«Әдіснамалық қамтамасыз ету» термині арнайы нәрсені – зерттеу тақырыбын қалай құрастыру керектігін, мәселелерді шешу жолдарын, болжамдыы құруды, зерттеу логикасының қалай болу керектігін және т.б туралы білімдерді көрсетеді. Зерттеуді әдіснамалық тұрғыдан қамтамасыз ету – білім жиынтығын пайдалану, яғни, оған жалпы философиялық әдіснама, педагогика саласындағы зерттеу бағдарламасын негіздеу үшін әдіснамалық зерттеулер нәтижелері, оның логикасы мен әдістері, сонымен қатар, ғылыми жұмыстың сапасын бағалау үшін қажет. Осылайша, кез келген ғылыми жұмысқа қатысты рефлексия мазмұны ретінде болады.
Әдіснамалық зерттеулердің нәтижелері педагогиканың ерекшелігі туралы білім, оның басқа ғылымдармен байланысы, педагогикалық фактілер туралы, педагогикалық теориялар қалыптастыру жағдайлары туралы, нақты және жалпы педагогикалық зерттеулердегі педагогиканың пәні мен объектісі туралы білім болып табылады. Әдіснамалық білімдер педагогикалық қызметтің заңдылықтарын және құрастыру жүйесін анықтау міндеті бар арнайы-ғылыми зерттеулер жүргізу үшін бағыт ретінде қызмет етеді. Әдіснамалық зерттеулердің мақсаты танымдық қызмет туралы, оның нәтижелері мен пайдалану мүмкіндіктері туралы жаңа білім алу болып табылады.
Әдіснамалық зерттеудің әдіснамасы мен әдістемесі. Әдіснамалық зерттеулердің міндеті мен пәні. Педагогика ғылымы соңғы жылдардағы зерттеулерінде әдіснамалық зерттеулердің пәні мен міндеттерін нақтылады. Бұл мәселелерді шешу барысында көптеген көзқарастар көрініс берді. Кейбір педагог ғалымдар педагогика әдіснамасының болуының өзіне күмәнданды. Олар бізде тек қана бірден бір ғылыми әдіснама – философиялық теория, диалектикалық және тарихи материализм бар деп айтты. Сондықтан, педагогикалық зерттеулерде философиялық әдіснаманы қолдануды үйренген жоқ, жеке арнайы педагогиканың әдіснамасын ойлап табудың қажеті жоқ деп түсіндірді. Ғылыми танымның ең сенімді құралы – философиялық әдіс – материалистік диалектика педагогикалық зерттеу әдістерінде шамалы нақтыланады, түрін өзгертеді деп түсіндірді. Олар жеке нақты ғылымдарда өзіндік ерекше әдіснама болмайды және болуы мүмкін емес деген бағытын ұсынды. Қызу пікірталас пен мәселені жан-жақты зерттеу нәтижесінде философия жалпы әдіснама болып табылады, алайда ол нақты ғылымдардың әдіснамасын жоққа шығара алмайды және айырбастай алмайды деген пікір орнықты.
Жалпы білім жеке білімді алып тастай және айырбастай алмайды. Әдіснамашы-ғалым В.Е. Гмурман педагогиканың әдіснамасының болу мүмкіндігін жоққа шығаратын нигилистік көзқарастың негізінде жалпы мен жекені қате теңестіру жатқанын тура әділетті түрде атап көрсеткен еді. Педагогика әдіснамасының басқа нақты ғылымдардың әдіснамасы сияқты өмір сүруге құқы бар. Педагогиканың әдіснамасын жасау қажет, неғұрылым ол жақсы зерделенген сайын педагогикалық зерттеулер тиімді болады, педагогика ғылымының теориялық деңгейі жоғарылай түседі. Педагогиканың әдіснамасының пәні қандай, ол қандай мәселелерді зерттеумен айналысуы керек? Бұл сұрақ төңірегінде де түрлі пікірлер, көзқарастар туындады. Кейбір авторлар бұл пәнді тар мағынасында, яғни әдіснама зерттеудің әдістері немесе тіпті тәсілдері туралы ғана ілім деп түсіндіруге бейімділік танытты. В.Е. Гмурман педагогика әдіснамасының пәнін нақтылауға ұмтыла отырып, оның пәні ретінде педагогикалық шынайылықты тану үдерісі мен оның нәтижесі деп педагогикалық білімдердің жүйесін (жиынтығын) есептеуді ұсынды. Ғалым теориялық және эмпирикалық деңгейдегі зерттеулерді ажырата келіп, эмпирикалық білім құбылыстардың сыртқы байланыстарын табуға көмектеседі деп тұжырымдайды
Педагогикалық шынайы болмысты тану үдерісін зерделегенде мына сұрақтар қойылып, мәселелер шешіледі: зерттеу әдістері, олардың ерекшеліктері мен өзара байланысы, сапалық және сандық сипаттамалардың арақатынасы, мазмұндық және құрылымданған әдістердің мазмұны, ұғымдар мен бейнелердің, ғылыми дәйектер мен болжамдардың мазмұны, зерттеудің типтері мен деңгейлері (логикалық және тарихи; эмпирикалық және теориялық), педагогика ғылымының дамуын болжаудың әдіснамалық мәселелері және басқалар.
Педагогикалық білімдер жүйесін тану үшін басқа да мәселелер зерттеледі: педагогиканың пәні, педагогиканың ғылыми білім жүйесіндегі орны, педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы, педагогикалық пәндердің жалпы және ерекше міндеттері, педагогиканың түсініктік-терминологиялық жүйесі және басқалар.
Сонымен, педагогика ғылымының өзін-өзі тануы немесе, былайша айтқанда рефлексия туралы сөз болып отыр. Әдіснамалық зерттеулер жүргізе отырып, біз педагогика ғылымынан жоғары көтерілеміз және оған жоғарыдан қараймыз, біз мектепті, тәрбие мен оқыту практикасын байқамаймыз және талдамаймыз, біз педагогика ғылымына талдау жасаймыз, яғни, ғалымдар педагогикалық шындық болмысты қалай зерттейді және олардың жасаған педагогикалық білімдер жүйесінің қандай сапалары бар екенін зерделейміз.
Әдіснаманың пәнін бұлай түсіну кейбір педагогтарды үрейлендірді, қорқытты. «Бұл схоластика, практикадан қол үзу, мектепке көмектесудің орнына біз өзімізді өзіміз күтуге кірістік пе, мұғалімдерге емес, өзімізге өзіміз жұмыс істейміз бе», - деді олар.
Ғылымды тәжірибеден қол үзді деген мұндай айыптауларға түбегейлі жауап «Жақсы теория практикалық жағынан өте тиімді» деген қағидадан табылады. Әдіснамалық зерттеудің мақсаты мен негізгі міндеті жақсы педагогикалық теорияны жасаудың тиімді тәсілдерін табу, педагогикалық теорияны жасаушы, зерттеу жүргізуші ғалымдарға, сондай-ақ, тәжірибені жинақтауға, ғылыми-зерттеу жұмысына, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге қатысатын практик педагогтарға арналған.
Кейінгі зерттеулерде В.Е. Гмурман ұсынған әдіснаманың пәні тағы бір маңызды бөлікпен толықтырылды: әдіснаманың пәні педагогикалық білімдер жүйесі мен таным үдерісі туралы білімдерден басқа, зерделейтін нысананы қайта құру туралы білімді де қамтуы керек болды.
В.Е. Гмурман редакциясын басқарған «Педагогиканың әдіснамалық мәселелері» (М., 1977) атты кітапта педагогиканың нысаны мен пәні, педагогика ғылымының құрылымы, жалпы педагогика, тәрбие теориясы мен дидактиканың арақатынасы; педагогика мен басқа ғылымдардың арақатынасы; педагогикалық заңдарды зерттеудің қажеттілігі мен мүмкіндігі; педагогикадағы әлеуметтілік пен биологиялықтың арақатынасы; педагогика ғылымы мен практикасы арасындағы өзара байланыс, өзара қатынас, өзара әрекет мәселелері қарастырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |