда 
ұзақ мерзімді өзіндік дəрменсіздік, қажу, əрекетсіздік, жұмыс пен өмірге немқұрайлылық, 
үнемі шаршап-шалдығу күйін білдіреді. Біздің зерттеуіміз студенттерде эмоциялық жанып 
кетудің қалай жүретінін анықтайды.
Жалпы зерттеушілер тарихи тұрғыда эмоциялық күйіну, іштей таусылу құбылысын 
зерттеуде төрт кезеңді бөліп көрсетеді:
I –іштей таусылу құбылысын түсінудің ғылымға дейінгі сипаттамалық кезеңі (халық 
ауыз шығармашылығы, əдебиет үлгілерінде, өмірбаяндық жəне төлөмірбаяндық деректер 
жəне т.б.);
II – іштей таусылу құбылысын ғылыми тұрғыдан түсіну кезеңі (1974 - 1980 жылдардың 
ортасы); 
III – іштей таусылу синдромын зерттеудегі аналитикалық-эксперименттік кезең (1980 
жылдардың ортасы – 1992 ж.); 
IV – жанып кету синдромын зерттеудің қазіргі кезеңі (1992 жылдан бастап) [4]. 
Бұл жерде айта кететін бір мəселе бар. Эмоциялық жанып біту, іштей таусылу 
проблемасының тарихи аспектісінде көптеген қателіктер, дəлсіздіктер мен ақтаңдақтар бар. 
Психологиялық əдебиеттерде бұл терминді 1974 жылы американдық психиатр Герберт 
Фрейденбергер (дұрысы, Г.Фройденбергер) енгізген делінеді. Ал шын мəнінде, оны алғаш рет 
1969 жылы американдық ғалым Г.Б. Брэдли (H.B. Bradley) өзінің ««Жас құқық бұзушыларды 
қоғамдық емдеу» атты мақаласында қолданады. Ол кəмелетке толмаған құқық бұзушыларға 
ықпал ету бағдарламасын қолдану кезіндегі офицерлердің мінез-құлқын сипаттау үшін «stuff 
burnout» (ағылш. "персоналдың іштей таусылуы" ) терминін пайдаланды. Термин кəмелетке 
толмаған құқық бұзушылармен жұмыс жүргізетін түзеу қызметкерлеріндегі жалпы шаршау 
синдромын білдіреді. [3]. Дəл сол 1969 жылы неміс ғалымы Д. Боярле (D. Bäuerle) «жанып 
кету» (burn-out) ұғымына ғылыми түсініктеме берді. Т.А.Колтуновичтің пікірі бойынша, 
Д.Боярле, жанып кетуді кəсіптің, жастың ішіндегі психикалық мүмкіндіктердің төмендеуімен, 


347 
наразылықтың пайда болуы жəне одан əрі жұмыстан шығарылумен сипатталатын біртіндеп 
баяу дамитын күй ретінде анықтайды [4]. 
1974 жылы Герберт Фройденбергер өзінің əйгілі «Персоналдың жанып кетуі» атты
мақаласын жариялады. Мақала оның Нью-Йоркте нашақорларға арналған тегін емханадағы 
еріктілердің (оның ішінде өзі де бар) психикасын бақылауына негізделген. Фройденбергер 
бақылау барысында еріктілердің көпшілігі шамамен бір жылдық белсенділіктен кейін күллі 
мотивацияларын жоғалтатынын байқайды. Өйткені, олар өздерінің күш-қуаттарының 
көбінесе босқа кететінін көреді. Жасаған əрекетің күткен нəтиже бермеген кезде адамның өз 
жұмысына деген ынтасының жоғалуы орын алады. Фройденбергер «жанып кетуді» (іштей 
таусылуды) шамадан тыс талап ететін жұмыстан шаршауды, сондай-ақ бас ауруы мен 
ұйқысыздық, тез ашулану жəне тұйықталу сияқты физикалық симптомдарды қамтитын 
белгілердің жиынтығы ретінде сипаттады.
Эмоциялық таусылуды алғашқы жүйелі эмпирикалық зерттеулер 1980 жылдардың 
басында жарық көре бастады. Жанып кету ( іштей таусылу) ұғымы нақтырақ анықталып, 
концептуализацияланды. Атақты əлеуметтік психолог Филипп Зимбардоның əйелі Кристина 
Маслач өзінің зерттеуінде басында синдром екі өлшемді қамтиды деп болжайды. Біріншісі 
эмоционалдық сарқылу, ол ресурстардың таусылуына жəне мотивацияның жоғалуына сəйкес 
келеді. Екіншісі, деперсонализация (тұлғасыздану), яғни клиенттерге, пациенттерге жəне 
басқа да жандарға негативті қатынаста болу (қатыгездену) жəне өзін өзгелерден оқшауланып 
алшақ ұстауы, эмпатияның азаю байқалады. Содан кейін Кристина Маслач пен Сюзан 
Джексон эмоциялық жанып біту, іштей таусылу үш құрамдас бөліктен тұратынын 
тұжырымдайды: яғни, «басқа адамдармен кəсіби қарым-қатынаста болатын адамдарда 
көрінетін эмоционалдық сарқылу, тұлғасыздану жəне жеке жетістіктердің төмендеуі (өз қадір-
қасиетін кемсіту ) синдромы» деп анықтайды. [3]. Эмоционалды сарқылу «жанып кету 
(таусылу) синдромының» аффективті құрамдас бөлігі болып саналады, ал қалған екі өлшем, 
тұлғасыздану жəне жеке жетістіктердің төмендеуі мінез-құлықтық немесе когнитивтік 
компоненттерді құрайды. Осы үш параметр іштей таусылу синдромын анықтау үшін 
пайдаланылды. Үш шкаладан тұратын бұл өлшем қазір кеңінен тараған «MBI» ( Maslach 
Burnout Inventory) сауалнамасын құрайды. Кристина Маслач пен Сьюзан Джексонның 
эмоциялық таусылуға берген анықтамасының кеңінен мойындалуының бір себебі, оның 
тексерілген жəне қолдануға оңай өлшеу құралдарының бірімен үйлесетіндігінде жатыр. 
«MBI» сауалнамасын қолдану тиісті анықтаманы қабылдауды білдіреді. Бұл эмоциялық 
таусылу синдромын белгілі бір кəсіптермен шектейді. Алайда, іс жүзінде зерттеулер біртіндеп 
осы синдромның əр көрінісіне əсер ететін ұйымдастырушылық факторларды анықтады. Бұл 
факторлар шешім қабылдауға қатыспау, шамадан тыс жұмыс, əділетсіз қарым-қатынас жəне 
басқалар. Маслачтың «эмоциялық таусылу» ұғымы негізінен кəсіби салаға қатысты. Жұмыс 
барысында орын алатын мəселелерден туындайтын құбылыс. Алайда кейінгі зерттеушілер бұл 
ұғымды өмірдің басқа салаларына да қолданатын болып жүр. Сол себепті К. Маслач пен С. 
Джексонның анықтамасы мен өлшемі барлық мамандықтарды қамту үшін өзгертілуі керек. 
Кейінірек эмоциялық таусылу мағынасы қайта ұғынылды. Бір жағынан эмоциялық таусылуды 
өркениеттің патологиясы ретінде қарастыруға болады, ол қазіргі əлеуметтік ұйымның кейбір 
қараңғы жақтарын, атап айтқанда өнімділік пен шұғыл қауыртылыққа табынуды, 
бəсекелестіктің күшеюін немесе тіпті бағалау əдістерін жалпылауды көрсетеді.
Эмоциялық таусылу синдромы көпшілік арасында танымалдығына қарамастан, МКБ-10 
немесе DSM-5 сияқты халықаралық анықтамалық нозологиялық жіктеулерде тəуелсіз 
бұзылыс ретінде танылмайды. Қазіргі уақытта медицина əлемінде оны диагностикалаудың 
жалпы қабылданған критерийлері жоқ. Десе де, іштей таусылудың басты себебі – жұмысты 
ұйымдастыру. Ол кəсіптік стрессті тудыратын еңбекті ұйымдастырусыз болмайды. 
Жұмыстың шамадан тыс жүктелуі, тапсырмалардың қарқыны, уақыт қысымы, ұзақ, болжауға 
болмайтын жұмыс уақыты, монотонды, ынталандырмайтын жұмыс, тұлғаралық қатынастар 
мен қақтығыстар, психологиялық ахуал жəне т.б. эмоциялық жанып кетуге əсер етеді. Бұрын 
психикалық бұзылулары жоқ адамдарда жұмыс барысында эмоциялық таусылу пайда болады. 


348 
Кез келген талдау деңгейінде біз іштей таусылу, жанып кету процесін тудыратын, сонымен 
қатар оны бəсеңдететін факторларды іздейтініміз анық. Таусылу синдромының белгілері мен 
салдарын нақты ажырату əрқашан оңай емес. Таусылу синдромымен негізінде жатқан 
процестердің бірі - адамның өз іс- əрекеттерін бақылай алмауы (бақылау локсы). Кəсіби 
үміттер мен жұмыспен қамтудың күнделікті шындықтары арасындағы алшақтық əлі де кəсіби 
сарқылудың көзі болып табылады. 2022 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін 
МКБ-11 нұсқасы бойынша, іштей таусылуды «сəтті жұмыс істей алмайтын жұмыс 
стрессінен» туындаған синдром ретінде анықтайды. Бұл синдромды өмірдің басқа 
салаларында тəжірибені бекіту үшін қолдануға болмайды, бірақ оны жұмыс орнымен шектеу 
керек деп нақты айтады. [8]. Эмоционалды таусылу ауру болып саналмайтындықтан, 
превенция (алдын-алу бойынша) ұсыныстар түсіндіру моделіне байланысты өзгеріп отырады. 
Жалпы алғанда, шетелдік зерттеулерде іштей таусылудың, эмоциялық жанып кетуді 
түсіндірудің теориялық тəсілдерін үш жалпы бағытқа бөлуге болады: 1) жеке психологиялық 
көзқарас: бұл жерде кейбір адамдарға жұмыстан тым жоғары үміттер мен күнделікті 
кездесетін шындық арасындағы сəйкессіздікке баса назар аударады; 2) əлеуметтік-
психологиялық: таусылу құбылысының себебі əлеуметтік саладағы жұмыстың ерекшелігі 
болып табылады, ол əртүрлі адамдармен психиканы жүктейтін тығыз байланыстардың 
көптігімен сипатталады; 3) ұйымдастырушылық-психологиялық: синдромның себебі 
ұйымдық құрылымдағы жеке тұлғаның типтік мəселелерімен байланысты : автономия мен 
қолдаудың болмауы, рөлдік қақтығыстар, басшылық пен жеке қызметкердің кері 
байланысының жеткіліксіздігі немесе болмауы жəне т. б. 
Эмоциялық таусылу мəселесіне Ресей психологтарының (М.В.Борисов, В.В. Бойко, В.Е. 
Орел, Т.В. Форманюк, т.б.) назары 1990 жылдардың ортасынан бастап аударылды [1]. Оның 
үстіне бастапқыда ол негізінен «адам – адам» жүйесінің кəсіптеріндегі тұлғаның кəсіби стресс 
пен кəсіби деформациясы мəселелері аясында зерттелді. MBI сауалнамасын Ресей
психологтары Н.Е.Водопянова мен Е.С.Старченкованың орыс тіліне бейімдеді [2]. 
Ресей психологиясында педагогтар (А.А.Реан, 1994; Л.М. Митина, 1994; Т.И. 
Ронгинская, 2002; О.А. Баронина, 2003 жəне т.б.), медицина қызметкерлері (Г.С. ), əлеуметтік 
қызметкерлер (Н.Е. Водопянова, Е.С. Старченкова, 1997 ж. жəне т.б.); сауда қызметкерлері, 
менеджерлер (А.Р. Фонарев, 1995; Н.Е. Водопьянова, 1997 жəне т.б.), психологтар (Е. Г. 
Лешукова, 1995; Моховиков, 2001 жəне т. б.), медициналық қызметкерлер (Л.Н. Юрьева жəне 
т.б) арасында «эмоциялық жанып кету» құбылысына арналған көптеген зерттеулер бар. 
Қазақстанда эмоциялық таусылу мəселесіне арнап жазылған кітаптар жарық көрді 
(М.П.Кабакова, З.М. Садвакасова, М.М. Нуртаева) [7]. 
Томск қаласының психологтары өздерінің талдау барысында алынған нəтижелеріне 
сүйене отырып, «эмоциялық жанып кету (таусылу)» ұғымын анықтайтын негізгі маңызды 
белгілерді анықтайды:
1. Іштей таусылу - бұл көп өлшемді құрылыс. 
2. Іштей таусылуды көптеген авторлар белгілі бір уақыт ішінде болатын процесс ретінде 
ұсынады. 
3. Іштей таусылу келесі маңызды психологиялық сипаттамаларға ие. Теріс ішкі 
тəжірибелер: психикалық, физикалық жəне танымдық сарқылу жағдайы, деперсонализация, 
жеке жетістіктердің төмендеуі (азаюы); дұрыс емес мінез-құлық; кəсіби тұлғаның 
деформациясы. Сонымен қатар, бұл сипаттамалар іштей таусылу процесінде бір-бірін 
алмастырады. 
4. Іштей таусылу қорғаныс функциясын атқарады: эмоционалды реакцияны үнемдеу, 
энергия ресурстарын үнемдеу, экзистенциалды емес көзқарастың одан əрі дамуына жол бермеу 
үшін қорғаныс функциясы. 
5. Іштей таусылу кəсіби қызметте пайда болады, оның пайда болуы күрделі құбылыс 
болып табылады жəне тұлғааралық қатынастар саласына да, кəсіби жəне жұмыс жағдайына да 
қатысты жеке жəне ситуациялық факторлардың үйлесуіне байланысты.


349 
6. Іштей таусылу жеке тұлғаның барлық құрылымдарына əсер етеді жəне жеке өмірі мен 
кəсіби қызметіне теріс əсер етеді. 
7. Іштей таусылу патологиядан азап шекпейтін тек психикалық сау адамдарда байқалады.
Осылайша, «іштей таусылу» («burnout») ұғымының жалпыланған анықтамасын 
тұжырымдауға болады. Іштей таусылу (жанып кету) - бұл жеке тұлғаны ұйымдастыру жүйесіне 
біріктірілген жəне қорғаныс функциясы бар көп өлшемді құрылым. Оның бірқатар маңызды 
психологиялық сипаттамалары бар: теріс ішкі тəжірибелер, бейімсіз мінез-құлық жəне кəсіби 
тұлғаның деформациясы. Адамның жеке тұлғааралық өзара əрекеттесу саласына, сондай-ақ 
оның кəсіби жəне жұмыс жағдайына қатысты тұлғалық жəне ситуациялық факторлардың аралас 
əсерінің нəтижесінде кəсіби қызметпен айналысатын психикалық сау адамдарда іштей таусылу 
байқалуы мүмкін. Іштей таусылу тұлғаның барлық құрылымдары жұмысына əсер етеді жəне 
адамның жеке өмірі мен кəсіби қызметіне теріс ықпалын тигізеді. [3]. 
Іштей таусылу синдромы - бұл күрделі құрылымдық, динамикалық түзілім. Ол болашақ 
маманды университетте оқыту кезеңінде қалыптаса бастайды. Сондықтан студенттердің 
«эмоциялық жанып кетуін» (таусылуын) зерттеуге бағытталған арнайы ғылыми зерттеулерді 
ұйымдастыру жəне жүргізу өзекті болып табылады. Біздің дипломдық жұмыстың зерттеу 
мақсаты: студенттерде «іштей таусылудың» (жанып кетудің) тұлғалық аспектілерін, 
ерекшеліктерін зерттеу.
Студенттердегі таусылу синдромын зерттегенде психологиялық қауіпсіз оқытуды 
қамтамасыз етуге байланысты мəселелерді қарау маңызды. Жоғары мектептің педагогикалық 
процесіндегі дидактогенияның көрінісін ескеру қажет. 
Қазіргі педагогикалық əдебиеттер «дидактогения» (грек тілінен аударғанда didakticos – 
өнегелік, genos – шығу тегі) терминін «Оқытушы тарапынан педагогикалық əдептің бұзылуынан 
оқушыда туындаған жағымсыз психикалық күйі (жабырқаңқы көңіл күйі, қорқыныш, 
фрустрация) деп түсіндіреді. Ол оқушының белсенділігіне жəне тұлғааралық қарым-
қатынасына кері əсер етеді. Дидактогения жеке қарым-қатынастың ерекшеліктерінде көрінуі 
мүмкін (оқушыға, студентке құрметсіздік, оның бастамасын басу, жауаптарын көпшілік 
алдында келемеждеу) жəне білім беру тəсілінде (оқушы өмірінде кездесетін құбылыстың 
жағымсыз жақтарын атап көрсету, материалды түсініп ұғына алмайтындығын мəлімдеу жəне 
т. б.). Педагог пен оқушы арасындағы қарым-қатынас деңгейі қоғамның əлеуметтік-
психологиялық ахуалын (шеткері авторитаризм), қоғамдық моральдық жағдайын көрсетеді.
Бүгінде жұртшылық пен студенттер арасында «токсик адам» деген сөз кен тараған. Бұл
термині ғылыми емес, академиялық психологияда оны қолданбайды. Бірақ өмірде бар құбылыс. 
Əдетте өзін жоғары санап жəне өз күшін сезіну үшін басқалардың жағымсыз эмоциялары мен 
күйлерін əдейі қоздыруға бейім адамдар болады. Оның жанында өзіңді ыңғайсыз немесе нашар 
сезінесіз, ол өзінің əрекеттері мен сөздері арқылы сіздің өзіңізге жəне айналаңыздағы əлемге 
деген сеніміңізді жоятын адам. Ондай адамдармен қарым-қатынастан кейін жағымсыз 
эмоционалды күй пайда болады. Кейде тіпті физиологиялық деңгейде де сезіледі: басың 
ауырады, көңіл-күй нашарлайды. Тек өз пікірін жалғыз дұрыс деп санайтын кеудемсоқ адамдар 
үнемі өзгелерді сынаумен болады. Ол сіздің уақытыңызды бағаламайды. Көбінесе бұл адамдар 
«жоқ» деп айтуға ұялатын сыпайы, инабатты адамдарды нысанаға алады. Қазақша «токсик» 
адамды (ағылш.«toxic person») кесапат адам деуге болады. Олармен кездесуден кейін сіз 
эмоционалды түрде шаршайсыз. Олар сізді кінəлі сезіндіру арқылы басқаруға тырысады. Токсик 
адамдар көбінесе дөрекі болады, басқаларды қорлайды жəне кемітеді. Оның зиянды мінез-
құлқы вирус сияқты өміріңіздің басқа салаларына таралып, жақын адамдарыңызбен қарым-
қатынасқа зардабын тигізуі мүмкін. Осындай жағымсыз, сүйкімсз, жайсыз адамдар педагогтар 
арасында да кездеседі. Олардың қиянатшылдығы мен əділетсіздігінен жас адамды қорғау өте 
маңызды. Бір адам мақсатты түрде, саналы немесе жартылай саналы түрде басқа біреуді 
манипуляциялап, оның бойында ұят пен құнсыздық сезімін тудырса, мұндай қатынастарды улы, 
зиянкес деп атауға болады. Бұлар ең алдымен, эмоционалдық зорлық-зомбылық иесі 
болғандықтан студент бойында «эмоциялық жанып кету» синдромы қалыптасуына əсер етеді. 
Кейде өміріңді уландыратын адамдармен қарым-қатынасқа түсуге мəжбүр боласың. Одан аулақ 


350 
болу мүмкін емес жағдай болады. Əдетте, токсиктер өзімшіл, атаққұмар, жалақор əрі əрқашан 
өздерін ғана ойлайтын тұлғалар. Олар өзгені тыңдауға мүлде қызығушылық танытпайды жəне 
олар өздері туралы əңгіме бастау үшін сөзді бөлгенді жақсы көреді. Олар сіздің көп уақытыңыз 
бен өмірлік күшіңізді алады. Агрессивті, үнемі сынағыш, өзгені толық бақылауға ұстайтын 
токсиктерді болашақ маманның эмоциялық жанып кетуіне айтарлықтай үлес қосатын адамдар 
деуге болады. Қазақ жастарының инабаттылығын, үлкенді сыйлау қасиетін, ұстазға деген 
сенімдерін теріс пайдалану, қызметтік жағдайын асыра пайдалану сияқты жағысыз 
құбылыстардан студенттерді қорғау эмоциялық жанып кетудің алдын алуға мүмкіндік береді. 
Болашақ маманның əбден басылып қалуы, беті қайтып қалуы студенттік кезден бастау 
алатынын ұмытпайық. А. Пайнс пен Э. Аронсон айтқандай, жанып кету эмоционалды ауыр 
жағдайларда ұзақ болудың нəтижесі болып табылады. 
Студенттердің 
эмоциялық 
жанып 
бітіп, 
іштей 
таусылуын 
болдырмауда 
этнопсихологиялық факторларды ескеру қажет. Оқыту процесіндегі лингвистикалық 
кедергілерді елемей, ана тілінде білім алуына жол бермеудің өзі тұлғаның өзін-өзі бағалауына 
(этностық өзіндік санасына) кері əсер етеді. Тілдік кемсітушілік салдарынан қазақ жастарының 
өзін-өзі жүзеге асыруында проблемалар туындайтынын педагогтар ескеру керек. Максимализм 
мен идеализм тəн жастарға өмір көрген тəжірибелі ересектерге қарағанда когнитивтік диссонанс 
психикасына қатты əсер етеді. Өмірден түңілуіне жол бермеу үшін оларды əлеуметтік қолдау 
аса маңызды. Оның үстіне полиэтностық жəне моноэтностық топтардағы копинг-стратегия да 
əр түрлі болады. 
Зерттеу тақырыбы бойынша теориялық талдау жəне əдебиеттерді жалпылау студенттерде 
эмоциялық жанып кетудің (таусылудың) пайда болуындағы жеке тұлғалық детерминанттар 
жеткілікті зерттелмегенін көрсетеді. Кейбір зерттеушілер (К.Чернис) эмоциялық таусылуды
тұлғаның жағымсыз өзгеру процесі екендігін айтады. Біз жоғарыда «тұлғалық түңілу» туралы 
айтып өттік. Бірқатар психологиялық зерттеулерде «ішкі таусылудың» дамуында тұлғалық 
факторлардың жетекші рөлі бары (мотивация, өзін-өзі жүзеге асыру, өзін-өзі тану жəне өзін-өзі 
қабылдау, кəсіби рөлдің мəнділігі, мінез акцентуациясы, стресске төзімділігі жəне т.б.) 
көрсетіледі. Біз өз зерттеуімізде студенттік шақтың кəсіби тұрғыда өтпелі кезеңде тұрғанын 
ескеріп, жеке тұлғалық аспектіге ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені, эмоциялық жанып кету, ішкі 
таусылу тұлғалық дағдарыстың бір түрі боп табылады.
Əдебиет 
15. 
Бойко В. В. Синдром «эмоционального выгорания» в профессиональном общении. СПб.: Питер, 1999. 
350 с. 
16. 
Водопьянова Н. Е., Старченкова Е. С., Наследов А. Д. Стандартизированный опросник 
«Профессиональное выгорание» для специалистов социономических профессий // Вестник Санкт-Петербургского 
университета. Социология.. — 2013. — № 4 
17. 
Козлова К. В., Муравьева О. И., Корытова Г. С. Понятие «выгорание» в психологии: анализ и обобщение 
подходов // Научно-педагогическое обозрение. Pedagogical Review. 2019. 1 (23) –С.18-25 
18. 
Колтунович Т. А. Профессиональное выгорание в исторической ретроспективе: описательный период 
осмысления феномена // Новый университет. Серия «Актуальные проблемы гуманитарных и общественных наук». 
Йошкар-Ола: Коллоквиум, 2012. № 11. С 46–50. 
19. 
Орел В. Е. Синдром психического выгорания личности. М.: Ин-т психологии РАН, 2005. 330 с. 
20. 
Слюсарева Е.С., Евмененко Е.В., Тинькова Е.Л. Антропологический подход в профилактике 
психосоматических расстройств: Учеб.-метод. пос. - Ставрополь, 2011. - 156 с.
21. 
Кабакова М.П. Горишь на работе? Психологическая помощь при эмоциональном выгорании: учебно-
методическое пособие / М.П. Кабакова, З.М. Садвакасова, М.М. Нуртаева; под общей редакцией М.П. Кабаковой. 
— Алматы: Қазақ университеті, 2017. – 92 с. 
22. 
МКБ-11. www.who.int. Дата обращения: 26 ноября 2020. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   149   150   151   152   153   154   155   156   ...   174




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет