Жеке тұрғанда беретін дербес лексикалық мағынасы бар, өзіне тән
морфологиялық тұлғалық жүйесі бар, сөйлемде өз алдына мүше болып
қызмет атқаратын сөздерді н е г і з г і с ө з д е р дейді. Мысалы: бала, тас,
ақыл, ой, жақсы, ауыр, жаңа, сегіз, он, жарты,үшінші, мен, олар, кім, кел,
бар, тез, дәл, уһ, опырмай.
Жеке дербес лексикалық мағына бере алмайтын, тұлғалық
өзгерістерге ене алмайтын және сөйлемде өз алдына жеке мүше
бола алмайтын сөздерді к ө м е к ш і с ө з д е р дейді. Мысалы: және,
мен, бен, пен, туралы, тақырыпты, ғана, ғой, үшін, сайын, дейін, шамалы,
шақты, бірақ, не, я, яки т. т.
Қазіргі қазақ тілінің сөздік құрамында жоғарыдағы сөз таптарының біріне
де толық сай келмейтін, не есім атауын, не қимылдық процесті, не кимылдың
бейнелерін білдірмей, айтылған ойға біреудің көзқарасын көрсетіп тұратын
бірқатар сөздер бар. Олар негізгі сөздерге де, көмекші сөздерге де енбейді.
Мысалы: аз, көп, бар, жоқ, керек, қажет, мүмкін, тиіс тағы осы сияқтылар.
Бұлар сан жағынан өте аз болғанымен, қолданылуы жағынан тілде елеулі
орын алады. Бұлардың бірқатарларының белгілі дәрежеде лексикалық
мағыналары бар, сөйлемде өз алдына мүше де болып келетін жағдайлары бар.
Бірақ өз алдына тұлғалану жүйесі жоқ. Тұлғалық белгілері мен синтаксистік
қызметі жағынан бірде белгілі бір сөз табына ұқсаса, бірде екінші бір сөз
табына ұқсайды. Бұл сөздер тұлғалық жағынан да, синтаксистік қызметі
жағынан да бірдей емес. Бұлардың бірқатары (бар, жоқ, көп, аз, керек,
қажет, тиіс т. б.) әр түрлі сөз таптарының үлгісімен — тұлғаланып,
сөйлемге мүше болып келе береді. Енді бірқатары (ендеше, бәлки, әрине, бәсе,
әйтеуір, әлбетте т. б.) тұлғалық өзгерістерге түсіп, сөйлемдегі сөздермен
грамматикалық байланысқа ене алмай, тек айтылған ойға сөйлеушінің
көзқарасын білдіру үшін енгізіліп, қыстырылып тұрады да, сөйлемге мүше
бола алмайды.
Бұл сөздер тобын морфологиялық тұлғасына және синтаксистік
қызметіне қарай м о д а л ь д ы қ с ө з д е р дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |