Семинар сабағының жоспары:
1. ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы.
2. Қазақстандағы патшалықтың аграрлық саясаты.
3 Қазақстан 1905-1907 жылдардағы бірінші буржуазиялық-демократиялық революция кезінде.
4. Қазақстандағы Столыпиндік аграрлық реформа және оның нәтижелері.
Сабақтың мақсаты: XX ғасырдың басы Ресей империясында әлеуметік қайшылықтардың шиеленісуімен, Қазақстанда отарлық саясаттың күшеюі туралы түсінік беру.Ресей империясының Қазақстанды отарлау саясаты туралы баяндау.
Әдістемелік нұсқаулар: Студенттер Қазақстандағы Столыпиндік аграрлық реформа және оның нәтижелері мен Ресей империясының Қазақстанды отарлау саясаты туралы тарихи зерттеулерге сүйене отырып, пікірталас түрінде талдау жасау.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1.ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып беріңіз?
2. Столыпиннің аграрлық реформасының мәні неде?
3.Қазақстан 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы кезінде қандай оқиғаларды бастан кешірді?
4. Қазақстанда отарлық саясаттың күшеюі немен ерекшеленді?
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАҚЫРЫП: Қазақстан мәдениеті (ХVІІІ–ХХ ғ. басы).
Сабақтың мазмұны: ХVІІІ ғасыр “ақындар поэзиясы ғасыры” деп аталған. Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің өте құнды мұралары – ақын-жыраулардың өлең-жырларында халықтың өмір тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез-құлық өлшемі, сол дәуірдің рухы бейнеленді. Олар халық басына келген қайғыға да, жұрт кенелген мерейге де ортақ болды. Ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды.
ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ақын-жыраулық поэзиямен қатар шығыстық ақындық дәстүр үлкен орын алды. Қазақтың дастандары араб-парсы әдебиетімен, фольклорымен байланыста болды. Абай қазақтың классикалық әдебиетіне дастандар алып келді. (“Ескендір”, “Масқұт”, “Әзімнің әңгімесі”). Абай (Ибраhим) Құнанбайұлы (1845-1904) өзі туған ортадан шоқтығы биік тұрды. Оның пікірінше, әрбір ойлы адам қоршаған өмір шындығына өзінің саналы көзқарасын қалыптастыруға тиіс. Абайдың бүкіл шығармашылығы әрекетсіздік пен жалған ұятқа деген ымырасыздық идеяларына толы.
Осы кезеңнің дара тұлғаларының бірі ретінде Ш.Уәлихановты (1835-1865) атаймыз. 1856 жылы Ш.Уәлиханов екі экспедицияға қатысады. Біреуі Орталық Тянь-Шань арқылы Алакөлден Ыстықкөлге дейінгі, екіншісі - дипломатиялық тапсырма бойынша Құлжаға сапар. 1857 жылы Уәлиханов Алатау қырғыздарына тағы да сапар шегіп, қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны “Манасты” көшіріп алды. Ыстықкөлге экспедиция кезінде Ш.Уәлиханов тарихи деректермен қатар көненің көзі - ерте заман бұйымдарының құнды үлгілерін жинады. “Ыстықкөлге барған сапардың күнделігі”, “Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы”, “Қырғыздар туралы жазбалар” деген тарихи-этнографиялық туындылары жоғарыда аталған сапарларының нәтижесі болатын. Ш.Уәлихановтың ғылыми қызметі Орыс географиялық қоғамының назарын аудартып, 1857 жылдың ақпанында ол қоғамның толық мүшелігіне қабылданады.
Орынбордағы зайырлы оқу орындарының бірін 1857 жылы танымал жаңашыл-педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин аяқтайды. Ы.Алтынсарин (1841-1889) бастамасымен және тікелей қатысуымен Қазақстанда халықтық азаматтық мектептер желісінің құрылуына қол жеткізілді. Ол, әсіресе, қолөнер және ауылшаруашылығы училищелерін ашуға көп күш-жігер жұмсап, байырғы халық арасынан Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берді.
Достарыңызбен бөлісу: |