Бағдарламасы бойынша шығарылды Құрастырған және алғы сөзін жазған Қанипаш Мәдібаева Қанайұлы Ш. Қ 34



Pdf көрінісі
бет24/40
Дата09.10.2023
өлшемі3.79 Mb.
#480227
түріБағдарламасы
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   40
c4931a4236cbca7eb8f0c9b977a1b666

Сәйділ Талжанов
ШОРТАНБАЙ ҚАНАЙҰЛЫ
1
Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 
1957 жылғы қаулысында әдебиет тарихын жасауға көп 
көңіл аударылды. Сол қаулыда: «Қазақ халқының өткендегі 
мәдениет мұрасының көп жақтары әлі де жиналмай және 
зерттелмей қалып отыр» дей келіп «1958 жылы филолгтар 
мен тарихшыларды қатыстыра отырып, ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы 
және ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ фольклорының, дер-
бес жазба әдебиет тарихының маңызды, түйінді мәселелері 
жөнінде ғылыми-теориялық конференция өткізу Қазақ 
ССР Ғылыми академиясына жүктелсін» деген. Партияның 
осы нұсқауын нысанаға ала отырып, Қазақ ССР Ғылым 
академиясының Тіл мен әдебиет институты ХVІІІ-ХІХ ғасырда 
болған көне бейнелердің бетін ашуға, маркстік-лениндік 
ғылыми көзқараспен олардың еңбектеріп екшеп, сұрыптауға 
жедел кірісті. Осы күнгі заманымызға сай әдебиет тарихын бір 
арнаға салуда өткеннің керекті-керексіз жағын ескермей бол-
майтыны даусыз. Сондықтан ХІХ ғасырдың өнбойында өмір 
сүрген Шортанбай ақыннның, сол өз заманында да, кейін 
біздің заманымызда да көп ауызға ілінген Шортанбайдың, 
әліміз келгенше, артық-кемін жасырмай алдарыңызға тар-
тамыз. Бір кезеңде белгілі бағытқа ие болған Шортанбай 
ақынның беті ашылса, оның өзімен тұстас-тұрғыластарының 
да бастары біраз ашылып қалмақ деп ұғамыз.
Шортанбай 1818 жылы осы күнгі Түркістан ауданы, 
Қарнақ қыстағында туған. Жас кезінде шаруа баққан диқан-
шы Шортанбай ХІХ ғасырдың орта шенінде Сарыарқаға кел-
1
«Әдеби мұра және оны зерттеу», 1961 ж. 


222
ген. Сол кезде Қарқаралы дуанына қарайтын арғын руынан 
тараған Қараүсен Кеней ішінде өмірінің соңғы кезін өткізген.
... Қара тауда халық едім...
Көк есекті мінуші ем.
Масақ теріп жүруші ем...
Сарыарқаның наны үшін,
Шалқып жатқан малы үшін,
Бері таман ауып ем... – 
деп Шортанбай «Бала зарында» өз өмірін баяндайды.
Ал енді сол Шортанбай келген кезде Сарыарқада шаруа-
шылық жағдай қандай еді? Мәдениет сатысы, әдет-ғұрып, 
салт-сана қандай еді?
Ауыл-ауылға бөлініп, ру намысын жыртып, көшіп жүрген 
кез. Ауылды ақсақал билейтін, ру басшысы – ауқатты бай 
билейтін, аймақты хан билейтін мезгіл. «Хан өтірік айт-
пайды... у ішсең руыңмен... түбі бірге түтпейді»... деп хан-
ды қолпаштап, ру бірлестігін дәріптеп, кедей мен байдың 
ынтымағын көздейтін заман.
Сауда-саттық араласпаған, орта ғасырлық ескі өмірдің 
қаймағы бұзылмаған, мұсылман діні де мықты орын теппе-
ген, феодалдық-патриархалдық ауыл еді. «Қырғыз (қазақ) 
ұлыстары Мұхаммет діні де жоқ, ескі шаман дінін қолданатын 
түріктерге таяу. Мұсылман діні бұларға әлі сіңбеген, мұсыл-
ман дінінің ішкі мәнісін жетік білмейді» – дейді В.В. Радлов 
(1870 жылы шыққан түрік ұлыстарындағы халық әдебиеті 
жөнінде жинап бастырған кітабында).
Міне, Шортанбай Сарыарқаға сол уақытта келді. ХІХ 
ғасырдың бірінші жартысында, хандық дәуірінде, Кенесары-
ның қылышынан қан тамып тұрған кезде келді. Сол кез-
де Шортанбай ақын Жамантай, Құсбек төрелерді шырғалап, 
солардың жыршысы болды.
Ендеше, Шортанбай феодализм заманында туып, сол 
дәуірдің ыстығына күйіп, суығына тоңған адам.
Шортанбай өз заманындағы әлеуметтік өмірді жете білген, 
кем-кетігін сынай отырып, көргенін қаз қалпында айнаға 
түсірген шебер ақын. 
ХІХ ғасырдың екінші жартысына қарай өрмектің жүзі 
ауғанда, феодализмнің іргесі ыдырап, ауыл «бүтіндігі» 


223
қожырай бастайды. Россияда 1861 жылы болған өзгерістің 
лебі Сарыарқаға да жетеді. 1868 жылы «Жаңа закун» шығып 
қазақ елін билеу саясаты өзгереді. Бұрынғы хан, төрелердің 
беделі кеміп, қазақтың өз ішінен шыққан байлар қатарға 
енеді. Сарыарқаға сауда-саттық жайылады, Мал-мүлік 
базарға түседі, жәрмеңке ашылады, базар нарқын ақша 
билейді. Қысқасын айтқанда, капитализм элементтері ауылға 
баса көктей кіреді. Міне осы «жаңа закун» тұсында ел биле-
ген болыс, ауылнайлардың атағы зораяды. Кешегі феодализм 
дәуірінің дәмін татқан Шортанбай қысылшаң жағдайға душар 
болып «өлі араға» кезігеді. Жаңаны танымайды, өткенді қия 
алмайды. Сонда:
Әуелі қорлар зор болды.
Сондағы қорлар зор болды...
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ.
Мініп көрер күші жоқ.
Ақша деген мал шықты – 
деп ауыл ішіне жаңа кірген айырбас-сауданы суреттейді. Пат-
ша өкіметінің отарлау саясатын ауылға ала келген «жаңа 
закунның» ұлықтарын көреді, «үріп ішіп, шайқап төгіп» 
отырған берекенің шайқалуын солардан деп біледі. Ка-
питализм қарым-қатынасы кіріп, жұрттың бәрі ақшаға 
табынғанын, феодалдық-патриархалдық заманның тозғанын 
аңғарады да қынжылады. Ауылдың ішіне «іріткі» түсіп, 
жұрттың саудаға жұмыла кіргенін көріп қамығады. Баяғы 
феодализм заманындағы «бірлік», ығыса бастайды, ру 
дәнекерімен біріккен ескі заманның арқауы ыдырайды, ауыл 
ішіне жік түседі, жаңа дәстүр кіреді, әркім кәсіп іздеп өз күнін 
көруге тырысады.
Елге егін жайылды.
Байға қоңсы жоламас,– 
Бай кедейді көрмейді.
Кедей байға ермейді,–
деп тап жігінің ашылғанын, кедейдің байды әбден түсініп, 
түңілгенін де анық көреді.
Байлардың кедейді қалай қанайтынын, аяусыз қалай езгі-


224
ге салатынын, жауыздығын ашып-ашынып айтады. Кедейдің 
титықтағанын көрсететді. Қанаушы таптың қомағайлығын 
күшейте түседі:
Жарлының жаны берік екен,
Жыл он екі ай қой бағып.
Жалғыз тоқты алады.
Тоқты берсе ісек деп,
Құнан шығар тұсақ деп,
Саулық берсе егіз деп,
Қыстан шыққан семіз деп..
береді дейді.
Кедейдің сол кезде көрген жапасын көз алдына келтіреді. 
Жеңгетай тілмәш, делдал сәудегерлердің сазайын береді.
Кедей қайтып күн көрер,
Жаз жатақта жатқаны.
Жаздай арық қазады
Күздей пішен шабады.
Оны-мұны жиғанын
Шығын деп тілмаш алады.
Жалғыз сиыры бар болса
Соғымына сояды.
Қағаздатып бұзауын
«Ноғайына» қояды.
Кедейге салып шығынды,
Негізі байдың тояды,–
дейді Шортанбай («Бала зарында» 13-бетте).
Байлардың ауылдағы тиянағы жаңа дәуірдің жендеттерін:
Болосной, би, ауылнай,
Сырттан қарап шолып тұр.
Бір ауыз оғат сөйлесең
Алдыңнан тұзақ құрып тұр.
Елу басы, он басы,
Ол шайтанның жолдасы... –
деп шенеп өтеді де, байлардың оңаза қылығын, бұқараны 
қалай талап жатқанын да аша түседі:
Байлар ұрлық қылады
Мал көзіне көрінбей.


225
Билер жейді параны
Сақтап қойған сүріңдей...
Ойлағаны жамандық
Жарадан аққан іріңдей...
Ақ патшаны да, сол патшалық Россияның отарлау сая-
сатын жүргізіп, бұқараны қанап жатқан «Жаңа закуннің» 
ұлықтарын да – жандарал, майыр, князь, тілмаш,– бәрін де 
көзінен тізеді, солардың жемтіктесі – би, болыс, ауылнайлар-
ды аямаған Шортанбай олардың өзін де сілтейді:
Патша жұртын қанады.
Байлар жөргем санады.
Жандарал болды ұлығың:
Майыр болды силарың.
Князьді көрдің піріңдей, 
Тілмәшті көрдің жеңгеңдей.
Осының бәрін зәрлі сықақпен суреттей келіп, өмірдің 
өзгергенін де Шортанбай түсінеді:
Ұлың киді дүрия,
Ұстараның жүзіндей
Аударылған дүния.
Қызың киді биқасап...
деп толғанады.
Адамның пиғылы өзгергенін, капитализм дәуірінің талай 
«құбыжықты» өзімен бірге ала келгенін феодализмнің жыр-
шысы Шортанбай өз табының мұнарасынан қарап әралуан 
өмір шындығын анық айтып береді. Қожа-молданы да ол ая-
майды:
Қожа-молда көбейіп,
Отырғаны шөмейіп.
Жамандығы ішінде
Жан-жағына қарасып.
Оларды да келемеждеп жек көрсетеді.
Байын да, чиновнигін де, қожа-молдасын да аямай сы-
найды. Сондықтан ол халық арасына көп тарады. Оның 
өлеңдерінен әркім өз керегін алды.


226
Біздің Академияның кітапханасында «Шортанбай ақын-
ның шығармасы» деген 70 бет қолжазба бар (№780).
Бұл 1941-1949 жылдарда жиналған екен. Сонда «Зар 
заманның» бірнеше жүйесі тізілген.
Шортанбай мен Шөженің, Шортанбай мен Орынбай 
ақынның айтыстары бар. Баспаға басылған «Бала зары» – 
бар; В.В Радлов жинағының үшінші томында (714-737 бет-
терінде) «Зар заман», «Заман ақыр» бар, бұларды Радлов 
жұрт аузынан жинап, 1870 жылы бастырған. 1883 жылы 
Ташкентте басылған Лютштің «Қырғыз хрестоматиясы» атты 
кітабының 225–249-беттерінде «Зар заман» бар.
Бір көңіл аударатын нәрсе 1870 жылы В. В. Радлов «Зар за-
ман», «Ақыр заман» өлеңдерін Семей, Сергиополь, Қапал, 
Верный (Алматы) төңірегінен, Бұқтырма өзенінің бойынан 
жинаған, ал Лютш те «Қырғыз хрестоматиясын» 1883 жылы 
ел аузынан жинап шығарған, бірақ Лютш бұл әңгімелердің 
бәрін Әулие-Ата (Жамбыл), Шымкент, Түркістан, Ақмешіт 
(Қызылорда) қазақтарының аузынан жинадым дейді. Радлов-
тың «Зар заманы» да, Лютштің «Зар заманы» да, мына қол-
жазба «Зар заман» да – бәрі де біріне-бірі сабақтас. Жалғыз-ақ 
Лютштің «Зар заманы» Шортанбайды «Бала зарының» сөзімен 
басталады да, артынан мына қолжазба «Зар заман» болып 
жүре береді. Радловтың «Зар заманында»:
Жандарал болды ұлығың.
Майыр болды сыйларың
Айрылмастай дерт болды,
Нашарға қылған зорлығың.
Князьді көрдің піріңдей.
Тілмәшті көрдің биіңдей.
Дуанды көрдің үйіңдей
Абақты тұр көріңдей
Байлар ұрлық қылады,
Көзіне малы көрінбей.
Билер пара жейді екен.
Сақтап қойған сүріңдей.
Заманның түрі бұзылды.
Текеметтің түріндей.
Ойлағаны жамандық
Жарадан аққан іріңдей...


227
десе (Радлов, 1870 жылы, 722-бетте), Лютштің «Зар зама-
нында»:
Генерал болды ұлығың.
Майор болды сыйларың
Князьді көрдің піріңдей.
Тілмашті көрдің бегіңдей.
Дуанды көрдің үйіңдей 
Абақты көрдің көріңдей
Байларың ұрлық қылады,
Сан қарасы көрінбей.
Билерің пара шайнайды.
Сақтаған сары сүріңдей.
Заманың, тәңір, бұзылды.
Текеметтің түріндей;
Ойлағаны жамандық
Жауырдан аққан іріңдей...»
дейді (Лютш, 240-241-беттерде).
Шортанбайдың сол кезде халық арасына кең жайыл-
ғаны көрініп-ақ тұр, қазір 3500 жолдай Шортанбай өлеңі 
жиналған, бірақ бұл ақынның өлеңдері әлі түгел жина-
лып болған жоқ, өйткені осы күнгі Қарағанды, Қарқаралы, 
Ақмола төңірегіндегі қазақтардың Шортанбай өлеңі деп ай-
тып жүрген өлеңдері бұл жиналған өлеңдердің ішінде жоқ.
Мысалы:
Бай да өлген, батыр да өлген, патша да өлген,
Өлмей тірі қалған жоқ – ажал келген,
Ұжмақтың кілтін ашып көрген жан жоқ,
Дүниенің ең қызығы тірі көрген,–
деген өлеңді Шортанбай көптен көріспей жүріп кездескен 
досы Жаңғұттыға айтқан екен деседі. Ел аузында осы тәрізді 
басқа өлеңдері де, сөздері де болу керек, 30-40 жыл сөз до-
дасына түсіп, қиыстырып өлең айтқан, жұртқа көп тараған 
ақын Шортанбайдың мұрасы мұнша аз болмасқа тиіс.
«Бала зары» 1888 жылы Қазанда басылды, содан кейін 
төрт рет қайтадан басылып шықты. Ендеше, сол Қазан 
мен Уфа төңірегінде бұл кісінің қолжазбалары жоқ деу де 
қиын. Осының бәрін іздестіріп жинақтау керек. Ленин-


228
град архивінде де бар шығар, өйткені сол кезде Қазанда 
басылған Шортанбайдың «Бала зарына» Санкт-Петербург 
цензурасы рұқсат берді деп өлеңнің сыртқы мұқабасында 
көрсетілген.
Асқаралы ойдың иесі, кестелі сөздің кемеңгері Абай да:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау,
Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау!
дейді. Өзінен бұрынғы болған адамдардың ішіндегі елеулісі, 
іліп алары осы деп білді. Абайдай кісінің аузына ілінуі тегін 
емес. Ал кемшілігін көре білген Абай сол Шортанбайдың 
дұрыстығын да бағалай білмеді деуге болмайды.
Қазақ елінің көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтын-
сарин 1879 жылы шығарған «Қырғыз хрестоматия-
сы» атты кітабында «Зар заманды» былай қойып, Радлов 
жинағындағы «Ақыр заманды» пайдаланған.
Діни сөз, еңіреп жылау «Ақыр заманда» көп қой. Елді 
прогреске сүйреген, ағартушы Ыбырай «Ақыр заманда» 
кездесетін «кәләм-сәлемдерді» алмайды. Мысалы Радлов:
Заман ақырдың хандары
Қасындағы сұлтандары,
Тақ үстінде отырғандары,
Жарлыдан алып байларға
Ақыл қылса керекті
десе (В. В. Радлов – 1870 ж. 728 бет).
Алтынсарин:
Азғын елдің хандары
Тақ үстінде отырғандары,
Жарлыдан алып байларға
Сыйлар берсе керекті – 
дейді. (Ы. Алтынсарин. 1879. 54-бет).
Радлов:
Заман ақырдың қожасы
Қайрылып келер есікке
Бұл үйде кім бар екен деп


229
Көзін салар тесікке
Бала-шағасын бастырып,
Төрге шығып отырып.
Дұға қылса керекті.
Алтынсарин:
Азған елдің қожасы
Қыдырып келер есікке.
Бұл үйде кім бар екен деп,
Көзін салар тесікке.
Балаларын бастырып,
Қатындарын састырып,
Төрге қарай ұмтылып.
Тамақ үшін қылқынып,
Дұға қылса керекті – 
Әрі қарай Шортанбай «Ақыр заманында» (Радловтың 
нұсқасы бойынша) «Заман ақырдың» молдасы, билері, бай-
лары сыналады (728-729-беттерде), ал Ыбырай Алтынса-
рин сол жерлерін алып өз хрестоматиясына енгізеді, бірақ 
бұл кісі «Заман ақыр» деген сөздің орнына «Азған елдің 
молдасы, азған елдің билері, байлары» деп өзгертеді (Ы. 
Алтынсариннің 55-56-57-58-беттерін қараңыз), 1957 жылы 
шыққан «Ы. Алтынсариннің жазушылық қызметі туралы» де-
ген Ә. Дербісәлиннің кітабында осы теңестіру бар.
Өзімен идеялас, бір бағыттағы ақындардан Шортанбай 
әлдеқайда жоғары өрлейді, әлеуметтік өмір ішінде болған 
кем-кетіктерді батыл сынайды. Соныдықтан ол сахараға көп 
жайылды, ауыздан-ауызға көшіп тарап кетті.
Шортанбай туралы айтылға пікір біздің заманымызда да 
оның өз өлеңінен әлдеқайда көп. Таласу таусылмай келе жа-
тыр, осының себебі не? Бұл сұраққа тікелей жауап бермес-
тен бұрын, Шортанбай жөніндегі пікірлерін ортаға салған 
адамдарды атап өтелік. Шортанбай туралы болсын, жал-
пы алғанда ескі мұраларды игеру жөнінде болсын, 1940 
жылдарға дейін «біріңғай» бетте келдік. Өткеннің бәрі 
«оңбаған, феодализм, мистик, кертартпа» деп ат-тонымызды 
ала қаштық. Ал, енді 40-жылдардың басынан бері қарай 
мына 1947 жылға дейін бұрынғы сыңаржақтыққа қарама-
қарсы бетке түстік. «Жоқ, бұрынғы пікіріміз теріс екен, бұл 


230
ескі ақындар феодализм жыршысы емес, мистик-діндар 
да емес, бұларда кертартпалық мүлде жоқ, халық мұңын 
жырлаған – бұқараның өз ақыны екен», – дестік. Дәлін 
айтқанда, 1942 жылы жазушымыз Сәбит Мұқанов «Қазақтың 
ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» атты 
кітабында осы соңғы пікірді қолдады. Сонда: «Шортанбай 
кедейдің ауыр халін жай сипаттаушы ғана емес, кедейге шын 
жаны ашитын ақын» дегенді айтты (сол кітаптың 124-бетін 
қараңыз).
1943 жылы «Қазақ әдебиетінің оқу құралында» профес-
сор Қажым Жұмалиев те Шортанбайды феодализм ақыны 
дей отырып, оның «халықтық» жағын баса көрсетті. Сол 
сияқты Е. Ысмайылов та, тағы басқалар да осы бағытта бол-
ды.
Ал, бері келе, былайша айтқанда 1948–50 жылдар-
да шыққан «Қазақ әдебиетінің оқу құралында» профессор 
Қ. Жұмалиев бұрынғы пікірлерінен қол үзіп, сын көзімен 
қарап, дұрыс бағасын берді. «Шортанбай өз дәуірінде көп 
шындықтардың бетін ашты, кедейлердің ауыр тұрмысын 
көре білді, бай, болыс, ел билеуші әкімдердің жал-
пы еңбекші халықты қанап отырғандығын көрсетті. Бірақ 
осыларға Шортанбай феодал табының көзқарасымен жауап 
берді», – деді (1950 жылы бесінші басылуындағы 20-бетін 
қараңыз).
1957 жылы «Қазақ әдебиетінің» 12 апрельде шыққан 
15 санында «Ана тілі мен әдебиет сабағы туралы» жазған 
мақаласында жазушы академик Сәбит Мұқанов та Шортан-
бай туралы өз ойын ортаға салғанда оның екі жақтылығын 
арнап көрсетті. Сол 1957 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 
бетінде Т. Нұртазин, Ы. Дүйсенбаев, Ғ. Мұсабаев, С. Нұрышев 
жолдастар пікір алысты. Әрбіреуі өзінше адал ойларын жа-
риялады. Әрине, бұлардың біріне-бірі қайшы келгендері де 
болды. Мысалы, Мұсабаев «Шортанбай діндар емес, оның 
шығармасындағы дін сөздері, тегі, Қазан молдаларының 
жамап-жасқауы болар» деп жорамалдаса, Нұртазин «Жоқ, 
бұл мистик-ақырет ақыны» деп қарсы шықты. Заты, Шортан-
бай туралы пікірін айтқанда, әр автор түгіл, бір автордың да 
әр кезеңде әр түрлі айтқандары да болады. Бірақ, бәрін тал-
дап жатуға уақыт та, орын да жоқ. Сондықтан кейінгі 1957 


231
жылы пікір алысуда аты аталған жолдастардың тірелген ортақ 
пікірін қысқаша айтып өтелік.
Олардың бәрі де бір ауыздан: «Шортанбайды пайда-
ланайық, ол өз заманының елеулі ақыны, өзінің орнын бере-
лік, оны Абайдан бұрынғы әдебиетттің көрнекті уәкілі етіп, 
маркстік сын көзіме қарап, екшеп, кәдеге асыралық» десті. Біз 
де осы пікірді жақтаймыз. Алайда, осы таластардың тууына 
себеп не? деген сұрақ тұр, бұған жауап бере кетпей болмай-
ды.
Әрине, феодализм мен капитализм бір-біріне қайшы 
тұрған екі формация екені даусыз. Осы екі формацияның 
тоғысқан кезеңінде өмір сүрген Шортанбайда да қайшылық 
болуы заңды. Жаңа келген капитализм элменттерін: сауда-
ның, ақшаның күшін, халықты қанаудың жаңа түрін Шортан-
бай өзінше түсінді, ақын оның кескінін, отарлау саясатының 
өкілдерін парақор чиновниктер мен жебір болыстардың 
сиықтарын, кедейлердің көрген зорлығын, капитализм дәуі-
рінде күшейген мұсылман молдаларының да іс-әрекетін 
анықтап ашты. Өз заманындағы өмірдің шындығын көргенде 
тайға таңба басқандай етіп бадырайтып-ақ көрсетті. Міне, 
Шортанбайдың да бізге керекті жері осы. Ал, екінші жағынан 
қарасақ Шортанбай өз кезіндегі көзіне түскен кемшіліктерді 
міней келіп, келемеждеп сорақылығын анық айтып бере 
алады да, қырағылық жасап Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты 
жоғары көтеріле алмайды. Капитализмнен прогрестік бағыт 
табу қолынан келмейді, түсіне алмайды, кейін тартады:
Заман жауға кеткен соң
Кім үлкенді сыйлайды?
Қыз сыйламас анасын.
Қыз, жігітте әдеп жоқ.
Закун айтып қатын тұр.
Қойнында жатқан еріне,
Ағаны іні көрмейді,
Атаға бала араз боп.
Сызылып тұрған келін жоқ,
Тергеп тұрған заман жоқ,
Күйерсің де, пісерсің
Жанған отқа түсерсің – 
деп назаланып өткенін көксейді де:


232
Заман кетті қырынға
Бұрынғы, шіркін, заманның
Иісі де келмес мұрынға
Биттей нәрсе қалсайшы
Бұрынғыдан ырымға, – 
деген қорытындыға тіреледі. Ескіні үлгі етеді, феодализмді 
аңсайды. Шортанбайдың бізге ұнамайтын жағы осы. Ендеше, 
осы таластардың шығуына ақынның өзі айтыпты, өйткені бұл 
Шортанбайдың өз қайшылығы зор ақын.
Шортанбай құдайға сенеді – «құдай бір, пайғамбар хақ» 
деп біледі. Ол мұсылман дінінің қабырғалы молдасы, әйтсе де 
үнемі молдалық жолын қумай, заманында айтысқа түскен – 
суырып салма ақын. Шортанбайды өз қалпында көрсету жөн.
Ұлы ұстазымыз Владимир Ильич Ленин орыстың кемеңгер 
жазушысы Л.Н. Толстойды «орыс революциясының айнасы» 
дегенде ол революционер деген жоқ, ол шын мағынасында 
суреткер, өз заманын объективтік негізде дәл көрсетті деп 
бағалайды. Г. В. Плеханов та «Толстоймен бірге отыру қауіпті, 
ал Толстойсыз өмір сүру көңілсіз» – деп бекер айтпаған бо-
лар. Толстойдың діншілдігін «пәлеге қарсы шықпа, тағдырға 
мойынсыну керек» деген пікірін Плехнов жақтырмайды, 
бірақ оның өмірді шебер суреттеп, өз заманында болған 
әлеуметтік жараның аузын ашып, айқын көрсеткендігі үшін 
жақсы көреді. Осы жерде ескерте кетелік, біз ұлы ұстазымыз 
В. И. Лениннің пікірін айтқанда Шортанбайды Толстоймен 
қатар қою үшін емес, өз ойымызды тиянақтаудың айғағы 
есебінде алдық. Шортанбайдың Толстойға үш қайнаса сор-
пасы қосылмайтыны анық қой. Жалғыз-ақ айтарымыз 
Шортанбайдың қасиеті де шындықты дәл айтуында. Ка-
питализм дәуірін суреттегенде, соның ішінде болған өз 
қайшылықтарын ашып айтқанда, байлар мен кедейлердің 
жігі ашылғанын, олардың өштесіп, біріне-бірі рақымсыз бола 
бастағанын ақын шебер көрсетеді, ендеше бұл жәйт Шор-
танбай өлеңдеріне ерекше көңіл аударуды қажет етеді. Шор-
танбай өлеңдерінде араб сөздері кездеседі, бірақ жал-
пы елге таныс сөздерді ғана алады, бұған қарағанда, заты, 
оның діндарлығы ескі шағатай тілінде жазылған, ел арасы-
на көп таралған: Бақырған, Хикмет, Дақайық, Мұхамедияр 
көлемінен аса алмайтын сияқты. Солардың әсерін қазақ 
әдебиетіне ала келген кісі тәрізді.


233
Біріншіден, Шортанбай ақынның бұрынғы фольклор дәс-
түрінен недәуір алға кеткендігін көреміз. Өйткені Шортанбай 
өлеңінің варианты біреу-ақ. Екіншіден:
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол ақынның білімсіз бейшарасы, –
деп Абай айтқандай, Шортанбай сөзін ескі ақындарша баста-
майды. Айтатын пікірін тура айтады. Бұрынғы ақындар төрт 
жолды өлең айтса да, шұбыртып жырлай жөнелсе де айта-
йын деген ойына тікелей қатысы жоқ басы артық сөздерді көп 
қыстыратын:
Тесіп алып, ендеше, тесіп алып,
Жылқы айдаймын қайыңнан кесіп алып.
Аулың алыс кеткенде беу қарағым,
Мен құрбыңды жүргейсің есіңе алып, –
дейтін еді. Осында айтайын деген пікірі соңғы екі жолда тұр, 
ал бастапқы екі жол ақынның басында бұрын қалыптасқан 
ұйқастар.
Ал жырлардың басында да:
Бәленше сонда сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді,
Асу да асу бел дейді,
Аса бір соққан жел дейді...
деп шұбырта жөнеліп, өз ойын артынан ағытатын жыр 
дәстүрінен де Шортанбайдың озат тұрғаны байқалады. Шор-
танбай көлденең сөздерді азайтып, тура өзінің нақтылы 
пікірін кесіп айтатын ақын.
Ескі фольклордан көркем әдебиетке немесе тарихи 
әдебиетке таянған, бірақ ескі, фольклар салтынан ат құйры-
ғын мүлде кесіспеген ақын. Ал, енді өлең кестесінде негізінен 
бұрынғы он бір буынды өлең мен 7-8 буынды жыр түрі ғана 
бар, басқа түр жоқ тәрізді.
Біздің ойымызша Шортанбай ауыз әдебиеті мен жаз-
ба әдебиеттің арасында жатқан көпір. Бұрынғы көлденең 
сөздерден арылып, әлеуметтік мұңды жырлағанда айтатын 
сөзін сұйылтпай дәл айтқан, сөз образы арқылы халықтың 
қышыған жеріне дәл тиіп, ойын көркем бере білген. 
Метафораның ұлғайған түрін қолданып суреттейді:


234
Белгісі деген бейіштің
Жазғы бір салқын самалды.
Тарлығы деген тамұқтың
Қысқы суық амалды...
Алақандай ай мен күн
Ғаламның ортақ жарығы
Ағаш көркі жапырақ,
Адам көркі шүберек,
Шынарға біткен мақтадай,
Шырайлы болса алғаның, –
дейді.
Шортанбайдың осы өлеңінде артық сөз жоқ. Көздеген 
ойын, табиғат құбылысы арқылы, теңестіру арқылы әдемі 
жеткізіп отыр.
Көпке тентек – аз қисық
Қамшыменен и болар,
Ер басына күн туса,
Бұта түбі үй болар.
Жан жоламас жатқанға
Жүргенге жөргем ілінер, –
дейді. Ақындық тілді, афоризмді қолданады. 
Қалықтаған сұңқар ем,
Қанатым сынды ұша алмай,
Қиядан қуға түсе... алмай...
деп келеді Шортанбай. Ұластырылған эпитет, метафора мен 
параллелизм осы арада әдемі үйлескен. Осы тәрізді әдемі 
сөздің кестесі, айтайын деген ойын оқушыларына дәл жеткізуі 
де Шортанбайдың шебер ақын екендігін дәлелдейді.
Әдебиет тарихын сөз еткенде де ауызша да, баспа бетінде 
де халыққа көп тараған Шортанбай жөнінде үндемей өтуге 
болмайды. Сондықтан маркстік сын көзбен қарап, ғылыми 
тексеру Шортанбайдың өз орнын беру қажет дейміз.
1) Шортанбай феодализм мен капитализмнің тоғысқан 
дәуірінде туып өскен ақын. Өз заманында капитализмді ол 
түсінген жоқ, патшаның отарлау саясатына қарсы ақын.


235
2) Шортанбай діншіл – үлкен молда және айтысқа да 
түскен суырып салма ақын.
3) Шортанбай халық арасына кең жайылған ақын, өйткені 
өзі дұрыс бағыт сілтей алмаса да, көп нәрсеге кертартпалық 
тұрғысынан қараса да, ол өз заманындағы әлеуметтік мәні 
бар зор мәселелерді қозғаған ақын.
4) Қазақ өлеңін бұрынғы көлденең сөздерден адалап, 
ауыз әдебиетін жазба әдебиетке әкеп жеткізген ақын.
5) Шортанбай капитализм заманында болған ішкі қайшы-
лықтарды көрсете білген, бірақ феодализм оның алғашқы ат-
танатын бекеті.
6) Шортанбай шығармаларының тіл жағынан мәні зор.
7) Шортанбайдың мұрасы түгел жиналып, сұрыпталып, 
зерттелу керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   40




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет