мәтін
Жаһандану XXI ғасырда адамзат баласына бұрын-соңды болмаған көп жаңалық пен барлық салада алға ілгерілеу мүмкіндігін сыйлағанымен, жаңа қауіптерден де құралақан қалдырған жоқ. Өткен ғасырда бір-біріне қару кезену арқылы жүрген агрессиялық қарым- қатынастар ақпараттық, технологиялық санкциялардың көмегіне жүгінген соғыстарға ұласты. Әлемдік экономикада еленбей келген елдер ерекше өсім көрсетіп, бәсекелес күштердің жаңа толқыны қалыптасты. Әлемге ашық, көпвекторлы саясат ұстанатын Қазақстан бейбітшілік пен ортақ ымыраға келу туралы бастамаларын ұсына отырып, ұлттық экономикадағы басым бағыттарды анықтау үшін аталған сындарды ескермесе болмайды.
Сондықтан еліміз жаһандық мәселелердің қайсысын қаперіне алып, сыртқы қатынастарында нендей сыннан сүрінбеуі керектігін сарапшыдан сұрап көрдік.
Осы орайда Еуразиялық интеграция институты Әлеуметтік зерттеулер департаментінің басшысы Ботагөз Қабыкенқызының пікірін ұсынуды жөн көрдік.
– Қазір «интеграция» сөзі жаңа сипатқа ие бола бастады. Бұрын экономика мен саясат саласындағы күш біріктіру мәселесі алдыңғы қатарда болса, қазір мемлекеттер технология, инфрақұрылым, энергетика, цифрлы даму бағыттарында бірлескен іс-қимылдарға ұмтылыс білдіріп отыр. Экология, миграция, ресурстар тапшылығы сияқты ортақ мәселелермен күреске бірлесе жұмылу тенденциясы да әлем үшін жаңалық емес. Мәселен, «Үлкен Еуразия» идеясы Қытайдың ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы экономикалық белдеуді қайта жаңғыртып, өркениеттер арасындағы диалог пен келісімге негізделген көпполярлы әлем құру туралы бастамасын толықтыра түседі. 2016 жылдың маусым айында Санкт- Петерборда өткен экономикалық форумда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев дезинтеграция мен оқшаулану бірде-бір мәселені шешпейтінін атап өтті. Шын мәнінде, дезинтеграциялық көңіл күйдің артуы геосаяси жағдайдың ушығуына, санкциялар соғысы мен екі жақты қарым-қатынастардың күрделенуіне әкелуі мүмкін.
мәтін
Әрбір адам өмірінің сақталуы – оның толыққанды тіршілік етуін ғана емес, мүмкіндіктерінің әлеуетін анықтайтын фактор. Халық денсаулығы жағдайының деңгейі өз кезегінде, елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және индустриялық даму шамасын да айқындайды. Медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін, көрсетілуін, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге қызмет ететін бірыңғай дамыған, әлеуметтік бағдарланған жүйесін білдіретін денсаулық сақтау саласы халық әл-ауқатының орнықты және тұрақты өсуі тұрғысынан алғанда республикадағы негізгі басымдықтардың бірі болып табылады.
Халық денсаулығының қазіргі жағдайына және еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне жүргізілген талдау негізінде «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының стратегиялық басым бағыттары және іске асыру тетіктері айқындалды.
Бағдарламаны іске асыруда медициналық қызмет көрсетудің шығыны аз нысандарына өту үшін жағдай жасау, саланың профилактикалық бағыттылығын қамтамасыз ету, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапа деңгейін арттыру арқылы денсаулық сақтау жүйесін қарқынды дамытуға мүмкіндік туады. Сол арқылы мақсатқа қол жеткізуге болады.
Бағдарламаны жүзеге асыру тек қана денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне жүктелген міндет емес, бұл аса маңызды іске барлық тиісті орындар атсалысуы керек. Бағдарлама аясында салауатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік аурулар деңгейін төмендету, дұрыс тамақтану, жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының денсаулығы, төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медиицналық құтқару қызметін жолға қою секілді өзге де мәселелер қамтылады. Қазіргі кезде аймақтарда осы бағыттағы жұмыстарға баса назар аударылуда. Әсіресе, соңғы жылдары төтенше жағдайлар кезінде және де басқа да болуы мүмкін адам өлімінің себептері анықталып, болдырмау шаралары жасалуда.
Достарыңызбен бөлісу: |