4.1.Баланың құқықтары
Баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығы. Он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам бала деп танылады. Әрбір баланың мүмкін болғанынша отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқығы, олардың қамқорлығына құқығы, өзінің мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда, олармен тұруға құқы бар. Баланың өз ата-анасы тәрбиеленуіне оның мүдделерін қамтамасыз етуіне, жан-жақты өсіп-жетілуне, оның адамдық қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқығы бар.
Ата-анасы болмаған жағдайда, оларды ата-ана құқығынан айырған жағдайда және ата-ана қамқорлығынан айырылудың басқа да жағдайларында баланың отбасында тәрбиелену құқығын, белгіленген тәртіппен қорғаншы және қамқоршы орган қамтамасыз етеді.
Баланың ата-анасымен және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасау құқығы. Баланың ата-анасының екеуімен де, аталарымен, әжелерімен, аға-інілерімен, апа-сіңлілерімен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар. Ата-анасы некесінің бұзылуы, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-анасының бөлек тұруы баланың құқығына әсер етпеуге тиіс. Ата-анасы бөлек тұрған жағдайда баланың олардың әрқайсысымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар. Ата-анасы әр түрлі мемлекеттерде тұрған жағдайда да баланың өз ата-анасымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар. Қысыл-таяң жағдайға (ұсталу, тұтқындалу, қамауға алу, емдеу мекемесінде болу және т.с.с) ұшыраған баланың заңда белгіленген тәртіппен өзінің ата-анасымен және басқа да туыстарымен қарым-қатынас жасауға құқығы бар.
Баланың өз пікірін білдіру құқығы. Бала отбасында өз мүддесін қозғайтын кез келген мәселені шешу кезінде өзінің пікірін білдіруге, сондай-ақ кез келген сот немесе әкімшілік іс қарау барысында тындалуға құқылы. Он жасқа толған бала пікірі, егер бұл пікір оның мүдделеріне қайшы келмейтін болса, ескерілуге міндетті. Мысалы, баланың аты мен тегін өзгерту, ата-ана құқықтарын қалпына келтіру, асырап алуға баланың келісімі, асырап алынған баланың аты, әкесінің аты және тегі, бала асырап алғаңдарды асырауға алынған баланың ата-анасы ретінде жазу, бала асырап алудың күшін жоюды талап етуге құқығы бар адамдар, бала асырап алудың күшін жоюдың салдары, патронат белгіленетін бала (балалар) осындай жағдайлар барысында қорғаншы және қамқоршы органдар немесе сот он жасқа толған баланың келісімімен ғана шешім қабылдай алады.
Баланың ат алуға, әкесінің атын және тегін алуға құқылы. Баланың ат алуға, әкесінің атын және тегін алуға құқығы бар. Балаға ат ата-анасының (немесе олардың орнындағы адамдардың) келісімі бойынша қойылады, аты-жөні әкесінің аты бойынша не ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып беріледі.
Әкесі атын өзгерткен жағдайда оның кәмелетке толмаған балаларының әкесінің аты-жөні өзгереді, ал кәмелетке толған балалардың әкесінің аты-жөні бұл туралы өздері арыз берген жағдайда өзгертіледі. Баланың тегі ата-анасының тегімен айқындалады. Ата-анасының тегі әр түрлі болған жағдайда балаға ата-анасынын келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-анасының тілегі бойынша балалардың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, әкесінің немесе атасының атынан шығарылуы мүмкін. Баланың атына және (немесе) тегіне қатысты ата-ананың арасында туындаған келіспеушілік сот тәртібімен шешіледі. Егер әкесі белгіленбесе, баланың аты анасының көрсетуі бойынша қойылады, әкесінің аты-жөні баланың әкесі ретінде жазылған адамның аты бойынша, тегі — анасының тегі бойынша беріледі. Егер ата-анасының екеуі де белгісіз болса, баланың тегін, атын, аты-жөнін қорғаншы және қамқоршы орган қояды.
Баланың аты мен тегін өзгерту. Ата-анасының екеуі де тегін өзгерткен жағдайда кәмелетке толмаған балалардың тегі өзгереді. Бала он алты жасқа толғанға дейін ата-анасының бірлескен өтініші бойынша азаматтық хал актілерін жазу органы баланың мүдделерін негізге ала отырып, баланың атын, сондай-ақ оған берілген текті басқа ата-ананың тегіне өзгертуге рұқсат беруге құқылы. Неке тоқтатылған немесе неке жарамсыз деп танылған жағдайда балалар өздеріне туған кезде берілген тектерін сақтап қалады.
Егер ата-анасы бөлек тұрса және бала бірге тұратын ата-анасының біреуі оған өзінің тегін бергісі келсе, азаматтық хал актілерін жазу органы бұл мәселені баланың мүдделеріне қарай және ата-ананың екіншісінің пікірін ескере отырып шешеді. Ата-ананың тұратын жерін анықтау мүмкін болмаған, ол ата-ана құқығынан айырылған, әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайда, сондай-ақ ата-ана баланы асырап бағу мен тәрбиелеуден дәлелді себептерсіз жалтарған ретте оның пікірін ескеру міндетті емес.
Егер бала бір-бірімен некеде тұрмайтын адамдардан туған болса және әкесі заңды тәртіппен белгіленбесе, азаматтық хал актілерін жазу органы, баланың мүдделерін негізге ала отырып, оның тегін анасының осындай өтініш жасаған кездегі соның тегіне өзгертуге рұқсат етуге құқылы. Он жасқа толған баланың атын және (немесе) тегін оның келісімімен ғана өзгертуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |