Ќазаќстан республикасы денсаулыќ саќтау министірлігі



бет34/51
Дата06.09.2022
өлшемі3.66 Mb.
#460291
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   51
Есимова Р.АС ҚОРЫТУ ТҮТІГІНІҢ МОРФОФУНКЦИОНАЛДЫҚ СИПАТТАМАСЫ

М-жасушалар лимфалық фолликулалардың үстінде орналасқан эпителийдің құрамында анықталады. Олар бағаналық эпителиоциттердің бір түрі болып табылады. Олардың апикальдық бөлімінде бағаналық жасушаларға қарағанда микробүрлері аз болады, базальдық бөлімінде лимфоциттер мен макрофагтар орналасқан терең инвагинациялары анықталады. Бұл жасушалар иммундық реакцияларға қатысады. Антигенмен байланысқан М-жасуша оларды өзгеріссіз инвагинациялардың ішіне қарай ауыстырады. Ол жерде антигенді тану және жою немесе залалсыздандыру өтеді.
Ішектің эпителийінің құрамындағы бокал тәрізді экзокриноциттер бүрде бағаналы жасушалар арасында жекелей орналасқан. Олардың саны ұлтабардан мықын ішектеріне қарай артады. Құрылымы жағынан бұлар - әдеттегі шырышты жасушалар. Цитоплазмасы ашық түсті болып көрінеді. Оларда шырыштың жиналуымен және бөлінуімен байланысты циклді өзгерістер байқалады. Жасушада жазық эндоплазмалық тор, Гольджи кешені жақсы дамыған. Өнімді бөлу әдісі мерокринді.
Бокал тәрізді экзокриноциттер бөлетін шырыш ішектің шырышты қабықшасының бетін ылғалдандыруға және сол арқылы ас ботқасының жылжуына көмектеседі. Бүр эпителийінің астында базальды мембрана жайғасып, одан соң шырышты қабықшаның меншікті табақшасының борпылдақ талшықты дәнекер тіні орналасады. Оның бойымен бүрді бойлай бағытталған қан, лимфа тамырлары және нервтер өтеді. Бүрдің стромасында шырышты қабықшаның бұлшықетті қабатының туындылары – жекелеген жазық бұлшықет жасушалары болады. Жазық миоциттердің шоғырларын ретикулярлық талшықтардың торы қоршап, оларды бүрдің стромасымен және базальды мембранамен байланыстырады.
Миоциттердің жиырылуы сіңірілген ыдырау өнімдерінің ішек қанына және лимфасына кіруіне септеседі. Тегіс бұлшықетті жасушалардың шырыш асты негізге енетін шоғырлары сол арадан өтетін тамырлардың сыртында айналмалы қабаттарды түзейді. Бұл бұлшықет топтарының жиырылуы мүшені қанмен жабдықтауды реттейді.
Ішек криптілері шырышты қабықшаның меншікті табақшасында орналасқан эпителийдің түтікшелі тереңдемелері болып табылады. Олардың сағасы бүрлер арасындағы саңылауға ашылады. 1 шаршы мм беткейге 100-ге дейін криптіден келеді, ал аш ішекте барлығы 150млн. астам криптілер (тереңдемелер) бар. Әрбір ішек криптісінің ұзындығы – 0,25-0,5 мм, диаметрі – 0,07мм шамасында. Аш ішектегі криптілердің жалпы ауданы – 14 ш.м. шамасында болады.
Ішек криптілерінің эпителийлік жабуының құрамында жасушалардың төмендегі түрлері бар: бағаналы эпителиоциттер, жіктелмеген эпителиоциттер, бокал тәрізді экзокриноциттер, эндокриноциттер және ацидофильді түйіршіктері бар экзокриноциттер (Панет жасушалары). Бағаналы эпителиоциттер криптілердің эпителийлік жабуының негізін құрайды. Бүрлердің өзі тектес жасушаларымен салыстырғанда олар аласарақ, жолақты жиекшесі жұқарақ болады, базофильді цитоплазмаға ие. Жіктелмеген эпителиоциттер криптілердің төменгі бөлігінде орналасқан. Олардан митоздың бейнелері жиі көрінеді. Бұл элементтер бүрдің эпителий жасушалары үшін де, крипт жасушалары үшін де регенерация көзі қызметін атқарады. Эпителийдің ауысу кезеңі 2 тәулік шамасында. Бокал тәрізді экзокриноциттер ұдайы криптілерде орналасады. Олардың құрылысы жоғарыда сипатталған жасушаға ұқсас. Эндокриноциттердің саны криптілерде бүрлерге қарағанда әлдеқайда көп. Ацидофильді түйіршіктері бар экзокриноциттер криптілердің түбінде топтасып немесе бір-бірден орналасады.
Жасушаның бұл түйіршіктері күрт ацидофильді, эозинмен ашық қызыл түске боялады, қышқылдарда ериді, ал сілтілерде тұрақты болып келеді. Цитохимиялық жолмен түйіршіктерден белокты полисахаридті комплекс, ферменттер, лизоцимдер табылған. Ацидофильді түйіршіктері бар экзокриноциттердің базальды бөлігінің цитоплазмасы едәуір базофилиялық байқатады. Үлкен дөңгелек ядроның айналасында аздаған митохондриялар орналасады. Гистохимиялық зерттеулер көрсеткендей, ацидофильді түйіршігі бар жасушаларда мырыштың (цинк) көп мөлшері болады, қышқыл фосфатазаның, дегидрогеназалардың жоғары белсенділігі көрінеді. Сондай-ақ, тәжірибе жүргізілетін жануарларға поликарпин еккен кезде бұл жасушалардан секрет бөлінуінің күшейгені байқалған. Секрет бөлінгеннен кейін бұл жасушалар жіңішке, күңгірт түсті кейіпке енеді. Поликарпин егілген соң 1 сағаттан кейін цитоплазмада тағы да түйіршіктер жиналады. Бұл жасушалар депиптидтерді амин қышқылдарына дейін ыдыратуға қатысатын дипептидазаларды (эрепсинді) бөледі деген болжам бар. Басқа түсінік бойынша, бұл жасушалар химуста болатын тұз қышқылын бейтараптандыратын секретті бөліп шығарады.
Асқазан – ішек эндокриноциттерінің ішекте бірнеше түрі болады. Бәрінен де серотонин, мотилин және Р-затын бөлетін ЕС-жасушалары көп. Энтероглюкагонды өндіретін А-жасушалардың саны аз. Секретинді бөліп шығаратын S-жасушалар ішектің бөлімдерінде әркелкі орналасқан. Олардың өндірген өнімдері асқазанның сөл бөлуін тежеп, ішектерге панкреаттық сөлдің және өттің бөлінуін арттырады. Бұларға қоса, ішектен ұйқы безі мен бауырдың қызметін арттыратын биологиялық белсенді заттар холицистокининді (панкреозимин) түзетін І-жасушалар табылған. Сондай-ақ, гастрин өндіруші G -жасушалар, белсенді пептидтерді өндіруші Д және Д1-жасушалар да анықталған.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасына ретикулярлық талшықтардың көп мөлшерде болуы тән. Олар меншікті табақшаның бүкіл өне бойында қалың тор құрап, эпителийге жақын тұста базальды мембрана түзеуге қатысады. Құрылымы жағынан қан түзеуші мүшелердің ретикулярлық жасушаларына ұқсас өсінділі жасушалар ретикулярлық талшықтармен тығыз байланысқан. Меншікті табақшада эозинофильдер, лимфоциттер, сондай-ақ, плазмоциттер ұдайы кездесіп отырады.
Шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасы екі – ішкі айналмалы және сыртқы бойлай (босаңдау) қабаттардан тұрады. Екі қабаттың қалыңдығы 40 мкм шамасында. Оларда бұлшықетті жасушалардың қиғаш жатқан шоғырлары да кездеседі. Ішкі айналмалы бұлшықетті қабаттан жекелеген миоциттер шырышты қабықшаның меншікті табақшасына және шырыш асты негізге өтеді.
Шырышты қабықшада лимфа тінінің көптеген шоғырлары болады. Жекелеген (солитарлық) лимфа түйіндері аш ішектің бүкіл өне бойында кездеседі. Олардың диаметрі шамамен 0,5-3 мм. Аш ішектің дистальды бөлімдерінде жатқан үлкенірек түйіндер шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасына өтіп, жарым-жартылай шырыш асты негізде де орналасады. Аш ішектің қабырғасында кездесетін солитарлық лимфа түйіндерінің саны 3-13 жас аралығында 15000 шамасында болады. Адам қартайған сайын олардың қатары кеми береді.
Топтала түзелген лимфалық түйіндер мықын ішекте көбіректеу орналасады, бірақ кей кезде ащы ішекте және ұлтабарда да кездеседі. Түйіндердің саны адамның жас шамасына қарай ауытқиды: балалардың аш ішегінде -100-ге жуық, ересектерде – 30 - 40 шамасында, ал егде тартқан адамда олардың мөлшері мүлдем азаяды. Бір жерге топталған лимфа түйінінің ұзындығы – 2-12 см, ені – 1 см шамасында болады. Олардың ең үлкендері шырыш асты негізде орналасуы мүмкін.
Аз дифференцияланған эпителиоциттер криптілердің түбінде орналасады. Бұл эпителиоциттер митозбен бөлінуге қабілетті дің жасушалары, олар эпителийдің жаңаруын қамтамасыз етеді. Криптінің түбінде көбейген бұл жасушалар, ішек эпителиоциттерінің кез келген түрлеріне айналып, жоғары жылжиды. Бүрлердің үстіңгі аймағында біраз уақыттан соң олар түлеп, түседі. Аздаған жасушалар криптінің түбінде орналасып, Панет жасушаларының орынын басады. Эпителиоциттер шамамен 5-6 тәулік өмір сүреді.
Шырыш асты негізде көбінесе май тінінің жиынтығы болады. Қабықшада тамырлар және шырыш асты нерв өрімі орналасады. Ұлтабарда аяққы бөлімдері шырыш асты негіздің бүкіл аймағын дерлік алып жататын, күрделі түтікшелі тармақталған бездер қоныстанады. Шырыш асты негіздегі асқазан бездерінің бөлікшелері пилорикалық сфинктердің аймағына, кей кезде бірнеше сантиметрге дейін асқазанның пилорикалық бөлігіне және ащы ішектің бастапқы бөлімдеріне де кіре алады. Көбінесе шырыш асты негіздің бездері айналмалы қатпарлардың қалың аймағында орналасады. Бөлетін секреттері жағынан бұлар – шырышты бездерге жатады. Олар асқазанның пилорикалық бездеріне біршама ұқсас. Секреторлық жасушаларда ашық түсті торламалы цитоплазма және жасуша табанында жатқан қысыңқы күңгірт түсті ядро болады. Бұл бездердің шығару өзектері ішек криптілеріне және бүрлер арасындағы кеңістікке ашылады. Өзектердің бастапқы бөлімдері текшелі немесе призмалық жасушалармен жабылған. Аяққы бөлімдердің жасушаларына қарағанда олар ұсағырақ келеді де, құрамында шырыштың мөлшері аз болады. Сыртқы бөліктерде шығарушы өзектер жолақты жиектері бар жасушалармен қапталған. Бұл бездерде сондай-ақ ацидофильді түйіршіктері бар экзокриноциттер, асқазан – ішек эндокриноциттері, бокал тәрізді және жекелеген париетальдық жасушалар кездеседі. Шырыш асты негіздің бездері ішек сөлін түзеуге қатысып, маңызды қызмет атқарады. Бұл бездердің секретінде асқазанның пилорикалық және кардиальдық бездеріндегі сияқты дипептидазалар табылған. Бездердің өнімі амилазаның көмегімен көмірсуларды ыдыратуға қатысады, сондай-ақ ұйқы безі сөлінің амилолитикалық әрекетін жандандырады. Секреттің құрамындағы мукоидтар асқазаннан келетін тұз қышқылын бейтараптандырады. Дуоденальдық бездерде секретин гормонын түзейтін эндокриноциттер – S-жасушалар болады деп есептеледі. Бездердің секрет бөлуі кезбе нервтің тітіркенуімен және тұз қышқылының ұлтабарға түсуі жағдайында жүзеге асады.
Бұлшықетті қабықша екі: ішкі – айналмалы және сыртқы – бойлай қабаттардан тұрады. Бұлшықетті жасушалар шоғырларының бағыты екі қабатта да айқын айналмалы және бойлық емес – спиральды немесе оралымды болып келеді. Сыртқы қабатта оралымның тарамдары ішкі қабатқа қарағанда созылыңқы. Екі бұлшықет қабаттарының арасында борпылдақ талшықты дәнекер тіннің жұқа қабатшасы орналасып, онда бұлшықетті- ішек нерв өрімінің түйіндері мен тамырлар жатады.
Бұлшықетті қабықшаның қызметі химусты араластырып, ішек бойымен кейін жылжыту. Аш ішекте жиырылулардың екі түрін ажыратады. Жергілікті сипаттағы жиырылуларға негізінен бұлшықетті қабықшаның ішкі қабатының жиырулары себепкер болады. Олар ырғақты түрде – минутына 12-13 рет жүзеге асырылады. Өзге – перистальтикалық жиырылулар екі қабаттың да бұлшықет элементтерінің әсерінен туындайды және ішектің өне бойына дәйекті түрде таралады. Аш ішек перистальтикасының күшеюі – симпатикалық нервтер, ал әлсіреуі – кезбе нерв қозған кезде жүзеге асады.
Сірі қабықша аш ішектің сыртын барлық жағынан жауып тұрады. Ұлтабарда оның алдыңғы беті ғана – сірі қабықшамен, ал қалған бөлігі – дәнекер тіндік адвентициальды қабықшамен қапталған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   51




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет