Алибеков дархан нурманович


Дәстүрлі музыкалық өнер негізінде студенттердің ұлттық дүниетанымын қалыптастырудың педагогикалық шарттар жүйесі



бет4/6
Дата30.06.2016
өлшемі0.78 Mb.
#167352
1   2   3   4   5   6

Дәстүрлі музыкалық өнер негізінде студенттердің ұлттық дүниетанымын қалыптастырудың педагогикалық шарттар жүйесі

Жоғары оқу орындарында студенттерге дәстүрлі музыкалық өнер негізінде ұлттық дүниетанымды қалыптастыру ісінің маңызы зор екенін біз өз зерттеулерімізден көріп жүрміз. Өйткені егеменді ел болған соң сол елдің елдік белгісі ұлттық дүниетанымы айқын көрінуге тиіс. Ұлтының наным-сенімдерін, саяси көзқарастары мен ұстанған бағыт-бағдарын, ұлттың әрбір азаматы өз ұлтының ерекшеліктерін танып білуі керек. Ұлттың салт-дәстүріне құрметпен қарау, оның тілі мен ділін, дінін сыйлау, жетістіктеріне шаттану – ұлттың әрбір өкілінің азаматтық борышы. Біздің зерттеуімізде көтеріліп отырған ұлттық дүниетаным ерекшеліктері студенттердің өз ұлтының мәдениеті мен өнерін білуіне негізделеді.

Ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы, ұлттық дүниетанымның түпқазығы. Ұлттық тәрбие жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Бұлар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады. Ұлттық тәрбиеден тереңдеп нәр алған адам – рухани бай адам. Ондай адам жалпыадамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толық әрі кәміл адам дәрежесіне тезірек жетеді.

Елбасымыз «Біздің басты игіліктеріміздің ішінде халқымыздың немесе былайша айтқанда адам ресурстарының сапасы тұр. Біздің ғылыми және шығармашылық әлеуетінің деңгейі жоғары, білім өрісі биік халқымыз бар. Біз қолымыздағы осындай баға жетпес капиталды жан-жақты дамытуға және оның дамуы үшін барған сайын жаңа әрі неғұрлым өркениетті жағдай туғызуға тиіспіз» [88] деп көрсеткендей, мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік жетістіктері, ең алдымен, олардың білім жүйесімен, азаматтарының білімділігімен анықталады.

Жаћандану дәуірі - әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үдерістерінің жандану дәуірі де болғандықтан, білім – пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде маман кадрлардың бәсекеге қабілеттілігі әлеуметтік-экономикалық, техникалық жүйелердің және технологиялардың бәсекеге қабілеттілігімен анықталады.

Білімді тұрақты дамыту стратегиясын басшылыққа алған экономикасы жоғары дамыған елдер, әсіресе Жапония, Қытай, Корея, Малайзия, Сингапур сияқты Азия елдері жаћандану үдерісін, ақпараттық-коммуникациялық революцияны, инновациялық технологиялардың ендірілуін басқа елдермен белсенді және тиімді экономикалық қарым-қатынас орната отырып жедел даму мүмкіндігі есебінде пайдаланса, екінші жағынан, өздерінің ұлттық, рухани және экономикалық тәуелсіздігін, қауіпсіздігін сақтаудың, ұлттық өркендеудің бірден-бір кепілі ретінде отандық білім саласын реформалауға аса үлкен мән беріп, оны мемлекеттің басым саясатына айналдырып отыр.

2002 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Жапон мемлекетінің ұсынысы бойынша 2005-2015 жылдары «Білімді тұрақты дамыту декадасы» болып жарияланды. Бұл декада адамзат алдындағы ғаламдық проблемаларды барлық елдердің білім жүйесін бір кеңістікте өзара үйлестіріп, қарқынды және тиімді дамыту арқылы шешу мақсаттарын белгіледі. Білімді тұрақты дамыту тұжырымдамасы осыған дейін ЮНЕСКО аясында 1990 жылы Джомтьенде (Тайланд) өткен білім жөніндегі әлемдік форумда және 2000 жылы Дакарда қабылданған, білім саласында 6 түрлі басты мақсатты белгілеген «Баршаға білім беру» бағдарламаларымен, 2003 жылы БҰҰ қабылдаған «Сауатсыздықпен күрестің он жылдығы» бағдарламасымен астасып жатыр және соларды бір жүйеге біріктіретін басты бағдарлама [89].

Осыған сәйкес Қазақстанның Болон үдерісіне енуіне сәйкес, әлемдік білім кеңістігіне бағыт алуда мемлекетіміздің Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2015 жылға арналған тұжырымдамасын қабылдады. Министрлік қабылдаған білім беруді дамыту тұжырымдамасында жоғары білімге тән біліктілікті өзара тану жөніндегі Лиссабон конвенциясының, жаңа қоғамның даму сатысына лайық мамандар даярлау үдерісін айқындаған Болон декларациясының негізгі ұстанымдары мен білім берудің халықаралық стандарттық жіктелуіне сәйкес бірқатар өзгерістердің көрініс табуы да содан. Олардың қатарындағы ең бастылары: 12 жылдық орта білім беру, магистратураны жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейіне көшіру және PhD докторлық бағдарламасы негізінде жаңа үлгідегі ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау, ЖОО-ның білім беру жүйесін кредиттік білім беру жүйесіне көшіру [90.11].

Қазір дүние жүзінің тұтастануы мен өзара байланыстылығын дамытуға мүмкіндік беретін жаћандану үдерісі орасан зор жалпы мәдени, өркениеттік мәнге ие болуда. Сөйтіп, білім беру аса маңызды құндылық ретінде танылып отыр. Бәсекеге қабілетті білімді тұлғаны қалыптастыру үшін ең алдымен ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуымыз керек. Сонда ғана біз өзіндік қолтаңбасы бар зайырлы елдің жастарын тәрбиелей аламыз.

Әлемдік рухани-мәдени құндылықтарды игеруді ұлттық озық мәдениет үлгілерін қастерлеуден бастау әр ұлттың рухани қазынасын адамзат игілігіне жарату, дін мен жалпы мәдениет атаулыда насихатталатын озық идеяларды оқу-тәрбие жүйесінде басшылыққа ала отырып, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату, сөйтіп – ізгілік, имандылық, парасаттылық т.б адами асыл қасиеттерді олардың бойына сіңіру - білім мен тәрбие ісінің басты қағидасы болмақ.

Қазіргі кезде заманауи мұғалім келбеті жайлы көп айтылып жүр. Оған оқу процесіне инновациялық педагогикалық технологияны пайдалану, заман легімен ілесе алатын, компьютермен, интерактивті тақтамен, мультимедиялық аппаратпен жұмыс жасай алу, бірнеше тілді меңгеру, әлемдік бәсеке талаптарына сай болу сынды қабілеттерді жатқызады. Әрине, бұл дұрыс, яғни бүгінгі қоғам талабы осындай. Бірақ біз жаңа ұрпаққа жаңа сипаттағы білім беретін заманауи мұғалім ең алдымен, өз ұлтының құндылықтарын қастерлейтін, тілін, ділін, дінін құрметтейтін патриот болуы тиіс демекпіз.

Ұлттық сананың қалыптасуына тікелей ықпал ететін ұлттық құндылықтар, ата-бабамыз мирас етіп қалдырған салт-дәстүрлеріміздің, әдет-ғұрпымыздың озық үлгілерін тағылымдық мүмкіндіктерін толық пайдалану бүгінгі мұғалімнің кәсіби сапасына қойылатын негізгі талап болуы тиіс.

Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсіне алады. Өз халқына деген сүйіспеншілігі оның туған жеріне, өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жату керек. Халықтық әдет-ғұрып, салт-санасының байлығы, патриоттық сезім Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады. Сондықтан заманауи мұғалім ұлттық құндылықтарды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін төмендегі міндеттерді шешу керек:


  • оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;

  • жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;

  • ана тілі мен дінін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларын қастерлеу;

  • ұлттық намыс, ұлттық мінез қалыптастыру.

Әрбір ұлттың, әрбір халықтың өзіндік ерекшелігінің, өзіндік құндылықтарының болуы қандай заңды болса, қазақ халқының тек өзіне ғана тән қадір-қасиетінің болуы дәл сондай заңды. Үлкеннің алдынан кесе өтпеу (мысалы, «үлкен отырып, кіші сөйлегеннен без» деген мақал), ата-ананы пір тұту, ер-азаматты құрметтеу, әйелге анасындай құрмет көрсету, қонағын құдайдай сыйлау (әлі күнге дейін, өздері жемесе де дәмнің ең шұрайлысын қонаққа сақтау қасиетінің қаймағы бұзылған жоқ) секілді қасиеттер біздің халқымыздың ерекшелігін білдіреді. Сондай ерекшеліктің бірі – ар мен намыс болып есептеледі.

«Жаным – арымның садағасы» деген мақалды дүниеге келтірген қазақ халқы арды ең асыл қасиет санаған. Ұлттық ар-намыс белгісін ұзақтан іздемей-ақ кешегі желтоқсан оқиғасынан байқауға болады.

Намыс – адамның қадір-қасиетін сипаттайтын, тілі, ділі, діні бір түркі елдері, соның ішінде қазақ халқы үшін аяулы сезім. Отбасының, ауыл-аймақ, әулетінің, ата жұртының, әкпе мен қарындасының абыройын қорғау адам бойындағы намыстың беріктігін көрсетеді. Адамды соққыға жығу жағымсыз қасиет екендігі белгілі, ал оның намысына әдейі тию - әдепсіздіктің үлкені. Сондықтан жас буынға берілер бұл бағыттағы тәрбие – ауқымды да өзекті екендігін естен шығармау керек.

Қазақ халқында адамды сөгудің ең ауыры оны «көргенсіз» деп атауы болып табылады. Көргенді адам – тәрбие көрген, жақсы мен жаманды ажырататын, бойына ізгі асыл қасиеттерді жинақтаған адам. Көргенділік ата-бабадан мирас болып қалған жақсы қасиеттер жиынтығы.

Соңғы кездері халық арасында ұмытылып бара жатқан қазақ халқына тән тамаша қасиет – ол сөздің құдіретін ұғыну, яғни «сөзге тоқтау» қасиеті. Тарихта қаншама «жан дауы», «мал дауы», «жесір дауы» сынды дау-дамай, жанжалдар, керісулер осы «сөзге тоқтау» арқылы шешімін тапқан. «Қанға-қан, жанға-жан» деп ымыраға келмейтін басқа халықтарға қарағанда қазақ халқы кез-келген ренішті, ашуды сабырмен, ақылмен, сөз арқылы жеңіп отырған. Сөз – адам үшін тәрбие құралы, өнер бастауы, ақыл-ой қазынасы.

«Адамның қоғамда өз орнын табуында, көпшілік құрметі мен сеніміне ие болуында, кемел ғұмыр кешуінде орнымен, дәмді, дәйекті сөйлей білуі, тауып айтатын тапқырлығы үлкен роль атқарады. Өйткені, ақылы кемел, кісілігі зор, білімі мол адам ғана солай сөйлей алады. Ондай дәмді, қисынды, қысқа қайыратын қызықты, айшықты да әділ сөзді халық ұйып тыңдап: «тура сөз», «құдайы сөз» деп, уәжіне тоқтаған» [91]. «Жанды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз» деген қазақ халқы үшін сөздің құдіретін ұғындыру арқылы жастарға тәрбие берудің маңызы ерекше.

Қазақтың қазақи тәлім-тәрбиесінің бір арқауы жеткіншектің бойында кішіпейілділік қасиетін қалыптастыру. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағида арқылы кішілік – кісілік белгісі екендігін, адамның кішілігі арқылы оның мәдени деңгейін анықтауға болатындығын дәріптеген.

Қазақтың қазақтығы - оның имандылығында. Ұлтымыздың мәдени деңгейі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бәрі-бәрі осы имандылық сөзіне кеп саяды. Қазақ мінезі көркем, жайдары адамдарды «иманжүзді» екен дейді. Ұяты жоғары, ар-намысы берік адамды «иманды екен» дейді. Керісінше өтірік айтып, алдау-арбаумен айналысатындарды «имансыз» деп сөгеді. Егер біз жас ұрпақтың бойында имандылық қасиетін қалыптастырсақ, ұлттық үрдісімізді дамытуға қосқан үлесіміз деуге болады.

Қазақтың тарихына көз жүгіртсек, адамның ең аялы мақсат-мұраты - әділдік болғандығын аңғаруға болады. Әділдік – туралық, дұрыс шешім дегенді білдіреді. Би, қазылардың әділдік сөздеріне, шешімдеріне жүгінген қазақ халқы «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп билер шешімінің әділ, адал болғандығын талап еткен. Қара қылды қақ жарған, турашыл, әділ адамды қастерлеп, оны өлең-жырға арқау еткен.

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесінің ерекшеліктерінің бірі оның қарым-қатынас мәдениетінде. Қарым-қатынас мәдениетінің өзегі, түпқазығы – туыстық қарым-қатынас. Ағайынның татулығы, туыстық сыйластық, соған байланысты әдет-ғұрыптар әрбір жанның көкірегінде мақтаныш тудырар сезімдер десек қате болмас. Қазақ халқы бала анық сөйлей бастаған кезден-ақ, ағайын туысты, нағашы жұртын, ата-тегін, руын, ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлген. Нағашы мен жиен арасындағы, балдыз бен жезде арасындағы, құрдас пен құрдас арасындағы туыстық қарым-қатынас – қазақ халқының ерекшелігін сипаттайтын өз жарасымын тапқан әзілге негізделген әдемі қарым-қатынас. Сонымен қатар, қазақ халқы үшін «жеті атасын білу» заң болған. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген мақал арқылы қазақ халқы баланың өзі шыққан тегін білуі оның азаматтық, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырады деп есептеген.

Отансүйгіштік, атамекенді қастерлеу қазақ үшін де өзге халықтар секілді аса терең, қанға сіңген қасиет. «Отаны жоқтық – нағыз жоқтық», «Жат елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалдармен қатар, ұлы даналардың нақыл сөздері, жырау, терме, қиссалар, аңыздар, батырлар жыры секілді мұралардың дені атамекенді қастерлеуге арналған. Тірісінде атамекенін дәріптеген қазақ, өлгенде «бір уыс топырақтың» өз Отанынан бұйырғанын соңғы пенделік қасиетті тілегі санаған. «Ерінен айрылған көмгенше жылайды, Елінен айрылған өлгенше жылайды» деген мақал қазақ халқының патриоттық рухының биіктігін айқындайды.

Өкінішке орай, қазіргі кезде өз Отанын, туған елін, жерін тонап, шетелге қашып кетіп жатқан қандастарымыз жайлы естігенде өзегіміз өртенеді. Соны білген жастардың бойында әуелі баю, сосын шетелде өмір сүруді мәртебе тұту үрдісі қалыптасады. Ұлттық намыс, ұлттық сана, елжандылық, ұлтжандылық сынды адами қасиеттерден жұрдай, жаңа қоғам қалыптастырған жаңа буын өкілдері қалыптасады.

Бүгінгі таңда Қазақстандық заманауи мұғалім алдында екі ауқымды міндет тұр. Оның біріншісі – уақыт ағымынан қалмай, алға ұмтылған, өзгермелі қоғамда заманауи талаптарға лайықты жауап беретін кәсіби шебер маман болу, ал екіншісі кейінгіге қайта оралып, ата-бабамыз мирас етіп қалдырған ұлттық құндылықтарымызды жастар бойына сіңіру. Осы екі міндетті шешкенде ғана біз ұлтымыздың білім мен мәдениетін әлемдік деңгейге жеткізетін жас ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Ұлттық дүниетаным – тұнып тұрған рухани қазына. Халықтың тілі мен мәдениеті болсын, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болсын – мұның бәрі де әрбір халық үшін асыл да қымбатты рухани дүниелер. Ұлттық тәлім-тәрбиенің дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосқан қазақтың көптеген зиялы оқымыстылары жеке басқа табынудың құрбаны болды, қудалауға түсті. Мұның өзі ұлт мәдениетінің өсуін үлкен тежелуге әкеліп соқтырды. Халық педагогикасы жөнінде ғылыми-зерттеулер жүргізуге шек қойылды. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, өмірге енгізу санадағы ескінің сарқыншағы деп бағаланды.

Халықтық дәстүрлер өзінің қоғамдық мәнін жойып, отбасылық мәнге ғана ие болды. Оның өзі бертін келе, мектеп, жоғары оқу орындарының тәрбие жұмыстарының негіздеріне кірді.

Тәрбиелік жұмыстар коммунистік идеологияға негізделіп, оқу-тәрбие жұмыстары негізінен орыс тілінде жүргізілуіне байланысты қазақ тілі біртіндеп өмірден шеттетіле бастады.

Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар орыс тілінің аудармасы негізінде пайдаланылып, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері ескерілмеді. Студенттерге жан-жақты тәрбие беруде үлкен жауапкершілікті мойындарына алған студент жастар ұйымдары негізінен коммунистік тәрбие принциптеріне сүйенді.

Жоғарғы оқу орындары оқу-тәрбие жұмысының бағдарламалары, әдістемелік нұсқаулар ұлттық тәлім-тәрбиенің ерекшеліктерімен санаспады. Ұлттық тәрбиедегі ұрпақ сабақтастығы сақталмады. Осыған орай, кейбір мәселелердің басын ашып алмай тұрып ұлттық дүниетанымды дұрыс жолға қою мүмкін емес екені анық.

Еліміз бір саяси құрылымнан екіншісіне ауысып, басқару жүйесі жаңа сападағы қарым-қатынасқа бет бұрған өтпелі кезеңде ұлттық құндылықтар негізінде жастардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру жұмыстары дағдарысқа ұшырағаны белгілі. Бұндай жағдайда заман ағымына қарата пайда болған тың ұғымдарды айқындап, оларға анықтама беру қажеттігі туындады. Ұғымдар, түсініктер, ереже, қағидалар арқылы студенттер санасында білім қалыптасып, ол өз кезегінде оның іс-әрекетіне бағыт береді.

Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие - ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып, әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды.

Қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев шығармаларында өздерінің дүниетанымдық көзқарастарын философиялық тұрғыда қысқаша сөз еткен [92.31].

Ұлы Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Дүние туралы пікіріне келсек біріншіден, сыртқы дүниенің санадан тыс өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам "... көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады"- дейді [93].

Ақынның ойынша "мен"- ақын, "менікі" - адам денесі "Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, "менікі" өлсе өлсін, оған бекі деп дене өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді.

Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты ақыл дейді. "Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек" деген өлеңінде: "Жас қартаймақ, жол тумақ, туған өлмек. Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек - деп, отыз екінші қара сөзінде.

"Дүние үлкен көл

Заман-соққан жел,

Алдыңғы толқын –ағалар,

Артқы толқын-інілер" –деп, дүниенің өзгерісте, дамуда екендігін болжайды. Мұнымен бірге әр нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуін білмек бір үлкен керек іс деген пікір айтады. Абай шығармаларының басым көпшілігінде өмір, өмірдегі адамның орны, оның мақсаты, мұң-мұқтажы туралы ой шертеді [93.74].

"Жаз", "Жазғытұрым" сияқты өлеңдерінде табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз бар екендігі сезіледі. Бұл ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы [93].

Қазақ ағартушысы Ш.Уәлиханов сыртқы дүниенің адам санасынан тыс өмір сүретіндігіне шек келтірмейтіндігін айтады. Қазақ жерінде шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде «сыртқы дүние - күн, ай, жұлдыздар және жер-алғашқы құдірет болып табылады», –деп көрсетті. Бұдан Шоқанның септілік заңдылығын құптайтындығын, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігін байқаймыз. [94.11].

Жас ұрпаққа тәрбие беруде ұлттық өнері туралы соның ішінде қазақтың музыка өнері туралы журналдың беттерінде ерекше жазылды. Г.Карашев мұғалім негізгі тұлға екендігін әркез айтып отырған. Ол мұғалімге қойылатын талап-тілекке оқыту, үйрету, тәрбиелеу ісіне жеңіл-желпі қарамай оған аса жауаптылық пен тиянақтылық керек екенін ескертеді.

Осы кезеңде өзінің тәлімдік қолтаңбасымен жұртқа таныла бастаған ағартушылықпен дін оқуының келесі бір білгірі – Мұхаметсәлім Кәшімов (1884-1934 ж) еді. Ол «Әдеп» (1907), «Сабақ» (1907), «Насихат қазақия» (1908), «Ақыл кітабы» (1908) т.б. жарық көрген еңбектерінде қазақ балаларына оқу-білім, тәлім-тәрбие тазалық, мәдениет, әсіресе, дүниетаным мәселелерінің төңірегінде көптеген ақыл-кеңес, өнегелі тағылымдар ұсынады. Ағартушы ұлттық салт-дәстүрге, соның ішінде қазақтың музыка өнеріне негіздеу қажеттілігін, мұны имандылық пен адамгершіліктің сан алуан көріністерімен ұдайы ұштастырып отыруға ерекше мән береді [95.77].

Қазақ халқының ағартушысы С.Көбеев Қазан төңкерісіне дейін-ақ шәкірттерге дәріс бере жүріп, ауыл мектептеріне арналған бірнеше оқу құралдарын жазды. Ол Ы.Алтынсарин дәстүрімен «Үлгілі тәржімә» атты оқу құралын құрастырды. 1912 жылы жарық көрген «Үлгілі бала» атты басылымда қазақтың бай ауыз әдебиетінен сұрыпталып алынған материалдар ерекше назар аудартады.

Бұл жөнінде С.Көбеев былай деп жазған: «Хрестоматияны құрастырғанда, негізгі ойлаған мақсат, көздеген нысан - жас ұрпақты өнер-білімге, әдептілікке, адамгершілікке тәрбиелеу еді. Мұндағы әрбір өлеңнің, әңгіменің мазмұны оқушыларды өнер-білімге шақыру, шыншыл болуға үндеу, жетім-жесірлерді, нашарларды аяу, қайырымсыз балаларды әшкерелеу, сол сияқты әлеуметтік теңдікті насихаттау еді» [95. 123].

С.Көбеевтің шығармашылығында студент-жастардың дүниетанымын қалыптастыру туралы көп айтылған.

Жас ұрпақтың білімін дамытуға, сонымен бірге ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлген А.Байтұрсынов болды. Ғалым қазақ бастауыш мектептерінде қандай пәндер оқытылу керек дегенге арнайы тоқталып, ол пәндерді оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, жаратылыс осылардың қатарында қазақтың саз өнері болуы керек екендігін нақтылап көрсетті.

Ұлттық саз өнері құралдарымен тарих, әдебиет сабақтарында дәстүрге айналған қолданбалы өнерін әрі қарай дамытқан жөн. Бұл сабақтарға ең әуелі әдістемеден хабардар оқыта білетін мұғалім, керек құралдар қолайлы ћәм сайлы болуы қажет-деп ғалым ойын түйіндейді.

Қазақтың салт-дәстүрін сақтау, «қайсыбір» ырымдарды бұлжытпай орындап отыру Х.Досмұхамедовтың шығармашылық еңбектерінде орын тауып тұр. Х.Досмұхамедов жасаған психология, физиология пәндеріне байланысты көптеген терминдік атаулары төл тіліміздің сөздік қорына жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ іріктеп ала білгені бастауыш мектеп оқушыларының психологиялық ерекшеліктерін байқатады.

Осының негізінде тәрбие жүйесі дұрыс құрастыруға мүмкіндік туады. Х.Досмұхамедов қазақ жоғары педагогика институтында өзінің лекцияларында халықтық педагогиканың кейбір мәселелерін сөз етіп, баланың даму үрдісіндегі саз өнерінің аса маңыздылығын айтқан. Сонымен, ғалымның педагогика, психология саласында жазған ғылыми еңбектерінің де болуы ықтимал. Өкінішке орай бұлар бізге әлі күнге дейін жетпей отыр [95].

Ұзақ жылдар бойы «ұлтшылдық» әдебиеттің өкілі деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Ж.Аймауытов жазушылығымен қоса, тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдары саласында қалам тартып, құнды-құнды ғылыми-зерттеу еңбектерін жазумен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болуымен дараланған ірі тұлға.

Ж. Аймауытов баланың дүниетанымын қалыптастыруда тәрбиенің екі түрлі болатындығын көрсетеді: дене тәрбиесі және жан тәрбиесі. Әсіресе екіншісінің дамуына қазақ халқының музыка өнері байлықтары әсер етеді,-деп ғалым ойын түйіндейді [95.34].

Жастайынан ұлттық музыка өнері құралдарын естіп, біліп тану баланың ой-өрісін, ойлау қабілетін тереңдетіп отырады. Осындай құнды пікірлерді ғалымның көптеген мақалаларынан байқауға болады. Білім негіздерінің, соның ішінде музыка өнері ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келе: «Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерге түсіну мүмкін емес. Ана тілі халық болып жасағаннан бері жан дүниесінің айнасы болып, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.

Жүректің терең сырларын басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі»-деп оның қоғамдық ролін адамзат баласы жасаған бар рухани-мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екендігін, оны жан-жақты және терең меңгерудің қажеттігін баса көрсетеді.

Ғалымның пікіріне қосыла отырып, біз ана тілінің оқушының саз өнерімен танысуда да, дүниетанымы қалыптасуда да мәні зор екендігін айтқымыз келеді. Дәстүрлі музыкалық өнердің ерекшелігін тек көркем қазақ тілінің байлығымен жеткізуге болады.

Ж.Аймауытовтың еңбектерінен біздің зерттеуімізге қатысты тағы да бір пікірге көңіл аударған жөн. Ж.Аймауытов сол кезде-ақ көшпелі жұрттың өткендегі салт-сана, әдет-ғұрып, шаруашылық кәсібі және мәдени өмірінен хабардар болу үшін, оқушыларға біріктіріп, яғни интеграция принципі бойынша «Біздің Отан» деген атпен оқыту қажет деген пікір ұсынады.

Сонымен, біздің ойымызша Ж.Аймауытовтың бұдан 70 жыл бұрын айтқан осы пікірлері бүгінгі жалпы орта білім беру жүйесіне соның ішінде орта буын сыныпта терең өзгерістер енгізуді ұсынып отырған ұлт мектептерінің тұжырымдамасында айтылғандай білімді ары қарай интеграциялап, оны гуманизм идеясымен нәрлендіре берудің ұстанымына дәлме-дәл келіп отыр. Әрине, осы айтылғандар қазақ мектептерінде де саз өнерімен таныстыру кезеңінде жаңа шешімдерін табуға тиіс.

Ж.Аймауытов адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын алып келгенін өнерсіз қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін емес екендігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін, қолөнері мен сурет салу, ән-күй өнерін үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздың қабілетін тәрбиелеуді баса айтады. Осы пікір баланың саз өнеріне бейімделер кезінде дүниетанымының тереңдеуінде айқын көрсетіліп тұр.

Қазақ халқының тәлім-тәрбиелік бай мұрасын игеру жөніндегі М.Жұмабаевтың бағыт-бағдары өте құптарлық. «Ұлт тәрбиесі, деп жазды ол, - баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесі тәрбие қылуға міндетті». Халық тәрбиесін қастерлей отырып, оның негізгі құралдарының бірі деп әрине қазақтың саз өнерін де кіргізеді.

Тегінде жаратылыспен бауырласып құшақтасқан, алдындағы малымен бірге жүріп, бірге өскен қазақ баласын аса нәзік қылып, үлбіретіп тәрбие қылмағаны дұрыс болар еді. Қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл. Бұл жерде ғалымның ұстаздық жүрегі, ақындық сезімі ұрпақ тәрбиесін, оның дүниетанымын табиғаттан тыс қарастыра алмағаны анық.

Мағжанның еңбектерінен тағы да бір көңіл бұратын бір нәрсе – ол қазақ бесігінің аса ұсталықпен жасалғаны. Ақын: «Жөргегі, тартпалары, астындағы тесігі, шүмегі, түбегімен баланың таза жинақы жатуына көп себепші» - дей келе, ананың әлдиінің орны маңызды екенін айтады [95.37].

Дүниетанымдық ізденісте халықтың өзін-өзі тану мен басқару мәселелері, адамзат тағдыры мен талабына қызмет ететін мүмкіндіктері алдыңғы қатарға қойылуы тиіс. Сол сияқты халқымыздың аспан әлемі мен табиғат құбылыстарына байланысты дүниетанымдық ой-талғамдарына көптеген этнографтар да ерекше мән беріп, зерттеу еңбектер жазған. Ұлттық дүниетанымның қалыптасу тарихы жайлы сөз қозғағанда, отызыншы жылдардағы сталиндік озбырлықтың құрбаны болып есімдері туған халқының зердесінен кешегі күнге дейін өшіп келген бес арысымыз – А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиевтер еңбектерін де атауға болады [95.46].

Ұлттық қасиеттеріміздің ұрпақ бойында қалыптасуы қоғам игілігі үшін маңызды. Студенттердің ұлттық дүниетанымын қалыптастыру жоғары оқу орындарында кең көлемде жүргізілуі тиіс. Ұлттық тәрбие ұлттық дүниетанымның негізі деп білеміз. Ал ұлттық тәрбие ғаламдағы құндылықтарды бойына сіңіріп, өз құндылықтарын арттыра береді. Бірақ ол өндіріс және экономика сияқты «ғаламдастыруға» келмейді, өркениеттілікпен дамып, қалыптасады. Сондықтан студенттер ұлттық құндылықтармен сусындасын десек, дәстүрлі музыкалық өнер негізінде ұлттық дүниетанымды қалыптастыруды жүйелі талдап, зерттеп, жоғары оқу орындарының тәрбие үдерісіне енгізілуі керек.

Осыған сәйкес біз ұлттық дүниетаным ерекшеліктерін айқындайтын мәнін ашып көрсеттік (Кесте-2).

Кесте-2 – Ұлттық дүниетанымның мәні


Қазақ философиясы адамның этикалық, эстетикалық қабілетін арттыратын, қоғамда белгілі бір көзқарас қалыптастыратын, адамның санасында шөгіп жатқан құндылықтарға сәуле түсіретін қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан даналардың асыл мұрасы. Ана сүті жас баланың буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қандай әсері зор болса, сол секілді қазақ даналығын оқу арқылы әрбір қазақ баласының азаматтық рухы көтеріледі. Қазақ даналығын оқи отырып, оның ұлтының бойына сіңген дүниетанымды тани аламыз.

Жоғарыда айтылған пікірлерді сараптай келе біз дәстүрлі музыкалық өнер негізінде ұлттық дүниетанымды қалыптастырудың үлгісі ретінде педагогикалық шарттар жүйесін анықтадық:

- ұлттық дүниетанымды қалыптастыруға бағытталған дәстүрлі музыкалық өнердің мол мүмкіндіктері мен әлеуетін студенттердің тәрбиесінде мақсатқа бағыттап пайдалану;


  • ұлттық дүниетанымның компоненттерінің тәрбиелік мәнін оқу-тәрбие

үдерісінде қолдану;

  • жоғары оқу орнының оқу-тәрбие үдерісінде дәстүрлі музыкалық өнердің

ұлттық дүниетанымды қалыптастырудағы мүмкіндігін пайдалану;

  • дәстүрлі музыкалық өнердің салалары және оның жіктемесін айқындап,

қолданысқа енгізу.

Шығыстың ұлы ғұлама ойшыл ғалымы Әл-Фараби «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» деген екен [95.37]. Олай болса, біздің болашағымыз неге байланысты? Осыған байланысты, зерттеу жұмысымыздың объектісі – студент-жастар болғандықтан, оларды жан-жақты зерттеу, тәрбиелеу мәселесі қоғамның қай кезеңі болмасын философтардың, педагогтардың, психологтардың зерттеулеріне арқау болып, әр қырынан қарастырылып келеді.

Сонымен, ғалымдардың ой-пікірлерін былай түйіндесе болады: даму жастық шақтың ерекшеліктеріне сәйкес, студенттік кезең олардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыруды аса қажет ететін кезең болып саналады. Бұл қажеттілік жастардың өмірінде біріншіден, адамгершілік, азаматтық, рухани сезімдерінің белсенді дамуымен; екіншіден, өзіндік санасының дамуына байланысты тұрақтылығымен; үшіншіден, сана-сезімі мен өзіндік санасының даму деңгейіне байланысты талғамы, көзқарасы, бағдары, қажеттілігі оның дүниетанымына әсер етіп, біртұтас жүйе болып қалыптасады деп айтуға болады.

2. ДӘСТҮРЛІ МУЗЫКАЛЫҚ ӨНЕР НЕГІЗІНДЕ СТУДЕНТ-ЖАСТАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ӘДІСТЕМЕСІ

2.1 Дәстүрлі музыкалық өнер негізінде студент-жастардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру жолдары
Қазақтың ұлттық дүниетанымы - тереңнен тамыр тартқан, халқымыздың сан ғасырлық болмысының, дүниетану көзқарасының, ақыл-ойы мен салт-дәстүр мәдениетінің көріќу-тјрбие процесініѕ гогикасыесп, жоєары оќу оырндарында іс жїзінде жїзеге асырлыд.____________________________________________нісі. Осыларды бойға дарытпай тұрып келер ұрпақты қоғам талаптарына сай қалыптастырып, алтын бесік елін, кіндік кескен жерін қорғайтын және осы мақсат жолында бар күш-жігері мен ақыл қайратын жұмсайтын отаншыл азаматтарды тәрбиелеп өсіру мүмкін емес. Сайып келгенде, студенттерді ұлттық тәрбие негізінде жан-жақты жетілген «сегіз қырлы, бір сырлы», құзыреті жоғары маман етіп тәрбиелеу қажет. Біздің зерттеуіміздің өзегі болып отырған дәстүрлі музыкалық өнер негізінде ұлттық жастардың ұлттық дүниетанымын қалыптастыру осы пайымдаулардан өрбиді. Мұндай көкейкесті ізгі мақсатты іске асыру жолында мынадай тәрбиелік ұстанымдар басшылыққа алынды:

Біріншіден, күні ертең болашақ маманның елін, жерін сүйетін намысшыл азамат болуын ойластыру. Бұл алдымен, қазақ халқының ұлттық дүниетанымында өзекті орын алады.

Екіншіден, студенттерді еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеу. Бұл мақсаттағы ой-пікірлер қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерінде мол кездеседі.

Үшіншіден, дәстүрлі музыкалық өнер ықпалы арқылы ұрпақ бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді орнықтыруға, парасат иесі етіп тәрбиелеуге ұмтылған, ізгілікке, адалдыққа, ар - ожданды қастерлеуге, уәдеге берік болуға тәрбиелеген.

Эксперимент жұмысы үш кезеңге бөлініп ұйымдастырылды: айқындаушы, қалыптастырушы, қорытынды. Айқындаушы эксперименттің сипаты: студенттердің ұлттық дүниетаным жайлы білімдерін жетілдіру проблемаларын зерттеу, дәстүрлі музыкалық өнер арқылы ұлттық дүниетанымын қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін анықтау, оқу материалдарын жетілдіру мәселелерін айқындау.

Айқындаушы эксперименттің болжамы: егер жоғары оқу орнының оқу-тәрбие процесінде ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрлерге, ұлттық өнерге басымдылық берілсе, оқу материалдары дәстүрлі музыкалық өнерге негізделсе, студенттердің ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға болады.

Экспериментке 47 студент қатысты. Оның 22 - эксперименттік, 25 -бақылау тобына кіреді. Анықтаушы эксперимент барысында зерттеу әдістерінің кешені (сауалнамалар, бақылаулар, әңгімелесу, т.б.) көмегімен студенттердің бойында қалыптасқан ұлттық дүниетаным деңгейін анықтадық.

Айқындаушы эксперимент нәтижелеріне талдау жасай отырып, төмендегі қорытындылар жасауымызға болады:



  • ұлттық дүниетанымды қалыптастыруда дәстүрлі музыкалық өнерді қолданудың педагогикалық шарттар жүйесін пайдалану керек;

  • ұлттық дүниетанымды қалыптастыру барысында жүйелі жүргізілетін мониторинг әрбір студенттің дәстүрлі музыкалық өнер жайлы білім деңгейін бағалай отырып, ұлттық дүниетанымды қалыптастыруды уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.

Анықтаушы эксперимент нәтижелерін ескере отырып, құрастырылған қалыптастырушы эксперименттің мазмұнын жасау қажеттігі туындайды. Ол оқытушыларға арналған семинар, әдістемелік нұсқау және болашақ мұғалімдерге арналған арнайы курстар арқылы жүзеге асты.

Анықтаушы эксперимент нәтижелерін сараптау бізге студенттердің ұлттық дүниетанымы туралы субьективті көзқарастары мен білімдері, ұлттық дүниетанымы қалыптасуы туралы хабардар етті. Диагностикалау нәтижелері эксперименттік және бақылау топтарындағы студенттердің ұлттық дүниетанымы қалыптасуының төмен деңгейін көрсетті. Мұның себептерінің бірі жоғары оқу орындарында студенттерге ұлттық дүниетанымын қалыптастыру процесінің өз деңгейінде ұйымдастырылмауы болып табылады.

Қалыптастыру экспериментiнің мақсаты дәстүрлі музыкалық өнер негізінде студенттердің ұлттық дүниетанымын қалыптастыру деңгейін сынақтан өткізу және оның тиiмдiлiгiн тексеру болды. Бұл мақсатқа жету төмендегiдей мiндеттердiң шешiмiн табумен байланысты:


  • арнайы пәндердiң мүмкiндiктерiн пайдалану;

  • арнайы курс бағдарламасын жасап, сынақтан өткiзу;

  • аудиториядан тыс әртүрлi тәрбиелік шараларды ұйымдастыру.

«Дәстүрлі музыкалық өнер негізінде ұлттық дүниетанымды қалыптастыру» деген түсініктің мәнін анықтап алуымыз керек. Бұл түсінікті бір мағынада пайдалану мазмұны белгілі бір шеңберде нақтылауды қамтамасыз етеді. Сөйтіп, одан арғы жұмысқа теориялық негіз қалауға мүмкіндік жасайды. Сонымен, біздің көзқарасымызша, жоғары оқу орындарында дәстүрлі музыкалық өнер негізінде ұлттық дүниетанымды қалыптастыру дегеніміз – студенттердің аталған мәселеге тұрақты қызығушылығының болуы, тұлғалық және кәсіби қабілеттерінің жетілуі, ұлттық дүниетаным мен дәстүрлі музыкалық өнер туралы теориялық білімдерінің болуы және оларды жүзеге асыру іскерлігі мен дағдыларының қалыптасуы, педагогикалық принциптерді басшылыққа ала отырып, оқу-құралдарын, әр алуан әдістер мен формаларды пайдалануы.

Дәстүрлі музыкалық өнер негізінде студенттердің ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға болатынына біздің іс-тәжірибеміз дәлел бола алады. Сонымен қатар біз ғалымдардың теориялық-әдіснамалық еңбектеріне сүйенеміз. Бұл студенттер ұлттық дүниетанымын қалыптастырудың мазмұны мен әдістемесін жасауға мүмкіндік береді.



Бұл көкейкесті мәселенің шешімі «Жоғары оқу орнында студенттердің ұлттық дүниетанымын қалыптастыру» атты арнайы курс бағдарламасы арқылы жүзеге асырылды (кесте-4).
Кесте-4 – «Жоғары оқу орнында студенттердің ұлттық дүниетанымын қалыптастыру» атты арнайы курстың жоспары


р/с

Тақырыптар аттары

Дәріс

Прак.

СӨЖ

1.

«Ұлттық дүниетаным» ұғымының мәні, мазмұны

1

1

2

2.

Ұлттық тәрбие мен ұлттық дүниетанымның сабақтастығы

1

1

2

3.

Қазақ халқының ұлттық дүниетанымының мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштардағы көрінісі

1

1

2

4.

Қазақтың діни көзқарасы мен ұлттық дүниетаным

1

1

2

5.

Ұлттық діл мен идеология

1

1

2

6.

Ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптардың ұлттық дүниетанымның қалыптасуына әсері

1

1

2

7.

Киелі сандарға байланысты ұлттық дүниетаным көріністері

1

1

2

8.

Ұлттық дүниетанымның қалыптасуындағы ұлттық құндылықтардың маңызы

1

1

2

9.

Ұлттық дүниетанымның қалыптасуындағы ұлттық мәдениет

1

1

2

10.

Ұлттық дүниетанымның қалыптасуындағы музыка көріністері

1

1

2




Барлығы

10

10

20

Арнайы курс бағдарламасының мақсаты студенттердің ұлттық дәстүрлерге, ата салтқа, туған өлкесіне, жерге, тіліне, діліне, дініне, Отанға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу, қалыптастыру болды.

Эксперименттік топ студенттерімен біздің зерттеу болжауымыздың мүмкіндіктерін айқындайтын арнайы сабақтар жүргізілсе, ал бақылау топтарында ұлттық дүниетанымның қалыптасуының мәнін анықтауға арналған сабақтар өтілді. Тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелері эксперименттік топ студенттерінде ұлттық дүниетанымның қалыптасу деңгейін әр уақытта жоғарылатуға мүмкіндік беретін біз қолданған әдістемелер өзінің жоғары нәтижелігін көрсетті. Студенттердің дәстүрлі музыкалық өнер негізінде ұлттық дүниетанымының қалыптасу деңгейлері анықталды (сурет 1).

Зерттеу жұмысымыздың теориялық бөлімінде анықтаған педагогикалық шарттар жүйесінің бірі – жоғары оқу орнының оқу-тәрбие үдерісінде дәстүрлі музыкалық өнердің ұлттық дүниетанымды қалыптастырудағы мүмкіндігін пайдалану білігін дамыту үшін «Қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерінің дүниетанымдық сипаты» атты оқытушыларға арналған арнайы семинар ұйымдастырдық. Оның мазмұнын төмендегіше.


Кесте – 5 «Қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерінің дүниетанымдық сипаты» атты оқытушыларға арналған арнайы семинар


р/с

мазмұны

формасы

1 тақырып

«Дәстүрлі музыкалық өнер» ұғымының мәні, маңызы

Лекция-баяндама

2 тақырып

Қазақстандағы жыраулық мектептер

Белгілі жыраулардың қатысуымен дөңгелек үстел

3 тақырып

Сыр бойындағы жыраулық өнер

«Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы мамандарының қатысуымен лекция-концерт

4 тақырып

Қазақтың дәстүрлі әншілік өнері

Аудио- бейне таспалар қолданылған және танымал дәстүрлі әншілер қатысуымен сұқбат-концерт

5 тақырып

Қазақтың дәстүрлі күйшілік өнері

Лекция-концерт

6 тақырып

Дәстүрлі музыкалық өнер және ұлттық дүниетаным

Мультимедиалық презентация


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет