«НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІ»
ДЕРБЕС БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫ
ҚАЗАҚ ТІЛІ
(оқыту тілі қазақ тілінде,
жаратылыстану-математикалық бағыт)
Оқу жоспары
2019-2020 оқу жылы
10-сынып
Түсінік хат
Оқу жоспары, пән туралы түсініктеме, сынып, жылдық жүктеме.
Орта мерзімді оқу жоспары қазақ мектептерінде қазақ тілін оқыту бағдарламасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының оқыту қазақ тілінде жүргізілетін жаратылыстану-математикалық бағыттағы жалпы білім беретін мектептерінің 10-сыныбына әзірленді.
Орта мерзімді оқу жоспары мұғалімге лексикалық тақырыптар негізінде, оқушы игеруге тиіс оқу дағдыларын дамыту жолдарын ұсынып, белсенді жұмыс түрлерін ұйымдастыруға көмек беруді көздейді.
Орта мерзімді оқу жоспары оқушылардың ұлттық дүниетанымын кеңейтуге, шығармашылық қабілеттерін арттыруға, коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге, алған білімін өмірдің кез келген саласында тиімді қолдана білуіне ықпал етеді.
Пәнді оқытуға аптасына 1 сағаттан, барлығы 34 сағат бөлінген.
Лексикалық тақырыптар мақсаты.
Ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес орта мерзімді жоспардағы 5 бөлімде төмендегі лексикалық тақырыптар қамтылған:
1. Қазіргі қоғам құндылықтары: мәдениет және өркениет. Сөз мәдениеті
2. Индустрияландыру: ұлттық өндіріс. Сөз мәдениеті
3. Адамзат дамуының жаһандық мәселелері. Тілдік жүйе және норма
4. Адам өмірін сақтау. Тілдік жүйе және норма
5. Сәулет өнері. Тілдік жүйе және норма
Лексикалық тақырыптар оқушының белсенді сөздік қорын байытуға, алған білімін күнделікті өмірде қолдана алуға, өз ойын ашық, еркін жеткізе білуге мүмкіндік береді.
Оқу мақсаттарымен жұмыс жүргізу жолдары
Оқу жоспарында көрсетілген оқу мақсаттары оқушылардың айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым әрекеттерін қамти отырып, коммуникативтік дағдыларын сенімді қалыптастыруға, сол негізде 10-сыныпты аяқтағанда күтілетін нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Мұғалім сабақ жоспарын құруда лексикалық тақырыпты басшылыққа ала отырып, сынып деңгейіне, тақырып қажеттілігіне қарай бір академиялық сағатта бір немесе екі коммуникативтік әрекетті негіз етіп алады, ал басқа коммуникативтік әрекеттер жанама түрде қолданыла береді. (Мысалы, тыңдалым/ айтылым, оқылым/ жазылым). Әрбір әрекет бірнеше оқу мақсаттары арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Сабақ жоспарын құру барысында коммуникативтік әрекеттің барлық түрін бір деңгейде қатар алмаған дұрыс. Олардың бірі не екеуі негізгі болса, қалған екеуі жанама түрде дамытыла береді. Мұғалім орта мерзімді жоспарда ұсынылған лексикалық тақырыпқа бөлінген оқу мақсаттарының орын тәртібін сабақ түрі мен әдістерінің қажеттілігіне қарай өзгерте алады.
Пәнаралық байланыс, шынайы өмірмен байланыс.
10-сыныптың орта мерзімді жоспарындағы лексикалық тақырыптарды меңгерту «Ғылымға кіріспе», «Бейнелеу өнері», «Дене шынықтыру», «Технология», «Өзін-өзі тану», «Қазақстан тарихы» пәндерімен тығыз байланыста жүргізіледі. Пәндерді кіріктіріп оқыту кезінде басқа пән мұғалімдерімен бірлесіп, командалық сабақ жоспарларын әзірлеуге болады. Сондай-ақ, осы пәндермен кіріктірілген сабақ жоспарын құрып жүргізуіне болады. Мұғалім қазақ тілін басқа пәндермен тығыз байланыста оқыту арқылы оқушының академиялық сөйлеу және жазба тілін қалыптастыру мүмкіндіктеріне ие болады. Лексикалық тақырыптар ретінде сұрыпталып іріктелінген мәтіндер мен оларға байланысты құрылған тапсырмалар шынайы өмірмен байланысты жағдаяттардан туындап немесе соған жуықтатылуы тиіс. Сонымен қатар, оқу материалдарының мазмұны мен тапсырмалардың орындалу логикасы оқушылардың даму деңгейіне сай ойлау, түсіну ерекшеліктеріне сәйкес таңдалынады.
Грамматиканы функционалдық-коммуникативтік мәнмәтінде оқыту
Орта мерзімді жоспарда оқушылар меңгеруге тиісті грамматикалық тақырыптар көрсетілген:
- 10. 4.1.1 мәнмәтін бойынша тілдік бірліктерді орфографиялық нормаға сай жазу;
- 10. 4.2.1 сөйлеу ағымындағы интонацияның құрамдас бөліктері: әуен, әуез, тембр, қарқын, кідірісті сөйлеу мәнеріне сай қолдану;
- 10.4.3.1 белгілі бір тақырып аясында сөздерді іріктеп, түрлендіріп, талғаммен қолдана білу;
- 10. 4.4.1 сөзжасамдық және синтаксистік нормаларды сақтай білу;
- 10. 4.5.1 сөйлем және мәтін деңгейінде тыныс белгілерін қолдана білу.
Қазақ тілін қазақ мектебінде ана тілі ретінде дәстүрлі оқытуда грамматиканы «тіл формасынан тіл мазмұнына қарай жүрумен» оқытып келсе, грамматиканы функционалдық оқытуда «тіл бірлігінің қызметінен оның формасына қарай жүру» логикасына қарай өзгерді.
Бір жағынан, нақты мәнмәтінде, мәтінде қандай грамматикалық құралдар қатысып тұрғанын көрсету мақсаты көзделінсе, екінші жағынан, грамматикалық тәсілдер тобы арқылы берілетін семантикалық функцияларды талдау мен жинақтау көзделеді.
Грамматиканы функционалдық тұрғыдан оқытуда грамматикалық бірліктердің функциялары мен формалары тығыз бірлікте қарастырылады.
Грамматиканың формалды жағы – грамматикалық бірліктердің таптарға жіктелуі, категорияларға бөлінуі арқылы танылады.
Енді осы грамматикалық бірліктердің мәтінді құруға қатысуда қандай функционалдық мағыналық қызмет атқарғанын таныту функционалдық грамматиканың міндеті болып табылады.
Сөйтіп, грамматикалық дағдыларды қалыптастыру бірізділігі оның білдіретін мағыналық қызметімен тығыз байланыста жүргізілуі керек. Ондай мүмкіндіктер мәтіндерді қолдана отырып оқытуда молынан табылады.
Қазақ тілін оқытудың жаңа басым бағыттары: функционалдық, мәтінге негізделген, коммуникативтік әрекет.
Сондықтан қазақ тілі сабақтарының заманауи талаптары: тіл бірліктерінің мәтінқұраушы және көркем-мәнерлі функцияларын таныту негізінде құрылған жаңа білім мазмұны, грамматиканы функционалдық негізде оқытудағы мәтіннің білім көзі ретіндегі маңызды орны, қазақ тілі мен қазақша сөйлеу және жазба тілінің тұтастықта танылуын көздейтін жаттығулар жүйесі.
Қазақ тілін функционалдық-коммуникативтік тұрғыдан оқытудың әдіс-тәсілдері.
Орта мерзімді жоспарда ұсынылған әдіс-тәсілдер оқушылардың оқу және ойлау белсенділігін арттыруға бағытталған. Коммуникативтік әрекеттерді дамытуға бағытталған тапсырмалар өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес белгілі бір жүйемен жүзеге асады. Мысалы, тыңдалым дағдысын жүзеге асыру үшін тыңдалым алды, тыңдалым, тыңдалымнан кейінгі тапсырмалар ұйымдастырылуы тиіс.
Тыңдалымға арналаған сабақ құрылымы:
Тыңдалым алдындағы тапсырма: тақырыпты таныстыру; тыңдалымдағы маңызды сөздерді үйрету; тақырыпқа қатысты сұрақтар құра отырып, сол тақырыптағы оқушы білімін қозғау.
Тыңдалым тапсырмасы: әртүрлі тыңдалым дағдыларын қалыптастыруға арналған жаттығулар тобы; олар жалпы мазмұнын түсінуден бастап, детальді түсінуге бағытталады.
Тыңдалымнан кейінгі тапсырма: тыңдалымдағы тақырып туралы сұрақтардан тұрады және ол сұрақтарға өз көзқарастарын білдіріп, тәжірибелерімен байланыстыра отырып жауап берулері тиіс. Сонымен қатар сұрақтар жауап беру барысында тыңдалымдағы сөздерді пайдалана алатындай құрылуы қажет.
Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптарда тыңдалым/ айтылым дағдысы қатар жүреді. Мұғалім тыңдалымнан кейінгі айтылым тапсырмаларын дискуссия, дебат, сұхбат және т.б. белсенді жұмыс түрлері арқылы ұйымдастырады.
Оқылымға арналаған сабақ құрылымы:
Оқылым алдындағы тапсырма: мәтін тақырыбын ашуға бағытталған тапсырмалар, сөздерді алдын-ала үйрету, мәтін мазмұнын болжауға байланысты сұрақтар қою.
Оқылым тапсырмасы: әртүрлі оқылым дағдыларын дамытуға арналған тапсырмалар (сұрақтар). Алғашқы тапсырмалар жалпы мазмұнын түсінуге бағытталса, кейінгі тапсырмалар нақты ақпаратты табуға арналуы тиіс.
Оқылымнан кейінгі тапсырма: мәтінде көтерілген мәселеге, ақпараттарға байланысты талқылау сұрақтары. Мұндағы сұрақтар олар үйренген жаңа сөздерді, мәтінде кездестірген сөздерді қолдана отырып, жауап бере алатындай ұйымдастырылуы қажет. Сонымен қатар, сұрақтар оқушылардың өмірлік тәжірибесімен де байланысып, өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік бере алатындай құрылуы керек.
Жазылымға арналған сабақ құрылымы:
Жазылым - төрт дағдының бірі және ол өнімді дағдылар қатарына жатады. Яғни өнімді дағды дегеніміз – тіл құбылыстары туралы ережелерге, модельдерге сүйене отырып сөйлеу немесе жазу. Жазылым түрлері: тізім жасау, құттықтау қағазы, электрондық хат, күнделік, хабарлама, әңгімелер, эссе және т.б.
Жазылым түрлерінің әрқайсысының өздеріне сай ерекшелігі болады. Ол жазылым түрлерінің құрылымына және мақсаты мен шешуі тиіс міндеттеріне байланысты болып келеді. Мысалы, жазу стилінің деңгейлері: ресми (ғылыми, іс қағаздар стилі) және бейресми (ауызекі сөйлеу сөздері); жазуда мәтінді немесе ақпаратты жазудың өзіндік тәртіптері ақпараттарды орналастыру реті; мәтіннің ұйымдастырылуы.
Жазылым дағдысын қалыптастырудың бірнеше жолдары бар. Солардың ең бастылары - продуктивті жазылым және жазылым үдерісі.
Егер жазылымды үлгі беру арқылы үйретсек, мұны продуктивті жазылым деп атаймыз. Яғни мұғалімдер жазылым түрлерінің үлгісімен таныстырып, мәтінмен жұмыс жасатуы керек. Белгілі бір жазылым үлгісі оның мазмұнымен, лексикасымен, стилімен және құрылысымен таныс болуға көмектеседі. Сонымен қатар, үлгілер оқушыға қалай жазуы керек туралы идеяны да береді.
Ал егер мұғалім оқушыларға жазылымның барлық қадамдарымен жұмыс жасауды қамтамасыз етсе, бұлд жазылым үдерісі деп аталады. Толығырақ айтқанда, жазылымды жоспарлаудан бастап, алғашқы нұсқасын жаздырту, түзету, тексеруге дейінгі оқушылардың әрекетін ұйымдастыру. Бұл оқушыларға жазылымның әртүрлі аспектілерімен әртүрлі уақытта жұмыс жасай білуге дағдыландырады. Мысалы, жоспарлау кезеңінде идеяларды ойлап табады және ұйымдастырады, алғашқы нұсқасын жазу кезеңінде өз ойларын жеткізу үшін қажетті сөздерді, сөйлем құрылымдарын іздейді, түзету және тексеру кезеңінде жазылымның ұйымдастырылуы, сауаттылығы, ондағы идеяларды бағалауға, яғни өз жұмысының артықшылығы мен кемшіліктері туралы ойлануға мүмкіндік береді.
Белгілі бір жазылымды толық орындау үшін бірнеше қадамдар жасалады:
Әуелі жазылуы көзделген нәрсені анықтап алу;
ойыңды дұрыс жеткізуді жоспарлау;
шимай нұсқасын (өзгертілуі мүмкін жазылым түрі) жазып көру
түзету және редакциялау ( қателерді түзету және мазмұнын толықтыру)
тексеріп шығу (сауаттылыққа тексеру және түзеу)
дұрыс нұсқаны (екінші немес соңғы нұсқаны жазып шығу) жазу.
Орта мерзімді жоспардағы оқу мақсаттарын жүзеге асыруда ұсынылған әдіс-тәсілдермен қатар, мұғалім өзі тиімді деп тапқан басқа әдіс-тәсілдерді де қолдана алады.
Ресурстармен жұмыс туралы
Қазақ тілі сабақтарында мұғалім оқулықтармен қатар, ғаламтор желісінен алынған есту және көру материалдарын, аудиохабарламаларды, телебағдарламаларды, газет-журналдардан алынған ақпараттарды, кесте, диаграмма, сызбаларда берілген мәліметтерді де таңдай алады.
Оқу жоспарында ұсынылған ресурстар мұғалім үшін бағыт-бағдар ретінде беріліп отыр. Мұғалім оларды қажеттілігіне, сынып деңгейіне, жас ерекшелігіне қарай өзгерте алады.
I тоқсан
|
1-бөлім: Қазіргі қоғам құндылықтары: мәдениет және өркениет.
Сөз мәдениеті
|
Меңгерілген білімді дамыту:
Оқушылар 9-сыныпта алған білім, білік, дағдыларына сүйенеді. Негізгі мектепте қалыптасқан дағдыларымен сабақтастықты сақтай отырып, коммуникативтік дағдыларын, білімдік және ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу, өз бетімен білім алу, сыни ойлау және шығармашылық, креативті ойлау қабілеттерін дамытатын болады.
|
|
Бөлімге шолу.
Бұл бөлімнің тақырыбы: Қазіргі қоғам құндылықтары: мәдениет және өркениет
Бөлімнің мақсаты: ана тілін құбылыс ретінде таныта отырып, оқушылардың ана тілінде жетік және сауатты сөйлеу, жазу, тыңдағанын түсіну, сөйлесу дағдыларын жетілдіру, әртүрлі мәтіндер, ақпарат көздерімен мұғалім басшылығымен және өз бетімен жұмыс жасауға дағдыландыру, туындаған өмірлік жағдаяттар бойынша ана тілінде дұрыс және айқын, орынды өзіндік көзқарасын білдіру, шешім қабылдай білу мен қорытынды шығару дағдыларын қалыптастыру. Осы тақырып аясында оқушылар тіл мен сөйлеу әрекеттері түрлері туралы білімін кеңейтеді, танымдық ақпарат алады, өзге пәндер бойынша меңгерген білімін қазақ тілінде сауатты қолдана алады. Коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру арнайы жүйеленіп көрсетілген оқу мақсаттары арқылы жүзеге асады.
Бөлімде қамтылатын оқу мақсаттары:
10.1.1.1 мәтін үзінділері бойынша болжам жасау, өз біліміне сүйеніп тақырыпты жалғастыру;
10.1.3.1 мәтінде көтерілген мәселені (қоғамдық- саяси) талдай отырып, негізі ойды анықтау және ғаламдық мәселелермен байланыстыру
10.2.2.1 ғылыми-көпшілік стильді тілдік құралдар арқылы тану (терминдер, тілдік оралымдар, өзге стиль элементтері);
10.2.5.1 мәтіндегі негізгі ойды анықтау, көтерілген мәселеге баға беріп, мәліметтер мен пікірлерді өңдей білу
10.3.3.1 қажетті клишелер мен лексикалық құрылымдарды қолданып, көтерілген мәселе бойынша өз ойын дәлелдеп эссе жазу («келісу, келіспеу» эссесі)
11.4.2.1 сөйлеу ағымындағы интонацияның құрамдас бөліктері: әуен, әуез, тембр, қарқын, кідірісті сөйлеу мәнеріне сай қолдану;
10.4.1.1 мәнмәтін бойынша тілдік бірліктерді орфографиялық нормаға сай жазу
Пәнаралық байланыс.
Бұл бөлімнің тарих, әдебиет, өзін-өзі тану, экономка, география пәндерімен байланысы бар. Мұғалім әртүрлі мәтіндерді талдау арқылы осы пәндерді кіріктіре алады.
|
Коммуникативтік дағдыларға сілтеме
|
Оқыту мақсаттары
|
Ұсынылатын әдіс-тәсілдер
|
Мұғалімге ескертулер
|
Оқыту ресурстары
|
Болжау
|
10.1.1.1 - мәтін үзінділері бойынша болжам жасау, өз біліміне сүйеніп тақырыпты жалғастыру;
| Тыңдалым алды тапсырма. |
Достарыңызбен бөлісу: |