- Бактериялардың кейбір түрлері сыртқы ортаның қолайсыз жағдайына аса төзімді келетін спора түзеді. Спора — бактерия клеткаларында орналасқан дөңгелек, кейде сопақша келетін жарқырауық түйір. Таяқша тәрізді бактериялардың кейбір түрлері (Bacillus және Clostridium) спора түзуге қабілетті. Шар тәрізділерден мұндай құбылыс тек мочевинаны ыдыратушы ірі сарциналарда кездеседі. Спора негізінен тыныштықтағы клетка. Қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларынан бактериялар спора түзеді (температураның өзгеруі, қоректік заттардың аздығы, улы зат алмасу өнімдердің жинақталуы, рН көрсеткішінің өзгеруі, ылғалдылықтың азайуы және т.б). Егер әдеттегі бактерия клеткалары +50-60°-та қырылып қалатын болса, олар спора күйінде +100° ыстықты да көтереді және өте құрғақшылыққа төзе береді. Бактериялар спора күйінде қолайлы жағдай туғанша, ұзақ уақыт, кейде бірнеше жылдарға дейін, тіршілік қабілетін жоймайды. Клеткада үнемі бір ғана спора түзіледі. Қолайлы жағдай туғанда спора өзіне ылғал тартып, ісінеді де сыртқы қабығы жұмсарып жарылады. Бұл кезде терең физиологиялық өзгерістер басталады: тыныс алу күшейіп, ферменттер белсенділігі артады. Сөйтіп спорадан вегетативтік клетка пайда болады. Спорадан вегетативтік клетканың шығуы да 2 сағаттан артыққа созылмайды.
Спора түзудің негізгі кезеңдері: - Дайындық кезеңі. Клетканың генетикалық аппараты қайта қалыптасады: ядролық ДНК жіп тәрізді созылып, клетка полюстерінің бірінде немесе орталығында орнығады. Клетканың бұл бөлігі спорагенді зона деп аталады.
- Проспоралардың түзілуі. Спорагенді зонада ылғал азайып, цитоплазма тығыздалады. Проспора – клетка ішінде орналасып, клеткадан екі мембранамен бөлінген құрылым.
- Спора сыртқы қабығының құрылуы. Мембраналар арасында құрамы бойынша вегетативті клетка сыртына ұқсас қабат (кортекс) түзіледі. Кортексте пептидогликан – муреинмен қатар кальций тұзы дипиколин қышқылы спора түзу кезінде түзіледі. Содан кейін, мембрана сыртынан бірнеше қабаттан тұратын спора қабықшасы түзіледі. Әртүрлі бактерияларда қабаттар саны мен құрылымы әртүрлі болып келеді. Сыртқы қабат су және еріген заттарды нашар өткізеді, сондықтан, сыртқы орта әсеріне төзімді келеді.
- Клеткалардан споралардың бөлінуі. Споралар пісіп–жетілген соң, сыртқы қабығы бұзылып, споралар сыртқа шығады. Спора түзілу процесі бірнеше сағатқа созылады.
-
Достарыңызбен бөлісу: |