Аймбетова улбосын утегеновна



бет1/9
Дата25.02.2016
өлшемі1.09 Mb.
#23418
  1   2   3   4   5   6   7   8   9


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

ӘӨЖ: 101.1:314.95 Қолжазба құқығында




АЙМБЕТОВА УЛБОСЫН УТЕГЕНОВНА



Ұлтаралық қатынас мәдениеті: мәдени-философиялық талдау

6D020100 – Философия


Философия докторы (PhD)

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация






Ғылыми кеңесшілері

философия ғылымдарының

докторы, профессор М.Сәбит,

философия ғылымдарының

докторы, профессор И.А.Рау (Германия)





Қазақстан Республикасы

Алматы, 2013

МАЗМҰНЫ
НОРМАТИВТІК СІЛТЕМЕЛЕР…………………………………………………3

БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР………………………………..….……4

КІРІСПЕ......................................................................................................................5
1 ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІ МӘСЕЛЕСІН МӘДЕНИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ТАЛДАУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫРЛАРЫ

1.1 Ұлтаралық қатынас мәдениетінің мәні және көрініс беру формалары..................................................................................................................15

1.2 Әлемдегі ұлтаралық қатынастар мәдениеті дамуының өлшемдері мен үдерістері....................................................................................................................34

1.3 Еуразиялық кеңістіктегі ұлтаралық қатынастар динамикасы және оның мәдени-әлеуметтік детерминанттары......................................................................51



2 ҚАЗІРГІ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

2.1 Елдегі ұлтаралық қатынастар мәдениеті қалыптасуы мен дамуының тарихи-мәдени алғышарттары...............................................................................................75

2.2 Тәуелсіз Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар мәдениеті дамуының кезеңдері қозғаушы күштері, өзіндік ерекшеліктері..............................................94

2.3 Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық қатынастар мәдениеті дамуының болашағы..................................................................................................................117



ҚОРЫТЫНДЫ......................................................................................................137

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ..................................................140

НОРМАТИВТІК СІЛТЕМЕЛЕР
Бұл диссертациялық жұмыста келесі нормативтік құжаттарға сілтемелер көрсетілген:

1. Закон Республики Казахстан “О свободе вероисповедания и религиозных организациях” от 1992 года.

2. Закон Республики Казахстан «О религиозной деятельности и религиозных объединениях» от 2011 года.

3. ҚР Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты 2012 жылғы.

4. Қазақстан Республикасы Президенті 1995 жылғы 1 наурызындағы №2066 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан халықтарының ассамблеясы туралы» Ереже Қазақстан Республикасы Президентінің мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы №8.

5. Общенациональная идея Казахстана: Опыт философско-политического анализа 2006 года.

6. Социально-гуманитарные науки Казахстана в годы независимости (1991-2011 гг.).

7. Казахстан в условиях глобализации: философско-политологический анализ 2006 года.

8. Қазақстанның ел бірлігі доктринасы. Талқылауға арналған жоба – 2009.

БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР
ҚР – Қазақстан Республикасы

ЖОО – жоғарғы оқу орны

Т.Б. – тағы басқа

ТМД – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы

ЕҚЫҰ – Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы

КІРІСПЕ



Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық еңбекте теориялық тұрғыда Қазақстандық әлеуметтік кеңістіктегі ұлтаралық қатынастардың күрделі сипаты зерделенеді және еліміздегі әртүрлі этникалық мәдениеттер арасындағы өзара сұхбаттастық пен әрекеттестік мәдени-философиялық негізде сараптаудан өткізіледі. Қазіргі жаһандану дәуіріндегі қоғамдағы этносаралық қатынастар мәдениетінің қалыптасуы мен дамуының өзіндік ерекшеліктері зерттеу жұмысында нақты айқындалып, оларға заманауи гуманитарлық саладағы ғылыми талдаудың әдіснамасы мен тәсілдері арқылы сипаттамалар беріледі.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Адамзаттың қазіргі заманға дейінгі ғасырлар белесінен тұратын тарихында өзіндік орны бар құбылысқа этносаралық қатынастар мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы жатады. Жалпы ұлт мәселесі, этностың басқа әлеуметтік субъектілермен байланысы, қатынасы, өзара сұхбаты сияқты мәселелерді терең зерделеу ұрпақтың, гуманитарлық ғылымдардың парыздарының бірі болып табылады. Зерттеудің өзектілігін ғылыми негізде дәйектеу барысында төмендегідей бірнеше тұжырымдарды келтіруге болады. Біріншіден, еліміздің сан түрлі қиындықтардан өткен тарихында орын алған этнотарихи құбылыстарды мәдени-философиялық талдаудан өткізу – Қазақстан халқының тұтастанған, жүйеленген сипаттағы рухани байлығына, оның инновациялық дамуға бет бұрған зияткерлік әлеміне өзіндік қомақты үлесін қосады. Екіншіден, әрбір тарихи кезеңдерде еліміздің этноәлеуметтік кеңістігінде пайда болған дүниетанымдық әмбебаптар мен түсініктердің эволюциясының мәні мен мағынасын сапалы сараптау арқылы қайшылықтар мен проблемаларды анықтауға мүмкіндіктер береді, қоғамдағы әртүрлі бағыттағы саяси ілімдерді өзара салыстырудан өткізуге жағдай жасайды. Үшіншіден, өткен мен қазіргі заманды зерделеу ұрпақтардың өзара байланысын нығайтып, қоғамдағы белгілі бір рухани сабақтастықтың болғанын дәлелдеуге негіздер қалайды, практикалық мағынада әлеуметтік дүниедегі оңтайлы, орнықты мәдениетаралық, ұлтаралық сұхбаттастықтың, ықпалдасудың өркен жаюына көмектеседі.

Өйткені, жан-жақты мәдени-философиялық талдаудан өткізу, қазіргі кезеңдегі басымдылық танытатын құндылықтарды айқындау, мұндағы теориялық және әдіснамалық мәселелерді нақтылай түсуге, қоғамымыздың болашағын қалыптастыруға, демократиялық және өркениетті жолмен дамуға өзінің тиімді ықпалын тигізе алады. Міне, осыған байланысты мемлекетіміз соңғы кезеңде рухани саланың сабақтастығын анықтайтын, еліміздегі рухани кеңістікті үйлесімдендіруге үлес қосатын «Мәдени мұра» атты үлкен бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алды. Бұл бағытта мамандар тарапынан біршама қомақты жұмыстар да атқарылды. Осы игілікті және маңызды іске және қоғамымыздағы рухани келісімге ұлтаралық қатынастар мәселесін теориялық тұрғыдан зерттеу өз үлесін қосады деген үміттеміз.

«… Өткенді зерделеп, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айырып, оны бүгінгі күннің кәдесіне жарату – қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі. Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз осы тарихты тануға тікелей байланысты: өткенді білмей, болашақты анықтау мүмкін емес,» – дейді Елбасымыз өзінің қазақ этносының тарихы мен болашағына арналған еңбегінде [1]. Кез-келген полиэтникалық кеңістіктегі ұлтаралық қатынастар мәдениетін айқындау мен оның қырларын зерделеудің алдын алатын мәселе тарихи сананы байыптау болып келеді.

Қазақ халқы еліміздегі негізгі мемлекет қалыптастырушы этноәлеуметтік субъект болғандықтан, оның этникалық әлеміне қатысты мәдени-философиялық проблемалардың үнемі ғылыми сарапталып отырылғаны жөн. Осыған орай, жоғарыдағы нәзік мәселенің кейбір заманауи өткір қырларын теориялық тұрғыдан талдап салыстырмалы сараптаудан өткіземіз.

Демек, диссертациялық ғылыми-зерттеу жұмысымыздың тақырыбы өзінің бағыты мен маңыздылығы бойынша еліміздегі мемлекеттік бағдарламалармен да сәйкес келеді және сонымен қатар мәдениет философиясы ауқымында ұлтымыздың қазіргі жағдайын жан-жақты зерделеуге негіз болады. Жалпы жұмыстың өзектілігі халқымыздың ғасырлар бойы қордаланған рухани байлығын жүйелеуге негізделіп, ұлтаралық қатынас бойынша мәдени-философиялық тұжырымдарды сұрыптаудан өткізуге арналуында.

Ұлтымыздың қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарымыздан айрылып қалмауына демеу болатын рухани және әлеуметтік құрылымдар мен жүйелерді сұрыптауға арналған ізденістердің қисыны бар деген ойды білдіруге болады. Бүгінгі күні Еуразия ауқымындағы Кеңестік үкіметтің ыдырағаны белгілі, ал Қазақстан мемлекеті сияқты басқа да егеменді елдердің құрылғанына жиырма жыл толды. Олардың барлығының ұлт мәселесінде өзіндік қайшылықтары бар екені белгілі. Енді осы елдердегі этносаралық қатынастардың теориясы мен практикасын, тарихи сипаты мен құндылықтық болмысы қандай екенін анықтау өте маңызды гуманитарлық проблемалардың қатарына қосылады [2-3].

Соңғы кезде Еуразия аумағындағы мемлекеттердің жаңа деңгейде бірігуі, барлық салалар бойынша өзара жақындасуы, тәуелсіздікке нұқсан келтірмей мәдени және саяси ықпалдасуы туралы пікірлер белең алуда. Әсіресе Ресей басшылары осы тақырыпты барлық мәселелердің ішінде басты орынға көтеруге күш салуда. Қазіргі Қазақстан мемлекетінің Президенті Н.Ә.Назарбаев та өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап осы мәселеге үлкен мән беріп, көрші елдермен өзара қатынастарды барлық бағыттарда нығайтушы еуразиялық Одақ идеясын ұсынып келеді [4] және ол кедендік деңгейде қазіргі кезеңде үш елдің арасында (Ресей, Беларусь, Қазақстан) 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асуда екенін атап өтуге болады. Бұл Одақтың экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар осы геосаяси кеңістікте оның тұрғындарына әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-психологиялық мағынада болашағы зор екені анық. Сондықтан оның құрамына көршілес Қырғызстан Республикасы да болашақта енгісі келетіндігін білдіріп отыр.

Адамзат тіршілігі аясындағы мәдени-әлеуметтік әлемнің көптүрлілігі бұл бүгінгі күннің ақиқаты. Олардың өзара сіңісуі мен ықпалдасуы замана талабы, ал қоғам өміріндегі этностың мәдени кеңістігін кеңейту барысындағы қадамдар белгілі бір деңгейде ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыруға итермелейді. Мәдени-әлеуметтік және өркениеттік әлемнің әр түрлілігі – бұл бүгінгі таңдағы аксиома, ал олардың өзара етенелесуі жеке адам мен қауымдастықтардың өмірлік кеңістігін кеңейте отырып, заманауи сипаттағы қоғамның өміршеңдік тұстарын анықтайды. Өткен ХХ ғасырда мәдениет адамзат болмысының эпицентріне ауысып, осыған сәйкес түрлі өркениет пен мәдениеттің әр қилы формалары белсенді қозғалысқа түсіп, бір-бірімен түйіседі, үйлеседі, өзара қатынасып, дамып, бәсекелесе бастайды. Сондықтан да өркениеттердің, елдердің, халықтардың, азаматтардың мәдени диалогының, үйлесімді өзара қатынастарының негізгі талаптары осы күнгі өзекті және маңызды мәселелерге айнала бастайды.

Диссертациялық жұмыс ұлтаралық қатынастар мәселесінің мәндік негіздерін анықтауға арналған. Өзара рухани сұхбаттасу мен этносаралық қатынастар мәдениетінің дамуы қазіргі заманда өмір қажеттілігінен туындап отырғаны белгілі. Сондықтан қоғамдағы этносаралық қатынастарды ғылыми зерттеу пәніне айналдыру, оның мәдени-әлеуметтік деңгейін анықтау ғылыми-теориялық нәтижелілігі мен практикалық маңыздылығы жағынан алғанда Қазақстан Республикасына қызмет ететін саяси-әлеуметтік, рухани және мәдени парығы мол өзекті мәселе болып табылады.

Зерттеудің нысаны Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық қатынастардың мәдениетін этносаралық қатынастардың жетілу мен дамуы саласындағы әлемдік тәжірибені ескере отырып философиялық-методологиялық зерттеу.

Зерттеудің пәні – Полиэтникалық Қазақстан жағдайындағы ұлтаралық қатынас мәдениетінің ерекшеліктері мен қозғаушы күштері, қазіргі ахуалы мен болашағы.

Тақырыптың зерттелу деңгейі: Еліміздің Президенті де осы мәселеге баса көңіл бөлгендіктен оның еңбектері де зерттеу тақырыбының нысанына айналды. Жалпы ұлтаралық қатынас және мәдениетаралық сұхбат мәселесіне қатысты әдебиеттер ауқымы кең екенін де атап өтуге болады. Сондықтан жұмыста негізінен еліміздегі этносаралық қатынастар тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ұлттық бірлік идеясына жақын сипатта тұжырымдалған еңбектер қамтылды. Сонымен қатар философия тарихындағы, қазақ және түркілік философиялық руханияттағы басымдылық танытқан идеялар мен мұраттарды, діни құндылықтар мен адамгершілік принциптерін анықтауда, шығыстың және батыстың мәдениет философиясындағы экзистенциалдық түсініктерді айшықтауда және аталмыш тақырыптың тарихи негіздерін жан-жақты зерттеуде бағыт-бағдар болған еңбектердің қатарына А.А.Айталының, Ж.А.Алтаевтың, Н.Г.Аюповтың, Г.Қ.Әбдіғалиеваның, Р.Б.Әбсаттаровтың, Н.Ж.Байтенованың, Т.Қ.Бурбаевтың, Т.Х.Ғабитовтың, Н.Елікбаевтың, Ғарифолла Есімнің, Н.Д.Жанділдиннің, А.Х.Касымжановтың, В.Д.Курганскаяның, Ж.Ж.Молдабековтың, Б.Ғ.Нұржановтың, Қ.Ш.Нұрланованың, С.Е.Нұрмұратовтың, М.С.Орынбековтің, Д.С.Раевтың Н.С.Сәрсенбаевтың, Т.С.Сәрсенбаевтың, О.А.Сегізбаевтың, Н.Л.Сейтахметованың, М.М.Сужиковтың және т.б. отандық ғалымдардың ғылыми-философиялық зерттеулері жатады.

Мәдениетаралық сұхбат мәселесіне байланысты әлеуметтік философиялық мәселелерді құндылықтық деңгейде пайымдауға өзіндік өзгеше сипаттағы пікірлер білдірген еңбектердің қатарына Қ.А.Затовтың, Р.Қ.Қадыржановтың, З.Н.Сәрсенбаеваның, В.Д.Курганскаяның, В.Ю.Дунаевтың, С.Ю.Колчигиннің, Г.В.Малининнің, М.С.Шайкемелевтің, басқа да отандық зерттеушілердің ғылыми шығармаларын жатқызуға болады. Дегенмен, жоғарыда аталған авторлар ұлтаралық қатынас мәселесін пайымдау барысында әрқилы, бір-біріне кейде қайшы келетін ұстанымдарды басшылыққа алғандарын байқауға болады. Жоғарыдағы авторлардың кейбір тұжырымдарына қатысты біршама таласты пікірлер диссертация мәтінінде келтірілді. Мәселен, В.Д.Курганская мен Г.В.Малининнің мемлекеттік тіл мәселесі бойынша тұжырымдары сыни зерделеуден өткізілді. Жоғарыда аталған авторлардың бір жерге топтасқанының себебі – олардың барлығы өз зерттеулерінде қоғамдағы мәдениетаралық сұхбаттың маңыздылығын атап көрсетеді және ұлтаралық қатынас дискурсында орны зор екеніне меңзейді. Олардың кейбір теориялық позициялары автордың тарапынан талдаудан өткізіліп, ұлтаралық қатынастар мәдениетін жетілдіру тұрғысынан дамытылады.

Өркениет пен мәдениеттің жаһандану жағдайындағы өзара арақатынасын және олардың еуразиялық кеңістіктегі эволюциясын, оның Қазақстанның тәуелсіздігі дәуіріндегі әлеуметтік, мәдени және саяси көріністерін сараптаған зерттеушілер Р.Б.Әбсаттаров, Т.Қ.Әуелғазина, З.С.Гаипов, Д.М.Жазыбаев, Н.Ж.Байтенова, А.Т.Құлсариева, Ж.М.Мүтәліпов, А.Ж.Мұқажанова, Д.В.Мен, А.Г.Косиченко, К.К.Котошева, А.М.Масалимова, А.Н.Нысанбаев, Қ.Ж.Нұғманова, Н.В.Романова, М.С.Сәбит, Қ.М.Марданов, Г.Т.Телебаев және т.б. қоғамтанушы ғалымдар болып табылады. Р.Б.Әбсаттаров ұлтаралық қатынастар мәдениетін зерделеу мәселесімен елімізде алғашқылардың бірі болып білікті маман ретінде ғылыми тұрғыда айналысып келеді [5-6]. Еліміздегі ұлтаралық қатынастар мәдениетінің теориясын айқындау, жіктемелеу барысында жоғарыдағы автордың еңбектеріндегі негізгі идеялар мен тұжырымдар диссертация мәтінін қалыптастыру барысында кеңінен пайдаланылды.

Шетелдік мамандардың ішінен көршілес ресейлік, украиндік және өзбекстандық ғалымдармен қатар қырғыздың мамандарын және т.б. елдердің зерттеушілерін атауға болады. Олардың барлығында ұлт мәселесін қарастырудың әрқилы әдістемесі байқалады. Мәселен, ресейлік мамандар Ю.В.Арутюнян., Ю.В.Бромлей, Л.Н.Гумилев, Л.М.Дробижева, В.А.Тишков, Т.Ю.Бурмистрова, О.А.Дмитриев, Т.К.Смирнова, С.И.Плотников, украиндық зерттеушілер В.Н.Аверьянов, С.Б.Бычко, С.П.Горовский, И.П.Соловьев, өзбекстандық ғалымдар Т.У.Абдуллаев, З.А.Абетова, С.Ш.Шермухамедов, қырғыздық зерттеушілер Ж.А.Елюбаева, Э.А.Тажибаев және т.б. көптеген ұлтаралық қатынастар мәселесін зерттеушілердің еңбектерін атауға болады.

Алыс шетелдерден Э.Геллнердің еңбектерінде [7], келтірілген ұлтшылдық құбылысының жаңаша түсіндірмесі көптеген мәселелерде кеңестік кезеңдегі дәстүрлерден басқаша пайымдаулар болып келетіндігін байқауға болады. Мәселен, ұлтшылдық құбылысы кеңес дәуіріндегі түсініктердей тек теріс мағынадағы іс-әрекеттер жиынтығы ретінде танылмайды, ол қоғамдағы ұлт болмысында тарихи қалыптасқан әрқилы проблемалар жүйесі ретінде қабылданады. Осы ұлтшылдық мәселесіне деген оң көзқарас батыстық зерттеушілер еңбектерінде көптен айтылып, жан-жақты зерттеліп келе жатқанын баса көрсету орынды [8-13]. Бұл туралы белгі қазақ философы Б.Ғ.Нұржановтың еңбектерін ерекше атап өткен жөн [14-15]. Германиялық маман И.А.Рау өзінің этносаралық қатынастарға арналған зерттеулерінде [16-17], түркі әлемінің ерекшеліктеріне, дін мен демократияның байланысына және Еуразиялық кеңістіктегі ділдік ерекшеліктерге үлкен мән береді. Оның зерттеулерінде Қазақстандағы әлеуметтік дамудың үдерістері этносаралық қатынастардың сапалы болуына біршама ықпал ететіндігі дәйектеледі. Еліміздің мамандары да түркі әлемінің өзіндік тарихи және мәдени ерекшеліктерін әлеуметтік ғылымдар тарапынан жан-жақты зерттеу қажеттігіне үнемі назар аударуда.

Қазақстандық философтар мен әлеуметтанушы ғалымдар ұлтаралық қатынастардың әрқилы қырларын зерттеумен айналысып жатқаны белгілі. Әсіресе, қоғамдағы мәдениетаралық сұхбат мәселесі де соңғы уақытта мамандардың тікелей назарында екенін атап өту керек [18-20]. Қазіргі Қазақстанның этноәлеуметтік кеңістігіндегі ұлтаралық қатынастар мен конфессияаралық қатынастар ауқымы соңғы уақытта мамандардың тарапынан іргелі және қолданбалы зерттеулердің нысанына айналуда [21-22]. Сондықтан жалпы Еуразиялық кеңістіктегі, еліміздегі мәдениетаралық, этносаралық өзара түсінісудің негізін мәдениет философиясы тұрғысынан талдаудан өткізу өзектілігі мен маңыздылығы іргелі тақырып болып қала береді. Оның негізгі себебі – еліміздің біртұтас құрылымы әртүрлі этностың өкілдерінің бірліктегі, өзара ынтымақтастықтағы халық, ел-жұрт ретіндегі қауымдастық болуға тырысу әрекеттерімен астасып жататындығына байланысты.



Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Диссертациялық еңбектің негізгі мақсаты – ұлтаралық қатынастар мәдениеті феноменін философиялық-мәдениеттанулық талдау, оның қалыптасуы мен дамуының онтологиялық негіздемелерін, мәндік сипаттарын және Қазақстандағы этносаралық қатынастар эволюциясының қазіргі ахуалы мен перспективаларын бағалауға мұрсат беретін критерийлерін анықтау болып табылады. Осы ғылыми зерттеу мақсатына сәйкес диссертацияда төмендегідей міндеттер алға қойылады:

– тарих сахнасындағы ерекше феномен ретінде ұлтаралық қатынастар мәдениетінің мәні анықталып, оның қалыптасуы мен дамуына өзіндік онтологиялық, сонымен қатар аксиологиялық негіздемелер болатын рухани- әлеуметтік, мәдени-тарихи бастауларды анықтау;

– тарихи процесте өзіндік орны бар мәдениетаралық сұхбат мәселесіне мәдени-философиялық талдау жасау және қоғамдағы мәдени өзара әрекеттесулер туындатқан рухани құндылықтардың гуманистік мән-мағынасын ашу;

– этносаралық қатынастар ауқымында көрініс берген қоғамдық санадағы тұғырнамаларға мәдени-философиялық түсініктемелер беріліп, әлемдік өркениеттілік кеңістіктердегі әрқилы ерекшеліктерді сипаттауға байланысты негіздемелерді салыстырмалы талдаулардан өткізу;

– қазіргі тарихи кезеңдегі тәуелсіз Қазақстанның ұлттық дүниетанымдық жүйелерінде орын алған құндылықтық-мағыналық құрылымдарға, дүниетанымдық бағдарларға мәдени-философиялық сараптамалар жасау;

– еліміздегі әртүрлі этнос қауымдастықтарының мәдени әлемінде және халықтық мұрасында қордаланған тұлғалар мен әлеуметтік топтарды өзара диалогқа шақырушы түсініктер мен қалыптарға философиялық тұжырымдамалар жасау, олардың қайшылықты қырларын анықтау;

– қазіргі заманның жаңғыру жағдайындағы азаматтық және этникалық бірегейленудің еліміздің әлеуметтік болмысындағы орны мен рөлін анықтау және жаһандану дәуіріндегі ұлттық идеяның, ұлттық мүдделердің қоғамдағы мәдени қатынастарға ықпалын тұжырымдау;

– этностың ішкі тұтастығын қамтамасыз ететін рухани қайнар көздерін байыптап, оған кедергі болатын келеңсіз факторлардың сипатын мәдени-антропологиялық тұрғыдан талқылаудан өткізу.



Зерттеу тәсілдеріне антропологиялық, герменевтикалық, компаративистикалық талдау және де мәдени-әлеуметтік реалдылықты социологиялық талдаудың амалдары жатады.

Диссертациялық еңбектің ғылыми жаңалығы: Жұмыстың ең басты ғылыми жаңалығы – қазіргі Қазақстандық қоғамдағы ұлтаралық қатынас мәдениетінің қалыптасуы мен дамуының өзіндік ерекшеліктерін мәдени-философиялық деңгейде зерделеу болып табылады. Қазақстандық және әлемдік философиялық білім ауқымында, мәдениеттану, саясаттану және әлеуметтану саласында өрбіген әртүрлі дүниетанымдық және мәдени-философиялық ізденістердің тәсілдері мен бағдарларына сүйене отырып, біз төмендегідей негізгі ғылыми нәтижелерге қол жеткіздік:

– ұлтаралық қатынастар мәдениетінің қалыптасуы мен өрбуі өзіндік терең дүниетанымдық, мәдени және тарихи негіздері бар құбылыс екендігі дәлелденіп, оның әлеуметте кездейсоқ тарихи дерек емес екендігі дәйектелінген, оның рухани және мазмұндық қайнар көздері анықталып, тарихи және мәдени-философиялық мәні мен мағынасы жан-жақты зерделенді;

– еуразияшылдық идеясының тарихи маңыздылығы бағамдалып, оның Қазақстанда көрініс беру заңдылықтары сараптаудан өткізілді, сонымен қатар әлем халықтарын өзара жақындататын мәдени сұхбат мәселесіне мәдени-әлеуметтік философиялық талдау жасалынды;

– тарихи субъект ретіндегі кез-келген этнос ерекшеліктерінің этникалық санасында басымдық танытатын дүниетанымдық бағдарлармен және этика-аксиологиялық ұстанымдармен астасып жататындығы туралы қағида ұсынылып, құндылықтық-мағыналық негіздері анықталды;

– ұлтаралық қатынастардың үйлесімді дамуына кедергі келтіретін факторлар жүйесі сыни тұрғыда талданып, оның жасампаздық мағынадағы пәрменді қозғалысын анықтайтын қырлары бағамдалды, қазіргі тарихи кезеңдегі ұлтаралық қатынастарға әсер ететін мәдени және рухани процестердің шешуші жақтары анықталды;


  • тәуелсіздік кезеңіндегі этностардың әлеуметтік және рухани құндылықтарының жүйесі мәдениет философиясы тұрғысынан сараптаудан өткізіліп, мәдени сұхбатқа жетелейтін негізгі тетіктер ретінде толеранттылық ұстанымның, ұлттық пен жалпыадамзаттықтың үйлесімділігі, руханилық пен адамгершілік принциптерінің басымдылық танытуы екендігі дәлелденді;

– этнотарихи субъектілердің диалогқа, өзара түсінісуге, қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың үйлесімденуіне бейімділігі көрсетіліп, оның ұлт мәселесіндегі жасампаз рөлі мен орны анықталды, әртүрлі құндылықтық тармақтарындағы пайымдаулардың еліміздегі этникалық бірегейленуі мен ынтымақтасуына әсері айқындалды;

– Қазақ халқының жаһандану заманында басымдық танытқан рухани-адамгершіліктік қасиеттерінің (сұхбатқа ашықтығы, қонақжайлылық, толеранттылық, басқа ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің мәдениеті мен дәстүріне сыйластық қатынас, инновацияларға деген қабілеттілік және т.б.) этнотарих аясындағы өміршеңдігі мен маңыздылығы дәлелденді, қазақ ұлттық мәдениетінің Қазақстанда тұратын барлық басқа ұлттар мен ұлыстар өкілдері мәдениеттерінің гармониялық дамуының мағыналық орталығы екендігі көрсетілді.



Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар

1. Ұлтаралық қатынастар мәдениетінің өзіндік сипатта әлеуметтік кеңістікте қалыптасуы мен дамуы қазіргі Қазақстан жағдайында жаһандық үрдістермен астасқан заманауи ерекше түсініктер мен құндылықтық бағдарлар құрылымын туындатты. «Адам-Әлем» қатынасын сипаттаудағы этностық дүниені түсінудің нақты көріністері қоғамдағы азаматтардың дүниетанымына тәуелді болғандықтан, жалпы қоғамдық ой-сана мен ондағы идеялық тұжырымдардың өзара кірігуі мен ықпалдасуы, ішкі қызметтік байланысы қарастырылып, мәдени-философиялық пайымдаулар негізінде оның шығу тегі, ішкі мәні, қоғамдағы даму жолдары анықталды.

2. Жалпы тарихи процестің сынағынан табысты өту үшін кез-келген ұлттық идея қазіргі ұрпақтың құндылықтар жүйесінен біршама орын алып, айрықша біртұтас дүниетанымдық маңыздылыққа ие болуы шарт болып табылады. Осындай мағынадағы қазіргі Еуразиялық кеңістіктегі мәдени-өркениеттік тұрғыдағы ықпалдасу қатынастарының өрбуі әлеуметтегі көптеген құндылықтық бағалаулардың қайта қаралуымен, жаңғыруымен және мәдениетаралық қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуімен астасып жатады. Осы заңды тұрғыдағы тарихи және мәдени құбылыста мәдени сұхбаттың, мәдениеттердің бір-бірімен тоғысуының, бірін-бірі танып-білуінің, жақындаса өзара әрекеттесуі арқасында ықпалдасуының мәні ашылды.

3. Қоғамдағы кез-келген әлеуметтік ортада, тарихи кезеңдерде адамның жеке басының дүниетанымдық тұрғыдан жетілуі мен төзімділік мәмілеге келуінің маңызы артуда, ал ұлтаралық қатынас мәдениеті солармен байланысты екендігі айқын. Этнос әлеміндегі көптеген қайшылықтар мен жаңылысулардың түпкі астары мәдениеттің даму деңгейіне қатысты екендігін ескерген жөн. Осы орайда, бірлікке шақыру идеясының өзіндік құндылықтық маңыздылығы аңғарылады және оның жаңа тарихи кезеңдегі ұстанымдық ерекшеліктері байқалады. Бұл құндылықтық жүйедегі иерархияда адамның, әлеуметтік қауымдастықтың, мәдениеттің диалогқа, өзара әрекеттесуге, өзара түсінісуге, мәмілеге келуге деген ұмтылысы қоғамдағы бұртұтастықты, жүйелілікті сақтау үшін, ұлтаралық қатынастар мәдениетін ілгерілету үшін жоғары деңгейде маңызды екендігінің айғағы болып табылады.

4. Қазақстанда этникалық қауымдастықтарды гуманистік принциптерге сүйене отырып бірлесе өмір сүруге шақыру түбінде адамдардың парасаттылық пен даналықты қадірлеуіне итермелейтін тарихи маңыздылығы биік жасампаз идея болып табылады. Адам болмысының табиғи және рационалдық негіздері шығармашылықты өркендететін руханилық құрылымдармен тікелей астасқанда ғана біз көксеген әрекеттік гуманизмнің терең мазмұны ұлтаралық қатынастар саласында ашыла түседі. Осы мәдени-рухани үрдіске кері әсерін тигізетін факторлар, сыңаржақ көзқарастар (батысорталықтық не шығысорталықтық менменділік, нигилистік кертартпалық, асқан өзімшілдік, шовинизм, космополитизм, рушылдық бөлісу және т.б.) анықталып, сыни тұрғыдан оларды жеңудің әдістері сараланады.

5. Әдетте қоғамдағы мәдени өзара диалог этноәлеуметтік кеңістікте пәрменді жүзеге асып жатқанда ғана ондағы әртүрлі халықтардың, діндердің өзара жақындасуы, түсінісуі жүзеге аса бастайды, олар бір-бірін өзара мәдени байытуы мүмкін, ал өзімшілдікке, тұтынушылыққа негізделген қатынастар өз кезегінде бұл әлемді құлдыратады, субъектілердің өзара қатынастарын алыстатады. Тарихи және әлеуметтік субъектілердің мәдени сұхбаттың өрбуі жолындағы жеке жауапкершілігі маңызды мәселе болып табылады және ол қоғамдағы саяси мәдениеттің даму деңгейімен де тікелей байланысты. Сондықтан бұл мәселенің шешімін табу арқылы өркениеттік даму тұрғысынан қарағанда тиісті нәтижелерге қол жеткізуге болады және ол өз құндылығын болашақта таныта түседі.

6. Қазіргі заманда қазақ ұлтының рухани өмірі мен тарихи қалыптасу жолын ғылыми сараптау тұрғысынан қарастырып, біз қоғамдағы ұлтаралық қатынастарды үйлесімдендіруші құндылықтар жүйесін анықтай аламыз: қазақ халқының мемлекет құрушы ретіндегі мәртебесін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін, тілін, дінін құрметтеу, отанды сүю, ұлттық рухтың болуы, басқа ұлттардың мәдениетін, тілін сыйлау, ел қамын азаматтық деңгейде басты орынға қою, өз күшіне сеніп болашаққа ашық көзбен қарау және де оны қабылдай білу, әрдайым әлемдік өркениет деңгейінде ойлау және қызмет ету. Осындай рухани-адамгершіліктік негізде, толеранттылық пен төзімділік таныта отырып қана ел бірлігін барған сайын арттыру мүмкін.

7. Қазақстан халқы ерекше қауымдастық ретінде өзінің тарихи болмысын көпэтникалық әлеуметтік кеңістікте терең астарлы сипатта танытуда және оның біртұтастығы қазақ халқының мемлекет қалыптастырушы қызметін табысты атқаруымен қатар оның руханият саласындағы жан-жақты дамуымен де тікелей байланысты. Заманауи үрдістердің жасампаз қырларын өркениеттік тұрғыда орнықтыру арқылы елімізде әмбебаптанған, үйлесімді саяси-мәдени жүйе қалыптастыруға болады, сондықтан мамандар тарапынан барлық этникалық топтардың құндылықтық әлемі сараптаудан өткізіліп отырылуы тиіс. Сонда ғана қоғамдағы субъектаралық қатынастардағы руханият пен саяси-әлеуметтік құндылықтардың ықпалы өсіп, этносаралық қатынастар жасампаздық сипат алып, дүниетанымдық ұстанымға айналады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет