Тақырыпты бекітетін сұрақтар
1. Қай жылдары телевидение АҚШ-та жылдам қарқынмен дамыды?
2. Лицензия берудегі мораторий аяқталысымен құрылған қандай корпорацияларды білесің?
3. АҚШ-та коммерциялық телевидениенің қалыптасуына шешуші қадам жасаған қай корпорация?
4. АҚШ-тағы электронды теледидар жобасының ең тиімдісі кімнің атымен атымен байланысты дамыды?
5. Ассоцияланған телестанциялар ұғымын қалай түсінесің?
6. Кабельдік тележелілерге меншік жөніндегі шектеулер қашан тоқтатылды?
7. АҚШ-тағы тәуелсіз жергілікті станция қашан пайда болды?
8. Жаңалықтарда «инфотейнмент» құбылысы қай жылдарға тиесілі?
9. Коммерциялық телевидениесінде «докудрама» деп аталатын жанрлық пішіннің табиғаты қандай?
10. «Қоғамдық Хабарлар Қызметі» («PBS») қашан құрылды?
11. АҚШ-тағы қоғамдық телевидение туралы не білесің?
12. Американың спутниктік телевидениесі қашан дамыды?
13. «Си-Эн-Эн» жаңалықтар арнасы қашан құрылды?
14. Американың қандай ақпарат агенттiктерi білесің?
3.5 Канаданың бұқаралық ақпарат құралдары
Газет-журналдары. Әлемдiк ұлы державаға айналған АҚШ-пен шекаралас болуы, бiр құрлықта Солтүстiк Америка құрлығында орналасуы, Америкамен әскери-экономикалық интеграциялануы Америкада болып жатқан өзгерiстер, жаңалықтар, прогресс және АҚШ жүргiзiп отырған саясат Канада халқының өмiрiне өз ықпалын тигiзiп отыр. Осы жағдай Канаданың ақпараттық-насихаттық құралдарында айқын көрiнiс алған. Басқа елдердiң баспасөз тарихына үңiлсек, алғашқы басылымның жарыққа шығуы, кiтап басу өндiрiсi сол елде әбден жолға қойылған соң барып жүзеге асып отырған. Ал, Канадада бәрi керiсiнше, ең алғашқы газет «Nova Scoti» провинциясының орталығы Галифексте 1752 жылдың өзiнде-ақ жарық көре бастаған, алғашқы кiтап одан көп кейiн «Католик шiркеуiнiң католицизмi» деген атпен тек 1765 жылы Монреальда басылып шыққан. Бұған баспасөздiң ерте дамуы тарихы, не мемлекеттiк құрылысының ұқсастығы ғана емес, көршi елмен тiл бөгетiнiң жоқтығы жақындастырған АҚШ баспасөзiнiң жетiстiктерiне себепшi болса керек.
Қазiргi таңда Канаданың 97 қаласында 6 000 000 данамен шығатын 123 күнделiктi газет бар. Бұлардың сыртында 1000-нан астам аптасына 2-3 реттен шығатын көп таралымды газеттер басылып тұрады. Бұл газеттер негiзiнен ауылшаруашылық аудандарда, шағын қалалар мен қалашықтарда әр тiлде шығады. Ал iрi қалалар мен орталықтарға таралатын аса iрi газеттер мен журналдар тек ағылшын және француз тiлдерiнде шығады. Бұл басылымдарға бәсекелес газет-журналдар болмағандықтан, олар бүгiнде өз аймағында монополияға айналуда. Мұндай монополиялардың көбеюiне соңғы кезде көп басылымдардың бiр-бiрiмен бiрiгуi және бiр компания құрылтайшы қоластына шоғырлануы себеп болып отыр. Бұл басылымдардың iрiленуiне, таралымының өсуiне тiл де өз әсерiн тигiзедi. Ағылшын және француз тiлдерiндегi газет-журналдары басқаларға қарағанда тезiрек өтсе, ал өз iшiнде ағылшын тiлiндегi басылымдар француз тiлiндегiлерге қарағанда көбiрек шығады. Мысалы, елдегi ең оқырманы көп журнал ағылшын тiлiндегi “Readers Digest” болып саналады. Оның бiр жылда 1 209 660 данасы сатылады екен [1,46-б]. Ал ең өтiмдi газеттер: “Торонто Стар ” бiр аптада 3 477 160, “Глоб Энд Мэйл” 1 912 370, “Ванкувер Сан” 1 175 780 данасы сатылады екен.
Бүгiнде Канада баспасөзiнде қалыптасып отырған тағы бiр тенденция - зерттеу-сараптамалық мақалаларды басуға маманданған апталық газеттерге қарағанда, сол күнi орын алған оқиғаны жедел жариялап, ағымдағы ақпаратты басатын күнделiктi, оның iшiнде таңертеңгiлiк және кешкiлiк газеттерге деген халықтың қызығушылығының өсуi. Күнделiктi баспасөз беделiнiң өсе түскенiн елдегі статистикалық институттар жүргiзген зерттеулер қорытындылары дәлелдей түседi. Канадалықтардың 87 пайызы негiзiнен күнделiктi газеттердi сатып алатындығын айтқан. 1901 жылы 114 күнделiктi газет 600 000 данамен шығып тұрған болса, 1980 жылы 117 күнделiктi газеттiң таралымы 5 174 955 данаға жеткен. Ал ХХІ ғасырдың бірінші жартысында бұл көрсеткiш 20 пайызға өсіп, газет таралымының өсуi жарнама берушiге де, баспагерге үлкен пайда әкелетiндiктен Канадада күнделiктi газет индустриясы табысты қаражат көзіне айналып отыр. Қазiргi уақытта 12 баспа тобы, 118 күнделiктi газеттiң 89-ын шығарады. Сәл шегiнiс жасап тарихқа үңiлсек, 1970 жылы елдегi күнделiктi газеттердiң жалпы таралымының 45 пайызы үш ең iрi компаниялары «САУЗЕМ», «ТОМСОН», «ФРИ ПРЕСС ПАБЛИКЕЙШНС» тәуелдi болса, 1980 жылы Томсон мен Саузен баспагерлiк топтары күнделiктi газеттердiң жалпы таралымының 48 пайызын иеленген екен [2,11-б].
Канадада мыңнан астам журналдар шығады. 800-ге жуығы ағылшын тiлiнде, 150-i француз тiлiнде, 40-қа жуығы мемлекттiк екi тiлде, 10-ы эмигранттар аудиториясына арналған. Мұның iшiндегi 350-i жалпы ұлтқа таралатын танымал журналдар. Оның ішінде жергiлiктi және провинциялық деңгейде шығатын журналдар да бар.
Канада баспасөзiнiң басты ерекшелiгi - онда белгiлi бiр партияның ұйымы саналған басылым болған емес. Бiрақ басылым материалдарының бағытынан, редакцияның ақпараттық саясатынан ол газет, не журналдың елдегi белгiлi бiр саяси топты, компанияны, банктердi, дiни миссияларды жоқтайтынын аңғаруға болады. Канада баспасөзi жариялайтын материалдары тақырыбына және олардың ақпараттық-насихаттық бағытына қарай шартты түрде беске бөлуге болады: 1. Ресми басылымдар; 2. Бейресми (тәуелсiз) басылымдар; 3. Ұлттық басылымдар; 4. Жалпыұлттық басылымдар; 5. Тегiн таратылатын басылымдар.
Ресми басылымдары. Бұл басылымдар аса көп емес, санын «саусақпен санауға» болады. Бұл басылымның бәрiне тән басты белгiлер оларда негiзiнен үкiмет қаулылары, заңдар, ресми құжаттар, премьер-министр бұйрықтары басылады.
1. «Ottava Citizen» («Оттава азаматы»). Ағылшын тiлiнде шығатын күнделiктi кешкiлiк газет. 1844 жылы алғашқы саны жарық көрдi. Алғашында «The Citizen» деген атпен шығып тұрды. Канаданың ең iрi «Саутэм инкорпорейтед» газет баспагерлiк тресi иелiгiндегi бұл газет Оттавада басылады. Таралымы - 190 000 дана. Сенбiлiк саны 250 000 данамен сатылады. Басылым үкiмет айналасындағы адамдарға арналған.
2. «The Canada Gazette, La Gazette du Canada» («Канада газетi»). Ағылшын және француз тiлдерiнде басылатын үкiмет жаршысы. 1841 жылдан бастап шығып келедi. Газет ел астанасы Оттавада шығады. Негiзiнен заң актiлерiн, қаулы-қарарларды, үкiметтiң ресми құжаттарын жариялайды.
3. «The Canada Gazette» («Канада газетi») 1967 жылы жаңарған үкiметтiң ресми газетi үш бөлiмнен тұрады:
А) “Canada Gazette. Part I» (PDF және Alternate Formats) . Әр сенбi сайын шығады. Мемлекеттiк деңгейдегi кездесулер, ресми мақалалар, үкiмет ұсыныстары, қаулылар және т.б түрлi материалдарды басады.
Ә) «The Canada Gazette. Part II” («PDF және Alternate»). Екi аптада бiр рет, сәрсенбi күнi шығады. Заңмен бекiтiлген ережелердi, заңдарды жариялайды.
Б) “The Canada Gazette. Part III” («PDF Format»). Парламенттiң газет саны әзiрленген аптада қабылдаған қаулыларын, заңдарын жариялайды тұрақты шығу мерзiмi реттелмеген басылым.
Бейресми (тәуелсiз) басылымдары. Бұл белгiлi бiр компанияларды, партияларды, ұйымдарды қолдайтын баспагерлiк топтардың, газет-журнал трестерiнiң, массмедиа магнаттарының иелiгiндегi газет-журналдар. Канададағы ғылыми, көңiл сергiтетiн, танымдық жарияланымдармен қызықтыратын ең танымал басылымдар да осы топқа жатады.
1. «Vancouver Sun» («Ванкувер күнi») Британ Колумбиясы провинциясының ең iрi күнделiктi кешкiлiк газетi. Канадалық «Саутем Инкорпорейтед» газет - баспагерлiк трестiнiң «Пасиорик пресс» еншiлес компаниясының қоластына қарайды. Басылым 1886 жылдан бастап Ванкуверде Британия Колумбиясы провинциясында басылып келедi. Таралымы 260 000, сенбiлiк санының таралымы – 290 800 дана.
2. «The Winnipeg Free Press» («Виннипегтiң азат прессасы»). Күнделiктi кешкiлiк газет. Ауқатты, ақсүйек қауымға арналған.
3. «Томсон Ньюпейперз» трансұлттық газет - баспагерлiк корпорациясына қарайды, 1874 жылы негiзi қаланған. Бұл газет Уиннипегте Монитоба провинциясында ағылшын тiлiнде шығып тұрады. Таралымы - 145 000, сенбiлiк саны 195 000 данамен тарайды.
4. «The Gazette” (“Газет”) - Канаданың ең алғашқы газеттерiнiң бiрi. Алғашқы нөмiрi XVIII ғасырда, дәлiрек айтқанда, 1778 жылы жарық көрген. Ақсүйек, зайырлы қоғам мүшелерiнiң мүддесiн дiттейдi. Канаданың аса iрi «Southam Incorporated» газеттiк - баспагерлiк тобының көп басылымдарының бiрi. Газет 205 500 данамен, ал сенбiлiк саны 280 000 данамен Монреальдағы Квебек провинциясында басылып, лезде сатылып кетедi.
5. «The Hamilton Spectator» - («Гамильтон куәгерi») Канаданың ең iрi «Саутем Инкорпорейтед» газет-баспагерлiк тобының ағылшын тiлiндегi күнделiктi кешкiлiк шығатын газетi. 1846 жылдан берi Гамильтондағы Онтарио провинциясында шығып келедi. Таралымы - 150 000 дана.
6. “Le Devoir» («Лә девуар») («Парыз»). Француз тiлiндегi күнделiктi газет. Жарияланымдарының насихаттық бағытынан жарнама түрiнде болса да прогрессивтiк-консервативтiк партияны қолдайтынын аңғаруға болады. Газет 1910 жылдан бастап Монреальдың Квебек провинциясында шығып келедi. Таралымы - 40 000 дана.
7. “Le Driot” (“Лә друа”) (“Құқық») - Оттаваның Онтарио провинциясыда француз тiлiнде басылып шығатын күнделiктi кешкiлiк газет. 1913 жылдан бастап шығады. Таралымы - 45 000, сенбiлiк саны 52 000 данамен таралады.
8. «Evening Times» - «Globe» («Жер шары ақшам уақытта»). 1904 жылы негiзi қаланған. Ағылшын тiлiндегi күнделiктi кешкiлiк газет. Сент-Джонда Нью - Брансуик провинциясында басылып шығады. Таралымы - 33 000 дана.
9. «The Evening Тelegramm» («Кешкiлiк телеграмма»). Күнделiктi кешкiлiк, ағылшын тiлiндегi газет. Ең iрi трансұлтты корпорация «Томсон Ньюспейперз» бастырады. Сент - Джонстағы Ньюфауленд провинциясында 1879 жылдан бастап шығып келедi. Таралымы - 55 000 дана.
10. “Calgary Herald» («Калгари жаршысы») «Саузем инкорпорейтед» аса iрi газет-баспагерлiк тобының ағылшын тiлiндегi күнделiктi кешкiлiк газетi. Калгарида Альберта провинциясында 1883 жылдан бастап басылып келедi. Таралымы - 143 000.
11. «Canadian Labour» («Канада кәсiподақтары») ағылшын және француз тiлдерiндегi айлық журнал. Канаданың iрi кәсiподақ ұйымы «Канада жұмысшылар конгресiне» қарайды. Журнал 1956 жылдан берi Оттавадағы Онтарио провинциясында шығып келедi.
12. «Canadian Tribun» («Канада мiнберi»). Канада Коммунистік Партиясын ашық қолдайтын апталық ағылшын тiлiндегi газет. 1940 жылы 20 қаңтардан бастап Торонтода басылып келедi. Газет 1922 жылы 15 наурызда негiзi қаланған «Worker» («Жұмысшы») газетiнiң iзiн басушы, iсiн жалғастырушы болып табылады. Таралымы - 10 000 дана.
13. “Commonwealth” («Қауымдастық»). Жаңа демократиялық партияның мүддесiн дiттейтiн, аптасына екi рет шығатын ағылшын тiлiндегi журнал. Аптасына 24 000 данамен Рейджайндегі Саскачеван провинциясында басылады. 1935 жылы негiзi қаланған.
14. «The Chronicle – Herald» («Хроника – жаршы»). Галифакста Жаңа Шотландия провинциясында басылатын ағылшын тiлiндегi күнделiктi газет. 1824 жылдан бастап шығады. Таралымы - 135 000 дана.
15. «Leader – Post» («Жетекшi пост») Реджайнде Саскачеван провинциясында 1883 жылдан бастап шығып келе жатқан ағылшын тiлiндегi күнделiктi кешкiлiк газет. Таралымы - 70 000 дана.
16. «Macleans Canadas Weekly News – Magazine» Маклин жаңалықтарын жазатын Канаданың апталық журналы. Канада ақсүйек қоғамының көзқарасын бiлдiретiн беделдi қоғамдық-саяси иллюстрациялық журнал. 1905 жылдан бастап Торонтода басылып келедi. Таралымы - 680 000 дана.
17. «New Democrat» («Жаңа демократ») Онтарио провинциясында жаңа демократиялық партия бағдарламасын насихаттайтын саяси журнал. Жылына алты рет Торонто қаласында Онтарио провинциясында басылып шығады. Басылым негiзi 1961 жылы қаланған. Таралымы 30 000 дана.
18. «Pacific Affairs» («Тынық мұхит iстерi”) Британия Колумбиясы провинциясы университетiнiң үш айда бiр рет шығып отыратын ағылшын тiлiндегi журнал. 1927 жылдан берi Ванкувердегі Британия Колумбиясы провинциясында төрт мың данамен шығып келедi.
19. «La Presse» («Баспасөз»). Француз тiлiндегi ең iрi күнделiктi кешкiлiк газет. Француз-Канадалық ауқатты адамдардың мүддесiн дiттейдi. 1884 жылы Монреальда Квебек провинциясында негiзi қаланды. Таралымы 205 000, сенбiлiк санының таралымы – 136 500 дана.
20. «The Province» («Провинция») «Саутем Инкорпорейтед» газет-баспагерлiк тобының «Пасифик пресс» еншiлес компаниясының ағылшын тiлiндегi күнделiктi газетi. Алғашқы нөмiрi 1891 жылы шықты. Ванкуверде Британия Колумбиясы провинциясында басылады. Таралымы 175 000 дана, жексенбiлiк саны 212 000 данамен сатылады екен.
21. «Le Soleil» («Лә Солей») (“Күн»). Канадада француз тiлiнде шығатын күнделiктi кешкiлiк газеттердiң iшiнде ең беделдiлерiнiң бiрi. «Юнимидиа» газет компаниясының басылымы. 1896 жылы негiзi қаланып, Квебек провинциясында шығып келедi. Таралымы 130 000 дана.
22. «Star» («Жұлдыз») – «Томсон Ньюспейперз» аса iрi трансұлттық корпорацияның ағылшын тiлiндегi күнделiктi кешкiлiк газетi. 1908 жылдан бастап Садбериде Онтарио провинциясында шығып келедi. Таралымы - 30 000 дана.
23. «Toronto sun» («Торонто күнi»). Күнделiктi, әсiресе ұлтшыл көзқарастағы газет. Ағылшын тiлiнде Торонто қаласында «Маклин Хантер» газет монополиясы бақылауындағы «Торонто Сан Паблишинг Корпорейшн» компаниясы басып шығарады. 1971 жылдан бастап шығады. Таралымы - 120 000, жексенбiлiк таралымы - 300 000 дана.
24. «Toronto Star» («Торонто жұлдызы»). Ағылшын тiлiндегi күнделiктi газет. Ұлттық көзқарасты басты бағыт санайды. Торонтода «Торонто Стар Корпорейшн» газет компаниясы басып шығарады. Құрылған уақыты 1892 жыл. Таралымы 600 000 дана, сенбiлiк, саны 842 000 данамен, ал жексенбiлiк саны – 156 500 данамен таралады.
25. «The Windsor Star» (Уинсор жұлдызы) Канаданың «Southam Incorporated» аса iрi баспагерлiк тобының ағылшын тiлiндегi күнделiктi кешкiлiк газетi. 1918 жылдан бастап Уинсор қаласында (Онтарио провинциясы) шығып келедi. Таралымы – 86 500 дана.
26. «The Financial Post» («Файнэншл пост») («Қаржылық пошта») Канаданың iскер топтарына арналған ағылшын тiлiндегi апталық газет. «Маклин Хантер» газет монополиясының иелiгiндегi басылым. 1907 жылдан бастап Торонтода шығып келедi. Таралымы шамамен 193 500 мың дана.
27. “Financial Times of Canada” (“Файненшл таймс оф Канада») (“Канаданың қаржылық уақыты»). Ағылшын тiлiндегi канаданың iскер адамдарына арналған апталық газет. «Sauthem Incorporated» аса iрi газет - баспагерлiк тобының 1912 жылдан берi басылып келе жатқан басылымы. Торонтода 100 000 данамен басылып шығады.
28. «The Edmonton journal» («Эдмонтон журналы»). Ағылшын тiлiндегi журнал типтес күнделiктi газет. Кешкiлiк жеке басылымы бар. «Sauthem Inc» аса iрi газет-баспагерлiк тобының иелiгiнде. Эдмонтонда Альберта провинциясында басылып шығады. 1903 жылы негiзi қаланған бұл басылым 184 000 данамен таралады.
29. «The Edmonton Sun» («Эдмонтон күнi»). Ағылшын тiлiндегi күнделiктi газет. Эдмонтонда Альберт провинциясында «Маклин Ханте» газет монополиясы бақылауындағы «Торонто Сан Паблишинг Корпорейшн» компаниясы бастырады. Басылым 1978 жылдан бастап әртүрлi көлемде шығып келедi. Қалыпты таралымы 89 000 дана, «етжеңдi» жексенбiлiк нөмiрiнiң таралымы 120 000 дана.
30. «Наша газета». Күнделiктi орыс тiлiндегi газет. Аса қызықты деген сенсациялық мақалаларды жариялайды. Газеттi «Russian Canadian Broadcasting Mix TV» ұжымы басып шығарады. «Наша газетаның», «Пятая пятница» атты айлық жарнамалық қосымшасы бар.
31. «Голос». Апталық газет. Негiзiнен жергiлiктi және халықаралық өмiрден алынған ақпарат, жарнамалық, қызықты оқиғаларды жариялайды. Бастырушы – «New con Publishing» компаниясы [3,24-б].
Ұлттық басылымдары. “Meest” («Mict» - «Көпiр»). Солтүстiк Америка құрлығындағы украиндықтарға арналған апталық газет, бағасы 25 cent тұрады. Канадада тұратын украиндықтардың өмiрiнiң әртүрлi аспектiлерiн ашып көрсететiн, соңғы жаңалықтарды, тарихи материалдарды, сараптамалық шолу, болжамдарды, оның ішінде ауа-райы, жұлдызнамалық болжамдарды жариялайтын бiршама кәсiби деңгейдегi басылым. Жарнамалық және публицистикалық материалдардың үйлесiм табуын басылым жеткен жоғары жетiстiгi деп тануға болады. Газеттi “Meest Media Corporation” компаниясы басып шығарады. “Bikha” (Okha). Украин тiлiндегi «Слово» газетiнiң тегiн жарнамалық ақпараттық қосымшасы. Бастырушы «EVIS» компаниясы, бұл да жалпыұлттық басылымы болып саналады [4,5-б].
«The Globe Аnd Мail» («Бүкiл әлемнен жиналған пошта»). Канадалық мамандар елде таралым тұрғысынан қарастырғанда Канадада жалпыұлттық газет жоқ деп есептейдi. Соған қарамастан «Глоб Энд Мейл» басылымы жалпыұлттық дәрежесiне көтерудi мақсат еткен. Бұл газет «Томсон Ньюпейперз» трансұлттық аса iрi газет-журнал корпорациясының ең танымал, беделдi басылымы. Бұл газеттiң бiр аптада 1 912 000 данасы сатылады. Басылым төрт жылдан берi Монктонда, Оттавада, Уиннипегте, Калгариде, Ванкувер қалаларында ол «Ұлттық басылым» деген статуспен басылып келедi. ‘’Глоб Энд Мейл’’ қазiргi кезде елдiң түкпiр-түкпiрiне басылған күнi-ақ, бiр мезетте таралып үлгеретiн жалғыз басылым болып отыр. Содан да болар, билiк басындағылардың да бизнес саласындағы іскер адамдар бұл басылымға сұранысы жоғары. Канаданың бiрнеше қалаларында газеттiң ақпараттық бөлімдері жұмыс iстейдi. Бұл ел көлемiндегi жаңалықтарды түгелдей қамтуға, ұлттық газеттiң инфрақұрылымын нығайтуға мүмкiндiк бередi. Соған қарамастан, жергiлiктi жаңалықтарға, сол аймақтың ағымдағы ақпаратына аса құмар оқырмандар үшiн «жалпыұлттық» басылымдар екiншi қатардағы газет болып есептеледi. Басылым негiзi 1844 жылы қаланған.
Тегiн таратылатын басылымдар. Бұл топтағы басылымдардың басты белгiсi және кемшiлiгi жарнамаға көп көңiл бөлуi. Кейде жарнама басылымның жалпы көлемiнiң 80 - 90% иемденедi және қайсыбiрiнде жарнаманың бiрiншi беттен бастап жариялануы оқырманның оқуға деген барлық қызығушылығын жойып жiбередi. Танымал тұлғаларға немесе белгiлi бiр саясаткерге қарсы құрылған саяси провокациялар «жаптым жала, жақтым күйе» принципiн ұстанатындардың «қаралау» саясаты, әсiреұлтшылдық әуенiндегi арандатулар және т. б. құйтырқы қылықтар мен iс-әрекеттер көбiне осы топтағы басылым беттерiнде жүзеге асып жатады. Осындай жағдайларға байланысты және басылымның тегiн таратылуынан да болса керек, бұл топтағы газеттер халық арасында «Аяқ астындағы баспасөз» («Пресса под ногами”), «құнсыз басылым» деген ат алған [5,78-б].
1. «TV Review» («Теле – шоу»). Торонто қаласында 1993 жылдан берi шығып келе жатқан танымал газет. Жарияланымдарының негiзгi бағыты телебағдарламалар мен кинофильмдерге шолу жасау, жарнама мен хабарландырулар шығару. Торонто мен Монреальда тегiн таралады, аптасына екi рет шығады.
2. «Russian Canadian Info». («Ресей-Канада ақпараттары»). Тегiн таратылатын апталық газет. Негiзiнен жергiлiктi мәселелер мен проблемаларды қозғайтын мақалаларды жариялайды. Басылымды «Russian Infotrade LTD» компаниясы басып шығарады. Газеттiң жетiстiгi ретiнде редактор мен газет қызметкерлерiнiң сирек кездесетiн әдеби және кәсiби қабiлетiн атап өтуге болады. Кемшiлiктерi - дүркiн-дүркiн көрiнiс берiп қалатын «солшылдық» ауруы, «мәнiн жоғалтқан», қажетсiз ұрандар, күмәндi, жанжал тұтандырғыш мақалалар, басқа елден ауып келген эммигранттар ашқан басылымдармен ашық бақталастық, өзiнiң таралымын өсiрiп көрсету арқылы «ерекшеленуге» ұмтылыс бір аптадағы әр нөмiрiнде таралымын бiрде 12 000, кейiн 12 500, тiптi артынан 15 000 дана болып жиi құбылып тұрады, оқырман кейбiр таңдаулы сандарын кейде ақшаға сатып алады. Осының бәрi түптiң түбiнде газет танымалдылығының төмендеп, бұрын тұрақты шығып келген “Info Plus” қосымшасының тоқтап қалуынан кейiн шықпай қалды.
3. «Russian Canadian Business Info» («Орыс - Канада iскерлiк ақпараты»). Хабарландырудың, классифайдтың және жарнамалық жарияланымдардың айлық газетi. Басылым осы тектес жарнамалық газеттерден еш айырмашылығы жоқ. Газеттi «Russian Infotrade LTD» компаниясы басып шығарады.
4. «Канадский курьер» әр жұма сайын шығатын апталық газет. Орыс тiлiнде шығатын қалың басылымды “Infomobile Publishing Inc” компаниясы басып шығарады. Жетiстiгi кәсiби сапасы жоғары деңгейде шығады, үлкен талғаммен дайындалған ағымдағы ақпараттарды бередi. Жергiлiктi халықтың өмiрінде орын алған оқиғалар, халықаралық шолу, денсаулық, автомобиль, спорт жайындағы кеңестер беріліп тұрады. Газеттiң дұрыс ұйымдастыруылы мен жақсы құрылымының, әсiресе хабарландыру бөлiмiн қызықты ұйымдастыруының арқасында танымалдылығы өсе түсуде. Кемшiлiгi: «құнсыз» баспасөздің ортақ белгiлерiн сақтаған, алғашқы беттен басталатын жарнама басқа материалдарға аз орын қалдырады. Сондықтан мәндi, танымдық мақала iздеген оқырманға газеттi парақтап шығу үшiн болмаса, оқу үшiн алғызу мүмкiн емес.
5. «Fun Курьер» (Бұрынғы «Вторник»). Көлемдi апталық көңiл сергітуге арналған газет. Әр сенбi сайын шығады. Басылымды «Канадский Курьер» газетi редакциясы басып шығарады. Газетке жоғарыда айтылып кеткен аға басылымының барлық жетiстiгi мен кемшiлiгi тән.
6. “Слог» арнайы әдеби-қоғамдық газет. Ең алғашқы айлық-әдеби публицистикалық газет, 2000 жылдан бастап шығады. Ол Канаданың, Американың және бүкiл әлемнен поштамен алынған орыс тiлiндегi материалдарды басады, Таңқаларлық танымалдылыққа ие, таралымы құбылмалы, газеттiң әр саны сатуға не тегiн таратылу нүктелерiне түскен сағатта-ақ өтiп кетедi. Бастырушы – «Tatyana Publishing».
7. «The yonge streat Review» жалпыканадалық апталық газет. Әр аптаның бейсенбiсiнде шығып, тегiн таратылады. Редакциялық алқасы ең көп автордан тұратын бiрiншi газет. Сондықтан, негiзiнен өз авторларының материалдарын ғана басады.
8. “Наш дом’’ үй-iшiлiк мәселелерді жазады. Өте қызықты және жарнама аз берілген сандарынан кейін журнал өзiнiң өмiр сүруiн тоқтатты, екі айда бiр рет «Canadian Russian Press Inc» компаниясы басып шығарып тұрған.
9. «Exodus («Ексодус») «The only Canadian Jewish Russian Family Newspaper» компаниясы шығарған, еврейлердiң дiни басылымы. Еврей орталықтары арқылы таралады. Бастырушы үлкен Торонтоның орыс қауымдастығының еврейлер орталығы. Басылымның «Добро пожаловать JRCC» жарнамалық қосымшасы бар.
10. «12 месяцев». Кiтап форматындағы журнал. 1999 жылдың қыркүйегiнен бастап әрбiр екi айда бiр рет шығып келедi. Пошта арқылы тегiн таратылады. Көпұлтты Торонтоның ақпараты, оның тарихы, дәстүрi, мәдени өмiрi, қызықты оқиғалары туралы ақпараттарды жариялайды. Басылымды «Information and Marketing» агенттiгi басып шығарады.
11. «Bonus» аптасына бiр рет шығады. Жарияланымдарының негiзгi бағыты зайырлы қоғам өмiрiнен хроникалар, денсаулық, адамдардың қарым-қатынас туралы мәселелер. «Newson Publishing» компаниясы басып шығарады. Жетiстiгi екi жылдан берi «тұманды мезгiлге» тап болып, «өз бетiн жоғалтып» алғанына қарамастан, соңғы сандары әр апта сайын (бұрын - екi аптада бiр рет) шығып және жаңа қызықты көптеген айдарлар ашып, жаңа кейiпке енiп келедi. Кемшiлiгi басқа басылымдардан арада 1-2 ай өткiзiп барып, өзектiлiгiн әлi жоймаған мәселелердi көтерген мақалаларды “сөзбе - сөз’’ көшiрiп алуы және алғашқы ақпарат көзiне сiлтеме жасамайды.
12. «Мужчина и женщина» мерзiмдi басылымы «Russian Proud Canadian» телебағдарламасына баспасөздiк қосымша. Қазiргi күнге дейiн бiрнеше саны жарық көрсе де, газет деп атауға әлi ерте, үнпарақ типтес, бастырушы «Win Canada Inc».
13. «Канадский Паспорт» әр ай сайын шығатын газет. 2000 жылдың қыркүйегiне дейiн тегiн таралып келген. Осы күннен бастап бағасы 25 cent болып белгiлендi. Канада мен Торонто халқы өмiрiнен алынған саяси, тарихи, сараптамалық материалдарды басуға маманданған. Газетте ешқашан жарнама болған жоқ. Тегiн баспасөз iшiнде оның ең басты ерекшелiгi осы. Алайда дәл осы жағдай, жарнама жарияламау редактордың газеттi ақылы етуiне түрткi болды. Басылымды «Web Media Agency» компаниясы басып шығарады. Құрылтайшысы “Кира Мобиле” және “ЛСМ Media Group” медиа топтары.
Телерадиосы. 1939 жылы Канадада радиохабарларын тарату мен телевизиялық бағдарламалар шығаруды жүзеге асыратын «Canadian Broadcasting Corporatio» «Си-Би-Си» Канаданың радиохабарларын тарату корпорациясы құрылды. Алайда II дүниежүзiлiк соғыстың басталуы, бүкiл әлемдiк қаржы дағдарысы және т.б себептермен бұқаралық коммуникацияның бұл саласы көпке дейiн кенжелеп қалған едi. Кейiн 1950 жылдары Канада көлемiнен асып, АҚШ ақпараттық нарыққа ұмтылған Уилльям Саутем, Маклин Хантер, Рой Томсон секiлдi массмедиа магнаттары өз iскерлiктерiнiң шеңберiн баспасөзбен шектемей, БАҚ-тың басқа салаларына, атап айтқанда, радио мен телевидениеге көше бастады. Массмедиа магнаттарының қызығушылығы мен бұл iстi қолға алуы 1960-1970 жылдары телевидение мен радионы кiрiстi iске айналдырып, коммуникациялық технология мен хабар тарату жабдықтарын жетiлдiруге және әлемде ойлап табылған жаңа жетiстiктерге iлесiп отыруға үлкен септiгiн тигiздi.
Бүгiнгi күнде Канадада коммуникациялық технологиялар өте жоғары деңгейге көтерiлiп, ал хабар тарату әлемдiк дәрежеге жеткен. Елде «Public Relations», маркетингтiк және т.б қызмет көрсететiн институттары жұмыс iстейдi. Ол институттар мемлекеттiң әр бөлiгiнде, әрбiр аймағында аудитория арасында әртүрлi зерттеулер жүргiзедi. Қалың көрермендер мен тыңдармандар қызығушылығын туғызып өзекті мәселелердi, қызықты бағдарламаларды, ең танымал телесериалдарды бере отырып, әлеуметтік сауалнамаларды телефон, интернет арқылы, дәстүрлi жолмен және электрондық пошта арқылы зерттеу жүргiзедi. Зерттеу кезiнде тыңдарман, не көрерменнiң жас шамасы, бiлiмi, талғамы, жынысы, жасы, iскерлiк, мәдени, саяси талаптары, нәсiлдiк, көзқарас ерекшелiктерi ескерiледi. Көрермен аудиториясын мұқият зерттеуде «дефратор» деп аталатын қондырғы көмекке келедi. Теледидарға тiкелей қосылатын бұл қондырғы көрерменнiң қандай бағдарламаны немесе сериалды көп көретiнiн, ал қайсысын көрмей, аударып жiберетiндiгiн, қандай күндерi, қай уақытта теледидарды көруге мүмкiндiгi барын, белгiлi бiр арнаны қанша адам көретiндiгiн және т.б жағдайларды анықтап бередi. Одан маман-сарапшылар қорытынды шығарып, шыққан нәтиже арнайы бюллетень түрiнде басылып отырады. Компаниялар жарнама берерде ең алдымен осы мәлiметтерге сүйенедi. Сол институттардың бiрiнiң зерттеулерi нәтижесi бүгiнде Канададағы отбасылардың 50% екiден көп модельдегi теледидары барын көрсеткен.
Қазiр Канадада телебағдарламаларды бақылауда ұстайтын цензуралық комитет жұмыс iстейдi. Сондықтан, әр журналист өзiнiң телебағдарламасының көшiрмесiн, ал егер тiкелей эфирде болса, сценарийiн телекастерге, яғни цензуралық комитет көрсетуі тиiс. Осының салдарынан көптеген бағдарламалар эфирге жiберiлмей қалады. Мысалы, Канаданың танымал бiр интернет-сайтында Канадалық атақты бiр журналист, канаданың азаматы өзiнiң Қазақстанда түсiрген екi сағаттық телефильмнің эфирге көпке дейiн жiберiлмегенiн, кейiн 10 минутқа дейiн қысқартылып көрсетiлгендiгiн жазады. Сондағы цензуралық комитеттiң шығарған шешiмi: “Телебағдарламадағы кейбiр көрiнiстер мен сюжеттер сарапшылар пiкiрiнше, бұрынғы КСРО-ның кейбiр азаматтарының көңiлiне келiп, ұнамай қалуы мүмкiн. Сондықтан, алынып тасталған сюжеттер ұлтаралық ынтымақтастыққа кiрбiң түсiредi деп табылсын»[6,12-б],-дейді. Бiрақ, осындай кедергiлерге қарамастан, бүгiнгi таңда Канадада радиостанциялар саны 510, ал телевизиялық орталықтар 450 - ге жетiп отыр.
«WMNB». Халықаралық тәулiктiк телеарна. Көп бағдарламалары орыс тiлiнде жүргiзiледi. Сондай-ақ, Ресей телеарналарының ең танымал телебағдарламаларын, сериалдарын ретрансляциялайды. Осының сыртында «WMNB» компаниясының редакциясы әзiрлеген телебағдарламалар көрсетiледi. Бұл телеарнаны көру үшiн спутниктiк телевизиялық жүйенi орнату қажет.
«City TV» («Rogers 7 каналы») таңғы 9.00-ден бастап жұмыс iстей бастайды, телебағдарламаларын бүкiл Канада көредi. Телевизиялық орталығы Торонтода орналасқан, негiзiнен ел жаңалықтарын, орын алған қызықты оқиғаларды көрсетедi. Көбiне эфирлiк уақытын Торонто жаңалықтарына бөледi.
«MIX TV». Әрбiр жексенбi сайын таңғы 9.00-ден бастап «Rogers 7» арнасында шығып тұрады. Телебағдарламаларының негiзi орыс тiлiндегi танымал телешоулар болып табылады. Телебағдарламаларды «Russian Canadian Broadcasting MIX TV» ұжымы әзiрлейдi.
«Morning Waves» («Таңғы толқындар»). Көңiл сергітетін, ойын-сауықтық бағдарламалары басым арна, ұзақтығы бiрнеше сағатқа ғана созылады.
«CFMT» арнасы жұмыс істейді, телебағдарламаларды «Tokmakov TV Production» ұжымы әзiрлеп, эфирге шығарады.
«Moldava TV» көп бағдарламасы орыс тiлiнде, ал қалғаны молдаван, не румын тiлiнде жүредi. Телеарнаны 10-шы каналдан («Rogers») қабылдауға болады. Бұл арнаның жетiстiгi телебағдарламалары өмiрдiң барлық жағын қамтиды. Сарапшылар бұл арнаны «Телебағдарламаларының көбi дерексiз, журналистерiнiң кәсiби шеберлiгi төмен» деп бағалаған екен.
«PCI» («Radio Canada International»). Канаданың халықаралық радиохабар тарату толқыны. Радиотолқынның ағылшын және француз тiлдерiнен тыс орыс және украйн тiлiндегi бөлiмi бар,тәулiк бойы хабар таратады. Радиохабарлары Канададан өзге көршiлес мемлекеттерге де таралады.
«MUCH». Бастапқы толық атауы – «MUCH MUSIC». Радио бағдарламаларының басты бағыты әр стильдегi рэп, попса, хип-хоп, джаз, классикалық және т.б ән-әуен, музыка әлемi көгiнде жарқыраған жұлдыздардың өмiрiнен оқиғалар, жаңалықтар, музыка, мәдениет жаңалықтары, хит-парад, сараптамалық-авторлық музыкалық радиобағдарламалар таратады. Хабарлары тәулiк бойы жүреді.
Ақпарат агенттiктерi. «The Canadian Press». Күнделiктi газет қожайындарының кооперативтiк бiрлестiгi болып табылатын Канаданың ақпарат агенттiгi 1917 жылы желтоқсан айында құрылған. Агенттiк 1985 жылы 1 ақпанда жұмысын тоқтатып, «Юнайтед Пресс Канада» агенттiгiнiң заңды жалғасы ретінде жұмыс істеуде. Штаб-пәтерi Торонтода орналасқан. Канаданың 13 қаласында, сондай - ақ, Нью-Йоркте, Вашингтон мен Лондонда, шетел мемлекеттерінде тiлшiлiк қосындары мен бөлiмдерi бар. Агенттiк акционерлерi 100 канадалық газет иелерi агенттiктi қаржыландырып қана қоймай, қажеттi жаңалық, ақпаратпен қамтамасыз етiп отыр. Күн сайын iшкi-сыртқы саясат, халықаралық, экономикалық, спорт ақпараттарын 250 000 сөз көлемiнде екi тiлде ағылшын және француз тiлдерiнде таратып отыр. Халықаралық ақпаратты «АП», «Рейтер», «АФП» агенттiктерiнен алады. «Франс Пресс» француздық агенттiк ақпаратын Квебек провинциясы газеттерiн және Нувель телерадиосын ақпаратпен қамтамасыз ететiн «Канадиен пресстiң» француз қызмет бөлiмi белсендi пайдаланады. «Канадиен пресстiң» филиалы – «Broadcast news» 600-ден астам телекомпанияларды ақпаратпен қамтамасыз етедi [6,30-б].
«Канадиен пресс» агенттiгiнiң ендi бiр қызметi «Press news» радио мен телевизиялық «Си-Би-Си» корпорациясына және т.б жазылушыларына жедел ақпарат жеткiзумен айналысады. «Канадиен пресс» агенттiгi бас директоры қызметiн атқарушы комитеттің бақылауда ұстайды. Атқарушы комитетiнiң тұрақты мүшелерiне Канаданың ең iрi «Thomsom Hewspapers», «Southam Incorporated» газеттiк-баспагерлiк топтары және Ирвингтiң газеттiк тресi кiредi.
Достарыңызбен бөлісу: |