А. Қыраубайқызы:
– Біздің мектептер, негізінен, ақпараттық мектеп. Баланың жан дүниесіне үңілетін, оның өмірге келуінің өзін ғажайып құбылыс деп түсіндіретін, онымен адам ретінде сыйластықты, қарым-қатынасты бірінші орынға қоятын мектептер көп емес. Бірінші орында баланың талап-тілегі тұратын болса, мектеп бала үшін қызмет етсе, жақсы мектеп сол дер едік.
Он мың мектептің үш миллион шәкіртінің арасынан біреуі де Атланта олимпиадасына қатыспады, себебін айта аласыз ба? Оқу жүйесін жетілдіру жоғарыдан төмен қарай жүруі керек болар, сірә...
Р.Мұратханқызы:
– Біз орыс еліне 300 жылдай бодан болдық. Халқымыздың әдет-ғұрып, тілі, діні, салт-санасы жан-жақты өзгерістерге ұшырады. Қазір теледидар түрлі бейнефильмдерді шексіз таратуда. Бұған кімнің шамасы келеді, білмеймін... Мұғалімдер айлығын уақытында алмаса, профессордың жалақысы коммерсанттың бір-екі күндік табысына да жетпесе, сонда олардан қандай сапалы оқу сұрауға болады? Білім сапасының барлық оқу орындарында төмендеуіне үкіметтің бүгінгі күнгі саясаты – ұстаздарға деген қамқорлықтың жоқтығы себепкер.
– Оқулықтың жағдайы алаңдатпай ма?
– Әрине, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету төменгі дәрежеде. Қағаз жоқ, қаражат жоқ. «Рауан» баспасынан шығып жатқан оқулықтар сапасы нашар, ол бір-ақ жылға ғана төзеді. «Мемлекет және құқ негіздері», «Адам және қоғам» пәндерінен оқулық жоқ.
Болашақтағы ағарту жайы, сіздіңше, қандай болуы мүмкін?
Ә.Әбілақұлы:
– Оқу процесін төмендетуден, ғылымды құлдыратудан қоғам алға баспайды. Оқушы бұрын бір сыныпта 20-25 бала болса, қазір ол 35-40-қа дейін көтерілген, студенттерге де қамқорлық аз. Студенттердің бұзылуы, ауру-сырқауға шалдығудың бір себебі – осында жатқан жоқ па екен?
Ауылдарда мектепке бара алмай отырған оқушылар қаншама: аяқ киімі жоқ, кітабы жоқ. Ал көмектесетін ата-анасының халі төмен. Егер біз білімге, ағартуға көңіл бөлмесек, сауатсыз ел боламыз да шығамыз. Мектеп үшін мұғалім – алтын тұлға, оған қамқорлық қажет. Оқушы қараңғы болса, мемлекет те қараңғы. Балалар бақшасын жаппау керек.
– Бір жұмыстың орайы келіп тұр. Мектебі бар, жоғары оқу орны бар, жалпы ағарту майданында отыз төрт жыл еңбек еттіңіз, жасыңыз да алпысқа келіп отыр, ел ағасы атануыңызбен құттықтай қойсақ деп едік...
– Рақмет.
А.Қыраубайқызы:
– Өз халқын сүю үшін оған деген мақтаныш сезімін бала кезден қалыптастыру керек. Қазақ мәдениетінің тарихы біздің дәуіріміздің арғы жағынан басталады. Сақ, ғұн, түрік тарихы – біздің тарихымыз. VІІІ ғасырда тасқа тұтас жазған халықтың ұрпағымыз. Білге қаған, Күлтегін жазулары, «Қорқыт ата кітабы», Фараби, Ясауи, Баласағұни туралы кеңес дәуіріндегі мектеп оқулықтарында ештеңе айтылмайды. «Ежелгі әдебиет» атты оқулық жаздым, елдік мәні бар шаруаға қосқан аздаған үлесім деп білемін.
Кейбір ата-аналар қазақи тәрбие қазіргі заманға жарамсыз деп ойлайды, бұл, негізінен, дұрыс емес. Сондықтан болашақ мектеп ұлттық дәстүрде өмір сүруі керек деп есептеймін.
Достарыңызбен бөлісу: |