Қазақ тілі әдістемелік талдау



бет1/9
Дата11.07.2016
өлшемі0.58 Mb.
#190548
  1   2   3   4   5   6   7   8   9


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ
ҚАРАҒАНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ
МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ
Ж. С. Махметова, Л. Қ. Есембаева

ҚАЗАҚ ТІЛІ
Әдістемелік талдау

Қарағанды 2010

ӘОЖ 800


КБЖ 81я7

М36


Пікір жазғандар:

Ж. Б. Ахметжанова – Болашақ университетінің аға оқытушысы, филология ғылымының кандидаты.

Ә. Б. Насырова – Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің қазақ тілі кафедрасы меңгерушісі, педагогика ғылымының кандидаты.

М 36 Ж. С. Махметова, Л. Қ. Есембаева, Қазақ тілі - Медициналық колледждің 3 курс «Емдеу ісі», «Мейірбике ісі» мамандықтарының оқушыларына арнап жасалған әдістемелік талдау.– Қарағанды, 2010.– 88 б.

Әдістемелік талдау Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті жанындағы медициналық колледждің қазақ тілі пәнінен 3 курстың «Емдеу ісі», «Мейірбике ісі» мамандықтарына арналған МЖМБС -2003 (2005 жылғы өзгерістер және толықтырулармен) талаптарына сәйкес жасалған. Әдістемелік талдаудың мақсаты: оқушыларға жаңа тақырыпты (грамматикалық ,лексикалық) барынша меңгерту, кәсіби тілді дамыту болып табылады. Сондай-ақ тапсырмалар мен жаттығу жұмыстары оқушылардың білім деңгейін бақылауға қолайлы.

Бұл нұсқауды медициналық колледждің оқытушылары мен оқушылары қолдана алады.

КБЖ 81я7


Әдістемелік талдау Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті жанындағы медициналық колледж Әдістемелік кеңесінің отырысында қаралды және мақұлданды

28.04. 2010ж. №9 Хаттама

Оқу- әдістемелік нұсқау баспаға ҚММУ Ғылыми кеңесімен бекітілді және ұсынылды

27.05.2010ж. № 10 Хаттама



© Ж. С. Махметова, Л. Қ. Есембаева, 2010

Мазмұны

І бөлім. Грамматикалық тақырыптар

  1. Үстеу, құрамына қарай түрлері.....................................................................4

  2. Мезгіл, мекен, сын-қимыл, мөлшер үстеулер. ...........................................6

  3. Себеп-салдар, мақсат, күшейткіш үстеулер. ..............................................9

  4. Етіс категориясы. Өздік, өзгелік етістер. ..................................................11

  5. Ырықсыз, ортақ етістер. ............................................................................13

  6. Жай сөйлемнің түрлері. ..............................................................................15

  7. Тұрлаулы сөйлем мүшелері. .......................................................................21

  8. Тұрлауыз сөйлем мүшелері. .......................................................................25

  9. Құрмалас сөйлем. ........................................................................................29

  10. Ыңғайлас салалас. .......................................................................................34

  11. Қарсылықты салалас. ..................................................................................36

  12. Себеп-салдар және түсіндірмелі салалас. .................................................39

  13. Талғаулы және кезектес салалас. ...............................................................44

  14. Сабақтас құрмалас сөйлем. Шартты және қимыл-сын бағыныңқылы сабақтас..............................................................................................................50

  15. Мезгіл және қарсылықты бағыныңқылы сабақтас. .................................53

  16. Себеп және мақсат бағыныңқылы сабақтас. ............................................56

  17. Төл сөз бен төлеу сөз. .................................................................................59

  18. Іс қағаздары және олардың түрлері. ..........................................................64

  19. Мәтін және стиль................................................. ......................................70

ІІ бөлім. Лексикалық тақырып

  1. Тыныс алу жүйесінің аурулары..................................................................73

  2. Баспа..............................................................................................................74

  3. Тонзиллит......................................................................................................74

  4. Тұмау.............................................................................................................75

  5. Бронхит..........................................................................................................75

  6. Түберкүлез....................................................................................................76

  7. Пневмония.....................................................................................................77

  8. Жүрек, қан тамырлар жүйесі.......................................................................77

  9. Жүрек ақауы................... .............................................................................78

  10. Жүрек демікпесі............................................................................. .............79

  11. Қан аздық........................................................................................ .............79

  12. Қанның құрамы, қызметі................................................................ ............80

  13. Жүйке жүйесі аурулары................................................................. .............81

  14. Эпилепсия.....................................................................................................82

  15. Полиомиелит.................................................................................................83

  16. Зәр шығару жүйесі.......................................................................................84

  17. Зәр шығару жүйесінің аурулары.................................................................84

  18. Қызылша.......................................................................................................85

  19. Қызамық........................................................................................................86

  20. Күл.................................................................................................................86

  21. Теміреткі.......................................................................................................87


1. Үстеу, қүрамына қарай түрлері
Сөйлемде қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі белгілерін, амалын, тәсілін, ме-кенін, мезгілін, себебін, мақсатын, сипатын, жай-күйін білдіретін, өзгер-туге, грамматикалық түрлендіруге көне бермейтін сөздерді үстеу деп атайды. Үстеулер құрамына қарай негізгі түбір үстеулер, туынды түбір үстеулер және күрделі үстеулер болып үшке бөлінеді.

Негізігі үстеулерге қазіргі кезде құрамы жағынан түбір және қосым-шаға бөлшектеуге келмейтін үстеулер жатады. Мысалы: Жылда, тез, ақырын, ерте, кеш, бұрын, жорта, жоғары, төмен, қазір т.б.

Негізгі үстеудің көпшілігіне сын есім шырайының -рақ, -рек,- ырақ, -ірек және -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жұрнақтары жалғана алады. Мысалы: Жылдам - жылдамырақ, жылдамдау (жүр), тез-тезірек, тездеу (бер), ілгері-ілгерірек, ілгерілеу (отыр), кеш-кешірек, кештеу(кел) т.б.

Туынды үстеулерге жұрнақтар арқылы және кейбір септік жалғауларының түбірмен сіңісіп, көнеленуі арқылы жасалған үстеулер жатады. Туынды түбір үстеу тудыратын жұрнақтар:

1. -ша/-ше: адамша (сөйледі), балаша (күлді), бұлбұлша (сайрады), көзінше (айтты), өзінше (оқыған) т.б.;

2. -лай, -лей, -дай, -дей, -тай, -тей: шикілей (әкелді), қыстай (дайындалды), осылай (жаз), ақшалай (берді) т.б.

3. -дайын, -дейін, -тайын, -тейін (бұл - -дай, -дей, -тай, -тей және -ын, -ін қосымшаларынан құралған құранды жұрнақ): тотыдайын (таранған), сұңқардайын (сыланған), бұлақтайын (сарқырап), жорғадайын (шайқалып) т.б.;

4. -шама, -шеме (-ша +ма, -ше + ме) және -шалық, -шелік (-ша +лық, -ше +лік) құранды жұрнақтар: осыншама (сөйледі), соншалық (қуанды), осыншалық (жүру) т.б.;

5. -майынша, -мейінше, -байынша, -бейінше, -пайынша, пейінше құранды жұрнақтар: айтпайынша (келмейді), оқымайынша (білмейді), тыңдамайын-ша (түсінбейді) т.б.;

Түбірмен сіңісіп, көнелену арқылы үстеу жасаған септік жалғаулар:

1. барыс септіктің көнеленуімен қалыптасқан үстеулер: бірге (жүр), кешке (қайт), босқа (жүрме), зорға (көтерді), текке (ұрысты) т.б.;

2. жатыс септіктің көнеленуімен қалыптасқан үстеулер: баяғыда (болыпты), аңдаусызда (сөйлеп қалды), қапыда (қалды) т.б.;

3. шығыс септіктің көнеленуімен қалыптаскан үстеулер: шалқасынан (құлады), кеңінен (әңгімелесті), шетінен (біледі), тосынан (сөйледі) т.б.;

4. көмектес септіктің көнеленуімен қалыптасқан үстеулер: жөнімен (айт), кезекпен (бар), шынымен (ойлады), ретімен (жүрді) т.б..

Күрделі үстеулер екі я одан көп түбірдің немесе сөздің бірігіп, тіркесіп немесе қосарланып тұрақтануынан жасалады:

1. Сөздің бірігуі арқылы жасалған күрделі үстеулер: жаздыгүні (жаздың+ күні), таңертең (таң+ертең), ендігәрі (енді+гіден+әрі), биыл (бұл+ жыл), бүгін (бүл+күн) т.б.;

2. Сөздердің қосарлануы мен қайталану арқылы жасалған күрделі үстеулер: жоғары-төмен, анда-санда, жата-жастана, енді-енді, әрең-әрең, қолма-қол, бет-бетімен, қолды-қолынан т.б.

Сөздердің тіркесуі арқылы тұрақтанып қалыптасқан күрделі үстеулер: күні бүгін, ала жаздай, ертеден қара кешке дейін, қаннен-қаперсіз, күн ілгері, күн ұзаққа, т.б.

Жаттығулар жинағы.

1. Көшіріп, үстеулерді табыңдар. Сұрақ қойыңдар.

Биыл Әлімнің Жарасов мәслихаты бойынша машинаға алғаны – Қо-жахмет.(М.Ә.) Ол ауыл жартылай көшіп, Шақпаққа қонған. (М.Ә.) Еділден асып айқара, зулатты мені отарба, Жорғадайын шайқала. (Ж.) Үй төбесінде Ушаковтың көрінуін күтіп тұрған Байжан домалап төмен түсіп барады (Ғ.М.) Арагідік үйдегі бала-шағасын елестетіп, іші қан жылайды. (М.Ск.)

2. Үстеулерді тауып, жазып алыңдар.

Ақкүріштің атасы Ыбыкең қатты жүрген молотилканың жем беруші-леріне өзі жәрдемдесіп, өзі де араласып кетеді. Бункеріне кұйылған дәнді әрең тазартып, қырманның қорына әкеліп, үздіксіз қосып жатыр. Ағаш шанасын сүйретіп, таудай маяларды көшіріп жүрген тракторлар әлсін-әлсін келіп, қайта оралып кетіп жатыр.

Қызу еңбекке бас-көз болып тұрған Ыбыкеңді біресе колхоз председа-телі, біресе агроном шақырып, түскі өнімнің алғашқы қорытындысын айт-қалы жатыр. Ойып алған бір гектардан жүз центнерден аса өнім түсті дегенде, Ыбыкең қатты бір күрсінді де, нарттай қызарып, күн шалған күрең жүзі күлімсірегендей болып кетті.

Қызылдана түскен қырманнан басында ондаған машина қатарын тізіп тұра-тұра қалды. Қаптар ашылып үлгерсе, салынып үлгеруі оңайланып кетті. Әні-міне дегенше, олар тиеліп те үлгерді.

Қызыл керуенді бастаған Ыбырай Жақаев ауданға қарай жалауын желбіретіп кетіп бара жатты.

3. Үстеулерді тауып, сұрақ қою арқылы қандай мағына білдіріп тұрғанын көрсетіңдер.

Бүгін таңертең алакөбеңнен аттанған шолғыншылар қамал іші әдетте-гіден өзгеше жым-жырт екенін аңғарыпты. Қазір ойлап отырса, дәл сол мезетте бұл есеңгіреген кісіше орта жолда сілейіп қатып қалса керек. (М.Сқ.) Есейген сайын көз алдым ашылып, жүрген сайын көкжиек әрі жылжып кете береді. (Ү.Уайдин.) Ұйықтап кетсе, біраз тыным табар еді, бірақ қасақана соңғы күндері түн баласында көзін іліндіре алмай әлек. (Ө.Қанахин)

4. Көшіріп жазып, үстеулерді тауып, оларды құрамы жығынан талдаңыз.

Әрі-беріден кейін мылтық дауысы естілгенде, үйдегілер елең ете қалды. (Н.Әбут.) Шыдамы таусылған милиция: "Айтпасыма қоймадың ғой, қарағым, ол жігіт бағана таңға салым жан тәсілім етті", - демесі бар ма. Осынша дүлей болар ма. (М.Сқ) Әрлі-берлі дөңбекши беруге серіктерімді оятып алармын деп тағы қысылдым. Жастығын темір керуеттің арқалығына тақай биігірек қойып, екі қолын желкесі астына салған күйі көзін анда-санда бір ашып қойып Ахмедияр шалқасынан жатыр. (Ө.Қанахин) Ысқақты алғаш жүзбе-жүз көріп отырғаным осы. (М.Ә.) Әнеугүні келетін ақтар әскерінің бастығы түсіп, орнына жаңа бастық келді деп есіттік. (С.С.)


2. Мезгіл, мекен, сын-қимыл, мөлшер үстеулер.
Мезгіл үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің мезгілін, мерзімін білдіреді де, қашан? кашаннан? деген сұрақтарға жауап береді. Мезгіл үстеуі етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы: бүгін келді, ертең барады, таңертең тұрады, бұрын жүрді, күні бойы дайындалды, күні-түні оқиды, жазғытүрым келеді, т.б.

Мекен үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің болу орнын, бағытын білдіріп, қайда? қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мекен үстеулері негізінен етістікпен тіркесіп қолданылады. Мысалы: ілгері жүр, жоғары тартты, төмен түсті, алды-артын орады, әрі-бері жүрді, жолшыбай ала кетті, т.б.

Сын-қимыл үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің амалын, сынын, бейнесін, тәсілін білдіріп, қалай? қалайша? қайтіп? кімше? деген сүрақтарға жауап береді. Сын-қимыл (бейне) негізінен етістікпен тіркесіп жұмсалады. Мысалы ақырын жүрді, тез келді, бірден сөйледі, шалқасынан құлады, балаша мэз болды, бостан-бос жүрді, т.б.

Мөлшер үстеуі қимылдың немесе сынның мөлшерін, көлемдік дәреже-сін, шама-шарқын білдіреді де, қанша? қаншама? қаншалық? қаншалап? және кейде қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеулері бірде етістіктермен тіркесіп, кимылдың мөлшерін, шама-шарқын білдірсе, енді бірде сын есімдермен тіркесіп, сынның мөлшерін білдіреді. Мысалы: онша жараспайды, анағұрлым көбейді, недәуір өсіпті дегенде етістіктермен тіркесіп, қалай? қанша? деген сұраққа жауап беріп, ал онша биік емес, анағұрлым үлкен, недәуір ұзын дегенде, онша , анағұрлым, недәуір мөлшер үстеулері биік (емес), үзын, үлкен тәрізді сын есімдерімен тіркесіп, қалай? немесе қанша? деген сұраққа жауап беріп, сынның мөлшерін, көлемдік дәрежесін білдіріп тұр.

Мезгіл, мекен, сын-қимыл, мөлшер үстеулері құрамы жағынан негізгі және түбір немесе күрделі бола береді.

Жаттығулар жинағы

1. Мезгіл үстеулерін тауып, көшіріп жазыңдар.

а) Жұмыс

- Ал, енді тынығайық, -деді, тамақтан кейін біраз отырып, әңгіме қозғаған атасы сөзін доғарып, орнынан ырғала түрегеліп. - Ертең ерте тұрып, шөпке баруым керек.

Керім де қозғалып:

- Ата, мені де ертерек, өзіңіз тұрғанда оятыңызшы! - деді өтініп. Бұған:

- Сенің қалып бара жатқан қандай шаруаң бар еді? - деп күлді атасы.

- Ертең мектепке барамын ғой?!

- Ә, айтпақшы, солай екен-ау, оның да дұрыс, - деді атасы Керімді қоштап.

- Жарайды, оятайын.

- Қарағым-ау, сен қайда асығасың? - деп таңданып қалды әжесі. Әлденеге асыққан немересінің соңынан қарады. Керім артына бұрылып, түсінік берді:

- Әже-ау, ертең бірінші қыркүйек - менің оқуым басталатын күн емес пе?!

- Ә, солай ма, айналайын!.. - деп, ойға шомды әжесі - өтіп бара жаткан уақытты сезбейді екенбіз-ау...

Керім үнсіз қалған әжесінің көңілін аулағандай жай-жапсарды толық баяндады:

- Мана мектепке барып, Кәлима апайға сәлемдесіп қайттым. Атам ешқашан кешікпейді ғой. Мен де сабақтан кешікпеймін!

- Дұрыс балам!-деді атасы Керімді қапсыра құшақтап. - Қандай жұмыс істесең де, қайда жүрсең де тиянақты, тындырымды болып үйренгенің жөн. Ер жігіт ылғи да сергек болуы керек!...(Т.Толыбаев.)

ә) Бұдан бүрын Аққасқаның аз-аздап қоянға жүгіртіп, екі-үш суытып алған. Бүгін таңертең аз ғана ас құйылған екен. Күздігүні үй ішінде сойып жатқан қойдың етін жегізбей ұмтылғанда, Қасенді де бір-екі рет қауып алған. Тау басынан желдетіңкіреп ызғырық соғады, күн әзірше суықтау. Айналаға Аққасқа да анда-санда бойлап-бойлап жағалай қарайды. Енді бір-бірінің босап кетуіне жол жоқ. Қалың да емес, қыстың орта кезі болса да, биыл қар жұқа болатын. (М.Ә.)

в) Нағашым бүгін әдеттегісінен кешігіп келді. (Ә.Дәнекеев) Қасен менің басыма бұрын келмеген ойды әкеп салды. Былтырлар оның сауда обороты губерниялық тұтынушылар кооперациясынан асып кетті деген. (С.М.) Бүгін бір кез әкесімен Ұранқайда отырғанда Әбіш Сахара тіршілігінің мұңы таң қалдырған бір жайын сөз қылды. Абайға әзірге әрбір сөзді ұзаққа созған жоқ. (М.Ә.) Қазір Еркебұлан сол ақ отаудың төрінде жалғыз отыр. (Ғ.М.)

2. Мекен үстеулерін тауып, сұрақ қою арқылы қандай сөзбен тіркесіп тұрғанын көрсетіңдер.

Сонда колхоздың кешке тыста отырған үлкендерінің арасындағы бір қартаң ұста қолы мерттіккен баланың шынтағын Ілиястың және басқа топ балалардың көзінше қолма-қол төмен жұлқи тартып, салып жіберген болатын. (Ғ.Мұст). Шпион пышағын қалтасына салып, лэм-мим демей әрі қарай жүріп кетті. (А.Гайдар) Мүмкін мұнда аң да, құс та жоқ шығар. (М.Зверев) Алеша басқышпен төмен түсіп келе жатып, бір жас баланың жылаған даусын естіді. Бұл - төменде тұратын көрші әйелдің қызы екен. (М.Горький) "Жаралы болдың, кейін қайт!" Төлеген сыртқа шықкан ішек-қарынын сол қолымен басты да, "әуп" деп орнынан атып тұрды да, оң қолына автоматын ала жүгірген бетімен жаңағы офицерді қақ басына періп кеп жіберді. (М.Ғ.)

З. Берілген мекен үстеулерін кірістіре отырып, сөйлем кұраңдар.

Кейін. Алда. Бері. Жоғары. Ілгері.Төмен.

4. Мекен үстеулерін тауып,қалай жасалғанын айтыңдар.Сұрақ қою арқылы тіркесіп тұрған сөзін табыңдар.

Аққасқа ырылдағанда,алдында отырған Бейсембайдың жотасы мұздап, еті тітіреп кетеді, ентеліп ілгері жылжып,отқа қарай мінбелей береді.Барлық аттылар жан-жаққа шаба жөнелді. Аққасқа жан-жақтағы қағушылардың бәрінің де алдынан қарап өтеді.Көксерек артына қарап тұрып, байқамай қалып еді. Ойдан төмен құлағанда, қандай қасқыр болса да, омақасып тұмсығымен шаншыла түсуші еді. Оның бейіті ¥лытаудың бөктерінде алыста қалды. Құрмаш ауылымен Қасен ауылының арасы жақын болатын. (М. Әуезов) Оның жан ұшырдым деген шамасы сол болуы керек, іле зу еткен тас еңіске қарай кұлдилап барып, канал жиегіне топ ете түсіті де, бір секіріп, әрі қарай домалап кетті. (М.Қабанбаев)

5. Сөйлемдерді көшіріп жазып, сын-бейне үстеулерінің астын сызыңдар, олардың қалай жасалғанына көңіл аударыңдар.

Топтанып келіп, жылқыға да шапты. Бірақ қоңын ойып алған, жағын сыдырып алған тай болмаса, ешбірін жығып алып, емін-еркін жей алған жоқ. Қараңғы ала көлеңкеде жатқанда екі көзі қып-қызыл шамша жанады. Аққасқаның жұлып кеткен екпінімен етпетінен құлаған Көксерек енді атып тұрып, тап берді. Аққасқа көлденең келіп, Көксеректі кұлақ шекеден ала түсті. Қасен жуан қамшының сабын Көксеректің көмекейіне тығып жіберіп, мықтап басып тұрып, жауының тұмсығын жоғары қайырып жіберді. Аққас-қаның қан басқан тұмсығынан Көкшолақтың тістері бір-бірлеп шығып кетті. Аққасқаны Қасен мен Бесенбей зорға дегенде айырып алды. (М.Әуезов).

6. Берілген сөйлемдерді көішіріп жазып, сын-бейне үстеулірінің астын сызыңдар, тіркескен сөзімен байланыстып, оларға сұрақ қойыңдар. Асан екеуміз ақырын әңгімелесіп келеміз. әрең дегенде ауылдың шетіне келіп тоқтадық . Қыз-бозбалалар еркін сөйлесіп тұр. Дереу бізді көріп, бет-бетімен үйге тарқаса бастады. (Б.М.) Жай соққандай сарт етіп, әлденесі сынды да, конвейер кенет тоқтап қалды. (Г.Мұст.) Сәуле шұғыл өзгеріп, әлде бір жоғалғаны табылғандай қуана кетті. (Ә.Ә.) Әбіш ұсынған скрипканы алған Мұқа өзінше бір күй тартып кетті. (М.Ә.) Жаңбыр бірте-бірте басыла бастады. Бұлттың арасынан күннің көзі әрең дегенде көріне бастады(С.С.) Жетімдік бұған өзінің барлық суық пішінін емін-еркін танытты. Қатал тағдыр мықты қолымен қатты үстады. (М.Ә.) Бекен өксіп балаша жылады. (М.Ә.)

7. Берілген сөйлемдерді көішіріп жазып, мөлшер үстеулерінің астын сызыңдар, тіркескен сөзімен байланыстырып, оларға сұрақ қойыңдар.

Аққасқа ізді көріп, біраз иіскелеп алған соң, тұмсығын ізден алмай отырып, жонды адырға қарай шауып жөнелді. Үнемі от шашып тұратын қып-кызыл көз. Аққасқа тау басында қазіргі отырыстың не мәні барын әбден түсініп, ұғынып отырған сияқты. Қасымның кішкентай әлсіз басы тағдырдың бұның басына келерлік барлық сокқысын түгелімен көріп шыкқан. Қасым аппақ болып қуарып жүдеп, қабағы ылғи түйіліп, қайғы сызымен түксиіп алды. (М.Ә.) Өміртайдың жылағаны да онша білінбейді. (CM)

8. Берілген сөйлемдерді көшіріп жазып, мөлшер үстеулерінің қалай жасалғанын айтыңдар. Сұрақ қою арқылы қандай сөзбен тіркесіп тұрғанын ажыратыңдар.

Жігіттің дауысы аз саябырлады да, қақпаны қайта ашты. Біз күткен пойыз мезгілінен біраз кешігіп, түн ортасы ауа келді. Адам деген осыншама қиындыққа төзеді деп кім ойлаған? Түн әлі де тастай қараңғы. Күндіз ептеп жобалап қойған тасжолмен вокзалға жаяу тартып келемін: Қызылжарды-кімен салыстырағанда, Омбы вокзалы едәуір үлкен де, салтанатты көрінді. (С.М.) Құрмаштың өлгені әкесіне ерекше батып еді. Әбіш азғантай қабақ шытып, кеудесінен қолын түсірді. Абай көп іркілмей, осында келген шаруасын айта бастады. (М.Ә.)


3. Себеп-салдар, мақсат, күшейткіш үстеулер.

Себеп-салдар үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің болу себебін білдіреді де,не себепті? неге? қалай? деген сұрақтарға жауап береді. Себеп-салдар стеуіне босқа, құр босқа, амалсыздан, лажсыздан, шарасыздан, бекерге деген сөздер жатады. Мысалы: босқа әуре болма, амалсыздан келіп отыр, бекерге айтқансың т.б.

Себеп-салдар үстеулер: босқа (зря), бекер (зазря), бекерге (зазря), текке (зря), құр босқа (только зря), себепсіз (без причины), амалсыздан (вынужденно), шарасыздан (из безысходности).

Мақсат үстеуі қимылдың, іс-әрекеттің болу мақсатын білдіріп, қалай? не мақсатпен? деген сұрақтарға жауап береді. Мақсат үстеулері сан жағынан көп емес. Оған: әдейі, жорта, әдейілеп, қасақана т.б. сөздер жатады. Мысалы: әдейі келдім, жорта айтты, әдейілеп шақырды, қасақана үндемеді т.б. Мақсат үстеуі: әдейі (назло), әдейілеп (специально), жорта (намеренно), касакана (нарочно), көре тұра (видя), біле тұра (зная) т.б.

Күшейткіш үстеу сынның немесе қимылдың, іс-әрекеттің белгісін я сапасын күшейтіп, я солғындатып көрсетеді. Күшейткіш үстеулер, көбінесе сапалық сын есімдермен тіркесіп жұмсалады да, онымен тұтасып келіп, сын есімнің күшейтпелі шырай түрін жасауға негіз болады. Мысалы: ең әдемі, тым биік, аса терең, орасан зор, өте жақсы т.б.

Күшейткіш үстеулердің біразы етістікпен тіркесіп, қалай? деген сұраққа жауап беріп, қимылдың сипатын күшейте я солғындата көрсетеді. Мысалы: мүлдем білмейді, әбден шаршаған, сәл жүріңкіре, керемет сөйлейді т.б. Күшейткіш үстеулер: әбден (совсем), тым (слишком), ең (самый), ылғи (исключительно), сәл (немного), тіпті (даже), нақ (точно), керемет (необычайно), орасан (очень), мүлдем (совершенно), өңкей (сплошь), аса (очень), сәл-пәл (чуть-чуть) т.б.

Жаттығулар жинағы.

1. Мына сөйлемдерді оқып, орыс тіліне аударыңыз.

1. Өңкей жас адамдар отыр екен. 2. Дауысы өте зор. 3. Тым ақырын сөйлейсің. 4. Мен үшін ең жақын адам - шешем. 5. Пісірген тамағың керемет дәмді екен. 6. Аса құрметті ата, сыйлы қонағымыз болыңыз. 7. Мына жаттығу тіпті қиын екен. 8. Сәл күте тұрыңыз, мұғалім қазір келеді. 9. Сабаққа ылғи кешігесің! 10. Нақ айтып отыр!

2. Күшейткіш үстеулерді тауып, қандай сөзбен тіркесіп тұрғанын анықтаңыздар.

1. Содан бері қысқы жүні жетіліп, өңі ажарланып, қатты құлпырып алған. 2. Осы кезде созыла шапқылаған тосушылардың барлығы да мүлдем шаршаған болатын. 3. Мұнда бүгін аса үлкен әбігер бар. Абай мен оның барлық үй іштері, іні-шәкірт достары үшін ең қадірлі әбігер. (М.Ә.) 4. Тауық етінен жасалған бұл кеспе өте дәмді піскен екен. (С.М.)5. Ауыл реңі мүлдем жүдеу еді. Сырт ажарында тіпті тірлік белгісі жоқ. (М.Ә.)

3. Мына сөйлемдерді орыс тіліне аударыңыз.

1. Әдейі істеп отыр. 2. Біле тұра неге солай істейсің? 3. Әдейілеп Сізді көру үшін келіп отырмын. 4. Көре тұра неге үндемейсің? 5. Жорта ешкімге айтпайық. 6. Әдейі сенен сұрағалы отырмын. 7. Әдейілеп оған хат жазып отырмын. 8. Мен оны қасақана істемеймін.

4. Сұрақ қою арқылы мақсат және себеп-салдар үстеулерін тауып, бір-бірінен айырмашылығын көрсетіңіздер.

1. Жаздыгүнгідей емес, ауыл үйлері біріне-бірі әдейі жақын қонған. (М.Ә.) 2. Қарағандыға Лизалардың тойына әдейілеп академик келді. (С.Е.) 3. Мана үйде бірер әнді айтқанда Балуанның даусы зор сияқты емес еді, енді амалсыздан сол әнді айтқанда, даусы дауыс емес, мөлдір судай кіршіксіз дауыс. Әдемі әнді құмарта тыңдаған қалың жұрт лажсыздан таң ата у-шу болып тарқады. (С.М.) 4. Айлакер Дэннир түрлі айла - шарғымен уақытты жорта оздырып, бірінші рауындтағы қатты соққыдан есін әбден жиып алғысы келіп жүр. (Джек Лондон)

5. Мына сөйлемдерді оқып, орыс тіліне аударыңыз.

1. Босқа әуре болма. 2. Текке жұмыс тоқтап тұр. 3. Амалсыздан қонаққа бара жатырмын. 4. Шарасыздан тоқтаймыз. 5. Бекер мұны бастап отырмыз. 6. Қүр босқа барамыз. 7. Себепсіз қонақ шақырып отырмын. 8. Текке рұқсат бересің. 9. Босқа уакытым өтіп бара жатыр.

6. Мына үстеулерді пайдаланып, сөйлем құраңыздар. Өңкей, тым, аса, ең, өте, керемет, орасан, ылғи, мүлдем, нақ, сәл, жорта, қасақана, әдейілеп, біле тұра, әдейі, көре тұра, амалсыздан, себепсіз, текке, бекер, босқа, құр босқа, шарасыздан.

7.1. Мына сөйлемдерді орыс тіліне аударыңыз, үстелерді көрсетіңіз

1. Әдейі істеп отыр.

2. Біле түра неге солай істейсің!

3. Әдейілеп сізді көру келіп отырмын.

4. Көре түра неге үндемейсің?

7.2. Мына сөйлемдерді орыс тіліне аударыңыз, үстелерді көрсетіңіз

1. Жорта ешкімге айтпайық.

2. Әдейі сенен сүрағалы отырмын.

3. Әдейілеп оган хат жазып отырмын

4. Мен оны қасақана істемеймін.

7.3. Мына үстеулерді пайдаланып сөйлем құраңыз

Көп-көптен, аз-аздан, топ-тобымен, екеулеп, жорта, әдейілеп, біле тұра.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет