33-бап. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі
1. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі Қазақстан
Республикасының азаматтары мен оралмандарға мемлекеттік бюджет
қаражаты есебінен ұсынылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі
бекітетін тізбеге сәйкес барынша дәлелденген тиімділікке ие
профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер
көрсетуді қамтиды.
2. Тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне:
1) жедел медициналық жәрдем мен санитариялық авиация;
2) амбулаториялық-емханалық көмек, ол:
- алғашқы медициналық-санитариялық көмекті;
- алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының (бұдан әрі
АМСК) және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультативтік-диагностикалық көмекті
қамтиды;
3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ауруханаға жатқызу
жағдайларының жоспарланған саны (шекті көлемі) шеңберінде АМСК маманының немесе
медициналық ұйымның жолдамасы, бойынша, төтенше жағдайда жолдаманың болу-болмауына
қарамай берілетін стационарлық медициналық көмек;
4) АМСК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша стационарды
алмастыратын медициналық көмек кіреді.
3. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету үшін дәрілік заттармен
қамтамасыз ету денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілейтін тәртіпке сәйкес
бекітілетін Негізгі (өмірлік маңызды) дәрілік заттар тізімі шегінде:
жедел, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсету кезінде -
медициналық ұйымдар бекіткен дәрілік формулярларға сәйкес;
амбулаториялық-емханалық көмек көрсету кезінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар
азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті шарттарда қамтамасыз
ету үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін дәрілік заттар мен
арнаулы дәрілік тағамдар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету жөніндегі көрсетілетін
қызметтерді сатып алуды тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан
Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
5. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемін көрсету жөніндегі шарттарды жасасуда
артықшылықты құқыққа денсаулық сақтаудың аккредиттелген ұйымдары ие болады.
|