Тарихнама ғылымының әдістері. Тарихнама ғылымының өзіне тән әдістері бар. Ғылымның тарихын зерттеуде, концепциялар мен әр тарихшының ой–пікірін анықтау үшін көптеген әдіс–тәсілдерді пайдалануға тура келеді. Солардың кейбіріне тоқтала кетелік:
Салыстырмалы–тарихи әдісті көбіне әртүрлі концепциялардың ортақ белгілері мен айырмашылықтарын, бірінен бірі нені алды немесе оның басқаларға ұқсастығы жоқтығын анықтау үшін пайдаланады.
Проблемалы–хронологиялық әдісті пайдалана отырып ғылым тарихындағы үлкен проблемаларды бөлшектеп зерттеу, әрбір проблеманың хронологиялық ретпен қарастырылуын анықтайды.
Тарих ғылымының тарихын уақыт бойынша бөлшектеп зерттегенде ғана жақсы нәтиже алуға болады. Әр заманда ғалымдардың зерттеу әдістері, деректерге деген көзқарасы, өзекті тақырыптары болған. Мұны тек кезеңдеу әдісін пайдалана отырып шешу мүмкіндігі бар.
Ретроспективті әдіс ғылымның бүгінгі өскелең шағында өткенге көз жүгірту. Өткен заман авторларының еңбектеріне ғылымның бүгінгі нәтижелерін пайдалана отырып оның дұрыс–бұрыстығын анықтау, сөйтіп өткен заман авторының ғылыми нәтижесіне баға беру.
Перспективті–талдау әдісі тарих ғылымының өткені мен бүгінгі жетістіктерін талдай отыра оның келешегін анықтау. Бұл әдіс негізгілердін бірі болып есептеледі, өйткені ғылымдағы тың проблемаларды көтереді, жас ғалымдарға жөн сілтейді.
5. Тарихнамалық дерек. Тарихнамалық дерек дегеніміз тарихшының ғылыми еңбектері, және сол ғылыми шығарма пайда болу процесіндегі барлық құжаттар жатады. Орыс тарихшысы А.М. Сахаров тарихнамалық фактіге белгілі бір тарихшының өзіне тән концепциясын жатқызды. Ал концепция ол ғалымның бірнеше еңбегінде көрініс табуы мүмкін. Сонымен тарихи дерекке мына төмендегілер жатады: монография, мақала, конференцияларда жасалған баяндама, тезистер, рецензия, пікір, ғылыми–зерттеу мекемелерінің іс–қағаздары, съездің, дөңгелек үстелдің, семинар хаттамалары, стенограммалары. Яғни ғалымның концепциясының қалыптасуына әсер еткен оның лабораториясындағы құжаттардың барлығы тарихнамалық дерекке жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |