Қазақстан - 2030 Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы
Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы
Жаңа ғасыр табалдырықтан
аттайды, басқа
дәуір туып келеді
Вергилий
Әр дәуірдің
өз міндеттері бар
Гейне
Кіріспе
Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ
Қазақтың халық мақалы
Қадірлі халайық!
Мен сіздерге, Қазақстан халқына, қоғамымыздың болашағы мен мемлекетіміздің мұраты хақындағы өзімнің пайымдауымды жолдап отырмын. Мен Сіздерге осынау болашаққа қол жеткізіп, өз мұратымызды іске асыруға жәрдемдесе алады-ау деген сенім ұялататын стратегияны ұсынғым келеді. Мен сіздермен келер ғасырға, жаңа мыңжылдыққа, алыс перспективаға ендеп бойлайтын болашақ жайлы өзімнің ой-толғаныстарыммен бөліскім келеді. Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті.
Бұл бізге не үшін қажет? Менің ойымша, біздің әрқайсымызда ендігі жерде тек бүгінгі күнмен ғана, ағымдағы міндеттерді толассыз шешумен ғана өмір сүруге болмайтындығын терең түсіну сезімі пісіп-жетілді.
Біз ненің іргесін тұрғызғымыз келетінін, таңдап алған мақсатымызға алып келетін өз дамуымыздың траекториясы, даңғылы қандай болуға тиіс екендігін анық білуге және ұғынуға тиіспіз.
Өзіміздің басым мақсаттарымызды дұрыс айқындап, тиісті стратегияларымызға таңдау жасап, осы жолмен жүру үстінде ерік-жігер мен төзімділік таныта отырып, біз өзімізді бұралаң-бұрылысты сенделістерден, күш-қуатымызды, уақытымыз бен ресурстарымызды жөнсіз зая кетіруден сақтандырамыз.
Мықты стратегияға ие болып әрі табандылық таныта отырып, біз жолымызда кездесер кез келген күрделі кедергілерді абыроймен еңсере аламыз.
Бүгінгі таңда басымыздан кешіп отырған қиын жағдайлар бізді күш-қуатымыз бен үміттен айырмауға тиіс. Перспективаларымызды айқын ұғыну, жолымызда тұрған қиындықтар мен қауіп-қатерді бүкпесіз түсіндіру біздің қоғамымыздың барша азаматтарын осынау ортақ міндетті шешу үшін жұмылдыруға жәрдемдеседі.
Біз бүгінгі кезеңнің міндеттерінен өзге біздің ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтынын: әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз.
Біз өз балаларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді?
Олар әл-ауқатты өмір сүре ме, тоғайған, дендері сау әрі білімді-білікті бола ма?
Олар жақсы әрі азат қоғамда өмір сүре ме?
Олар бейбіт-татулықта өмір сүре ме?
Олар өз қауіпсіздігі мен балаларының қауіпсіздігі үшін алаңсыз бола алар ма, көшелермен емін-еркін жүріп, өз дүние-мүлкі үшін қауіптенбес болар ма?
Біз оларға қуатты мемлекет пен өзіміздің жақын және алыс көршілерімізбен достық қарым-қатынасымызды мұра етіп қалдыра аламыз бар?
Біз осынау қарапайым, бірақ маңызды сұрақтарға бүгіннің өзінде жауап беруге тиіспіз.
Бір данагөй: егер сіз қайда бет алып бара жатқаныңызды білмейтін болсаңыз, онда сізді ол жерге кез келген жол алып баруы мүмкін деген екен. Осыны естен шығармай, болашақтың моделін жалпыланған түрде және нақты қысқа мерзімді мақсаттар түрінде ұдайы көз алдымызда бағдар етіп ұстауға тиіспіз. Мұның өзі қандай да бір іс-әрекетке кірісе отырып - біз дұрыс бағытпен жүріп келеміз бе әлде бағдардан ауытқыдық па, оқиғалардан ілгеріге оздық па әлде шабандап қалып келеміз бе - ұдайы таразылап отыру үшін қажет.
Бүгінгі күнді ертеңгі күнмен ойша салыстырған кезде, бұл процесті сан рет қайталай отырып, проблемалардың ауқымы мен олардың маңызын өзгеше қабылдайсың. Өзімізді әлеммен бүкіл планетаның бір бөлігі ретінде түйсіне отырып, біз жаңа дәуір мен жаңа уақыттың тынысын және олардың жуықтай түскенін сезінеміз.
Қазақстан жаңа мемлекет ретінде көптеген империялардың: Оттоман, Австро-Венгрия, ал мүлде таяуда - Кеңес Одағының жан тәсілім еткенін көрген дәуірде дүниеге келді.
Біз жаңа мемлекетті, жаңа нарықтық экономика мен жаңа демократияны көптеген өзге де жас тәуелсіз мемлекеттер осы тәрізді жолды басынан кешіп те үлгерген уақытта құру үстіндеміз.
Біз қуатты сыртқы күштер келешегімізді айқындауда сөзсіз елеулі рөл атқаратын күннен-күнге өсе түскен ауқымдану мен ұлғайып келе жатқан өзара тәуелділік дәуірінде өмір сүріп отырмыз.
Егер біз өз ниетімізді байсалды ұстансақ және пайымды да парасатты болсақ, өз дамуымыздың ішкі және сыртқы факторларын бүкпесіз талдап-таразылауға қабілетті болсақ, онда біздің жалпы топтасуымыз, өз тарихымыз бен ерекше жағдайларымыз негізінде дұрыс жолды таңдап алу мүмкіндігіміз де бар.
Біз басқа елдердің тәжірибесін зерделей алсақ та әрі солай етуге тиісті болсақ та және халықаралық қоғамдастықтағы қолайлы үрдістерді пайдалана алсақ та, біздің жасымызға жеткенде балаларымыз бен немерелеріміз мақтан ете алар Қазақстанды құру жөніндегі үмітіміз бен арманымызды іске асыру үшін қажетті осынау орасан зор жұмысты өзге ешкім де емес, тек біздің өзіміз ғана игере аламыз.
Неліктен нақ бүгінгі таңда біздің алдымызда осы мінде тұр?
Өйткені кеше біз бұған даяр емес едік, тәжірибеміз бен білігіміз жетіспеді, жағдай, ересен тұрақсыздық пен тұрлаусыздық мүмкіндік бермеді. Міндеттің өзі де басқа болатын. Алдыңғы кезеңнің күллі мәні мынаған: басталып кеткен аласапыран өтпелі кезеңнің буырқанған жағдайында дербес мемлекет ретінде табан тіреп қалуға келіп сайды. Көптеген көріпкелдер біз сәтсіздікке ұшыраймыз және де мемлекет құрылысының, қоғамдық және экономикалық қайта құрудың бұрын-соңды болмаған міндеттерін игере алмаймыз деп сәуегейлік еткен-ді.
Бірақ алғашқы сынға біздің лайықты төтеп бере алғанымыз - еңсемізді тік ұстап, иілмегеніміз бүгін-ақ айқын. Барлық қиындықтарға қарамастан біз бейберекетсіздік пен жөнсіздік шыңырауынан шыға білдік.
Қазір біз тұрақтану кезеңіне өтудеміз. Ең өзекті және маңызды міндеттерімізді шешуде қол жеткізген табысымыз бізге жан-жағымызға үңіле зер тастауға, өткен жолымызды таразылауға әрі болашаққа батылырақ көз салуға, алдағы дамуымыз туралы ойлауға, өз жоспарларымызды түзеуге мүмкіндік береді.
Аса ауыр жағдайларда жинақталған мемлекеттілік құру, саяси және экономикалық реформалар жүргізу тәжірибесі, әлем және оның дамуы туралы білім-білігіміз, қазақстандықтардың төзімділігі мен түсінушілігі бізге қосымша күш-қуат пен сенімділік үстейді.
Бұл міндеттерді шешуді ертеңге қалдыруға да болмайды, өйткені біз өз реформаларымызды толық аяқтағанша күтіп те отыра алмаймыз.
Басқаша айтқанда, кеше әлі ерте болатынды, ал ертең кеш болып қалуы мүмкін.
Мемлекетіміз бен қоғамымызды құрудың дұрыс стратегиясын таңдап алудың өміршең мәні бар. Екшеле талданып жасалған стратегиялық жоспар назарды жинақтайды, тәртіпке жұмылдырады және жәрдемдеседі.
Ол мемлекет назарын басымдықтардың аса қысқа тұжырымды тізбесіне жинақтайды, ол тәртіпке жұмылдырады әрі Үкіметті осы міндеттер мен стратегияларды күнделікті шешіп отыруға талпындырады. Ақыр аяғында, ол біздің мақсаттарымыздың іске асуына алып келетін күн сайынғы және жыл сайынғы шешімдерді қабылдауымызға жәрдемдеседі.
Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Осы нұсқауларды өмірге енгізудің, жобаланған жоспарларды іске асырудың маңызы мүлде кем емес. Сондықтан әрбір министрлік пен ведомство өз жұмысын әрбір күн, ай мен жыл біз қадам басқан сайын қойылған мақсаттарымызға қарай ілгерілейтіндей етіп ұйымдастыратын жүйені құру аса қажет.
Мемлекеттік қызметшілер күн сайын алдарындағы стратегиялық мақсаттар мен басымдықтарды көріп отыруы, екінші кезектегі және күнделікті міндеттерді шешуге алаңдамастан оларды іске асыруы қажет.
Қабылданатын заңдар мен шешімдер біздің стратегиямыздың арнасында, жұмыс жинақы - жұмылған әрі үйлесімді болуға тиіс.
Келесі жылдан бастап біздің жыл сайынғы жоспарларымыз ұзақ мерзімді басымдықтарымызға сәйкес болуға тиіс. Оның үстіне, мониторинг жүйесі қойылған мақсаттарымызға қол жеткізуде біз қаншалықты ілгеріледік деген сұраққа жауап беруге тиіс. Сондықтан бізге стратегиялық жоспарлау мен стратегиялық бақылау, есептілік пен жауапкершілік жүйесі қажет.
Біздің алға қарай тұрақты жылжуымыздың басты шарты - біздің қоғамымыздың алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудегі біртұтастығы, халықтың барлық жіктері мен топтарының ортақ міндеттерді шешуге бағытталған стратегия айналасында топтасуы. Егер біз қоғам мен халықтың түрлі топтарының қажеттіктерін дұрыс ескеруге, басымдықтарды дәл айқындап, олардың іске асырылуын қамтамасыз етуге қабілетті болсақ, онда бұл ақиқатқа айналады. Мұны мемлекеттің халықтың жекелеген топтарымен және жекеше сектормен ынтымақтастығы негізінде іске асыру қажет.
Осы Жолдау менің Қазақстан халқына ішкі және сыртқы саясатымыздың негізгі бағыттары туралы жыл сайын Жолдау арнап сөз сөйлеу жөніндегі Конституциялық міндеттерімнің шеңберінде әзірленген болатын. Бірақ мен жоғарыда атап өткендей, біздің мемлекетіміз, тұтас алғанда қоғамымыз үшін де координаттар жүйесі болып табылатын, соның шеңберінде жыл сайынғы іс-қимыл жоспарларымызды жасай алатын неғұрлым ауқымды болжам мен стратегияны қажет етеді. Сол себепті осы мәселелерге ерекше орын беріліп отыр.
Президенттің Қазақстан халқына ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары туралы бұдан кейінгі жыл сайынғы Жолдаудағы ұзақ мерзімді стратегияның іске асырылуына берілетін бағаны қамтиды, сондай-ақ алдағы жылға арналған нақты міндеттерді айқындайтын болады.
1. Біз бүгін қай жерде тұрмыз?
Адамдардың өмірінде шарықтау сәті бар, ол, егер дұрыс
пайдалана білсе, табысқа жеткізеді. Егер оны қолдан
шығарып алса, онда одан кейінгі жол қайраңға малтығып,
тайғақ кешумен ұласады
Шекспир
Ұланғайыр мүмкіндіктер баршаға беріледі, бірақ көп
жандар олармен ұшырасқанын сезбейді де
Даннинг
Соңғы алты жыл iшiнде бiз екi басты стратегиялық мақсатты көздедiк.
Бiрiншiден, Қазақстан егемен тәуелсiз мемлекет болды. Көптеген адамдар қазiр мұны тиiстi нәрсе ретiнде қабылдауға әзiр, бiрақ қазақстандықтар мұның бiздiң тарихымызда қаншалықты сирек әрi қиындықпен болғанын ұмытпауға тиiс.
Екiншiден, бiз кең ауқымды әлеуметтiк, саяси және экономикалық реформаларды жүргiзе бастадық. Аталған мақсаттарға әлi жете қойғамыз жоқ, дегенмен, жекелеген бағыттарда көзге түсер нәтижелерiмiз де бар.
Ендi ахуалды терең таразылау, дамуымызды әлемдiк тәжiрибе тұрғысынан талдау және реформаларымызды iске асыру мен жаңа институттарымыздың қалыптасу дәрежесiн үздiк әлемдiк тәжiрибемен салыстыру маңызды. Өзiмiздiң секем және босаң тұстарымызды салиқалы тұрғыдан талдап, тек содан кейiн ғана дербес төл стратегиямызды талдап жасаудың маңызы бұдан бiр де кем емес.
Бiздiң iшкi бекем тұстарымыз бен Қазақстанның қолындағы сыртқы мүмкiндiктердi, өзiмiзге тән босаң тұстарымыз бен сыртқы қатерлердi талдаудан бастайын.
Елiмiздiң қолында сегiз артықшылық бар.
Бiрiншiсi. Бiз өзiмiздiң тәуелсіз, егемен мемлекетiмiздiң негiзiн қаладық. Барлық қажеттi мемлекеттiк институттар қазiрдiң өзiнде бар әрi ай сайын тәжiрибесi мен бiлiктiлiгiн ширата түсуде. Бiрақ мемлекетiмiздiң құрылысы аяқталатын күн әлi алыс.
Екiншiсi. Бiз жетпiс жыл бойы өзiмiз өмiр сүрген ескi саяси және экономикалық жүйеден іргемiздi түбегейлi аулақ салдық. Бүгiн мүлде жаңа мемлекет өмiр сүрiп отыр, мүлде өзге саяси және экономикалық жүйе жұмыс iстеуде.
Үшiншiсi. Қоғамымыздағы өзгерiстер ықпалымен, өзiмiз көбiне оны түйсiне де бермей, құндылықтардың сапалық тұрғыдағы өзге жүйесi мен адамдық қарым-қатынастардың жаңа түрiне дағдылана отырып, өзiмiз де түгел өзгердiк. Қысқасы, бiз азаттық алдық. Мемлекеттiк-ұжымдық дүниетанымның жекешiл дербес дүниетаныммен алмасуы бiздiң өмiрiмiздiң әрбiр қырын өзгерттi. Әрине, ескi жүйе шақтап болса да неғұрлым сенiмдi әлеуметтiк игiлiктер берiп келдi, әрi бiрсыпыра салаларда жетiстiксiз де болған жоқ. Алайда, экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабiлетсiз болғандықтан, ол жүйенiң күйреп тынғанын да ұмытпауға тиiспiз. Ол әлеуметтiк жағынан да осал болып шықты, өйткенi адамдардың көпшiлiгiнiң тұрмыс деңгейi шетелдегi тұрмыс деңгейiнен төмен едi. Ол, сондай-ақ жеке адам хақында да осалдық танытты, өйткенi еркiндiк бермедi. Нарықтық экономика мен демократиялық тұрғыда таңдап алынған мемлекет Қазақстанға қандай шамада өркендеу мен бостандық әкелерiн уақыт өте келе бiздiң өз тәжiрибемiз көрсетуге тиiс. Өтпелi кезең уақытында бiздiң азаматтарымыздың көпшiлiгi қилы iстi бастан кешiрдi әрi көп нәрсенi құрбан еттi. Бiрақ бiз мұны тек сiздер мен бiздiң игiлiгiмiз үшiн ғана емес, ең алдымен, балаларымыз бен немерелерiмiз үшiн жасап отырмыз.
Төртiншiсi. Бiздiң басты он игiлiктерiмiздiң iшiнде - халқымыздың немесе былайша айтқанда, адам ресурстарының сапасы тұр. Бiздiң ғылыми және шығармашылық әлеуетiнiң деңгейi жоғары бiлiм өресi биiк халқымыз бар. Көптеген елдерде бұл жоқ, әрi олар осындай сапаға жетудi өздерiнiң стратегиялық мақсаттарының бiрi санайды. Мұның өзi - бiздiң халқымыз бен бұрынғы жүйенiң аса iрi жетiстiгi. Бiз қолымыздағы осындай баға жетпес капиталды жан-жақты дамытуға және оның дамуы үшiн барған сайын жаңа әрi неғұрлым өркениеттi жағдай туғызуға тиiспiз.
Бесiншiсi. Бiздiң табиғи ресурстарымыз - орасан зор байлық. Алайда, мұның өзi қаншалықты кереғар көрiнгенiмен, әлемдiк тәжiрибе табиғи байлығы бар көптеген елдердiң оны дұрыс игере бiлмегендiктен, ақыры кедейлер қатарынан шыға алмағанын көрсетедi. Алайда, Шығыс Азияның неғұрлым серпiндi дамыған елдерi - табиғи ресурстары жоқ елдер. Осының бәрi жетекшi фактор - бұл адамдардың өзi, олардың ерiк-жiгерi, күш-қуаты, табандылығы, бiлiм-бiлiгi екенiн тағы да дәлелдей түседi. Бұл - бiзге гүлдену мен тәуелсiздiк есiгiн айқара ашуға мүмкiндiк беретiн нақ сол "алтын кiлттiң өзi".
Әлемнiң келеңсiз тәжiрибесiн де үйрену қажет. Ол даму стратегиясының немесе оларды iске асыру қабiлетiнiң болмауы табиғи байлықтар әлеуетiнен басым түсетiнiн айқын көрсетiп отыр. Сондықтан, бұдан бiз шығаратын басты қорытынды - ойластырылған стратегия жасап, оны барлық қиындықтарға қарамастан жүзеге асыру қажеттiгi. Жер қойнауының байлығы - барша келер ұрпақтың игiлiгi. Бұған қарап босаңсымауымыз керек. Керiсiнше, Үкiметтi қоса, бiздiң бәрiмiз ондай байлық қолымызда болмағандағыдай өмiр сүрiп, жұмыс iстеуге тиiспiз.
Алтыншысы. Бiздiң ауқымды алқаптарымыз, ауыл шаруашылығы жерлерiмiз - орасан зор әлеуетiмiз. Көптеген өлшемдер бойынша бiз Канада мен Австралияға ұқсаспыз, бiзге тек бiр нәрсе - олардың өнiмдiлiгi мен экспорттық әлеуетi жетiспейдi. Бұл жерде де, тағы да, ең бастысы - нақты және тиiмдi стратегия, адамдар мен капитал.
Бiздiң жетiншi бекем тұсымыз қоғамымыздың саяси тұрақтылығы мен бiрлiгiнде жатыр. Бiз қоғам iшiнде тiкелей тайталасқа жiбермей, ахуалды тұрақтандыра бiлдiк, мұны мақтан етемiз, өкiнiшке қарай, көптеген дамушы және кешегi коммунистiк кейiнгi елдердiң бұған қолы жеткен жоқ. Алайда, толық тұрақтылықтың, ал топтасу мен бiрлiктiң ауылы әлi алыс жатыр, сондықтан бiздiң баршамыз өзiмiздiң бiртұтас отбасымыз деп сезiну, өз мақсаттарымызды айқын бiлiп, оларға қарай келiсе iлгерiлеу үшiн алдағы уақытта көп жұмыс тындыруға тура келедi.
Бұл бiр-бiрiмiзбен кедейшiлiк пен жоқшылық жағынан теңесу, теңгермешілiктiң жаңа жүйесiн орнату да емес. Сондай-ақ қандай да бiр этникалық немесе дiни топтарға басқалармен салыстырғанда, басымдықтар беру жөнiнде де әңгiме болуы мүмкiн емес. Бiздiң стратегиялық мiндетiмiз - халықтығы көптеген топтарының бiрлiгi, жекешiл және қоғамдық негiздерi салиқалы үйлестiру, мұның өзi қоғамымыздың жарасымды сатылы дәстүрлерiн толықтыра түседi.
Байлардың ат төбелiндей шағын тобы жарлы адамдардың үлкен тобынан едәуiр алшақтап кеткен жерде қоғам еш уақытта еңсесiн көтерiп, абаттанып гүлдене алмайды. Түрлi этникалық және дiни топтардың құқықтары әр түрлi болып келетiн, бiреулерге мүмкiндiктер берiлiп, өзгелерге берiлмейтiн, саяси партиялар мен қозғалыстар тiкелей қарама-қарсы тараптарға "бұра тартатын", бұқаралық ақпарат құралдарының еркiндiгi мен жауапкершiлiгi, либерализм мен демократияның және мемлекет күшiнiң арасында орасан зор сәйкессiздiктер бар елдiң де болашағы жоқ. Бiз шектен тыс шығандап кетудiң бiрiн бастан кешiрдiк, екiншiсiне түсiп малтықпасақ игi. Менiң ойымша, осы бiр ақылға сыйымды дүниелердi ұғыну қоғамдық санада нық орын тепкен де тәрiздi
Сегiзiншiсi. Мен қазақстандықтардың байсалдылығы мен төзiмдiлiгiн, олардың кеңпейiлдiлiгi мен ақжарқындығын атап айтқым келедi. Мұны шетелдiктердiң баршасы дерлiк айтып жүр. Мен өз отандастарымызға өтпелi кезеңнiң ауыртпалықтарын түсініп, оған төзiп отырғаны үшiн ризамын және осы қасиеттер - бiздiң табысқа жетуiмiздiң, қоғамымыздың топтасуының, шетелдiк инвестицияларды тартудың және халықаралық қоғамдастықты бiздiң проблемаларымызды шешуге кiрiстiрудiң елеулi кепiлi деп санаймын.
Бiздiң осындай күштi жақтарымызбен бiрге сыртқы сипаттағы бiрқатар мүмкiндiктерімiз бар. Бiздiң сыртқы мүмкiндiктерiмiз ең алдымен, елiмiздiң географиялық, геосаяси және геоэкономикалық жағдайымен айқындалады. Қазақстанның негiзгi үш мүмкiндiгiн бөлiп айтуға тұрарлық.
Бiрiншi мүмкiндiк бiздiң Еуразия аймағындағы жолдардың түйiскен торабында орналасқан географиялық жағдайымыздан туындайды. Әлемдiк экономикалық және саяси процестердiң ауқымдану процесi осы факторды түйiндiлерiнiң қатарына қосады. Бiздiң бабаларымыз түркi халықтарының бiртұтас отбасы құрамында осы маңызды стратегиялық факторды өздерi үшін тиiмдi пайдалана бiлдi: атақты Жiбек жолы бойымен Еуропа және Азия елдерi арасында кең ауқымды сауда арнасы ұйымдастырылған болатын. Бүгiн бiз осы арнаны аймақтағы басқа елдермен ынтымақтаса отырып және әлемдiк қоғамдастықтың қолдауымен қалпына келтiре бастадық. Сөз жоқ, келешекте Еуропа мен Азия арасында сауда, қаржы ағысы жүйесi мен адамдардың көшi-қоны ұлғая түседi.
Көптеген саяси тұрақтандырушы факторлары туралы айтпағанның өзiнде, мен нақ осы себептен, Еуразия идеясын ұсындым және оны дамыта бермекпiн, әрi оның стратегиялық болашағына да сенiмiм кәмiл.
Бiзбен шектес кез келген ел тәрiздi Қазақстанның жеке өзi де тиiмдi транзиттiк әлеуетiн iске асыра алмайды. Мұны бiрлесе, тығыз әрi өзара тиiмдi ынтымақпен жасау қажет.
Осындай тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, шекараларымыздың өн бойында өз өнiмiмiздi өткiзудiң аса iрi нарықтарының орасан зор әлеуетiне ие болып отырмыз. Таяу жатқан сыйымдылығы 2 млрд. адамға жуық нарықтардың бiрен-сарандары болмаса, қалған кез келгенi Қазақстан өнiмiн, әлбетте, оның бәсекелестiк қабiлеттiлiгi болған және тиiстi көлiк арналары дамыған жағдайда жұтып қоюға қабiлеттi. Бұл көршiлер - Ресей, Қытай және ислам мен Орталық Азия мемлекеттерiнiң тобы. Таяу және Орта Шығыс елдерi - тарихи тұрғыда маңызды әлемдiк орталықтар болып табылады. Күллi Еуразия құрлығында бейбiтшiлiк пен тату көршiлiк және өзара сенiм қарым-қатынастарын орнықтыру - табысты дамудың қажеттi шарты. Соғыстарға, бақталастыққа, бәсекеге және егеске килiккен елдер өздерiн тоқырау мен артта қалушылыққа ұрындыра отырып, өз ресурстарын, уақыты мен күш-қуатын орынсыз шығындайды.
Екiншiсi. Мемлекет құрылысы мен реформаларды жүргiзудiң ауыр процестерiн шетелдiк мемлекеттер мен донорлық ұйымдар тарапынан қолдау бiзге қосымша мүмкiндiктер бередi.
Бұл тұрғыда көптеген елдердiң бiзге қарағанда оншалықты жолы болмады. Осы фактор, әсiресе, өтпелi кезеңнiң бастапқы кезеңдерiнде өте маңызды, өйткенi бiзге сырттың қаржы ресурстары мен бiлiм-бiлiгi қажет.
Yшiншiсi. Ауқымдану және ғылыми-техникалық прогресс процесi, әсiресе, жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың дамуы бiздiң аумақты әрi аз қоныстанған елiміз үшiн бiрегей мүмкiндiктер ұсынады. Алайда, біздің осы процестермен қатар адымдайтынымызға ешкім кепілдік бере алмайды. Демек, осы технологияларды ұғыну, олардың бiздiң қоғамымызға толық кiруiне қол жеткiзу, ғылыми-техникалық кадрларды қолдау маңызды.
Бүгiнгi дамуымыздың келеңсiз сипаттары туралы айта отырып, олардың көпшiлiгiнiң уақытша және өтпелі сипаты барын, оның өзі де кеңестік мұра мен өтпелi кезеңнiң қиындықтарының салдары екенiн атап өту қажет.
Бiрiншi. Бұл коммунистiк принциптер рухында тәрбиеленген адамдардың бiрнеше ұрпақтары қалыптастырған біздің діліміз. Кейбіреулер жақында болған өзгерiстердi ынта-жiгерiмен пайдаланды, бiрақ басым бөлiгi олай iстеген жоқ. Адамдарға субъективтiк және объективтiк факторлар ықпал етедi, олар болып жатқан өзгерiстерге баяу бейiмделiп, өз проблемаларын шешуде бұрынғысынша мемлекеттiң көмегiне иек артып отыр. Мұндай пәлсапа мен тұрмысқа деген көзқарас олардың жаңа қиындықтарға төтеп беруiне бөгет болады, күш-қуаты мен өзiнше iс-әрекет жасау талабынан айырады.
Мемлекеттiң ендiгi жердегi жаңа рөлi адамдар үшiн шешiмдер қабылдауда емес екенiн көптеген шенеунiктердiң өздерiнiң де әлi түсiне бермейтiнi құпия емес. Керiсiнше, оның рөлi бәрiнен бұрын азаматтар мен жекеше сектор өздерi мен өз отбасылары үшiн тиiмдi шаралар қолдана алатын жағдайларды қалыптастыруда болып отыр. Бiз бұл ретте жаңа құндылықтар жүйесiне тезiрек бейiмделiп кеткен, болашаққа жаңаша көзқарасы бар жас ұрпаққа сүйене отырып, бұқаралық сананы төзімділікпен жаңғыртуға тиiспiз.
Адамның ой-санасын бiр сәтте өзгерту мемлекеттiң қолынан келмейдi. Бiрақ мемлекет өзгерiстер процесiн объективтi тенденцияларды түсiндiру маңызды ақпаратты халыққа жеткiзу жолымен және де, ең бастысы, өзiндiк молшылыққа бағытталған әлеуметтiк-экономикалық саясатты iске асыру жолымен жеделдетуге қабiлеттi. Адамдардың жаңа дүниетанымы қалыптасқанша ондаған жылдар қажет болады.
Екiншi. Экономикалық реформаларды жүзеге асыру, КСРО-ның ыдырауы және Қазақстан экономикасының әлемдiк экономикалық қатынастар жүйесiне кiруi өндiрiс көлемдерiнiң елеулi төмендеуiне әрi осының салдары ретiнде - әлеуметтiк ахуалдың объективтi түрде төмендеуiне әсер етпей қоймады. Технологиялық тұрғыда артта қалған және қуатты мол қажет ететiн өндiрiстердiң ауқымды бөлiгi, даярланбаған және шаруашылық жүргiзудiң жаңа жағдайларын игере алмаған менеджмент - бәсекеге қабiлетсiздiкке және көптеген кәсiпорындардың тұрып қалуына, дәстүрлi өткiзу рыноктарын жоғалтуға, төлемсiздiктер мен өндiрiстiң құлдырауына алып келген негiзгi факторлар, мiне осылар. Осының салдарынан бiздiң елiмiзде соңғы сегiз жылда өндiрiс деңгейi екi еседен артық қысқарды, ал бюджеттiк түсiмдер одан да көбiрек қысқарды. Мұның өзi көптеген дамушы елдердегi экономикалық өсудің жоғары қарқынымен бiр мезгiлде болғандықтан, бiздiң экономикамыз шартты түрде алғанда үш еседен астам артта қалып қойды. Осы факт сiздi бұрынғыдан да бiздi, жiгерлi қимылдауға мәжбүр етiп отыр.
Үшiншi. Бiздiң экономикалық құлдырауымыздың салдарынан азаматтарымыздың көпшiлiгiнiң табысы мен өмiр сүру деңгейi нашарлап кеттi. Теңгермешiлiктi жою және жұмыс iстейтiн еңбек рыногын құру байлар мен жарлылар арасында елеулi айырмашылықтың туындауына әкелiп соқты. Бұл ретте - мемлекеттiң жетекшi тiрегi және қоғамның негiзгi тұрақтандырушы факторы - орташа таптың шоғыры аз.
Төртiншi. Экономиканың қозғаушы күшi болуға тиiс ұлттық жинақталымдардың ұлғаюы мен капиталдың қорлануы баяу. Iшкi капитал мен жинақталымдардың жеткiлiксiздiгiнен Қазақстан шетелдiк капиталға, жекеше капиталға да, сондай-ақ халықаралық қаржы институттарына да одан әрi тәуелдi бола түстi. Экономиканы әрi қарай сауықтыру инвестициялардың зор көлемде келiп құйылуына байланысты, мұның өзi инвестициялық ахуал едәуiр жақсартылса ғана мүмкiн болады.
Бесiншi. Әмiршiлдiк экономикадан нарықтық экономикаға ауыртпалықпен өту бұған дейiн осындай ауқымда бiзге беймәлiм болған кедейлiк пен жұмыссыздық проблемаларын туғызды. Бұлар қылмысқа, есiрткiқұмарлыққа құнарлы негiз қалап, қоғамдық түңiлушiлiктi туындатады және қоғамдық тұрақсыздық мүмкiндiгiн арттырады. Зейнетақылар мен еңбекақылардың уақтылы төленбеуiмен астасқан жоғары жұмыссыздық деңгей негiзiнде экономикалық проблемалардан, қаржылық капиталдың болмауынан және оларды шешудегi әлсiз стратегиялардан туындады. Аграрлық және әлеуметтiк секторларды (денсаулық сақтау, бiлiм беру, ғылым және т.б.) реформалаудың тиiмдi бағдарламаларының жоқтығы және өтпелi кезеңнің қысылшаң жағдайларында бюджет қаражатын бөлудi қысқарту осы бiр өмiрлiк маңызы бар салалардың нашарлауы мен тұралап қалуына алып келдi.
Осы процестер алтыншы осал жағымызды, кез келген тұрғыдан қауiптi - демографиялық өнiмсiздiгiмiздi де сипаттап отыр. 1992 жылдан бастап соғыстан кейiнгi 50 жыл iшiнде тұңғыш рет бiздiң халқымыздың саны қысқара бастады.
Бiздiң босаң тұстарымыздың қатарына жетiншi осал жағымызды - жете даярланбаған және нашар ұйымдастырылған мемлекеттiк басқаруды жатқызған жөн. Мұның өзi де таза қазақстандық проблема емес. Бұл құбылыспен түгелдей барлық колониализм дәуiрiнен кейiнгi дамушы және коммунистiк кезеңнен кейiнгi елдер бетпе-бет келдi. Бүгiнгi таңда көптеген проблемалардың шешiмi осы факторға келiп тiреледi және оны тез еңсеру де мүмкiн емес. Әзiрше бiзде стратегиялық мiндеттердi, жоғары кәсiби деңгейде, отансүйгiштiкпен және адал шешуге қабiлеттi адамдар мүлде аз.
Барлық iстерге жөн-жосықсыз араласу әдетi, ақпаратты қоғамнан жасыруға жетелейтiн құпияшылдықтың қажетсiз және зиянды сiлемi, ведомствошылдық пен жершiлдiк, жекжатшылдық пен топшылдық, ұжымдық жауапсыздық, сүреңсіздік пен бойкүйездік, сәйкессіз және көп сатылы құрылым, сыбайлас жемқорлық - міне біздің бюрократияның бұрынғы режим тәрбиелеп кеткен әрі соңғы жылдары анық көрініс берген, жасырын нысаннан ашық күйге ауысқан "қадір-қасиеттерінің" әлі де толық емес жиынтығы осы.
Бұл проблеманың екінші бөлігі кәсіпорындардағы менеджерлер корпусының мүлде төмен сапасы болып табылады.
Жағдайды оңалту үшін көп іс істелді, соның ішінде кей сәтте отаршылық әдістерін де қолдандық. Бірақ бұл проблеманың басым проблемалар қатарында тұрғаны айқын.
Мемлекет басшысы ретінде мен бір нәрсені айтуға тиіспін. Шенеуніктердің жаңа жағдайға бейімделуі үшін біз бөле алатын уақыт өтіп кетті. Ендігі жерде өзге адамдардың есебінен жарылқаушы болуға, елдің дамуына нұқсан келтіруге болмайды. Осы зиянды әдеттердің қаулап өсу әлеуетіне түбірінен балта шауып, Үкімет аппараты мен мемлекет қызмет реформаларын жеделдету қажет.
Ақыр соңында, бізге заңдарымыздың жартыкештігіне және тұрлаусыздығына көңіл бөлу қажет. Үйдің іргетасын қалау жеткіліксіз - оның қабаттары, қабырғалары мен шатыры болуы қажет. Мұның өзі инвестициялық ауанды жақсартуға, кедейшілікті азайтуға, қылмыс біткенді құртуға және әлеуметтік саланы дамытуға қатысты маңызды мәселе.
Мен теріс факторларды оң факторлармен қатар ұлттық стратегиямызды іске асыру үстінде өзіміз ұшырасуға тура келетін міндеттерді белгілеу үшін санамалап өттім. Мықты тұстарымыз бен мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ әлсіз тұстарымыз бен елімізге келер қатерді бөліп атай отырып, олардың уақыт кеңістігіндегі серпінділігін әрі диалектикалық тұрғыда өзара байланыстылығын назарда ұстау қажет. Мүмкіндігіміз қатерге ұласуы да, керісінше болуы да мүмкін. Бүгінгі мықты тұстарымыз әлсіз тұстарымызға айналуы және керісінше болуы да мүмкін.
Біз қандай шамада мүмкіндіктерімізді пайдаланып, қауіп-қатердің алдын аламыз, өзіміздің оңымызды еселеп, терісімізді азайтамыз - бұл біздің өзімізге, мақсаттар мен басымдықтарды дәл қоя білуімізге, оларды уақтылы әрі оралымды іске асыруымызға байланысты.
2. Қазақстан мұраты
Достарыңызбен бөлісу: |