11-дәріс. Құрлық сулары. (Өзендер, көлдер, мұздықтар мен мәңгі тоң, жерасты сулары)
Жер адам баласының дүние есігін ашып, өмір сүру бесігі болса, су күнделікті тіршілігінде физиологиялық қажетін өтейтін маңызды өмір нәрі болып табылады. Сондай-ақ адам баласының жеке бас санитарлық – гигиеналық қажетінде де, судың маңызы ерекше болып саналады.
Гидросфераны құраушы ең маңызды су көздерінің бірі – құрлық сулары болып табылады. Оған жер асты және жер беті сулары – өзен, көл және мұздықтар жатады. Сондай-ақ, құрамында судың мол қоры кездесетін батпақ та құрлық суларын құрайды.
Өзендер – құрлық сулары ішіндегі жер бетіндегі тіршілік үшін ең маңызды және ерекше қасиетке ие түрі. Жер бетіндегі белгілі бір табиғи ойпаңмен ағатын су ағысы өзен деп аталады. Өзеннің басталатын жерін өзен бастауы деп атайды. Өзен өз бастауын бұлақ, көл, батпақ немесе мұздықтардан алуы мүмкін. Өзеннің көл немесе теңізге құятын бөлігі өзен сағасы деп аталады. Өзеннің бастауын дәл анықтау мүмкін емес, керісінше, сағасын анықтауға болады. Ал, кейбір климаты құрғақ аймақтардағы өзендер суы ешқандай көл немесе теңізге құймай, құмға сарқылып сіңіп кетеді. Мысалы, Мұрғаб, Тежен өзендері.
Өзеннің бастауынан сағасына қарай аласара беретін ойыс бөлігі өзен аңғары деп аталады, өзен аңғарының табаны және беткейлері болады. Өзен аңғарының үнемі су ағатын ойпаң бөлігі өзен арнасы деп аталады.
Өзен аңғарының су деңгейі көтерілген кезде жойылатын бөлігі өзен жайылмасы деп аталады. Өзен аңғары беткейлерінде беті горизонталь немесе сәл еңкіш, бірінің үстіне бірі сатыланып орналасқан тегіс алаң өзен террасасы (текшекемер)і деп аталады (26-сурет).
26-сурет. Өзен аңғарының құрылысы
1-арнасы, 2-жайылмасы, 3-террасасы, 4-беткейі.
Жеке өзен өзінің барлық салаларымен бірге өзен жүйесін (27-сурет) құрайды. Мысалы, Лена өзенінің жүйесі.
27-сурет. Өзен жүйесінің сұлбасы
Өзен жүйесі басты өзен атымен аталып, жер бетіндегі орналасу пішініне қарай шартты түрде симметриялы (Амазонка, Еділ) және ассимметриялы (Енисей, Лена) болып бөлінеді. Өзен жүйесі басты өзен мен оның салаларынан тұрады. Әдетте, өзен саласы басты өзеннен қысқа болып келеді.
Өзен салалары оның ағу бағытына қарай ажыратылып, оң және сол жақ салаларға бөлінеді. Басты өзеннің оң жағына келіп құйған өзен оң жақ саласы, сол жағына құйғаны сол жақ саласы деп аталады. Сондай-ақ өзен салалары бірінші және екінші қатардағы салалар болып та бөлінеді. Басты өзенге тікелей құйған өзен бірінші қатардағы, ал бірінші қатардағы салаға келіп құйған өзен, басты өзен үшін екінші қатардағы сала және т.с.с. болып табылады. Мысалы, Ертіс Обь өзенінің бірінші, Тобыл мен Есіл екінші қатардағы салалары болып саналады.
Өзеннің барлық салаларымен бірге құрылықтан су жинайтын ауданы өзен алабы деп аталады. Әр өзеннің өз алабы бар. Көршілес екі өзен алабын бөліп тұратын табиғи шекара суайырық деп аталады. Суайырық жер бедерінің биік нүктелерімен өтеді. Таулы өлкелерде ол өзен ағысын жоталар қырымен айқын ажыратады. Белгілі бір аумақпен ағып өтететін барлық өзендер өзен торын түзіп, өзі басталатын көл, батпақ немесе мұздықтармен бірге гидрографиялық тор құрайды.
Кейде өзен ағу барысында екі немесе одан да көп тармаққа бөлініп кетеді де, әрқайсысы бір-біріне байланыссыз ағып, бөлек алаптарға құяды. Бұл құбылыс бифуркация (екі айырылу) деп аталады. Мысалы, Ориноко өзені екі тармаққа бөлініп, бір бөлігі Рио-Негро өзені арқылы Амазонкаға құяды.
Өзеннің бастауынан сағасына дейінгі қашықтық өзен ұзындығы деп аталады. Жер шарындағы өзендер ұзындығы әр түрлі болып келеді. Мысалы, әлемдегі ең ұзын өзен – Ніл, оның Кагерамен қосқандағы ұзындығы 6671 км. Сондай-ақ, Миссисипи (6420 км) мен Амазонка (6400 км) да ұзындықтары жөнінен алдыңғы орынды алады. Өзен ұзындығын дәл анықтау мүмкін емес. Өлшеу жұмыстарын ірі масштабты (топографиялық) карталармен ғана жүргізуге болады. Өзен ұзындығын анықтауда курвиметр құралы пайдаланылады. Өзеннің ұзына бойындағы ағысы сипатына қарай: жоғарғы, орта және төменгі ағысы болып бөлінеді.
Белгілі бір жердегі барлық ағыс ұзындығының аудан көлеміне қатынасы өзен торының тығыздығы деп аталады. Ағыс ұзындығы км, аудан көлемі км2 есебімен алынады. Өзен торы тығыздығы алаптың грунт суы сипатына, жер бедеріне, өсімдік жамылығысы мен жауын-шашын мөлшеріне байланысты болып келеді. Егер грунт су сіңіргіш болып келсе, онда жер бетіне түскен жауын шашынның көбі, басты өзенге жер асты суы түрінде барып қосылады. Мұндай жағдайда өзен торы сирек болады. Таулы аймақтарға жауын-шашынның мол түсуіне байланысты, жер беті биіктеген сайын өзен торы жиілей береді.
Орманды жерлерде өзен торы сирек болады. Себебі, жауған жауын-шашынның көбі жер астына сіңіп кетеді. Аталған факторлар өзен торы тығыздығына бірігіп әсер етеді.
Өзен арнасымен ағатын су мөлшері өзен ағысының кесіндісімен анықталады. Өзен арнасының суға толған бөлігінің кесе көлденең кесіндісі өзен ағысының кесіндісі деп аталады. Өзен ағысының кесіндісі жоғарғы бөлігінде су бетімен, төменгі жағынан өзен түбімен шектеледі.
Өзен ағысы кесіндісінің су асты контурының ұзындығын ылғалдылық периметрі деп атайды.
Өзен кесіндісінің бастапқы және соңғы нүктелері биіктіктері айырмасын өзен құламасы деп атайды. Мысалы, Енисей өзенінің биіктігі Краснояр қаласы маңында маңында 133 м-ге тең болса, Енисейск тұсында 65 м. Сонда Енисей өзенінің құламасы 68 м (133м-65м=68м) тең болады.
Өзен кесіндісінің бастапқы және соңғы нүктелері биіктіктері айырмасының қашықтыққа қатынасы өзен еңістігі деп аталады.
Өзеннің құламасы мен еңістігі жер бедеріне байланысты болып, оның әр бөлігінде түрліше болып келеді. Соған байланысты өзен суының ағу жылдамдығы қалыптасады.
Жер шары өзендері ағыс сипатына қарай: жазық жер және тау өзендері болып бөлінеді.
Жазық жер өзендері кең аңғарлы, тегіс беткейлі, еңістігі шамалы болып, су ағысы баяу келеді. Мысалы, Обь, Еділ өзендері. Тау өзендері, әдетте, тік беткейлі, тар жартасты аңғарлармен ағады. Мұндай тар аңғарларды шатқал деп атайды. Тау өзендері басын биік таулардан алады. Сондықтан оның суы аңғарларын қаза отырып, гүрілдеп, көбік шашып ағады.
Өзен арнасы біркелкі тегіс болмай, оның бір бөлігі таяз, енді бір жері терең болып келеді. Өзен арнасының таяз жері қайраң деп аталады. Қайраңда су жылдам ағады. Өзен арнасындағы терең жерлері иірім деп аталады. Бұл жерде су ағысы баяу болады. Қайраңдар мен иірімдер әсіресе, үлкен өзендердің жоғарғы және орта ағыстарына тән.
Өзен арнасында суға шайылмайтын қатты тау жыныстарының (гранит, кристалды сланец) немесе дөңбек тастардың ұшырасуы нәтижесінде шоңғалдар пайда болады. Ондай жерлерде өзен суы тастан тасқа шапшып, буырқанып ағады. Шоңғалдар негізінен тау өзендеріне тән. Жазықтықтарда ежелгі платформаның кристалдық фундаментін құрайтын тау жыныстары ашылып жатқан немесе магмалық тау жыныстары таралған жерлерде кездеседі. Шоңғалдар өзен бойымен кеме қатынасына кедергі келтіреді.
Өзен арнасының суға шайылмайтын, қатты тау жыныстары кездесетін жерлерінде өзен суының тік кемерден төмен қарай құлап ағуы сарқырама деп аталады.
Кез келген сарқырамаға сипаттама бергенде басты критерий ретінде өзен арнасы бойымен құлаған судың биіктігі мен енінің шамалары алынады. Аталған белгілеріне қарай сарқырамалар екі типке: бірінішісі, су арнасының ені биіктігінен артық сарқырамалар (5- кесте), екіншісі, құлау биіктігі енінен жоғары сарқырамалар (6 - кесте) деп бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |