МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ....................................................................................................... 3
ҚАЗІРГІ ІСКЕРЛІК БАСЫЛЫМДАР: ТАРИХ ПЕН ТӘЖІРИБЕ
1.1 Іскерлік басылымдардың қалыптасуы, дамуы................................... 9
1.2 Іскерлік басылымдардағы тақырыптық, жанрлық ізденістер......... 24
2 ІСКЕРЛІК БАСЫЛЫМДАРДЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ
2.1 Іскерлік журналистика және ғаламтор ......................................... 43
2.2 Инфографика заманауи іскерлік баспасөздің негізгі пішіні......... 56
ҚОРЫТЫНДЫ ................................................................................... 72
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ....................................... 76
ҚОСЫМША А .................................................................................... 80
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алып дүниежүзілік адамзат көшіне жеке мемлекет ретінде қосылған бүгінгі күні халқымыздың әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени өмірінде бұқаралық ақпарат құралдарының алар орны, атқарар қызметі өте салмақты болып отыр.
Бүгінгі таңда қоғамдық санаға ықпал ететін бұқараны ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірден-бір күш бұқаралық ақпарат құралдарының басты тетіктерінің бірі – баспасөз болып табылады. Баспасөздің қоғамымыздағы алатын орнына жоғары баға берген Республикамыздың Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Газеттер мен журналдарға арқа сүйеместен өз саясатыңды қалай жүргізіп, реформа мәнін қалай ұғындыруға болатынын түсінбеймін. Егер ең бұқарашыл саяси мінберден айырылсақ, жұртты өз іс-әрекетіміз туралы, аймақтардың даму перспективасы туралы, мәселені шешудегі көзқарастар туралы қалайша хабардар етпекпіз» [1,2-б.], – деп атап көрсеткен.
Бүгінгі демократиялық елімізде баспасөздің қоғамдағы рөлі елеулі өзгеріске ұшырады. Ол бұрынғыдай насихатшы ғана емес, сонымен бірге қоғамдық ой-санамыздың сараптаушысы және қоғамдық ой-пікірді қалыптастырушы да болып отыр. Сондай-ақ қазіргі қазақ баспасөзінің рөлі артуда. Әсіресе, бизнес, қаржы, банк, кәсіпкерлік мәселесі, еліміздің тәуелсіздік алғаннын кейінгі іскерлік саласын насихаттау, таныстыру ісінде атқарып отырған қызметін ерекше айтуға болады.
Сонымен баспасөзімізден өзіндік орын алатын іскерлік басылымдардың орны ерекше. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, осы іскерлік басылымдар бизнес мен банк, қаржы мен салық, жалпы еліміздің, экономикамыздың даму деңгейін көтеріп, қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік туғызды. Сөйтіп, осы іскерлік БАҚ-тар арқылы экономикамыздың қыр-сырын игеру, еліміздегі адамдардың қаржылық, экономикалық сауаттылығын қалыптастыру ісінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Бірақ мұның бәрі үлкен қиыншылықпен, ізденіспен келді. Өкініштісі, осы ауқымды жұмыстарды атқаратын газет-журналдар тым аз. Алайда, осындай аумалы-төкпелі кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарының ішінен әртүрлі іскерлік басылымдар түрлі проблемаларды көтеруде, қазақ баспасөзі ғана өзіндік үн естіртіп келеді. Олардың ішінде іскерлік басылымдардың үлес салмағы басым деп айта аламыз.
Іскерлік басылымдар дегеніміз – тек бизнес, қаржы, банк, құнды қағаздар, биржа, салық салаларына арналған газет немесе журналдар. Қазіргі кезде қазақ журналистикасында іскерлік басылымдардың үлкен шоғыры қалыптасты деуге негіз бар. Іскерлік басылымдар салалық басылымдардың бір бөлігі. Сондықтан алдымен салалық басылымдарға берілген анықтамаларға қысқаша тоқталғанымыз жөн деп білеміз. Салалық баспасөз туралы белгілі ғалым Т.Бекниязов былай дейді: «Салалық баспасөз – түрлі салаларды қамти отырып бөлінеді. Министрліктер мен комитеттердің жұмысына арналады. Сондай-ақ оқу-білімге, өндіріске, ауыл шаруашылығына, құрылысқа, қаржыға, бизнеске т.б. арналуы мүмкін», - дей келе ғалым: «...Қазақстанда салалық болып жіктеледі. Әлеуметтік топтарға және тақырыптық бағытта да басылымдар бар» [2, 45-б.],- дейді.
Қазақ баспасөзі тарихында білімге, өнерге, спортқа, тек қаржы саласына, бизнеске арналған салалық басылымдар болды. Сол салалық басылымдардың өзіндік мақсат-мүддесі бар. Бұл басылымдар қазақ халқының рухани дүниесінде үлкен мәнге ие. Оның үстіне қазіргі уақытта кез-келген сала дамып, күрделене түсуде. Осы салаларды саралап, жіктеп таразылайтын жеке-жеке ғылым салалары пайда бола бастады. Сондықтан да салалық басылымдарға қажеттілік туды.
Осы ретте Ресей ғалымы А. Мураковскийдің мына сөзімен келіспеуге болмас: «Журналистиканы салаландыру өте қажет. Мәселен, физика туралы жазатын журналистер кез келген ғалымдармен ядролық физика туралы тең дәрежеде сөйлесе білетін деңгейде болуы қажет. Бұл жерде журналистке жоғары біліктілік, саланы жете меңгергендік қажет болады. Оның әмбебаптылығынан гөрі, салаланғандығы маңыздырақ. Сондықтан да қазіргі уақытта бір саланы жетік меңгерген журналистерге сұраныс жоғары. Бір саланы жақсы меңгерген журналист қана сол саланың барлық проблемасын, оны шешу жолдарында қандай адамдардың жүргендігін біледі, оларды сөзге тарта алады, бір сөзбен айтқанда өзіне не керектігін біледі» [3, 12-б.].
Ғылым мен техниканың дамуы адамдардың барлық салада әмбебап болуын қажетсінеді. Мәселен, күнделікті қоғамдық-саяси басылымдарда жұмыс істейтін адам саясатты да, экономиканы да, бизнес саласын да қажет болған жағдайда мәдениетті де жазуға дағдыланған. Өйткені оған қойылған талап солай. Бірақ олай болуы мүмкін еместігін барлығы біледі. Жан-жақты хабардар болуы мүмкін, бірақ барлық саланы бір адам бес саусақтай меңгеруі ақылға сыйымсыз. Сондықтан да болар қазіргі күнделікті, апталық басылымдар редакцияны тақырып бойынша жеке-жеке топтарға бөліп тастаған. Мәселен, экономика, саясат, әлеумет, қаржы, спорт т.б.
Бүгінгі уақытта іскерлік басылымдарда кездесіп отырған бір проблеманың ұшы осы «әмбебап» кадрларға байланысты болып жатады. Аталған мәселе жайлы «Мәдениет» журналының бас редакторы Д.Исабеков жақсы пікір айтады: «Қаптап жүрген журналистердің көпшілігі біздің талабымызға сай келмей жатты. Олардың арасында саланы жақсы білетін, олардың ішкі проблемаларына үңіліп қарай алатын, кез келген саланың жетістіктері мен кемістіктерін әлемдік процестермен ұштастыра отырып сараптама жасай алатын қаламгерлер сирек боп шықты» [4,7-б.], – дейді. Негізгі проблеманың бәрі маманда екені баршамызға аян. Сондықтан да салалық басылымдар айналасындағы мәселелер, олардың бүгінгі қоғамда атқарып отырған қызметтері жайлы зерттеу артықтық етпесі анық.
Жалпы қазіргі іскерлік басылымдар бүгінгі уақытта жеке зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі деп шегелеп айтқымыз келеді. Іскерлік басылымдардың құрылымдық, жанрлық, тақырыптық ерекшеліктеріне жеке-жеке талдау жасау арқылы қазақ журналистикасы тарихында іскерлік басылымдардың орнын анықтау бүгінгі тәуелсіз қазақ журналистикасының маңызды міндеттері деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |