Наурызым қорығы
Наурызым мемлекеттік қорығы 1959 жылы ұйымдастырылды. Бұл қорық ұйымдастырылғаннан бергі уақыттың ішінде талай-талай өзгерістерге де ұшірады. Алпысыншы жылдарға дейін қорық бірнеше рет жабылып, артынша қайта ашылып отырған кездерде болды. Тек 1966 жылдың 18 қыркүйегінен бастап мемлекеттік қорық ретінде жұмыс істей бастады.
Наурызым қорығының қазіргі уақытта алып жатқан жер көлемі 87694 гектар. Соның 17662 гектары, немесе 19,5 пайызы орманды алқаптардың үлесіне тиеді. Олар – Терсек, Сыпсың және Наурызым реликтілі қарағай орман алқаптары. Сонымен қатар, қорық жерінде Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын атты көлдер бар. Аталған көлдер, әсіресе, көктем мен күз айларында нағыз құс базарына айналады. Мұнда солтүстікте тіршілік ететін құстар жылы жаққа барар және қайтар жолда жем алуға отырады. Селеу өскен жазық далалар мен ормандар арасында аң мен құстардың көптеген түрлері кездеседі. Жалпы қорық аймағында құстардың 200-ден астам түрі, сүт қоректілердің 30 түрі, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың – 10-нан астам және омыртқасыздардың – 700-ге жуық түрі мекендейді. Ал, өзендер мен көлдерде балықтың онға жуық түрі тіршілік етеді. Жүргізіліп отырған ғылыми жұмыстардың дені реликтілі қарағай ормандары, өсімдіктер дүниесі мен тұзды көлдерде мекендейтін қанаттылар экологиясын зерттеуге бағытталған. Қорықта жан-жақты жабдықталған табиғат музейі де жұмыс істейді. Қостанай облысының Наурызым және Семиозер аудандарының аймағында жатқан Наурзым мемлекеттік қорығы табиғаттық қайталанбас бір бұрышының көркін бұзбай сақтап қалу тұрғысында өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып келеді десе де болғандай.
Қорғалжын қорығы
Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесін және далалы аймақтың біраз бөлігін қамтитын Қорғалжын мемлекеттік қорығы 1968 жылы ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта Қорғалжын қорығының аймағы 235661 гектарға тең. Оның көп бөлігін көлдер алып жатыр. Қорғалжын мемлекеттік қорығы ЮНЕСКО белгілеген халықаралық маңызы бар сулы-батпақты резерваттар қатарына жатқызылған. Қорық аймағында құстардың 225түрін, сүтқоректілердің 30 түрін, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың он шақты түрін кездестіруге болады. Олардың барлығы да қамқорлыққа алынған. Әсіресе, дүниежүзі бойынша сиреп кеткен қоқиқазды қорғап, қорын молайтуда қорықтың алатын орны ерекше. Колония құрып тіршілік ететін қоқиқаздар қорық жеріне ұя салып, жұмыртқа басады. Ұяларын балшықтан соғып, оны жерден биіктеу етіп салады. Соңғы жылдары көл суы деңгейінің төмендеуіне байланысты, қоқиқаздар колониясының саны азайып барады. Мәселен, қорық алғаш ұйымдастырылған жылдары қоқиқаз саны 50 мың шамасында болса, қазір бұл көрсеткіш 10 мыңға жетер-жетпес.
Сыйдыйған ұзын сирағы мен имектеу тұмсығы болмаса, қоқиқаз бір көргенде алыстан аздап аққуға ұқсайды. Тек оның басты өзгешелігі – қоқиқаз қанатының қызғылт түсті болуы. Сол себепті, бұл қанаттыны кейде қызылқанат, немесе қызыл қаз деп те атайды.
Қоқиқаздан басқа қорық жерінде өте сирек кездесетін аққу, бұйра бірқазан, қызыл жемсаулы қарашақаз, аққұтан, дуадақ, безгелдек сияқты құстар тіршілік етеді. Жүргізіліп келе жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарында басты назар көл суларында мекендейтін қанаттыларға аударылады. Көл суы деңгейінің төмендеуінің табиғатқа тигізер әсері де ұдайы ескеріліп отырады. Келешекте көлдер деңгейін қалпына келтіру үшін Ертіс-Қарағанды каналынан қорыққа су бұрудың мәні зор.
Достарыңызбен бөлісу: |