«Құтты білік» еңбегінің тəрбиелік мəні
Бұл еңбек — халықтың құты, ырысы болған ілім. Ғасырлар бойы көзі ашық, көкірегі ояу ұрпаққа адамдық, азаматтық қасиеттерін, əдеп-адалдық дəстүрін сіңірген шығарма. Бұны біз келесі жыр жолдарыннан аңғарамыз:
1.Жүсіп Баласағұнның еңбекті «Құдатғу білік» қоюына өзінің жауабы бар [41, 45,]
Кітап атын «Құдатғу білік» қойдым
— Құтын тұтсын оқушым білікті ойдың.
Жазған кітап, сөйлеген сөздеріммен,
Екі дүниені ұстауды көздедім мен.
Ғұламаның жігітікке ашынып, өкініп, қарттық-егделік хақында айтқандары мынадай [42, 52]
Жортқан бұлттай жігіттіктен ауыстым,
Ескен желдей тірлігімді тауыстым.
Қайран жастық, қайран отты күндерім,
Тұта алмадым, қадіріңді білмедім!
Жігіт дəурен, оралшы бір құстайын,
Бүлде жауып, алақанда ұстайын!
Беу, жігіттік, қайда жолың, тұрағың? Таба алмадым сарсылдым сан, сұрадым!
Осы өлең жолдары адамның пендешілік өмір кешпей, рухани тазалыққа шақырады. Оқушыларға болашақтарына мақсат қоюға, уақыттың қадірін түсінуге, жамандықтан аулақ болуға тəрбиелейді.
3.Ақын жақсылықтың мерейі туралы былайша толғанады [43, 53]:
Бұл дүние қып-қысқа көрген түстей, Қадірін білген дұрыс көрге түспей. Өмір де бір қазына, алған қарыз, Қайырым етті қайтара салған парыз. Түптің-түбі бұл тағдыр теңестірер, Ажал келсе: ұлық, құл демес, білем. Жақсылық қыл, суымай бойда қаның, Бір өлім бар, жөн болар ойлағаның. Қалар өлсең меншігің — есімің де, Қатты серпкен кең дүние есігінде.
Құрметтер ел, жан болсаң затың жақсы,
Талай ғасыр жаңғырар Атың жақсы.
Қарғысын естір талай ғұмырлардың,
Есімі қаны қара зұлымдардың.
Не күтіп жүр: Даңқы ма, мазағы ма?
Өз ырқында. Тек сынба азабына.
Қалар ныспы, сіңерміз қара жерге,
Мақтап?.. Даттап?.. «Тірілтер» қалың ел де...
Жүсіп Баласағұн бұл өсиетінде ақиқатты ашып көрсетеді. Жер бетіндегі адамдардың теңдігін баяндайды.
4.Жас нəресте өмірге келісімен-ақ оны дұрыс тəрбиелей бастау — əке-шешенің қасиетті борышы екенін ақын жырға былайша қосқан [44, 54]:
Ай мандайлы ұл-қыз туса алдыңда,
Үйіңде өсір, бөтен жерде қалдырма.
Тəрбиеші ал ізгілікті, көшелі,
Ұл-қыз жақсы, таза болып өседі.
Ұл-қызыңа əдеп үйрет, білім бер,
Қос жалғанды бірдей көріп, күлімдер.
Ұлына əйел əпер, қызды ерге бер,
Қайғы-мұңсыз тірлікке не тең келер!
Ұлды үйрет күллі өнер-білімге,
Онымен мал-дүние табар түбінде.
Бақ ұлыңды, бекерге бос жүрмесін,
Бейбастақ боп кетер бекер жүргесін.
5.Данагөй адамшылыққа — адамшылық, қайырымға — қайырым ету туралы былай дейді :
Ілкі сəттік өмірің болса жалғанда
— Қайырым ет, қайырым қылған жандарға.
Серттей түйсең, ұшқан ойды сөзімнен,
Шет қалмайсың несібеңнен, еліңнен.
Сиымды бол сыйлап сені жақтаса,
Тайраңдама — қалың елің мақтаса.
Адамшылық — адамға тəн қазына,
Солай қазір, солай болғын бағыдан.
Қайырым етсе достарың, не бауырың,
Еселеп бер, көтер жүктің ауырын.
Сөйтсең, дана ер болғаның сенімді,
Құрығанда, байқатасың тегіңді.-даанышпан философ оқушыларға адамгершілік қасиеттерді дарыта отырып, оларды достықты бағалауға, жақындарын сыйлауға тəрбиелейді. Тұлғаға тəн қасиеттерді, ізгілікті насихаттайды.
Қорыта айтқанда, Баласағұни философ ретінде жəне тəрбиелік тағылымға толы педагог ретінде артына өшпес мұра, тəрбиелік дəстүр, өнеге қалдырған адам. Құтты білікте «Бақыттылар, беу, қанағат қылғандар!»- дейді, демек Тәңірдің сыйлаған әрбір күні біз үшін үлкен бақыт. «Өз біліміңе ешнәрсе қоспаған әрбір күнді бақытсыз деп біл» — деген тұжырымды қосқым келеді, себебі берілген күн – жаңа мүмкіндік, оны білімді жетілдіруге, тың нәрсені үйренуге арнау қажет. «Білімді» адамға қонған бақты Ж. Баласағұн былай сипаттайды: «Біліктіге – таққанмен тең күн-жақұт» — дейді, яғни білімді адам басына қонған бақты бағалап, оны сәуле болып, өзгелерге тарататынын, шуағын шашатынын дәлелдеп кеткен. Ал «ақымақ» адамға қонған бақты былайша суреттейді: «Ақымаққа қонған бақыт тоналар, Қалай қонса, солай ұшып, жоғалар». Бақытты бағалау үшін көкірек көзінің ояу болуы басты қағида екенін осы еңбекте көрсетеді. Тек білімді адам «бақыттың» мәнін түсінетінін айтады. «Ақылмен ұқ, тындыр істі біліммен, Жылмен – бақыт, келсін құтың күніңмен» — деп Ж. Баласағұн біліммен біліп, ақылмен ұғып, еңбектеніп қана адам баласының нағыз бақытқа жететінін айтқан болатын. «Ай, құштар жан, ұста өмірдің өзегін, Толып – шалқыр сонда, бақыт өзенің» — деген «Құтты біліктегі» үзіндіні алатын болсақ, адамның бақытты болуы үшін ең алдымен, өмірге құштарлығы, оның ағысына бейімделуі маңызды екенін көрсек болады. Өмірдің өзегі – білімде екенін барлық жерде дәлелдеген. Байлықты бұл дүниенің бақыты деп санаудың үлкен қателік екенін де көрсеткен: «Бақсаң дәулет көрінер де елп етер, Опасыз ол тез қартайтар, тез кетер». Яғни, автор байлық пен дәулет адам үшін бақыт бола алмайтынын, оның өзі адамды уайымға салып, жүдетіп, тез қартайтып, соңы ауруға шалдықтыратынын көрсеткен. «Шекерімен алдап алып, у берер», « жарығы аз, түтіні көп қап-қара» деп байлықтың «баянсыз бақыт» екенін жеткізген. Дәулетті «үркек, ор киікке» теңеп, тұрақсыз екенін, қолдан усып, шығып кететіндігін тамаша көрсете білген. «Тайғақ табан қонбай жатып жеріген» — деп автор «қалай білімді болам?» демес бұрын оған жетуде адамның мақсаттары айқын болуы керек дейді, себебі жігерсіз, мақсатсыз адам не қалаған нәрсесін анықтай алмайды, не жарты жолда сағы сынатынын айтады. Демек, «білімге жету — жігерлі адамның жеңісі». Яғни, адам баласы «қол мен тілін бос ойыннан сақтаса», «тектен-текке несібесін шашпаса» білімге жетеді дейді. «Қонған құттың біл қасиет-қадірін, Қадірді ұққан көрмес тірлік жәбірін» — деп автор айтқандай, бақыттың тұрақты болуын сақтау — адамның біліміне, түсінігіне байланысты. Адамға ақыл мен білім келсе, оны дарытқан Аллаға шүкір айтуды да кітапта еске салады: «Құт дарыттың, бар тілекті орындадың, Бердің бәрін ризамын тағдырға». Бақыттың қақпасын ашып, құтқа бөлену үшін адамға көп еңбектену қажет. Білімді адамның жанында жүрсе адамның да бағы артатынын былай көрсеткен: «Білімдіден біліп алғын ісіңді» , «Адам егер бастаса ісін біліммен, Мақсатына жетер тілеп-жүгінген», «Қай ісің де білімменен гүлдейді, Білім кейін қалса қолың жүрмейді». Білімді ең басты жолға қоюуына мына үзінді дәлел: «Білімнен әзіз не бар дейсің жаһанда». Яғни, бақыттың, бақтың, құттың қолымызда бағалауға жетелейтін — білім. Ал ең бақытты адамды былайша суреттеген: «Жақсы айтыпты, бек білікті, бақытты ең, Білікті сөз тең ғой інжу- жақұтпен». Бұл сөзден аңғаратынымыз — «ақылмен айтылған сөздің қымбаттылығы». Әрбір айтатын сөзіміздің құндылығына мән беруіміз керек, себебі ақылмен айтылған сөз арқылы өзге адамның дұрыс жолға түсуіне көмек беруге болады. Басқа адамның бақыт табуына жолу ашу — нағыз бақыт. Ойымызды қорытындылай келе, нағыз бақыт – білімділік екеніне көз жеткіздік. Білімді адам ғана басындағы бақытын баянды етіп, бағалай біледі. Автордың сөзімен айтатын болсам, «Ақыл қолдар, ал білімнен құт қонар» — деп, ақылды қара түнді ашатын шырақ ретінде, ал білімді нұрын шашатын жарық ретінде көрсеткен. Ж.Баласағұн өзінің аталық сөзін жеткізіп, осы айтқандарын ізгі өмірімізде қолдана білуге шақырады. Түркі мәдениетінің ұлы да ұлағатты әдеби ескерткіші «Құтты білік» дастанын жазған Жүсіп Хас-Хажыб Баласағұн ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі шығыс елдеріне мәшћүр болған данышпан ойшыл, энциклопедист - ғалымы, белгілі қоғам қайраткері. Оның өмірі мен қызметі, мақсаты жас шамасы хақындағы там-тұмдаған деректерді негізінен шығарманың өз тексінен ғана табамыз. Дастанның ел өміріндегі маңызы, сипаты мен қасиеті, мұрат-мақсаты мен тілі жайлы мағлұматтар да тексте кездесетін автордың өз пайымдауларынан жақсы аңғарылады[45,55]. Жүсіп Хас-Хажыб әдебиетте әділетті, ырысты елдің, құтты мемлекеттің үлгісін жасаған өз өмірі, күйініш-сүйініші жайлы, өмірдегі өкініші, кәрілік пен жастық жайлы, халықтың салт-дәстүріндегі ерекшеліктерді де, тұрмыс ерекшеліктерін де астастыра отырып, өзі тамаша білетін түркі фольклорының маржандарын таланттылықпен сіңіре өрбітіп, өз дәуірінің барынша кемел суреттерін түсірген. Ақын «Құтты білікте» қандай адам «ұлы хас-хажиб» болып істеуі мүмкін деген сауал қойып, оған өзі егжей-тегжейлі жауап айтады. Ұлы Хас-Хажиб - әмірші патшаның көрер көзі, есітер құлағы, ол мемлекет заңдары мен сол елдің әдет-ғұрпының дұрыс орындалуын қадағалап отырады. Сондай-ақ ұлы уәзір - қазына ісін басқарушы адамға, сарайда қызмет ететін хат көшірушілер мен қол өнершілерге патша атынан әмір береді, елшілерді қабылдап, шығарып салып отырады, ресми түрдегі салтанатты жиындардың заңға сәйкес өтуін қадағалайды, әрі кедейлер мен жетім-жесірлердің арызын тыңдап, оны Табғаш Қара Богра ханға жеткізіп отыруы тиіс. Бұған қарап Жүсіп Баласағұнның патша сарайында қандай қызмет атқарғанын ғана емес, сонымен бірге ақын «Құтты білікте» өзіне өте жақсы таныс мәселелерді мейлінше терең біліп барып жазғанын да аңғарамыз. «Автор өз шығармасының кіріспесінде дастанның қайсы тілде жазылғанын айта келіп, былай дейді:
Арабша, тәжікше кітаптар көп,
Ал, бұл - біздің тіліміздегі тұңғыш даналық жинағы.
«Біздің тіліміз» ақын түркі тілін айтып отырғаны мәлім. Сондай-ақ, бұл дастанға қара сөзбен жазылған кіріспеде шығарманың тілі жөнінде айтылған мынадай пікір бар:«Шығыс елдерінде, бүкіл Түркістан халықтарында түркі сөздерімен, бограхан тілінде жазылған бұдан артық кітап жоқ» Табғаш Қара Бограхан әулеті Қарахан мемлекетінде билік жүргізген дәуірде кеңінен тараған жазба-әдеби тіл кезінде «бограхан тілі» деп те айтылған», - дейді А.Егеубай . «Құтты білік» дастанында соншалық мол мазмұнды арқау еткенімен, негізгі айтар ойы - адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, құтты ету. Дастан мазмұны өте астарлы, танымы терең де тұңғиық ұғым-түсініктерге толы. Оған ерекше үңіліп, зерттей қарар болсақ, шығарманың өзегі - толық адам екенін танимыз. Дастандағы құт-береке бақ - толық , жетілген адамның еншісі. Ақынның айтуынша құттың кілті - кісінің ділі, тілі, қылығын бірдей қамтыған жан-жақты жетілуі мен кемелденуі. Түптің түбінде, дастан мазмұнынан құт-береке, бақытқа өз әлемін асыл етумен ғана жетуге болатынын ұқтырады. Адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі - дастанның ең басты идеясы. «Бұл дастанда «Өзіңді сақта» дегені кісінің өзін танытар қасиеті - адамдығы мол кісілігіне байланысты айтылған. Затың - адам, атың - адам болған соң, қасиетіңе лайық бол, діліңе дақ түспесін, адал бол, адам бол деп жар салудан ақын жалыққан емес. Адамның өзі адамдық, кісілік қасиетінсіз қаңырап бос қалады. Оның адам атанып жүруі де қасиетін танытар адамгершілігінің бар кезінде ғана болатын жағдай. Дастанда шын мәніндегі көңіл тоярлық кісіліктің сиректігі, жоқтығы жиі айтылады. Ақын шығармасы да осы зәрулік пен қажеттілікке байланысты туса керек. Дастан мазмұны кісіліктің қадір-қасиетін жан-жақты танытуға құрылған. Өйткені адам да, қауым да кісілікке зәру»,-дейді М.Әліпханов өз еңбегінде. [46, 56].
Кісілер көп, кісілікке кендеміз
Адалы - аз адам атты пендеміз
Толып жатыр жүрген жандар жер басып,
Көңілі ашық, әділ ерге - ел ғашық.
Кісі сирек емес, сирек - кісілік,
Кісіліктің қадірін біл, түсі
Құтты білік» дастанының мазмұнынан ұғарымыз кісі өзін-өзі құрметтеп, кісілікті болып көрінсе, өзіне ғана тән қасиеті мен тірлігін танытады, кісілерге жақсылық жасап,адамдығын асырады. Әйтеуір тірі жүріп кісі атана қою қиын, әркім де кісілік жасап қана адам атанады. Тірліктің де, адам болудың да ақтауы мен кепілі - кісілік пен адамдық. Ал, кісілік пен адамдық Әл-Фараби айтқандай, даналық пен қайырымдылықтан,яғни ізгілік пен танымнан тұрады. Адамдағы барлық асыл қасиет танып-білу мен ізгі болудан бастау алады. Жүсіп Баласағұнның адамдық пен кісілікті шексіз құрметтеп, дәріптеуі осы танымнан туса керек. Дастанның бүкіл мазмұны кісіліктің қадір-қасиеті, мән-мағынасы, қыр-сырын әңгімелеуге құрылған. Сөйтсе де, ақын шығармасының әр-әр ұсында түпкі ойын тыңдаушысына соншалық жалаңаштап, жеңілдетіп, ашық айтып жеткізуге тырысады. Көбіне қат-қабат қыртысты, күрделі күйде келетін астарлы асыл ойларын әр түрлі әдеби тәсілмен онан сайын тура, ашық айтады. Дастандағы өзіңді ұмытпай, қасиетіңді сақтап жүру қағидасының ең биік шыңын басты бағыт, нысана саналған құт, береке, бақытпен байланысты танимыз. Ақын әр адамның аты мен затына лайық кісілік, адамгершілікпен өмір сүруін құт-береке, бақыт деп біледі. Ақиқатты әркім өз ақыл ойымен, өресінің жеткен әсеріне дейін ғана танып келеді десек те, ақынның адамдық пен кісілікті құт көруі - көпшілік көңіл қойып қабылдай қоятын шындық. Ақын үнемі асыл қасиеттер мен кеселді қасиеттерді қатар алып, салыстырып, жарыстырып суреттейді. Алғашқысы адамдарды асқақтатып, ардақты етсе, құтты етсе, кейінгісі төмендетіп, арзандатып, күлкі күйге түсіреді. Дастанның бүкіл мазмұны осы асыл қасиеттер мен кесел қасиеттердің қыр-сырын ашуға құрылса да, теңіздей танымның тамшыдай түйінін байқаймыз. Ақын дастанның әр-әр тұсында ебін тауып, кеселді қасиеттерді жекелеп, я тобымен аптап отырады. "Біраз нәрсе кісінің қас дұшпаны" деп мыналарды тізіп айтады: тілдің жалған айтылуы, айтқан сөзден қайтуы, шарапқа аңсары ауғаны, жүгенсіз іс-қылық, зымияндық, ашулы тіл. Осы тобымен бұл қасиеттердің дастанның әр-әр тұсында қайталанып келетіні бар. Әсіресе жалған айту, өтірік сөз кісілікке артықша зиянды болып көрінеді. «Құтты білік» жазбасының мәдени мәні орасан зор. Х-ХI ғасырларда араб-парсы Орта Азиядағы түркі тайпаларының тілін жұтып қоюға дейін барып тұрғанда, Жүсіп Баласағұнның түркі тілінде көлемді де күрделі дастан жазуы өз кезеңі үшін үлкен тарихи жаңалық болды. Дастанның көркемдік ерекшеліктері айтарлықтай биік болмаса да, осы тарихи қызметі жағынан жазба биік бағаланады. Өйткені, «Құтты білік» Х-ХI ғасырдағы Жетісу жерінде тұрған түркі тайпаларының барлық салт-санасын, әдет-ғұрпын, олардың арасындағы түрлі жіктерді, қарым-қатынасты, мәдениетін және тілін толық қамтыған шығарма. Бұл реттен дастанды бір ғана хан-хақандар салтын жырлайтын шығарма деп бағалауға болмайды. Онда түркі тайпаларының салт-санасы да көрініс тапқан. Кейбір жыр деректеріне қарағанда Қарахандар мемлекетінде тап теңсіздігінің үлкен орын алғаны байқалады. Бір жағынан хан сарайы, екінші жағынан бұқара халықтың өмірі суреттеледі. Сол себепті, Е.Бертельс Жүсіп дастанындағы әділдік идеясын халық арманынан туған тілек деп дұрыс бағалайды. Жүсіптің өзі де ақсүйектерден шыққан үстем тап өкілі емес, көбіне бұқара халыққа арқа сүйеген ақын. Оның ақындар туралы сөзінде көшпелі елдерге тән ақындық өнерді дәріптеу салты да бар. Ақын өзін хандарға ақылшымын, халық өкілімін деп ұғындырады.
Ақындар келер алдыңа,
Сөз шебері сәуегей.
Сөздері өткір қылыштан,
Қылдан нәзік қиялы,
Тыңдасаң тыңда ақынды,
Нәзік сөздің бұлағы.
Ақындарды сыйлай біл,
Даңқыңды жұртқа жырлайды,
Қабағы қатса қуандыр,
Қарны ашса тойындыр.
Ақындардың сөзінен,
Пайдалы нәрсе болмайды,- деген Жүсіп ақындық өнерді шабыттана жырлайды, оған үлкен әлеуметтік баға береді. Бұл жолдарда ақынның хан сарайына деген көзқарасы да ашылған. Жүсіп өзін олардан бөлек ұстайды. Тіпті, хан-хақандарға сатира элементін қолдануға да бар. Е.Бертельс Жүсіптің осы сөздерінің арғы тегінде Фердаусидің Махмұт Ғазнауи сұлтанға жазған сатирасының рухы бар деп бекер айтпаған [47, 58]. Сонымен, өз дәуірінің көкейтесті мәселелерін қоғамдық әлеуметтік тұрғыдан терең түсінген ғұлама ақынның «Құтты білік» дастанында көтерген ең басты мәселелердің бірі - ел басқару мәселесі. Елді, мемлекетті қалай басқару керек, ел басқаратын адамда қандай қасиеттер болуы шарт. Міне, автор осы сауалдарға өз заманының оқыған, көзі ашық, ойшыл азаматы ретінде әрі феодал табының мүддесін қорғайтын өкілі ретінде жауап береді. «Құтты білік» дастаны Қарахан әулеті үстемдік жүргізген орта ғасырдағы аса маңызды қоғамдық-саяси мәселелерге арналған. Жүсіп Баласағұн мемлекет пен патша, әкімдер мен қарапайым халық, патша сарайының қызметкерлері, олардың құқықтары мен міндеттері, феодалдық топ пен қалың бұқара арасындағы қарым-қатынас туралы оқырманға ой салады.
Ақынның білімді қаншалықты жоғары бағалайтынын дастанның атынан аңғару қиын емес. Жүсіп Баласағұн өз шығармасын «Құтты білік» деп тегін қоймаса керек. Дастанда оқу-білім, ғылым мәселелеріне арналған арнайы тараулар бар. Сонымен бірге, ақын мемлекет, қоғам, ел басқарған әкімдер, хан, этика деген мәселелерге арналған тараулары да білімнің күш-құдіретін ардақтап ғалымдарды көкке көтере мақтайды.
Ақыл-шырақ, қара тілді ашатын,
Білім- жарық, нұрын саған шашатын.
Ақыл болса, асыл болар - болса ер,
Білім болса, бектік қылар қылса ер.
Ақыл кімде болса - болар асыл Ол,
Білім кімде болса - бек ћәм басың ол.
Кісі ұланы қара жерге қол салды,
Көтерді бәрін, білімін ол қолданды
Ақын ғалымдарды мадақтай келе, олардың орны әрқашанда төрде болуы керек дейді. Ал, елді жоғары қызметке ие болып жүрген білімсіз, қараңғы, надан жандардың төрден алған орнының өзі босаға секілденіп қалатынын ескертеді:
Наданға төрден орын тисе, қор етеді,
Данышпанға босағадан орын тисе, төр етеді.
Дастанда мынадай ой-пікір бар:Патша ел-жұртын қылыштың күшімен қатал тәртіппен басқарып отырады, ал ғалымдар - қалың бұқараны ақыл-парасатымен басқару керек.Әрине, Жүсіп Баласағұн халыққа үстем таптың өкілі ретінде қарайды. Сондықтан ол қарапайым халықты қоралы қойға, ал білімді адамды - сол қойлардың соңына ерткен серкеге теңейді. Ақын дастанда өзі өмір сүрген дәуір талап еткенде бірқатар маңызды мәселелерге өзінше жауап беруге әрекет жасаған. Жүсіп Баласағұн өзінің дидактикалық сарында жазылған шығармасында мораль, этика, әдептілік, тәлім-тәрбие туралы өсиет-ғибрат сөздер айтады. Қоғамдағы адамдардың өзара қарым-қатынасы, сөйлесуі, сыйласуы, әсіресе, тіл әдептілігі егжей-тегжейлі сөз болады. Ақын маскүнемдікті, жалқаулықты, әдепсіздікті, дөрекілікті, жылпостықты, жаман мінез-қылықтарды өлтіре сынайды. Шығармада жақсылық пен жамандық, әдептілік пен дөрекілік, шындық пен өтірік, аңқаулық пен қулық өзара қарама-қарсы қойылған. Сол арқылы автор айтар пікірін тереңдете түседі. Мәселен, ақын: ауырмаса - денсаулықтың қадірін білмейді, өлім болмаса - тірі кездің қадірін білмейді, қайғысыз адам - қуаныш сезімінің құдіретін толық сезе алмайды деген секілді бірқатар философиялық пікірлер қозғайды.
Н.Келімбетов: «Құтты білік» дастанында автор ерекше мән беріп, зор шабытпен жазылған аса маңызды мәселелердің бірі - адамдардың бірін-бірі құрметтеуі, ізет көрсетуі, сыйлауы болып табылады. Атап айтқанда, мұнда жастардың қарттарға, қариялардың жастарға, әкімдердің өз қол астындағы қызметшілеріне, жалшылардың өз қожаларына, балалардың өз әке-шешесіне, ата-ананың өз перзенттеріне деген ізгі құрметі қандай болу керек деген сауалға жауап берілген [48, 59]. Жүсіп Баласағұн әдептілікті жырлай келіп, солардың ізіндегі ең бастысы - тіл әдептілігі деген қорытынды жасайды. Дастанның бір тарауы, дәлірек айтсақ, жетінші тарауы түгелдей осы мәселеге - тіл әдептілігіне, яғни мәнерлі, мәнді, сыпайы сөйлей білу өнеріне арналған. Автор оқушысын абайлап, ойланып-толғанып барып сөйлеуге, тілге сақ болуға шақырады. Қысқаша әрі мазмұнды сөйлей білу - әдептілік басы деген пікір айтады. Ақын кісіні адамгершілік арнасынан шығарып, жұртқа әдепсіз, дөрекі, надан етіп көрсететін кейбір мінез-қылықтарға көркем сөзбен сипаттама береді. Мұндай жағымсыз мінездер мал-мүлікке тоймайтын аш көздік, сараңдық, мейірімсіздік, ашушаңдық деп көрсетеді. Әке-шешеден тәрбие көрген, әдепті жандар қашанда нәпсісін тия білетін, жомарт, бауырмал, сабырлы, инабатты болып келетінін айтады [49, 60]. Сөйтіп, Жүсіп Хас-Хажыб Баласағұн қоғамдық-әлеуметтік көзқарасында кейбір қайшылықтары бола тұрса да өз дәуірі үшін прогрессивті роль атқарған бірқатар ағартушылық моральдық, этикалық принциптерді жырлап, оларды әлеуметтік мәселе ретінде көтере білген көрнекті қоғам қайраткері еді.
Достарыңызбен бөлісу: |