Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ колледжінің оқу-әдістемелік кешені
Мамандығ0201000
Пән: Мемлекет және құқық теориясының негіздері
пәнінен
12 ТАҚЫРЫП. Құқық шығармашылық және заң техникасы.
Түйінді сөздер: мемлекет,құқық, заң.
Негізгі сұрақтар: Құқық шығармашылық ұғымы, субъектілері.
Құқық шығармашылық ұғымы, субъектілері.
Құқық шығармашылығы мемлекеттік қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Заң ғылымында құқық шығармашылық екі аспекті тұрғысынан түсініледі. Құқық шығармашылығы мағынасы құзырлы органдардың құқықтық нормаларды тікелей жасау процесі Ал кең мағынада құқық шығармашылық дегеніміз процесс деп қаралады. Ол құқық шығармашылық түпкі ойдың туындаған сəтінен басталады да құқықтық норманың нақты жүзеге асырылуына шейін созылады (яғни оны даярлау, қабылдау, жариялау жəне т.с.с. дейін). Құқық шығармашылығын ұғынудағы тəсілдердің айырмашылығына қарамастан, бұл əрқашанда құқық өкілеттігі бар органдардың белгілі бір нормативтік актілерді даярлау, қайтадан өңдеп даярлау жəне баспадан шығару бойынша атқарған қызметтік əрекеттері болып табылады. Құқық шығармашылық қызметі негізгі екі бөліктен тұрады. Біріншісі— заңдық мəні бар əрекеттермен байланысты болмайтын құқық шығармашылықтың ұйымдық мəселелері кіреді (нормативтік актінің жобасын даярлау, оны талқылау жəне т.с.с). Екіншісі — өз негізінде құқықтық қағидаттарға (принциптерге) сүйенеді. Ал оның қызмет етуінің басталу сəті болып нормативтік акт жобасын даярлау туралы шешімнің бекітілуі саналады. Осы екі бөлік бір-бірімен тығыз байланысты жəне жалпы контексте қарастырғанда құқықтық құжатты талқылауға, қабылдауға жəне жариялауға дайындау процесі тұтас рəсім болып табылады. Осыған сəйкес құқық шығармашылық процесін негізгі екі сатыға бөледі. Біріншісі - нормативтік актінің жобасын жасауда мемлекеттік ерік- ықтиярды алдын ала қалыптастыру қарастырылады. Осы сатыдағы барлық іс- əрекеттер дайындық сипатта болады жəне олар құқықтық салдарды туындатпайды. Екінші саты - құқық нормаларында мемлекеттің ерік-ықтиярын ресми түрде бекіту, мұның өзі нормативтік актінің жобасын жалпыға бірдей міндетті сипаты бар құқықтық актіге айналдыру болып табылады. Құқық шығармашылығы төмендегідей ерекшеліктер арқылы сипатталады:
- белсенді түрдегі, шығармашылықты білдіретін, мемлекеттік қызмет болып табылады;
- оның шығаратын негізгі өнімі - ең алдымен нормативтік актілерде іске асырылатын заңдық нормалар;
- қоғамды басқарудың ең манызды құралы, оның даму стратегиясы осы жағдайда қалыптасады, мінез-құлықтың (жүріс-тұрыстың) маңызды ережелері қабылданады;
- құқық шығармашылықтың деңгейі мен мəдениеті, осыған сəйкес қабылданылатын нормативтік актілердің сапасы да – қоғамның өркениеттенуі мен демократиялануының көрсеткіші;
- құқықтық нормаларды жасау, өзгерту жəне оның күшін жоюда объективті əлеуметтік қажеттіліктерді жəне коғам мүдделерін танып білуге негізделген мемлекеттің ерекше нысанды қызметі. Құқық шығармашылық ісі белгілі қағидаттарға: демократизмге, жариялылыққа, кəсіпқойлыққа, заңдылыққа жəне құқық қолданудағы іс-тəжірибемен (практикамен) байланыстыруға негізделінеді.
Осы қағидаттардың сипаттарын қарастырайық:
1) демократизм - азаматтардың құқық шығармашылық ісіне қатысу деңгейін сипаттайды; қоғамдағы рəсімді нормалар мен институттардың даму деңгейін сипаттайды;
2) жариялылық - құқық шығармашылық ісінің қалың жұртшылыққа ашықтығын білдіреді;
3) кəсіпкерлік - осындай қызметпен құзыретті адамдар - заңгерлер, басқару ісінің мамандары, экономистер (барлығы да білікті ғалымдар болуы қажет) жəне т.б. айналысады.
4) заңдылық - осы құқық шығармашылық ісімен айналысу қызметі Конституция мен басқа да заңдар аясында атқарылуы тиіс;
5) ғылымилық-нормативтік актілерді даярлау барысында əлеуметтік-экономикалық, саяси жəне басқалай да ахуалдарды зерттеу аса маңызды болады; қоғамның дамуындағы объективтік қажеттіліктерді жете зерттеудің құқық шығармашылық ісіне тигізер ықпалы зор болады.
Осы параметрлерді анықтау үшін түрлі-түрлі əлеуметтік-құқықтық эксперименттер, социологиялық (əлеуметнамалық) сұраулар жүргізу, анкеталау жəне т.с.с. көрсетілген факторларды ескеріп барып қабылданған құқықтық ұйғарымдар дəлелді жəне тиімді болады, Құқық қолдану іс-тəжірибелерімен болатын байланыс – заң шығарушы орган құқық қолданушылармен байланыс орнатпаса өз еңбектерінің нəтижелерінен бейхабардар болады. Қабылданған құқықтық шешімдердің тиімділігі жөнінде қорытындыларды жасауда, өз жұмыстарындағы олқылықтар мен кемшіліктерді түзетуде тəжірибені пайдалану ісі ақсайды. Құқық қолдану іс-тəжірибесі заң шығарушының тарабынан жіберілген олқылықтар мен кемшіліктерді табуға мүмкіндік береді, құқық шығармашылық ісіндегі қажеттіліктерді көрсетеді. Субъектілерге байланысты құқық шығармашылық мынадай түрлерге бөлінеді:
1) халықтың тікелей құқық шығармашылығы – бұл мемлекет пен коғам болмысының ең маңызды мəселелері бойынша референдум – бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өткізіледі;
2) мемлекеттің өкілетті органдарының тікелей құқық белгілеу қызметі;
3) мемлекеттік органдардың өздеріне тəуелсіз əдет-ғұрып түрінде қалыптасқан немесе мемлекеттік емес ұйымдар даярлаған нормаларды бекітуі (санкциялауы).
Заң қабылдау ісі құқық шығармашылықтың құрамдас бөлігі болып көрінеді. Заң шығармашылықтың мағынасы - ең жоғары заң қабылдау органының (парламенттің) ең жоғары заңдық күші бар нормативтік құқықтық актіні қабылдауы. Мұның өзі негізгі төрт сатыдан тұрады:
1) заң шығару бастамасы;
2) заң жобасын талқылау;
3) заңды қабылдау;
4) заңды жариялау.
Заң қабылдаудағы осы сатылардың барлығының орындалуы Қазақстан Республикасы Конституциясында өз көріністерін тапқан. Заң шығару бастамасы құқығы – құзырлы органдардың, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген адамдардың парламентке заңдар немесе басқалай да актілер шығару жөнінде немесе өзгерту, күшін жою туралы ұсыныстар енгізуге құқықтылығы. Мұндай ұсыныстар енгізудің соңы бұл мəселенің парламентте міндетті түрде қаралуымен аяқталады. Бұл заң шығару бастамасы ұсыныс немесе дайын заң жобасын парламентке беру түрінде көрінеді. Заң қабылдаудың ең жоғары органы мұндайда жаңағы ұсыныс немесе жобаны өз өндірісіне алуы тиіс. Мұндай ұсыныстар қамтамасыз етілуі тиіс. Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабына сəйкес заң шығару бастамасы құқығы ҚР парламент депутаттарына, ҚР үкіметіне тиесілі. Заң жобасын талқылау ең алдымен Мəжілісте өтеді. Мəжіліс депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қарастырылып барып қабылданған заң жобасы Сенатқа жіберіледі. Онда алпыс күн ішінде қаралуы тиіс. Сенат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданғаннан соң заң жобасы Заңға айналады, сөйтіп 10-күннің ішінде президентке қол қоюға тапсырылады. Қазақстан Республикасының Заңдары республика Президенті қол қойғаннан кейін өз күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Президенті заңға 15 күннің ішінде қол қояды, халыққа таратылады, жарияланады. Мұндай болмаған жағдайда заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылауға, дауысқа салуға парламентке жіберіледі. Егер де парламент əрбір палата депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен осының алдында қабылданған шешімін растаған болса, онда Президент 7 күннің ішінде заңға қол қояды. Егерде президент заңға қарсы болып ол қарсылығы қабыл алынса, онда заң қабылданбаған болып саналады да президент ұсынған редакцияда қабылданған болып саналады. ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу парламенттің əрбір палатасы депутаттарының жалпы санының төрттен үшінен кем емес дауыстарымен қабылданады. Конституциялық заңдар Конституцияда көзделіп қарастырылған мəселелер бойынша өрбір палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінен кем емес дауыспен қабылданады. Конституциялық заңдарды қабылдау немесе оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөне Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша мəселелерді қарауда заң жобасының екіден кем емес оқылуын жүргізу міндетті (ҚР Конституциясының 62-ші бабы). Барлық заңдар оған Президент қол қойғаннан кейінгі жеті күн ішінде ресми түрде жариялануға жатады. Заңдар ресми жарияланғанынан он күн өткеннен соң өз күшіне енеді. Егер де заңның өз күшіне енуінің басқаша нақты тəртібі сол заңда белгіленсе, онда заң өз күшіне сол тəртіп бойынша енеді. Заң техникасы – нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу тəсілдерінің, талаптары мен қағидаларының жиынтығы.
Достарыңызбен бөлісу: |