Фармацевтика өнеркәсiбi
Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Қазiргi уақытта Қазақстандағы дәрi-дәрмек нарығының жалпы көлемiнде отандық өндiрiс үлесi нақты мәнде 30 %-дан және ақшалай мәнде 10 %-дан аспайды.
Соңғы онжылдықта фармацевтика өнiмiнiң қазақстандық нарығының көлемi едәуiр өстi, ол 1999 жылдан бастап жыл сайын 10%-ға ұлғайды. 2000 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасында фармацевтика өнiмдерiн өндiру 84,7 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл өнеркәсiп өндiрiсi көлемiнiң кемiнде 0,13 %-ын және өңдеу өнеркәсiбi көлемiнiң 0,4 %-ын құрайды.
2009 жыл бойы Қазақстанда дәрi-дәрмек заттары импортының көлемi шамамен 816,9 млн. АҚШ долларын, ал өнiмдi экспорттау - 17,8 млн. АҚШ долларын құрады.
Саланы дамытудың проблемаларына мыналарды жаткызуға болады: GMP стандарттарына сәйкес жұмыс iстеуге дайындалған бiлiктi кадрлардың тапшылығы; секторға түсетiн, инвестициялардың шектелген көлемi; кепiлдендiрiлген өткiзу нарықтарының болмауы; GMP стандарттарына сәйкес жұмыс iстейтiн өндiрiстiк қуаттардың, отандық субстанцияларды өндiрудiң болмауы.
Дәрi-дәрмек шығаруды шартты түрде үш топқа бөлуге болады: түпнұсқалық (патентпен қорғалған) дәрiлер, дженерик препараттары, субстанцияларды жасау.
Қазiргi уақытта дженерик нарығы Қазақстанда дәрi-дәрмектi тұтынудың негiзгi үлесiнiң шамамен 85 %-ын құрайды, ал түпнұсқалық препараттар 15 %-дан аспайды. 2010-2014 жылдары елдегi фармацевтика өнеркәсiбi дамуының анағұрлым перспективалы бағыттары дженерик препараттары өндiрiсiн ұйымдастыру, сондай-ақ GMP халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес қолданыстағы және жаңадан енгiзiлген қуаттарды жаңғырту болады.
Негiзгi мiндет
Жоғары сапалы дәрiлiк заттар шығарудың отандық өндiрiсiн ұлғайту есебiнен ұлт денсаулығы мен елдiң дәрiлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.
Нысаналы индикаторлар
2014 жылдың аяғына қарай отандық дәрi-дәрмек құралдарының үлесiн iшкi нарықта нақты мәнде 30 %-дан 50 %-ға дейiн жеткiзу.
Саланы дамытудың негiзгi бағыттары
Саланы дамыту шеңберiнде қолданыстағы өндiрiстердi жаңғырту және жаңа фармацевтикалық кәсiпорындар салу жүзеге асырылады.
Жылына қуаты 18 млрд. бiрлiктен астам қатты дәрiлiк нысандар (таблеткалар, капсула, драже), инфузиялық ерiтiндiлер - жылына 16 млн. бiрлiк; ампулалар - жылына 285 млн. дана, жұмсақ дәрi түрлерi - жылына 30 тонна; бiр рет пайдаланылатын медициналық киiм - жылына 4,9 млн., субстанциялар мен химиялық шикiзат - жылына 60 тонна, шприцтер - жылына 408 млн. бiрлiк, қауiпсiз кәдеге жаратуға арналған контейнерлер - жылына 698 мың. бiрлiк; жаңа рентген техникасы - жылына 350 бiрлiк, сондай-ақ құю, вакцина, инсулин және қан препараттары, басқа өнiм үшiн бiр рет пайдаланылатын жүйелердi шығаратын жаңа өндiрiстер құрылады.
Отандық синтетикалық субстанцияларды шығаратын өндiрiстердi құру жөнiндегi мәселелер пысықталатын болады.
Мынадай инвестициялық жобаларды iске асыру жоспарланып отыр:
Астана қаласында қатты дәрi түрiндегi (таблеткалар, капсула, драже) мен ұнтақ антибиотиктер шығаратын фармацевтика зауытын салу;
Шымкент қаласындағы ампулалық-инфузиялық ерiтiндiлердi шығару жөнiндегi қолданыстағы өндiрiстердi GMP стандарттарына сәйкес кеңейту және жаңғырту.
Медициналық препараттар зауытының (Павлодар қаласы) өндiрiстiк базасын GMP стандарттарына сәйкестендiру, сондай-ақ ампула, биоөнiмдер, вакциналар, сарысу мен антибиотиктер шығару жөнiндегi жаңа желiлердi iске қосу.
GMP стандарттарын енгiзу, Павлодар облысында кремдер мен белсендi ингредиенттердiң жаңа өндiрiсiн iске қосу.
Медициналық бұйымдар зауытында шприцтер шығаруды арттыру, инфузиялық жүйелер мен медициналық қалдықтар үшiн контейнерлер өндiрiсiн қалпына келтiру.
Стандарттарға сәйкес қолданыстағы кәсiпорында таблетка түрiндегi антибиотиктер шығарылымын ұлғайту.
Алматы облысында инъекциялық ерiтiндiлер, таблеткалар, капсулалар, «жүмсақ» дәрi түрлерi мен сироптар шығаратын GMP стандарттарына сай жаңа зауыт салу.
Алматы облысында таблеткалар, капсулалар және флакондар шығаратын GMP стандарттарына сай зауыт салу.
Талап етiлетiн стандарттарға сәйкес келтiру мақсатында қолда бар өндiрiстiк базаны жаңғырту және кеңейту, сондай-ақ персоналды GE Healthcare өндiрiсiнiң жабдығымен жұмыс жасауға үйрету және қажеттi инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
Қажеттi стандарттармен сәйкестендiру үшiн қолда бар өндiрiстiк базаны жетiлдiру және кеңейту, сонымен қатар персоналды GE Healthcare өндiрiсiнiң жабдығымен жұмыс жасауға үйрету және қажеттi инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
Инфузиялық ерiтiндiлердi құю үшiн бiр рет пайдаланылатын жүйелердi шығару зауытын салу.
Көрсетiлген тiзiлiм түпкiлiктi емес. Келесi кезеңде саланың даму басымдықтарына сәйкес жобалардың қосымша портфелi қалыптастырылады.
Жоғарыда көрсетiлген жобаларды iске асыру отандық өндiрiстi 600 атауға дейiн (1200-дiң iшiнде) кеңейту мiндетiн шешуге мүмкiндiк жасайды, бұл заттай мәнде дәрiлердiң түр-түрiн 50 %-ға жабуды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
Мемлекеттiк қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары
Дәрiлiк заттарды мемлекеттiк сатып алу
Бiрыңғай дистрибьютор «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның «СК Фармация» ЖШС арқылы отандық фармацевтика өнiмiн өндiрушiлерден дәрiлiк заттарды ұзақ мерзiмдi мемлекеттiк сатып алу ұйымдастырылатын болады, ол осы саладағы өткiзу мәселесiн iшiнара шешедi. Бұл ретте фармацевтика өнiмiнiң iшкi нарығы құрылымындағы мемлекеттiк сатып алу үлесi 45-50 %-ға дейiн ұлғаяды.
Кәсiпорын инвестицияларды мiндеттi түрде өндiрiстi жаңғыртуға және өнiмдiлiктi арттыруға салу шартымен мемлекеттiк сатып алуға арналған ұзақ мерзiмдi келiсiмшарттар жасасатын болады.
Бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
Кәсiпорындарда жұмыс iстеу үшiн:
GMP стандарттарына сәйкес 2011 - 2014 жылдары фармацевтика өнеркәсiбiнде кем дегенде 400 маман;
еуропалық стандарттарға сәйкес ИСО 13485 сапа стандарттарына сәйкес 2011 жылы медицина өнеркәсiбiне шамамен 80 маман даярланатын болады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының фармацевтика және медициналық өнеркәсiбiне жетекшiлiк жасайтын қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру қамтамасыз етiледi.
Әкiмшiлiк кедергiлердi алып тастау
Тегiн медициналық көмек көрсетудiң кепiлдi көлемiнiң шеңберiнде медициналық ұйымдардың дәрi-дәрмек формулярларының басымдықтарын қайта қарау: пациенттердiң шектеулi тобын қымбат тұратын емдеудiң орнына дәлелдi медицина деректерiнiң болмауынан дәрiлiк құралдарды сатып алуды азайту арқылы жалпыға бiрдей және тиiмдi емдеудi қамтамасыз ету, сондай-ақ препараттарды баламалы алмастыру және отандық дженериктерге ауысу жүйесiн енгiзу.
Техникалық регламенттердi енгiзу
2014 жылдың аяғына дейiн республиканың iрi және орта фармацевтика және медицина өнеркәсiбi кәсiпорындарында халықаралық GMP «Тиiстi өндiрiстiк практика» ИСО 13485 сапа стандарттары және өндiрiс пен медициналық жабдықтауды пайдалануға арналған еуропалық медициналық стандарттар енгiзiлетiн болады.
Тiкелей инвестицияларға тартымды жағдай жасау
Кәсiпорындардың халықаралық стандарттарды (GMP) және 93/42/ЕЕС директивасына сәйкес еуропалық медициналық стандарттарды енгiзу бойынша жүмсалған шығындарды КПС бойынша салық салынатын базадан шығару коэффициентiн 150 %-ға арттыру бөлiгiнде салық заңнамасына өзгерiстер енгiзiледi.
Дәрiлiк заттарды, медициналық жабдықты және медициналық мақсаттағы бұйымдарды отандық өндiрушiлерден мемлекеттiк сатып алу Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын бiрыңғай дистрибьютор арқылы ұзақ мерзiмдi шарттар жасау жолымен жүргiзiледi.
Сауда саясаты
Кеден одағы шеңберiнде:
Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн дәрiлiк құралдарға, медициналық жабдықтарға және медициналық мақсаттағы бұйымдарға арналған және медициналық жабдықтау, қосалқы станциялар, сондай-ақ дәрiлiк құралдарды жасауға арналған басқа да қосалқы заттарды шығаратын өндiрушiлер үшiн жабдықтаушы бөлшектердi әкелу жөнiндегi заңнамалық базаны Еуропалық Одақпен ұқсас үйлестiру жүргiзiледi;
тиiстi өндiрiстiк практика (GMP) және 93/42/ЕЕС еуропалық медициналық стандарттарға сәйкес келетiн отандық өндiрушiлердiң дәрiлiк құралдарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды тiркеу куәлiктерiн өзара тану қамтамасыз етiлетiн болады.
Құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын өндiру
Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Қазақстандағы құрылыс көлемi 2005 және 2006 жылдары 60 % деңгейiне жетiп, 2000 жылдан бастап шапшаң қарқынмен өстi. Әлемдiк қаржы дағдарысының әсерi құрылыстың өсу қарқынының күрт баяулауына алып келдi.
2000 жылдан бастап құрылыс материалдары бағасының өсуi құрылыс материалдарына өсе түскен тапшылыққа негiзделедi, ол импорттың өсуiне алып келдi. 2008 жылы құрылыс материалдары нарығындағы импорттың үлесi 46,7 %-ды құрады.
Қазақстандағы құрылыс материалдары өндiрiсiнiң өсуiн бiрқатар проблемалар тежедi: Қазақстанда негiзiнен қайта бөлiнуi төмен өнiм өндiрiледi; өнiмнiң көптеген түрлерi өндiрiлмейдi; негiзгi құралдардың тозу деңгейi айтарлықтай жоғары; еңбек өнiмдiлiгi төмен; құрылыс материалдарының өндiрiсi Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында және Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған (өндiрiс көлемiнiң 60%-дан астамы олардың үлесiне келедi).
Саланың дамуына қажеттi шикiзат базасының болуына қарамастан, Қазақстанда негiзiнен цемент пен кiрпiш өндiрiсi дамыды. 2006 - 2007 жылдары пайдаланатын цементтiң 30%-ына дейiн импортталды, бiрақ отандық зауыттар қуатының өсуi цемент импортынан бас тартуға мүмкiндiк бередi.
Қазiргi уақытта Қазақстанда шыңдалған шыны өндiрiсi мүлдем жоқ, ал шыныдан жасалған дайын бұйымдардың көпшiлiгi импортталады. Қыш өндiрiсi бай шикiзат базасының болуына қарамастан, жақында ғана дами бастады (қолдануға жарамды бетониттi саздың 29 кен орны). Өнiмнiң басым бөлiгi Түркиядан, Қытайдан және Италиядан импортталады.
Қазақстандағы өңдеу материалдарының нарығында импорт өнiмi басым болып келедi:
соңғы уақытта импортты линолеум нарықта толығымен басымдыққа ие болды (99%-дан астам);
орман ресурстарының шектеулiгi мен қазiргi заманғы өндiрiстердiң болмауы фанера мен ағаш талшықты тақталардан бұйымдар жасау нарығындағы импорттың басымдығына алып келдi;
тұсқағаз нарығында импорт өнiмi 73%-ды құрайды, бұл ретте елдегi тұсқағаздар өндiрiсi белсендi дамуда. Отандық өндiрушiлер нарығының үлесi тұсқағаздар импортына салынатын кедендiк баждарға тiкелей тәуелдi.
Қазақстандағы құрылыс материалдары саласының дамуын тежейтiн түйiндi мәселелерге мыналарды жатқызуға болады:
техникалық реттеу және мемлекеттiк нормалау жүйесiнiң халықаралық стандарттарға сәйкес келмеуi және баға белгiлеу принциптерiнiң ескiруi;
өндiрiстiң технологиялық деңгейiнiң төмендiгi және еңбек өнiмдiлiгi деңгейiнiң төмендiгi.
Негiзгi мiндет
Отандық құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкциялары өндiрiсiн ұлғайту және қосылған құны жоғары өнiмдi шығару есебiнен iшкi нарықтың сұранысын қанағаттандыру.
Нысаналы индикаторлар
Құрылыс индустриясындағы жалпы қосылған құнды кемiнде 76%-ға ұлғайту және iшкi нарықтың құрылыс материалдарына қажеттiлiгiн 80%-дан артық қанағаттандыру.
Саланы дамытудың негiзгi бағыттары
Құрылыс индустриясын дамытудағы мемлекеттiк саясат бәсекеге қабiлеттi, энергияны үнемдейтiн құрылыс материалдары, қосылған құны жоғары бұйымдар мен конструкциялар өндiрiсiн инновациялық негiзде дамытуға сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк реттеудi жетiлдiруге, құрылыс өнiмi сапасы мен қауiпсiздiгiн арттыруға бағытталатын болады.
Саланы дамыту шеңберiнде iшкi сұранысты қамтамасыз етуге және экспорт мүмкiндiктерiн кеңейтуге бағытталған жұмыс iстеп тұрған өндiрiстердi жетiлдiру және жаңа өндiрiстердi салу жүзеге асырылады:
цемент өндiрiсiнде 2014 жылға қарай 5 жұмыс iстеп тұрған және 4 жаңа кәсiпорында цемент шығару жылына 13,5 млн. тоннаға дейiн жететiн болады (Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында), Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында жалпы қуаты жылына 2,1 млн. тонна 5 клинкерлiк цемент терминалы салынады, жұмыс iстеп тұрған цемент зауытына техникалық қайта жарақтандыру жүргiзiлiп, негiзгi құралдардың тозу деңгейi 30%-ға дейiн қысқартылады;
қыш өндiрiсiнде 2014 жылға қарай қыш тақтайшалар шығару жылына 13 млн. м дейiн жеткiзiледi, Ақтөбе, Алматы және Оңтүстiк Қазақстан облыстарында жылына 1 млн. данаға дейiн сантехникалық қыш өндiру қамтамасыз етiледi, жылына қуаты 200 мың тонна саз өңдейтiн байыту комбинаты салынады.
Шыны өндiрiсiнде жылына қуаты 140 мың тоннаға дейiн өнiм шығаратын шыңдалған шыны зауытының құрылысы басталатын болады;
индустриялық құрылыста 2014 жылға қарай Ақтөбе, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жалпы қуаты жылына 3 млн. м2 13 тұрғын үй индустриялық құрылыс комбинаты салынатын болады. Индустриялық құрылыс комбинаты олардан энергияны енжар тұтынатын үйлер салу ұйымдастырылатын бұйымдар мен конструкциялар жасау жөнiндегi қызмет көрсетудi ұсынады.
Индустриялық құрылыс комбинаттарының төңiрегiнде құрылыс материалдарын (терезелер мен есiктер, ламинат, линолеум және басқалары) өндiретiн және қызмет көрсететiн (жобалау-iздестiру, дизайнерлiк, әрлеу және басқалары) кемiнде 130 шағын және орта кәсiпорынды дамыту үшiн жағдай жасалатын болады.
Мынадай түйiндi жобаларды iске асыру және олардың төңiрегiнде өнiм берушiлердiң желiсiн қалыптастыру жоспарланып отыр:
Жамбыл облысы - цемент зауытын салу - жылына 1100 мың тонна.
Ақмола облысы - цемент зауытын салу - жылына 552 мың тонна.
Шығыс Қазақстан облысы - «құрғақ тәсiлмен» цемент зауытын салу - жылына 1000 мың тонна.
Маңғыстау облысы - «құрғақ тәсiлмен» цемент зауытын салу - жылына 2000 мың тонна.
Мемлекеттiк қолдаудың секторлық және жобалық шаралары
Бiлiктi кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
Жергiлiктi жерлерде жеке басшыларды бекiте отырып, орта және жоғары кәсiптiк оқу орындары түлектерiнiң 3 ай мерзiмге өндiрiс кәсiпорындарында өндiрiстiк практикадан өту жүйесi енгiзiлетiн болады.
10 мамандық бойынша кадрларға деген қажеттiлiк жоғары оқу орындарында және 139 ТжКБ оқу орнында мамандар даярлау есебiнен қанағаттандырылатын болады.
Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының оқу орындарында құрылыс индустриясы үшiн жаңа мамандықтар ашылатын болады.
Техникалық реттеудi жетiлдiру
Мынадай бөлiктерде техникалық реттеу саласына өзгерiстер енгiзiлетiн болады:
төмендегi бағыттар бойынша 405 мемлекеттiк стандарт әзiрленедi және енгiзiледi: құрылыс материалдары - 242; бетон, темiр-бетон, ағаш конструкциясы — 51; құрылыс жабдығы - 19; электрмен жабдықтау және электр құрылғылары - 48; жол құрылысы - 8; менеджмент жүйесi - 6; ғимараттар мен құрылыстарды жобалау - 31;
жылу өткiзгiштiк пен температуралық шамалардың мемлекеттiк эталондарын техникалық регламенттерге сәйкес жаңғырту, сондай-ақ Кеден одағы шеңберiнде стандарттар мен техникалық регламенттердi 80 %-ға дейiн үйлестiру.
Қазақстан Республикасының құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесiн реформалау жүзеге асырылатын болады.
Жаңа сметалық-нормативтiк база әзiрленедi.
Республикалық деңгейде Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры жасалады.
Құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесiн реформалауды ғылыми қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгiне ведомстволық бағыныстағы ғылыми құрылымдар айқындалатын және күшейтiлетiн болады.
Қауiпсiздiктi және олардың пайдалану мерзiмiн арттыру, қажеттi жөндеу жұмыстарының көлемiн азайту мақсатында құрылыс саласындағы (оның iшiнде өнеркәсiп, жол құрылысы және басқа да инфрақұрылым құрылысы) жауапкершiлiктi күшейту және стандарттар мен техникалық регламенттердi сақтау жөнiндегi заңнамалық актiлер қайта қаралатын және оларға өзгерiстер енгiзiлетiн болады.
Осы мақсатта мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау жүйесi нығайтылатын болады.
Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу
Бизнестiң инновациялық белсендiлiгiн арттыру үшiн:
негiзгi қорларды жаңғырту үшiн даму институттарына жеңiлдiктi шарттар бойынша қаржы лизингiн беруге қаражат бөлiнетiн болады;
басым бағыттар бойынша инновацияларды енгiзу үшiн жыл сайын гранттар бөлiнедi (энергия үнемдеу материалдары, құрылыс материалдарын өндiруде сабақтас салалар қалдықтарын пайдалану мүмкiндiктерiн зерделеу, тез салынатын, «жасыл» және «энергияға енжар» үйлер технологияларының трансфертi).
Саланың ғылыми-техникалық дамуы мақсатында тұрғын үй құрылысы саласында жаңа технологияларды әзiрлеуге бағытталған ғылыми зерттеулердiң дамуы қамтамасыз етiлетiн болады.
Тiкелей инвестицияларға тартымды жағдай жасау
Ресурс үнемдейтiн және энергия жағынан тиiмдi құрылыс материалдары мен конструкцияларын өндiрушiлер үшiн, сондай-ақ индустриялы құрылыс комбинаттарының жанынан құрылған шағын және орта бизнес субъектiлерiн дамыту үшiн оларға жеңiлдетiлген жағдайда кредит беру ұсынылатын болады.
Отандық құрылыс материалдары мен тұрғын үй құрылысын дамытуға сұранысты қолдау мақсатында мыналар қамтамасыз етiледi:
тұрғын үй құрылысын мемлекеттiк қолдау, тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ тұрғын үйдi кредиттiк және мемлекеттiк жалға берудi бюджеттен қаржыландырудың жалғасуы;
энергия жағынан тиiмдi материалдар мен технологияларды пайдалана отырып, көпқабатты және азқабатты тұрғын үй құрылысы үшiн үлгi жобалардың топтамасын әзiрлеу;
жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында сертификатталған құрылыс материалдарына кредит беру жүйесiн әзiрлеу.
Жергiлiктi қамтуды дамыту мақсатында импорттық құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларды негiзсiз (бағасы, сапасы) қолдануға жол бермеу және мемлекеттiк қабылдау комиссияларының құрамына кәсiптiк құрылысшы қоғамдық ұйымдарының (өздiгiнен реттелетiн ұйымдар) өкiлдерiн енгiзу арқылы техникалық регламенттердi сақтау жөнiндегi қызмет жүзеге асырылатын болады.
Халықаралық тәжiрибенi есепке ала отырып сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы лицензиялау жүйесiне өзгерiстер енгiзiлетiн болады. Қызметтiң лицензияланатын түрлерi қысқартылатын және оңтайландырылатын болады, лицензиялау жүйесiне мемлекеттiк органдардың құрылыс нарығы субъектiлерiнiң қызметiне араласуын қысқартуға мүмкiндiк беретiн тәуелсiз аудит енгiзiлетiн болады. Берiлетiн лицензиялар құрылыс объектiсiнiң техникалық күрделiлiгiне, лицензиаттың жұмыс тәжiрибесi мен жеке капиталының болуына байланысты санаттарға бөлiнетiн болады.
Ресурстық қамтамасыз ету
Құрылыс материалдарын өндiру үшiн пайдаланылатын пайдалы қазбалар кен орындарын iздеу мен барлау есебiнен құрылыс индустриясының минералдық шикiзат базасы кеңейтiлетiн болады.
1.3 Экспорттық әлеуетi бар салаларды қолдау
Агроөнеркәсiптiк кешен
Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау
Қазiргi кезеңде мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында экономиканың аграрлық секторы тұрақты дамып отыр.
Ауыл шаруашылығы өнiмдерi өндiрiсiнiң өсуi 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 13,8 %-ды құрады. Iс жүзiнде ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерi бойынша өсуге қол жеткiзiлдi. Жете өңделгеннен кейiнгi салмағымен алғанда 20,8 млн. тонна көлемiнде астық дақылдарының рекордтық өнiмi алынды.
Республикада мал шаруашылығы дамуының негiзгi көрсеткiштерi саланың тұрақтылығын, мал басы мен құстың және мал шаруашылығы өнiмiн өндiру көлемiнiң жыл сайын ұлғайып келе жатқанын растап отыр. Соңғы жылдары мал басы мен құс жыл сайын орташа алғанда 3,8 %-ға, мал шаруашылығы өнiмiн өндiру көлемi 3,5 %-ға ұлғаюда.
Елдiң әлеуетi iшкi азық-түлiк нарығының тұрақтылығын, оны негiзгi тамақ өнiмдерiмен кепiлдi толтыруды және экологиялық таза өнiмдермен сыртқы нарықтарға шығуды қамтамасыз етуге толықтай мүмкiндiк бередi.
Тұтастай алғанда республикада халықты ауыл шаруашылығы өнiмдерiмен қамтамасыз ету және елдiң азық-түлiктiк қауiпсiздiгiне қол жеткiзу үшiн орнықты негiз жасалған.
Негiзгi мiндет
Сыртқы нарықта жетекшi орындарға шығу мақсатында ауыл шаруашылығы өнiмдерiн iшкi нарықтың қажеттiлiгiн жабу және экспорт ресурстарын қалыптастыру үшiн жеткiлiктi көлемде өндiрудiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету.
Экономиканың су секторы мен су шаруашылығы саясатын дамыту.
Нысаналы индикаторлар
1. Iшкi нарықтың азық-түлiк тәуелсiздiгiн қамтамасыз ету.
2. АӨК-тiң жалпы қосылған құнын кемiнде 16 %-ға ұлғайту.
3. Агроөнеркәсiптiк кешендегi еңбек өнiмдiлiгiн ауыл шаруашылығында жұмыс iстейтiн бiр адамға 3000 АҚШ долларынан бастап кемiнде 2 есеге арттыру.
4. Экспорттың жалпы көлемiндегi саланың экспорттық әлеуетiн 8 %-ға дейiн өсiру.
Саланы дамытудың негiзгi бағыттары
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту саланы әртараптандыру, егiншiлiк мәдениетiн арттыру, өндiрiске қазiргi заманғы ылғал, ресурс үнемдейтiн технологиялар енгiзу, кең ауқымды химиялау, жаңа және қазiр пайдаланылмайтын суармалы жерлердi айналымға енгiзу арқылы өткiзу нарығы бар ауыл шаруашылығы өнiмi өндiрiсiнiң көлемiн арттыруға бағытталады.
Мал шаруашылығында саланы өнеркәсiптiк негiзге көшiру, асыл тұқымды базаны дамыту, малдың тұқымдық әлеуетiн арттыру арқылы ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы өндiрiс көлемiн ұлғайтуға салмақ түсiру көзделiп отыр және ғылыми негiзде iрi ауқымды селекцияны жүзеге асырумен қатар жүргiзiлетiн болады.
Ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдеу саласында өндiрiстi техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру, сапаның халықаралық стандарттарына ауысу және осы негiзде шығарылатын өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн одан әрi арттыру өзектiлiгiн сақтап отыр.
Бiртұтас экспорттық астық саясатын қалыптастыру, нарықты отандық өндiрiстiң азық-түлiк тауарларымен толтыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердi кооперативтендiру арқылы дайындау, қайта өңдеу және сақтау пункттерiн құру жөнiндегi жұмыс жанданады.
Агроөнеркәсiптiк кешеннiң индустриялық-инновациялық дамуына жоғары технологиялық инвестициялық жобаларды iске асыру арқылы, сондай-ақ су ресурстарын интеграциялық басқару принциптерiн енгiзу жолымен қол жеткiзiлетiн болады.
Агроөнеркәсiптiк кешенде кем дегенде 20 iрi жобаны iске асыру, оның iшiнде 8 мал шаруашылығы кешенiн, 2 құс фабрикасын, 3 жылыжай, 3 тауарлы сүт фермасын, 1 ет комбинатын, 1 нан-тоқаш өнiмдерiн өндiру, 1 мақтаның сортты тұқымдық материалын өндiру зауыттарын салу көзделiп отыр.
Аграрлық секторға iрi ауқымды инвестициялар тарту үшiн жағдай жасау және мемлекеттiң қаржы институттарымен өзара iс-қимылын жалғастыру көзделiп отыр.
Инвестициялық жобаларды iске асыру кезiнде кәсiпкерлер, қаржы институттары, мемлекеттiк органдар мен әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар үшiн АӨК-тiң басым бағыттары бойынша мастер-жоспарлар, оның iшiнде астық және оны тереңдете қайта өңдеу арқылы алынған өнiмдер, ет және ет өнiмдерi, майлы дақылдар, жемiс-көкөнiс өнiмдерi, сүт және сүт өнiмдерi, жүн және оны тереңдете қайта өңдеу арқылы алынған өнiмдер өндiрiсi мен экспортын дамыту, құс өсiрудi, қант қызылшасынан ақ қант өндiрiсiн дамыту нақты бағдарға айналады.
Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар, өсiмдiктердi химиялық қорғау құралдары, ветеринариялық препараттар, диагностикумдар, ауыл шаруашылығы техникасы өндiрiсiн қоса алғанда, экономиканың аралас салаларын дамыту қажет.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының лизингi бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау жолымен ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын отандық өндiрушi кәсiпорындарды мемлекеттiк қолдау тетiгi iске асырылатын болады.
Мемлекеттiк қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары
Инвестицияларды ынталандыру
Саланы дамытуды экономикалық ынталандыру және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшiн агроөнеркәсiптiк кешендi мынадай бағыттар бойынша субсидиялау жалғасатын болады:
агроөнеркәсiптiк кешеннiң субъектiлерiне кредит беру және ауыл шаруашылығы техникасымен, жабдықпен қамтамасыз ету кезiнде пайыздық ставкаларды арзандату;
тұқым шаруашылығын дамыту;
мал шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнiмiнiң сапасын арттыру;
өсiмдiк шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнiмiнiң сапасын арттыру, көктемгi егiс және егiн жинау жұмыстарын жүргiзу үшiн қажеттi жанар-жағармай материалдарының және басқа тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын басым дәндi дақылдар өндiрiсiн субсидиялау жолымен арзандату;
отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге тыңайтқыштардың (органикалықты қоспағанда) құнын арзандату;
ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге ауыл шаруашылығы дақылдарын отандық өндiрушiлер өндiрген (қалыптастырған) гербицидтермен өңдеуге жұмсалатын шығындардың құнын арзандату;
өндiрiстi және ауыл шаруашылығы өнiмiнiң нарығын басқару жүйесiн дамыту;
асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердi қолдау, сондай-ақ жеңiлдiктi кредит беру және шағын кредит беру, ауыл шаруашылығы техникасының, арнайы техниканың және технологиялық жабдықтың лизингiн дамыту, агроөнеркәсiптiк кешенде сақтандыру жүйесiн дамыту, ақпараттық-маркетингтiк қамтамасыз ету, мемлекеттiк сатып алудағы қазақстандық қамту үлесiн ұлғайту жолымен де жүзеге асырылатын болады.
Технологиялық жаңғырту, инновациялар мен аграрлық ғылымды дамыту
прогрессивтi технологияларды пайдалана отырып, басым ауыл шаруашылығы дақылдарының өндiрiсiн ынталандыру жолымен өсiмдiк шаруашылығының өнiмiн және сапасын арттыру;
көкөнiстiң жабық топырақта өндiрiлуiн ынталандыру;
орта және iрi тауарлы мал шаруашылығын құруды ынталандыру;
тауарлы балық шаруашылығын дамыту;
ұлттың денсаулығын бекемдеу мақсатында марал шаруашылығы мен бал арасы шаруашылығы өнiмiн өндiрудi ынталандыру;
ауыл шаруашылығы құрылымдарын және ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдеу кәсiпорындарын техникалық-технологиялық жаңғырту және мемлекеттiк қолдау шараларын қолдану арқылы сапа менеджментiнiң қазiргi заманғы жүйелерiне ауысу;
АӨК дамытудың басым бағыттары бойынша зерттеулердi шоғырландыру, сондай-ақ халықаралық ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларды жүргiзу;
аграрлық ғылым инфрақұрылымын дамыту және шетелдiк аграрлық технологиялар трансфертiн қамтамасыз ету жолымен ғылыми зерттеулердiң қазiргi заманғы әдiстерiн енгiзу және процестерiн жеделдету, сондай-ақ өндiрiске ғылыми әзiрлемелердi енгiзу және ғылыми қызметкерлер қызметiн ынталандыру және аграрлық ғылымға жас мамандарды тарту.
Бәсекеге қабiлеттi кәсiби кадрлар даярлау
ауылдық жерден келген азаматтарға арналған квоталар бойынша мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде бiлiм алған ауыл шаруашылығы мамандарын оқу орнын аяқтағаннан кейiн кем дегенде 3 жыл ауыл шаруашылығы ұйымдарында жұмыс iстеуiн мiндеттеудi енгiзу болжанып отыр;
кейбiр заңнамалық актiлерге ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген ауыл шаруашылығы мамандарын әлеуметтiк қолдау шаралары бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы мәселенi қарау;
аграрлық саланың қажеттiлiктерiне сәйкес PhD докторларын, магистрлер мен бакалаврлар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және ветеринариялық мамандықтардың техникалық және кәсiптiк бiлiмi бар мамандар даярлауға мемлекеттiк бiлiм тапсырысын ұлғайту мәселесiн қарау.
Инфрақұрылымдық және ресурстық қамтамасыз ету
елдiң фитосанитарлық және ветеринариялық салауаттылығын қамтамасыз ету;
малды сою, ауыл шаруашылығы өнiмiн дайындау, сақтау, тасымалдау және сату жөнiндегi инфрақұрылымды дамыту;
су ресурстарын интеграциялық басқару принциптерiн ескере отырып, су ресурстарын пайдалану;
шаруашылық жүргiзу жағдайын жақсарту және ауыл шаруашылығы өндiрiсiн iрiлендiру, дайындау-өткiзу құрылымдарының желiсiн құру және кеңейту арқылы тауар өнiмiн өсiру үшiн ынталандырулар жасау;
суарудың озық әдiстерiн енгiзу жолымен жердiң мелиоративтiк жағдайын сақтау және жақсарту.
Достарыңызбен бөлісу: |