Портфолио
Портфолио – білім алушының жыл (немесе тоқсан, семестр) бойы жасаған жұмыстары және жетістіктерінің айғағы мен дәлелі. Портфолио білім алушының даму прогресі мен жетістіктерін көрсетіп, бұл процесті жан-жақты талдау мүмкіншілігін береді: білім алушылар өз оқуын бұрынғыдан да сәтті түрде ұйымдастырып, мақсаттарын тереңірек түсініп, жұмыстарына өзгерістер енгізіп, оқудағы өз жетістіктерін көреді. Портфолиода білім алушы өзінің жыл (тоқсан, семестр) бойы атқарған жазба жұмыс үлгілерін сақтап, оқу мерзімі аяғында үйренгені туралы есеп берген кезде портфолионы дәлел ретінде қолдана алады.
Портфолио - білім алушының оқу процесіне қалайша қатысатындығын көрсететін жұмыстарының жиынтығы ретінде оқудың тиімділігі деңгейін айғақтайды, оқу процесінің білім алушылар үшін қандай нәтиже беретіндігін көрсетіп, олармен кері байланыс құру тәсілі болып табылады. Бұған қоса портфолио білім алушылардың бірлесе жұмыс жасап, ұстаздармен әрекеттесуге септігін тигізеді, өйткені ол шәкірттердің жетістіктері мен дамуының динамикасын талдау жұмысына білім алушылардың өздері мен ұстаздың қатысуын талап етеді.
Портфолионың міндетті бөлімдері мен рубрикаларының тізімі келесідей болуын ұсынамыз:
1. Білім алушы өзі туралы.
- білім алушының өзі туралы мәлімет (қысқаша өмірбаяны – 2 беттік эссе, биопоэма, түйіндеме, фотолар – 3-ден кем емес),
- пән бойынша алдына қойған мақсаттары – 2 беттік эссе,
- пәнді игеруде күтетін нәтижелері мен жұмыс жоспары – 2 беттік эссе,
- пән игеруде қолданатын әдіс-тәсілдері – 2 беттік эссе.
2. Пәннің теориялық мазмұны.
- терминологиялық сөздік (глоссарий) – 10 атау,
- оқу материалдары (тірек лекциялары – берілген тақырыптар бойынша 3 беттен кем емес, конспектілер - берілген тақырыптар бойынша 3 беттен кем емес, Интернет материалдары - әр тақырып бойынша 3 беттен кем емес, т.б.),
- өзі тапқан қосымша материалдар.
3. Жұмыс үлгілері.
- ғылыми-әдістемелік жұмыстары (баяндамалар – 1-ден кем емес, мақалалар - 1-ден кем емес),
- шығармашылық жұмыстар (эссе - әр сабақ бойынша біреуден, сценарийлер - 1-ден кем емес, өзі қойған тәжірибелердің сипаты мен нәтижелері - 1-ден кем емес, өзі құрастырған ойсергектер - 2-ден кем емес, есептер - 2-ден кем емес, сөзжұмбақтар - 2-ден кем емес, т.б.),
- семестр бойы өзіне ұнаған екі сабақтың жоспарын (құрылымын) келесі үлгі бойынша келтіреді (көлемі 2 беттен кем емес): тақырып, сабақ кезеңдері, сабақта қолданған әдіс-тәсілдер, сабақтың ұтымды жерлері, сабақтың маңыздылығы,
- бірге оқитын жолдастарының озық жұмыс үлгілері - 2-ден кем емес.
4. Жетістіктер.
- жаңалықтары (келтірген жаңа ақпараттары, өздігімен анықтаған заңдылықтары) - 3 беттен кем емес эссе,
- ең ұтымды шыққан жұмыстары - 2-ден кем емес,
- марапаттаулары.
5. Ой-толғаныс.
- пәнді оқу/игеру процесіндегі өзінің рөлі туралы ой-толғанысы - 3 беттен кем емес эссе,
- өзінің ой-толғаныстарын көрсететін әрекеттерді сипаттау (сабақ талдау - 1-ден кем емес, пікірталас ұйымдастыру сценариі - 1-ден кем емес, интервью мәтіндерін келтіру - 1-ден кем емес, сауалнамаларға жауаптары - 1-ден кем емес),
- өзін-өзі бағалау - 3 беттен кем емес эссе,
- өз жұмысы туралы есебі - 3 беттен кем емес эссе,
- оқу процесі туралы ой-толғаныстары (эсселер – 3-ден кем емес, хаттар - 3-ден кем емес, пікірлер - 3-ден кем емес).
Достарыңызбен бөлісу: |