Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасын бекіту туралы


Балаларды тасымалдауды жүзеге асыруға автобустарды дайындау



бет8/12
Дата12.06.2016
өлшемі0.85 Mb.
#130599
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

3. Балаларды тасымалдауды жүзеге асыруға автобустарды дайындау
      329. Балаларды тасымалдау үшiн бөлiнген автобустардың техникалық жай-күйi, техникалық қызмет көрсету өткiзудiң көлемдерi мен мерзiмдерi, жабдықтары Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген талаптарға жауап беруi тиiс.
      330. Балаларды тасымалдауға арналған автобустардың кемiнде екi есiктерiнiң болуы және мыналармен:
      1) автобустың алдында және артында орнатылуы тиiс "Балаларды тасымалдау" деген төрт бұрыш айыратын белгiмен;
      2) сары түстi жылтыр шағын маягымен;
      3) әрқайсысының сыйымдылығы кемiнде екi литр болатын оңай алынатын өрт сөндiргiштермен (бiреуi - жүргiзушiнiң кабинасында, басқасы – автобустың жолаушылар салонында);
      4) екi алғашқы көмек дәрi қобдишаларымен (автомобильдi);
      5) екi жылжуға қарсы тiректермен;
      6) авариялық тоқтау белгiсiмен;
      7) колоннада жол жүргенде – автобустың алдыңғы терезесiнде қозғалыс бағытымен оң жағында орнатылатын, автобустың колоннадағы орны көрсетiлген ақпараттық кестемен;
      8) санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болуы тиiс.
      Ескерту. 330-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      331. Автобуспен тасымалданатын балалар мен ересектердiң жалпы саны осы көлiк құралы үшiн белгiленген және отыру үшiн жабдықталған орындардың санынан аспайды.
      332. Балаларды тасымалдауды бастамастан бұрын осы талаптарға сәйкес болуын тасымалдаушы пайдаланатын көлiк құралдарының техникалық жай-күйi үшiн жауапкершiлiк жүктелген лауазымды адам тексеруi тиiс (бас инженер, техникалық бақылау бөлiмiнiң бастығы, өзге де жауапты адамдар).
      Соның iшiнде, автобустан авариялық шығулардың және оларды қимылға келтiретiн құрылғылардың, есiктердi басқару сымдарының, төбедегi желдетпе люктердiң қақпақтарын ашу тетiктерiнiң, салонды желдету және жылыту жүйелерiнiң, есiктер жұмысының сигнал берулерi мен аялдаманы талап ету сигналының, дыбыс сигналының дұрыстығы; орындықтардың, тұтқалардың, iлме басқыштардың, желдеткiштердiң жай-күй мен бекiтiлуi, өрт сөндiргiштердiң бар болуы және бекiтiлуi, дәрiгерлiк дәрi қобдишасының жабдықталуы тексерiлуi тиiс.
      Террорлық актiлердiң алдын алу мақсатында бөтен заттардың бар болуына автобустарды мұқият тексеру жүргiзiледi.
      Тексерудi жүзеге асыратын лауазымды адам автобустың техникалық жарамдылығы және балаларды тасымалдауға дайындығы жөнiнде жолпарақта немесе өзге ресми құжатта белгi қояды.
      333. Балаларды жаппай тасымалдау үшiн екi және одан көп автобустар бөлiнген жағдайда тексеру жол полициясы қызметкерлерiнiң қатысуымен жүзеге асырылады.
      Тiкелей рейс алдында автобустардың техникалық жай-күйiн бақылау және оның нәтижелерiн тiркеу белгiленген тәртiппен қатаң сәйкестiкте жүзеге асырылады.
      334. Балаларды тасымалдауға бөлiнген автобустарда орындықтардың орналасуы жол жүрген кезде оларды алып жүретiн ересектерге өздерiнiң орындарынан балалардың мiнез-құлқын бақылауға мүмкiндiк беруi тиiс.
4. Балаларды тасымалдауды ұйымдастыру
      335. Егер балалар тасымалдау кезiнде бiрнеше тасымалдаушыға тиесiлi автобустар пайдаланылатын болса, онда қозғалыс қауiпсiздiгi және көлiк құралдарын пайдалану үшiн жауапты адамдар тасымалдаушылардың тасымалдауды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың барлық кезеңдерiндегi өзара iс-қимыл тәртiбiн белгiлейдi.
      336. Балалардың топтарын 22.00-ден бастап 06.00 сағатқа дейiн автобустармен тасымалдау, сондай-ақ көрiнiм жеткiлiксiз жағдайда (тұман, қар жауған, жаңбыр және басқалар) тыйым салынады. Тәулiктiң 22.00 сағатынан бастап 06.00 сағатына дейiн темiржол вокзалдарына және әуежайларға және олардан, сондай-ақ жақын арадағы демалыс орнына (қонатын жерге) дейiн жолда кiдiрiп қалған кезде балаларды тасымалдауға рұқсат етiледi.
      Тасымалдау қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жол және метеорологиялық жағдайлардың қолайсыз өзгеруi кезiнде, автобустардың қозғалысын уақытша тоқтату туралы қолданыстағы нормативтiк құжаттарда көзделген жағдайда тасымалдаушы рейстi алып тастауға және бұл туралы тапсырыс берушiге дереу хабарлауға тиiс.
      337. Тәулiктiң жарық мезгiлiнде балаларды автобуспен тасымалдау фаралардың жақын қосылған жарығымен жүзеге асырылады.
      338. Оқу орындарына тасымалдауды ұйымдастыру кезiнде тасымалдаушы жергiлiктi атқарушы органдармен және оқу орындарының әкiмшiлiгiмен бiрлесiп маршруттарды және балаларды отырғызудың және түсiрудiң ұтымды орындарын белгiлейдi.
      339. Автобусты күтiп тұрған балаларға арналған алаңшалар, олардың жүрiс бөлiгiне шығуын болдырмайтындай жеткiлiктi үлкен болуы тиiс.
      Алаңдарда жайластырылған өту жолдары болуы және жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарының аялдама пункттерiнен бөлек орналасуы тиiс.
      Егер балаларды тасымалдау тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде жүзеге асырылса, онда алаңшалардың жасанды жарығы болуы тиiс. Күзгi-қысқы кезеңде алаңдар қардан, мұздан, кiрден тазартылуы тиiс.
      340. Балаларды оқу орындарына тасымалдауға Тапсырыс берушi балаларды отырғызу және түсiру орындарының жай-күйiн тұрақты түрде (айына кемiнде бiр рет) тексередi.
      341. Автобустардың қозғалыс кестесiн тасымалдаушы мен тапсырыс берушi келiседi.
      Жол жағдайларының қолайсыз өзгеруi кезiнде, басқа жағдайлар кезiнде (қозғалысқа шек қою, уақытша кедергiлердiң көрiнуi, бұл жағдайда жүргiзушi кестеге сәйкес жылдамдықты жоғарылатпай жүре алмайды), кесте жылдамдықты төмендету жағына (қозғалыс уақыттарының артуына) түзетiлген болуы тиiс. Кестенiң өзгеруi туралы тасымалдаушы тапсырыс берушiге хабарлауы тиiс, ол балаларды дер кезiнде хабарландыру бойынша шаралар қабылдайды.
      342. Балаларды тапсырыспен тасымалдауды ұйымдастыру кезiнде елдi мекендердi жалғастыратын маршруттар бойынша тасымалдаушы:
      автомобиль жолдарының, балаларды отырғызу және түсiру пункттерiнiң жағдайын комиссиялық тексеру үшiн облыстың жергiлiктi атқарушы органдарына жүгiнедi;
      балалардың тасымалдауын жүзеге асыратын автобустардың өту уақытын көрсете отырып, арнайы аялдау орындарын маршруттарда белгiлейдi.
      343. Балаларды темiржол өткелдерi арқылы өтетiн тапсырыспен тасымалдауды ұйымдастыру оларды кешендi тексерудi және қарамағында темiр жол өткелдерi бар ұйымдардың бастықтарымен маршрут қозғалысын келiсудi қамтуы тиiс.
      344. Реттелмеген темiржол өткелдерi арқылы балалардың тапсырыстық тасымалдауды ұйымдастыруға тыйым салынады.
      345. Балаларды жаппай тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде тасымалдаушы тапсырыс берушiден патрульдiк автомобильдi лектерге iлесiп жүруге бөлу туралы жол полициясы органдарының мiндеттi белгiлеу бар жазбаша өтiнiмдi ұсынады. Аталған белгiсiнсiз автобустар тапсырыс берушiге ұсынылмайды. Өз кезегiнде тасымалдаушы балаларды жаппай тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде, сондай-ақ маршруттың қозғалысын бақылауды күшейту бойынша шаралар қолдану үшiн жол полициясы органдарын хабардар етедi.
      346. Балаларды жаппай тасымалдауға және алыс жерлерге балаларды тасымалдауға дайындық кезiнде тасымалдаушы тапсырыс берушiмен бiрлесiп балалардың жиналу пунктiнде және келу пунктiнде автобустардың аялдауы үшiн алаңшалардың болуын; отырғызу алаңшаларының болуын тексередi. Отырғызу және түсiру орындары автобус тұрағынан кемiнде 30 м қашықтықта орналасуы тиiс.
      347. Балаларды жаппай тасымалдау үшiн автобустарды бөлу кезiнде тасымалдаушы лектердiң үлкенiн тағайындауға (үш және одан да көп автобус кезiнде көлiк құралдарының қозғалыс қауiпсiздiгiне немесе пайдалануға жауапты адамдардың санынан, ал екi автобус кезiнде – осы автобустардың жүргiзушiлерiнiң санынан; үлкенi болып тағайындалған жүргiзушiнiң автобустарда кемiнде 5 жыл жұмыс өтiлi болуы тиiс) тиiс.
      348. Балаларды тасымалдау маршрутының рұқсат етiлген ұзақтығы жүргiзушiнiң жұмыс ауысымы ұзақтығының нормативтерiн сақтауын, қозғалыстың қауiпсiз жылдамдық режимiн сақтауын негiзге ала отырып, сондай-ақ тәулiктiң күндiзгi уақытында балаларды тасымалдауды жүзеге асыру талаптарын ескере отырып белгiленедi.
      349. Автобустың салонында багажды орналастыруға рұқсат етiлмейдi. Автобуста багаж бөлiмдерi болмаған кезде багажды тасымалдау жүк немесе басқа қосымша көлiк құралдарының көмегiмен қамтамасыз етiледi.
5.Балаларды алып жүруге және балалармен сабақ өткiзуге
жауапты адамды дайындау
      350. Тапсырыс берушi балаларды тасымалдайтын әрбiр автобусқа балалармен оларды жеткiзу орнына дейiн алып жүретiн, тапсырыс берушi-ұйым қызметкерлерiнiң немесе ата-аналарының iшiнен жауаптыларды белгiлейдi (мектепке, өзге бiлiм беру ұйымдарына балаларды тұрақты тасымалдауды жүзеге асырған кезде жауапты ретiнде ерiп жүрушiлер үшiн арнайы нұсқама алған жоғары сынып оқушыларын (16 жастан жоғары) белгiлеуге жол берiледi).
      351. Бiр мекенжайға екi және одан көп автобустар бөлiнген жағдайда тапсырыс берушi әрбiр автобусқа ерiп жүрушiлерден басқа бүкiл балаларды тасымалдауды ұйымдастыруға жауаптыны белгiлейдi.
      352. Бір-екі және одан көп автобустан тұратын лектермен балаларды қалааралық тасымалдау кезінде тапсырыс берушi лектермен медициналық қызметкердiң бірге жүруiн қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 352-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      353. Балаларды алып жүруi үшiн тапсырыс берушi белгiлеген адамдар балаларды автобуспен тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша арнайы нұсқама алады.
      354. Нұсқаманы жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге немесе тасымалдаушыға тиесiлi көлiк құралдарын пайдалануға жауапты адам жүргiзедi.
      Нұсқаманың өткiзiлуi туралы белгi және нұсқама алған тұлғаның қолы нұсқаманы есепке алу туралы арнайы журналға қойылады. Iлесiп жүрушiлер нұсқаманы өтпесе, автобустар тапсырыс берушiге ұсынылмайды.
      355. Нұсқаманы өту кезiнде мынадай тәртiп егжей-тегжейлi жазылады:
      1) автобустардың отырғызу орындарына берiлуi, балаларды отырғызу және түсiру ережелерi;
      2) автобуста қол жүгiн орналастыру және багажды тасымалдау;
      3) автобус салонында болғанда, балалардың жиналу, отырғызу және түсiру орындарында өздерiн ұстауы;
      4) iлесiп жүрушiлердiң жүргiзушiмен өзара iс-қимылы;
      5) салондағы жабдықтарды: желдеткiш люктердi, аялдауды талап ету сигналдарын, желдеткiштердi пайдалану;
      6) автобустың аялдауы кезiнде балаларды бақылау.
      356. Нұсқаманы өткiзу кезiнде төтенше жағдайлармен байланысты мәселелер қосымша көрiнiс табады (мәжбүрлi аялдау, автобустың сынуы, ЖКО, терроршылардың автобусты басып алуы), соның iшiнде:
      1) жолаушыларды эвакуациялау тәртiбi;
      2) автобустан апаттық шығуларды пайдалану және құрылғыларды қолдану, оларды iске келтiру тәртiбi;
      3) өрт сөндiргiштердi, алғашқы көмек көрсету дәрi қобдишасын пайдалану ережелерi.
      357. Балаларды жаппай тасымалдау кезiнде тапсырыс берушi iлесiп жүрушiлерге алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелерi бойынша нұсқаманы медициналық қызметкердiң жүргiзуiн қамтамасыз етедi.
      358. Балалардың тұрақты тасымалдауын жүзеге асыру кезiнде тапсырыс берушi мынадай мәселелер кiретiн, арнайы бағдарлама бойынша балалармен тұрақты сабақтар өткiзудi ұйымдастырады:
      1) жиналу орындарында және автобусты күту уақытында қауiпсiздiк тәртiбiнiң ережелерi туралы;
      2) отырғызу және автобустан түсiру тәртiбi туралы;
      3) автобустың қозғалу уақытындағы және аялдауы кезiндегi тәртiп ережелерi туралы;
      4) тасымалдау кезiнде қауiптi немесе төтенше жағдайлар туындағандағы тәртiп туралы;
      5) зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету тәсiлдерi туралы (ересек балалармен сабақ өткiзу кезiнде).
      Сабақты өткiзу кезiнде жол қозғалысы процесiнде және тасымалдау уақытында туындайтын iс жүзiндегi жағдайларды талқылау үшiн көрнектi құралдарды пайдалану көзделуi тиiс.
6. Балалардың тасымалдауын жүзеге асыратын жүргiзушiлерге,
олардың еңбектерiн ұйымдастыруға қойылатын талаптар.
Жүргiзушiлердi рейске дайындау және рұқсат беру
      359. Балаларды тасымалдау үшiн мынадай жүргiзушiлерге рұқсат етiледi:
      1) жасы жиырма бес жастан кем емес, тиiстi санаттағы жүргiзушi куәлiгi және жүргiзушiнiң бес жылдан кем емес жұмыс өтiлi бар;
      2) автобустың жүргiзушiсi ретiндегi кемiнде соңғы үш жыл үздiксiз жұмыс өтiлi бар;
      3) соңғы жылдары еңбек тәртiбiн және қозғалысы ережесiн өрескел бұзбаған.
      Балаларды тасымалдауға жiберген ұйымдағы жүргiзушiнiң жұмыс өтiлi үш жылдан кем болмауы тиiс.
      Сыйымдылығы 41 орынды автобустармен балаларды тасымалдауға тағайындалған, сондай-ақ қалааралық қатынастағы балаларды басқа да тасымалдаудағы жүргiзушiлердiң автобустардағы жұмыс өтiлi кемiнде 5 жыл болуы тиiс.
      360. Балаларды тасымалдауды жүзеге асыратын ұйымдарда балаларды тасымалдауға рұқсат етiлуi тиiс өзiндiк кәсiби сипаттамалары бойынша жүргiзушiлердiң тiзiмi құрылуы тиiс, көрсетiлген тiзiм жыл сайын жаңартылады және тиiстi бұйрықпен бекiтiледi.
      361. Тасымалдаушы рейс алдындағы медициналық куәландырудан өтпеген жүргiзушiні жол жүруге жібермейді.
      Ескерту. 361-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2014 N 231 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
      362. Балаларды кез келген тасымалдаумен айналысатын жүргiзушiлердiң жұмыс ауысымының ұзақтығы 12 сағаттан аспауы тиiс.
      Балалар тасымалын жүзеге асыру алдындағы жүргiзушiнiң ауысым арасындағы демалу ұзақтығы демалу алдындағы жұмыс күнiнiң (ауысым) жұмыс уақытынан кемiнде екi есе ұзақтау болуы тиiс.
      Егер қозғалыс режимi жүргiзушiнiң 12 сағаттан асатын жұмыс уақытының ұзақтығын көздесе, рейске екi жүргiзушi жiберiледi. Бұл ретте автобус жүргiзушiнiң демалуына арналған ұйықтайтын орынмен жабдықталуы тиiс.
      363. Балаларды тұрақты және маусымдық тасымалдау алдында, сондай-ақ бiр реттiк тасымалдауды жүзеге асыру алдында жол жүру қауiпсiздiгiне немесе көлiк құралдарын пайдалануға жауапты лауазымды адамдар (тасымалдау жөнiндегi директордың орынбасары, қозғалыс қауiпсiздiгi жөнiндегi директордың орынбасары, автолектiң бастығы, өзге де жауапты адамдар), жүргiзушiлермен маршруттағы қозғалыс және жұмыс тәртiбi, шарттары және ерекшелiктерi туралы арнайы нұсқама жүргiзедi. Тұрақты тасымалдауды жүзеге асыру процесiнде, егер оларды бiр және сол ғана маршрут бойынша бiр және сол жүргiзушi жүргiзсе (соның iшiнде және жалпы қолданыстағы автобустардың қозғалыс кестесiне қосымша бөлiнетiн арнайы мектеп рейстерiн жүзеге асыру кезiнде), жол-көлiк оқиғаларының болғаны, жол-климаттық жағдайлардың және маршрутта қозғалыс режимдерiнiң өзгеруi және басқалар туралы ақпарат алған жағдайда, айына бiр рет арнайы нұсқама жүргiзiледi.
      364. Арнайы нұсқамаға мынадай деректер кiруi тиiс:
      1) осы ұсынымдарға сәйкес балаларды автобустармен тасымалдау тәртiбi туралы;
      2) маршруттағы жол жағдайының жай-күйi, қозғалыстың ерекшелiктерi және жылдамдық режимдерi туралы;
      3) маршруттағы жол-көлiк оқиғаларының қауiптi учаскелерi және шоғырлану орындары, маршрутта орналасқан қауiптiлiгi жоғары орындардан жүрiп өту тәртiбi туралы (темiржол өткелдерi, жолөткелдерi, көпiрлер және т.б.), соның iшiнде жүргiзушiге берiлген маршруттың сұлбасын пайдалана отырып, нақты жағымсыз жол-климаттық жағдайларда қауiпсiздiгi жоғары сипатталған қозғалыс учаскелерi туралы;
      4) лектiң үлкенiмен өзара iс-қимыл тәртiбi және лектегi қозғалыс тәртiбi туралы (жаппай тасымалдау кезiнде);
      5) балаларды тасымалдауды орындау кезiнде автобус бойынша жүргiзушiлердiң және ерiп жүрушiлердiң өзара әрекеттесуi және жауапкершiлiк аясын бөлу тәртiбi туралы;
      6) туристерге және экскурсанттарға қызмет көрсету ережелерi туралы (туристiк-экскурсиялық тасымалдау кезiнде);
      7) қауiптi жол жағдайлары туындаған кездегi, маршрутта жол-климаттық жағдайлар кенеттен нашарлаған кездегi, автобустың техникалық бұзылуы туындаған кездегi, жолда жүргiзушiнiң және жолаушылардың денсаулық жағдайы нашарлаған кездегi, қылмыстық элементтер автобусты басып алуға әрекет жасаған немесе басып алған кездегi iс-әрекеттер;
      8) ЖКО қаупi немесе туындаған кезiнде жүргiзушiнiң iс-әрекетi туралы (соның iшiнде автобустан жолаушыларды шұғыл эвакуациялау тәртiбi, зардап шеккендерге бiрiншi көмек көрсету);
      9) желiдегi жұмыс кезiнде қауiпсiздiк техникасы мен өрт қауiпсiздiгi ережелерiн сақтау және автобуста өрт туындаған кездегi iс-әрекеттер туралы;
      10) жол қозғалыс ережелерiн бұзғаны, жолаушылардың өмiрi және денсаулығы үшiн жүргiзушiнiң жауапкершiлiгi туралы.
      Арнайы нұсқаманы жүргiзгенi және нұсқаманы өткен жүргiзушiнiң қолы туралы белгi нұсқаманы есепке алу журналында тiркеледi. Жүргiзушi бiр жолғы тасымалдауды жүзеге асырған кезде жүргiзушiнiң нұсқаманы өткенi туралы белгi арнайы журналдан басқа жол жүру парағында да жасалады.
      365. Балаларды тасымалдау кезiнде автобустың жүргiзушiсiне мыналарға тыйым салынады:
      1) сағатына 60 км артық жылдамдықпен жүруге;
      2) жүру маршрутын өзгертуге;
      3) балалар бар автобус салонында қол жүгi мен балалардың жеке заттарынан басқа кез келген жүктi, багажды немесе мүкәммалды тасымалдауға;
      4) автобуста балалар болған кезiнде, соның iшiнде балаларды отырғызу және түсiру кезiнде автобус салонынан шығуға;
      5) автомобиль легiнде жүру кезiнде алда жүрген автобусты басып озуға;
      6) автобуспен артқа қарай қозғалысты жүзеге асыруға;
      7) егер ол көлiк құралының өздiгiнен қозғалуын немесе оны жүргiзушi жоқ болғанда пайдалануын болдырмау шараларын қолданбаса, өз орнын тастап кетуге немесе көлiк құралын қалдыруға.
7. Аялдама және отырғызу орнына автобустарды беру
      366. Жиналу орнына келген бойдан жүргiзушi тапсырыс берушiнiң осы Қағиданың 329 және 330-тармақтарында көрсетiлген тасымалдау шарттарын нақты қамтамасыз етуiн тексередi. Егер автобус бойынша ерiп жүрушiлер жоқ болса немесе ерiп жүрушiлер мен балалардың нақты саны автобустағы отырғызу орны санынан асып кетсе, балаларды тасымалдау жүзеге асырылмайды.
      367. Бiр мекенжайға екi және одан артық автобустар бөлiнген жағдайда лектердiң аға жетекшiсi автобустардың олардың тұрақтауы үшiн бөлiнген алаңшада орналасуын қамтамасыз етеді.
      Автобустардың тұрақтау орындарында және отырғызу (түсiру) орындарында автобустарды беру кезiнде балаларды тасымалдауға қатысы жоқ көлiк құралдары, сондай-ақ шығарып салушылар (күтiп алушылар) және бөтен адамдар болмайды.
      368. Тұрақтау және отырғызу (түсiру) орындарында тұрған автобустар қол тежегiшiмен тоқтатылған, ауыстыруы қосылған және қозғалтқышы iстемей тұруы тиiс.
      369. Автобустар тұрақтау орындарында тұрған кезде жүргiзушiлерге олардан алыстап кетуге тыйым салынады.
      370. Балаларды тасымалдауды жүзеге асыратын жүргiзушiлер балаларды отырғызу (түсiру) және бағыт бойынша қозғалу кезiнде автобус бойынша ерiп жүрушiлердiң нұсқауларын орындайды, егер олар Жол қозғалысы ережелерiне, осы Қағида талаптарына, жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң өзге де талаптарына қайшы келмесе және егер осы нұсқаулар ерiп жүрушiлердiң құзыретi аясына кiретiн болса (балалардың тәртiбi, олардың денсаулығы және қауiпсiздiгi).
      371. Ерiп жүрушiлер автобусқа отырғызу және одан түсiру, автобус қозғалысы кезiнде, аялдау уақытында балалар арасында тиiстi тәртiптi қамтамасыз етеді.
      372. Ерiп жүрушiлер балаларды автобусқа отырғызуға дейiн:
      1) балалардың қауiпсiз орынға жиналуын қамтамасыз етуi тиiс. Жиналу орны отырғызу орнынан 15 метрден аз емес қашықтықта орналасуы;
      2) келген балаларды қолда бар тiзiм бойынша салыстыруы және iс-жүзiнде келген балаларды тiзiмде белгiлеуi;
      3) балалардың қол жүгi мен багажының өлшемi, буып-түйiлуi және құрамы автобустарды пайдалану ережелерiнiң және автобустармен жолаушыларды және жүктердi тасымалдау ережелерiнiң талаптарына сәйкес келуiн тексеруi;
      4) багаждың автобустың багаж бөлiгiне немесе балалардың багажын тасымалдауға арналған арнайы көлiк құралына тиелуiн ұйымдастыруы;
      5) автобусқа отырғызу және автобустан түсiру тәртiбi туралы, сондай-ақ автобустың қозғалуы және аялдауы (тоқтауы) уақытындағы тәртiп ережелерi туралы, хал-жағдайы нашарлаған жағдайдағы, сапар барысында қауiптi және төтенше жағдай пайда болған кездегi тәртiп ережелерi туралы мәселелердi мiндеттi түрде қоса отырып балаларға нұсқама жүргiзудi (бiр жолғы және маусымдық тасымалдау кезiнде) өткізіледі.
      373. Отырғызу платформасында (аялдамада) балалар бiр жерде топпен орналасады және мына мінез-құлық нормаларын сақтайды:
      1) топ басшысының, ересек ерiп жүрушiнiң рұқсатынсыз кетуге, жаяу жолдың, жолдың жағасы, отырғызу платформасы бойынша жан-жаққа тарап кетуге;
      2) отырғызу платформасында (аялдамада) тұрған басқа адамдарға кедергi және ыңғайсыздық жасауға;
      3) жүгiруге, бiрiн-бiрi итеруге, қимыл ойындарын, соның iшiнде доптармен және басқа да заттармен ойнауға тыйым салынады;
      4) жақындап келе жатқан көлiк құралы толық аялдағанға дейiн отырғызу платформасының, жаяу жолдың, жолдың жағасының шетiне жақын келуге;
      5) үрленген және басқа жеңiл ойыншықтарды, доптарды және өзге де жеңiл заттарды қолда алып жүруге (ұстауға), қағаз ақшаларды санауға, құжаттарды және желдiң әсерiнен жолға ұшып кетуi мүмкiн және балалардың кенеттен жолдың жүру бөлiгiне шығып кетуiне әкеп соқтыруы мүмкiн басқа жеңiл заттарды алып шығаруға және қарауға.
      374. Колонаның аға жетекшiсi отырғызу алаңшасына автобустардың берiлуiн ұйымдастырады. Автобустар отырғызу (түсiру) орнына бiр-бiрлеп берiледi. Автобустың жүргiзушiсi отырғызу (түсiру) орындарына қозғалысты тек қана осы орыннан жолаушыларды отырғызу (түсiру) аяқталған кезектi автобусты жөнелткеннен кейiн ғана бастауы тиiс. Отырғызу (түсiру) орнына келгеннен соң, жүргiзушi жол қозғалысы ережесiнiң 7.3-тармағының талаптарын орындауы тиiс.
      375. Жүргiзушiге балаларды отырғызу (түсiру) уақытында автобустың кабинасынан шығуға болмайды.
      376. Балаларды автобусқа отырғызу ерiп жүрушiнiң басшылығымен және жүргiзушiнiң бақылауымен (жаппай тасымалдаған кезде одан басқа тасымалдауды ұйымдастыруға жауаптының байқауымен) автобус толық тоқтағаннан кейiн отырғызу алаңында жүргiзiледi.
      Көлiк құралы жақындаған кезде ерiп жүрушiлер балалардың оның алдынан жүгiрiп шығуына, жүру бөлiгiнiң шетiнде топтануына жол бермейдi.
      377. Ерiп жүрушiлер балаларды отырғызу орнына ұйымдасқан тәртiпте (кiшi балаларды – екi-екiден сапқа тұрғызып) жеткiзедi. Отырғызу автобустың алдыңғы есiгi арқылы жүргiзiледi.
      Отырғызған кезде жеке заттар баланың бiр қолына сыйуы тиiс, басқа қолымен ол баспалдақпен салонға көтерiлген кезде тұтқадан ұстауы тиiс.
      378. Отырғызған кезде ерiп жүрушiлер балалардың:
      1) жолдың жүру бөлiгiне шығуына;
      2) итерiсуiне, төбелесуiне;
      3) салонға иықтарындағы рюкзактармен және сумкалармен кiруiне (тепе-теңдiктi жоғалту, өзге жолаушылардың беттерi мен көздерiн жарақаттану қаупiн болдырмау үшiн оларды отырғызудың алдында шешу қажет);
      4) өту жолдары мен шығатын есiктердi жеке заттармен бөгеуге;
      5) жоғарғы сөрелерге ауыр және орнықсыз заттарды қоюға жол бермейдi.
      379. Ерiп жүрушi автобусқа кезекпен кiретiн балаларды қолжүгiнiң қауiпсiз орналасуына көңiл бөле отырып отырғызады.
      380. Қол жүгi автобуста жолаушылардың қауiпсiздiгiне қауiп-қатер төндiрмейтiндей және жүргiзушiнiң қарау ауқымын шектемейтiндей болып орналастырылады.
      Қол жүгi автобустың салонында орналастырылған кезде мынадай талаптар сақталады:
      1) егер автобуста сөрелер болса, онда оларда тек жеңiл (салмағы 1 кг аспайтын), сынбайтын, үшкiр дөңестерi жоқ және ұзындығы 60 см аспайтын бұйымдар мен заттар ғана орналастырылады;
      2) заттар сөрелерде автобустың қозғалысы, күрт бұрылғанда, тежегенде және т.с.с. кезiнде олардың құлауын болдырмайтындай етiп орналастырылуы (бекiтiлуi) тиiс.
      381. Барлық балаларды және қол жүгiн автобуста орналастырғаннан кейiн ерiп жүрушiлер осы Қағиданың талаптарына сәйкес:
      1) балаларды санап шығуы;
      2) олардың барлығы отыруға арналған орындарда орналасқанын және жеке заттарын қауiпсiздiк шараларын сақтай отырып орналастырғандығын тексеруi;
      3) жүргiзушiден медициналық дәрi қобдишасының, өрт сөндiргiштiң орналасқан жерiн және оларды, авариялық люктердi қолдану тәртiбi мен оларды ашу әдiсiн, есiктердi авариялық ашу батырмаларын және оларды пайдалану тәртiбiн, көлiк құралының ерекшелiктерiмен анықталатын өзге де қауiпсiздiк шараларын нақтылауы, және де балаларға нұсқау беруi;
      4) жүргiзушiнi отырғызу аяқталғаны туралы хабардар етуi және автобуста оларға арналған орындарды алуы тиiс.
      Ерiп жүрушi отырғызу (түсiру) аяқталғаны туралы хабар бергеннен және автобус есiктерi толық жабылғаннан кейiн жүргiзушiге отырғызу (түсiру) орнынан автобус қозғалысын бастауға рұқсат етiледi.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет