Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
58
тартқан. «Аулың көшкенде, екі балаңмен үш күреңді мін. Ақсақ Темірдің немере
қызына сөйтсе, жарасады» деген. Осы бір сөзімен бүкіл Азия мен Үндістанды
тітіреткен ұлы әмірдің шаһарын шауып, немере қызын тартып алып,
әйел етіп
отырса да, қанды көз Көрегеннің аруағына бас иетінін білдірген. Бұл тарту, өзге
бәйбішелерінің арасында кезінде күндестіктен туған жанжал да шығара жаздаған.
Сол бестілер биыл ауыздарымен құс тістейтін жеті жасар ат болған. Биылғы тойда
Әбілқайыр оларды да бәйгеге қосып көрмек боп, Рабиу-Сұлтан-Бегімге:
— Ханым, үш күреңді тойға мінбей апарыңдар. Тарланкөкпен бірге бәйгеге
салмақпын, — деген.
Сүрме қасты, аққудай аппақ, отыз беске, келіп қалса да, әлі де шаңқай түстей
жарқыраған сұлу Рабиу-Сұлтан-Бегім:
— Үш күрең бәйгеден келсе бірге келеді, қалса бірге қалады, — деген,
қарақаттай мөлдіреген үлкен бота көздерін найзадай ұзын кірпіктерінің астынан
хан тағындағы еріне жаудырата қадай, — тізбектеліп
ұшқан қоңыр қаздай
үшеуінің қатар келгені жарасымды. Бірақ бұ жолы бәйгеге салудың реті қалай
болар екен, ортаншысының аяғына жем түсіп, ақсап жүр. Қабылбай сынықшы
кеше қарап кетті.
— Олай болса, бұл жолы қоя тұрайық, — дей салған хан.
Батыр Саян жанындағы екі күзетшімен Сығанақ жаққа, дәл сол күні қораға
әкелінген осы үш күреңмен қашқан. «Бақытты жігіт жалғыз ғана ханның жас
бәйбішесін құшып қоймапты, әрқайсысы бір рудың жылқысына татитын үш
сәйгүлік жүйрігін мініп кетіпті! Қандай қорлық,
ханның намысын аяққа таптар
қылық!» Сыбырлағанды құдай естімей ме, құдай құлағына жетер сөзді, жұрт қалай
сақтанып сыбырласа да хан құлағына да жеткен. Әбілқайыр жұрт өсегін ойына
алса болғаны, шиырқап шабатын бурадай қаһарлана түседі. «Рабиу сұлу мен
батыр Саян арасындағы баяғы жел сөз бен үш күреңнің ауылда қалуы... Үш
күреңді үш кісінің мініп кетуі — бәрі бір түйін» дейді хан ішінен және бас уәзірі
Бақты-Қожа арқылы үш күреңді той алдында Қабылбай дәруіштің көрмегені
анықталған. Сірә, ханым берген сыйлыққа қызыққан болуы керек, Қабылбайдың
өзі үш күреңді қарағам депті, ал оның бірге еріп жүрген шәкірттері сынықшының
бұл күндерде тіпті Орда-Базарда болмағанын айтыпты. Ханда «Бақты-Қожа уәзірі
бір жаман оймен шындықты бұрмалап жүр ме,
әлде сынықшы шәкірттерінің
арасында күншілдік боп, Қабылбай қарттың сөзін әдейі бұрған жоқ па екен» деген
ой болмаған-ды.
Онсыз да жүрегіне тұнып жүрген бұл сөздер ханды өзінің тұңғиығына батыра
берген. Әбілқайырдың көкірегін Рабиу-Сұлтан-Бегімге деген өшпенділік уы
жайлаған. Көзіне шөп салған, арын, намысын қорлаған жігітпен арасындағы қаңқу
сөзді былай қойғанда, бүкіл елге әйгілі үш жүйрігіне мінгізіп, оны ажалдан
құтқарып жіберген ерке бәйбішесінен енді хан Ақсақ Темір тұқымына дақ
салардай өш алуды ойлаған. Өш алуға келгенде Әбілқайыр, қайын атасының кеше
бүкіл әлемді тітіреткен аруағынан да, оның ұрпақтары билеп отырған елдердің
қаһарынан да қорықпаған. Рабиу-Сұлтан-Бегім
Ақсақ Темір немересі болса, мен
ұлы Шыңғысханның әулетімін деген. Бұл ашудың үстіне Рабиу-Сұлтан-Бегімнің
тағы бір қылмысты қылығы жамалған-ды. Тағы сол Бақты-Қожа уәзірдің айтуы
бойынша, батыр Саянның жанына күзетке Арғын жігіттерін қойдырған ханның
сүйікті кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзі болып шықты. «Күзет бастығын
да сатып алған секілді. Және жоғарғы мәртебелі ханымның Арғын билерімен де