Бағалы қағаздар нарығы және биржа ісі: Оқу құралы. Алматы: 2007



бет12/19
Дата12.06.2016
өлшемі1.63 Mb.
#128928
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19

8.4. Сурет. Биржаның түрлері
8.4. Биржа және биржалық инфрақұрылым ұйымдары
Қазіргі нарықтық экономикада биржаның маңызы артуда, ол баға белгілеу институты және биржалық сауданы ұйымдастырушы деген көзқарас қалыптасқан. Оған дәлел қор биржасының атқаратын қызметі. Ол - бағалы қағаздар нарығын ұйымдастырушы, яғни азаматтық-құқықтық мәмілеге келіп, бағалы қағаздармен сауда жасауға мүмкіндік беретін ұйым. Қазақстан Республикасының «Бағалы қағаздар туралы» Заңында көрсетілгендей қор биржасы коммерциялық емес ұйым.

Сауданы ұйымдастырушыға төмендегідей талаптар қойылады:



  • оның қалыптасқан сауда жүйесі болуы керек: есептегіш құралдар,бағдарлама,телекоммуникациялық құралдар және басқа жабдықтар туралы мәліметтер, бағалы қағаздарды сатып алу-сату шартын жасау және оны орындау үшін қажетті ақпарттар;

  • бағалы қағаздарды сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу жүйесін ұйымдастыру; мұндай жүйені ұйымдастырушы өз алдына ұйым құруы мүмкін, немесе бұл қызметті Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау Агенттігінің берген лицензиясы бар маманданған ұйым шарт бойынша орындауы мүмкін; Агенттікпен келісіп бекітілген сауданы ұйымдастыру ережесі, оны орындауға көмектесетін ішкі операциялық процедуралар, сондай-ақ листинг және делистинг жүргізу ережесі болуы керек;

  • өз капиталы болуы керек;

  • сауданы ұйымдастырушының белгіленген мөлшерден кем емес мүшелері болуы керек;

  • өз өкілетті мүшелерінің реестрін жүргізу керек. Сауданы ұйымдастырушыларды жылына бір реттен кем емес сыртқы аудитпен тексеріп отыру керек.

Биржадан басқа сауданы ұйымдастыратын, оның үздіксіз қызметін қамтамасыз етіп отыратын биржалық инфрақұрылым қажет. Оған: депозитарийлер, тіркеушілер, клирингтік (есеп айырысу) палаталары, ақпараттық агенттіктер және биржалық қойма жатады. Енді осы инфрақұрылымдарды таратып айталық.

Депозитарий - ол бағалы қағаздар нарығының қаржы құралдарымен мәмілелерді тіркеуді, депоненттердің (олардың клиентерінің) қаржы құралдары бойынша құқықтарын есепке алу мен растауды, оларды сақтауды, сондай-ақ тиісті лицензиясы болған кезде бағалы қағаздарды ұстаушылар тізімін жүргізуді жүзеге асыратын кәсіби қатысушы құқықтық тұлға, ұйым. Ол бағалы қағаздардан туындайтын құқықтарды тіркеу және эмитент пен инвестор арасында делдалдық қызметтерді атқарады.

Депозитарийдің болуы ең алдымен өзі қызмет көрсететін бир­жа мәмілелерінің орындалуын жеделдетеді.



Тіркеуші - бағалы қағаздар нарығының бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізімін қалыптастыруды, сақтауды және жүргізуді жүзеге

асыратын кәсіби қатысушысы.



Есеп айырысу-клирингтік ұйым - ол елдің орталық банкі берген лицензиясы бойынша қор биржаларында барлық есеп айы­рысу операцияларын орындайтын заңды тұлға. Есеп айырысу-клирингтік ұйым қор биржасымен қатар тауар және фьючерстік нарықтарға да қызмет көрсетеді.

Есеп айырысу-клирингтік ұйымдар тек ұлттық қана емес, сондай-ақ халықаралық, ал болашақта әлемдік болып ұйымдасуы мүмкін. Мұндай өзгерістер ұлттық биржалық нарықтардың интернационалдануын көрсетеді.

Есеп айырысу-клирингтік ұйым - ол коммерциялық ұйым, оның мақсаты - пайда табу. Жарғылық қоры мүшелерінің жарнасынан құралады. Оның табысының көздері:


  • мәмілені тіркегені үшін ақы;

  • ақпарат сатудан түскен табыс;

  • ұйым қаражатын айналысқа түсіруден түскен табыс;

  • есеп айырысу технологиясын сатудан, бағдарламалық қамтамасыз етуден және т.с.с. қызметтен түскен табыс.

Есеп айырысу-клирингтік ұйым туынды бағалы қағаздарды, яғни фьючерстік шарттарды және биржалық опциондарды сатуда негізгі орын алады.
8.5. Биржа ісін реттеу
Биржа ісін реттеу немесе биржалық нарықты реттеу деген қоғамның өкілетті ұйымының биржаға қатысушылардың жұмысы мен олардың арасындағы операцияларды жүргізу тәртібі.

Биржаны сырттан да, сондай-ақ іштен де реттеуге болады. Ішкі реттеу деп өзінің нормативті құжаттарын, атап айтқанда, жарғы, ережелер және биржаның өзінің, бөлімшелерінің және қызметкерлерінің қызметін анықтайтын басқа да ішкі нормативті құжаттарын орындауын айтады. Ал сырттан реттеу деп биржа өз қызметінде мемлекеттік актілерді, басқа ұйымдардың актілерін және халықаралық келісімдерді орындауын айтады.

Биржа ісін реттеуді мынадай өкілетті ұйымдар немесе орган­дар атқарады:


  1. мемлекеттік органдар;

  2. бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар немесе нарықты өзін-өзі реттеушілер;

  3. қоғамдық реттеу, яғни мемлекеттің кейбір реттеу қызметтерінің іске асуының алгы шарты - қоғамдық пікірді ескергендігі.

Биржалық нарықты реттеудің міндеттері; Біріншіден, биржалық нарықтағы тәртіпті қадағалау, биржаға қатысушылар үшін жұмыс істеуге барлық жағдайларды тудыру. Екіншіден, биржаға қатысушыларды кейбір теріс ниеттілер­ден және алаяқтықтан, қылмыстық әрекеттерден және жалпы қылмыстан қорғау.

Үшіншіден, сұраныс пен ұсынысты шоғырландыру негізінде емін-еркін

және ашық биржалық баға белгілеу процесін қамтамасыз ету.

Төртіншіден, кәсіпкерлікке ынталы болу үшін және кәсіпкердің әрбір тәуекелі сыйақыға бара-бар келетін тиімді нарық құру.

Бесіншіден, жаңа биржалық нарықтарды құру, биржалық құрылымдардың жаңалықтарын және бастамасын қолдау және т.б. іс-әрекеттер жүргізу.

Алтыншыдан, биржалық нарықтың кәсіби қатысушыларын таңдап алу. Кәсіби делдалдар білімі, тәжірибесі және капиталы бойынша өкілетті органдардың талабын қанағаттандыруы тиіс. Себебі қазіргі биржалық нарық онысыз кызмет ете алмайды.

Жетіншіден, барлық нарыққа қатысушылардың нарық нормасы мен ережелерін орындауын бақылау. Бақылауды тиісті бақылау органдары жүргізеді.

Сегізіншіден, биржада орнатылған нормалар мен ережелерден ауытқығаны үшін жазалау шараларын қолдану. Ондай шараларға мыналар жатқызылуы мүмкін: ауызша және жазбаша ескертулер, айыппұл төлеу, қылмыстық жазалау, биржа мүшелігінен шығару.

Биржалық нарықты реттеу принциптері әлемдік биржалық нарықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қалыптасқан. Ол принциптердің негізгілерін атап өтелік:

Біріншісі, бір жағынан биржадан тыс нарыққа қатысушыларға байланысты реттеу тәсілін ажырату болса, екінші жағынан, биржалық нарықтың кәсіби қатысушыларына байланысты реттеу амалы.

Екіншісі, биржалық нарықта болып жатқан ақпараттарды мүмкіндігінше толық жариялау. Нәтижесінде нарыққа қатысушылардың қажетті іскерлік шешім қабылдауларына мүмкіндік туып қана қоймай, сондай-ақ биржаға және оның мүшелеріне деген сенім артады.

Үшіншісі, қызмет көрсету сапасын көтеру және оның құнын төмендетудің объективті механизмі ретінде бәсекелестікті қамтамасыз ету.

Төртіншісі, ереже шығармашылығы мен ереже қолдануды бірдей басқару немесе реттеу органдарына осы екі істі қатар атқаруға рұқсат бермеу.

Бесіншісі, норма шығармашылығына жариялылықты және нарық проблемаларын көпшілікте талқылауды қамтамасыз ету.

Алтыншысы, әлемдік тәжірибедегі сабақтастық (жалғастырушылық) принциптерін отандық биржалық нарықты реттеуде қолдану.

Жетіншісі, биржа ісін реттеуді мемлекеттік және мемлекеттік емес басқару органдары арасында үйлесімді бөлу.

Биржалық нарықты мемлекеттік реттеу жүйесіне біріншіден, мемлекеттік және басқа да нормативтік актілер, екіншіден, мемлекеттік реттеу және бақылау органдары жатады.

Нарықты мемлекеттік басқару формасы тікелей, немесе әкімшілік басқару мен жанама, немесе экономикалық басқаруды біріктіреді.



Тікелей немесе әкімшілік басқару мына жолдармен:

  • мемлекеттің үйлесімді заң актілерін қабылдауымен;

  • нарыққа қатысушыларды тіркеумен;

  • биржалық нарықтың кәсіби қызметін лицензиялаумен;

  • барлық нарыққа қатысушыларды ашық және тегіс ақпаратпен қамтамасыз етумен;

  • нарықта құқық тәртібін сақтаумен іске асырылады.

Биржалық нарықты жанама немесе экономикалық басқаруды мемлекет өз қарамағындағы экономикалық тетіктер мен капиталды, атап айтқанда:

  • салық салу жүйесін (салық ставкасы, жеңілдіктер және салықтан босатылғандар);

  • ақша саясатын (проценттік ставкалар, айлық ақының аз мөлшері және басқалар);

  • мемлекеттік капиталды (мемлекеттік бюджет, қаржы ресурстарының

бюджеттен тыс қорлары және басқалар);

  • мемлекеттік меншік пен ресурстарды (мемлекеттік кәсіпорындар, табиғи және жер ресурстары) ұтымды пайдалану арқылы жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасында биржа кызметін реттейтін негізгі мемлекеттік органдарға: Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау Агенттігі, Қазақстан қаржы министрлігі және Қазақстан Ұлттық банкі жатады. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау Агенттігі тікелей Қазақстан қор биржасының қызметін реттесе, ал Ұлттық банк ва­люта биржасының қызметін реттеумен шұғылданады. Қаржы министрлігі бухгалтерлік есеп тәртібін белгілеп, мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруды ұйымдастырып және олардың биржадағы айналымын реттейді.

Қазақстан биржалық нарығы мынадай негізгі заң актілерімен реттеледі:



  • Азаматтық кодекс. Жалпы бөлім. 1995 ж.;

  • «Қазақстан Ұлттық Банкі туралы» Заң. 1995 ж. 30 наурыз;

  • «Қазақстандағы банктер және банктік қызмет туралы» Заң. 1995 ж. 31 тамыз;

  • «Тауар биржалары туралы» Заң. 1995 ж. 7 сэуір;

  • «Қазақстан Республикасында қозғалмайтын мүліктің ипотекасы туралы» Заң. 1995ж. 24 желтоксан;

  • «Қазақстан Республикасындағы валюталық реттеу туралы» Заң. 1996 ж. 24 желтоқсан;

  • «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заң. 1997 ж. 20 маусым;

  • «Қазақстан Республикасында сақтандыру қызметі туралы» Заң. 2000 ж. 18 қаңтар;

  • «Акционерлік қоғамдар туралы» Заң. 2003 ж. 13 мамыр;

  • «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Заң. 2003 ж. 2 шілде;

  • «Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы» 2003ж. 4 шілде.


Бақылау сұрақтары:


  1. Биржа ұғымы.

  2. Биржа ұғымының құрамдас элементтері.

  3. Биржалық сауданың ерекшеліктері.

  4. Биржа дамуының негізгі кезеңдері.

  5. Биржаның негізгі кызметтері.

  6. Тауар, қор және валюта биржаларының түсінігі.

  7. Жеке биржалардың мемлекеттік биржалардан ерекшелігі.

  8. Ашық және жабық биржалар деген ұғым.

  9. Маманданған биржаның әмбебап биржадан өзгешелігі.

  10. Халыкаралық және ұлттық биржаларға тән негізгі белгілер.

  11. Нақты тауар биржасының, фьючерстік және опциондық биржалардың сипаттамасы.

  12. Биржалық сауданы ұйымдастырушыға қойылатын талаптар.

  13. Биржалық инфрақүрылымға қандай ұйымдар кіреді?

  14. Инфрақұрылым ұйымдарының атқаратын қызметі қандай?

  15. Биржаның қызметін реттеудің міндеті және әдістері.

  16. Биржаның қызметін реттеуші органдар.

  17. Қазақстанда биржаның қызметін мемлекеттік реттеу органдары



ІХ ТАРАУ Биржалық тауарлар
9.1. Биржалық тауар ұғымы және оның құрамы
Биржалық тауар деген биржалық сауданың объектісі бола­тын тауар, яғни ол - биржалық саудада сатылатын және сатып алынатын тауар. Өндірілген кез-келген тауар биржалық саудаға түспейді. Сонда ол кандай тауар? Ол - ілгерілекте айтып кеткендей биржалық сауданың ерекше белгілеріне және талаптарына сай келетін тауар.

Біріншіден, биржалық cayдаға тауардың нақ өзі түспейді. Олай болса, биржада сатылатын және сатып алынатын тауар стандартка сай болуы тиіс, яғни сапасы және тағы басқа параметрі бойынша арнайы заң талаптарына сай болуы керек. Биржалық тауардың стандартталуы деген белгілі бір тауарлар түрі мен тобының шеңберінде тауарлар өзара бірін-бірі алмастыруы тиіс.

Екіншіден, биржаға тауарлардың ірі партиясы саудаға түсіріледі. Ол деген биржалық тауар көпшілікке арналғандығымен сипатталады, яғни көптеген өндірушілер тауарларын үлкен көлемде және тұтынушылардың көптеген тобына арнап шығарады.

Үшіншіден, биржалық сауда тауарға еркін баға белгілеумен сипатталады. Сондықтан биржалық тауарларға сұраныс пен ұсынысқа және бәсекелестікке сай бағасы еркін кесілген тауарлар ғана жатады.

Әлемдік практикада кездесетін биржалық тауарлардың негізгі кластары мыналар:


  • заттық (материалдық) тауарлар;

  • бағалы қағаздар;

  • шетелдік валюталар.

Егер аталған әрбір тауар класын таратып айтсақ жоғарыда көрсетілген талаптарға сай, яғни көпшілікке арналған, стандартты және өзара алмастырылатын, сондай-ақ бағасы еркін қалыптасатын тауарлар ғана биржалық сауданың объектісі бола алады.

Биржалық сауданың қазіргі кезде кең дамуына байланысты биржалық тауарлардың тізімі күрделеніп бірінші кезекте бағалы қағаздар класы көбейе түсуде. Биржалық тауарлардың негізгі кластарының тізімі қор нарығындағы индекстерге фьючерстік шарттардың және фьючерстік проценттің пайда болуына байланысы екіге өсті, атап айтқанда, биржалық бағалардың құрама индекстері және мемлекеттік облигациялар бойынша проценттік ставкалар. Алайда, айта кететін жәйт, баға индекстері және проценттік ставкалармен биржалық сауда технологиясының басқа туынды құралдармен болатын биржалық сауданың технологиясынан ешқандай өзгешелігі жоқ. Сондықтан бүдан былай жоғарыда көрсетілген биржалық тауарлардың негізгі үш класы - заттық тауарлар, бағалы қатаздар, шетелдік валюта туралы таратып айты-лады.

Тауар биржасының объектісі - заттық (материалдық) тауар, немесе тауардың өзі. Биржалық тауарларды бейнелейтін белгілер:


  • өндіру мен тұтынудың көптігі;

  • стандартталуы;

  • жақсы сақталуы;

  • тасымалдануы;

  • тауардың сапалық сипатының нақты тұтынушыға байла­нысты болмауы

  • табиғи, мерзімдік, саяси және басқа факторлардың әсерінен бағаның өзгермелілігі.

Әлемдік практикада тауар биржаларында шамамен 70 түрлі тауарлар айналыста болады. Бұл тек алғашқы өңдеуден өткен тау­арлар, яғни шикізаттар мен жартылай фабрикаттар. Олар екі үлкен топқа бөлінеді:

Біріншісі, ауылшаруашылығы және орман тауарлары, сондай-ақ олардан өңделген өнімдер (шамамен 50 түрі). Атап айтсақ:



  • астық, яғни бидай, жүгері, арпа, сұлы, қара бидай;

  • май тұқымдары, яғни зығыр, мақта, соя, бұршақ, соя майы;

  • тірі мал және ет (қара мал, шошқа, малдың сан еті)

  • тоқыма тауарлары (мақта, жібек, жүн мата,иірілген жіп, кездеме);

  • тамақ-тағам тауарлары (шекер, кофе, какао, өсімдік майы, картоп, жұмыртқа, бұрыш);

  • орман тауарлары (құрылыс материалдары);

  • табиғи каучук.

Екіншісі, минерал шикізаты және жартылай фабрикаттар. Олар шамамен 15-20 түрлі болады:

  • түсті металдар (мырыш, мыс, алюминий және басқалар);

  • қымбат металдар (алтын, күміс, платина және басқалар);

  • мұнай тауарлары (мұнай, газ, бензин, мазут және басқалар).

Тауар биржаларында сатылатын тауардың өндіру мен тұтынуыт көптігімен және бағаның еркін қалыптасуы сияқты ерекше касиеті болуымен қатар, оның сапасы да айырықша болады.

Бұрыннан мәлім, өнімнің сапасы деген оның анықталған және шамаланған қажеттілікті қамтамасыз ету мүмкіндігі. Тауардың са­пасы оның физикалық, химиялық және биологиялық қасиетіне, сондай-ақ тауардың атқаратын қызметіне, эстетикалық, экономикалық және басқа да талаптарға сай болуына байланысты. Әрбір тауар түрін оның қасиетіне, сапасына және сапалық көрсеткіштеріне қарай сипаттауға болады. Алайда, тауардың пайдалы қасиеті болғанымен, бірақ ол жоғары сапалы болмауы мүмкін. Осыған орай биржалық сауда тауардың сапасы туралы ақпаратқа қатаң талаптар қояды. Олар:



  • ақпараттың толықтығы;

  • оның дұрыстығы;

• биржалық саудаға барлық қатысушылардың тауар сапасын бағалаудағы ауыз бірлігі.

Қазіргі кезде өнімнің сапасы туралы көптеген ақпарат көздері бар. Биржалық сауда үшін олардың көп қолданылатындары: та­уар туралы жарнамалық дәріптер, тұтынушылар одақтары мен қоғамдарының сараптық қорытындылары, стандарттар.

Жарнамалық ақпараттың мақсаты - нақты тауардың басқа осындай тауарлармен салыстырғандағы негізгі артықшылықтарын дәріптеп, жаңа тауарға көпшілік тұтынушылардың көңілін аудару. Алайда, жарнамалық ақпарат өнімнің сипатын сандық жағынан емес, сөзбен дәріптейді. Сондықтан жарнамалық ақпарат тауардьщ сапасын толық көрсете алмауы мүмкін.

Тауардың сапасы туралы тұтынушылар одақтары мен қоғамдарының міндеті - тұтынушыларды сатылатын нақты өнімнің келеңсіз жақтарын сипаттайтын толық және жан-жақты мәлімет айту.

Өнімнің сапасы туралы мейлінше толык және дәл ақпартты тауардың стандарты береді. Стандарттың міндеті - өнімнің қасиеттерін және осы қасиеттердің мөлшерлік көрсеткіштерін заң жүзінде белгілеу, сондай-ақ біртектес өнімдер тобының са­пасына қойылатын стандартты талаптарды айқындау. Сонымен тауардың сапасы туралы жоғарыда қарастырылған ақпараттар көзінен ең толығы, ең анығы, ең түсініктісі техникалық жағдайлар түрлерінің стандарты.

Алайда, биржалық операциялардың орындалмау тәуекелін төмендету үшін стандартта көрсетілген өнім сапасы туралы ақпараттар жеткіліксіз. Себебі биржа клиенттер алдында тауар туралы ақпарат үшін емес, тауардың нақ өзі, оның саны және сапасы үшін жауап беруі тиіс. Биржа тауардың бара-барлығына сенімді болуы үшін сол тауарға сарап жүргізуі керек. Бүкіл өркениетті әлемде кең түрде қолданылып жүрген сараптың бір формасы тауар өндіретін кәсіпорындарда өнім және сапа жүйесін сертификаттау болып табылады. Қазіргі уақытта өнімді сертификаттау тауардың сапасын басқаруда және де сатушының, сатып алушы мен тұтынушының тауар сапасына сенімін арттыратын фактордың ең тиімді құралы.

Сөйтіп, биржалық тауардың сапасын бағалауда:


  • стандарттар мен басқа нормативтік-техникалық құжаттарда көрсетілген сапа туралы ақпаратты;

  • екіншіден, өнімнің сапасы стандарт пен шарттағы талаптарға сәйкестігін анықтайтын құрал ретінде өнім сертификациясын;

  • үшіншіден, өндірушіге өнімінің жоғары сапасын және өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар екенін растайтын құрал ретінде сапа жүйесін сертификациялауды үйрену керек.

Тауарлар көп жағдайда буып-түю ережесін бұзғандықтан, дұрыс сақталмағандықтан және дұрыс тасымалдамағаннан өз сапсын жояды және құнсызданады. Оған қоса сыртқы факторлардың, яғни механикалық, биологиялық және ауа райының әсерінен сандық және сапалық өзгерістерге де ұшырайды. Мұндай жағдайда биржаның қоймасына қабылдау кезінде өнімнің сапасын қайта бақылау керек. Атап айтқанда:

  • тауар сапасының қолданыстағы мемлекеттік стандартқа сәйкестігін;

  • тасымалдау және сақтау процесінде тауар сортының төмендегенін;

  • тауар сапасының прейскуранттағы немесе шарттағы бағаға сәйкестігін;

  • тауарды қайта бағалаудың және арзандатудың дұрыстығын;

  • табиғи кемудің мөлшерін;

  • тауардың жарамсыздығының себебін;

  • тауардың дұрыс аталуын, қызметін және таңбасы мен жолдама тауарлы-транспортты құжатқа сәйкестігін қайта бақылаған жөн.

Өнімнің қазіргі жағдайы туралы ақпарат алудың маңызы зор. Сондықтан

оны алдын ала бекітілген халқаралық, ұлттық және мемлекеттік стандарттар талаптарына сәйкестігін салыстырып тексерген жөн.

Биржалық тауардың сапасын анықтау үшін биржаның өзінің арнаулы құрылымы, яғни сынақтан өткізетін зертханасы болуы керек. Тауардың сапасы туралы ақпараттар ағымын 9.1. Суретпен өрнектелік.



9.1. Сурет. Биржада мәміле жасау үшін сапа және сертификаттау туралы қажетті ақпараттар ұғымы
9.3. Бағалы қағаздар - биржалық тауар
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің жалпы бөлімінің үшінші тарауында бағалы қағаздар белгіленген нысан мен міндетті реквизиттерді сақтай отырып, жүзеге асырылуы тек оны көрсеткенде ғана мүмкін болатын мүліктік құқықтарды куәландыратын құжат деген анықтама берілген. Бағалы қағаздар деген көп қырлы, терең мағыналы ұғым. Себебі ол арқылы көрінетін экономикалық қатынастар өте күрделі, олардың түрлері үнемі өзгеріп, әрі дамып отырады.

Бағалы қағаз - ерекше тауар, ол арнаулы нарықта, яғни бағалы қағаздар нарығында айналыста жүреді. Оның тұтыну кұны жоқ.

Ол физикалық тауар да емес, көрсетілетін қызмет те емес. Кең мағанада айтқанда - ол құжат, оны келісілген бағамен сатуға және сатып алуға болады. Әлемдік практикада оның ғылыми анықтамасы жоқ, ал құқықтық анықтамасы әр мемлекеттің заңнамаларында көрсетілген. Мысалы, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінде және «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңда және басқа да заңдарда әртүрлі бағалы қағаздарға анықтама берілген. Егер бағалы қағаз деп көрсетілсе, оның айналысы ол шығарылған күннен мерзімі аяқталғанша заңмен реттелінеді.

Бағалы қағаздар қоғамдық маңызы бар бірсыпыра қызмет атқарады:

Біріншіден, экономиканың салалары мен аясында, аймақтар мен мемлекеттер арасында, адамдар топтары арасында, бұқара мен экономика салалары арасында, қалың бұқара топтары мен мемлекет арасында ақша қаражатын (капиталды) қайта боледі.

Екіншіден, иемденушісіне белгілі бір қосымша құқық береді (капиталға құқықтан басқа ), мыс, басқаруға қатысу құқығы, кейбір ақпарат түрлеріне және т.с.с

Үшіншіден, капиталға табыс алуды және капиталды қайтаруды қамтамасыз етеді.

Басқа кез-келген экономикалық категориялар тәрізді әр бағалы қағаздың өзіне сәйкес сипаттамасы бар. Олар: мерзімдік, кеңістік, нарықтық.

Мерзімдік сипаттамасы:


  • бағалы қағаздардың қызмет ету мерзімі, яғни айналысқа қашан және қанша уақытқа шығарылғанын көрсетеді немесе мерзімсіз бағалы қағаздар болады;

  • пайда болуы бойынша бағалы қағаздардың алғашқы шығу негізі тауар, ақша, немесе басқа бағалы қағаздар болуы мүмкін.

Кеңістік сипаттамасы:

  • қызмет ету формасын көрсетеді: қағазды (құжаттық) немесе қағазсыз (құжатсыз);

  • ұлттық, яғни отандық бағалы қағаздар немесе басқа мемлекеттікі (шетелдікі);

• аймақтық: бұл бағалы қағаздар елдің қай аймағында шығарылғанын көрсетеді.

Нарықтық сипаттамасы:

  • бағалы қағаздардың негізін құрайтын активтің типі немесе оның шығу негізі (тауар, акша, фирманың жиынтық активтері және басқалар) көрсетіледі;

  • иемдену формасы бойынша ұсынушыға арналған бағалы қағаздар немесе белгілі бір тұлғаға (заңды, жеке тұлға) арналған;

  • шығару формасы бойынша эмиссиялық, яғни бөлек-бөлек сериямен шығарылатын, өздерінің сипаттамасы бойын­ша бір серияның ішіндегінің барлығы бірдей, немесе эмиссиялық емес (жеке) бағалы қағаздар ;

  • меншік формасы және эмитенттің түрі бойынша бағалы қағаздарды нарыққа кім түсіреді: мемлекет, қорпорация, жеке тұлға;

  • айналмалылығы бойынша нарықта еркін айналады немесе кейбір кедергі болуы мүмкін;

  • құқық тұрғысынан қарағанда экономикалық мәні, яғни бағалы қағаздардың өз иесіне беретін құқық түрі;

  • тәуекелдік деңгейі тұрғысынан жоғары, төмен және с.с.;

  • табыстылығы - бағалы қағаздар бойынша табыс төлене ме, әлде жоқ па;

  • қаржы салу формасы бойынша бағалы қағаздарды сатып алғанда ақшаны қарызға ала ма, немесе меншік құқығын ала ма.

Кез-келген бағалы қағаздардың көптеген қасиеті бар. Оның ең басты қасиеті - әр түрлі әдістермен бағалы қағаздардың ақшаға айырбасталу (мысалы, борышты өтеу жолымен, сатып алу-сату, эмитентке қайтару, бағасын кеміту және басқа да жолдармен) мүмкіндігінің барлығы. Сондай-ақ, бағалы қағаздар есеп айырысуда қолданылуы, кепілдікке салынуы, көп жылдар бойы немесе мерзімсіз сақталуы, мұраға қалдырылуы, сыйлық ретінде берілуі мүмкін.

Алғашқыда барлық бағалы қағаздар тек қағаз формасында шыққандықтан оның атауы қағаз, бірақ бағалы деген сөз қосылып аталды. Оның құнын я өзінде көрсетілген сома, я нарықтық сома анықтайды. Нарықтық қатынастардың қалыптасуы және да­муы кейбір ТМД елдерінде (мыс, Ресейде) соңғы он жылдықта бағалы қағаздардың жаңа формасын - қағазсыз, немесе құжатсыз формасының пайда болу мүмкіндігін туғызды.

Бағалы қағаздардың қағаз формасынан қағазсыз формасына өтуіне бірсыпыра себептер әсер етті. Атап айтқанда:

Біріншіден, айналыстағы бағалы қағаздардың санының тым көптігі, әсіресе акция және облигация түріндегі бағалы қағаздардың он, тіпті жүз миллиондаған данамен шығуы;

Екіншіден, бағалы қағаздар иесінің көптеген құқығының оның формасына тәуелсіз жүзеге асу мүмкіндігі, мыс, бағалы қағаздар бойынша табыс төлеу, сатып алу-сату және басқа да істер бағалы қағаздарды көрсетпей-ақ жүргізілуі мүмкін;

Үшіншіден, бағалы қағаздардың қағазсыз формасы олармен есеп айырысу, олардың иесін алмастыру, оларды сақтау және есептеу, оларға салық салу және т.б. іс-әрекеттер тұрғысынан алғанда олардың айналысын жеделдетуі, оңайлатуы және арзандатуы мүмкін;

Төртіншіден, айналыстағы барлық жиынтық бағалы қағаздардың құрылымындағы өзгерістер, атап айтқанда, атау­лы бағалы қағаздардың санының көбеюі және ұсынушы бағалы қағаздарының үлесінің азаюы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет