Аралық бақылау 2
Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ повестеріндегі аштық, репрессия тақырыбы
Тәуелсіздіктің кезінде туған повестердің баяны – халық өмірінің кешегі күндерінен. Өткен шақпен есеп айырысады. Бүгінгі нарық заманы тақырыбынан жазылғаны саусақпен санарлық. Бiрақ аз жазылса да, саз жазылып жатқанын баса айтуымыз керек. Бiр хикаят нарықты сынай отырып, жақтайды, адам тiрлiгiне жаңа тыныс бергенiн алға тартады. Екiншiсi, нарық пен демократияның ел өмiрiне әкелген кесiрлi жақтарына шүйiледi. Қай тақырыпқа қалам сiлтесе де бүгiнгi повесть атаулы таптық тұрғыға тұтылудан, не жазса да ресми нұсқау-нормативтерге дөп тимей кете ме деп алаңдаудан әмiсе азат. Кеңестiк санаға өзiн қарсы қоятын сана қалыптасты. Ендiгi шығармалар iзденiске бай. Дүниенi жаңаша сезiну, еркiн ойлап, ойлағаныңды ашық жазу бұрын қалам тартылмаған проблемаларға, аттап баспайтын материалға жол ашты, образды өмiр философиясын жасауға, руханият, инсаният өлкесiне терең де батыл бойлауға мүмкiндiк бердi.
Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясы – ашаршылық, сталиндік қуғын- сүргін, тоқырау заманын қамтыған ең ірі көркем туындылардың бірі.
Жазушы бұл еңбегінде ерекше суреткерлігімен, трилогиясының көркем құрылымымен көзге түседі. Автор Кеңес кезінде ашаршылыққа ұшыраған халықтың хал-ахуалын, «асыра сілтеудің» елге әкелген зардабын шебер суреттеп, ел басқарып отырғандардың жағымсыз қылықтарын, пасықтығы мен әділетсіздіктерін әшкерелей жазады.
«Ақ боз үй» - нәубетті заманның шындығы арқау болған бірден-бір роман. Журналист Жеңіс Шыныбековтың тілімен айтсақ: «С.Елубай өзінің «Ақ боз үй» роман-трилогиясында өткен ғасырдың басы мен орта тұсына дейінгі қазақ ұлты көрген құқайды бажайлап, терең зерттеп, өткір де тұщымды тілмен баяндап берген. Жазушы отызыншы жылдардағы «ақтаңдақтар», «қарадақтар» миллион даған жазықсыз жандардың аштан қырылып, қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңінің, Ұлы Отан соғысының зардаптары, одан бергі тұралау, тоқырау заманы тари хының кең ауқымды панорамасын жасай білген. Романды оқып отырғанда халықтың «Елім-айлап» зар жылағанын, күңіренген үнін естігендей боласыз. Аштан бұралып қырылып жатқан бала-шаға, шал-кемпір, жазықсыз қиянат көрген ер азаматтың тартқан жан азабы тап кинодағыдай көз алдыңызға келіп, төбе құйқаңыз шымырлайды. Зілбатпан салмақ түскен жүрегіңіз төс сүйегіңізді тесіп шығардай тепкіленіп, бұлқынады. Халыққа қасірет әкелген қатыгез заманға екі қолыңды теріс жайып, қарғыс айтқың келеді».
Халық Сейткемелов "Шұбырынды қанды босқын" кітабы. Ел ішіндегі ірі байлар 28-жылы кәмпескеленіп, айдалып кеткеннен кейін, шаруа бағып, мал өсіріп күнелткен қарашаруалар мен кедей малшылар ғана қалған болатын. Осы кезде Орталықтан келген Голощекин деген империяшыл қолшоқпар «Кіші Қазан» дегенді ойлап тауып, кедейлердің жалғыз-жарым малын тартып алып, жаппай коллективтендіруді бастамақ болды. Мал иелеріне кулак деген таңба басылды. Бұл тап күресі емес, жай жатқан халықты текке қыру еді.
1931-1933 жылдардағы аштық апатында Ертіс ауданының негізі болған Қызылағаш болысының 20 мыңға жуық қазағының жартысына таяуы қырғынға ұшырады. Ақын Мүбәрак Жаманбалиновтың бұл поэмасына сол жылдардың ащы шындығы арқау болған.
Ертіс ауданының құнарлы топырағында шаңырағын ресейліктер көтерген Суворов совхозында, аштық апаты белең алған кездің өзінде, жыл сайын 30-35 мың гектар егін егілген. Жұмысшыларының тамағы тоқ болды. Ал совхоз төңірегіндегі ауыл қазақтары жүрек жалғайтын нәр таба алмай, қынадай қырылып жатады. Совхозға қайыр сұрауға келген қазақ әйелдері мен балаларын салт атты комендант қамшының астына алып, селоның сыртына қуып тастап отырады. Бұл әйелдер мен нәрестелердің көпшілігіне сол жерден топырақ бұйырады. Қариялардың шамалауынша, бұнда көз жұмған әйелдер саны жүзге жуық. Олардың басына орнатылған құлпытаста: «Бұл зиратта 1931-1933 жылдардағы аштық құрбаны болған қазақ әйелдері жерленген» деген жазу бар. Совхозда трактор жүргізу өнеріне қазақтардан ең алғаш Жұмабай Смақановтың ғана қолы жеткен. Өзгелері – келімсектер. Жұмабайдың Павлодар қаласының түбіндегі бір ауылда тұратын жалғыз апасы Мүлипа аштық апатында күйеуінен, 9 баласынан айырылды. Оның аман қалған жалғыз ұлы Кәлен жұбайы Құрадай екеуі әрі сырқат, әрі аштық меңдеген Мүлипаны қоларбаға отырғызып, Жұмабайды іздеп шығады. Поэмада осы үшеуінің жол үстінде тартқан азаптары суреттеледі. Поэма Жұмабай Смақановтың көзі тірісінде айтып берген шындыққа негізделіп жазылған.
Белгілі академик Манаш Қозыбаевтың «Ақтаңдақтар ақиқаты» еңбегінде отызыншы жылдары Голощекин жүргізген «Кіші Қазан» төңкерісінің қазақ халқына қаншалықты қасірет әкелгенін сөз етеді. Тарихи деректерге сүйене отырып, «Ермак кім?» деген сұраққа байыппен жауап береді. Кітапта Хрущевтің, Брежневтің, Голощекиннің саяси портреттері берілген.
Сапарғали Ләмбекұлының «Арыстар» дилогиясының бұл екінші кітабында Голощекиннің қазақ елін ашаршылыққа ұшыратқаны, сталиндік қуғын-сүргін тудырған зобалаңдар сөз болады.
Белгілі қаламгер Амантай Есілбайдың «Асылдың сынығы» еңбегі тарих ақтаңдақтарының бірі – ашаршылықты өз басынан өткеріп, тағдыр тауқыметін қайыспай көтере білген жанның өз айтуымен еш қоспасыз сол қалпында жазылған. Автор кейіпкер айтқан оқиғалармен шектеліп қалмай, Ақмола, Атбасар өңірінде ашаршылық жылдары ел басынан өткен
тарихи оқиғаларды толық қамтуға тырысады.
Ел тарихынан үлкен мағлұмат беретін шығармада автор тіл көркемдігіне, ой тереңдігіне мән беріп, оқиға желісін қызғылықты баяндауға ден қойып, бір адамның өмір тарихын суреттеу арқылы тарихтан сыр шертуге тырысады. «Асылдың сынығы» - сонысымен құнды. Аталмыш еңбектің тілі жатық, ойы орамды. Қамтылған оқиғалар өмірдің өзіндей шынайы, боямасыз қалпында көз алдыңа елестейді.
Былтыр Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы сыр шертетін жаңа кітап ғылыми-танымдық үлгіде басып шығарылған. Архивтен жинақталған құнды 75 құжат 4 бөлім арқылы орналастырылған.
Бірінші бөлімде 20 ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы уездік революциялық комитеттер қорларының, атқарушы Кеңес жұмысшыларының, шаруалары мен депутаттарының, куәгерлердің саяси репрессия жөніндегі құжаттары енгізілген. Сондай-ақ, діни қызметкерлер мен мешіттерге қатысты жүргізілген саяси репрессиялық шаралар жайында сөз етілген архив құжаттары да басылған.
– Жинақтың екінші бөлімінде, ұлттық белгіге қарай репрессияға ұшырағандар жайлы жазылған. Олардың қатарында поляктар, немістер, қарашайлар, болгарлар, шешендер, ингуштар мен қырымдық татарлар бар. Бұлардың барлығы Отанын сатқан деп есептеліп, жер аударылған. Үшінші бөлімде «Сталиндік репрессия» жайында архив құжаттары енгізілді. Яғни, 30-50 жылдардағы сталинизмдік саяси құрбандар жайында сөз етілген. Ал, төртінші бөлімде, қуғын-сүргінге ұшырағандардан қалған естеліктер, жеке хаттар, күнделіктер мен фотосуреттер енгізілген,–дейді облыстық мемлекеттік архивтің бөлім жетекшісі Назира Исенова.
20-шы ғасырдың қасіретті оқиғасын растайтын жинақтағы бұл құнды құжаттар бүгінде өңір тарихшылары мен зерттеушілері үшін қолжетімді. Сондай-ақ, жаңа кітап тарихта ізі қалған «ақтаңдақтар» жайлы білгісі келетін қалың оқырманға да арналады.
«Азалы кітап – книга скорби» – 20 ғасырдағы жаппай жазалау жылдары саяси айыппен атылғандар тізімі жарияланған кітаптардың жалпы атауы. Қазақстанның «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік к-тінің мәліметтері негізінде Алматыда жүйелеп шығарып келеді. 1996 жылы бірінші жинақ шықты. Онда Жамбыл облысында туып-өскен репрессия құрбандары Д.Әділов, Қ.Сарымолдаев, Ахмедия Сарымолдаев (1901 – 15.11.1937), т.б. жайында деректер бар. 1998 жылы басылымның екінші кітабы жарық көрді. Оның тұтас бір бөлімі Жамбыл облысына арналған. «Атылғандар тізімі. 1930 – 1950 жылы саяси репрессиялар құрбандары. «Жамбыл облысы» деп аталатын бұл бөлімде 950 боздақтың аты-жөні тіркелген. Ішінде белгілі алаш қайраткері Әбубәкір Алдияров та бар. Мирзоян (Тараз) қаласында т.ж. ауруханасының бас дәрігері болып істеп жүргенінде ұсталып, 1938 жылы 27 қаңтарда ату жазасына кесілген. 1930 жылы 15 наурызда Жуалы ауданы тұтынушылар одағының күзетшісі Степан Сероус атуға кесіліпті, Талас ауданының жеке шаруалары Қарақожа Ханқожаев, Махамбет Керімбаев, Әбди, Жарықбас, Нәдірбай Сатыбалдиевтер мен Әлімжан Базаров 1930 жылы 8 сәуірде атылған. Сол жылғы 25 мамырда Сарысу, Мойынқұм аудандарынан 25 адамға атылсын деген үкім шығарылған. Ішінде әйгілі әнші, композитор Сапалай Исатаев (1891 – 25.5. 1930) бар. Онымен бір күнде Сарысу ауданынан Әділбек, Карл Әбезов, Қиянбек Әділбеков, Сағынай Байқадамов, Шуан Жанбеков, Байдулла Жанділбаев, Алтынбек Жақсынбаев, Сүлеймен Жақыпов, Манап Исабеков, Құсайын Тұржанов, Бұлқындық Есжанов, Жантөре Иманов, Мұстафа Қарғашев, Аманжол Күйеков, Дәуітәлі Құшбанов, Елебай, Өксікбай Наурызбаевтар, Қуаныш Несіпбаев, Сарбас Танеев, Жалабас Тұржанов, Алтынқожа Өтеповтер, ал Мойынқұм ауданынан Құрман Шараев, Болысбек Балқыбеков, Омар Дулатов атылды. 1930 жылы 30 желтоқсанда Меркі ауданында тұратын байырғы мұғалім, алаш қайраткері, Д.Фурмановтың «Бүліншілігінде» дұшпан ретінде суреттелген Қарабай Әділбеков ату жазасына кесілді. Жазаның жоғары түрі онымен бірге Сарысу ауданының әкелі-балалы шаруалары Жаңабеков Бекмолда мен Бекмолдаев Шалтайға берілген. Саяси қуғынға ұшыратылғандардың негізгі бөлігі 1937 және 1938 жылдары ату жазасына кесілген. Кітапта келтірілген толық емес деректерге қарағанда Жамбыл облысында 1937 жылы 300-ге жуық адам, 1938 жылы 530 адам атылған. Ату жазасына кесілгендердің ішінде БК(б)П Мирзоян аупарткомының хатшысы С.Баймаханов, мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі Н.Ақшабаев, ауданы халық ағарту бөлімінің меңгерушісі С.Айтқожин, Красногор ауданы халық ағарту бөлімінің басшысы Ж.Нұрымбетов, Шу балалар үйінің директоры Х.Күдербеков, мұғалімдер С.Бейсенов, Д.Жантүгелов, Красногор ауданы атқару к-тінің төрағасы Д.Кеженов, Сарысу ауаткомының төрағасы Қ.Тәжібаев, осы ауданының прокуроры М.Елеусінов, Талас ауданы прокуроры Т.Мұсаев, Сарысу ауданы денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі К.Исабеков, молдалар С.Сыдықов, И.Молдияров, Қ.Тұрсынқожаев, т.б. азаматтар болды.
Достарыңызбен бөлісу: |