1 Тақырып Жерге орналастыруға кіріспе
Мақсаты: студенттерді жерге орналастырумен таныстыру және оның мақсаттары, мәні және басқада ғылымдармен байланысы жайында түсініктеме беру.
Жоспар:
.1 Жерге орналастырудың ауыл шаруашылығындағы рөлі және маңызы
1. 2 Мемлекеттік жерге орналастырудың міндеттері
1.3 Жерге орналастырудың әлеуметті-экономикалық, құқықтық және технологиялық мәні
1.4 Жерге орналастырудың басқа ғылымдармен байланысы
1.1 Қазіргі кезде ауыл шаруашылығық өндірісін дамытуда еліміздің жер ресурстарын ұтымды және интенсивті пайдалану ең негізгі мәселе болып саналады. Осыған орай қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған жалпы шаралар жүйесінде жер ресурстарын пайдалануды жақсарту ең алдыңғы жоспар ретінде танылады.
Жер ресурстарын тиімді пайдалану проблемасы шаруашылық жүргізудің барлық нысандарын тең құқықпен дамыту барысында жер пайдалану мен топырақ құнарлығын арттыру шараларының толық кешенінен тұрады.
Қазақстан Республикасының Жер Кодексінде жерге орналастыру Қазақстан Республикасы жер заңдарының орындалуын қамтамасыз ететін және жер қатынастарын реттеуге, жерді ұтымды пайдалану мен қорғауды ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар жүйесі екені көрсетіледі.
Жерге орналастыру – жерді тиімді (ұтымды) пайдалануды ұйымдастыру мен қорғауға, нақтылы табиғи, экономикалық, мелиоративтік, агротехникалық, әлеуметтік және басқада шарттарды ескере отыруға, қолайлы экологиялық орта жасауға және шаруашылық жүргізудің барлық нысандарын тең құқықпен дамытуға бағытталған шаралар жүйесі.
Жерге орналастырудың мазмұны мен формалары жерге орналастыру әрекеттерімен құрылады және шаруашылық жүргізудің барлық нысандары мен жерді иеленудің әртүрлі түрлерімен анықталады. Осыған орай мұнда жер өндірістің негізгі құралы және тауары ретінде қызмет етеді, сондықтан жерге орналастыру негізінен көп нысанды экономиканың талаптары сай міндеттерін анықтайтын әлеуметті-экономикалық проблема болып қаралады.
Ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жер пайдалану мен жер иеленуінің жалпы шарттары мынаған тұжырымдалады: әр шаруашылықтың жер массивінің қоршаған табиғи ортаның бір бөлігі ретінде қызмет етуін анықтайтын жер, еңбек және материалды-техникалық ресурстарын, сонымен қатар қалыптасқан экологиялық байланыстар сәйкестілігін қамтамасыз ету болып саналады. Сондықтан жер пайдаланудың қалыптасуы мен оның аумағын ішкі ұйымдастыру тығыз байланысқан.
1.2 Жер Кодексінің ережелеріне сәйкесті жерге орналастырудың негізгі міндеттері болып мыналар табылады:
1) ландшафтық-экологиялық көзқарас негізінде жерге орналастырудың, жерді аймақтарға бөлудің республикалық, облыстық және аймақтық схемаларын ( жобаларын) және жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау бағдарламаларын әзірлеу;
2) қолданыстағы жер пайдалануды қалыптастыру және ретке келтіру жөніндегі шаруашылық аралық жерге орналастыру жобаларын жасауды, белгілі бір жерде жер учаскелерін бөліп беру мен шекарасын белгілеуді, жер учаскесіне меншік құқығына және жер пайдалану құқығына құжаттар жасау;
3) белгілі бір жерде елді мекендердің шекарасын (шегін) анықтау мен белгілеуді, олардың жер-шаруашылық орналастыру жобаларын жасау;
4) белгілі бір жерде әкімшілік-аумақтық құрылымдардың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және жерді пайдалану мен қорғаудың ерекше шарттары бар басқа да жер учаскелерінің шекарасын белгілеу;
5) жерге орналастыру, бүлінген жерді жаңғырту мен жаңа жерді игеру жобаларын, сондай-ақ жерді пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобалар әзірлеу;
6) жерді түгендеу ісін жүргізу, пайдаланылмай жүрген немесе нысаналы мақсатында пайдаланылмай отырған жерді анықтау;
7) топографты-геодезиялық, картографиялық, топырақты зерттеу, геоботаникалық және басқа да зерттеулер мен іздестіру жұмыстарын жүргізу;
8) жер ресурстарының жай-күйі мен пайдаланылуының тақырыптық карталары мен атластарын құрау.
1.3 Әлеуметтік-экономикалық мәні келесі сұрақтардың шешуін қарастырады:
еліміздің жер қорын халық шаруашылығының әр саласының арту деңгейіне, жер пайдаланушылар мен жер иеленушілердің қажетті сұранысына қарай қайта бөлу;
еліміздің жер қорының бар аумағында өндірістік, әлеуметтік-экономикалық, табиғат жағдайлары, меншік формасын есепке ала отырып мемлекеттік жерге орналастыруды жоспарлы жүргізу;
ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру мақсатында еліміздің әртүрлі табиғи-экономикалық аймақтарындағы жақсы және нашар жерлерді экономика тұрғыдан дұрыс және құқық жағынан үйлесімді пайдалану;
халық шаруашылығының барлық салаларында жерді пайдаланудың кешендік болжамдарын құрастыру, әсіресе ауыл шаруашылық өндірісінде;
Қазіргі кезде қалыптасқан ауыл шаруашылығының әлеуметтік жүйесі мемлекеттік және жеке меншіктік формаларға негізделген. Шаруашылық субъектілері мыналар: жауапкершілігі шектелген серіктестік (ЖШС), акционерлік ұйымдар (АҰ), шаруа (фермерлік) қожалығы (ШҚ), өндірістік кооперативі (ӨК) және өзіндік қосалқы шаруашылық. Сондықтан жерге орналастырудың әлеуметтік мәні бекітілген өндірістік және жер қатынастары, жер меншігі мен жерде шаруашылық жүргізу формаларымен анықталады.
Жерге орналастырудың құқықтық мәні. Кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер және жекеленген азаматтарға, былайша айтқанда жер пайдаланушы және жер иеленуші барлық жеке және заңды тұлғаларға жерге деген мемлекеттік актілер беріледі:
1) жер учаскесіне жеке меншік құқығы актісі;
2) тұрақты жер пайдалану құқығы актісі;
3) уақытша өтеулі (ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді) жер пайдалану (жалдау) құқығы актісі;
4) уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығы актісі.
Жерге орналастыру кезіндегі басқа да құқықтық істер (жерге орналастыру, жерлерді және жер алқаптарын қалпына келтіру және ауыстыру немесе трансформациялау жобасын бекіту) аудандық атқару органдарының шешімдері негізінде ресімделеді.
Жер пайдалану мен қорғауды мемелекеттік тарапынан бақылау кезіндегі жерге орналастыру органдарының барлық амалдары құқықтық тұрғыдан жүреді және заңдармен негізделеді (Жер кодексі, экологиялық кодексі, жер және азамат құқығы, су және орман кодекстері және т.б.)
Жерге орналастырудың технологиялық мәні. Жер және жер учаскелері, алқаптар халық шаруашылығының әртүрлі салаларында ғылым, практика жетістіктерін ескере отырып, өндірістің техникамен жетілдірілген жағдайларда және әртүрлі технологиялық процестерді орындау жағдайларында пайдаланылады. Сонымен қатар табиғат факторлары: климат, жер бедері, топырақ, грунт сулары және с.с рөлі зор болады, әсіресе ауыл шаруашылығық өндірісінде.
Ауыл шаруашылығының ғылыми-техникалық прогресс жағдайында аймақты - салалық жерге орналастыру ұғымына зор мән беріледі және әсіресе оның аймақтық егіншілік жүйесі түріндегі технологиялық мәніне.
1.4 Жерге орналастыру ғылыми пән ретінде көптеген жақындығы бар ғылымдардың ережелері негізінде қалыптасады. Жерге орналастырудың инженерлік негізін құрайтындар: геодезия, агроорманмелиорациясы, гидротехника, ауыл шаруашылық өндірісін механикаландыру және б., олар инженерге лайықты және ғылыми-техникалық деңгейде есептер жасауға, жобалардың құраушы бөлімдерін негіздеуге мүмкіндік жасайды (жер пайдалану шекараларын айқындау, құрғату және суландыру желісін жобалау, гидротехникалық құрылыстарды орналастыру, көпжылдық екпе ағаштарды жобалау және орналастыру және т.б.).
Жерге орналастырудың әлеуметтік-техникалық мәнін ауыл шаруашылық өндірісінің экономикасы және ұйымдастыру, аудандық және елді мекендік жоспарлау, жер ресурстарын жобалау және басқа да өндіріс күштері мен еңбек ресурстарын орналастыру мәселесін шешетін ғылымдар.
Жерге орналастырудың өндірістік (технологиялық) бағытын өндірістің әр саласының даму жағдайын ескеретін өндірісті ұйымдастыру және оның технологиясы анықтайды. Жол құрылысына жерді бөлу жол жұмысының талаптарына, ал елді мекендерге қалалық және ауылдық жағдайлар талаптарына сай жоспарлау жүргізіледі.
Ауыл шаруашылық кәсіпорындарында өндірісті ұйымдастыру және басқару мына пәндердің: егіншілік, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, көкөніс шаруашылығы, топырақтану негізгі ережелеріне негізделеді (негізгі технологиялық процесстерді орындау үшін қажетті жер ауданын аумақты орналастыруы бекітіледі). Өсімдік шаруашылығында аумақты орналастыру өндірістік процестерді механикаландыру жағдайлары арқылы анықталады (себу, күту, егінді ору ).
Жер пайдаланудың құқықтық нормалары және оларды жер пайдаланушылар мен жер иеленушілердің орындау жағдайлары «Жер құқығы», «Азамат құқығы» пәндерімен анықталады. Сонымен, жерге орналастыру ғылыми пән ретінде - бұл еліміздің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін ғылымдар мен пәндердің негізгі ережелерінің кешенді үйлесуі.
Достарыңызбен бөлісу: |