Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


Бірінші, алдыңғы шептегі ұлттық армия бөлімдерінің сәтсіздігі



бет10/29
Дата24.04.2016
өлшемі2.39 Mb.
#78735
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   29

Бірінші, алдыңғы шептегі ұлттық армия бөлімдерінің сәтсіздігі. 1946 жылы желтоқсан айынан бастап Оспан мен «Үш аймақ» ұлттық армия бөлімдері арасындағы соғыстар 1947 жылы сәуірдің 20-дағы Оспан тобының жеңіліп, Бәйтікке шегінуімен аяқталған еді. Осыдан кейін, солтүстік қолбасшылық штабы – Қобық атты әскерлер полкінің үш взводын, Алтай атты әскерлер полкінің екі взводын қосып, уақыттық полк ұйымдастырды. Полк командирі –Ыбырайымбай, штаб бастығы – Алмасбек болды. Бұлардың міндеті – Оспан тобы қайтып келсе, тосып соққы беру. Полк – Көктоғай мен Шіңгіл аудандарының шекарасы есептелетін Шаңқанға орналасты. Алдыңғы бекініс ретінде Көктоғай ауданындағы Тұрғынға – бір взвод, Қара Түңкеге – бір взвод, Шіңгіл ауданындағы Сарытоғайға – бір взвод, Шағанқолға – бір рота орналастырды.

Оспан 1947 жылы тамыздың соңында, тәрбиеленген 800 адамдық қарулы қосынына және 200 адамдық көмекші күш қосып, мыңнан астам қарулы күшіне Қабас Тіркешұлын – қолбасшы, Құрман Қапышұлын – орынбасар, Момынбай мен Шердиманды – ақылшы етіп белгілеп, Алтайға аттандырады. Қарулы қосын жолға шығарда Оспан – Құрман, Момынбай, Шердиман, Қабастарға: «Бірінші, адамның қанша шығын болуына қарамастан Алтайды иеленіңдер; екінші, барынша жаудың жоғары дәрежелі офицерлерін тірі қолға түсіріңдер; үшінші, сарбаздарды ынталандырып отыру үшін қанша олжа алса да қолын қақпаңдар» – деп тапсырма берді. Сун ши ляңның уәкілі, бесінші атты әскерлер двизиясының екінші полкының командирі Хан фан да сөз сөйлеп: «Сендер бір адым ілгерілесеңдер, біз де сендерді өкшелей ілгерілеп отырамыз. Демек, сендер арт жақтарыңа алаң болмай, тоқтаусыз алға тарта беріңдер» – дейді.



Алғашқы соғыс Сарытоғайда болады. Қабас барлық күшін шоғырландырып, ұлттық армияның Сарытоғай бекінісіндегі Дөней Молдахановтың взводына шабуыл жасайды. Бірнеше сағаттық ұрыстан кейін, бұл взвод Бурылтоғай өзенін құлдап, Сарысүмбеге қарай шегінеді.

Екінші соғыс Шағанқолда болады. Қолбасшы Қабас Сарытоғай соғысы аяқтата салысымен, 300 адамдық топты Шіңгілдің – Шағанқол бекінісіне аттандырады. Бұл бекіністе бір пай (елу неше адам) әскер орналасқан еді. Бекініс лезде басып алынады. Он неше жауынгер құрбан болады. Рота командирі – Қабдыхалым Білеушінов отыздай адаммен қоршауды бұзып шығады. Рота командирінің орынбасары Әзімхан Тышанұлы он неше адаммен қолға түседі.

Үшінші соғыс Шалғыртыда болады. Оспан жіберген қарулы қосын Шіңгілдегі екі бірдей бекіністі күйретіп кеткеннен кейін, Көктоғайдың Қара Түңкеге орналасқан Патқолла взводы Шаңқандағы полк штабына қосылу үшін Шалғыртыға жеткенде, Тұрғындағы Зәкархан взводына шабуылға бара жатқан Қабастың қарулы қосынына тап болады. Қарулы қосын қоршай шабуылға өтеді. Соғыс екі тәулікке жалғасады. Ақырында, Патқолла 150-дей адаммен қоршауды бұзып шығып, Сарысүмбеге шегінеді. Жиырма неше адамы шығын болады. Жиырмаға жуық адам мен отыз неше түйеге артқан әскери қару-жарақ олжаға кетеді.

Төртінші соғыс Тұрғында болады. Қабастың қарулы қосыны уақыттық полктың негізгі бөлімін жойып, оларға Сарысүмбе жақтан болатын көмектің жолын кесіп тастау үшін – Шаңқанның батыс жолымен орағытып, Тұрғындағы Зәкархан взводына шабуыл жасайды. Шайқас қиян-кескі болады. Шердиман жарақат алады. Қарулы топ бұл бекіністі де шығындатады. Ұлттық армия бөлімінен елу неше адам қолға түседі. Бір талай әскер құрбан болады. Қалғандары уақыттық штаб тұрған Шаңқанға шегінеді.

Бесінші соғыс Шаңқанда болады. Қабастың қарулы қосыны төрт бірдей бекіністі күйретіп, Сарысүмбе қаласынан келетін көмектің жолын кесіп тастайды. Тұрғындағы мыңға тарта қойды, запас оқ-дәріні олжалайды. Ұлттық армия арасында жуықтан бері тараған сүзек ауруы да армияның күш-қуатына елеулі ықпал етті. Қарулы қосын уақыттық полк штабына үш жақтан қоршап шабуыл жасайды. Соғыс үш тәулікке созылады. Ақырында төтеп бере алмаған ұлттық армия бөлімі Көктоғайға шегінеді.

Қабастың қарулы қосыны Шіңгіл мен Көктоғайдан бір талай адамды өзіне тартып, қатарын мың жарым адамға жеткізеді. Көктоғай ауданының маңында бекініс алған уақыттық полкті қуа келіп шабуылға өтеді. Уақыттық полк табандап соғыса алмай шегінеді. Олар 10-қыркүйек күні Моңғолияға өтіп кетеді. Осылай Шіңгіл мен Көктоғай аудандары Оспанның қолына өтеді.



Екінші, Қабастың қарулы қосыны Сарысүмбе қаласына тура тартады. Солтүстік қолбасшылық штабы – Шіңгіл мен Көктоғайдан айырылғаннан кейін, былай орналастру жасайды. Бірінші, Алтай атты әскер полкінің Сарысүмбеде тұратын алты взводтың бірін – Сарсұмбеге қалдырып, екеуін – Сарбұлаққа, үшеуін – Шаңырықтықызылға бекініс алуға жібереді. Екінші, Қобықта тұратын Қобық атты әскер полкіндегі төрт взводтың үшеуін – Сарбұлаққа көмекке аттандырады. Үшінші, Сарысүмбе, Буыршын, Қаба, Жеменей аудандарының әр бірінен 200 адам шамасындағы партизан бөлімшесін ұйымдастырады.

Қыркүйектің 9-10-дарынан бастап, Қабастың қарулы қосынының мың адамдық үлкен тобы Сарбұлақтағы ұлттық армиямен шайқасты бастайды. 12-қыркүйекте Көктоғайда қалған Құрман Қапышұлы бастаған 500 адамдық қарулы қосын өз қатарын 800 адамға толықтап, ұлттық армияның Шаңырықтықызыл бекінісіне шабуыл жасайды. Осы кезде Талқы Тағайұлы басқарған Жеменей бөлімшесі мен Рымхан басқарған Буыршын бөлімшесі – Сарбұлақтағы бекініске, Өгізшібай Қарағұлұлы басқарған Сарысүмбе бөлімшесі мен Жапар басқарған Қаба бөлімшесі – Шаңырықтықызыл бекінісіне көмекке келеді. Қарулы қосын бірнеше шағын, орта топқа бөлініп ұлттық армия бөлімдері мен бөлімшелерге тұс-тұстан шабуылға өтеді.

Осылайша, қарулы топ Сарбұлақтағы соғыс шебінде басымдылық алады. Буыршын бөлімшесін басқарған Рымхан – жүз неше адамын, Жеменей бөлімшесінен елу неше адамды бастап Қабасқа бағынып кетеді. Бұл ұлттық армия жауынгерлеріне қатты соққы болады. әсіресе, партизандар өздіктерінен ыдырап, бет-бетімен кетіп қалады. Ұлттық армия табан тіреп соғысуға дәрмені жетпей, Сарысүмбеге шегінеді. Ал, Шаңырықтықызылдағы соғыс қызып, екі жақ қатты тіресіп тұрған кезде Иосуп (–?) бекіністің бір жақ қанатындағы тіректі күш – Алтай атты полкіндегі кержақ орыстардан құралған бір взводты бастап Қабас жаққа өтіп кетеді. Тек взвод командирі Студенков қана бірнеше адаммен қашып шығып, Сарысүмбеге келеді. Шаңырықтықызылдағы ұлттық армия бөлімдері де Сарысүмбеге жылыстап кетеді. Құрбан болғандар өте көп болады.

Сарыбұлақтағы бекініске көмекке бару бұйырығын тапсырып алған Нүсіпхан Көнбайұлы басқарған Қобық полкы (бар болғаны үш взвод), Бурылтоғай ауданының «Қылы» деген жері арқылы тіке Сарыбұлаққа тартады. Полк Қыран өзенінен өтіп, Мелкейті Қарасуының «Обалы» деген жерінде тамақтанып, аялдайды. Полк – Сарыбұлақтағы ұлттық армияның жеңіліс тауып, Сарысүмбеге шегінгенінен хабарсыз еді. Сарыбұлақтағы бекіністі алып ілгерлеп келе жатқан қарулы қосын Қобық полкіне кенеттен шабуылға өтеді. Алыс жол басқан әрі жер сырына қанық емес полк лезде күйрейді. Бір-екі жүз жауынгер соғыс шебінен құтылып шыққан болса да, қайта басын құрай алмай бытырап кетеді. Нүсіпхан Көнбайұлы он неше жауынгерімен құтылып шығып, Сарысүмбеге келеді.



Үшінші, уақыттық шегініс. Ұлттық армияның бірінші шебі есептелген – Шіңгіл мен Көктоғай, екінші шеп деп есептелген – Сарыбұлақ пен Шаңырықтықызыл бекіністері арыт-артынан талқандалып кетеді. Ендігі жерде Қабастың қарулы қосыныны Сарысүмбеге қауып төндіреді. Алтай көлемінде аса күрделі саяси, әскри жағдай қалптасады. Оспан – Бәйтікке шегініп кеткеннен кейін де үзбей ақпар жеткізіп тұрған Дәлелхан Жанымханұлы, Айдархан Шыбарқажыұлы, Керім зәңгі, Тұрдыхан зәңгі, Тұрысбек Шоқайұлы сияқтылар ұлттық армияның екі шепте сатсіздікке ұшырағанын көріп, ашық бас көтеріп, жасақ жинап, Сарысүмбеге шабуыл жасаудың қамын жасайды.

Алтай әкімшілік мекемесі мен солтүстік қолбасшылық штабы қажетсіз зор қырғыннан сақтану үшін Алтайдан уақыттық шегінуді ұйғарады. Сөйтіп, 1947 жылы 16 қыркүйек күні Дәлелхан Сүгірбаев әскери бөлімдері мен үкімет кадірлерін бастап, Сарысүмбеден шегініп шығады да, қалаға таяу жердегі Жолқарсудың кезеңіне келіп, алды-артын жиып аялдайды. Айналасы үш-төрт сағат ішінде Дәлелханмен бірге кетпек болып жиналғандардың саны мыңға жуықтайды. Дәлелхан жиналған елге:

– Біздің бұл жолғы шегінісіміз – стратегиялық уақыттық шегініс. Ұзағанда бір айда қайтып келеміз. Екіншіден, әлі де бір байламға келе алмаған, үй ішінде ерекше жағдайы барлар мен қалам дегендерің – қалыңдар. Оған бола ешкімнен жауапкерлік қузамаймыз. Бір ғана шарт бар: Оспан тобына ілесуші болмаңдар. Ал, бірге кетемін деушілер – еріп жүріңдер.Бірақ, жол-жөнекей бөлініп қалуларыңа мүлде болмайды. Үшіншіден, Шәмши, Қажынаби, Ежен Бұқатұлы1, сендер, ең жақсысы бұл жерде қалып, ел-жүртқа бас-көз болыңдар, сендерге ештеме істей алмайды. Керісінше, сендер кетіп қалсаңдар, Оспан бұны сылтау етіп қалған жүртты тоздырып жібереді ,–деді.

Шәмши, Қажынаби, Ежендер қалды. Тағы да бір талай адам ермей қалып қойды. Генерал Дәлелхан Сүгірбаев, генерал-майор Мажаров, подполковник Байшурин, генерал-лейтенант Бәделхан Сүгірбаев, майор Айтыке Асанжолов2 бастаған үш жүзден аса офицер-жауынгер және Мұқаш Жәкеұлы, Мінуар Әбдоллақажев, Қами Асылқанов, Яқұпбаев Мамыт, Ағзам Миракбаров, Асқабыл Жетпісбаев, Назарбек Тұрашов, Ғалым Құсайынов, Патош Дулатов сияқты жүзге тарта әкімшілік мекеме бастықтары мен кадрлары батысқа беттеп жолға шықты. Қобық полкінің командирі, лейтенант Нүсіпхан Көнбайұлы он неше жауынгермен шығысқа беттеп, Өрмегейті асуы арқылы Моңғолияға кетеді. Олар Көктоғай соғысында шегініп Моңғолия жеріне өткен Ыбрайымбайларға барып қосылады.

Дәлелхан Сүгірбаевтер сол бетімен үш тәулік жүріп, Жеменей шегарасы арқылы Қазақ ССР-нің жеріне өтеді. Бірге кетпек болып, соңдарынан қуа келген майор Николаев, Давид Студенков бастаған Алтай полкі мен Қобық полкінің жүзге жуық жауынгері және Маулыхан Нұғыманов, Сағит, Ахмет Тиекбаев бастаған отыз неше сақшылар кешігіп келіп, шекарадан өте алмай қалады. Бұлар Жеменей ауданы маңында бекініс алып, партизандық әрекетпен шұғылданбақ болып тұрып қалады.

Төртінші, Оспан тобының Алтайды толығымен қолға алуы. Дәлелхан Сүгірбаев шегініп кеткенның ертесі (17 қыркүйек) Қабас бастаған қарулы қосын Сарысүмбе қаласына кіреді. Әсербайды – Оспанға жеңіс хабарын жеткізуге аттандырады. Сонымен қатар, Буыршын, Қаба, Жеменей аудандарына қарай ілгерілейді. Оспанның Жамет бастаған адамдары мен Сарысүмбе ауданынан шыққан, Оспанға жақтас Керім зәңгі, Әбілмәжін молда (Тұрысбек Шоқайұлының қайын атасы) сияқтылар бірлесіп Буыршынға, одан Қаба ауданына шабуылдап барады. Қарсылық көрсететін ешқандай әскери бөлім болмағандықтан, олар екі ауданды да еш шығынсыз басып алады.

Ал Жұқай бастаған топ Жеменейге барғанда, Студенков, Маулыхан бастаған топтың соққысына ұшырап, ауданды ала алмай шегінеді. Жұқайдың бірнеше адамы құрбан болады. Оспан Алтайды қолына алғаннан кейін, Алтай аймақтық үкіметті ұйымдастырады. Ләтіп Мұстафаұлы – уәли, Қабас Тіркешұлы – әскери қолбасшы, Құрман Қапышұлы – қолбасшының орынбасары, Сәулебай – байтыл мал мекемесінің бастығы, Құсайын ұяң – банк бастығы, Жанкерей – Алтай әкімшілік мекемесінің бас хатшылығына тағайындалады. Рымханның еңбегі ескерусіз қалмай, ол Буыршын аудандық сақшы мекемесінің бастығы болады.


ОСПАННЫҢ АЛТАЙ ӨҢІРІНЕН АЛАСТАЛУЫ




Бірінші, шұғыл жасалған дайындық және жеңіс. 19-қыркүйек күні Жеменей шекарасы арқылы Қазақ ССР-нің жеріне өткен Дәлелхан Сүгірбаев 22-қыркүйекте Тарбағатайдың Қырықошақтағы шекарасы арқылы қайта өтіп, Шауешек қаласына келеді. Келе сала Ахметжан мен Ысқақбекке жеделхат жолдап, барлық мән-жайды мәлімдейді. Сонымен бірге, Алтайды тез арада қайтарып алу туралы, өзінің ұсыныс-жоспарын алға қойып, нұсқау алады. Нақты істелген істер мынадай болды:

Шауешекте тұратын Тарбағатай үшінші жаяу әскерлер полкі – үшінші атты әскерлер полкіне өзгертілді. Құлжадан 800 адамдық молайтылған бір батальон келтірілді. Бұрынғы Алтай атты әскерлер полкінің ілесіп келген 300 ден астам жауынгерін негіз етіп, Тарбағатайдан жаңа әскер қабылдап, Алтай полкін қайта құрды. Тарбағатай халқы мен үкіметі азық-түлік және басқа да заттық жақтан көмек көрсетті.

Сөйтіп, 1947 жылы қазан айының бас шенінде, алдымен Хамит Әлиев қолбасшылық еткен – Тарбағатай үшінші атты әскерлер полкі мен Бәделхан Сүгірбаев қолбасшылық еткен – Алтай үшінші атты әскерлер полкі Оспанның қолынан Алтайды қайтарып алу жорығына аттанады. Олар Қобыққа жеткен кезде, 12-қазанда Дәлелхан Сүгірбаев пен Лескиннің басшылығындағы Құлжадан келген молайтылған батальон да Қобыққа жетеді. Сонан соң, үш бағытқа бөлініп Алтайға жорық жасайды.

Бірінші бағыт – Әлиев полкі. Оның міндеті – Үліңгірдің «Қылы» деген жеріне өтіп, Бурылтоғай ауданын иелеу. Онан соң, өзен бойлап, Сарытоғайға жорық жасау. Сөйтіп, Оспан тобына келетін көмекті тосу әрі Бурылтоғайдан жоғарғы аудандардың елін Үрімжі жаққа айдап әкететін жолды бөгеу;

екінші бағыт – Бәделхан Сүгірбаевтің полкі. Оның міндеті—Үліңгірдің батыс жағымен Ертістің «Сарқарын» деген жеріне өтіп, Сарысүмбе қаласына оңтүстік батыс жақтан жорық жасау әрі Ертіс, Қыран өзендері бойындағы елді үгіттеп орнықтыру;

үшінші бағыт – Лескиннің басшылығындағы молайтылған батальон. Оның міндеті – автомобильмен барып, Буыршынды басып алу. Онан Сарысүмбе қаласына батыс жақтан шабуылдап кіру. Дәлелхан Сүгірбаев осы молайтылған батальонмен бірге болды.

Әлиев полкі Үліңгір бойына жетіп, «Қылы» арқылы Бурылтоғай ауданына келерден бұрын, Жеменей елі арасындағы Оспанға жақтас – Нұреке, Баймұқан, Дәлелхан Әленұлы сияқтылар аудан халқының бір бөлегін көшіріп, ар жаққа өтіп кетеді. Олар өткелдің батысынан Әлиев полкіне қарсы атыс береді. Әлиев Нұрекелерге қарсы тойтарыс бере отырып, бір жағынан, оңтүстік жақтан орағытып барып, Бурылтоғай ауданын басып алу, онан соң Нұрекелерге шығыс жағынан орағытып келіп соққы бермек болады. Бірақ, бұл ойларын аңғарып қалған олар елді Ертістің Дөрбілжін деген жеріне қарай көшіріп жіберіп, өздері өзен бойындағы орманды қалқа етіп, Сарытоғайдағы Оспанға кетеді. Олардың сытылып кеткенін білмей қалған Әлиев полкі көшкен елді қуалап, Ертіс бойына келіп түседі. Өзен бойында отырған ел арасынан Тұрысбек Шоқайұлы, Тұрдыхан зәңгі – Әлиевтің полкіне қарсы оқ шығарады. «Өзен бойындағы қалың орман арасында жау бар» – деп қате межелеген олар орманды пулеметтің астынан алады. Нәтижеде, бейуаз халықтан қырық неше адам оққа ұшады. Тұрдыхан оққа ілініп, Тұрысбек Шоқайұлы қолға түседі. Бұл уақиға қазірге дейін ел арасында «Дөрбілжін қанды уақиғасы» деп аталып келеді1.

Бәделханның полкі Ертістің «Сарқарын» деген жеріне келіп, елге ұлттық армия бөлімдерінің қайтып келгені, Оспан тобына ілеспеуі, қорқып-қобалжымауы туралы үгіт айта отрып, Сарысүмбе қаласына жақындайды.

Молайтылған батальон 14-қазан күні түнде, Буыршынның батысындағы Ертіс бойына келіп, барлаушы арқылы жалғыз паромның2 арғы жағада, Оспан тобының қолында екенін ұғады. Екі автомобильге СССР кен барлаушыларының киімін киген 60 адамды отырғызып, паромды шақыртып, ар жаққа өткізіп жібереді. Олар Оспан тобының бір рота күзетші әскерін жайғастрып тастайды да, сақшы мекемесіне от ашады. Осы кезде қалған әскер де Ертістің шығыс жағына өтеді. Аса тебінді тұтқиыл шабуылға ұшыраған Оспан тобы азырақ атыс береді де, Сарытоғайды бетке алып шегініп кетеді. Буыршын, Бурылтоғай аудандарын ұлттық армияның тартып алғанын білген Сарысүмбедегі Оспан тобы, 16-қазан күні қаланы тастап, Ақдала арқылы Сарытоғайға бет түзейді. 1947 жылы 17-қазанда екінші, үшінші бағыттағы ұлттық армия бөлімдері арт-артынан қалаға кіреді.

Екінші, Оспанның Алтайдан соңғы рет қуылуы. Әлиев полкінің әуелгі бір міндеті – Бурылтоғай ауданын басып алған соң, Сарытоғайға жорық жасау болатын. Оспан тобының Көктоғай, Шіңгіл, Бурылтоғай аудандарының елін Үрімжі жаққа айдап әкететін жолын бөгеу еді. Бірақ, төрт-бес күнді зая жіберіп алады. Осы аралықта – Бурылтоғай, Буыршын, Сарысүмбеден шегінген топ Сарытоғайдағы Оспан тұрған жерге жиылып алады. Олар Үрімжі жаққа өтіп кету бекіміне келеді де, Көктоғай, Шіңгіл елін түп қопара көшіріп Бәйтіке бет алады. Бурылтоғайдан – Манат Үрістемұлы, Бұрыпжап, Бұқа, Әбдехан, Айдархан сияқты адамдар кейі салт, кейі үй ішімен ілеседі. Бұл көшкендер 17 800-ге жуық адам, 3 700 түтін еді. 62 мың ірі қара, 152 мың ұсақ малды бірге айдап жүреді. Оспан тобы сол бойы Үрімжінің шығысындығы Мори, Шонжы, Жемсары, Фукаң аудандарына келіп, бөлініп-бөлініп орналасады. Осыдан соң, Оспан енді қайтып Алтайға шабуылдап бара алмайды. Тек кейде қажеттілік үшін шағын, астыртын топ аттандырып отырған.

1947 жылдың қазан айының соңында Оспанның қарулы қосыны Алтай бетінен түгел аласталды. «Үш аймақ» үкіметі ендігі жерде: Алтайдан шегінген кезде тарап кеткен үкімет органдарын қайта құру, әскери бөлімдерді реттеп, қайта ұйымдастыру, іштегі Оспанға жақтас адамдарды аластау, халық тұрмысын қалпына келтіру – жұмыстарын қолға алды.

1947 жылы 19-қазан күні Алтай әкімшілік мекемесі қайта қалпына келтірілді. Ұлттық армияның орынбасар қолбасшысы, генерал Дәлелхан Сүгірбаев – қосымша аймақтық әкімшілік мекемесінің уәлиі, Шәмши Мәмиев, Әбдірахыман Төкілов – орынбасар уәли болып тағайындалды. Аймақтық мекеме бастықтары мен орынбасарлары, негізінен, бұрынғы қалыптарын сақтады. Тек аймақтық сақшы мекемесіның бұрынғы бастығы Тастембайдың орынына – Қами Асылханов, әкімшілік мекеменің бұрынғы бас хатшысы Сәлімжан Какажановтың орынына – Назарбек Тұрашов, аз күннен соң – Қали Абақ тағайындалды.

Әскери бөлім құрылысы жағынан, Құлжадан Лескин бастап келген молайтылған батальеон таратылып, оның бір бөлім адамдарымен – Алтай атты әскерлер полкі толықтанды. Бұл полк Сарысүмбе қаласында тұратын болды. Молайтылған батальеонның қалған бір бөлегі – Тарбағатай атты әскерлерінің үшінші полкіне қосылды. Бұл полк – Шіңгілдің Бәйтікке тұлғалас келетін Сарытоғайды негіз етіп, Шәкүрті, Өндірқара сияқты алдыңғы бекініс саналатын жерлерге орналастрылды. Бұл полк – шығыста Бұлғынның құйғанынан, батыста – Бурылтоғай ауданына дейінгі алдыңғы шептің амандығына жауапты болды.

Оспанға жақтас адамдардан – Керім зәңгі, Тұрысбек Шоқайұлы, Әбілмәжін молда, Айдархан Шыбарқажыұлы, Шәріпхан Тілеубайұлы, сондай-ақ Оспан тобына қолғабыс тигізген Шағия Жанымханұлы, Тоқтархан Рысбекұлы, Идімжап төре Дүңше Үлкі (моңғыл), Чың (қытай, бүркеншік аты Айтахұн) сияқты отыз неше адам қолға алынды. Бұлардың көбі Сарысүмбе түрмесінде болып, кейін Құлжаға жіберіліп, еңбекпен тәрбиеленеді де, бір жылдан соң қоя берілді. Тек Оспанның Алтайда құрған үкіметінде, аймақтық сақшы мекемесінің саяси бөлім бастығы болған Тоқтархан Рысбекұлы мен оның орынбасары Идімжап төре Дүңше Үлкі, сондай-ақ тыңшы Чың үшеуіне ғана жабық сотта өлім жазасы берілді.

ГОМИНДАҢНЫҢ ОСПАНДЫ ҚҰРМЕТТЕУІ ЖӘНЕ ОҒАН КӨМЕКТЕСУІ



Бірінші, Оспан Шонжы өңіріне келіп орналасқаннан кейін, 1947 жылы қараша айында Құрман мен Қанатбайды Үрімжіге жіберіп, Жанымхан арқылы Гоминдаң үкіметінен экономикалық көмек талап етеді. Гоминдаң жақ – төрт машина ұн, күріш, кездеме, шай сияқты заттар береді әрі бұдан былай басқа да көмектер жасайтынын білдіреді. Бұл көмек экономикалық жақтан ғана емес, саяси жақтан да жасалына бастайды.

1948 жылы ақпан айында Гоминдаң үкіметі Чың бастатқан бір топты жіберіп, Шонжыда «Алтай әкімшілік мекемесін» және оған қарасты аудандық үш үкімет орындарын құрды. Оспанды – аймақ бастығы, Ләтіпті – орынбасар, Салықты – Көктоғай ауданының, Нәзірді – Шіңгіл ауданының, Бұқаны – Бурылтоғай ауданының әкімі – деп жариялады. Оларға бірнеше орынбасар тағайындады. Өлкелік біріккен үкімет қазынасынан Алтай аймағына берілуге тиісті қаражат – Оспанның Шонжыда құрылған «Алтай әкімшілік мекемесіне» беріліп тұратын болды.



Екінші, 1948 жылы маусым айында Гоминдаң мансаптылары Закарияны жіберіп, Оспанды Үрімжіге қонаққа шақырды. Оспан мақұл болды. Бірақ, қонағасы орыны – қалада емес, қалаға таяу маңда болса – дейді. Себебі, Оспан өте сақ әрі күмәншіл адам болғандықтан, тірі жанға оңай сене салмайтын. Бұл ойламаған жерден туа қалатын, әр қандай қауыптың алдын алу үшін еді.

Сонымен, 1948 жылы шілденің 10-ы күні Оспан сенімді серіктерінен – Ләтіп, Момынбай, Бұқаны, ел ағаларынан – Уатхан, Әсен, Уақит, Нәзір, Шәри, Қалман сияқтыларды және жасауылдары, жиыны жүзге тарта адамды ертіп, Шүймогуде арнайы тіктірілген он кигіз үй мен жиырма неше шатырға түседі. Оспанды өлкелік үкіметтің орынбасар хатшысы – Айсабек (Ұйғыр), Жанымханның Дәлелханы, Әленның Закиханы, Закария сияқты адамдар алдарынан шығып қарсы алады. Онан соң Сүң ши лян, Жанымхан, Қадуаң, Лю мың чүн сияқты адамдар амандаса барады.

Оспан Үрімжіде сегіз күн тұрды. Мынадай үш түрлі істі істейді.

1). Төрт реткі қонақасыға қатынасады. Алдымен Сүң ши лян қонақасы береді. Онан соң Қадуаң Үрімжі аймақтық әкімшілік мекемесі атынан қонақасы береді. Үшінші қонақасыны – Әлен уаң, Жанымхан, Сәліс1, Закария сияқты қазақтың игі жақсылары береді. Соңғы қонақасыны өлкелік Ұйғыр ұйымы атынан – Мамет Емін, Айсабек сияқталар береді.

2). Сүң ши лянмен бірнеше рет жеке кеңес өткізіп, мың адамдық (бір полк шамасында) қарулы бөлім ұйымдастру туралы келіседі. Сүң ши лян саяси жақтан қолдау алу үшін, Оспанды Нанжиңге барып, «Гомин дахұйға»2 қатынасуға ұсыныс етеді. Оспан өзі бармай, ұлы Шердиманды жіберетінін айтады3.

3). АҚШ-тың Үрімжідегі бас елшісі Пакстон және оның орынбасары Макнан Маккирнанмен жолығады. 1948 жылы шілденің 16-ы күні, Сүң ши лян өзінің жеке машинасын Шүймогуге жіберіп, Оспанды өз кеңсесіне шақыртады әрі АҚШ-тың Үрімжідегі бас елшісі Пакстонмен таныстрады. Бас елшінің қасында оның орынбасары Макнан Маккирнан да бар еді. Бас елшісі Пакстон:

– Сізбен жүздесіп, танысқаныма өте қуаныштымын. Сіз қытай мемлекетінен шыққан жігерлі адамсыз. АҚШ пен қытай дос. Сондықтан, сізбен біз доспыз, – дейді.

– Қытай мен АҚШ-тың дос екенінен хабарым бар. АҚШ-тың өнері жетік, өнеркәсібі дамыған, не бір керемет қарулары бар. Атом бомбасын жасай алған да солар ғана деп естимын. Сондықтан, екі мемлекеттің достығы үшін, ортақ жауға ортақ қарсы тұру үшін маған жаңа-жаңа, жақсы-жақсы қаруды көбірек беріп тұр!

– Бізде ондай қарулар бар. Оны беруге де болады. Бірақ, ол қаруды игеріп, қолдана білетін адам болу керек қой. Сондықтан, сіз АҚШ-қа барып тәрбиеленуге бір неше жас жіберіңіз.

Оспан бұл пікірді құптайды. Соңында Пакстон:

– «Бір көрген—біліс, екі көрген—таныс» деген, бұдан былай жалғасты қарым-қатынаста болып, хал-жағдай ұғысып тұрайық. Бір бірімізге жақыннан жардемдес болайық. Қарым-қатынасымыз Сүң ши лян генерал арқылы болсын. Сіз өзара қарым-қатынас жасап тұру үшін бір уәкіл белгілеңіз,—дейді.

Оспан Қайымғазыны уәкіл етіп белгілейді. Соңында Сүң ши лян:

– Досымыз АҚШ-та аса керемет, сан-санақсыр қарулар бар. Менің мына жан құралым да сонда жасалған. Бүгінгі кездесуіміздің естелігі болсын, сіз алыңыз, – деп « Паленин» маркалы жан құралды Оспанға береді.

Оспан бұдан бұрын Макнан Маккирнанмен Бәйтікте қарым-қатынас орнатқан болса, бұл жолы бас елшісі Пакстонмен бетпе-бет жолығып, әңгімеде болады. Үздіксіз байланыс жасап тұратын болып, арнайы уәкіл белгілейді. Сондай-ақ, АҚШ-қа барып тәрбиеленуге бірнеше жас жіберетін болып келіседі. Сол жылы қазан айының ортасында Залебай сияқты төрт жасты АҚШ-қа жібереді. Олар сол беті сол жақта тұрып қалды.



Үшінші, Оспан қайтып барған соң, іле-шала Гоминдаңның бірнеше әскери қолбасшылары барады. Олар қазақтан (моңғолдан азырақ бар) – 700, орыстан – 100, жалпы – 800 адамы бар бір полк жасақтайды. Полк командирі – Манат Үрістемұлы, орынбасары – Бұрыпжап, штаб бастығы – Құрман, азвод командирлері – Жамет, Нұреке, Әбдехан, Ёсов, тағы басқалар болады. Шаруашылық жұмысын басқарушыға – Наси мен Шүкірхан, Үрімжідегі жауаптысы – Қайымғазы болады. Полк орыны – Жемсарының Сантай деген жері болып белгіленеді. Гоминдаң үкіметі бұл полкті – қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешек, көрпе-жастықпен толық қамдайды. дәреже белгілеп, шен беріп, нағыз сығайланған әскери тәртіп орнатады. Әскери мектеп тауысқан қырық неше тәрбиешіні Үрімжіден арнаулы жіберіп, полкті машықтандырады. Бұл полк 1949 жылы шілде айына дейін толық бір жыл өмір сүреді. Гоминдаң үкіметі қамдауын тоқтатқан соң тарап кетеді.

Төртінші, Үрімжі маңына келгеннен кейін, бір жарым жыл ішінде Оспан Гоминдаң үкіметі мен АҚШ елшісіне мынадай істер істеп берді.

1). 1948 жылы маусым айында, Гоминдаң үкіметінің тапсыруы бойынша Рақым, Өрдебай бастаған он неше адамды «Үш аймақ» әскерлерінің алдыңғы шебінен – Сартоғайдан «тіл» әкелуге аттандрады. Олар екі жауынгерді ұстап алып, Шонжыдағы полк командирі Хан фанға тапсырып береді.

2). 1948 жылы тамыз айында, Нұрлан, Әсербай бастаған жиырма шақты адамды екінші рет «тіл» әкелуге аттандрады. Олар Буыршын – Көктоғай тас жолындағы, Көктоғайға қарасты Сарыбұлақтың «Бас өртең» деген жеріндегі қысаңынан жол тосып, СССР кен барлаушыларының бір автомобилін өртеп, үш инжнер, үш қызыл әскер, бір әйел дәрігері мен шоферін атып өлтіреді. Бірақ қолдарына «тіл» іліктіре алмай қайтады.

3). Гоминдаң үкіметінің нұсқауымен Оспан – Дәлелхан Сүгірбаевті жасырын өлтіру қаскүнемдігін жоспарлайды. Бұған – Мақымет бастаған бірнеше адамды жібереді. Олар Дәлелхан Сүгірбаевтің жексенбіге қарсы Шеміршектің Қарасуында отырған ауылына барған орайында қол салмақ болады. Мақымет түн ішінде үй артындағы жақпар тасты қалқалап, Дәлелханның жатар алдында дәретке шығуын күтіп отырады. Осы кезде дәретке кесек денелі, Дәлелхан Сүгірбаев пішіндес бір адам шығады. ол оны атып жіберіп, ауыл іргесіндегі қамысқа қашып кіріп кетеді. Оқ денеге дарымай, бас киімді тесіп өтіп кетеді. Мақыметтің атқаны Дәлелхан емес, оның қорғаушысы Ағзам Мұқышұлы болатын.

4). 1948 жылы шілде айында, Оспан Макнан Маккирнанның талабы бойынша қол астындағы Ёсов жасақтарынан – Радов, Ерадов (–?) сияқты алты орысты Көктоғай кен ауданынан шығатын тастардан үлгі – нұсқа әкелуге және негізгі кен ауданының көрінісін суретке түсіруге жібереді. Олар Алтайға келгеннен кейін өздерін көріп қалған бір почтальонды «тіл» болып қалады деп өлтіріп тастап, ойда – өзен бойын жағалап қалған бір үйге келіп қонады. Ертеңінде, «тіл» болар деп қауыптеніп, үйдегі төрт жанды өлтіріп тастайды. Арт-артынан болған қанды уақиға сезіліп қалады да, сақшы орындары мен әскери орын аттанысқа келіп, тінту жүргізіп, оларды тауып алады. Олар тізе бүгіп, кім жағынан, нендей міндетпен келгенін түгел мойындайды.

ОСПАННЫҢ ӨМІРІНІҢ СОҢЫ

Оспан 1946 жылдың басынан бастап «Үш аймақ» үкіметіне ашық оқ атып жауласқан болса, қытай азат болғаннан (1949 жыл) кейін де қытай коммунистік партиясы мен қызыл қытай үкіметіне, қытай азаттық армиясына да қарсы оқ атып, қылыш сермеді. Ол бастабында, үмітті – қытайдың Гоминдаң үкіметіне, сонан кейін, бір мезгіл АҚШ-қа да артты. Сөйтіп, Оспан АҚШ-тың Үрімжідегі елшісімен тығыз қарым-қатынас орнатты. Қызыл қытай үкіметіне қарсы әрекеттерін олармен ақылдаса отырып жүргізді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет