139-бап. Донор, оның құқықтары мен міндеттері 1. Тиісті медициналық тексеруден өткен және қан тапсыру үшін денсаулығының
жарамсыз көрсеткіштері жоқ, медициналық мақсаттар үшін қан мен оның компоненттерін
тапсыруға ерікті түрде ниет білдірген он сегіз жастан алпыс жасқа дейінгі жеке тұлға
донор болуға құқылы.
2. Донор:
1) қан мен оның компоненттерін ақысыз немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі
белгілеген мөлшердегі ақшалай өтемақы үшін тапсыруға;
2) медициналық тексеру нәтижелерімен танысуға құқылы.
3. Донор зардап шегетін және бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі
мәліметтерді, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды
пайдаланғаны туралы хабарлауға міндетті.
Донорлық функцияны орындау кезінде өз денсаулығының жай-күйі туралы өзіне белгілі
мәліметтерді қасақана жасырып қалған немесе бұрмалаған адам Қазақстан Республикасының
заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
140-бап. Донорды медициналық тексеру 1. Донор қан мен оның компоненттерін тапсырғанға дейін уәкілетті орган белгілеген
тәртіппен тегін медициналық тексеруден өтеді.
2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулық жай-күйі туралы анықтамалар
мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін беріледі.
141-бап. Донорға берілетін кепілдіктер 1. Медициналық тексеру және қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері донор
болып табылатын қызметкерді жұмыс беруші орташа айлық жалақысын сақтай отырып, жұмысынан
босатады.
2. Егер донор болып табылатын қызметкер жұмыс берушімен келісім бойынша қан мен
оның компоненттерін тапсыру күндері жұмысқа шықса, оған орташа айлық жалақысын сақтай
отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі немесе бұл күн жыл сайынғы
еңбек демалысына қосылуы мүмкін.
3. Қызметкерді қан мен оның компоненттерін тапсыру күндері түнгі уақыттағы,
мерзімнен тыс жұмыстарға, ауыр, зиянды (өте зиянды) және қауіпті (өте қауіпті) еңбек
жағдайлары бар жұмыстарға тартуға жол берілмейді.
4. Донор болып табылатын әскери қызметші қан мен оның компоненттерін тапсыру
күндері нарядтар, вахталар және қызметтің басқа да нысандарын өткеруден босатылады.
5. Донор болып табылатын студенттер, оқушылар қан мен оның компоненттерін тапсыру
күндері оқу-тәрбие процесінен босатылады.
6. Донорларды ынталандыру жүйесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган
бекітеді.
Донорға қан мен оның компоненттерін тапсыруының жиынтық санын ескере отырып,
берілетін қосымша ынталандыру шаралары Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық
актілерімен айқындалады.
7. Донорлық функцияны тегін жүзеге асырған донор қан мен оның компоненттерін
тапсырғаннан кейінгі өз қанының көлемін және ағзасының энергетикалық шығындарын
толықтыру үшін өз таңдауы бойынша тегін тамақтанады не Қазақстан Республикасының Үкіметі
белгілеген мөлшерде ақшалай баламасын алады.
8. Ақылы негізде донорлық функцияны атқарған донорға Қазақстан Республикасының
Үкіметі белгілеген тәртіппен және мөлшерде қан мен оның компоненттерін дайындау
саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы ақы төлейді.