Қозу - әр түрлі тітіркендіргіштердің әсері нәтижесінде жүйке жүйесінің қызмет жасап тұрған белсенді күйі болса, тежелу, керісінше, жүйке жүйесін тыныштандыратын процесс болып табылады. Қозу және тежелу процестері ғылымда Сеченов пен Павловқа дейін де мәлім болған, оның кейбір заңдылықтары да зерттелген еді. И.М.Сеченовтың мидың тежелуі жөніндегі пікірлеріне сүйене отырып, И.П.Павлов онда қозумен қосарласа тежелу процесі болып отыратындығын, мида бірыңғай тежелудің болуы мүмкін еместігін, бұл жүйке процестерінің жұмысы организмнің бүкіл өмірінің барысында үздіксіз жүріп отыратындығын дәлелдеді. Мұны мына мысалдан-ақ жақсы байқауға болады. Егер адам бір нәрсеге қатты зейін қойса онда айналасындағы заттарға қарамайды, өйткені кітапқа қадалған кезде миының бір алабы қозу жағдайында болады да, қалған алаптары тежелуге ұшырайды. Қозу мен тежелудің осындай жұмысын көрсетететін мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Анализ бен синтез мидың бірімен-бірі тығыз байланысты, біртұтас қызметі болып саналады. Мидың бұл қызметі нерв жүйесінің структуралық дәрежесіне қарай әр түрлі сипатта көрініп отырады. Мысалы, ми қабығының құрылысы ерекше дамып, жетілгендіктен адам миының анализдік, синтездік қызметі өте күшті дамып жетілген. Тіпті кішкентай баланың миының осындай қызметіне де жануарлар дүниесіндегі дамудың ең жоғарғы сатысында тұрған маймыл миының анализдік, синтездік қызметі ешбір тең келе алмайды.
№7 Психиканың антропогенезде дамуын зерттеу
1.Адамның жануарлардан айырмашылығы мен ұқсастықтары.
2.Жануар психикасының биологиялық қажеттілікке негізделуі.
3. Жануарлардың еңбек құралдарының адамның еңбек құралдарынан сапалық ерекшеліктері.
4. Салыстырмалы психологияның қолданбалы жақтары
Жануарлардың психикасын қарастырғанда, олардың түрлері арасындағы айырмашылықтары мен қатар, олардың сапалық өзгешеліктерін адам әрекеті мен санасымен байланыстыра қарап, осы әр түрлі формаларды сипаттайтын ортақ нәрсені анықтау керек.
Жануарлардың барлық әрекеттерінің адам іс-әрекетінен бірінші айырмашылығы мынада: ол тікелей биологиялық әрекет. Басқаша айтқанда, жануар әрекеті тек затқа, биологиялық қажеттілікке ғана қатысты болып, табиғатқа инстинктік, биологиялық қатынастары шеңберінде қалады. Бұл-жалпы заңдылық. Осыған байланысты жануарлардың қоршаған болмысты психикалық бейнелеу мүмкіншіліктері де олардың биологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыратын нәрселердің қасиеттері мен ерекшеліктерінен ғана тұратын болғандықтан, бұл мүмкіншіліктер шектеулі ғана болады. Сондықтан, адамға қарағанда жануарларда болмысты объективтік нәрсе ретінде бейнелеу болмайды. Сонымен қоршаған болмыстың кез келген нәрсесі, жануарға, оның инстинктік қажеттілігімен бірге көрінеді. Жануарлар психикасының адам санасынан айырмашылығының мәні, ол жануарлардың өзі сияқтыларға қатынасы олардың басқа сыртқы объектілерге қатысынан өзгеше болмайды, яғни жануарларда қоғам болмағандықтан, бұл қатынастар да олардың инстинктік-биологиялық қатынастарына жатды. Кейбір авторлар жануарларда еңбек болады деп санай отырып, ара, құмырсқа және басқа «қоғамдасып» өмір сүретін жануарлар өмірінен мысалдар келтіреді. Ал адамның өмір тіршілігінде еңбектің маңызы зор екендігі бәрімізге мәлім. Өйткені, еңбек адамның дене бітімін жетілдіріп қана қойған жоқ, сонымен бірге оның психикалық жетілуінің, сананың қалыптасуы мен дамуының негізгі факторы болып табылады. Сонымен қатар еңбек-адамды қоғамдық тіршілік иесіне айналдырады, биологиялық жан иесі еңбектің арқасында жеке адам дәрежесіне көтеріледі. Еңбек арқылы сыртқы дүниені тану құралы ретінде сана қалыптасады. Адам өзін-өзі танып, өзінің табиғи күшін алдына қойған міндеті мен еңбек материалдарына қарай реттей білуге үйренеді. Демек, еңбек нәтижесінде, өзіндік сана-сезімі қалыптасады.
Адам еңбектің көмегімен өзін айнала қоршаған табиғатты ғана өзгертпей, сонымен бірге өзі де өзгеріп, дамиды. Қоғамдық өндіріс қажеттіліктерді қанағаттандыру заттарын жасай отырып, жаңа қажеттіліктерді де туғызды және оларды жетілдіріп отырды.
Жануарға қарағанда, адам құралдарды пайдаланып қана қоймай, оларды жасайды. Құралдарды жасау алғашқы адамның әрекетін түбегейлі өзгертті және оның мінез-құлқының барлық құрылымын түбегейлі қайта құруға әкеліп соғады. Жануардың мінез-құлқы әрқашанда қажеттілікті қанағаттандыруға ғана бағытталған болатын. Құрал жасаушы адамның мінез-құлқының құрылымы күрделі сипатта болады: қажеттіліктерді тікелей қанағаттандыруға бағытталған әрекеттен, кейінірек ғана мағынаға ие болатын, арнайы әрекет бөлініп шығады.
Адамның психикалық дамуында алғашқы адамдардың қоғамдық санасында бейнеленген өндірістік қатынастардың маңызы зор. Қалыптасып келе жатқан қоғамдық сана өз тарапынан, жеке адамдар санасында өзінің таңбасын қалдырып отырды.
Жануарлардың бір-бірімен өзара қарым-қатынастарының ерекшеліктерін олардың «сөздерінің» өзгешелігі көрсетеді. Бір жануардың басқаға дыбыстар арқылы әсер етуі жануардың қарым-қатынасын білдіретіні белгілі. Бұл кезде адамның сөздік қарым-қатынасын сипаттайтын үрдіс бола ма? Олардың сырттай ұқсастығы болатыны рас. Іштей бұл үрдістер түбегейлі өзгеше болады. Адам өз сөзінде бір объективтік мазмұнды білдіреді және өзіне айтылған сөзге дыбыс түрінде ғана емес, сөзде айтылған ақиқатқа жауап береді. Жануарлардың дауыспен қарым-қатынас жасауы бұдан мүлде өзгеше болады. Мәселен, топтасып өмір сүретін құстарда топқа төніп тұрған қауіпті білдіретін арнайы дыбыстар болады. Жануарлардың бұл дыбыстарында объективтік нәрсенің тұрақты мағынасы болмайды.
Адам санасының пайда болу және оның психологиялық сипаты психика дамуының жоғары, жаңа кезеңінің басталуын білдіреді. Санадағы бейнелеудің жануарларға тән психологиялық бейнелеуден айырмашылығы-бұл зат болмысының бейнеленуі.
Адамның саналы әрекетінің ерекшеліктері үш түрлі сипатта болады. Бұл ерекшеліктерінің біріншісінің мәні мынада: адамның саналы әрекетінің биологиялық мотивтерге байланысты болуы міндет емес. Кейде адамның саналы әрекеті биологиялық ықпалдар мен қажеттіліктерге бағынбай, олармен үйлеспей, тіпті олардан басым болады.
Адамның саналы әрекетінің екінші ерекшелігі, бұл жануарлардың мінез-құлқына қарағанда, оның ортадан алған көрнекті әсерлер арқылы айқындалуы міндет емес. Адам орта жағдайын жануарларға қарағанда әлдеқайда терең білдіреді.
Үшінші ерекшелігінің мәні, ол адамның білімділігі мен іскерлігінің басым көпшілігі оның өзіндік тәжірибесінің нәтижесі болмай, ұрпақтың тарихи-қоғамдық тәжірибесімен меңгеріледі. Бұл адамның саналы әрекеті жануардың мінез-құлқынан түбегейлі өзгеше екенін көрсетеді.
Адам және жануар психикасының даму ерекшеліктері
Жануарлар «әрекеті»
|
Адамдардың әрекеті
|
1.Инстинкті - биологиялық
2.Қоғамнан тыс, бірлесіп әрекет жасамайды.
3.Көрнекі - әсерлерді бейнелейді.
4.Мінез-құлқында ата-тегінен берілген әрекетті тұқым қуалайды.
5.Жануарлардың құралдарды пайдалануы ешқандай жаңа операциялар, әрекеттер қалыптастырмайды.
|
1.Танымдық, қарым-қатынастық, әлеуметтік қажеттіліктерге негізделген.
2.Ұйымдасып, бірігіп әрекет етеді және әрбір әрекетінің адам үшін маңызы бар.
3.Заттар мен құбылыстардың арасындағы байланысты меңгереді.
4.Әлеуметтік қарым-қатынас негізінде адамдар тәжірибесін меңгеріп дамытады.
5.Өздеріне қажетті еңбек құралдарын жасайды.
|
Достарыңызбен бөлісу: |