Жоғары мектеп жасы – мектеп, лицей оқушылары (жеткіншектік шақ 15-18). Бұл кезең – жеткіншектердің жыныстық жетілу кезеңі. Бұл кезеңде жыныстық жетілу аяқталады. Олар тәуелсіздікті сезіне бастайды. Жеткіншектер өмірге болашақтың көзқарасымен қарай бастайды. Мәдени деңгейін көтеруге деген ұмтылыс артады, сезімдері де өзгереді. Олар өздерін тәрбиелей бастайды. Идеал таңдау және оған ерісуге ұмтылу артады. Осы кезеңде олардың арасындағы пікірталас жақсы нәтиже береді. Жеткіншектер өз тобына ұмтылады. Сондықтан жеткіншектің барлық талпынысы белгілі бір мақсатқа бағытталуы қажет. Олардың оқу пәндерін таңдау қажеттілігі артып келеді.
Жеткіншектік кезең адам қызметінің даму кезеңі болып саналады. Олар өз ойларын өз бетінше жеткізуге тырысады және өзінің жеке басын көрсете бастайды. Сондықтан ұстаздар мен үлкендердің әлі таяз ойларын, дүниетанымын түзегені абзал. Өйткені, бұл кезеңде адамның өзіндік санасы, адамгершілік, әлеуметтік қасиеттері тез қалыптасады.
Бұған оның белсенділігі, ұжымдағы және қоғамдық орындардағы өзін ұстауы, адамдармен тез тіл табысуы да түрткі. Ол өзін ересек адам ретінде сезінуге, өзінің бірегейлігін көрсетуге, басқалардың назарын өзіне аударуға тырысады. Ол өзінің көзқарасы тұрғысынан адамгершілік мәселелерін шешуге кіріседі. Олар өмірдің мәнін, бақытын, міндетін, жеке бас бостандығын өз мүдделерімен өлшейді. Сондықтан үлкендердің оларға бейтарап, дұрыс бағыт-бағдар беруі өте маңызды. Бұл кезеңде жастардың мінез-құлқы да қалыптаса бастайды. Бұл жағдайда адамның ұжымдағы орны, ұжым мүшелерімен қарым-қатынасы маңызды.
Әрине, бұл орайда білім ошағында қызмет ететін жастардың қоғамдық қозғалысының ықпалы зор. Өйткені жеткіншектер дербес өмірдің табалдырығында тұр және олардың бұл өмірге дұрыс қадам жасауы олардың қоғамның белсенді азаматы болып қалыптасуының маңызды шарты болып табылады.
Бақылау сұрақтары:
1. Тұлға мен индивидтің айырмашылығы неде?
2. Даму дегенді қалай түсінесіңдер?
3. Тұлға дамуындағы биологиялық факторлардың рөлін қалай түсінесіз?
4. Тұлғаның қалыптасуындағы әлеуметтік ортаның маңызын көрсететін мысалдар келтіре аласыз ба?
5. Тұлға дамуындағы тәрбие мен табиғаттың рөлі қандай?
6. Адамның дамуы оның белсенділігімен байланысты ма?
7. Оқушылардың жас ерекшеліктерін сипаттаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |