Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
А. Ж. Куватов
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНЫ
Әдістемелік нұсқаулар
Павлодар
УДК 794.08(07)
ББК 75.727я7
Т 50
Биология-химия факультетінің ғылыми кеңесімен басылып шығаруға ұсынылған
Рецензент:
Ж.А. Усин– п.ғ.д., ПМПИ профессоры.
Т 50 А.Ж. Куватов
Тоғызқұмалақ ұлттық ойыны: әдістемелік нұсқаулар. – Павлодар, 2008. – 36 б.
Ұсынылып отырған әдістемелік нұсқауда тоғызқұмалақ ойынының атауы, ережелері көне түркілік дүниетаным негізінде қарастырылады. Және де ойынды жазу тәртібі, ойынның теориялық негіздері көрсетіледі, эстетикасы қарастырылады.
Әдістемелік нұсқау ұлттық тоғызқұмалақ ойынымен шұғылданушыларға, шеберлігін арттырғысы келгендерге, қазақ халқының дүниетанымы және этнографиясы қызықтыратын көпшілік қауымға арналады.
УДК 794.08(07)
ББК 75.727я7
Ó Куватов А.Ж., 2008
Ó С.Торайғыров атындағы Павлодар
мемлекеттік университеті, 2008
Мазмұны
Кіріспе..............................................................................................................3
1 Тоғызқұмалақ ойынының атауы туралы бірер сөз................................6
2 Ойын ережелері және танымдық мәні...................................................10
3 Ойнды жазу тәртібі және тоғызқұмалақ әліппесі................................17
4 Тоғызқұмалақ отауларының аттары және тұздық бағалау көрсеткіштері..........................................................................................21
5 Ойын бастамалары..................................................................................25
6 Ойын ортасы............................................................................................28
7 Ойын соңы...................................................................................................30
8 Тоғызқұмалақ этюдтері..........................................................................33
Қорытынды......................................................................................................................35
Әдебиет ....................................................................................................36
Кіріспе
Түркі халықтарының ақыл-ой өнері
тоғызқұмалақты насихаттап
жүрген барлық азаматтарға,
жалынды жастарға арналады.
Әлемнің түкпір-түкпірінде адамзаттың қолымен, ақыл-ойымен жасалған зияткерлік ойындар мыңдап саналады. Бірақ оны жүйелеген Д.Мюррей бар-жоғы бес түрге бөліп қарастырады. Оның ішінде соңғы түріне африкалық калах, арабтың манкаласы және қозғалыс ойындары деп аталады және соған ұқсас тақта басында ойналатын қозғалыс ойындарының бірқатар түрлері кіреді. Қазіргі кездегі деректер бойынша аталған ойындардың алғашқы үлгілері осыдан 3,5 мың жыл бұрын Африка не Азия өңірлерінде пайда болған. Археологтардың қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған ойын тақтасы, шар типтес заттар осы уақыттың аралығын көрсетеді. Әсіресе, оның көне екендігін және дүние жүзіне танымал болғандығын Египет саркофагтарындағы, Афины храмдарындағы, көне керуен жолдарындағы тастарға салынған сурет, кескіндерден байқауға болады. Бірақ осы Калах ойынының танылуының қызғылықты тарихы бар.
1893 жылы Чикаго қаласындағы көрмелердің бірінде ежелгі кезде адамзаттың жартысы ойнаған, уақыт өте келе ұмытылып қалған зияткерлік бір ойынның ережелері жазылған тақташа ілінеді. Кейінірек осы ереже көпшілікке таныстырылуы үшін бірқатар америкалық журналдарда жарияланады. Осы басылымдардың бірі 1905 жылы Вильям Чемпионның қолына тиеді. Ойынның негізгі ерекшеліктері мен заңдылықтары жас американдық азаматқа қатты ұнайды және жастық шағында ойынды дамытуға деген құлшынысы болғанымен, ниетіне әрекеті сәйкес келмейді. 1940 жылы кексе тартқан шағында ғана ойынды дамытуға құлшына кірісіп, ойынға керекті құрал-жабдықтарды ағаштан жасап, айналасындағыларға үйрете бастайды. Зияткерлік ойынға – Калах деп ат қояды (В.Чемпион Калахари елді мекенінде сол кезде де бұл ойынды ойнаушылар бар деп сенген) және көп ұзамай Америкадағы көпшілік ойнайтын қызықты ойындардың біріне айналады.
В.Чемпионның қарқынды жұмыстарынан кейін, оның қатарластары көбейіп, сол жерде түрлі үйірмелер ашылып, жарыстар ұйымдастырылады. Жарысты өткізудің коммерциялық нұсқалары жасалып, пайда табудың көзіне айналады. Сондықтан болар Калахты насихаттаумен және тақтасын жасаумен үлкен компаниялар айналысады.
Ойынды жетілдіру бағытында компьютерлік бағдарламалар жасалып, бірқатар уақыттардан кейін адамзат пен жасанды интеллект арасында жекпе-жектер ұйымдастырылады. Алғашқы бағдарлама үлгілері ойынның негізгі заңдылықтарын толығымен игере алмай, табиғи ақыл-ойдан жеңіліс тауып отырды. Бірақ уақыт өте келе техникалық сана өз құдіретін көрсетеді. Кезекті кездесулердің бірінде 1970 жылы адамзат ақыл-ойы Калах ойыны бойынша өткізілген жекпе-жекте компьютерлік бағдарламадан жеңіліс табады.
Қазіргі кезде калахтың көптеген елдерде қауымдастықтары бар. Интернетте ойынды үйретуге және насихаттауға сайттар ашылған, кейбір ұялы телефондарға бағдарламалық нұсқалары да енгізіліп, кез келген мезетте ойнауға болады. Яғни сапалы даму жолына түсіп, дүниежүзілік зияткерлік ойындардың қатарынан орын алған.
Ал осы қозғалыс ойындары санатындағы зияткерлік ойындардың бастау көздері қайдан басталатынын зиялылар, ойын тарихымен айналысып жүрген азаматтар біледі ме екен? Білмегендіктен соңғы кездері жарыққа шыққан еңбектерде бұл мәселе бір жақты көрсетілуде. Мысалы, «Домино, нарды, кости» кітабында: "Калах көптеген халықтарға таныс болған, әркім оны өзінше атаған және қосымша ережелер енгізген. Мысалы, қазақтарда калах - тоғызқұмалақ, Малак жартыаралында - джонгок, ал Шығыс Африка елдерінде - оуа деп аталады"[1.180] – делінген. Ал шын мәнінде осы пікір дұрыс па? Егер тоғызқұмалақ ойынының пайда болуы қатарлас болса және ұлттық ойындағы кейбір негізгі ережелер Калахта жоқ болса, онда неге мысырлық ойын қозғалыс ойындарының түпкі тегіне саналуы тиіс. Міне, осындай ойындардың ерекшелігін және даму тарихын түсінбей жазылған түрлі еңбектерде тоғызқұмалақ өзінің лайықты бағасын ала алмай жүр.
Жоғарыда айтқанымыздай, калах ойыны көптеген ғасырлар бойы ұмытылып калып, XIX ғасырдың соңында ғана адамзат есіне түссе, ал, тоғызқұмалақ ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай жетіп отырған. Ұлттық ойынның сақталып қалуында көшпенді бабаларымыздың ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігі, ауызша айту дәстүрі, жадының мықтылығымен қатар, тастан жасалған тақта үлгілерінің де маңызы болды деп ойлаймыз. Тас тақталардың жасалуы – Орхон-Енисей ескерткіштерін кейінгі ұрпағына жетсін деп әдейі балбал тастарға жазып қалдырған бабаларымыздың даналығы секілді биік мұраттардан туындаса керек. Уақыт та бұл шешімнің дұрыстығына көз жеткізіп отыр. Небір жаугершілік замандар өтсе де, жазба деректерде мәлімет қалмаса да уақыт сынына төтеп беріп, бүгінгі ұрпаққа жетті. Бірақ ойынның ережелері өзгеріске ұшырады, көне тақта үлгісі жаңа түрге ауысты, жадымыздан ойынның дүниетанымдық көріністері ұмытыла бастады.
Бірақ халық жадында сақталган нәрселер ұмытылмайды екен. Бірде ауыз әдебиеті үлгілері, бірде хатқа түскен дүниелер арқылы жарыққа шығады екен. Тек оны саралай алатын, қасиетін тани алатын таным қажет. Ал ондай ақыл-ой алыптары тәуелсіз санадан шықпақ.
КСРО ыдырап, еліміз өз билігін өзіне алғаннан кейінгі кезеңде рухани өміріміздегі өзгерістер мәдениет пен өнер салаларының барлығына оң әсерін тигізіп, кезінде бұрмаланып, өзгеге телініп қарастырылған көптеген ұлттық жәдігерліктерді жаңадан саралауға жол ашылды. Рухани тұлғаларымыздың ел мәдениетін дамытудағы еңбегі бағаланып, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуға арналған ғылыми еңбектер шыға бастады. Бірақ түркілік өркениеттің қайталанбас үлгілерінің бірі - тоғызқұмалақ туралы әлі толымды, танымдық еңбектер жоқтың қасы. Бірқатар ғылыми еңбектер шыққанымен әлі күнге дейін оның негізгі мәні ашылмай келуде. Сондықтан осы әдістемелік нұсқауда ұлттық ойынның бұрын қарастырылмаған дүниетанымдық қырларымен қатар, ойынның теориялық негіздерінің нақтылы мысалдарын арқылы көрсетіп көрейік.
1 Тоғызқұмалақ ойынының атауы туралы бірер сөз
Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл өнердің басты қасиеті – адам санасын жетілдіруге, ақыл-ойын кемелдендіруге ерекше күш салады. Түркі халықтарының ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтынына осы ойынның өзі де дәлел бола алады. Жасөспірімнің дене күшінің мол болуымен қатар, ақылды болуына да көп мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тапқан.
"Тоғызқұмалақ – қазақтың ерте заманнан келе жатқан спорт ойындарының бірі. Бұл ойынды қазақтардан басқа қырғыздар, қарақалпақтар, алтайлықтар да ойнайды", – дейді зерттеуші Т.Сұлтанбеков[2.178]. Сонымен қатар Түркия, Түркіменстан, Өзбекстанның кейбір аудандарында ұлттық ойынның ойналатыны туралы мәліметтер бар. Бірақ осы аталған елдерде ойынның атауында кейбір өзгешеліктер кездеседі. Мәселен, тоғызқұмалақты қырғыздар – "тогузкоргоол" десе, Ақтеңіз жағалауындағы кейбір көшпелі түрік тайпалары – "тогузташ" деп атайды екен. Сөз тіркесінің алғашқы сыңарында кейбір дыбыстық ерекшеліктер болмаса жалпыға түсінікті екені белгілі. Ал "коргоол" – монғол тілінде "құмалақ" деген сөзді білдіреді. "Таш" сөзі – тас деген мағынаны айқындауымен қатар, ойынға жүріс жасау құралы ретінде қатынасы бар. Бұл атаулардан не байқалады? Және де тоғызқұмалақтың мыңдаған жылдық тарихы бар көне ойын екендігін ескере отырып, түркі халықтарының шығу тегінің бір болғандығын және тек қана осы түркі дүниесінде сақталу ерекшелігін қарастыра отырып, ойынның осы халықтарға ортақ атауы болмады ма? – деп, ойға да қаласың.
Түркі тілдерінде әр сөздің негізгі мағынасымен қатар, астарлы, тұспалды мағынасы да болады. Бүгінгі күнге дейін жарық көрген бірқатар еңбектерде "тоғызқұмалақ" атауын оның екінші сыңарына байланысты заттық, тұрмыстық негізде түсіндіру – оның құндылығы мен қасиетін өз дәрежесінде таныта алмай отыр. Яғни құмалақты – қойдың нәжісі деп, тоғызқұмалаққа «қойшылар ойыны» деген қарабайыр тіркесті жамау – ұлттық ойынның мәнін өз дәрежесінде көрсетпейді. Сөз өнерінің қуатын жетік түсінген бабаларымыз ұрпағының зерделі ойлы болуы үшін де көп тер төккен. Кез келген өнер туындысы болсын, ақыл-ой шығармашылығының жемісі болсын оның атауына да ерекше мән берген.
Шынында ойынның атауы мен мәнін толық түсіну үшін "тоғызқұмалақ" сөзін жеке-жеке талдаған жөн. Тоғызқұмалақ – біріккен сөз. Сөз тіркесінің алғашқы сыңары – сан есім, кейінгісі – зат есім. Бірақ бұл сөздерді көшпенділердің наным-сенімдерінің негізінде қарастыру ғана нәтиже бермек.
"Құмалақтың не сегіз, не жеті немесе он бір, он үш болмай дәл тоғыз болу себебі кездейсоқ емес. Қазақ халқының ауызекі сөйлеу тілінде көп кездесетін сандардың бірі – тоғыз (Мысалы, "тоғыз жолдың торабы", "тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық", "тоғыз інген боталап, тоғыз інген құлындап"). Тоғызқұмалақ ойынының атауы осылайша пайда болды ма? Әлде, тоғыз санының өзіндік арифметикалық ерекшелігі бар ма? – деген болжамдар да бар. Әрине, оның бәрі де көп зерттеуді талап етеді. Біздіңше бұл ойын есеп ойыны болғандықтан, оның аты қалай болса солай қойыла салмауы тиіс", – дейді Т.Сұлтанбеков[2179].
"Тоғыз" саны ежелгі түркілерде көптік мағынаға ие болған. Бабаларымыз осы санды шексіздік қасиеті бар сан деп түсінген. "Тоғыз жолдың торабы" деген тіркес нақты тоғыз жолды емес, көп жолдың тіркесуін бейнелейді. Тоғыз санына байланысты шыққан басқа тіркестерге де осы сипат тән.
Ал "құмалақ" сөзі ойынның қойшылар арасында белгілі бір кезеңдерде кеңінен таралып, насихатталуына байланысты сақталып қалса керек. Ілкі тектеріміз тақта отауларына құмалақ салып ойнағанға дейін түрлі жеміс-жидектердің дәндері, сүйек, уақ тастармен және т.б. заттармен де ойнауы мүмкін. Ақтеңіз жағалауындағы көшпелі тайпаларда тасқа байланысты атаулардың жадыда қалуы осыған айғақ. Ал "коргоол" сөзінің қырғыз тілінде ұшырасуы – монғолдардың көптеген жылдар бойы қазіргі Қырғызстан аймағына үстемдік жасауынан қалған тілдік ерекшелік болса керек.
Құмалақтың бір қасиеті – оның қозғалысқа бейімділігінде. Оны түртіп қалғанда жылжиды, яғни қозғалады, козғалысқа түседі. Демек "құмалақ" – қозғалыстың символы. Сондықтан "тоғызқұмалақ" сөзінің беретін мағынасын қарастырғанда көшпенді дүниетаным мәселелерін естен шығармау керек. Осыған сәйкес бұл тұжырымға сүйенсек, тоғызкұмалақты «шексіз қозғалыс» ойыны деп қарастырған жөн болмақ. Өйткені осы ойындағы 162 құмалақтың ерсілі-қарсылы қозғалыстары өте көп. Шынында да сол шексіз қозғалыстардың тақтадағы түрліше өзгерістерін жадында сақтай алатын, логикасы мықты, қиялы жүйрік адам ғана тоғызқұмалақ ойынымен тереңдеп айналыса алады. Егер осы тұжырымға сүйене отырып, тоғызқұмалақты "шексіз қозғалыс" ойыны – деп қарастырар болсақ, онда ойынның төл тума болмысын, тарихи дүниетанымдық мәнін өз дәрежесінде аша аламыз ба?
Жоғарыдағы калах ойынында – 2 қазан, 12 отау, 72 құмалақ бар. Ойынның басты мақсаты – қарсыластардың бірінің өз отауларындағы кұмалактары арқылы – 37 құмалақ ұтуы болып табылады. Бір ерекшелігі бұл ойындағы калах деген сөз – қазан деген мағынаны білдіреді. Яғни "калах" немесе "манкала" – ұтып алынған құмалақтар салынатын орынның атауы. Біздегі – қазан немесе көнедегі – орда. 1936 жылғы "Тоғызқұмалақ" кітапшасында С.Аманжолов құмалақтарды ұтып алып жинайтын жерді осы екі атаумен де атаған. Мысалы, "18 отаудың ортасын ала бірімен-бірінің арасы 8 см, жерде 2 үлкен шұңқыр болады, әрқайсысының кеңдігі 8 см, тереңдігі 2 см болады. Бұл шұңқырларды – "Орда" немесе "Қазан" дейді[3].
Енді бір жағдайларда шетелдік бірқатар қозғалыс ойындарының атауы – сол жерлерді мекендеген халықтардың тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты өзгеріске ұшырап отырған. Мысалы, Нигерияда отауларға Ади өсімдігінің дәндерін салып ойнағандықтан, ойынның атауын "Ади" деп атаған. Бұл жері қазақтың тоғызқұмалақ ойынының атына ұқсайды.
Бірақ бабаларымыз тоғызқұмалақты үнемі құмалақпен ойнамаған, ол тек жеке бір ойнаушылардың (қойшылардың) мәжбүрлігінен ғана туындаған. Ал халықтың басқа зиялы өкілдері сүйектен, ағаштан жасалған домалақ заттармен, жемістің дәндерімен ойнаған. Құмалақтың өзімен ойнағанның өзінде оны жүріс жасау кезінде басқаша атаған.
Мәселен, С.Аманжолов: "Айтылған 18 отаудың іштерінде ойын басталмас бұрын тоғыз-тоғыздан құмалақ болады (барлығы – 162), олар жүріс үстінде ат деп аталады", – дейді[3]. Ал Т.Сұлтанбеков: "Тоғызқұмалақ ойынында атпен байланысты екі атау бар. Бұл атаулардың кіру себебі – тоғызқұмалақ ойынының қазақтың өмірімен іштей біте қайнасып жаткандығын дәлелдейді. "Ат"деп ойынның барысында жүрілетін құмалақтарды айтады. Мәселен, бір отауда сегіз құмалақ жатыр делік. Оның арты, яғни сонғы құмалақтың түсетін жері – әлгі отаудан солдан оңға карай санағанда сегізінші отауда жатыр. Сонда ойыншы: сегізінші отауға менің құмалағым жетіп тұр деудің орнына "атым жетіп тұр" немесе ойынның ретіне қарай "сенің белбасарыңа жететін менде ат жоқ", "сенің атың” менің "байыма" жығылып жатыр немесе "байға" жетем десең ат жина деп сөйлейді. Ерте кезде қазақ халқы алыс жолдарға сапар шеккенде қосағына ат алып жүретін болған немесе айшылық сапарға шығарда әрбір бекет сайын ат ауыстырып мінетін болған. Тоғызқұмалақ ойынында да осыған ұқсас жайлар кездеседі. Мәселен, бір отауда жиналған "байды" "шауып алу" үшін, ойыншыға кәдімгідей-ақ ат жинау керек. Ол аттарды "байға" жеткенше әрбір отауға бір-бірден тастап отырасыз (бекетке қалдырған тәрізді). Сонда соңғы атыңыз байға жетіп, "бай" алым болса, сіз "олжаға" қарық болып қалған болар едіңіз"[2.189], – дейді.
Түркілік дүниетанымда "Орда" сөзі – мемлекет ұғымымен шектес қарастырылады. Мәселен, Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда және т.б. тарихта қалған мемлекеттердің атауы. Сонымен қатар Орданың отан сөзімен мағыналас қарастырылатын кездері де ұшырасады. Мемлекетті президент басқаратыны секілді Ордаға билікті каған жүргізген. Қағанға бағынған әрбір үй әскер үшін ат (адам) беруге міндетті болған. Бейбітшілік кездерінде отбасыларында болған жауынгерлер жаугершілік замандарда Ордаға жиналған. Яғни орда – халықты біріктіретін, әскердің басын қосатын орын болған және жинақтаушылық қызмет атқарған. Сондыктан болар, тоғызқұмалақ ойынында "қазан" сөзімен қатар, "орда" сөзі де заманалар бойы ұмытылмай қолданылып келген және жинақтаушылық қызметіне сай ойынның атауы ретінде де кейбір ауыз әдебиеті үлгілерінде көрініс тапқан.
Мәселен, ойынның көнедегі атауы "Манас" дастанында кездеседі. Жырдың 1978 жылғы бірінші кітабының Сағынбай Оразбекұлының нұсқасындағы 296 бетте батыр Манастың осы ойынды ойнайтыны туралы мәлімет бар.
"Баштаптыр Манас Ордону,
Ордо деген оюнду
Бизге мирас калганы
Тогуздап коргоол салганы
Бу Манастан калганы", – делінген[4]. Ал екінші кітаптың 308 бетінде Алманбет батыр Шу бойына Манасты іздеп келгенде, батырдың қырық шатыр тігіп, алаңсыз Ордо ойнап жатқанының үстінен түседі. Қырғызша – Ордо, қазақша – Орда екенін ескерер болсақ, онда ойымыздың дұрыстығына көз жеткізуге болады.
Сондықтан болар тақта басында ойналатын ұлттық ақыл-ой өнерін "тоғызқұмалақ – шексіз қозғалыс ойыны" дегеннен гөрі, "Орда – ат жинау немесе қор жинау ойыны" – деп қарастырған орынды. Яғни шексіз қозғалыстың өзі белгілі бір заңдылыққа бағынуы тиіс. Ал заңдылық (түрлі қозғалыстарға ақыл-ой арқылы ықпал етіп, белгілі бір мекенге орналастыру) ойын ережесінен шығады және ойынның мақсатына сай келіп, нақтылы мәнін таныта алуы тиіс.
2 Ойын ережелері және танымдық мәні
2.1 Ойынның негізгі ережелері
Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы – 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін қара жағы деген тіркестерді де қолданамыз. Ата бабаларымыз ойнаған тастан жасалынған тақтасы осы күнге дейін сақталған. Сонымен қатар ағаштан жасалынған әріптік тақтаның көрінісі Т.Сұлтанбековтың кітабында төмендегідей берілген.
Тақтаның жазу үлгісіндегі жалпы құрылысы төмендегідей:
|
|
|
Қостаушы қазаны
|
|
|
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
|
|
|
Бастаушы қазаны
|
|
|
|
Берілген диаграммада бастаушының отаулары мен ондағы құмалақтар мөлшері, қазандағы құмалақтар саны үнемі төменгі жағында орналасады.
2.1.1 Жүріс жасау ерекшеліктері
Жүріс ойыншылар тарапынан кезектесіп жүріледі. Жүрісті кімнің жасайтыны жеребемен немесе қарсыластардың келісімімен анықталады.
1. Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен бар құмалақтарды қолға алып, біреуін орнына қалдырып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сәтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса (2, 4, 6, 10, 12), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазанымызға салынады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп, тақ қылса құмалақ ұтып алынбайды. Мәселен, жоғарыдағы тақтадағы алғашқы жағдайда бастаушы №7 отаудағы 9 құмалағын таратса, соңғысы қарсыласының №6 отауына барып түседі және ондағы 9 құмалақ соңғы құмалақпен 10 болып, ұтып алынады және қазанға салынады. Сол кезде тақтада төмендегідей жағдай қалыптасады.
|
|
|
|
–
|
|
|
|
|
9
|
9
|
9
|
–
|
10
|
10
|
10
|
10
|
10
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
9
|
1
|
10
|
10
|
|
|
|
|
10
|
|
|
|
|
2. Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде орны бос қалады.
3. Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе 2-3 құмалақ бөліп алып жүруге болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |