1-дәріс. Кіріспе. Климатология гидрология негіздерімен пәнінің география ғылымдары жүйесіндегі орны
География (гр. “гео”-жер, «графо» - сипаттаймын, жазамын) – ежелгі ғылым салаларының бірі, бүкіл жер беті және оның жеке бөліктері: материктер мен мұхиттардың алуан түрлі табиғат жағдайлары туралы түсінік береді. География ғылымы өз ішінде, бір-бірімен тығыз байланысты физикалық география және әлеуметтік-экономикалық география деген салаға бөлініп, бұл екі сала бір-бірінен өздерінің зерттеу нысаны бойынша ажыратылады.
Физикалық география – географиялық қабық пен оның құрамдас бөліктерінің табиғат ерекшелігін зерттеумен айналысатын саласы. Ол табиғат құрамбөліктерін өзара әрекетте, бір-бірімен тығыз байланысты, біртұтас кешен ретінде қарастырады және олардың жер бетіне таралу заңдылықтарын айқындайды.
Әлеуметтік-экономикалық география – қоғамдық өндірістің географиялық орналасуын, түрлі елдер мен аудандардың шаруашылық құрылымының қалыптасу жағдайлары мен ерекшеліктерін зерттейді.
Сондықтан физикалық география табиғаттық ғылымдар тобына, әлеуметтік-экономикалық география қоғамдық ғылымдар саласына жатады. Жер табиғаты мен адамзат қоғамының арасындағы байланысты, бір-бірінен бөліп қарауға болмайды, сондықтан екі сала біртұтас география ғылымына жатады. Олар:
- адам табиғат құрамбөліктерінің құрамдас бөлігі (биосфераның) болып табылады. Биосфераның дамуы табиғи заңдылықтар негізіне бағынса, өндіргіш күштердің дамуы мен таралуы табиғатты, табиғат ресурстарын пайдаланумен тікелей байланысты;
- адамзат қоғамы өз кезегінде, табиғатқа аса зор ықпал жасайды. Мұндай ықпал қазіргі кезде жергілікті, аудандық көлемнен асып, ғаламдық шеңберге дейін көтеріліп отыр, мысалы, Жер шары климатындағы өзгерістер.
Географиялық қабық – өте күрделі табиғи құрылым. Оны құраушы табиғат бөлшектері құрамбөліктері деп аталады. Географиялық қабықтың құрамбөліктері – тау жыныстары және одан түзілген жер бедері мен топырақ, ауа, су және тірі организмдер, бір-бірімен өзара әрекеттесіп, байланысу нәтижесінде, түрлі көлемдегі физикалық географиялық немесе табиғат кешендерімен бірігеді. Жер шарындағы ең ірі кешен – жердің географиялық қабығы болып табылады.
Физикалық география зерттеу нысанына қарай – жалпы физикалық (жалпы жертану), аудандық (региональдық) және салалық физикалық география болып үлкен үш салаға жіктеледі.
Жалпы жертанудың зерттеу объектісі – жалпы планетарлық табиғи кешен болып табылатын географиялық қабық құрылысы мен оның табиғаты және ондағы түрлі табиғи құбылыстар заңдылығын ашу болып табылады. Географиялық қабық – жалпы заңдылықтарға бағынатын өзара байланыста және әрекетте болатын біртұтас кешен ретінде қарастырылады.
Географиялық қабық кеңістік бойынша жіктелуіне қарай зор алқаптарды қамтитын неғұрлым ірі және шағын табиғат кешендеріне бөлінеді. Кеңістік жіктелу бірліктерін анықтау, картаға түсіру және оларға кешенді физикалық географиялық сипаттама берумен аудандық (региональдық) физикалық география айналысады. Мысалы, материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы мен жекелеген елдер географиясы.
Физикалық географияға жекелеген физикалық- географиялық ғылым салалалары да кіреді. Олар географиялық қабықтың жеке құрам бөліктеріне тән ерекшеліктерді зерттеп, олардың даму заңдылықтарын ашады.
Қоғамның даму қажеттіліктері мен заманауи ғылыми-зерттеу әдістерінің пайда болуы және басқа да факторлар байланысты әр ғылыми білім саласы бойынша дифференциация және интеграция үдерісі жүреді.
Дифференциация (фр.differentiation, лат. Differentia – айырма, айырмашылық) – жалпы бүтінді түрлі бөлікке, элементке, бөлшекке жеке дара бөлу деген мағына береді. Ғылыми түсінік бойынша белгілі біртұтас ғылым жүйесін өз ішінде зерттеу бағыттарына қарай жеке салаларға бөлу.
Ғылым саласындағы дифференциация ХХ ғасырдың басынан басталды. Мысалы, біртұтас геология – минерология, динамикалық геология, тарихи геология, инженерлік геология, пайдалы қазбалар геологиясы сияқты ғылым салаларына бөлінді. Зерттеу бағытына қарай бірнеше салаларға бөліну химия, физика, биология және тағы да басқа ғылымдар жүйесінде де пайда болды.
Дифференциация үдерісі нәтижесінде ғылым зерттеу нысандарына қарай: іргелі және қолданбалы болып екі дербес салаға бөлінеді.
Іргелі ғылымдарға – математика, физика, механика, химия, биология, философия және тағы да басқа ғылым салалары жатса, қолданбалыға – барлық техникалық, ауыл шаруашылық ғылым салалары жатады.
Іргелі ғылымдар мақсаты – табиғат пен қоғам заңдылықтарын ой елегінен өткізіп, ғылыми-теориялық тұрғыда зерттеу болса, қолданбалы ғылымның басты мақсаты – ашылған ғылыми жаңалықтарды практикалық тұрғыда іс жүзіне асыру болып табылады.
География ғылымындағы дифференциация үдерісі XІX басталып, ХХ ғасырдың бірінші жартысында қарқынды дамыды. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ғылымда дифференциациямен бірге, интеграция ағымы пайда бола бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |