2.Армения. Ел солтүстігі мен батысында Грузиямен, шығысында және оңтүстік-шығысында Әзірбайжанмен, ал батысы мен оңтүстігінде Түркиямен шектеседі. Армения теңізге тікелей шыға алмайды, ал көрші мемлекеттермен шекаралары Кіші Кавказдың асу бермес қиын тау жоталары арқылы өтеді. Ел шебінің басым бөлігін Түркиямен және Әзірбайжанмен шекаралары құрайды, сол себепті тарихи кезеңдерде бұл елдермен шекара жанжалы жиі туындаған болатын. Осының бәрі Арменияның географиялық және геосаяси жағдайына өзіндік ықпал етеді.
Армения — қызғылықты оқиғаларға бай тарихы бар ежелгі мемлекет. Әлемдегі көне этностардың бірі болып саналатын армян халқы Армян таулы қыратын біздің заманымыздан әлдеқайда бұрын мекен еткен болатын. Қазіргі Армения аумағында б.з.д. IX ғасырдың өзінде құл иеленуші ежелгі Урарту мемлекеті болған, ал б.з.д. IV ғасырда Армян патшалығының негізі қаланды. Біздің заманымыздың басында мемлекет аумағында христиан діні тарала бастады. Осылайша жаңа заманның 301 жылы Армения христиан мемлекетіне айналды. Орта ғасырларда гүлденген Армения қалалары сауда мен өнер орталықтары болды. X ғасырдың соңына қарай елдің оңтүстік бөлігін Византия басып алды. Армения бұдан кейін тағдыр тәлкегіне көп ұшырады: сан ғасыр бойы ел аумағы талай рет сырттан келген жаудың табанында қалды. XVII ғасыр-да Арменияның екі куатты көршісі бұл елді екіге бөліп алды; ел аумағының батысы Түркияның, ал шығысы Иранның қарамағына өтті. Кейінірек орыс-парсы соғысының нәтижесінде Шығыс Армения Ресей империясының құрамына енді.
Түркияның қол астында қалған Батыс Армения жылдар бойы түрік билеушілерінің қатал езгісінде болды. Бұл қайғылы оқиғалар армян халқының тағдырына елеулі ықпал етті: құртып-жоюдан аман қалған армяндар ата қонысын тастап, бас сауғалауға мәжбүр болды. Әлемнің әр түкпірінде өмір сүретін армяндардың ірі топтарын осымен түсіндіруге болады.
1922 жылы Армения Грузия және Әзірбайжанмен бірге Кавказ сырты Кеңестік Федерациялық Социалистік Республиканың құрамына еңді. 1936 жылы КСРО құрамына одақтық республика ретінде кірді. Қазіргі кезде Армения БҰҰ, ТМД мүшесі болып табылады. Республика өз тәуелсіздігін 1991 жылдың 23 қыркүйегінде жариялаған болатын.
Табиғат жағдайлары мен ресурстары. Бұл шағын елдің табиғат жағдайлары өте алуан түрлі. Ел аумағының 9/10 бөлігі теңіз деңгейінен 1000 м биіктікте орналасқан, мұның өзі жер қорын шаруашылық мақсатта пайдалануды қиындатады. Елдің оңтүстік-батыс бөлігін Арарат жазығы алып жатыр, мұнда ТМД аумағыңдағы ең ежелгі және әдемі қалалардың бірі болып саналатын ел астанасы Ереван орналасқан. Арменияның таулы бөлігі сейсмикалық жағынан қауіпті ауданға жатады, соңғы жойқын жер сілкінісі 1988 жылы Спитак қаласы маңында болды. Арменияның ең биік нүктесі — елдің солтүстігінде орналасқан Арагац тауы (4090 м). Ел аумағында түсті металдардың едәуір мол қоры шоғырланған. Әсіресе мыс кен орындары айрықша көзге түседі. Олар елдің оңтүстік-шығысы мен солтүстік-бастысында орналасқан. Мыстан басқа, Армения молибден кен орындарымен, алуан түрлі құрылыс материалдарымен (мәрмәр, гранит, туф және т.б.) әйгілі.
Ел аумағы субтропиктік белдеуде жатыр. Қаңтардың орташа температурасы 0° С-тан 12°С -қа дейін, ал шілденің орташа температурасы +18°С-тан +24 С-қа дейін ауытқиды. Жылдық жауын-шашынның ең көп мөлшері (900 мм) Кіші Кавказдың батыс беткейлерінде түседі, ал Арарат аңғарында оның көрсеткіші бар болғаны 220 мм ғана. Сол себепті егістік алқаптары қолдан суаруды қажет етеді. Елдің шығысында, Әзірбайжанмен шекараға жақын жерде Севан тау көлі орналасқан. Көл суы әрқашан салқын, тіпті жаздың өзінде оның жағалауында салқын леп соғып тұрады. Көл айналасында ұлттық саябақ ұйымдастырылған. Севанға жақын маңда минералды бұлақтар негізінде жұмыс істейтін Джермук, Арзни және басқа сауықтыру орындары орналасқан. Өзен торы біркелкі таралмаған, ол тек биік таулы аудандарда жиірек. Елдегі ең ұзын өзен — Аракс.
Халқы. 2004 жылдың соңына қарай Арменияда 3,2 млн халық тұрды, халықтың орташа тығыздығының көрсеткіші 1 км2-ге 108 адамнан келді. Жер бедерінің күрделі болуы халықтың қоныстану сипатына да ықпал еткен: Армения халқының жартысынан астамы Арарат жазығында тұрады. Табиғи өсу жыл саын қысқарып келеді, қазіргі кезде оның көрсеткіші 4°/00-ге тең. Қала халқының үлес салмағы — 67%. Арменияны бірұлтты елдер қатарына қосуға болады, өйткені оның халқынын 94%-ын армяндар құрайды. Басқа ұлттар арасында орыстардың, күрдтердің, грузиндер мен гректердің саны біршама.
Шаруашылығы. Соңғы онжылдыкта ТМД-ның басқа да жас тәуелсіз мемлекеттеріндегі сияқты, Арменияда да экономиканың құлдырауы басым болды. Кеңестік дәуірмен салыстырғанда халықтың әл-ауқаты да төмендеп кетті. Қазіргі кезде ЖІӨ-нің жан басына шаққаңдағы көрсеткіші бар болғаны 560 АҚШ долларына тең (бұл ТМД бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі). Елдегі жұмыссыздар саны 109 мың адамға жеткен, бүл ЭБХ-тың 9%-ын құрайды. Жұмыссыздық деңгейі бойынша Армения ТМД елдері арасында 1-орын алады.
Өнеркәсіп үлесіне ЖІӨ-нің 34%-ы тиесілі. Өнеркөсіп құрылымында машина жасау басым, әсіресе прибор және станок жасау, радиотехника мен электроника жақсы дамыған. Өнеркәсіптің байырғы салаларының бірі — жергілікті шикізат көзіне негізделген түсті металлургия. Бұл саланың жекелеген кәсіпорындары электр энергиясының тапшылығынан өз жұмысын тоқтатқан. Елде мұнай мен табиғи газ қоры жоқ, мұның өзі елді энергия көзімен жеткілікті түрде қамтамасыз етуге кедергі болуда. Электр энергиясы Армян АЭС-і мен Раздан өзеніндегі СЭС жүйесінде өндіріледі. Соған қарамастан жыл сайын жан басына шаққанда электр энергиясын өндіру азайып келеді.
Басқа салаларға қарағанда, жергілікті шикізат кезіне бағдарланған тамақ өнеркәсібі тұракты дамып келеді. Өндірілетін өнімнін негізгі түрлері (шарап, коньяк, жеміс консервілері) республикадан тыс жерлерге көп сатылады. Елде құрылыс материалдарын өндіретін бірнеше кәсіпорын жүмыс істейді.
Агроөнеркәсіптік кешенде жүзім шаруашылығы мен жеміс өсіру жетекші орын алады (26-сурет). Жүзімдіктер мен жеміс бақтарының көшпілігі Арарат аңғарының суармалы алқаптарында орналасқан. Тауларда бидай мен арпа өсіріледі. Жалпы алғанда, жыртылатын жерлер ауыл шаруашылығы жерлерінің 2/5 бөлігін құрайды. Қазіргі кезде елдің ауыл шаруашылығы табиғи сипат алған, яғни ел азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етуге ұмтылуда. Соған қарамастан астық, сүт жөне ет өндіру көлемі қысқарған.
Сыртқы саудадағы негізгі бағыт — импорт көлемінің ұдайы артуы, ол экспорт көлемінен әлдеқайда артық болып отыр. Ел мазут, табиғи газ, ауыл шаруашылық өнімдерін сырттан сатып алуға мәжбүр. Елдің сыртқы экономикалық байланыстардағы негізгі әріптестері Ресей, Иран және Түрікменстан болып табылады.
3.Грузия. Грузия солтүстігінде Ресеймен, оңтүстігінде Армения және Түркиямен, шығысында Әзірбайжанмен шектеседі. Ел аумағы батысында Қара теңіз суларымен шайылып жатыр. Теңіздік шекараларының болуы елдің геосаяси жағдайының сипатын анықтаумен бірге, сырткы экономикалық байланыстарын дамытуға да қолайлы әсер етеді. Үлкен Кавказ асулары арқылы елді Солтүстік Кавказбен жалғастыратын аса маңызды құрлық жолдары өтеді. Әкімшілік жағынан Грузия 66 ауданға бөлінеді, құрамына Абхазия және Аджария автономиялық республикалары енеді.
Ел халқыіның саны 2004 жылы 4,3 млн адамды құрады. Жалпы алғанда, Грузия халқының саны тәуелсіздік алған кезеңнен бері қысқару үстінде, бұл, ең алдымен, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты түсіндіріледі. Басқа мемлекеттерге коныс аударушылар саны артуда. Сонымен қатар соңғы он жылда халықтың табиғи өсуі 2,5 есе азайып, 2000 жылы 0,2%-ды құрады. Оның басты себебі — туудың азаюы. 2000 жылы туу көрсеткіші бар болғаны — 9°/00, ал өлім коэффициенті 8°/00 шамасында болды. Ғалымдардың болжауы бойынша, елде осындай демографиялық жағдай сақталатын болса, Грузия халқының екі еселенуі үшін 462 жыл кажет екен. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге шамамен 62,3 адамды құрайды, бірақ ел аумағында халық біркелкі коныстанбаған. Халықтың 9/10 бөлігі абсолюттік биіктігі 1000 м-ге дейінгі аумақтарда (мұндай аудандар ел ауданының 45%-ы ғана) шоғырланған. Әсіресе табиғаты қолайлы Қара теңіз жағалауы, Колхида ойпаты мен Кура өзенінің аңғарында халық тығыз коныстанған. Қала халқы ауыл халқынан аздап болса да басым (56%). Ірі қалалары: Тбилиси (1,3 млн адам) мен Кутаиси (235 мың адам).
Халқының ұлттык құрамы өте күрделі: елде 100-ден астам ұлттың өкілдері тұрады. Грузиндер ел халқының 70%-ын, армяндар — 8%, орыстар — 6%-дан астамын, ал әзірбайжандар 6%-ға жуығын кұрайды. Елден соңғы жылдары басқа ұлт өкілдерінің, әсіресе орыстардың тарихи отанына қоныс аудару қарқыны артып отыр. Халықтың діни кұрамында христиан дінінің православие тармағы басым (75%), ислам және иуда дініндегілердің үлесі де біршама.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі соңғы кезеңде Грузия экономикасы терең дағдарысты басынан кешіруде. Оған бұрынғы шаруашылық байланыстардың үзілуі, елдегі саяси тұрақсыздық, өндіріс көлемінің қысқаруы себепші болуда. Қазіргі кезде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1990 жылғы өнеркөсіп өнімі көлемінің 16%-ын ғана кұрайды. Ауыл шаруашылық өндірісінің көлемі де қысқарған, ол 1990 жылғы осы салада өндірілген өнім көлемінің 63%-ын ғана береді. Жалпы алғанда, елдің қазіргі шаруашылык құрылымында өнеркәсіп үлесінің күрт азаюы және ауыл шаруашылығы үлесінің артуы байқалады. Мұны экономистер экономикалык кері кетудің басты белгісі ретінде бағалайды. Қазіргі кезде елдің ЖІӨ құрылымында өнеркәсіп шамамен 22%-ды, ал ауыл шаруашылығы 22%-ын құрайды, қызмет көрсету саласының еншісіне 56%-ы тиесілі (26-сурет).
Елдің отын-энергетикалық базасы әлсіз. Республикадағы аса ірі Ингури СЭС-і ішкі жанжалдарды қоздырып отырған Абхазияның бақылауында қалып қойды. Ал Ткварчели мен Ткибули көмір кен орындарында тас көмір өндіру көлемі 10 еседей қысқарған. Мұнай мен электр энергиясын өндіру 1991 жылмен салыстырғанда екі есеге қысқарған. Сол себепті елде терең энергетикалық дағдарыс етек алған.
Грузия өнеркәсібінің дәстүрлі саласының бірі — тамақ өнеркәсібі. Бұл саланың кәсіпорындарында шай, шарап-коньяк, темекі өнімдері, эфир майлары, көкөніс және жеміс консервілері, минералды сулар өндіріледі. Өнеркәсіптің Кеңес дәуірінде едәуір жақсы дамыған салаларының (машина жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі) ірі және орташа кәсіпорындары 1993 жылдан бастап, шикізат және отын тапшылығынан, кұрал-жабдықтардың қосымша тетіктерінің болмауынан тоқтап қалды.
Грузияның агроөнеркәсіптік кешені кеңес дәуірінде бүкілодақтық маңызға ие болатын. Сол жылдары ел КСРО аумағында өндірілетін шайдың 94%-ын, цитрустардың 100%-ын, лавр жапырағының 96%-ын беретін. Колхида ойпатындағы құнарлы жерлерді кұрғату жұмыстарына көп көңіл бөлінген болатын. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығына жарамды жерлер ел аумағының 16%-ын ғана құрағанымен, бұл салада ЭБХ-тың жартысынан астамы жұмыс істейді. Шаруашылықта шай плантацияларының маңызы зор. Ұзақ жылдар бойы шай плантацияларында қол еңбегі қолданылып, тек кейінгі 20—30 жылда ғана техника жетістіктері енгізіле бастады. Кеңес дәуірі кезінде Грузияда дүние жүзі бойынша алғашқы шай жинау комбайны құрастырылып, іске қосылған болатын. Жиналған өнім жергілікті шай өңдеу фабрикаларында алғашқы өңдеуден өтеді.
Малазықтық дақылдар республикадағы егістік көлемінің 30%-дан астамын алып жатыр, ал жартысына жуығы дәнді дақылдар үлесіне тиеді. Грузия егіншілері жылына 700 мың т астық, 400 мың т картоп, 450 мың т көкөніс пен бақша дақылдарының өнімдерін жинайды. Сонымен қатар елде жеміс бақтары, жүзімдіктер едәуір алқапты алып жатыр. Жергілікті жүзім сорттарынан дайындалған әйгілі грузин шараптарын көптеген елдер сатып алады. Мал шаруашылығында сүтті-етті ірі қара малдың үлесі жоғары, оның жалпы саны 1,2 млн бастан асады.
Көлік жүйесінде теміржолдың маңызы зор. Теміржолдың жалпы ұзын-дығы — 1420 км, ал тас жолдардың ұзындығы 22 мың км-ден асады. Ел экономикасында теңіз көлігінің алатын орны үлкен. Маңызды теңіз порттары — Батуми, Сухуми, Поти және Гагра. Республика аумағы арқылы Солтүстік Кавказ — Әзірбайжан газ құбыры, Баку — Батуми мұнай құбыры өтеді. Елдің географиялық орнының қолайлылығына сәйкес, халықаралық көлік жүйесін дамытудың мүмкіндіктері мол. Саяси жагдайдың тұраксыздығы бұл мүмкіндіктерді пайдалануды шектеп отыр.
Елдің сыртқы саудасына импорттың экспорттан басым болуы тән. Грузия экспортқа ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің өнімдерін, металдар шығарады. Ірі сауда әріптестеріне Ресей, Түркия, Әзірбайжан жатады.
Бақылау сұрақтары.
1. Әзірбайжан мен Арменияның, Грузияның географиялық орындарын салыстырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтаңдар. Бұл ерекшеліктер елдердің сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуға қалай әсер етеді?
2. Әзірбайжан мен Арменияның, Грузияның шаруашылық құрылымын салыстыра отырып, екі елдің экономикалық даму мүмкіндіктеріне баға беріңдер. Жауаптарыңды экономикалык карта, оқулық мәтініндегі деректер мен қосымшалардағы кесте мәліметтері негізінде дәлелдеуге тырысындар.
3. Үш елдің экспорттық және импорттық өнімдерін атаңдар. Айырмашылықтарды немен түсіндіруге болады?
Орта Азия елдері
№ 218 -сабақ
Тақырыбы: Өзбекстан Републикасы
Жоспары:
1.Географиялық орны
2. Аумағының қалыптасуы және мемлекеттік тарихы
3. Табиғат және табиғат ресурстары
4. Халық
5.Шаруашылығы, өнеркәсібі
6. Ауыл шаруашылығы
Сабақтың мақсаты: Өзбекстан Републикасын толық қарастыру
Теориялық мәлімет:
-
Жерінің ауданы – 448,9 мың км2.
-
Халқы – 25,1 млн адам ( 2002ж.).
-
Астанасы – Ташкент.
-
Мемлекеттік құрылымы – республика.
-
Мемлекет басшысы – президент.
-
Заң шығарушы органы – парламент.
-
Мемлекеттік тілі - өзбек тілі.
-
Ұлттық валютасы – сум.
1. Географиялық орны. Өзбекстан Республикасы – Евразия материгінің ішкі бөлігінде, Орта Азия жерінде мұхиттардан өте шалғайда орналасқан. Бұл сыртқы экономикалық байланыстарды дамытуға белгілі дәрежеде кедергі келтіреді. Ел Орталық Азия аймағындағы ең ірі су артериясы – Сырдария жән еАмудария өзендері аралығында солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа 1400 км-ге, ал батыстан шығысқа қарай 1500 км-ге созыла орналасқан. Республика солтүстігі мен батысында Қазақстанмен, шығысында Қырғызстанмен, оңтүстік-шығысында Тәжікстанмен, ал оңтүстігінде Ауғанстанмен шектеседі. ТМД елдерімен көршілес орналасуы экономикалық байланыстарына қолайлы ықпал жасайды. Алайда оңтүстігінде Ауғанстанмен тікелей шектнсуі ел аумағына халықаралық терроризм тарапынан қауіп әкеліп, геосаяси жағдайына қолайсыздық туғызады. Халықаралық деңгейде Ауғанстандағы саяси жағдайды реттеу мақсатында қолданылған шаралар нәтижесінде Орта Азия мемлекеттерінің шекаралық аймақтарындағы жағдай біршама тұрақтанды.
2. Аумағының қалыптасуы және мемлекеттік тарихы. Өзбекстан жері географиялық орны мен табиғат жағдайының қолайлылығына, сондай-ақ аумақ арқылы халықаралық керуен жолдарының өтуіне байланысты ежелден-ақ гүлденген отырықшы өркениет ошағы болды. Егіншілік өркендеген шұраттарда ежелгі құл иеленуші мемлекеттерде ( Соғды, Бактрия, Хорезм ) егіншілік, қолөнер мен сауда қатар дамыды. Сол себепті әр қилы тарихи кезеңдерде көршілес және шалғайда жатқан елдер тарапынан басқыншылық әрекеттер толастамады. Қазіргі Өзбекстан жерін парсылар мен Ескендір Зұлқарнайн ( Александр Македонский ) әскері, ғұндар мен түркілер, арабтар мен татар-монғол шапқыншылары басып өтіп, олардың әрқайсысы гүлденген өркениеттің құлдырауына әсер етіп, бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық өмірінде өзіндік із қалдырды. Мысалы, VIII ғасырда Араб халифатының иелігінде болуы ислам мәдениетінің тұрақтануына алып келді. XIV ғасырда Әмір Темірдің билік еткен кезеңінде аумақтың экономикалық қуаты артып, білім мен өнер өркендеді. Осы кезеңде өзбек ұлтының қалыптасуы жүрді. Мұның барлығы ел халқының қазіргі этностық, тілдік ерекшеліктерін анықтап, тұрмыс-салт дәстүрлерінің қалыптасуына негіз болды.
XVI ғасырдан бастап бытыраңқы өзбек хандықтарының өзара жауласуы біртұтас күшті мемлекеттің қалыптасуына кедергі келтіріп, халықтың әл-ауқатын нашарлатты. XIX ғасырда Өзбекстан аумағына Ресей патшалығының ықпалы күшейе бастады. Ел аумағының едәуір бөлігін алып жатқан Бұхара әмірлігі мен Хиуа, Қоқан хандықтары түгелімен Түркістан губерниясының қарамағына өтті. Ресей империясы құрамында болған кезеңде Каспии сырты және Орынбор теміржолдарының салынуы нәтижесінде және ауыл шаруашылығындағы әйгілі Столыпин құруларын жүзеге асыру барысында аумаққа орыстар көптеп қоныс аударды.
Аумақта 1917 жылғы Қазан революциясының соң, кеңес үкіметін орнату басқа аймақтарға қарағанда көп қиындық туғызды. Бұл кезең 1924 жылы ғана Өзбек КСР-інің құрылуымен аяқталды. 1936 жылы Өзбекстан құрамына Қарақалпақ АКСР-і енгізілді.1991 жылы 26 желтоқсанда Өзбекстан тәуелсіздігін жариялады. Қазіргі кезде Өзбекстан Республикасы ТМД құрамындағы тәуелсіз мемлекет болып табылады.
Өзбекстан Республикасы құрамына 12 әкімшілік облыс пен Қарақалпақстан Автономиялық Республикасы енді.
-
Табиғат және табиғат ресурстары. Өзбекстан жерінің көпшілік бөлігін Тұран ойпаты алып жатыр. Сырдария мен Амудария өзендерінің аралығында Қызылқұм шөлі орналасқан, елдің солтүстік-батыс шеті Үстіртке ұласады. Тянь-Шанның оңтүстік-батыс сілемдерін құрайтын тау жоталары елдің шығысына қарай жатыр, олардың аралығында Ферғана аңғары орналасқан. Ел аумағында сейсмикалық жағдай тұрақсыз, жер сілкінулер жиі болып тұрады. Мысалы, 1966 жылы болған күшті жер сілкінуі нәтижесінде ел астанасы Ташкент көп зардап шекті.
Аумақтың геологиялық-тектоникалық құрылысының күрделі болуы жер қойнауының түрлі минералды ресурстарға бай болуына негіз болады. Әсіресе түсті, сирек кездесетін және бағалы металдардың ( алтын мен уран ), сондай-ақ фосфорит, графит, тұз кен орындары көптеп кездеседі. Тұран ойпатынан табиғи газдың ірі кен орындары ( Бұхара, Газли ) ашылған, тас көмір мен мұнай қорлары да барланған.
Өзбекстан жерінің басым көпшілігіне қоңыржай белдеудің шұғыл континентті климаты тән. Бұл климаттың басты белгісі – Күн радиациясы мен буланушылықтың өте жоғары болуына байланысты қуаңшылықтың жиі байқалуы. Қыс онша суық емес, қаңтардың орташа температурасы солтүстігінде -7 -12 С, ал оңтүстігінде +3 С шамасында болады. Шілденің орташа температурасы +26 С, оңтүстігінде +32 С-қа жетеді. Жылудың мло болуы жеміс ағаштарын ( алма, өрік, шабдалы, інжір, анар, грек жаңғағы, бадам ), жүзім, көкөніс, сондай-ақ күріш, мақта сияқты жылу сүйгіш дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді. Жауын-шашынның жылдық мөлшері көпшілік бөлігінде 100мм-ден аспайды, кей жылдары ғана 200мм-ден артық жауын-шашын түсуі мүмкін. Таулы аудандарда жауын-шашын мөлшері 500-600мм-ге дейін жетеді. Ылғалдың негізгі бөлігі қыс пен көктем айларында түседі. Жаздың аптап ыстығында оңтүстіктен соққан, құрғақ ыстық желдер егістік алқаптарды онда әрі құрғатылады. Сол себепті Өзбекстанның құрғақ климаты жағдайында суғармалы егіншілікті ғана дамытуға мүмкіндік бар.
Өзбекстан аумағында өзен торы біркелкі таралмаған. Таулы аудандарда өзен торы жиірек. Негізгі ірі өзендері – Амудария мен Сырдария республика аумағынан тыс жерде басталады. Республика аумағы арқылы осы өзендердің салалары ( Нарын, Қарадария, Сох, Шыршық, Зеравшан, Сурхандария ) ағып өтеді. Өзендердің барлық егістікті суаруға пайдаланылады, ал Амудария негізгі су көзі болып табылады. Тау өзенрдерінің энергетикалық қуаты кенінен пайдаланылады, жазықтағы өзендердің бойында гидротехникалық құрылыстар ( бөгендер, каналдар ) көптеп салынған.
Республика аумағында көлдер аз, олар негізінен, шағын болғандықтан шаруашыпық маңызы жоқтын қасы.Өзбекстан жеріне Арал теңізінің оңтүстік бөлігі енеді.
Арал теңізінің табиғи ерекшеліктері мен экологиялық жағдайына қатысты мәліметтерді естеріне түсіріндер.
Өзбекстанның жазық бөлігін шөл зонасы алып жатыр,мұнда таралған шөлдің сұр топырағы күшті сортанданған.Жылудын аса мол болуы тұздануға ұшырамаған шұраттарда қолдан суару арқылы мәдени ланшафтыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.Бұл алқаптарда егіншіліктін барлық саласын өркендетуге жағдай бар.Таулардың етегіндегі шөлдерден бастау алатын биіктік белдеулер тау төбелеріндегі мәңгі қар мен мұздықтарға ұласады.Таулы аудандардың рекреациялық мүмкіндіктері мол.Мұнда ыстық минералды бұлақтар көптеп кездеседі,олардың негізінде емдеу-сауықтыру орындары салынған.
Бақылау сұрақтары:
1.Өзбекстанның географиялық орнының қандай ерекшеліктері бар?
2.Өзбекстан жері қандай табиғат ресурстары түрлеріне бай?
№ 219 -сабақ
Тақырыбы: Өзбекстан Републикасының халқы мен шаруашылығы
Жоспары:
1. Халқы
2.Шаруашылығы, өнеркәсібі
3. Ауыл шаруашылығы
Сабақтың мақсаты: Өзбекстан Републикасының халқы мен шаруашылығын қарастыру
Теориялық мәлімет:
1.Халқы.2002 жылдың ортасына қарай республика халқының саны 25,1 млн адамға жетті.Өзбекстанға халықтың ұдайы өсуінің дәстүрлі типі тән,яғни халық саны табиғи өсу есебінен артады.Табиғи өсу жылына 1,7% шамасында,бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады.Туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 23,ал өлім 6 адамды құрайды.Ел тұрғындарының өмір жасының ұзақтығы 69 жас,бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстан ТМД аумағында Кавказ елдерін ғана алға салады.
Өзбекстан – көп ұлтты республика, мұнда 120 – дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады.Табиғи өсудің жоғары болуы себепті және басқа ұлттардың ( әсіресе орыстардың ) республика аумағынан тыс жерлерге қоңыс аударуына байланысты өзбек халқының саны артып келеді.Олардан басқа ( 7,4 %),тәжіктердің (4,7% ), қазақтардың (4,1%) үлесі біршама.2001 жылдың өзінде Өзбекстаннан Қазақстанға 15 861 адам қоныс аударды,олардың негізгі бөлігін тарихи отанына оралған қазақ халқының өкілдері құрайды.
Жалпы алғанда, халықтың орташа тығыздығы жоғары (1 км 2 жерге 56 адам ) болғанымен , ел аумағында халық қоныстануы біркелкі емес.Халықтың көпшілігі егіншілікке қолайлы алқаптарда қоныстанған, мұнда тығыздық 1 км жерге 350 – 380 адамнан келеді.Экологиялық жағдайы нашарланған Қарақалпақстан аумағында , шөлді Бұқара, Навой облыстарында халық сирек тұрады, кейбір аудандарда тұрғылықты халық мүлде жоқ.Орта Азияның барлық елдеріндегі сияқты, Өзбекстанда да қала халқының үлесі (38%) төмен. Ірі қалалары – Ташкент ( 2,3 млн адам ), Самарқанд (395 мың адам), Наманган (310 мың адам).
Өзбекстан қалаларының қайталанбас келбеті олардың тарихы мен тығыз байланысты. Ежелгі Соғды мемлекетінің, кейіннен Әмір Темір иелігінің астанасы болған, осыдан 25 ғасырдай бұрын негізі қаланған көне Самарқандты отырықшы өркениеттің орталығы десе болғандай.Темірдің немересі, белгілі ғалым Ұлықбек билеуші болған кезеңде қала ғылым мен білімнің, өнердің нағыз орталығына айналды. Мұнда 1429 жылы салынған обсерватория осы күнге дейін сақталып қалған. Самарқандтағы Темір жерленген әйгілі Гур - Әмір кесенесі, орталықтағы Регистан алаңы, көптеген мешіт – медіреселердің ғимараттары туристер назарын өзіне аударды. Осыдан 2000 жылдан астам бұрын негізі қаланған Бұқара қаласы орта ғасырлық сәулет өнері үлгілері мен әйгілі, бұл қалада шығыс ақындары Фирдоуси мен Рудакин, дүние жүзіне танымал болған ғалым, дәрігер Ибин Сина тұрған.
2.Шаруашылығы. Өзбекстан Орта Азия елдері арасында экономикалық жағдайының біршама тұрақтылығымен ерекшеленеді. Ол ел экономикасында жүргізіліп жатқан мынадай құрылымдық өзгерістермен тығыз байланысты;
-
жаңа технологиялық процестерді кеңінен енгізу ( шетелдік « Даймлер – Бенц « ) пен «Дэу» компанияларымен бірлескен кәсіорындардың салынуы );
-
отын – энергетикалық ресурстарды сыртқа сатудың көлемін ұлғайту;
-
халық тығыз қоныстанған аудандарда жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында кәсіпорындар салу,
-
елдің энергетикалық қуаты мен астық өндіруді арттыру арқылы экономикалық дербестікке қол жеткізу.
Республика бойынша ЖІӨ-нің жалпы көлемі 1998 жылы 59,2 млрд АҚШ долларын құрады. Оның құрылымынды өнеркәсіп үлесі 27% болса, ауыл шаруашылығы 26%, өндірістік емес сала 47% құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |