Бақылау сұрақтары:
1.Бір негізді сөйлемдердің ерекшелігі қандай?
2.Жалпылма жақты сөйлем дегеніміз қандай сөйлем?
3.Белгісіз жақты сөйлемге қандай белгілер тән?
4.Жанама жақты сөйлемнің ерекшелігін атаңыз.
24-дәрістің тақырыбы: Сөйлем құрылысындағы оқшау сөз, сөйлемдер
Дәрістің мақсаты: Сөйлем құрылысындағы оқшау сөз, сөйлемдер, олардың ерекшеліктері туралы түсіндіру
Қарастырылатын мәселелер:
1.Үндеу амалы ретінде жұмсалатын оқшау сөздер.
2.Қыстырма сөз, сөйлемдер.
Сөйлемдердің құрамында қыстырма ретінде кірігіп жұмсалатын компоненттер болады. Олардың қыстырма компонент болып бөлінуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, олар сөйлемнің негізгі грамматикалық жүйесіне қатыспай, одан оқшау тұрады. Екіншіден, грамматикалық оқшаулануы интонациядан да көрінеді.
Грамматикалық жүйеден оқшауланғанмен, бұлар сөйлемнің коммуникативтік мақсатымен, мазмұнымен тығыз байланысты. Оқшау компоненттер сипаты, сапасы жағынан оқшау сөз, оқшау сөз тіркесі ретінде де, оқшау сөйлем ретінде де қатысады.
Оқшау сөз, сөйлемдер негізгі сөйлемге қатысы, атқаратын қызметіне қарай былай бөлінеді: 1) үндеу амалы ретінде жұмсалатын оқшау сөздер. 2) қыстырма сөз, сөйлемдер.
Сөйлемнің мазмұны тек пікір білдірумен ғана тынбайды, сөйлем сөйлеушінің түрлі эмоциясын қосып атайды. Сондай-ақ, сөйлемнің мазмұнына тыңдаушының назарын аудару, үндеу, яғни, оған контакт жасау да кіреді. Осыған орай К. Бюлер тіл үш түрлі қызмет атқарады деп көрсетеді: «пікірді хабарлау, эмоцияны білдіру және үндеу. Тілдің негізгі қызметі – пікірді хабарлау. Үндеу, сөз жоқ, тілдің қосымша атқаратын қызметі. Үндеу осы пікірдің тыңдаушыға нәтижелі, анық жеткізілуі үшін жәрдемдеседі.
Тілдің үндеу қызметі ылғи көріне бермейді, ол ауызекі сөзде көбірек көрінеді. Ауызекі сөзді тыңдаушы тікелей естиді. Сондықтан сөйлеуші сөзі түсінікті, дәл жету үшін тыңдаушының назарын аударып алады.
Үндеу қызметін атқаратын сөздер сөйлем құрамында қыстырма компонент ретінде қаратпа сөздер немесе тыңдаушының назарын аудару үшін қызмет ететін қыстырма сөздер (айтпақшы, немесе т.б.), ойға байланысты ассоциация тудыруға жұмсалады.
Қаратпа сөз – үндеу амалдарының бірі. Қаратпа сөздер сөйлем құрамында негізгі қызметімен қатар актуализация үшін де жұмсалады. Қаратпа сөздің орны көп жағдайда сөйлемнің ой екпінін түсіретін мүшесінің жанында тұрып актуализациаланады. Қосымша қызмет жүктелуіне байланысты бір сөйлемде бір емес, екі қаратпа сөздер қоса енгізіледі Тұр, құда, аяғыңды жи. Шалжиып жата бергенше, басыңды көтерсеңші (Б.М.). Мұндайда қаратпа сөздің біріншісі үндеу үшін қызмет етсе, екіншісі актуализация міндетін атқару үшін енгізіледі. Қаратпа сөздің жұмсалуы кейде үндеу қызметінен гөрі, поэтикалық әсер туғызуға байланысты болады.
Куә бол, айым, куә бол, Алатауым!
Үндеу үшін сөйлем құрамында немене, қалай, қане, ал деген сөздер қыстырма ретінде кірігіп қызмет атқарады. Бұл сөздердің жұмсалу ерекшелігі бар.
Достарыңызбен бөлісу: |