Атты халықаралық Ғылыми-əдістемелік конференцияның материалдары



Pdf көрінісі
бет76/174
Дата02.07.2022
өлшемі6.73 Mb.
#459584
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   174
Сборник 2022 Жакыпов с обл

 
 
Сейітнұр Ж., Таласбаева М. 
(Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) 
ТƏУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫ ДАМУЫНДАҒЫ 
ӨЗЕКТІ МƏСЕЛЕЛЕР МЕН МІНДЕТТЕР
 
Əлемнің дамыған мемлекеттері елдің басты байлығы табиғи ресурстар емес, адами 
капитал екеніндігін мойындайды. Оның айқын мысалы ретінде өз ғалымдарының еңбектері 
арқасында экономикалық өркендеуге қол жеткізген Батыс елдері мен Азия аймағындағы 
Қытай, Жапония, Сингапур елдерін келтіруге болады. Қазіргі заманда ғылым адамдар өмірінің 
көптеген салаларында маңызды рөл атқарады. Ғылымның даму деңгейі қоғам дамуының 
негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады, сонымен қатар ол мемлекеттің де заманауи 
дамуының көрсеткіші. Қазақстан тəуелсіздік алғалы бері отыз жылдан асты. Еліміздегі ғылым 
дамуының жағдайы туралы деректер мен есептерді талдаудың арқасында отандық ғылым 


169 
бастан кешіп жатқан кейбір өзекті мəселелерді анықтауға мүмкіндік туды. Оны біз 
Қазақстандағы психология ғылымы дамуындағы мысалдармен негіздей аламыз. 
Ең алдымен, Қазақстанда қоғамдық-гуманитарлық білімнің əлеуметтік жағдайы 
жаратылыстану ғылымдарынан айтарлықтай төмен екендігін мойындауымыз керек. Жалпы 
алғанда, «дəл» ғылымдарға қарағанда əлеуметтік-гуманитарлық зерттеулердің мəртебелік 
дəрежесі төмендігі əлемдік тенденция болып табылады. Бірақ басқа дамыған елдердің 
жанында гумантитарлық ғылымдардың Қазақстандағы беделі мен əлеуметтік өзектілігі ең 
төмен құндылықтарды көрсетеді. Əлеуметтік ғылымдардың когнитивтік жəне өзгертуші 
функциялары жеткілікті бағаланбайды. Қоғамдық санада əлеуметтік-гуманитарлық 
ғылымдардың маңызды нəтижелері негізінен сыртқы жəне ішкі саясатты идеологиялық жəне 
үгіт-насихаттық қамтамасыз етумен байланысты деген пікір кеңінен таралған. Қысқасы, бізде 
əлеуметтік-гуманитарлық білімнің рөлі жете бағаланбайды. Мəселен, ғылымды мемлекеттік 
қолдау жүйесінде іргелі психологиялық зерттеулерге сұраныс іс жүзінде жоқ. Еліміздің 
əлеуметтік-гуманитарлық ғылыми мектептері жаһандық академиялық дискурста шеткі орын 
алады. Қазіргі уақытта отандық ғалымдар халықаралық ғылыми басылымдарда тақырыптық 
басымдықтарды анықтайды, ғылымның алғы шебінде күн тəртібін қоя алады дегенге сену 
қиын. Өйткені, жаһандық академиялық дискурсқа қатысудың ең негізгі талабы – 
лингвистикалық құзыреттілік. Бүгінгі таңда ағылшын тілі жаһандық академиялық дискурстың 
«лингва франкасы» болып табылады. Психология ғылымындағы англосаксондық үстемдікке 
əзірге балама жоқ. Қазір халықаралық аудитория алдында көріну үшін академиялық ағылшын 
тілін меңгеруді талап етіледі. Алайда əлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы 
отандық ірі ғалымдар мен мамандардың айтарлықтай бөлігінің ағылшын тілін меңгеру деңгейі 
жеткіліксіз. Қарапайым не орташа деңгейде тіл білгенімен арнайы терминология мен күрделі 
сөйлеу үлгілерін, сөз орамдарын қолдануда қиналады. Көбісі аудармашылардың көмегіне 
жүгінеді. Оның үстіне лингвистикадағы «лакуна» мəселесі бар. Кросс-мəдени психология сана 
бейнелерінің «семантикалық картасындағы» ақтаңдақты ескермеу салдарын жақсы біледі. 
Тағы бір қисынсыз жайт – отандық ғалымдарды англосаксондық дүниенің критерийлерімен 
бағалау əдеті. Ғылым ең алдымен, сол қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандырып, оған 
өмірде кездескен проблемаларды жеңуге көмектесуі керек. Тек шетелге арқа сүйеудің 
мемлекетті қандай күрделі жағдайға соқтыратыны Батыс санкциясына ұшыраған Ресейдің 
бүгінгі жағдайы айқын көрсетеді. Олар енді ұлттық жəне экономикалық қауіпсіздікті
қамтамасыз ету үшін импортты алмастыру саясатын жүргізуде. Бүгінгі таңда бұл мəселе 
əлемдегі қазіргі геосаяси жағдайға байланысты ерекше өзекті болып отыр. Отандық 
интеллектуалдық өнімдерді өндіру қарқынын кеңейту қажет. Бұл үшін отандық ғылымдардың, 
соның ішінде əлеуметтік-гуманитарлық білімнің рөлі арттыру жəне қазақ жастарын ғылыми 
өмірге тарту аса маңызды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда ғылым саласында 21 782 адам жұмыс істейді. Зерттеушілердің 
35%-ының ғылыми немесе академиялық дəрежесі бар, бұл 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым 
кандидаты, 1340 PhD жəне 293 ғылым докторы.
Əлемдік психология ғылымының қазіргі жағдайын оның дамуындағы шарықтау шегінде 
деп сипаттауға болады. Ғылыми психология жаңа білімдермен үздіксіз толығуда, оның 
түсініктік аппараты мен зерттеу əдістері жетілдірілуде, жаңа салалар пайда болып, 
тереңдетіліп зерттелінуде. Психология революцияға дайын болған кезеңді бастан кешіруде 
деп айтуға болады. Соңғы жылдары Қазақстанда адам тағдырына, оның ішкі əлеміне, 
мүмкіндіктері мен қабілеттеріне қызығушылықтар артуда. Мемлекеттік əлеуметтік-
экономикалық дамуының қарқындалуы психология ғылымының өмірдің барлық саласындағы 
жəне іс-əрекеттегі рөлінің артуын талап етеді.
Соңғы жылдары елімізде ғылыми зерттеулердің деңгейі біршама көтерілді
мұғалімдердің, ата-аналардың, қоғамның ортасында психологиялық білімдерді тарату 
кеңейді, республикалық ғылыми-теориялық конференциялар мен симпозиумдар өткізілді, 
жалпы медициналық, спорт, сот психологиясы бойынша көптеген кітаптар мен оқу-
құралдары, арнайы орта жəне жоғары оқу орындарына арналған əдістемелік құралдар 


170 
шығарылды. Психологиядан ғылыми диссертацияларды қорғау бойынша оқу кеңестерінің 
қызметі қайта қолға алынды.
Алайда бұл сыртқы көрініс, ал тереңдетіп қарайтын болсақ əлі де көптеген мəселелердің 
бар екенін көруге болады. ҚР ҰҒА мен Білім министрлігі басқа мекемелерді есептемегенде 
психология ғылымының дамуына қызығушылық көрсетпейді. Университеттердегі кафедралар 
конференцияларды өздері ұйымдастырады. Тек анда-санда өткізілетін ғылыми 
конференциялар мен семинарлар ғылыми коммуникация қажетін толық өтей алмайды. 
Ғылыми журналдардың шектеулі саны мен аз таралымы оны көпшілікке жаю, түсіндіріп 
тарату ісін тежеуде. Ғылыми кадрларды дайындаудың тым қысқа мерзімдеріне байланысты 
жаңа ғалымдардың ғылыми-əдіснамалық құзыретсіздігі өсуде: жастардың нағыз ғылыми 
ортада «өсуге», ғылыми жұмыстың əдіснамалық мəдениетін бойына сіңіруге уақыты жоқ. 
Оның үстіне ғылыми зерттеулердің маңызды бөлігі бүгінгі таңда қолданбалы салаларда жүзеге 
асырылады. Іргелі ғылымнан көрі қолданбалы ғылым беделді. Қысқа мерзімді жоба аясында 
іргелі зерттеулер жасау мүмкіндігі аз. 
Психология саласындағы мамандардың пікірлерін талдау барысында көп жайға қанық 
болдық. Министрліктер, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ірі өндіріс орындары еңбектің 
психологиялық факторын ескермейді, өздерінің жұмысында инженерлік психология мен 
еңбек психологиясының мəліметтерін пайдаланбайды. Қызметкерлер мен жұмысшылардың 
еңбек, тұрмыс жəне демалыс шарттарын жақсарту бойынша эргономикалық жəне техникалық 
эстетика жұмыстар жүргізілмейді. Тыңдаушыларға бұқаралық ақпарат құралдарының ықпал 
етуінің қолданбалы психологиялық мəселелері, қылмыстық, мəдени-ағартушылық, сот, 
пенитенциарлық психология мəселелері зерттелінбейді. Қазақстан мектептері қазіргі уақытта 
да ұлттық, көпұлтты, əсіресе ауыл мектептерінің, мектеп-интернаттарының, балалар үйінің 
оқу-тəрбие үдерісін нақты ғылыми-психологиялық негіздеуді қажет етеді. Арнайы орта, 
кəсіби жəне жоғары мектептердегі оқу-тəрбие жұмысының психологиясы бойынша 
зерттелмеген мəселелер көп. Республикада əлі күнге дейін нарықтық ойлаудың, бастамашлық 
пен жауапкершіліктің, демократиялық плюрализмнің, адам құқығы мен экологиялық, 
демографиялық, тілдік жəне ұлтаралық қатынасты шынайы түсінудің психологиялық 
механизмдері жасалынбаған.
Бұл кемшіліктердің себептерінің бірі іргелі психологиялық зерттеулердің 
қанағаттанарлықсыз жай-күй. Материалдық-техникалық база мүлде дамымаған, себебі 
психологиялық орталықтар да, психология бойынша көрнекті ҒЗИ да жоқ.
Біздің көзқарасымыз бойынша, Қазақстандағы психология ғылымының маңызды 
міндеттерінің бірі аймақтың өзіндік ерекшеліктері ескеріп осы білім саласының теориялық-
əдіснамалық негіздерін жасау болып табылады. Себебі батыстан алынған психологиялық 
зерттеулердің əдістемелері басқа əдіснама негізінде жасалынғандықтан қажетсіз нəтижелерге 
алып келуі мүмкін. Осыған орай, психология саласындағы басым бағыттар этникалық 
тұлғаның қалыптасуы мен даму жолдарын зерттеу, əртүрлі ұлттағы балалардың 
əлеуметтенуінің заңдылықтарын зерттеу, қазақстандық патриотизм сезімінің қалыптасу 
механизмдерін, рухани-адамгершілік саласын зерттеу болу керек.
Демократиялық қоғамның жаңаруы, оның егемендік алуы мен ізгілендірілуі, саяси 
реформа, құқықтық мемлекеттің құрылуы, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы 
реформа, адамдардың қоғамдық-саяси белсенділігінің дамуы, елдегі полиэтникалық жəне көп 
конфессиялы құрамының ескерілуі, кəсібилік деңгейінің өсуі мен жергілікті этнос өкілдерінің 
мамандықтарды меңгеруі психология ғылымының артта қалуы мен бір орында тұруын жеңуді 
талап етеді. Мемлекеттік экономикалық, əлеуметтік, саяси жəне рухани өмірін ұйымдастыру 
мен бақсарудың барлық сатысындағы психологиялық мəдениетті жəне психологиялық 
білімдерді бағалауды қажет етеді.
Біздің пікіріміз бойынша, Қазақстандағы психология ғылымының негізгі міндеттері 
келесілер болу керек: іргелі зерттеулерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау; оны елдің 
əлеуметтік-экономикалық, рухани-мəдени даму стартегиясына сəйкес сапалы жаңа деңгейге 
жеткізу; өзекті мемлекеттік мəселелерді шешуде психологтардың күшін жұмылдыру; ғылыми-


171 
психологиялық қамтамасыз етуді нарықтық қатынасқа ауыстыру. Ана тілімізде 
психологиялық еңбектер санын арттыру да маңызды.
Келесі психологиялық мəселе кəсіби-бизнемендерді, кəсіпкерлерді даярлаудың 
психологиялық негізделген əдістерін жасау болып табылады. Коммерциялық сауда мен 
бизнестің, радикалды экономикалық реформаның психологиялық механизмдерін ашуға 
арналған зерттеулерді бастау керек. Олардың мақсаты əртүрлі санаттағы жұмысшыларды 
бастамашылдық еңбекке ынталандыру, шаруашылық басқарудың командалық-əкімшілік 
əдістерінен экономикалық басқаруға көшуге байланысты адамдардың психологиясындағы 
өзгерістерді зерттеу жəне еңбекті ұйымдастырудың жаңа формаларының (кооперативтік, жеке 
дара еңбек іс-əрекеті, кіші жəне орта кəсіптегі бірлескен жұмыс) дамуына байланысты 
практикалық ұсыныстар жасау болады.
Қазақстан жағдайындағы экологиялық дағдарыстан шығудың тиімді жолдарын іздеу 
ерекше өзекті болған қазіргі уақытта келесі психологиялық мəселелер зерттелінуі қажет: 
тұлғаның жайсыз даму факторлары, адамның экологиялық мінез-құлқы мотивациясын 
зерттеу, қоршаған ортаға зардап келтіретін адамдардың əрекеттерінің себептерінің мəнін ашу, 
Арал теңізі мен Семей полигонындағы экологиялық дағдарыстың психологиялық салдарын 
(психологиялық денсаулықтың бұзылуы, қылмыстың өсуі жəне суицидтің көбеюі) зерттеу.
Қазақстандағы психология ғылымының қалыптасу жəне даму жолдарын зерттеп, 
Қазақстандағы психология ғылымының тағы да өсуіне алып келетін міндеттерді бөліп 
көрсетеміз: 
1. Іргелі ғылыми зерттеулерді қолға алу үшін аса қажетті ғылыми-психологиялық 
ізденістерді қаржыландыру мəселесін шешу; 
2. Психологияның басты бағыттары бойынша ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың 
бағыттары мен формаларын анықтау. Білім беру психологиясы, денсаулық сақтау 
психологиясы, спорт психологиясы, мəдениет психологиясы, құқықтық психология, отбасы 
психологиясы, тілдерді оқыту психология жəне т.б. психология салалары бойынша 
докторларды даярлаудың жарқын болашағын жоспарлауды бастау.
3. Мүмкін болған жерлерде психологиялық қызмет орталықтарын ашу: жалпы білім 
беретін мектептерде, жоғары оқу орындарында, олардың дəрежесін, құрылымын, қызметі мен 
иерархиясын анықтау.
4. Республиканың жеке медициналық, ауыл шаруашылық жəне техникалық жоғары 
оқу орындары базасында психологтарды даярлау, сонымен бірге олардың біреуінде жоғары 
оқу орны аралық психология кафедрасын ашу мүмкіндігін қарастыру. 
5. Психолог-зерттеушілердің, практик-психологтардың біліктілігін арттыру мен 
оларды қайта даярлаудың мүмкіндігін қарастырып, жоғары білімі бар мамандардың 
балабақшалар мен білім беру мектептерінің жүйесінде жұмыс істеуі үшін алты айлық жəне бір 
жылдық оқу курстарын ашу.
6. Жақын жəне алыс шетелдермен (ҚХР, Түркия, АҚШ жəне т.б.) ғылыми, оқу-
əдістемелік, шығармашылық байланыстар орнату, психология саласындағы халықаралық 
байланыстардың мүмкіндігін шешу.
7. Мектеп психологы қызметінің енгізілуіне байланысты психология мамандығына 
түсетін абитуриенттердің санын арттыру керек, ірі бөлімдер базасында психология 
құжаттарын жасау. 
8. Психологиялық əдебиеттерге, əсіресе қазақ тілді əдебиеттерге қажеттілікті 
қалыптастыру үшін ҚР Білім жəне ғылым министрлігі деңгейінде елдегі мемлекеттік 
баспалардың бірінде арнайы редакция ашу мəселесін қарастыру.
Сонымен, зерттеу жұмысымыздың екінші тарауында тəуелсіз Қазақстандағы психология 
ғылымының даму ерекшеліктері қарастырылды. Бұл кезеңнің негізгі мазмұны экономиканың 
нарықтық қатынасқа ауысуына, жаһандану жəне цифрландыру үрдісіне байланысты. Бұл 
фактор республиканың рухани өміріне өз ықпалын тигізді. КСРО құлдырағаннан кейін 
бірнеше жылдар бойы басымдық танытқан марксистік идеология əлсіреп, психология 
ғылымындағы теориялық-əдіснамалық негіздерге түзету жұмыстары жасалынды. Аталған 


172 
өзгерістер ұлттың зияткерлік егемендігі, қазақстандық ғылымдағы жеке ұлттық бағыттарды 
жасау мəселесін қалыптастырды. Дегенмен бұл міндеттерді шешу оңай болған жоқ.
Көптеген отандық психологиялық зерттеулерде ресейлік психологияға тəн үрдістер 
байқалады. Қолданбалы зерттеулер, практикалық психологияның əртүрлі мəселелерін зерттеу 
қарқынды дамуда. Нарықтық экономика жағдайында экономикалық мəселелерді зерттеудің 
маңыздылығына қарамастан халықтың рухани мəдениетін қайта жаңғырту, ұлттық 
құндылықтарды ұғындыру өзекті болып табылады. Əсіресе жергілікті ұлт өкілдерінде 
өздерінің ата тегіне, ұлттық психологиясына, этнопсихология мəселесіне қызығушылық 
артуда. Егемендік алғанға дейін елде этнопсихологиялық зерттеулер жүргізілген жоқ. Бұл 
тарауда этнопсихология зерттеулер, тəуелсіз Қазақстандағы психология ғылымының 
ерекшеліктері мен болашақта зерттелінуі тиіс міндеттер мазмұндалды.
Еліміз тəуелсіздік алғанға дейін психология ғылымның дамуы сол кездегі орталық 
болған Мəскеудің шешіміне тəуелді болды. Зерттеу тақырыптары кеңестік парадигма 
логикасында белгіленді. Этномəдени тұрғыда қазақтар ұлттық кемсітушілкке ұшырады. Ана 
тілінде оқу кəсіби өсуге мүмкіндік бермеді. Психология ғылымы бойынша диссертациялық 
жұмыстар тек орыс тілінде жазылды. Іргелі теориялық жұмыстар жасауға мүмкіндік болмады. 
Елдегі ғылым академиясында психология ғылымы құрылымдық көрініс таппады. ҚазКСР 
Оқу-ағарту министрлігінің ПҒЗИ білім берудің психологиялық негізі қарастырылғанымен 
іргелі зерттеулерге мамандар, қаржы тапшы болды. Республикадағы жоғары оқу орындарында 
психолог мамандарды даярлау орталықтың құзыретімен 1953 жылдан кейін тоқтатылды. 
Отандық психология тарихшылары зерттегендей, Қазақстанда психология ғылымының 
сандық əрі сапалық өсуі əсіресе еліміз тəуелсіздік алған соң қарқынды жүрді [1-7]. Ұлттық 
кадрларды даярлау, мемлекеттік тілде психологиялық əдебиеттердің жарық көруі, психология 
ғылымының институционалдануы тəуелсіздік кезеңінде орын алды. Тəуелсіз Қазақстанда 
ғылыми-теориялық конференциялар мен симпозиумдардың саны күрт өсті, психологияның 
салалары дами бастады. Бірақ əлі де жетілдіруді талап етеді.
Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы психологтарды даярлау əлемдік трендпен 
ұштасып жатыр. Отандық ғалым психологтардың еңбек жолы мен шығармашылығы тарихи-
психологиялық зерттеу нысанына айналуда. Елімізде қолданбалы психологияға сұраныс 
үлкен. Жоғары оқу орындары психология ғылымының дамуына орасан зор үлес қосқанымен, 
психологиялық лабораториялардың жоқтығы сияқты кемшілік тұстары анықталды.
Дипломдық жұмыстың екінші тарауы қазақстандық психология ғылымының алдында 
тұрған өзекті мəселелердің тізімін атаумен қорытындыланды. Біздің ойымызша, психология 
Қазақстандағы əлеуметтік жəне жаратылыстану ғылымдарының арасында өзінің ерекше 
орнын табады. Бұл үшін отандық практик психологтар, ғалым психологтар белсенді қатысуы 
керек, сондай-ақ мемлекет тарапынан да қолдау мен қызығушылық қажет. 
Əдебиет 
23. Акажанова А. Т. Возрастная и педагогическая наука Казахстана. Монография. / А.Т. Акажанова. - 
Алматы: Издательский дом «Альманах», 2017. - 246 с. 
24. Акажанова А.Т. Қазіргі психология тарихының дамуы, жағдайы, беталысы. Оқу құралы. - Алматы, 
2011. – 126 б. 
25. Жарикбаев К.Б. Психологическая наука в Казахстане (история и этапы развития в ХХ в.): – Алматы: 
Қазақ университеті, 2002. – 308 с. 
26. Жарикбаев К.Б. Становление основ научной психологии в Казахстане (история и этапы развития в ХХ 
веке): дис. д-ра. психол. наук. – Алматы, 2003. - 248 с. 
27. Сейітнұр Ж.С. Қазақстандағы педагогикалық психологияның қалыптасуы мен дамуы: 19.00.01- жалпы 
психология, 
жеке 
адам 
психологиясы, 
психология 
тарихы, 
этнопсихология 
[Текст] : 
психол.ғылымдар.канд.ғылыми дəрежесін алу үшін дайынд.дис... / Ж.С. Сейітнұр - Алматы, 2008. – 175 б. 
28. Сейітнұр Ж.С. Отандық педагогикалық психологияның қалыптасу тарихы // Вестник НАПК, №1. 2005- 
С. 105-112. 
29. Сейітнұр Ж.С. Қазақстан аймақтарындағы педагогикалық психологияның қысқаша даму тарихы // 
Вестник НАПК, №3-4. 2006 - С. 94-101. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   72   73   74   75   76   77   78   79   ...   174




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет