“Нью-Йорк таймс”. АҚШ-тағы алпауыт газеттердiң бiрi “Нью-Йорк Таймс” басылымының құрылымы, қызметкерлерiнiң жұмысы, тұрмыс-тiршiлiгi туралы көп жазылды. Газет штатында төрт мыңдай адам жұмыс iстейдi, солардың 1200-дейi журналистер. Жаңалықтар бөлiмi өте ауқымды, газеттегi қаржы саласын қамтып жазатын тiлшiлер саны 120-дан асады, 100-ге тарта журналист мәдениет мәселелерiмен шұғылданса, 80-i спорт хабарларын жазады, 65 журналист күнделiктi өмiр, тiршiлiк мәселелерiн қамтиды. Бұдан басқа да толып жатқан бөлiмдер бар, бұл тiкелей штат қызметкерлерi, оларға жылына 2 000 000 доллар көлемiнде жалақы төленедi.
“Нью-Йорк Таймс” бiрнеше басылымдардың басын қосқан iрi конгламерат. Оған сондай-ақ, iрi газет “Бостон Глоб” т.б. секiлдi он алты газет, сегiз телестанса, екi радиостанса қарайды. Газеттiң өзiнiң бiрнеше веб-сайты бар, сондай-ақ, газеттiң арнайы ақпарат қызметi жұмыс iстейдi. Сондықтан оны 800-дей басылым пайдаланады, былтыр газеттiң жылдық табысы үш милиард долларды құраған.
Газеттiң 43 шетелде тiлшiсi, 60 федералдық аймақтарда тiлшiлерi бар. Бұған қоса Нью-Йорк қаласының өмiрiн қадағалап жазатын бiрнеше жүз тiлшiсi басылым ғимарат iшiнде отырады. Жаңалықтарды жазатын 100 репортер жұмыс iстейдi. Газет осыншама көп ғимаратты алып отырғанымен, журналистер ғимаратқа сыймағандықтан, олар бұдан өзге жерден де кеңсе жалдап, бiраз қызметкерлерi сонда жұмыс істейді, сондықтан қала iшiнен жер алып, 69 қабатты жаңа зәулiм үй салып, 2005 жылы пайдалануға берiлген. Газетте негiзгi қызмет iстейтiн төрт мың адамнан басқа келiсiмшарт бойынша жұмыс iстейтiн одан үш есе көп екен. Олар әлемнің әр қиырынан күнделiктi материалдар жiберiп отырады, газеттегi негiзгi 33 фототiлшiден басқа сырттан 70-тен аса фотожурналист жеке-жеке салаға бөлiнiп, өздерiнiң бейiмделген саласы бойынша терең зерттеулер жүргiзіп, фотосуреттерді жіберіп отырады. Спорт журналистерiнiң бiреуi боксты қамтыса, екiншiсi, тек бейсболды жазып, соның қыр-сырын зерттеп жатады. Сол сияқты музыка мамандарының iшiнде он бес тiлшi бар екен, олардың әрқайсысы бiр ғана салаға бейiмделген.
Газет күн сайын төрт рет әлсiн-әлсiн жаңарып шығып отырады. Әрi оның әр аймаққа бейiмделген нұсқалары бар. Мысалы, Вашингтонға, Нью-Йоркке, басқа да штаттарға барлығы он бiр аймаққа арналып шығарылады. Газет 1993 жылдан берi түрлi-түстi форматты болып шығады. Бұл басылымның қалыңдығы, беттерiнiң көптiгiне таң қаласың. Осының бәрiн қашан оқып болады дерсiң. Алайда әркiм өзіне қажетін оқып алатыны белгiлi. Мәселен, осы газеттiң жексенбi күнгi саны 5,5 кг болып шығады. Соның тең жартысынан астамы – жарнама. Сол бiр нөмiрдiң өзiнен ғана 25 000 000 доллар табыс түседi [8,110-б].
“Ю-Эс-Эй тудей” Америка Құрама Штатындағы жалпы ұлттық күнделiктi газет. “Ю-Эс-Эй тудей” - Ганнет корпорациясының беделдi басылымы. Газеттiң штаб квартирасы - Вирджиния Штатында орналасқан. Бұл газет қазiргi технологияның газет бизнесiне әкелген ғажайып өзгерiсiнiң айқын көрiнiсi болып табылады. “Ю-Эс-Эй тудейдiң” басты мақсаты - мерзiмдi басылымдарды телевидениенiң бәсекелесi дәрежесiне жеткiзу.
“Ю-Эс-Эй тудей” түрлi-түстi графиканы кеңiнен қолдана отырып, көбiне қысқа хабарлар бередi. Американың барлық жерiндегi баспаханаларында, сонымен бiрге, Еуропа мен Азияда бiр мезгiлде басылу үшiн спутниктiк технологияны пайдаланады. Газеттiң алғашқы нөмірi 1982 жылы жарық көрдi. Қазiр “Ю-Эс-Эй тудей” оқырмандарының саны 6 000 000 жеткен. Редакция мен оның басшылары отыз жыл бойы күш-жiгерiн, бар қаржысын оқырмандарды өздерiне тарту мен жоғары сапалы технологияны сатып алуға жұмсаған.
Газет тiлшiлерiне материал жазуға жағдай өте жоғары дәрежеде жасалған. Мәселен, олар “Лэп-топ” (жылжымалы компьютер) арқылы өз материалдарын кез-келген жағдайда жазуға мүмкiндiгi бар, тiптен мұндағы журналистердiң ақпарат агенттiктерiнiң соңғы жаңалықтарын бiлгiсi келсе, компьютер арқылы тыңдауға мүмкiндiгi бар. Бұл компьютердiң арқасында оны спутниктiк антеннаның кез-келген нүктесiне қоса отырып, өз хабарын спутник арқылы редакцияға жібере алады. Газет редакциясының кез-келген бөлiмiнде телеқабылдағыштар «Си-Эн-Энға» немесе жаңалықтар бағдарламасына арналып қойылған.
“Ю-Эс-Эй тудейдiң” әрбiр секциясының бiрiншi бетiндегi “Кавер Стори” бiрден көзге түседi. Яғни, журналдардағы сияқты, әр секцияның мәндi, негiзгi мақалалары, соған сәйкес иллюстрациялар берiледi. Сондай-ақ, бұл газетте күнделiктi ерекше оқиғамен бiрге, АҚШ-тың айтулы, ауқымды проблемаларына көп көңiл бөлiнедi. Газеттiң басқа басылымдардан бiр ерекшелiгi Американың барлық штаттарының жаңалықтарын қамтиды.
”Ганнет” компаниясының басшысы Ньюхарттың айтуына қарағанда, “Ю-Эс-Эй тудей” АҚШ-тағы халықтарды бiртұтас ұлт ретiнде бiрiктiруге, осы мәселенi түсiндiруге қызмет етедi. Бұл сөздер газет ұраны ретiнде алғашқы бетте басылып отырады. “Ю-Эс-Эй тудей” негiзiнен телевидение дәуiрiнде дүниеге келген, жастарға арналған басылым. Газет таралымының 15-17%-ын немесе 200 000 данасын авиакомпаниялар мен қонақүйлер сатып алып, тұтынушыларына тегiн таратады. Осыған байланысты оны туристер мен қонақ үйлерге тоқтайтын адамдарға арналған деп те атайды. Статистикалық мәлiметтерге қарағанда, басылым мекен-жайын жиi ауыстыратын, іс-сапарларда көп жүретін адамдар арасында өтiмдi екен.
Газет редакторы Диюн Куини “Әр газеттiң өз қозғаушы күшi бар”, - дейдi. Мәселен, “Вашингтон пост” – репортер болса, “Нью-Йорк Таймс” – редактор, ал “Ю-Эс-Эй тудейлiктер” – оқырман үшін жұмыс істейді. Газет қызметкерлерi қандай да болмасын трагедиялық жағдайдың өзiнде қара түнектi қаптатпай, оптимистiк сарын беруге тырысады.
Газеттiң әртүрлi атаумен шығатын бiрнеше қосымшалары бар. “Ю-Эс-Эй тудей радио” – газетте жарияланған қызықты, көңiлге қонымды мақалаларға шолу жасайтын бөлiм. Материалдар мәтін, әрi магнитофондық жазу түрiнде берiледi. Бұлардың таралуына «Эй-Би-Си» радио жүйесi мен оның 2200 бөлiмшелерi көп ықпалын тигiзуде. “Ю-Эс-Эй тудей Аптейт” әлемдегi iскер адамдарға электрондық ақпарат арқылы қызмет көрсету орталығы. Материалдар газет оқырманының компьютерiне таңғы сағат төрттен бастап түседi. Ондағы берiлетiн ақпараттар он сегiз категорияға бөлiнiп жiктеледi: он үшi мамандыққа, өнеркәсiптiң кейбiр салаларына байланысты, он төртi жалпы қоғамдық жаңалықтарға, бiреуi күнделiктi болып жатқан оқиғаларды кеңiнен талдауға арналған. “Ю-Эс-Эй тудей Спорт Хотлайнның” мыңнан аса жазылушысы бар. Ол телефон арқылы өз оқырмандарын екi минут iшiнде соңғы спорт жаңалықтарынан құлағдар етiп отырады. Тәулiк бойы жұмыс iстейдi. Сенбi, жексенбi күндерi бұл телефонға 25 000 адам қоңырау шалады. “Ю-Эс-Эй тудей Бкус” бұл баспада негiзiнде кiтапшалар шығарумен айналысады. АҚШ-тың көркем жерлерінің портреттерiн, комикс кiтаптарын, кроссвордтар, саяхаттанушыларға кеңестер және осы сияқты тақырыптардағы қосымшалар шығарып отырады. “Ю-Эс-Эй тудей Онлайн Лабрэри” – “Ганнет” компаниясының бүкiл ақпараттары мен газет материалдары жинақталған, компьютерлiк, анықтамалық кiтапханасы. “Ю-Эс-Эй тудей класслайн тудей” – мектептегi бiлiм жетiлдiру жүйесiне арналған, төрт беттен тұратын қосымшасы. Бұл қосымша аптасына екi рет шығып отырады. Газет, теледидарда “Ю-Эс-Эй тудей” деп аталатын телешоу ұйымдастырады. Бұл күн сайын 30 минуттан сенбi, жексенбi күндерi бiр сағат жүргiзiлетiн хабар. Ол газеттiң “жаңалықтар”, “Ақша”, “Спорт”, “Өмiр” деп аталатын секцияларының негiзiнде жүргiзiледi. Әр секцияның өз жүргiзушiсi бар. Телебағдарлама сонымен бiрге, компанияның басқа Штаттарындағы телестанциялардың бейнематериалдарымен толықтырылып отырады. Ал, газеттiң жексенбiлiк қосымшасы “Ю-Эс-Эй Уик-Энд” 14 500 000 миллион данамен таралады [9,12-б].
“Ю-Эс-Эй тудей” агенттiгi электронды почтаны алғашқы ашушы мекеме болып табылады. Ол өзiнiң мәлiметтерiн көп жылдар iшiнде хабарлама тақталары мен байланыс жүйелерiне сатып отырады. “Ю-Эс-Эй тудей” газетiне электронды хабарламаларын және басқа да мәлiметтердi орналастыруды ақысыз пайдалануға да мүмкiндiк берілген. Қазiргi уақытта газет бұл жүйеден аптасына бiр рет қана шығатындықтан, апталық жаңалықтарды басқа жерлерден алып отырады. Газет тiлшiлерiнiң жоғары кәсiптiк деңгейi нәтижесiнде “Ю-Эс-Эй тудей” газетiнiң өзiне тән терiмi, айшықты тақырыптары, материалдардың қысқа әрi нұсқалығы оқырмандардың назарын бiрден өзiне аударып отырады. “Ю-Эс-Эй тудей” жарнама арқылы өзiнiң шығынын түгелдей жауып, қосымша пайда тауып отырады. Газеттiң кiрiсiнiң бiр түрi әртүрлi қосымшалар арқылы да түсiп отырады. Газет негiзгi ақпараттық стратегиясы Америка Құрама Штаттарындағы және әлемдегi маңызды саяси оқиғаларды еш боямасыз, шындық негізінде түсiндiру болып табылады.
«News corporation Limited». Бүгiнгi күнi аты әлемге танымал болып отырған трансұлттық монополиялардың бiрi – Рупер Мэрдоктiң “Ньюс Корпорейшн Лимитед” компаниясы. АҚШ-та Батыс Германдық “Бертелльсман” фирмасы кiтап шығарумен айналысса, француздың “Ашетт” тресi мен ағылшынның “Гид Интернешнл” журнал шығару бизнесiнде көрiнiп жүр. Бiрақ, бұлардың бiрде-бiреуi Мэрдоктiң Америка журналистикасына ықпал ету деңгейiне, ақпарат ағымындағы іскерлігіне жете алмайды.
Австралияда тiркелген корпорация иесi Р.Мэрдок 1985 жылы АҚШ азаматтығын алып, БАҚ бизнесiне Нью-Йорктен жетекшiлiк етуде. Мэрдоктiң АҚШ-тағы иелiктерi пайдасының жартысынан көбiн берiп отырады. Бұл ретте “Ньюс Америка” сол елдегi ең iрi деген ақпараттық-насихаттық корпорациялардың қатарында.
Мэрдок баспагерлiк iсiне жалаңқол келген жоқ, кезiнде баспа iсiмен айналысқан әкесiнiң өмiрден озған кезiнде ұлына қалдырған мұрасы екi газеттен тұрған. Бiрi – кешкiлiк “Ньюс” газетi, екiншiсi – жексенбiлiк газет. Бiрнеше жыл өткен соң мұрагер телевидение ісімен айналыса бастайды. 1950-шi жылдардың соңына қарай “Сидней Дейли Миррор” газетiн сатып алды. 1964 жылы Австралияның жалпы ұлттық газетi “Остриэшендi” дүниеге әкелдi. 1960-шы жылдары көршiлес жаңа Зеландияның, Ұлыбританияның бұқаралық ақпарат құралдары әлемiне ене бастады.
1973 жылы Мэрдак Америкадағы iсiн бастап, Техастағы “Сан-Антонио Экспресс”, “Ньюс” газеттерiн сатып алып, екеуін қосып жiбередi. Араға жыл салып ол жалпыұлттық апталық газет “Старды”, екi жылдан кейiн Американың ежелгi беделдi газеттерiнiң бiрi “Нью-Йорк Постты” иеленедi. 1977 жылы оның иелiгiн “Вилледж Вайс” газетi, “Нью Уэст” журналы толықтырды. 1980 жылдары кино, hәм бизнеске сыналап енiп, кiтап шығаруда, журнал шығаруда өз кәсіби шеберлігін көрсетіп үлгередi. Мэрдоктiң Лос-Анжелесте “Фокс телевижн”, “Твентис”, “Сенчуру Фокс” сияқты компаниялары да болды. Көптеген мерзiмдi басылымдар: “Мэрдок ендi Голливуд магнаты болуға ұмтылуда,” – деп жаза бастады. АҚШ-та бүгiнгi күнi бұқаралық ақпарат құралдарының Мэрдоктың араласпаған түрi жоқ. 1985 жылы ол АҚШ азаматтығын алады, өйткенi, АҚШ заңы бойынша шетелдiк азамат телестансаға иелiк ете алмайтын едi.
Мэрдок 1980-шi жылдары Еуропадағы өз иелiгiн кеңейте түсіп, Австралияға, Азияға, Гонконгқа бет түзедi. Ол туралы “Толқыны бiр құрлықтың жағасынан, екiншi құрлық жағасына лақтырған ақпарат құралдарының Магелланы”,- деп жазды. Іскерлiгiнiң арқасында, кез-келген елдiң қарызға батқан бұқаралық ақпарат құралын сатып алып, оны пайда көзiне айналдыра бiлдi.
Мэрдоктi жақсы бiлетiн адамдардың күмәнсiз айта алатын бiр жай, оның әрқашанда өз империясын құруға талпынып, құлшынғандығы, сол арманы бұл күнде жүзеге асып, ағылшын тiлдi елдердiң барлығында корпорациялары жұмыс iстейдi. Иелiгiндегi БАҚ-тар барлық елде де жетекшi, басты баспасөз монополияларының бiрi. Соңғы кездегi Мэрдоктiң АҚШ-тағы шу туғызған iстерiнiң бiрi ұзақ жылғы тарихы бар, беделдi “Харпер Энд Роу” баспасын сатып алуы болды. Мэрдоктiң “Харпер Энд Роуды” сатып алудағы басты мақсаты – кiтап шығару iсiнiң халықаралық жүйесiн iске қосу едi. Әрi осы уақытқа дейiнгi АҚШ-тағы иелiктерiнiң бiрi – “Сәйлем Хаус” атты кiшiгiрiм баспаның мәнсiз iстерiн осымен толтырғысы келдi.
“Харпер Энд Роуға” иеленуге ұмтылған акционерлерден қалтасының қалыңдығы жағынан Р.Мэрдок басып озды. Мэрдок бүкiл әлемнiң банктерiнен ең қысқа мерзiмдi несиелер алып тұрады. Банктер үшiн салиқалы, салмақты. “Ньюс Корпорейшн” кәсiпорнына несие берудiң өзi бiр үлкен жетiстiк болып есептеледі. Айбынды “Ньюс Корпорейшннiң” төрт құрлықта БАҚ-қа арналған 150 кәсiпорыны бар. Негiзгi пайда газеттерден 43 % түсiп отырады. Кинофильмдердi өндiру мен тарату iсiнен 20 %, телевидениеден 14 %, журналдардан 12 % пайда түседі. Мэрдок саясатта консерваторларды қолдайды. Кәсiпорындарының барлығын қаржы, ұйымдастыру, мазмұнын жағынан қатаң бақылап отырады. Редакторлар Мэрдоктiң ұстанған саясатын жақсы бiледi, оның ненi қалайтынын айтпай-ақ түсiнедi. Көпшiлiк жағдайда онымен келiсiп отырады. Мэрдок негiзiнен маңайына өзiнiң қас-қабағынан түсiнетiн, “артық сөз айтпайтын” адамдарды жинауға тырысады.
“The News Corporation Limitedтiң ” қал-жайын активтерi 2003 жылдың наурыз айының соңында 39 $ миллиард доллар деп бағалады. Мэрдоктiң медиа империясы әлемдегi ең iрi корпорация болып табылады. Оның алып империясы АҚШ, континенталды Еуропа, Ұлыбритания, Австралия, Латын Америкасы елдерiнде өз бөлiмдерiн ашқан. Бұл корпорацияның трансұлттық операциялар айналымын жылына 14$ миллиард долларды құрайды.
Мэрдок өзiнiң отанында Ұлттық баспасөз нарығында 70% жуық басылымдарды бақылайды. АҚШ-та “Нью-Йорк постпен” басқа да “сары басылымдар” Мэрдок еншісінде. Маргарет Тэтчердiң “The Times”, “The Sundfay Times”, “The Sun”, “News of the world” газеттерi Мэрдок компаниясына жұмыс iстейдi. Кезiнде миллиардер жаңа Зеландия, Тасмания, Виржиния, Папун жаңа Гвинеяда газеттерді сатып алған. Барлығын санағанда Мэрдок 175 газет және ондаған журналды бақылайды және “News Corportions” баспагерлік iспен де шұғылданатын мекемесі. Корпорацияның бұл бағытының басында iрi баспа үйi «Harper Collins Publishers» тұр. Мэрдоктiң империясында ерекше орынды кино және телевидение алып жатыр. Ол кино мен телевидениеден жылына 98 млрд. доллар кiрiс алып тұрады. “News Corporation” қолында қазiргi кезде «Fox Enter fain Group» акциясының 83%-i бар. Тек АҚШ-тың өзiнде бұл топтың 20 телевизиялық кабельдiк жүйесiне 400 000 000 адам тiркелген [10]. Қазiргi кезде отбасында өзi iс жүргiзе алады, сондықтан ешкiмге өз орнын бермейдi. Алайда Мэрдоктiң жанұясы жалпы iс үшiн қызмет етуде. Мэрдоктiң үлкен ұлы Лахлан әкесiнен оның барлық империясын өз қолына алу туралы шешім қабылдап, өйткенi әкесi бәрiне: “Менiң мұрагерiм Лахлан болады” – деп жариялаған болатын.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1«El Mundo», 21 de enero de 1992.
2 Голованова Г.А. История СМИ Америки. Вестник МГУ. Серия.10. Журналистика. 2000. Стр. 45.222
3 http:// www: nfvigator. Kz jnavi / articles/ media. 121101 a. shtml.)
4 A Brief Profile of the American Press. U. S. Journalism and the Print Media. Reston. VA. 1992. P.4.
5 Голованова Г.А. Перспективы развития американской прессы в XXI в./От книги до Интернета. Журналистика и литература на рубеже нового тысячелетия. Под ред. Я.Н. Засурского. – М., 2000. С. 130-137.
6 Интернет жүйесi. http: //www: yandex.ru. www:altavista. ru. www: yahoo
7 Интернет жүйесi. Berntj. Rek. On:Mechesney R.W.Rich Media. Poor.
8 Законы и практика средств массовой информации в Европе, Америке и Австралии. – М., 1995. – С. 110–128.
9 Democracy: Communication Politics in Dubious Times. Orbana and Chicago. USA.
10 Интернет жүйесi. http://www: complexsistems. Net/ massmedia.
Тақырыпты бекітетін сұрақтар
1. «Сапалы» басылымда деген ұғымды қалай түсінесің?
2. «Бұқаралық» мерзімді басылымдардың классикалық үлгілері қандай болады?
3. АҚШ-та сенсациялық таблоид газеттерінің шығуы қай жылдармен тұспа-тұс келеді?
4. АҚШ-та журналистік зерттеу қашан пайда болды?.
5. «Time» журналындағы жарияланымдар қандай сипатта болды?
6. АҚШ-та бірінші рет журналистика факультеті қашан ашылды?
7. Мерзімді басылымның дамуына коммерциялық жарнаманың ықпалы болды ма?
8. «The New York Times» қандай жаңалықтарды басады?
9. АҚШ-та басылымдарға бақылау жасайтын қандай ұйым бар?
10. “Нью-Йорк Таймс” басылымының құрылымы, қызметкерлер жұмысы, тұрмыс-тiршiлiгi тралы не білесің?
11. Ганнет корпорациясының жалпы ұлттық күнделiктi газеті қалай аталады?
12. “Ю-Эс-Эй тудей” газетінiң әртүрлi атаумен шығатын қосымшалары туралы не білесің?
13. Америкада электронды почта алғашқы ашқан қай басылым?
14. “Ю-Эс-Эй тудей” өз шығындарын қалай жабады? Пайда көзі неден түседі?
15. «Ньюс Корпорейшннiң» төрт құрлықта БАҚ-қа арналған кәсiпорындары қандай бағытта жұмыс істейді?
16. Ньюс Корпорейшннiң” төрт құрлықта БАҚ-қа арналған неше кәсiпорыны бар?
17. Мэрдоктiң отанында Ұлттық баспасөз нарығындағы үлесі қанша?
18. “Вилледж Вайс” газетi, “Нью Уэст” журналы қашан шықты?
19. Бiрiншi американдық журналдар газет шыққаннан кейiн араға қанша уақыт салып жарық көрдi?
20. Коммерциялық жарнама кірісі жағынан алдыңғы орындағы қандай күнделікті газетті білесің?
3.3 Америкадағы радиохабардың даму үрдісі
Жиырмасыншы ғасырдың басында Америка мен Батыс Европада жүздеген экспериментальді және әуесқой хабарлар қолданысқа енгізілді. 1920 жылы «Вестингаус» корпарациясына бағынатын экспериментальді радиостанция «RDKA» (Питтсбург) бірінші болып алдын-ала жарияланған АҚШ-тағы Президент сайлауының өтетіні жайлы хабарлады. Ізінше жүйелі хабарларды жіберу Спрингфилдте (Массачусетс), в Ньюаркеде (Нью-Джерси) және өзге де қалаларда жүзеге асты. АҚШ-та радиохабарлардың дамуы бастапқыда коммерциялық бағыты басым болды. Бұл кезде хабар тарату қызметі құқығына лицензия беру коммерцияның мемлекеттiк департаменті арқылы iске асты. Белсенді түрде жарнама беру қызметі, радионың жаппай тыңдалуына және тыңдармандар қатарының толыға түсуіне мүмкіндік туғызды.
Әлемнің көп елдерінде жүйелі хабар мен экспериментальді хабар беріле бастаған уақыт 1922-1923 жылдарды қамтиды, бұқаралық ақпарат құралы ретінде радиохабардың дамуында көп өзгерістерге ұшырайды. 1922 жылы АҚШ-та радиоиндустрия біршама деңгейге көтерілді. Егер бірінші жылы бар-жоғы 300-ге жуық лицензиясы бар станса хабар тарату құқығына ие болса, жыл соңына таман берілген лицензиялар саны 570-ке жеткен. Жиырмасыншы ғасырдың басында радиостанциялар санының артуы үнемі бақыланып отырған және алғашқы жылдары радиобағдарламалардың хабар беруі өте сирек, сондай-ақ пішіні мен түрі жағынан бір-біріне ұқсамайтындығымен ерекшеленді. Студиялардан музыкалық концерт, әдеби оқу, драма қойылымы, радиоәңгiме, дыбыстық жазбалар үнемі беріліп отырған. Радиорепортаж бен радиосұхбат жанрының негізі қаланады. «Питтсбургская RDKA» радиосы репортаждың белгілерін, тікелей эфирде дәл осы кезде бейсбол командалары жарысының нәтижесін беруде қолданады. 1922 жылы радиоэфирде коммерциялық жарнамалар беріле бастады. Ол радио сипатының құрастырылуына және жанрлық ерекшелігіне шешуші ықпал етті.
Радионың болашағына сенген он мыңдаған американдықтар радиоқабылдағыштарды және хабарларды қабылдауға қажетті құрал-саймандарды сатып алды. 1923 жылы радионы қолданушылар жарты миллионға, ал үш жылдан кейін әрбір алтыншы американдық жанұя үйінен орын алды. АҚШ-тағы радионың дамуы мен таралуында Ресейден шыққан, Американың (RCA) радиокорпарациясын басқарушы Д.Сарновтың 1919 жылы жасаған «Дженерал Электрик» атты корпорациясының орны ерекше. «RCA» радио қабылдағыштардың өндiрілуі мен өткiзуi жылдам өсiп жетiлдi. 1926 жылы Д.Сарновтың жетекшілігімен және «Дженерал Электрик», «Вестингауз», «RCA» корпорациясының қатысуымен Ұлттық радиохабар серіктестігі (NBC) құрылды.
Радиостанциялардың бiр бөлiгi бiлiм беретiн ағарту, дiни бағыттағы хабарларды жасауға мамандарды жұмылдырды. АҚШ-та радиохабарлардың қалыпты жүйесінің қалыптасуында коммерциялық жекеменшік станциялардың рөлі маңызды болды. 1925 жылы радиостанциялардың 43% коммерциялық мазмұнды хабарларды таратты. Оның құрамына ең ірі және жақсы жабдықталған радиостанциялар кірді. 1927 жылы коммерциялық станциялардың екiншi iрi желiсi «CBS» «Колумбия хабар жүйесi» құрылды. 1930 жылы 6 000 радиостанция хабар жүргізіп, 12 000 000 қабылдағыштар іске қосылды. Америкадағы жанұялардың 40%-ы радиохабарлармен қамтамасыз етілді [1].
1927 жылы АҚШ-та радионың нарықтық ортадағы хабар қызметінің хаосты дамуын реттеу туралы заң қабылданды. Заңға сәйкес федеральдық комиссия құрылды. Заң мiндеттеріне хабар қызметiнің техникалық мәселенiң шешiмi, сондай-ақ хабар жиiлiктерiнiң үлестiрiлуi және олардың хабар беру қалыбы бойынша станциялардың классификациясына сәйкес лицензия беру жүктелді.
Коммерциялық радиохабар тарату «классикалық» түрде ең алғашқы негізі АҚШ-та қаланды. Хабар тарату станцияларының барлық жерде санының артуы, радио тыңдаушылардың қатарының кеңеюі оған негіз болды. 1930-1938 жылдар аралығында АҚШ-та радиоқабылдағыштардың саны 100% артып, он жылдықтың аяқ жағында барша жұртты қамтыды. Сонымен, қала отбасыларының 91%-ы, ауылдықтардың 70%-на жуық тұрғыны радиоқабылдағыштарға қол жеткізген. Ел президенті Ф.Д.Рузвельттің ауыл аймақтарында электр қуатын жүргізуді арттыру жөніндегі саясатының белсенді жүргізілуі арқасында Америка түкпір-түкпіріндегі алыс өңірлер радионы тыңдаушылардың санын жедел түрде өсірді. Дегенмен, бүкіл америкалық радио тыңдаушылар 1950 жылы елдегі радио қабылдағыштың 95% қамтып, тыңдады.
Қысқа мерзім ішінде-ақ радио коммерциялық жарнама тарататын бұқаралық ақпарат құралы ретінде қалыптасты. АҚШ-тағы радио саласының дамуы оның тек бұқаралық ақпарат құралы ғана емес, сонымен қатар, жарнама бизнесімен тығыз байланысты ірі радио өндірістің күшеюіне де себеп болды.
Отызыншы жылдардағы тағы бір көрініс алған құбылыс радиостанциялар мен мерзімді баспасөздің арасындағы бәсекелестіктің туындауы еді. Елдің кез-келген түкпіріне жедел ақпаратты жеткізе алатын құдіретімен қатар, жарнама берушілерді өзіне еш қиындықсыз тарта алатын мықты бәсекелестің пайда болуы мерзімді баспасөздің жұмысын қиындатты. 1933 жылы коммерциялық радио арналардың қызметінің күшті қарқынмен дамуына уайымдаған Американың газет шығарушыларының қауымдастығы «АNРА» мұның шешімі ретінде «АР», «UP» және «INS» секілді ақпарат агенттіктері өзінің жаңалықтарын радио компанияларға сатуды тоқтатпақ болды. Мұндай әрекет газет шығарушылардың ойынша өзінің дербес жедел ақпарат қоры жоқ бәсекелестерге қатты соққы болып тиетіндігін айтады. Себебі, олар ақпарат агенттіктерінің қызметтеріне зәру болатын. Алайда, бойкот жариялаған ақпарат агенттіктерінің ісіне жауап ретінде «CBS» және «NBC» радиостанциялары өздерінің ақпараттық қызметтерін аша бастайды.
Отызыншы жылдардың ортасында әлемдегі басты жаңалықтарды оқиға орнынан тікелей репортаж арқылы жеткізу мақсатымен радиостанциялар өз тілшілерін шетелдерге іссапарға шығару тәжірибесін кеңінен қолданады. Жариялаған байкоттары еш нәтиже бермегендіктен, «UP» және «INS» агенттіктері бір жылдан соң-ақ радиостанцияларға ақпарат сатуды жалғастырады. 1940 жылы олардың құрамына алдыңғы қатарлы Америка мерзімді баспасөзімен тығыз байланысы бар «Ассошиэйтед Пресс» (АР) ақпарат агенттігі де келіп қосылады.
Кейбір ірі баспасөз және радио корпорациялары әріптестіктегі бәсекелестікті бәсеңдету мақсатындағы талаптарды қабылдайды. 1930-1945 жылдары «CBS» және «NBC» корпорациялары жүйесіне енетін көптеген коммерциялық радиостанциялары «The March of Time» («Уақыт Барысы») газетінің «Тайм Инк» Х.Люсаның медиа корпорациясымен бірлесіп дайындаған ақпараттық шолуын үнемі беріп отырады. 1935 жылы «The March of Time» газетінің дайындаған шолуын кино хроника түріндегі нұсқамен көрсетіп келсе, ал «Уақыт барысы» телеарнасы пайда болғаннан кейін телевизиялық үлгіде шығарылатын хабарлар көбейді.
Шығарушылар радио хабар компанияларымен бәсекелестіктен гөрі бірлесіп, келісіммен жұмыс істеудің жаңа жолдарын қарастырады. Кеңінен тараған баспасөз компаниялары радиостанцияларды сатып алу, не келісімге келу арқылы серіктесіп қызмет атқаруға көшті. 1940 жылы АҚШ радиостанцияларының үштен бірі не газет компанияларының қарауына өтіп, не солармен әріптестік ынтымақтастықта болады. Радионың кең мүмкіндіктерін саясаткерлер белсенді пайдаланды. «Жаңа бағытты» жасаған Президент Ф.Д.Рузвельттің Америка халқына арнап радио арқылы сөйлеген сөзі де радиоға үлкен мәртебе әкелді. Халықтың ұлттық және халықаралық саясатқа қатысты мәселелердегі көзқарасына радио арқылы жасалған үндеулер зор ықпал етті.
1930 жылдары радиохабарлар құрылымы жағынан тұрақталып, оның жанрлары қалыптаса бастады. Соғыстан бұрынғы он жылда шыққан бағдарламалардан журналистиканың сұхбат, репортаж, радиоәңгіме жанрлардың таралғанын көруге болады. Бұл жанрлардың кеңінен таралуына сол кездегі «CBS «журналистері Фон Калтерборн мен Э.Р. Мурроудың (кейін атақты телешоу жанрының негізін салушы ретінде тарихта қалған) енгізген жаңалығы болатын.
Жекеменшік радио компаниялардың қызметі және ондағы саяси бағдарламалардың көрініс табуы, жанрлардың қалыптасу жүйесі коммерциялық әрекеттермен айқындалады. Коммерциялық радиостанцияларда жарнамадан түскен табыс қаржыландыру көзі болып табылатындықтан, олардың ең басты тыңдарманының көңілін аудару мәселесі бірінші кезекте тұрды. Бәсекелестік пен жарнама саласының ұлғаюы көпшілік тыңдарман қауымды тартуға және жылдам жетістіктерге жетуге, көңіл көтеретін бағыттағы бағдарламаларды көптеп шығаруға қолайлы болып келеді.
Радио журналистиканың ақпараттық жанрлары хабар-ошар, репортаж, сұхбатпен қатар шоу қатар дамыды. Ток-шоу, сұхбат жанрлары да дамып, драмалық жанрдағы хабарлар көбейіп, коммерциялық радионың кәсіби бағытын жетілдіре түсті. Үй шаруасындағы әйелдерге арналған күндізгі уақытта жүргізілетін «көбікті опералар» көп орын алды. «Көбікті опералар» сюжеттері ерлер мен әйелдер арасындағы өзара түсіністік, қарым-қатынас мәселесіне арналып, әйелдер қауымының көңілін өзіне бірден аудартады және оның арасында күнделікті тұтыну тауарлары жарнамаланады. Эмоциялық қасиеттерге қанық бұл бағдарламалар тіс тазартқыш құралдарымен қоса, сабын ұнтақтарын жиі жарнамалайтындықтан, бағдарлама атауының осылай болуына басты себепкер болады.
Драмалық фильмдердің тағы бір түрі «триллер» пайда болды. Ол ағылшынның «to thrill» сөзі «үрейлендіру» деген мағынаны білдіреді. Бұл бағдарламаның аудиториясын ер адамдар құрады. Қылмыстық оқиғалар, шу туғызған көріністер бейнеленген сенсациялық триллер көбіне кешкі уақыттарда эфирге беріліп, арасында ерлерге арналған тауарлар қоса жарнамалануы аса ықпалды болды. 1938 жылы Г.Уэллистің «Планета әлемінің соғысы» атты кітабы желісімен жасалған радиоспектакль радио триллердің классикалық үлгісін көрсетті. Басқа планеталықтардың Жерге табан тіреген сәтінің нақты шынайы репортаждық пішінде берілуі ерекше үрей туғызып, радио тыңдармандарды дүр сілкіндірді, фантастикаға неізделген туынды шынайы сенім туғыза алатын қасиетімен ерекшеленді.
АҚШ-тың коммерциялық радиохабарын тарату орталықтарынан кейін мұндай жанр түрлері әлемнің өзге де елдерінде нарықтық экономикамен қатар көрініс тауып жатты, жарнама саласы белсенді түрде дамыды. Жарнамадан түсетін табыстың көлемі үнемі өсе түсуінің арқасында радиохабар саласында ірі бірлестіктердің пайда болуына мүмкіндік туды. 1934 жылы «CBS-тің» радио жүйесінде 97 станция, «NBC-дің» екі жүйесі 127 радиостанцияны біріктірді. Радиостанциялардың көбі өздерінің коммерциялық сипаттарына сай белгілі аймақтармен жақсы арақатынаста болып, нарықтың ерекшеліктеріне сай қызметтерін жүргізді. Нью-Йорк, Вашингтон және өзге де қалалардың орталықтарындағы радиостанциялардың ұлттық деңгейдегі ішкі хабарлары бір орталықтан басқарылды.
Әлемдегі экономикасы жоғары дамыған елдерде кеңінен таралған коммерциялық радиохабар үлгілері нарықтағы өзгерістерге жарнаманың үлкен ықпалы болатынымен ерекшеленді. Соңғы он жылдықта, жарнама берушілердің белгілі бөлігін өзіне тарта бастаған телевидениенің бәсекелестігі салдарынан коммерциялық радиолар әр түрлі жанрдағы көлемі кең ауқымды бағдарламаларды беруді тоқтатып, оның орнына бағдарлама мазмұнын тыңдаушы мүддесіне негізделіп салалық хабарларға ауысты. Қазіргі таңда коммерциялық радионың бағдарламалары тыңдарманның талғамына сай келетін саздық-ақпараттық көңіл көтеру бағытын ұстанады. Соғыстан кейінгі жылдары қысқа толқынды «FM» хабарлары көрініс тауып, стерео дыбыстың пайда болуы радио тыңдаушыларға тұрақты түрде қысқа ақпараттық-саздық туындылардың сапалы жазбаларын ұсынуға мүмкіндік туғызды. Арнайы мақсатқа негізделген бағдарламалар саны да, сапасы да артты. Бүгінгі коммерциялық радио өз бағдарламаларын тыңдарман қауымның жас ерекшелігіне, әлеуметтік сипатына және сондай-ақ қоғамдық мүддесіне сай жетілдіре түсуде.
Халықаралық радиохабар тарату. Радиобағдарламаларды таратудың ең алғаш басталған сәтінен бастап, радиохабарды радиобағана орналасқан жерлердің барлығына жеткізуге болатыны анықталды. Үлкен қашықтықтарды артта қалдырып, мемлекеттік шекараларды елемей, аз уақытта ақпарат жеткізе алатын радио техникалық, саяси және заң саласында көптеген проблемаларды туғызды. Халықаралық радио эфирдің пайда болуы бұл саланы толық ретке келтіріп, бақылауды да қажет етті. 1927 жылы Вашингтонда өткен жиында территорияға байланысты жиіліктер бөлініп, бір радиостанцияның екіншісінің жұмысына араласпауы жолға қойылды. Алайда, жиіліктерді бөлу нақты 1932 жылғы Мадрид конференциясынан кейін қолға алынды. Кейінірек те ол «Телекоммуникация жөніндегі халықаралық конвенциямен» реттелді.
Шетелдік аудиторияға бағытталған мақсатты бағдарламаларды тарату 1920 жылдары басталды. 1924 жылы алғаш АҚШ Панамерикалық одақтың эгидасымен Латын Америкасына арнап бағдарламалар таратты. 1929 жылы солтүстік американдық «NBC» және «СВS» хабар тарату корпорациялары Латын Америкасына қысқа толқынды хабарлар таратты. 1930 жылдардың екінші жартысында Америка миллионер Рокфеллердің қаржысына Бүкіл әлемдік радиохабарларды тарату қорын Латын Америкалық және Еуропалық аудиторияға арнап бірнеше хабарлар ұйымдастырды. 1936 жылы АҚШ-та құрылған «Шетелдік ақпараттар қызметі» Латын Америкасының аудиториясына панамериканизм идеясын насихаттап таратуға үлкен күш жұмсады.
«Америка даусы» («VОА») 1990 жылдары аптасына 1 300 сағат, 43 тілде 120 000 000 адамдық аудиторияға арнап хабар таратты. Радио қазір бұрынғы КСРО-да, ертеректе КСРО блогындағы елдердегі либерилизация үрдістеріне дайындық және нарықтық экономикадағы реформаларды жүргізуде үлкен рөл атқарды. Қазіргі күндерде атаулы радиомен аналогтық қызметті АҚШ-тың «Еркін Азия» радиосы атқарады. «Еркін Азия» радиосының көптілді бағдарламалары көбіне Қытай Халық Республикасы мен Вьетнамға бағытталған. Сонымен қатар, бұл радио Орталық және Оңтүстік Азияны, Қиыр Шығысты қамтиды. 1985 жылдан бастап АҚШ-тың ақпараттық мекемесіне бағынатын «Радио Марти» Кубаға өз бағдарламаларын беріп келеді. «Еуропағы Еркіндік радиосы», «Еркіндік» радиолары АҚШ-тың және оның жақтастарының саяси-әскери операциялары өтіп жатқан елдерде өз филиалдарын ашты. Оған мысал, Ауғанстан мен Иракта ашылған «Еркін Ауғаныстан» және «Еркін Ирак» радиолары.
Суық соғыс жылдарындағы трансшекаралық радио. 1942 жылдың ақпанының соңында Еуропа аудиториясына бағытталған неміс және итальян тіліндегі «Америка даусы» радиосы өз трансляциясын бастады. Мұнда Перл-Харбордегі теңіз базасы туралы ақпараттар көптеп таратылды. Сан-Францискода алып радиостанция салынып, жапон, қытай, корей тілдерінде бағдарлама таратты. Осылай, соғыс жылдарында американдық радиохабар таратудың ең үздік үлгісі құрылып, «Америка даусы» алғышқы бөлімі құрылды. Соғыстан кейінгі жылдары Батыс пен Кеңес Одағы арасындағы радиохабар таратудың жаңа деңгейіне көшті. Суық соғыс жылдарында бағдарламалардың ұзақтығы артып, қиын жағдайға қарамай қызмет атқаратын радиостанциялары саны артты. Сонымен, 1950-1960 жылдары әлемнің 27 мемлекетіндегі радио бағдарламалардың таратылу ұзақтығы төрт есеге дейін өсті.
Ақпараттарды қадағалау әдісі. 1980-1990 жылдары АҚШ-та және басқа да елдерде хабарлау ұйымдардың диверсификациясының өсіп келе жатуын сылтауратып, әкімшілік бұйрығымен және заңмен шектейтін мәселелер көбейді. Бұл БАҚ-ты қадағалау идеясына ықпал етті, бұл электронды БАҚ-қа және басқа бұқаралық ақпарат құралдарын толық әсер етеді. Қадағалаудың негізгі мәні хабарлардың нарықтық либерализациясын тереңдетіп, үкімет тарапынан қадағалауды күшейту болып табылады. Қадағалау көп мәселені шешіп, нарықтық монополизацияға әкеледі.
Қадағалау саясаты шынайы практикалық тұрғыда хабарлар қорынан түскен қаражатқа аса ірі корпорациялардың өсіп-өркендеуіне көмектеседі. 1940 жылы жекеменшік Америка компанияларының құрамына үш телестанса кіретін болса, 1953 жылы бестен кем емес, ал 1984 жылы жеке кәсіпкерлерге он екі стансаны иеленуге рұқсат етілді. 1996 жылы шектеусіз бекеттерді иеленуге мүмкіндік беріп, бірақ оның әрқайсысы міндетті түрде өзіне қызмет істеп отырған нарыққа 35%-дан астам үлесін салық ретінде төледі. Өз кезегінде, телерадиобекеттерге де иелену шектеуі алынды [2,29-б].
1940 жылы ортатолқынды 7 және ультратолқынды 7 бекет, 1994 жылы 20 бекетке дейін ақпарат тарту диапазондарына рұқсат етіліп, 1996 жылы барлық шектеулер толығымен алынып тасталды.
АҚШ-та 1996 жылы телекоммуникация саласын қадағалау туралы жаңа заң қабылданып, консолидация процесі күшейіп, Америка радиохабарлар жұмысына кері әсер етті. Бұл, бәсекелестікке, көптүрлілікке, жергілікті ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған «идеялар нарығына» деген сұранысын қанағаттандыруға жол ашты. Медиаконгломераттар елдің әр территориясынан жүздеген радиобекеттерді сатып алып, қожайын болуға мүмкіндік алды. Тек бір компания ғана «Сlear-Сhannel» жекеменшік кәсіпкер өз қарамағына 1 200 радиобекет сатып алды. Әрбір үшінші бекет иесі жұмысынан айырылып қалды, өйткені олардың радиобекеттері экономика және қадағалау жағынан қысым көріп, мықты корпорациялардың қоластына өтті. Көп жергілікті радио нарыққа ашық бәсекелестік ұйымдастырылуынан алыс олигополия жағдайы орын алып, бұл нарықтағы аз болса субъектілердің арасындағы келісімге негізделді. Шығыны аз болғанын қалап, табысы көп болған жекеменшік корпорациялар жергілікті бекеттерге қызықты бағдарламалардың барлық қалаларға таралуын қадағалайды. Бұл тыңдарманның ортақ тыңдайтын, табыс әкелетін бағдарламасы болу керек болды. Мұның қорытындысы ретінде, тыңдармандар өзі өмір сүріп отырған әлеуметтік қоғамнан алыстап, жергілікті мәселелерден алшақтап, аудитория саны күрт төмендей бастады. Жергілікті радиохабарларды тарту бекеттері өз жұмыстарына аса мән бермей, мұғалімдер мен ата-аналардың бағдарламаға берген пікірлерін тыңдамай, агрессия туғызып, балаға кері әсер ететін радиохабарлар дайындайды. Бір жағынан бұл жекеменшік болғандықтан бағдарламалар бір сарынды болып кетуінен еді.
2002 жылдың желтоқсанында Американың қоғамдық ұйымдары, БАҚ сарапшылары «Медиадемократияға шақыру» деген атпен басталатын іс-шара жүргізді, мұның мақсаты «FСС» қадағалау жұмыстарын жүргізіп, қорытындылар жасауға мүмкіндік алды [3,89-б]. Федеральды комиссияның бұйрығымен бір уақытта және бір нарықта жұмыс істейтін радиобекеттер мен күнделікті басылымдарды сату қоғам сұранысына, талабына, қызығушылығына зияны бар деп табылған. Жергілікті тұрғындар телерадиокомпаниялар бір қожайынның қолында болады деген шешімнен үрейленеді. Осы кезде монополизм және бәсекелестік жоқ болған жағдайда, ақпараттық таралуының да деңгейі төмен болып, жағымсыз әсер ете бастайды деген пікір қалыптасты.
Комиссия ендігі кезекте бір уақытта екі бірдей телебекетті иеленуге қарсы болды, өйткені олар бір нарықты жаулауда «АВС», «СВS», «FOX» және «NBC» бір басқарушының қоластындағы екі телебекеттің қызметі шектеліп, өз бағдарламалары 35 %-дан аспайтын америкалық отбасыларды ғана жаулай алады. Бұл жағдайға қоғамның араласуына тура келді, мұндағы басылымдар, телекомпаниялар және радиобекеттер бір-бірімен өте тығыз байланысты және олардың саны көп болып, бір аудандық нарықта таралуына байланысты бұл БАҚ сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырды. Бұл демократияға зиянын тигізіп, тәуелсіз, сыни көзқарастың өсіп-өркендеуіне кері әсерін тигізеді деген түсінік қалыптасты.
Коммуникацияның федеральды комиссиясының бір мүшесі М.Коппс: «Массмедияның жекеменшікке айналып кетуі қатер туғызады, оның соңы қиын жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін, бүкіл БАҚ-тың бір қожайыны болуы қауіпті» [4,5-б ], -деген пікір айтты.
Достарыңызбен бөлісу: |