Балалар фольклорының жиналуы, зерттелуі. Қазақ фольклоры алғашқы үлгілерінің жүйелі түрде жиналып зерттеле бастауы XIX ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бұл кезеңде орыс балалар фольклоры үлгілерін жинастыру, зерттеу ісі біршама ілгерілеп кеткен еді. XIX ғасырдың 60-жылдары орыс зерттеушілері балалар фольклорын арнайы қарастыра бастады. Балаларға арналған халық шығармаларын В.И.Даль, П.В.Шейн, П.А.Бессонов жазып алып жинайды. 1868 жылы П.А.Бессонов «Балалар фольклоры» атты кітап шығарады. 1870 жылы А.Н.Афанасьевтің «Орыс балалар ертегілері» деген жинағы жарық көреді.
Қазақ фольклорын жинаушылар бұл кезеңде балалар фольклорына арнайы көңіл бөлген жоқ, халық мұрасының бір қыры ретінде бесік жыры, жұмбақтар, өтірік өлеңдер сияқты танымал жанрларды қағазға түсіріп қана қойды. Мысалы, Радловтың «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» еңбегінің қазақ фольклорына арналған үшінші томында өтірік өлең үлгісі кездеседі. Балаларға арналған халық шығармашылығына қатысты мол еңбек сіңіргендер К.Д.Ушинский («Детский мир», «Родное слово») мен Л.Н.Толстой («Русские книги для чтения») болды. Балалар фольклоры үлгілерін іріктеуде олар қажырлы еңбек етті. Бұл үлгінің қазақ балалар фольклоры тағдыр-талайының қалыптасуына әсері болмай қойған жоқ. Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясында» (1879) қазақ халық әдебиетінің озық үлгілерінен балаларға лайықталған тамаша үзінділер мол. М.Дулатовтың «Қирағат» атты оқу құралында(1911) фольклорлық үлгілер аса мол қамтылған. 1926 жылы шыққан «Балаларға тарту» жинағында халық поэзиясының балаларға арналған үлгілері тұңғыш рет толығырақ топтастырылды. І.Жансүгіров құрастырған «Ел өтірігі» кітабы да (1927) осы жылдардағы бағалы жинақтардың бірі болды. Бұл кезеңде қазақ балалар фольклрының үлгілері жиналып, жарық көріп қана қойған жоқ, зерттеушілер назарына да іліне бастады. А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (Теория словесности) еңбегінде (1926) өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, тақпақ, жарапазан, бесік жыры сияқты терминдер алғаш ғылыми айналысқа түсіп, мағыналық жағынан тиянақталады. Ғалым ауыз әдебиетінің жанрлық түрлерінің балалар репертуарынан алатын орнына да назар аударады. Х.Досмұхамедовтың «Қазақ халық әдебиеті» (1924) еңбегінде бала табиғаты мен тілінің дамуы жөніндегі мәселені анықтауға да мол сәуле түсіреді. Салмақты сілтеме ойларды М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1927), С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) кітаптарынан да кездестіреміз. М.Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқулығында халық ауыз әдебиетінің кейбір жанрларында балалар фольклорына жататын мұралар барын атап өтеді. Ш.Ахметов «балалар фольклоры» терминін өз еңбегінде алғаш қолданып, түсініктеме береді. Балалар фольклорының ішкі жанрлық түрлерін өзінше саралайды. Б.Уахатов «Қазақтың халық өлеңдері» монографиясында балалар өлеңдеріне жеке бөлім арнаса, «Қазақтың тұрмыс- салт жырларының типологиясы» кітабында оның түркі тектес халықтар фольклорымен ортақ желілеріне тоқталады.
Достарыңызбен бөлісу: |