Ќазаќ этнопедагогикасы – ќазаќ халќыныњ мєдени м±расы, ±лттыќ тєрбие ќ±ралы



бет106/143
Дата05.01.2024
өлшемі1.77 Mb.
#488527
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   143
Кітап Тәрбие

2-бөлім
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙЛАР


Педагогикалық оқылымда әдеби шығармаларды пайдаланудың
тәрбиелік мәні

Көркем шығармалардың негізгі мақсаты – жеке адамдарды тәрбиелеу, олардың дүниетанымын қалыптастырып, білімін дамыту.Сондықтан ,ол педагогиканың маңызды бір саласы деп бағаланады.Студенттерге тәрбие беруде көркем шығармаларды тиімді пайдалана білу ұстаздың білімдарлығы мен оқытушылық шеберлігіне байланысты. Мысалы, «Педагогика пәні» деген тақырыпты өткенде жалпы педагогиканың алғашқы нұсқасы – халықтық педагогика екенін айтып, соған сәйкес шығармалар: ертегілер, батырлар жырлары, тақпақтар, жұмабақтар, санамақтар, жаңылтпаштар, мазақтамалар, мақал-мәтелдер екенін айтып, содан мысалдар келтіруге болады. Олар - халықтық педагогиканың негізгі салалары болып табылады. «Ұшқын кілем» туралы ертегі - халықтың арманы еді, халық әуелі баланың қиялын шарықтатып, арманын асқақтатып, сондай ғажайыптарды адам өз қолымен жасау керек деп тәрбиеледі. Адам баласы асқақатаған арманына ұлы күрестер мен төңкерістер арқылы, жаңа заманды орнатып барып жетті. Енді «Ұшқын кілемнің» орнына, іс жүзінде, алып ұшақтармен ұшатын болдық, ғарыш кемесіне мініп, жұлдыздарға талпынған заман болды. Қазіргі балалардың қиялында ғарыш кемесінен де жылдам атырылып ұшатын ерекше «ұшпақтар», «ғарыш кемелері», «жаңа жұлдыздар» елестейді. Міне, лекция,немесе әңгіме барысында бала қиялын ескере отырып, халық педагогикасының тәрбиелік мәнін студенттермен бірге осылай талдап, қызықты мысалдар келтіруге болады. Қазіргі ертегілер баға жетпес қиял-ғажайыптардың жаңаша кереметтерімен жас ұрпақтардың ойын ғылым мен техникалық прогрестің ұшақ биігінен әлдеқайда жоғары көтереді. Батырлар жырлары – бұрынғы замандағы халықтық педагогиканың балаларды ерлікке, огтан сүйгіштікке тәрбиелеу құралы болды. Ол жөнінде лекция кезінде қойылған сұрақтарға студенттер белсенді түрде жауап беріп, көптеген мысалдар келтіреді, жеке кейіпкерлердің (мысалы, «Ер Тарғынның», Қобыландының т.б.) ерекшеліктерін айтады. Әрине, әр нәрсенің шегі бар. Мысалды көбейтіп, талдауды молайтып, негізгі тақырыптың өту уақытына нұқсан келтірмеу керек.


Халық педагогикасының негізгі бір саласы – тақпақтар. Ата-аналар тақпақ айтып, оны жаттатып, баланың әрі тілін, әрі ойын дамытады.
Өнегелі жігітті –
Жалын десе болады,
Өнері бар баланы –
Жаным десе болады.
Тағы басқа осы сияқты тақпақтарды мысалға келтіріп, қазіргі педагогиканың халық педагогикасымен сабақтас екенін дәлелдеуге болады. Мұнда тақпақ идеясы – баланың жақсы мінезін қалыптастыру, оның өнерлі болуын уағыздау екенін айқын көреміз.
Халық педагогикасының жұмбақтар жеке адамдардың ойын дамытып, оның логикалық жүйесін қалыптастыру, ой өткірлігіне, тапқырлыққа үйрету үшін құрастырылған. Ал, санамақтар мен жаңылтпаштар баланы санауға үйретіп, тілін ширатады. Халық педагогикасының осы салаларына мысал келтіру кезінде қазіргі әдебиеттегі жаңа санамақтар мен жаңылтпаштардың жаңа дәуірге сәйкес өзгешеліктері бар екенін айқындау керек. Мазақтамалар баланы жаман қулықтан сақтандырса, мақал мәтелдер халық философиясы арқылы баланың ақыл ойын тәрбиелейді.
Педагогика курсын оқыту кезінде, студенттерге халық педагогикасының мәнін түсіндіре отырып, біз оларды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ой-қиялын дамыта түсеміз.
«Адам болар баланың арқабасы кең келер», «төсектің тарлығы-тарлық, көңілдің тарлығы - қорлық», «дені саудың жаны сау» т.б. мақалдар студенттерді адамгершілікке тәрбиелейді, дене тәрбиесін береді. «Отаның үшін отқа түс – күймейсің» т.б. мақалдар отан сүйгіштікке тәрбиелейді. Мақал-мәтелдерді тәрбиелік мақсат үшін, оны оқылымның барлық кезендерінде пайдалануға болады.
«Ұстаз - ұлы тұлға» деген тақырып бойынша лекция оқу кезінде «Мұғалім» атты кинофильмнен бастап, ондаған повестер мен поэмалардан мысал келтіруге болады. Әсіресе, А.С. Макаренконың «Ұстаздық дастан» атты кітабындағы оның (өзінің) ұстаздық тәжірибелерінен мысал келтірудің тәрбиелік тиімділігі басым. «Біздің коллективте жұмыс жөнінен де, ұйымдастыру жөнін де диференциациялар жалпы жиналыстардың демократияшылдық тәртіптері, бұйрық пен жолдастарының бір-біріне бағыну жайы мықты болатын. Бірақ бұл ақсүйектер кастасының тобы емес еді. Біздің коллективтің жаңалығы – құрама отрядтар болды», - дейді автор. («Ұстаздық дастан» Алматы., 1951 ж. 228 бет).
Ұстаздың ұйымдастыру қабілеті, оның коллектив құру тәжірибесі, жеке басты жан-жақты қалыптастырудағы педагогтік ролі А.С. Макаренконың образы арқылы айқын көрінеді. Ол бала жанын қастерлей білетін мейірманды ұстаз. Задоров, Бурун, Караванов сияқты қылмысты балалардың «тілін» тауып, кейін оларды туған анасындай жақсы көреді. М.Горький атындағы колониядағы үш жүзге тарта балалардың бәрі де А.С. Макаренконы өздерінің туған әкесіндей жақсы көріп, сыйлайды. Өйткені ұстаздың бойында ұстазға лайықты ерекше ізгі қасиеттердің бәрі бар еді. Міне, сол ізгі қасиеттерді (педагогтық байсалдылық, еңбекшілдік, кішіпейілділік, қайырымдылық, мейірімділік т.б.) студенттерге мысалдар келтіру арқылы айқын көрсетіп, оларды нағыз ұстаз болуға, еңбек сүйгіштікке, адамгершіліктерін арттыра тәрбиелеуге ұстаз көп еңбек сіңіріп, тақырыптың тәрбиелік мәнін байыта түсуге тиіс. Ақын Ғ.Қайырбековтың «Алғашқы қоңырау» поэмасынан үзінділер оқу арқылы, қазақтың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсариннің педагогтық өнегелерін сөз ету орынды.
«Оқытудың дидактикалық принциптері», «Оқытудың әдістері», «Оқытуды ұйымдастырудың формалары» деген тақырыптарды өткенде, түрлі әдістемелік құралдармен қатар, алдыңғы қатарлы ұстаздар туралы жазылған очерктерден, В.А. Сухомлинскийдің «Балаға жүрек жылуы» атты кітабынан мысалдар келтіру қажет болады.
«Жеке адамдардың дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуы», «Еңбек тәрбиесі», «Адамгершілік тәрбиесі» деген тақырыптар бойынша лекция оқу кезінде Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерінен ,ертегілерден мысалдар келтіру арқылы, студенттермен пікір алысып,жеке кейіпкерлердің адамгершілік қасиеттері мен еңбексүйгіштік қабілеттері туралы көптеген мысалдар келтіруге болады.
«Еңбек тәрбиесі» деген тақырып бойынша лекция оқу кезінде, біздің елімізде еңбек – күнкөрістің құралы ғана емес, ол қажеттілікке айналып келе жатқан құбылыс екенін дәлелдеу үшін, деректі көркем шығармалардан көптеп мысалдар келтіруге болады. Мысалы: жазушы Әзілхан Нұршайықов екі рет Еңбек Ері атағын алған Жазылбек Қуанышбаев туралы былай дейді:
- Сіздің қартайған кезіңіз, енді тиісті де құрметті демалысыңызды пайдаланбайсыз ба? – деп едік Жазылбек ақсақалға. Ол кісі кейіс білдіріп:
-Мен еңбексіз қол қусырып отыра алмаймын. Менің ұзақ өмір сүруім үшін тынбай еңбек етуім қажет, - деді қарт Жазылбек. («Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған осы очерктен., 1979 ж.).
Қазіргі заман адамы үшін еңбек қажеттілікке айналып отырғанын дәлелдейтін айқын мысалдарды көптеп келтіруг болады.. Ата заңымыз бойынша әрбір қоғам мүшесі еңбек етуге және демалуға құқықты. - Еңбек жеке тұлғалардың ықыласын арттырып, олардың адамгершік сезімін дамытады.
Ақын Мұқағали Мақатаев «Әке туралы» өлеңінде:
Отан үшін, семья үшін, мен үшін
Аямады ол не өмірін, не күшін.
- Тәрбие ал, - деп қалдырыпты ол маған
Отан сүйген ерлік ісін, жеңісін, -
деп, адамгершілік тәрбиенің үлгі-өнегесін шабыттана жырлайды. Халықтық өмірді бейнелейтін кез-келген шығармада ең әуелі ұлттық тұлғаның адамгершілік сипаты көрсетіледі. «Бірі барлығы үшін, барлығы бірі үшін» деген мақсат, жалпы адам баласын ардақтау, яғни М.Горькийдің сөзімен айтқанда «адам деген ардақты ат» екенін қастерлей түсіну – адамгершілік тәрбиенің негізгі мақсаты. Көркем шығармалардағы адамгершілік қасиеті өнегелі бейнелерді өнеге етіп көрсету арқылы студенттердің адамгершілік сезімдерін арттыра түсеміз. Әсіресе, ұлттық тұлғаның қадір-қасиеті, адамгершілік бейнесі, адмдық дәстүрі ерекше болу керек екенін студенттер терең түсініп, болашақ ұрпақтарға тәрбие беруде кемелді келешек адамының моральдық бейнесі биік болу керек екенін ұғындыра білетіндей болуға тиіс. Көркем шығармалардың қайсысында болмасын, адамгершілік кредосы басым орын алады. Солардың ішінен ерекше эмоциональды, әсерлі түйіндерді таба білу оқытушының өз еңбегі мен шеберлігіне байланысты.
Қоғамдық тәрбиенің мақсаттары мен міндеттері: жеке тұлғаларды еңбекке баулу, олардың отансүйгіштік сезімдерін арттыру, адамгершілік дәстүрлерін қалыптастыру, интернационалдық, достық дәстүрлерін қалыптастырып, одан әрі нығайта беру, қазіргі өмір мен болашақ сеніммен, жауапкершілікпен қарау мақсаттарын орындау үшін өзіне-өзі талап қоя білу әрекеттерін қалыптастыру болып табылады. Бұл мақсаттарды орындауға көркем әдебиет туындылары көп себін тигізеді. Оны педагогика курсының дидактика бөлімінде жан-жақты, жеткілікті пайдалану үшін, оқытушы әдебиеттің әсерлі туындыларын жетік білуге тиіс. Студенттердің дүниетанымын дамытып, оларға тәрбие берудің ең бір тиімді тәсілі – көркем әдебиет туындыларын оқу материалдарына сәйкес орынды пайдалана білу болып табылады. Ол үшін оқытушы әдеби тілді де жақсы біліп, әсерлі сөйлеу қажет.
Әлеуметтік моральді қалыптастырып, адамгершілік тәрбиенің мақсаттарына жетудің негізгі саласы – отансүйгіштік пен халықаралық достық рухында тәрбиелеу. Ол тақырыпқа арналып жазылған көркем шығармалар жеткілікті. Ұлттық тұлғаның патриоттық қасиеттері, әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезінде айқын көрінді. Ғалым әрі жазушы Совет одағының батыры М.Ғабдуллин 1941 жылы Дубосеково разъезінің маңында ерлік көрсеткен 28 батыр туралы мақтаныш сезіммен жазды. Сол ерлікті ата-аналар тәрбие үшін пайдалансын деп, арнайы кітіп жазды. («Ата-аналарға тәрбие туралы», 1966 ж.).
Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан барған 28 батыр сан жағынан да, күш жағынан да әлденеше рет басым жаумен батыл айқасып, ерлік көрсетті. «Россия кең байтақ! Бірақ шегінер жер жоқ – артымызда Москва!» - дейді саяси жетекші Василий Георгиевич Клочков. Жауынгерлер адамгершіліктің ең жоғарғы шегі – Отан үшін жан қию, еліміздің болашағы үшін күресе білу екенін жақсы түсінеді. Олар бір қадам да шегінбей, жауға қарсы соққы береді. Ол батырлардың жан қиған ерліктері «Жиырма сегіз батыр» поэмасында да (автордікі) әсерлі жырланады.
Сөнбейді! Күн ана өрімде!
Жерімде сәулесі, төрімде.
Сол күнді жан қия қорғаған
Бас ием Отанның еріне! – дейді ақын.
Мұны жатқа айтуға болады. Атақты ақын жырау Н.Байғанин өзінің «Ер туралы жыр» деген поэмасында 28 батырдың бірі Нарсұтбай Есболатовтың ерліктерін баяндай келіп, оның отансүйгіштігін батырдың сөзімен:
Менің жаным - Отандық,
Отан деп өлем өлсем де!
О, сүйікті Отаным,
Ұлым деп көм, көмсең де! –
деп тебірене жырлайды.
Ақын Хамит Ерғалиев «Жадыра» деген поэмасында еңбекте Алексей Мерсевьтің ерлігін қайталаған Социалистік Еңбек Ері Жадыра қыздың отансүйгіштігін, еңбексүйгіштігін, ерекшеліктерін жырлайды. Сол сияқты Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Кәмшат Дөненбаева сияқты ондаған еңбек ерлері туралы жазылған очерктер мен деректі повестердегі көркем штрихтарды лекцияда ретті пайдаланып, студенттер жүрегіне ұлттық отансүйгіштік рухын егу – оқытушының міндеті.
Пролетарлық интернационализм мен халықтар достығы, бейбітшілік тақырыптары – аса актуальды тақырыптар болғандықтан, ақын-жазушылар осы салада көптеген шығармалар тудырды. Жамбыл атамыздың «Одақ», Қасым Аманжоловтың «Советтік менің өз елім» тағы басқа ондаған шығармалар бұған дәлел.
Бейбітшілік, адамзат правосын қорғау – қазақ әдебиетінің өзекті тақырыбы. Студенттерді жалпы азаматты сүюге, бейбітшілікті қорғауға тәрбиелеу үшін оқытушы адамгершілік тәрбиесі тақырыбына байланысты ұлттық поэзияның таңдаулы үлгілерінен мысалдар келтіріп, оларды нақышына келтіре оқып, студенттердің эмоционалдық ықыласын өзіне тарта білуі керек. Ол үшін оқытушыға (лекторға) актерлік шеберлік те керек болады. Мысалы:
Кел құшаққа
Бір тұр сапқа
Халық күші атомдай,
Көп қарудың
Оқ дәрінің
Қалсын бәрі атылмай! –
дейді ақын. («Социалистік Қазақстан» газеті, 31.12.1983 ж.).
Бұл өлеңін ақын (автордың өзі) «Мәңгі болсын тыныштық!» деп түйіндейді. Өлеңді мәнерлеп айту кезінде дауыс ырғағынан достық құдіреті, бірлік күші, келешекке сенім айқын байқалуға тиіс, соңғы түйін салтанатты салмақпен айтылу керек. Бұл жерде лектордың дауыс ырғағымен қатар, мимикалық құбылыстары, дене, қол қимылы – бәрі де үйлесімді әрі әсерлі болу керек.
Біздің кемелденген қоғамымызды жеңістерден жеңіске жеткізген дәстүр – пролетарлық интернационализм мен халықтар достығы. Оның құдіретті күші академик-жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романында жан-жақты бейнеленген. Осы романнан Толстов пен Қайроштың, Мирошник пен Сәмедтің арасындағы ыстық достық сезімді, сенімді достықты бейнелейтін штрихтарды жатқа айтып, немесе цитат келтіріп оқып беріп, студенттердің лекцияға деген ынта-ықыласын қалыптастырумен қатар, оларды Отанын сүюге, мызғымас берік достыққа тәрбиелейміз.
Еңбек тәрбиесіне байланысты оқыған лекция кезінде оны адамгершілік тәрбиесімен байланыстырып, көркем әдебиеттің бір саласы (халық педагогикасынан және қазіргі жазушылардың мақалға айналып кеткен сөздерінен) мақал- мәтелдерді мысалға келтіре білу қажет.
«Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей», -
«Еңбек –болашақтың әміршісі», - дейді Карл Маркс.
«Еңбек етпеген ішіп-жемейді», - деген қағида атазаңда айқын көрсетілген. Жалдамалы еңбек, күнкөріс еңбек, міндетті еңбек, қажетті еңбек және өнімді еңбек, пайдалы еңбек туралы сөз болғанда, осының бәріне көркем әдебиеттегі шығармалардан мысалдар келтіріп, студенттердің ықыласын аударып, ынтасын арттырып отыру- лектордың әмбебап шеберлігіне байланысты. Жалдама, күнкөріс еңбектердің ерекшеліктері – оны жалдаушы пайдаланады. Онда қанау болмауға тиіс.Қанаудағы еңбектің жайы М.Горькийдің «Ана» романындағы «бір тиынға байланысты» оқиға арқылы жазушы қанаушы таптың жалдама еңбекті қалай қанап отырғанын көрсетеді.
Біздің қоғамдағы міндетті еңбек үлгілері жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды», «Шығанақ» романдарында нанымды суреттелінеді. Тары өндіруде дүниежүзілік рекорд жасап, Ұлы Отан соғысы жылдарында Отанымыздың астық қорына елеулі үлес қосып, атағы жер жарған қарт дихан Шығанақтың міндетті еңбекті қалай ұйымдастыра білгендігі туралы әсерлі мысал келтіріп, еңбек - адамгершілік тәрбиесінің негізі екендігіні айқындай түсуге болады. Қарт дихан ең әуелі еңбек коллективін ұйымдастырып, содан кейін міндетті еңбектің жауапкершілігін жастардан қатаң талап етеді. Сөйтіп, жастардың еңбекке бейімділігін, отансүйгіштігін еңбек үстінде тәрбиелеп қалыптастырады. Азаматтық міндетті еңбек жарысы, озаттардың қозғалысын туғызды, мыңдаған Еңбек Ерлерін шыңына шығарды. Міне, еңбек тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесі туралы лекциялық материалды байланыстыру кезінде міндетті еңбектің осындай тәрбиелік мәнін көркем әдеби шығармалардан мысал келтіру арқылы кеңірек айқындап аша түсуге болады. Еңбектің міндетті түрі әрі өнімді, әрі пайдалы екендігін де сол мысалдармен дәлелдеу керек.
Кемелденген қоғамдағы мектептің, жоғары оқу орнының міндеті, негізінен, әртүрлі мамандыққа бағдар беріп, жастарды политехналық біліммен, негізгі мамандықтармен қаруландыру болып табылады. Әртүрлі мамандықтардың қадір-қасиеті, алатын орны туралы поэтикалық шығармалардан үзінділер оқып, политехникалық оқудың мәнін студенттерге тереңірек түсіндіріп, тәрбие беру үшін оқытушы (лектор) қазіргі поэтикалық шығармаларды жан-жақты жақсы зерттеп отыруы керек, лекцияға керекті шығармаларды үнемі іріктеп дайындап отыруға мүмкіндіктер бар: ол оқытушының (лектордың) өзінің ұқыптылығы мен жауапкершілігіне байланысты. Әрине, лекция кезінде көркем әдебиетті пайдалудың да шегі бар, тәсілі бар: негізгі материалдардан ауытқып орынсыз мысал қуалауға болмайды.
Эстетикалық тәрбие – жалпы тәрбиенің аса маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Студенттердің эстетикалық қабілетін, дүние танымын молайтып, талғамдық ауқымын кеңейту үшін педагогикалық материал мен көркем әдебиеттік және көркемөнерлік материалдарды байланыстыра білудің маңызы зор. Бұл тақырыпты өткенде ең әуелі эстетикалық тәрбиенің негізгі материалдары – көркем әдебиет пен көркемөнер шығармалары екенін дәлелдеу керек. Педагогикалық оқу материалын түсіндіретін болғандықтан, лектор ең әуелі ұлы педагогтардың (Жан-Жак Руссоның, К.Д. Ушинскийдің,Ыбырай Алтынсариннің, А.С. Макаренконың, В.А. Сумомлинскийдің) көркем әдебиеттік шығарма­ла­рынан тартымды да, қызықты мысалдар келтіру керек. К.Д. Ушинскийдің табиғаттың тамаша құбылыстарын суреттейтін қысқы-қысқа әңгімелері – эстетикалық тәрбие беру үшін жазылған құнды шығармалар. Ұлы педагог балалар әдебиетін – жан-жақты пайдалана жүріп, өзі де баланы ойына оралымды, тіліне үйірімді шығармалар жазды. Оны «Қарға мен сауысқан», «Екі лақ», «Орман мен бұлақ» т.б. шығармалары әрі тамылжыған табиғат, әрі хайуанаттар мен құстар туралы жазылған эстетикалық тәрбие беретін шығармалар. (К.Д. Ушинский. Таңғы сәулелер. Алматы. 1982 ж.).
Белгілі педагог В.А. Сухомлинский эстетикалық тәрбие баланың адамдық, адамгершілік сезімдерін қалыптастырады, ойы мен қиялын дамытумен қатар өмірге, Отанға, табиғатқа, жалпы адам баласына сүйіспеншілігін арттырады деп көрсетіп, жастардың көркемдікке құшатарлығын молайтып, музыка тыңдап, табиғат аясында сейілдетіп, сурет салдырып, жалпы көркемдікті көп көрсетіп еңбек етті. Оның «Көгілдір тырналар» (Алматы, 1979) әңгімелер жинағындағы «Алғашқы кемпірқосақ», «Көктем қуанышы», «Ыстық гүл», «Күн қалай шығады» деген шығармаларын, ретіне қарай, лекция үстінде студенттерге оқып беруге болады. Өйткені педагог жазушы әңгімені әрі қысқа, әрі нұсқа етіп жазады. Сол сияқты қазақтың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин­нің «Таулардан өзен ағар сарқыраған» деген өлеңі мен «Таза бұлақ», «Бай баласы мен жарлы баласы» деген әңгімелерінен табиғаттың тамаша суреттерін мәнерлеп оқып, студенттердің эстетикалық қабілеттерін арттыру қажет.
Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса, бір қалыпта
Аралап тау мен тасты арқыраған, -
деп жырлайды педагог-ақын.
Тамылжыған табиғаттың ғажап көріністерін, көркем құбылыстарын қызыға сүймеген адам, өмірді де сүймейді. Сондықтан да педагогтар эстетикалық тәрбие беруде жеке адамның эстетикалық қабілетін қалыптастыруға көп еңбек сіңіреді, ақындар көркемдікті шабыттана жырлайды.
Өлең - эстетикалық тәрбиенің ең тиімді, басты құралы. Ұлы Абай Құнанбаев:
Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, -
дейді. Эстетикалық сезім, қабілет, талғам, мұрат, таным, ләззат – бәрі де ең әуелі сол көркемдікті көрсете білуге және ынта-ықыласпен көре білуге байланысты. Эстетикалық тәрбиеде көркемөнер мен поэзияның ролі зор екендігіне шек жоқ. «Поэзия – көркемөнердің жоғарғы тегі» - дейді ұлы сыншы В.Г. Белинский. Поэззия ақынның жоғары көркем (эстетикалық) сезімі арқылы еркін де талғамды сөздерімен берілетіндіктен онда ой да, сурет те, сезім де, түсінік те, музыка да болады. Сондықтан эстетикалық тәрбие үшін оқытушы (лектор) көбінесе поэтикалық шығармаларды пайдаланады. Егер табиғат көркемдігіне қызықтырғысы келсе, оқытушы А.С.Пушкиннің, Абай Құнанбаевтың айшықты суреттермен көркем табиғатты көркем өрнектермен бейнелейтін өлеңдерінен үзінділерді көркемдеп оқып, студенттердің эмоционалдық сезіммен ынта қойып, сөз тыңдай білуін, өлеңнен эстетикалық әсер алуын ұйымдастыру қажет. Абай Құнанбаев табиғат көріністерін:
Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жзүзі.
Адамзат, жан-жануар анаталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі, -
деп жырлайды. Ақын мөлдір махаббат – эстетикалық сезімнің жоғарғы шыңы деп бағалайды да, ол сезімді шынайы бейнелейді:
«Егерде қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегінде,
Ерніңді тамағына таяп барсаң,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе».
Әрине, бұл шумақты сөзсіз пайдалану керек деген пікірден аулақпыз. Бірақ ақынның эстетикалық эмоцияны, мөлдір махаббат пен тәтті ләзатты шебер суреттейтінін студенттерге жан-жақты ұғындырып, поэзияның эстетикалық қуатын тәрбие үшін пайдалану мақсатын орындауымыз жөн. Поэзияның көркемдік қасиеттерін студенттер бағалай біліп, өздерінің эстетикалық сезімдерін молайтып, көркемдік тану мен талғамдарына қажетті диапазондарын кеңейтеді. Ол үшін оқытушы поэзиялық шығармалардың ең әсерлі туындыларын күні бұрын таңдап, оны тыңдаушыларға қалай жеткізудің әдіс-тәсілдерін белгілейді. Мысалы, ақын Қадыр Мырзалиев елге деген ыстық махаббаты:
Сусын қылар үмітін шөлдегенде,
Осы жерге перзентпіз сен де, мен де!
Барлығын да сүйемін, сөйте тұра –
Махаббатым ерекше ел дегенде! -
деп жырланады.
Мұны бір мысал ретінде сөз арасында студенттерге мәнерлеп оқып берген абзал.
Оқытушы лекция кезінде ретіне қарай көркем әдебиет пен көркемсуретті дәлелдеуге тиіс. Бұл ретте Рпеин, Айзазовский, Таңсықбаев, Қастеев т.б. суретшілердің стильдік ерекшеліктерін, көркемдік шешімдерін әдеби шығармалармен байланыстырып отыру қажет болады.
Эстетикалық тәрбиеге ерекше әсер ететін музыкалық шығармаларды да көркем әдебиетпен тығыз байланыстыру керек.
Мектептерде, қоғамдық орындарда дене шынықтыру тәрбиесіне ерекше қамқорлық жасалынады. Дене тәрбиесі туралы материалды өткенде оқытушы көркем әдеби шығармалардан саналуан тақырыпта шығармалар таңдап, оны лекция материалымен байланыстыруына болады. Жазушылар мен ақындар бұл тақырыпқа да арнап саналуан әңгімелер, повестер, поэзиялық шығармалар жазды. Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ», Қалқаман Әбдіқадыровтың «Қажымұқан», Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» повестерінен қажетті үзінділерден мысалдар келтіріп, дене тәрбиесіне ол шығармалардың қандай әсері бар екенін айқындаумен қатар, студенттерге де дене тәрбиесінің әсерін ұғындыруға болады.
Дене шынықтыруға байланысты балалар поэзиясынан Мұзафар Әлімбаевтың «Шынығу», Ермек Өтетілеуовтың «Спорттың түрлері» тағы басқа шығармаларды лекция кезінде мысал ретінде пайдалану керек. Дене тәрбиесі баланың туған күнінен басталады. «Дені саудың жаны сау», «Шынықсаң шымыр боласың», «тазалық денсаулықтың кепілі» деп халық педагогикасы жеке адамдарды сергек болуға, тазалыққа тәрбиелейді.
Батырлар жырларында әрі балуан, әрі епті болу үшін атқа шабуға, садақ атуға, найзаласуға жастайынан үйреніп, спортпен шұғылданады.
Ертегілер мен батырлар жырларындағы суреттей, бейнелей баяндаулар арқылы халық жастарды «құралайды көзінен ататын» мерген болуға, жауын жеңу үшін «жамбасы жерге тимеген» балуан болуға тәрбиелейді. Бұл жөнінде лекция кезінде халықтық педагогиканың материалдарынан көптеп мысалдар келтіруге болады. Әрине, мысалдардың көлемі лекциялық материалға нұқсан келтірмеуге тиіс.
Педагогика курсы бойынша мектептегі комсомол мен пионерлер ұйымдарының жұмысы, оның әдістемесі туралы лекция оқу кезінде жалынды жастардың өнегелі өмірін бейнелейтін көркем әдеби шығармалардан әсерлі сюжеттерді мысал ретінде айтып, не оқып беріп, студенттерге өнегелі өмірден үлгі алуға үйрету керек.
Мысалы: Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романындағы Корчагин – автордың өз бейнесі екендігін айта кетіп, оның азамат соғысында көрсеткен ерліктері, соғыстан кейінгі қайта құрылыс кезіндегі оның еңбекте көрсеткен ерліктері суреттелген сюжеттерді тауып оқып, студенттердің эмоциялық сезімдеріне әсер ететіндей, дауыс ырғағын құбылтып оқи алатын болса, лектор әрі студенттердің ынта-ықыласын арттырады, әрі оларды батырлыққа, ерлік еңбекке тәрбиелейді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік көрсеткен комсомолдар мен пионерлер-студенттерге, жалпы жастарға ең тартымды үлгі - өнеге болып табылады. Жау ДЗО-тының оқпанына кеудесін төсеп, ондаған достарын ажалдан аман алып қалған, өз өмірін аямай соларды қорғап қалған александр Матросов туралы көркем шығармаларды пайдаланудың жолы басқаша, ол туралы кинофильмді де пайдалану керек.
Студенттерге коммунистік тәрбие беруде көркем әдеби шығармаларды пайдаланудың әдіс-тәсілдері аудиториялық ауқымға, жағдайға, уақытқа байланысты құрылады. Мысалы, эстетикалық тәрбие жөніндегі лекцияны Абайдың:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй! –
деген өлеңінен бастау орынды болады. Ал адамгершілік тәрбие туралы тақырыптың мәнін түсіндіру кезінде, ұлы адамдардың адамгершілік қасиеттерін байнелейтін шығармалардан алынған үзінділерді лекция барысында студенттерге оқып беруге болады. Семинарлық сабақтарда «Абай Құнанбаев еңбек, ғылым, адамгершілік туралы», «Ыбырай Алтынсариннің өнер-білім туралы әңгімелері», «В.А. Сухомлинский әңгімелерінің эстетикалық тәрбиелік мәні», «А.С. Макаренко шығармаларындағы ұстаз бейнесі» тағы басқа тақырыптар бойынша студенттерге реферат жаздырып, оқытушы тақырыптардың тәрбиелік мәніне де көбірек көңіл бөледі. Студенттер әрі реферат жазуды үйренеді, әрі еңбекке, ғылыми зерттеуге үйреніп, ұлы адамдардан тәлім-тәрбие алады. Ол үшін оқытушы реферат жазған кезде студенттер, әсіресе, қандай мәселеге ерекше көңіл аудару керек екенін ескеріп отырады.
Педагогикалық курстың дидактикалық тарауын өткенде К.Д. Ушинский, А.С. Макаренко, В.А. Сухомлинский, Ы. Алтынсарин тағы басқа атақты педагогтардың оқытудағы дидактикалық принциптері мен әдістерін, тәрбие түрлері мен тәсілдерін дәлелдейтін мысалдарды олардың өз шығармаларынан немесе педагогикалық еңбектерінен келтіруге болады.
Мысалы, А.С. Макаренконың шәкірттерімен күні бұрын уақыт белгілеп, әңгімелесу әдісі туралы педагогтың өзінің әдеби шығармаларынан да, оның шәкірттерінің естелік әңгімелерінен де мысалдар келтіруге болады. В.А.Сухомлинскийдің оқу-тәрбиені табиғатпен, өмірмен байланыстыру тәсілдері туралы материалды оның педагогтық еңбегінен де, көркем әдеби шығармаларынан да табуға болады.
Көркем әдеби шығармаларды пайдалану педагогика курсының мазмұнын арттырып, лекцияның тартымды, қызық, әрі сапалы өтуіне себепші болады, әрі студенттердің ынта-ықыласын, белсенділігін арттырады, оқу материалын ұғындыру жұмысы мектеп реформасының талаптары деңгейінде жүреді.
Көркем әдеби шығармаларды лекцияда жан-жақты, орынды пайдалану арқылы оқытушы студенттерге азаматтық тәрбие беріледі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   143




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет