Аудармада жалқы атауларды берудің лингвистикалық ерекшеліктері. Тілдердің лингвомәдени сипаттамалары, рухани ұлттық мәдениетті танытып тұратын тілдік құралдар (лингвокультуремалар) екі тілдегі мәтінді – түпнұсқа мен аударма мәтінді салыстырғанда, нақтырақ байқалады. Лингвомәдени ерекшеліктері – ұлттық мәдениетпен біте қайнасқан, ұлттық мәдениеттен бөлшектенбейтін төл сипат – белгі: сондай – ақ мәдениеттердің байланысы мен қарым – қатынасынан туындаған сипаттар да бар. Бұл құбылыстарды зерттеуге көркем әдебиеттегі тұрақты теңеулердің, арнаулы ақпаратты әдебиет пен көркем әдебиеттегі фразалық тіркестердің салыстыруы көп үлес қосады. Аударылатын әдебиеттің тілі мен түпнұсқаның тілін қатар салғастыру, сондай – ақ мифологиялық, теориялық атауларды, материалдық мәдениет атауларының, уақыт пен кеңістікке қатысты ұғымдар атауларының және бұл аталғандарды белгілейтін образдық құралдардың аккумуляциялық қызметінен де мол мәлімет береді.
Бір тілден екінші тілге аудару қоғамға басқа елдің мәдениетімен етене араласуға, яғни аударма арқылы екінші халықтын мәдениетімен пікір алмасып, қарым – қатынасқа түсуге мүмкіндік береді. Белгілі бір ұлтқа, халыққа тән мәдени ерекшеліктерді екінші тіл оқырмандарына өзгеріссіз жеткізу – аударма саласындағы маңызды мәселе.
Аудармашыға қойылатын ең бірінші талап: ол екі тілде де барынша жақсы білуге тиіс. Оның үстіне, сөз мәнін, көркемдіктің қадірін білетін, өмірге суреткерше қарап, әрбір көрініс пен құбылысты көркем образдылық тұрғысынан ұғына алатын қиялы ұшқыр, ойы терең, жаны сергек те сезімтал, ақындық – жазушылық дарынның иесі болу керек.
Бұл айтылғандарға қосымша, аудармашыға ауадай қажет нәрсе – нағыз энциклопедиялық жанжақты, жоғары мәдениет. Ол түпнұсқаның тілінде сөйлейтін халықтың тарихынан, тұрмыс – салтынан, сол дәуірдегі қоғамдық қалыбынан мол хабардар болуға тиіс. Тіпті жалғыз сол халықтың ғана емес, жалпы адамзат тарихы мен мәдениетіне байланысты көп нәрседен мағлұматсыз болмауы керек. Өйткені ол әрбір ойдың түпкі төркіні қайдан шығып жатқанын біліп отырмаса, сөздің арғы сырын жеткізе алмайды. Бұл тұрғыдан аудармашыға ғалымдық білімпаздық, әр алуан сөздіктер мен энциклопедияға үйірсектік керек.
Қазақ аудармасының тарихында жалқы есімдерді мүмкіндігінше аудару үрдісі де болған. Мысалы: Пушкин – Зеңбіреков, Лев Толстой – Арыстан Жуанов, сондай – ақ Н.Гогольдің кейіпкерлері: Собакевич – Итбаев, яичница – уыз құймағы (М.Дәулетбаевтың аударуы); А.Чеховтың «Лошадиная фамилия» шығармасындағы Овсов – Сұлыбаев (А.Ахметовтің аударуы). Соңғы сөзді Бекмұхамедов сол күйінде қалуын ұсынса, С.Талжанов Сұлыбаев деген баламаны дұрыс аударылған деп табады, өйткені ғалымның пікірінше кейіпкелдің есімінің «сұлымен» байланыстылығы шығарманың идеясымен үндес. Мұнан шығатын мәселе – сол жалқы есімді басқа тілге жеткізудің жолы қандай екенін іздеу. Жалқы есімдер мен атауларды берудің көбінесе транскрипция, транслитерация, калька әдістері қолданылады. Ағылшын тілінің грамматикасы латын, ал орыс, қазақ тілдерінің грамматикасы кирилица жазуына негізделгендіктен жалқы есімдермен атауларды екінші бір тілде беру барысында, аудармашылар үшін қиындақтар туу мүмкін. Оқырмандардың кейбірі бір ағылшын есімінің орыс немесе қазақ тіліне екі түрлі аударылатындығына көңіл аударады. Мысалы: William – Вильям, Уильям, Watson - Ватсон, Уотсон. Мысалға Charles есімі ағылшын короліне қатысты айтылатын болса, «Карл» болып аудрылса, қазіргі таңда Чарлз болып аударылып жүр. Бұл не себептен? Жалқы есімдерді екінші бір тілде беруде белгілі бір тұрақталған ереже жоқ па деген сауал туындайды.
Бұрынғы уақытта жалқы есімдер транслитерация тәсілімен, яғни сөздің фонетикалық транскрипциясын еске алмай, сөздің графикалық, яғни әріптік формасын беру көп қолданылып келді. Мысалы, ағылшын ғалымы Исаак Ньютонның (Isaac Newton) есімі осы жолмен берілген. Уақыт өте келе транскрипция тәсілі, яғни орыс әріптерімен ағылшын сөздерінің фонетикалық берілуі, Исаак Ньютон есімі аудару барысында Isaac транслитерация тәсілімен, ал Newton транскрипция тәсілімен аударылғандығына көз жеткізуге болады. Кез келген аудармашы орыс немесе қазақ тіліне жалқы есімдерді қалай дұрыс аудару керектігін жақсы білуі қажет. Жалқы есімдерді аудару барысында белгілі бір әріптердің немесе дыбыстардың екінші бір тілде болмауына байланысты фонетикалық алмасулар кездесіп тұрады. Географиялық атаулар екінші тілге әр түрлі жолмен аударылады.
1. Калька тәсілі арқылы. Егер олардың құрамына аударылатын компонент кірсе. Мысалы, The rocky Mountains – Скалистые горы, The Salt Lake – Соленое озеро, The Black Sea – Черное море т.б.
2. Транскрипция тәсілі арқылы аударылады. Мысалы, Florida – Флорида, Washington – Вашингтон, Pearl Harbour – «Перлхарбер» - «Жемчужная бухта» деп аударылмай бастапқы қалпында қалған.
3. Аралас тәсілі арқылы аударылады, яғни семантикалық және транскрипция. Мысалы, Gulf of Mexoco – Мексиканский залив, River Thames – река Темза, The Pacific Ocean – Тихий океан, Hilton Hotel – отель Хилтон.
Ал, кейбір географиялық атаулар аударма тілінде, түпнұсқамен мүлдем сәйкес келмейді. Мысалы, England – Англия, The English Channel – Ла Манш. Басылым атаулары, көше, алаң, музыкалық топтардың атаулары да транскрипция тәсілімен аударылып, екінші бір тілде өз атауын сақтап қалады. Мысалы, Wall Street Journal – Уолл Стрит Джорнал, Beatles – Битлз, The Capitol – Капиталий, Detroit Red Wings – Детройт Ред Уингз. Қазіргі таңда көптеген журналистер немесе осы салада істейтін адамдар ағылшын атауларын аударуды керек ететін сөздердің барлығын, аудармай тек транскрипция тәсілі арқылы берудің нәтижесінде мәтін толығымен ағылшын сөздеріне толы болады. Бұл дұрыс емес, түзетуді қажет етеді. Кейбір атауларды дұрыс қысқартпай, бір – екі әріппен аударады. Халықаралық ұйымдар, мемлекеттер, қызмет және партия атаулары әдетте аударылады. Мысалы, Conservative – консервативная, House of Presentetives – палата представителей, US department of state - государственный департамент США.
Бірақ бұл жерге де бұл ережеге бағынбайтын атаулар кездеседі. Мысалы: Scotland yard – управление Лондонской полицией – Скотланд Ярд болып аударылады. Foreign office – иностранный офис емес, министерство иностранных дел, соедененного королевства, яғни Форин Офис болып қала береді. Intelligence service – развед управление Великобританий, яғни Интелидженс Сервис болып қала береді.
Ал, оқу орындарының атаулары жартылай немесе толығымен семантикалық аудармаға ұшырайды. Мысалы, Westren Michigan University – Западно – Мичиганский университет, Cherry Hill High School – школа высшей ступени Черри Хилл, St.Petesburg State University – Санкт – Петербургский государственный университет. Сонымен қатар, көлік марка, басылым атаулары транскрипция арқылы беріледі. Мысалы, Subaru – Субару, Ford Mustang – Форд Мустанг, Facts on File - Фактс он Файл, Новая газета - Novaya Gazeta. Тағы бір жалқы есімдердің түрі, реалийлер қатарынакіретін аңыз, ертегі кейіпкерлерінің атаулары транскрипция арқылы беріледі, өйткені олар белгілі бір халықтың ұлттық – мәдени реңкін көрсетеді. Мысалы, Алдар көсе – Aldar Kose, Баба - яга - Baba – Yaga, Goblin – гоблин, ал кейбір әдебиеттерде мағыналық компоненті бар есімдер аралас немесе калька тәсілі арқылы аударылады. Мысалы, Кощей безсмертный – Koshchey the Deathless (немесе Immortal), Mirkwood - Мехалесье.
Жалқы есімдердің болмысын толығымен ашу мен теория тұрғысынан ұғыну үшін олардың атқаратын рөлін анықтау өте маңызды. Лингвистикада, соның ішінде ономастикада атау қызметінің нақты мазмұны мен көлемін анықтаған бір шешім жоқ. Әрине, әр түрлі деңгейде берілетін элементтерден тұратын ауқымды құбылыс ретіндегі тілдің қызметіне қарағанда жалқы есім қызметтері жекелеген болып саналады. А.В.Суперанскаяның айтуы бойынша, «тілдегі жалқы есімнің арнайы ерекше қызметі жоқ. Олардың негізгі грамматикалық қызметі – сөйлемде бастауыш пен толықтауыш қызметін атқару, ал негізгі лексикалық қызметі – атау. Жалпы есімдердегі сияқты бұл функциялар жалқы есімдерге де қолдану аясы мен жағдай ерекшелігіне қарамастан тән»
Барлық зерттеушілер жалқы есімнің бірінші қызметі атау болып табылады дейді: «Сөздер болмыстағы заттар мен құбылыстарды атауы мүмкін: бұл номинативтік қызметі, атау қызметі; таза осы қызметті атқаратын сөздер – жалқы есімдер... Жалқы есімдер гипертрофирлі атау беруші: олар атау үшін қалыптасқан, бұл олардың мақсаты» (Реформатский А.А. Введение в языковедение. 10, 36,66)
Жалқы есімнің атау қызметі мен жекелеуші және ажыратушы қызметі тығыз байланысты, бұл аталмыш объектті басқа объектілермен салыстырып, ажыратуға, жекелеуге мүмкіндік береді. Н.Д.Арутюнованың пікірі бойынша, жалқы есім «индивидке қатысты теңестіру қызметін атқарып, белгілі бір дескрипцияның эквиваленті болып табылады» (11, 16). Н.В.Подольскаяның сөздігінде барлық үш қызметі: атау – салыстыру – жекелеуші қызметі деп бір – ақ жинақталған (12, 145). Дегенмен көптеген зерттеушілер оларды біріктіргенді жөн көрмейді, себебі олардың әрқайсысын ономастикалық қызмет деп қарастырады.
Жалқы есімдер мен реалияларды аудару жолдары. Жалқы есімдерді басқа тілге көшіру – күрделі де көп қырлы мәселе. Бұл көптеген түсінбеушіліктермен, қызығушылықтармен және қателіктермен байланысты. Өйткені, объектінің бірегей атауын сақтауға деген ұмтылыс бірқатар міндеттерді білдіреді. Бірақ бұл міндеттер бірқатар объективті шектеулерге байланысты, сондай-ақ бірігудің нақты жағдайларындағы осы міндеттердің кейбіреулері басқаларына қайшы келетіндіктен толығымен жүзеге асырылмайды [33].
Достарыңызбен бөлісу: |