Vі. Қазақ хандығының құрылуы және дамуы



бет24/46
Дата20.09.2022
өлшемі154.27 Kb.
#461046
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   46
МЕМЛЕКЕТ ҚҰҚЫҚ ТАРИХЫ

Ноғай ОрдасыАқ Орда ыдырағаннан кейiн ХҮ ғасырдың ортасында Қазақстанның батысында — Ноғай Ордасы пайда болды. Оны алғашында “маңғыт жұрты” деп атады. Ноғай Ордасының негiзiн салушы Алтын Орданы 15 жыл билеген Едiге (1396-1411 ж.ж.) болып есептеледi. Ал, Едiгенiң баласы Нұр-ад-диннiң кезiнде (1426-1440 ж.ж.) Ноғай ордасы мейлiнше нығайды. Сөйтiп, Ноғай Ордасы Қазақстанның үлкен бөлiгi болып саналатын Едiл мен Жайық өзендерiнiң арасын алып жатты. Елдi Шыңғыс әулетi емес, Едiге әулетi биледi. Сондықтан Ноғай ордасының басшысын хан емес би деп атады.
“Ноғай”, “Ноғайлықтар”, “Ноғай Ордасы” терминдерi жазба әдебиеттерде ХҮI ғасырдың басында пайда болды. Олар моңғол-қыпшақ тектерiмен байланысты өздерiн Жошы тұқымынан тарайтындықтарын айтады. Ноғай Ордасындағы саяси және экономикалық билiк Маңғыт әмiрлерi Едiге ұрпақтарының қолында болды. Ноғай Ордасының құрамына маңғыттармен бiрге қоңыраттар, наймандар, арғындар, қаңлылар, алшындар, қыпшақтар, қарлұқтар, алаштар, тама және басқа тайпалар кiрдi.
Ноғай Ордасында, яғни маңғыт ұлысында ұзақ уақыт моңғолдардың әдеттегi құқық нормалары сақталды. Маңғыт ұлысында өзiнiң iшкi сот жүйесi болды. Яғни, билер соты немесе ру соты. Олардың үстiнен ұлыс билерi — мырзалар соты қарайтын. Би-мемлекет басшысы болып есептелдi, ол Едiге әулетiнен шықты. Бидi Үлкен Кеңес — Құрылтай сайлады. Үлкен Кеңеске әскер басылар, рудың таңдаулы адамдары, бастысы Едiге әулетiнiң мырзалары кiрдi. Би болса өзiне көмекшi орган Кiшi кеңестi сайлады. Бидiң жанында қара дуан деп аталатын басқару органы болып, ол шенеунiктiк аппарат ретiнде саналды. Сонымен бiрге аталған орган соттың рөлiн атқарды.
Ноғай Ордасы Қазан және Астрахан хандықтарын Ресей басып алғаннан соң, ХҮI ғасырдың ортасында бiрнеше бөлiктерге бөлiнiп, оның Қазақстан территориясында тұратын iрiлi-ұсақты тайпалары Кiшi жүздiң құрамына кiрдi.
Моғолстан мемлекеті. 1347 жылы Жетiсудың белгiлi адамдары Әмiр Болатшының басқаруымен Тоғлық-Темiрдi хан тағына отырғызды. Бұл жаңа Моғолстан деген мемлекеттiк жүйенiң қалыптасқандығын бiлдiрдi. Моғолстан құрамына Жетiсу, қазiргi Қырғызстан және Қашқар өлкесi кiрдi. Жалпы, Моғолстанда түрiк тайпалары мен түркiленген моңғолдар өмiр сүрiп, мемлекет негiзiн қалады. Мемлекет басында Шағатай династиясынан тараған ұрпақ-хан отырды. Билiктiң көпшiлiк саласы ұлыс бектердiң қолында болды.
Хан мемлекеттiң жоғарғы басшысы ретiнде оның iшкi және сыртқа саясатын реттеп, сондай-ақ барлық мемлекеттiк мәселелердi шештi. Қарамағындағы ұлыстар мен өлкелердiң басшыларын тағайындады. Хан жоғарғы қолбасшы ретiнде өз мемлекетiндегi әскерлердi жорыққа бастап, өзi қолбасшылық еттi. Ханнан кейiнгi лауазым ұлысбегi деп аталып, ол мемлекеттегi барлық мәселелерге араласып, бас уәзiрдiң, яғни бас министрдiң рөлiн атқарды. Моғолстанда ұлысбегi қызметтi мұраға берiлiп отырған. Ол Дулат руынан шыққан Әмiр Болатшының М.Х.Дулатиге дейiнгi ұрпақтарына мұра сипатында берiлiп отырған. Ханның жанында кеңесшi орган — хан кеңесi жұмыс iстедi. Оған ұлысбегi, сұлтандар, оғландар, мырзалар, ханға жақын адамдар, тайпа басшылары мен тағы да басқа беделдi адамдар кiрдi. Мемлекеттiк бас канцеляриясын диван деп атаған. Қаржы және салық жинаумен дафтарлар айналысса, хан мұрагерлерiнiң тәрбиешiсi-атабегi, найб (регент), хаким, ханның облыс пен қаладағы өкiлi даруға, ханның қабылдаулары мен салтанаттарын ұйымдастырушы жасауыл секiлдi сан алуан лауазым иелерi болды. Мемлекеттiк қызметтi ұйымдастырудың ерекше бiр белгiсi ретiнде құжаттарды жазбаша жүргiзудi, сондай-ақ әскер мен отырықшы жұртшылықты есепке алып, халық санағын жүргiзудi, iс қағаздарын мөрмен бекiтiп, оны жергiлiктi жерлерге таратып отыруды айтуға болады. Мiне, осының барлығы Моғолстан хандығында дамыған мемлекеттiк құрылыс және құқықтық қатынастар жүйесi болғанын көрсетедi. Сондай-ақ салықтың зекет, ұшыр, харадж, қалан, купчур, баж сияқты алуан түрлерi болды. 
ХIҮ ғасырдың аяғы ХҮ ғасырдың басында Моғолстанға Орта Азия Әмiрi Темiр жиi-жиi шабуылдап, мазасын алып отырды. Сөйтiп, Қамар-ад-дин мен әмiрдiң әскерлерiмен арасындағы қақтығыс жиi-жиi болып хан мен оның арасы шиеленiсе түстi. Соған қарамай ХҮ ғасырдың басында Моғолстан билеушiлерi өз егемендiгiн жариялайды. Тек Темiр өлгеннен кейiн Жетiсу толық өзiнiң тәуелсiздiгiн алады. Әйтсе де хан орталықтандыруға қаншалықты күш салғанмен iшкi тұрақтылыққа қол жеткiзе алмады. Сондықтан Мұхаммед хан (1408-1416 ж.ж.) мұсылман дiн басыларына сүйенiп: “бiз тұтастай Шыңғыс ханның торасынан (заңдары) бас тартып шариат жолымен жүремiз” деп мәлiмдедi. Соған қарамай ХҮ ғасырдың бiрiншi жартысында Моғолстан жеке иелiктерге бөлiнiп, әмiрлер өздерiн тәуелсiз билеушiлер есебiнде ұстады. ХҮ ғасырдың екiншi жартысында Жетiсу қазақ хандығының қолына көшедi.
Жалпы, аталған дәуiрде Қазақстанның мемлекет және құқық жүйесi эволюциялық жолмен дамып отырғандығын байқауға болады. Бұл салық жүйесi мен жалпыхалықтық санақ жүргiзу институттарының пайда болуы мен дамуынан байқалады. Айталық әскери-потестарлық бiрлестiктердiң ұлыстық жүйенi қалыптастырып, iлгерi дамытуының өзi де мемлекет және құқық теориясының негiзi болып саналса керек. Мiне, осы кезде қазақ қоғамының саяси ұйымдастырушылық негiзi қаланды. ХIII-ХҮ ғасырлардағы көшпендiлердiң құқықтық жүйесi кейiнгi дамыған құқықтық жүйелердiң қалануына негiз болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   46




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет