18. Молданияз Байболсынұлы Бекімов 1882 жылы 12 қыркүйекте Орал облысының Қаратөбе ауданына қарайтын Жақсыбай болысындағы 24-ауылда туған. Қазір ол ауылдың көлемінде «Аққозы» совхозының мекенжайлары орналасқан. Руы – алаша. Молданияздың кенже інісі Сүлейменнің жазуына қарағанда, кіші жүздегі 12 ата Байұлының бір руы болып саналатын Алашаның бір тарауы – Назар Молданияздың жетінші атасы [227].
Бекім Байболсынұлы орта шаруалы, жасында мұсылманша оқыған, сауаты бар адам екен. Балалардың ішінде жасынан-ақ оқуға, білім қуып, дүниетануға талпынған Молданиязды әкесі әуелі діни оқуға беріп, Сәрсенбай, Байғожа деген ауыл молдаларынан арабша «тілін сындыртады», яғни арабша сауаттандырады.
Молданияз зерек, ананы-мынаны біліп, түйіп алуға құштар болған. Ауыл молдаларынан мұсылманша оқып, арабша сауатын ашқаннан кейін, сол кезде анда-санда қолына түскен қазақша, татарша басылған қисса, дастан, жырларды қызыға оқитын болған [228].
Сол кезде Молданияз Бекімовтің жан-жақты, білімге құштар адам екенін көруге болады. Сонымен қатар жасы үлкен адамдардан естіген қазақтың аңыз-әңгімелерін, ертегі, аңыздарын, мақал-мәтелдерін жаттап алып, зердесінде сақтаған. Халықтың жазба және ауыз әдебиетінің үлгілерін бала кезінен бастап естіп, білуі оның есейген шағындағы творчествосының қанат қағуына, халықтық фольклор нұсқаларын, этнография үлгілерін насихаттауына тікелей әсер еткен. Фольклорлық, этнографиялық мұралары қазақ, орыс тілдерінде жарияланып, сақталған көрінеді.
Дүмше молдалардың алдынан өтіп, аздап сауаттанғанын місе тұтпаған Молданияз білімін тереңдету үшін Орал қаласындағы әскери-реалды училищеге түседі. Ол мектепті 1902 жылы тамамдаған. Ол әскери қызметке өз еркімен кіргендер қатарында. 1902 жылы 28 тамызда Қазан қаласындағы жаяу әскер юнкерлерінің училищесіне 2-ші разряд бойынша қабылданып, оны 1905 жылы 22 сәуірде бітірді. Жас офицерге подпоручик атағы берілді. 6-шы жаяу әскер Либавна полкіне, одан кейін 130-шы Херсон полкіне командирлік қызметке жіберілген. Жыл аяғына таман 8-ші Закаспийск атқыштар полкіне ауысып, келесі жылы тамызда Ташкенттегі бірінші Ташкент резерв батальонына қызмет етуге жіберілген. 1906 жылы қарашадан 1908 жылғы маусымға дейін Түркістан әскери округінің штабында қызмет істеп, бірінші Түркістан атқыштар батальонына командирлік жұмысқа жолдама алған. 1909 жылы 20 қарашада оған поручик атағы берілген. Бұдан кейін 1910 жылы Жаркентте /осы күнгі Панфилов қаласы, Талдықорған облысы/ тұрған 21-ші Түркістан полкіне рота командирі болып тағайындалады [229] деп сақталған мұрағатта.
Молданияз Бекімовке 1913 жылы 5 қарашада штаб- капитан атағы беріледі.
Молданияз Бекімов қазақ халқынан шыққан санаулы офицерлердің бірі ретінде бірінші империалистік соғыс дәуірінде орыс әскерлерінің сапында болады. Германия әскерлеріне қарсы кескілескен ұрыста әуелі 1915 жылы 21 қаңтарда, сосын 23 ақпанда жарақаттанып, госпитальге жіберілген. Өз басының ұрыс түзіндегі батыл қимылдары және шебер басқарып, бастағаны үшін Молданияз Бекімов 1916 жылы 4 мамырда «Ерлігі үшін» деген жазуы бар 4-ші дәрежелі «Святая Анна» орденімен, сол жылы 15 маусымда қыл мен бант мүсінді 4-ші дәрежелі әулие Владимир орденімен және 1915 жылы 4 қыркүйекте «Ақ қыран» орденінің лентасы бар жалтыр қола медальмен марапатталған. Молданияз Бекімовті «санаулы офицерлердің бірі» деп айтуымыздың да жайдан-жай еместігін осы жерден көруге болады.
1917 жылы Ресейдің еуропалық бөлігінде әскери қызметте болды. 1917 жылы жазда Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі О.Шкапскийдің қаулысымен Жетісу облысына шақырылып, осындағы Нарын уезінің комиссарлығына тағайындалады. Уездің 12 болысы бойынша 1916 жылы дүрбелең тұсында Қытайға ауған қырғыз босқындарына көмек комитетінің жұмысына қызу атсалысты. Осы еңбегін Жетісу облысының комиссары М.Тынышпаев газет бетінде жоғары бағалады. («Қазақ» 1917, N 255). 1917 жылы желтоқсандағы 2-жалпықазақ съезінде Уақытша Ұлт Кеңесінің ( Алашорда) мүшелігіне кандидат болып сайланды.
Туыстарының жазуына қарағанда, нендей себептен екендігі белгісіз, Молданияз он шақты жылдай Қытайда болып, отызыншы жылдардың бас кезінде елге қайтып оралған. Башқұрт АССР-нда, Орынбор өлкесінде мекендеген ағасы Қожанияздың үйінде тұрып, совхоздың бухгалтериясында, астық қамбасында жұмыс істеген. Соғыс майданында екі мәрте жаралы болғандықтан ба, әлде ұзақ жылдар бойы әскери қызметте болуының, оның үстіне шет елде жүргенінің салдарынан ба, Молданияз мейлінше тұйық, кездескен адаммен көп сырласпайтын, тамағын да өзі пісіріп ішетін, үнемі тұнжырап, ойланып, бірдемелерді жазып жүретін болыпты.
«Молданияз ағайын-туғандарының /Сүлеймен, Гайдар жазған хаттарда айтылған/ сипаттауынша, оның жақын адамдарға, әсіресе тұрмыстың ауыр тауқыметін көргендерге қайырымды, ілтипатты болғанын баса айтады. Келбет-пішіні келісті, қараторы өңді, еңселі, бойын тік ұстайтын, сөзге сарабдал жан еді дейді. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде туып, ХХ ғасырдың бірінші жартысында жасаған әдебиетші, этнограф, әскери қызметкер Молданияз Бекімовтің өмірбаяны туралы қолда бар деректер осындай», – деп келтіреді Қабиболла Сыдиықов «Орал өңірі» газетінің 1994 жылы 23 сәуіріндегі жарияланған «Осы жұрт Бекімовті біле ме екен?» атты мақаласында [230].
ХХ ғасыр басында қазақ халқының ауыз әдебиеті мен әдет-ғұрпына қатысты деректер жариялап, орыстың классикалық әдебиеті үлгілерін ана тілімізге аударып, насихаттауға атсалысқан қаламгердің бірі – Молданияз Бекімов.
Молданияз Бекімовтің еңбегі зерттеушілер мен ғалымдардың мақалаларында, оқулықтар мен әдебиет тарихтарында әркез лайықты бағаланып келеді. Молданияз Бекімовтің шығармашылық қызметінің бірі – қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жинауы. Молданияздың жинап, жариялаған материалдарға «Жын-перілерді жеңген батыр», «Бай және оның айлалы малайы», «Қарашаш сұлу мен Қаражан батыр», «Алдар көсенің қулықтары», «Алтыншашты Тотамбай және оның сиқыр қарындасы», «Бір мырза», «Тышқан мен Арыстан», «Кім күшті?», «Түлкі мен дәуді алдаған қазақ», «Түлкінің қулығы» деп аталатын ертегілер мен мақал-мәтелдер кіреді. Алғашқы алты ертегіні Молданияз Бекімов Орал облысынан жинайды. Ол туралы Қазан университеті жанындағы археолгия, тарих және этнография қоғамының 1904 жылы 27 қаңтарда және ақпанда өткен жалпы жиналыстарында белгілі шығыстанушы Н.Ф.Катанов мәлімдейді. Н.Ф.Катановтың алғы сөзімен Молданияз Бекімов жинаған алты ертегі аталған қоғам «Хабаршысының» 1904 жылғы ХХ томының 4 және 5 басылымында жарияланады. Н.Катанов «Қырғыздың (қазақтың) халықтық эпосын зерттеуге қатысты материалдар» деген алғы сөзінде Молданияз Бекімов жинаған ертегілердің өзге түркі халықтары ертегілерімен салыстыра зерттеуге ерекше маңызы барлығын атап көрсетеді. Н.Катановтың пікірінше, бұл ертегілердің кейбірі сюжеттері өзге халықтардан ауысқан, кейбіреулері кездейсоқ ұқсас болуы да мүмкін деген тұжырым айтады.
Н.Катанов Алдаркөсе қулығы жайындағы ертегілер құрастырарда, құлынды ұрлау желісі әзербайжан мен түріктерде, Алдаркөсе қулығына ұқсас жайттар сарттар мен қырғыздарда, самұрық құс оқиғасы парсы және қазақ, қырғыз, т.б. түрік-татар тайпаларында, самұрық балапандарын жалмауыз жыланнан құтқарған батыр ерлігіне ұқсас жайттар әзербайжанда кездесетінін нақты дәлелдей отырып, түрік-татар тайпаларында көшпелі сюжеттердің болуы дағдылы жайт деген қорытынды жасайды. Молданияз Бекімов жинаған қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларының бәрінің де орысша басылымдары орыс тілінде жарияланған. Демек, Молданияз Бекімов қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын шебер аударып, орысша басылымдарда жариялап, өзге халықтарға таныстырушы да. Әрине, бұл жерде Молданияз Бекімов ел арасынан қазақша тексті алып, соны орысша аударды ма, әлде өз естігенін бірден орысша жазды ма, ол жағы бізге әлі белгісіздеу [231]. Қалай болғанда да, қазақтың әдеби мұрасын ел аузынан жинап, орысша жариялап, өзге халықтарға мәлім етуінің өзі – үлкен еңбек.
Молданияз Бекімов аударма жұмыстары арқылы қазақ балаларына ертегілердің мол қорын қалдыра білген. Және зұлымдықты жеңетін күш тапқырлықта, танымда, білімде екенін уағыздап, мол тәлім-тәрбиеге жол сілтеді.
Молданияз Бекімовтің тағы бір қыры, осы уақытқа дейін танылмаған қызметі – аудармашылығы. Ол осы салада А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» романын алғаш рет қазақ тіліне аударған. Қазан қаласында жеке кітап болып шыққан романның ықшамдалған нұсқасын Молданияз Бекімов аударғаны туралы Мұхтар Жанғалинның, А.С.Пушкиннің қазақша таңдамалы шығармаларының бір томдығына жазған алғы сөзінде айтылған. Бұл жөнінде Қазақ Ғылым Академиясының 1949 жылы №4 хабаршысында жарияланған М.Н.Фетисов пен Б.Кенжебаевтың ««Капитан қызының» қазақ тіліне алғашқы аударылуы» деген мақаласында толық мағлұмат беріледі [232]. Бұл мақалада Пушкин романының қазақ тіліне алғаш аударылуын авторлар ерекше көңіл бөлерлік әдеби құбылыс, сол кезеңде оңды мәні болған, қазақ оқырмандары Пушкин прозасының классикалық туындысымен, оның кейіпкерлерімен осы аударманы оқып, алғаш рет таныса алған деп бағалайды. Молданияз Бекімов бұл шығарманы қысқартып, қайта жазды, оның аудармасы жалпы алғанда қарапайым да түсінікті тілмен жасалды, сондықтан оқырман қауым ол аударманы жеңіл түсініп, қызыға қабылдады делінген және ол кезде аударма жұмысының тәжірибесі өте аз, қалыптасқан қағидасы болмағаны, орыс классиктерінен Абай аударған дүниеліктер тек қана ауызша айтылып, әлі де кітап болып шықпағанын, аудармашыға ешкімнің де сыни ескертпелер жасай алмағанын айта келіп, Молданияз Бекімов бұл еңбегін толық мәнісінде оңды етіп орындаған деп бағалаған.
Фетисов пен Кенжебаевтың мақаласында «Капитан қызының» 1903 жылы басылып шыққан қазақша нұсқасына айтылған сын-ескертпелердің орындылары да, орынсыздары да бар. Мәселен, бұл авторлар романды Молданияздың өзі қысқартып, ықшамдаған, ондағы Петр Андреевич Гринев пен Мария Иванова Миронованың кездесуі, өзара сүйіспеншілігі және үйленуі жайындағы әңгімелерге көп орын беріліп, әлеуметтік-тарихи мәселелер қағажу қалдырылған деген тұжырым айтылған. Екіншіден, аударманың текстінде қолданылған жеке атаулар мен терминдердің дұрыстығын қолдай отырып, авторлар Қазақстанның батыс аймақтарында кең пайдаланылып жүрген жеке сөздерді «диалектизм» деген бағытта айта кеткен.
Молданияздың бұл еңбегін бағалағанда, Сейділ Талжанов, Әбен Сатыбалдиев, Төкен Әбдрахманов та бірбеткейлеу пікірлерін білдіреді.
Мәселен, С.Талжанов: «...шала орыс, шала татарша, шала қазақша тілмен аударылған Пушкиннің «Капитан қызы» (аударған Молданияз Бекімов) (С.Талжанов, Көркем аударма туралы, 1962, 19 бет) десе, Ә.Сатыбалдиев өзінің «Рухани қазына» деген монографиясында (А.,1965) М.Фетисов пен Б.Кенжебаевтың мақаласында айтылған Пушкин шығармасының әлеуметтік-тарихи мәні Петр мен Марияның арасындағы сүйіспеншілік жайларының көлеңкесінде қалып қойды, кейіпкерлердің мінез-құлқы, психологиялық сипаттары, өздеріне тән даралықтары ашылмай қалды дегенді қайталап айтқан. Тілінде татаризм, русизм элементтері барлығын мін санаған. Әйтсе де Ә.Сатыбалдиев аударманың тіліндегі мұндай кемістіктің объективті, субъективті себептерін дұрыс көрсеткен. Ол кісінің жазуынша, «ол кездерде қазақ халқының рухани нәр алатын қайнары негізінен татар тілі мен татар әдебиеті болатын... Қазан мен Уфада араб әрпімен басылған қазақ кітаптарынан татар тілінің элементтерін, ал Ташкентте басылған қазақ кітаптарынан өзбек, шағатай тілінің элементтерін таппау мүмкін емес... Кітаптың тек қана қазақша жазылғаны болмаса, оның редакциясы да, корректурасы да, терілуі де басқа ұлттар адамдарының қолдарынан өтіп отырды» [233] деген ойларын ортаға салады.
«Қалай дегенде де, – деп тұжырымдайды пікірін Ә.Сатыбалдиев, – Пушкин прозасының аса көрнекті туындыларынан саналатын «Капитан қызының» сол заманда қазақ тіліне аударылып басылуы – тарихи оқиға. Қазақ әдебиетінің тарихында, оның ішінде аударма мәдениетінің даму тарихында, сөз жоқ, елеулі орын алары сөзсіз. Қазақтың әдебиеті мен әдеби тілінің даму жолдарын баяндайтын тарихи документтердің қатарындағы бұл да бір көз тартарлық елеулі ескерткіш».
«Қазақ әдеби тілінің тарихы» деген кітаптың авторларының бірі Е.Жанпейісов Ә.Сатыбалдиевтың тұжырымына үн қоса отырып: ««Капитан қызы» – «қазақ тіліндегі ең алғашқы көркем проза үлгілерінің бірі ретінде алып қарауға әбден жарамды аударма», – деп бағалаған.
Әдебиетші, тілші ғалымдардың қай-қайсысы да Молданияз Бекімовтің «Капитан қызы» романы сынды әлеуметтік-тарихи маңызы орасан, халықтық сипаты бар, патшашылдыққа қарсы, азаттыққа үндеген шығарманы қазақ тілінде сөйлетуінің рөлі мен маңызын атап айтқан. Қазақ тілінде бұдан ғасырдан астам уақыт бұрын жарияланған бұл шығарманың совет дәуірінде, көп ұлтты совет әдебиеттерінің қарыштап дамыған шағында әдеби зерттеулердің объектісі болып келе жатқаны, әлі де тереңірек үңіліп, қалың оқырмандар көпшілігіне таныстыра түсудің қажет болып отырғаны заңды да орынды факт деп айта аламыз.
Аударма тану, аударманы зерттеу ғылымының үйретуінше, ұлт тіліне аударылатын дүниеліктердің идеялық мазмұны, көркемдік нақышы, кейіпкер бейнесі және т.б. компоненттері, авторының ұстанған жолы, жазу мәнері қандай? деген сұрақтардың басын ашып алуға дұрыс әрекет қылуға бағыштайды. Осы талап шығарманы басқа ұлттың тілінде сөйлететін тәржімашыға да қойылмақ. Онымен қоса аударылып отырған шығармада баяндалған оқиғалардың сол шығарма жаңадан тіршілік ететін халықтың өмірімен, тарихымен, тұрмыс салтымен қаншама дәрежеде байланысты, қатысты екені де ескерілмек.
«Ресейдің кемеңгер жазушысы және ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің «Капитан қызы» романын Молданияз Бекімов қазақ тіліне аудару үшін ерекше таңдап алуына нендей жағдаяттар себеп болды?» деген сұрақ көкірегімізде тұрады. Меніңше, мұның себебі мынада: біріншіден, XVIII ғасырдың екінші жартысында басыбайлы крепостнойлық әлеуметтік-экономикалық құрылысқа, ол құрылысты қызғыштай қорғап отырған патшаның әкімшілігінің Ресей халықтарын қан қақсатқан озбырлық, зорлығына қарсы шаруалар мен жұмысшылардың, қазақ, қалмақ, татар, башқұрт сияқты бұратана халықтар өкілдерінің азаттық, теңдік алу жолындағы қозғалысын Емельян Пугачев сынды ақылды да батыл адам бастап, басқарды. Бұл қозғалыс әуелі Жайық бойында басталып, Орынбор өлкесіне, Орал тауының бойындағы өндіріс орындарына, Башқұрт, татар елдеріне, Еділ бойына қанат жайды.
Тарихи деректердің дәлелдеуінше, Орал, Орынбор, Ақтөбе өлкелерінде тұратын шекті, шөмекей, байбақты, табын, жағалбайлы руларының бірнеше жүздеген адамы қарулы жасақ құрып, Емельян Пугачев бастаған қозғалыстың азаткерлік идеясы халыққа әсте түсінікті, халықтың көкейінде жүрген мүдденің жаршысы болған. Пугачев қозғалысы XVIII ғасырдың 70-80-ші жылдарында жеңіліске ұшырағанымен, оның жаңғырығы көпке дейін басылмаған. Қозғалыс болған аймақтардың халқы оқиғаның уақыты ұзаған сайын оны аңыз, жыр түрінде айтып жүрген.
Молданияз бала кезінде өз ауылында арабша, орысша бастауыш мектепте оқып жүргенде, үлкен адамдардың аузынан талай рет естіп, зердесіне тоқыған Пугачев қозғалысы, оған қазақ жасақтарының қатысқаны жайындағы аңыз әңгіме есейген шағында да есінде сақталып қалған. Екіншіден, Молданияз Оралда әскери-реалды училищеде оқып жүрген кезінде А.С.Пушкиннің шығармаларымен, соның ішінде бала кезінде үлкендерден естіген Пугачев қозғалысы жайындағы аңыз әңгімелер жүйелі, көркем баяндалған «Капитан қызы» романымен жақсы танысқан. Бұған мынадай жағдай жол ашқан: 1894 жылы 3 сәуірде Орал қаласының тұрғыны Хохлачев дегеннің үйінде қаланың бір топ интеллигентінің ынта-жігерімен халықтық оқу үйі (кітапхана) ашылған. Және сол жылы 11 желтоқсанда осы оқу үйінде А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» романының тыңдаушыларға бір мезгілде оқып беруге арналып шығарылған ықшамдалған нұсқасы дауыстап оқып беріліпті. «Бұл оқуға келген адамдар өте ынталы болды, тыңдаушылардың көп болғаны соншама, олар залға сыймай кетті... Тыңдаушылардың арасында мектепте оқитын балалар да өте көп болды...», – деп жазады.
Бәлкім, Пушкиннің роман, поэмалары осындай халық жиналған жерде оқылғанда, Молданияз да тыңдаушылардың бірі болған болар. Қалай дегенде де, «Капитан қызын» қазақшалау үшін ол іштей дайындалып, сол кезде орындауға тиісті мақсат-арманы деп санағаны кәміл.
Үшіншіден, «Капитан қызы» кітабының титул парағының екінші бетіне Молданияз Бекімов: «Бәхил етемін переводымды есімі өшірілмес үшін сүйікті ұстазым Дмитрий Николаевич Григорьевке» деген арнау сөздер жазған. Сонда осы Д.Н.Григорьев кім болғаны? Ол Молданияз Бекімов оқып жүрген қазақ жаяу әскер юнкерлер училищесіндегі бірінші ротаның командирі. Қазан гарнизонындағы «Офицерлердің экономикалық қоғамы» деген қауымның председателі болған. Білікті, ілтипатты офицер. Қазақ сахарасынан Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісінің басталған жері Орал облысынан оқуға келген жас жігітке «Капитан қызын» ана тіліне аудару туралы ақыл- кеңес берген де сол Григорьев болса керек.
Молданияз Бекімов бұл кітаптың 1901 жылғы басылымын қазақ тіліне аударыпты. Сөйтіп, аудармашы «Капитан қызының» орысша түпнұсқасының толық нұсқасына қол тигізбеген, өз бетімен өктемдік, озбырлық етіп, ұлы ақынның қасиетті еңбегіне қиянат етпеген.
Бұл арада «Капитан қызы» романының ықшамдалған нұсқасын қазақшалауға себеп болған тағы бір жайт: Молданияз Оралда оқып жүргенде Хохлочев үйіндегі кітапхананың залында жиналған халыққа романның ықшамдалған орысша нұсқасы талай рет дауыстап оқылғанда соны тыңдаған.
Ал Қазан революциясына дейін сауатсыз болып келген қазақ халқы қазақ елінде қисса, жырлар, аңыз-әңгімелер дауыстап оқылатынын немесе ауызша жыр ретінде айтылатынын Молданияз өз ауылында бала кезінде көп көрген. Өзінің де ондай көркем шығарманы үлкен адамдарға сан мәрте оқып беруі әбден мүмкін. Ендеше оның «Капитан қызы» романының ықшам нұсқасын сондай дауыстап оқуға арнап аударуы да әбден мүмкін.
«Капитан қызы» – халық өмірінің шежіресі. Онда Емельян Пугачев бастаған халық көтерілісі осы қозғалыстың серпінді өрбуі, қолбасшының үзеңгілес серіктерінің іс- қимылдары баяндалған. Пугачевтің адамгершілік сипатын суреттейтін штрих, эпизодтар да баршылық.
Әрине, романның негізгі кейіпкері – Емельян Пугачев. Оның ақылдылығын, тапқырлығын, адамгершілігін, қанаушыларға қарсы жан-тәнімен күрескенін көрсек, кемтар, кәріп жандарға жанашыр дос екенін, халықтың оны сыйлап құрметтейтінін Пугачевтің образын шағын эпизод арқылы сипаттаған аудармадағы жеке сөздер, сөйлемдер осыны дәлелдейді. «Пугачев әдемі ғана кісі еді. Кейпіне қарағанда залымдығы білінетін емес». «Петр Андреевич... Пугачевті өлтірген жерде болған, Пугачев оны танып, бас ұрып бахимдық сұраған». Халық Пугачевтің алдынан тұз бен нан алып шыққан. Пугачев жүріп кеткенде халық оған ілесіп, соңынан жүгірген деп жазады.
Молданияз Бекімов А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» романының ықшамдалған нұсқасын өзгелерден бұрын қазақша сөйлетіп, аударманың кемістігі болды дегеннің өзінде де, қазақ әдебиетінің тарихында елеулі іс атқарды. Ол орыс әдебиетінің тарихи және көркемдік мәні өшпейтін классикалық шығармасын қазақ даласында сөйлету арқылы мұндай азаткерлік идеяны насихаттайтын төл туындылардың тууына да із салды, мұрындық болды. Қазақстанның батыс өлкесінде, туыстас Башқұр елінде ХVIII-XIX ғасырларда өрбіген патшаға, хандарға, билерге, езіп-қанаушыларға қарсы халық қозғалысын жырлаған, тарихи шығармалардың тууына тікелей әсер етті. Молданияз Бекімов бұдан 60 жылдай бұрын естіген еңбегінің тарихи мәні, міне, осында деп түсінуіміз керек.
Молданияз Бекімов жоғарыда келтіріп кеткеніміздей, қазақ ертегілерінің жазба үлгісін өзге халық ертегілерімен салыстыра зерттеп ұсынса, «Капитан қызы» атты А.С.Пушкиннің романын қазақ тіліне аударып таныстырса, сонымен қатар ол қазақ халқының әдет-ғұрыптарын да зерттеп, шығармаларында бас назарда ұстаған. Молданияз Бекімовтің қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салты саласында жариялаған мақалалары «Орал облысы қырғыздарының (қазақтарының) үйлену салты», «Қырғыздардың (қазақтардың) үшкіру, жауырын қарауы», «Қырғыздар (қазақтар) арасындағы шаман дінінің қалдықтары», «Қырғыздар (қазақтар) арасында жерді өгіздің мүйізі көтеріп тұр деген пікір қайдан шыққан» деп аталатын еңбектері жарияланған. Молданияз Бекімовтің мақалаларында мәселелер жан-жақты, байсалды баяндауымен ерекшеленеді. «Орал облысы қырғыздарының (қазақтарының) үйлену салтында» автор үйленуге байланысты әдет-ғұрып, салт- жоралардың бәрін ғылыми дәлдікпен, зерттеушіге тән байқампаздықпен, жазушыға тән суреткерлікпен жазады. Қазақ арасындағы айттыру, құда түсу, қалың мал алу, күйеудің ұрын келуі, той бастау, қалыңдық қолынан күйеудің шай ішуі, оған байланысты кәде-ырымдар, қызды ұзату тойы, бәйге, тартыс, т.б. ойындар неке қию, куәге жүру, сыңсу, жігіт ауылының тойы, беташар сияқты ірілі-уақты әдет- ғұрыптарды айна қатесіз баяндайды.
«Қырғыздар (қазақтар) арасында жерді өгіздің мүйізі көтеріп тұр деген пікір қайдан шыққан?» деген мақаласында Молданияз Бекімов жеті қат жерді көтеріп тұрған зор өгіз бен үлкен балық туралы ертегіні баяндай отырып, жер сілкінісін халықтың осы ертегіге байланыстыра айтатын наным- сенімін көрсететіндігін айтады [234]. Зерттеуші мұндай ертегіге татар, сарт сияқты т.б. мұсылман дініндегі халықтар да сенеді дейді.
Сондай-ақ, Молданияз Бекімов өзге мақалаларында үшкіру, жауырын қарау сияқты бақсы-балгерлік, өлікті жерлеуге, еске алуға байланысты әдет-ғұрыпқа айналған жол-жоралғы, наным-сенімдерді баяндайды.
Молданияз Бекімовтің «Қазақ халқы жайынан» атты мақаласындағы шаруашылық, жер, қоныс, мал тұқымын асылдандыру хақындағы пікірлері де халық қамын ойлаған азаматтың парасаттылығын танытады. Мұнда этнографтық-зерттеушілік дағды да, әлеуметтік жағдайға назар аударудан аңғарылады.
Молданияз Бекімов жерді өгіздің көтеру туралы мақаласында жер сілкінісі кедейлерге қараспаған бастықтар мен жалшыларын қанаған байларға көрсетіп жатқан құдайдың қаһары деген бұқара пікірін ашық жазады. Сол сияқты, үйлену салты туралы мақаласында кедейдің қолы қысқа, өресі тар екендігін, жетім қыз бен кедей қызының бай қызына қарағанда кем саналатынын, кейбір тоғыз-он жастағы қыздардың отыз-қырық жастағы күйеуі болатындығын да баяндаған. Молданияз Бекімов аталған мақалаларында әдет-ғұрып пен наным-сенімге негіздеп, сол дәуірдегі қазақ арасындағы әлеуметтік теңсіздікті ебін тауып көрсете білген. З.Тұрарбеков «Молданияз Бекімов жинап, жарияланған этнографиялық және ауыз әдебиеті нұсқаларының бәрінде дерлік халықтық сана, бостандықты аңсаған абзал адамдардың арман-мақсаты басым келеді», – деп өте орынды айтқан. Сол сияқты Молданияз Бекімовтің этнографиялық мақалалары қазақ халқының өткен өмірін, әдет-ғұрпын білгісі келетіндер үшін аса бағалы материал болып табылады.
Қазақ, орыс тілдерін мейлінше жақсы білген Молданияз Бекімов өз халқын, оқу-білімге үндеуде нақты ісімен қолғабыс етуді ойлаған. Оның «Қырғыз (қазақ) тілін оқып- үйренуге басшылық» аталатын еңбегі осы ниетпен туды. Бұл ана тілімізді оқыту жөніндегі алғашқы көмекші құралдардың бірі болатын.
Молданияз Бекімов әскери қызметте жүрсе де, орыс ғалымдарының зерттеу еңбектерін зер сала оқып, оның озық дәстүр-өнегесін өз халқының бай ауыз әдебиеті үлгілерімен, әдет-ғұрып, салт-санасымен толықтырып, орыс тілінде материалдарды жариялап, оны халық арасына таратқан. Орыс әдебиетінің көркемдігі жоғары, әлеуметтік маңызы зор «Капитан қызы» сияқты туындысымен қазақ жұртшылығын таныс етті. Оқулық жазып, халықты ағарту ісіне атсалысуды ойлады. Міне, оның бәрі ХХ ғасырдың бас кезінде Молданияз Бекімовтің қазақ ауыз әдебиетін, әдет-ғұрыптық материалдарын жинаумен және аударма, ағарту мәселесінде маңызды да игілікті іс тындырғанын, қазақ, орыс халықтарының рухани, достық қарым-қатынасы саласында да елеулі қызмет еткендігін танытады.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының тарихы өзінің аса күрделі әлеуметтік қоғамдық-саяси қайшылықтармен ерекшеленеді. Сонымен қатар рухани азаттық пен демократиялық-ағартушылық идеяларға толы бұл кезеңде, ұлт зиялыларын ойландырған мәселелер, елдің елдігін, ұлттық бірлігін, жердің тұтастығын сақтау, қазақ халқын өркениетті елдердің қатарына қосу, ол үшін қазақ елін қалың ұйқыдан оятып, оқу, өнер-білім, іскерлік жолына салу, ең бастысы дербес мемлекет құру еді. Олай болса, ғасыр басындағы дағдарыстан шығудың жолын қарастырған алаш көсемдерінің теориялық ізденістері, практикалық қызметі бүгін де өз маңызын жойған жоқ.
ХХ ғасырдың бас кезінде Алаш партиясын құрып, елдің саяси мұң-мұқтажын саяси партия арқылы шешуге талпынған Алашордалықтардың көздеген мақсаты отарлықтан басылып, жаншылып қалған халықтың арасында саяси белсенділік арқылы көзқарастар мен ұстанымдар, халықты күресуге үйрету еді.
19. Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев бұрынғы Астрахан губерниясының Ішкі Бөкей ордасының Теңіз жағалауының 2-інші дуанының (округінің) № 4 ауылында (Қанішкен ауданы, қазіргі Атырау облысы) 1882 жылдың шілде айында мал шаруашылығымен, балық кәсіпшілігімен айналысқан, балық өндіруші ірі кәсіпкер қазақ отбасында дүниеге келген. Осы уақытқа дейін оның туған жылын 1887 жыл деп көрсетіп келген болатын-ды. БҚО мұражайының қорында 22 бет көлемінде Уәлитхан Танашевтың материалдары алынды. Осы құжаттың 9073/15 нөмірінде оның өз қолымен 1959 жылы жазылған өмірбаянында 1882 жылы дүниеге келгені, Татар Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы Қазан қаласы, 8-інші Союзная көшесі, 22 үй, 34-ші пәтер деп өмірінің соңғы кезінде тұрған мекенжайы көрсетілген және тек тармағы толықтай берілген [235].
Бөкей ордасында білімге деген құштарлық басқа аймақтарға қарағанда ерте оянды. Сондықтан Қазан төңкерісіне дейін Ресейдің жоғарғы оқу орындарында жүзден аса қазақ интеллигенті білім алған. Солардың ішінде М.Бекмұхамбетов, С.Бабажанов, Б.Құлманов, У.Танашев және т.б. болған.
Әуелгі және орта білімді У.Ш.Танашев Астрахан қаласында алған, Астрахан гимназиясының толық 8 класын (1899-1908ж.ж.) бітірген. Уәлитхан жастайынан алғыр, зерек, зерделі де талапкер болып өскен. Ол гимназиядағы үздік оқушылардың бірі болған, ана тілінен басқа орыс, татар, араб тілдерін жетік меңгерген.
Гимназияны үздік бітіргеннен кейін, ол 1908 жылы Қазан қаласындағы Император университетінің (Кеңес дәуіріндегі Ленин атындағы университеттің) заң факультетіне түсіп, 1912 жылы ғылым кандидаты дәрежесімен бітірген, заңгер (юрист) мамандығын алған. Сол 1908 жылдан бастап Қазан қаласының тұрғыны. Астрахан қаласындағы С.Климашевская атты фотостудиясында түсірілген фотосуреті бар студенттік билетінің нөмірі – 1061 [236]. 1909 жылдың тамызынан 1910 жылдың мамыр айына дейін Италияның Ривьера атты қаласында болып келген, онда барудағы басты себебі: ауырған бауыры Ғәлләмді емделуге апару болатын.
Уәлитхан Танашев 1913 жылдан 1917 жылға дейін Қазан қаласында адвокаттықпен айналысқан, Қазан қаласының соттары мен адвокатураларының заңгер-қорғаушысы болған. Ғажайып лингвист, аудармашы, ол ана тіліне қоса орыс, татар, араб, неміс, латын, француз тілдерін қажетті дәрежеде меңгеріп, сол тілдерде еркін оқып, сөйлеп, жаза білген. Соттың жұмыстарын татар тілінде жүргізуді білген.
Тек қана 1917 жылдан 1923 жылға дейінгі аралықта Қазан қаласынан тыс жерлерде, яғни Астрахан, Орда, Орынбор, Омбы, Петербор және Мәскеу қалаларында тұрып, тікелей өз мамандығы бойынша емес қызметтер атқарған. Астраханда айдауда жүрген Әзірбайжанның белгілі қоғам қайраткері, Бакуда журнал шығарып тұрған революционер-драматург Нариман Наримановпен танысып, онымен тығыз қарым-қатынаста болған [237].
Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрес майданына шыққан «Алаш» қозғалысының көшбасшыларының бірі, Алашорданың хатшысы болған.
Халық қамын ойлаған ол Ақпан революциясынан кейін 1917 жылы туған елге келген соң, ел ішіндегі қоғамдық-саяси істерге, түрлі революциялық басшылық ұйымдастыру істеріне белсене араласқан.
1917 жылы 1-8 сәуір аралығында Орынбор қаласында өткен Торғай облысы қазақтарының съезіне қатысқан, мәжіліс төралқасының төрағасының орынбасары болған. Съезге қонақ ретінде Қазан мұсылмандар комитетінен Нәджіп Халфин, Уфа мұсылман комитетінен Әбдірахман Рахметдинов, Орынбор мұсылман бюросынан татардың «Уақыт» («Вакт») газетінің редакторы А.Хұсайынов қатысты. Съезді кіріспе сөзбен ашқан «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынов қазақ қауымын бірлікке, жаңа өкіметті қолдауға, жер-жерлерде жаңа құрылыс бостандықтарды баянды ету үшін тәртіп пен тыныштық сақтауға шақырды.
Мәжілістің төрағасы болып Ахмет Байтұрсынов, оның орынбасарлары сенім берілген адвокатының көмекшісі болып I Мемлекеттік Думаның мүшесі Алпыспай Қалменов және Уәлитхан Танашев, хатшылары болып Сейітәзім Қадырбаев, Омар Алмасов және Шафхат Бекмұхамедов сайланды.
Уәлитхан Танашев осы Құрылтайға қатысушы 300 делегат тарапынан бір ауыздан мәжіліс төралқасы төрағасының орынбасары болып тағайындалған. Құрылтай бағдарламасына 14 мәселе қойылған. Құрылтай Торғай қазақтары үшін өмірлік маңызы бар бірқатар қаулылар қабылдады, соның ішінде: азаматтық комитеттер сайлануы керек (ауылдық, волостық, уездік, облыстық); мәжілістерде қырғыз халқынан депутаттар болуы тиіс; төрешілерді, имамдарды комитеттер қайтадан сайлауы тиіс; тегін оқыту, қырғыздардың жерлерін қайтарып беру; земстволарды ұйымдастыру керек деген мәселелерді көтерген. 1917 жылдың 19-22 сәуірінің аралығында Орал қаласында облыстық қазақ съезі өтті, оған 800-ден астам адам қатынасты. Съезде қазақ зиялылары ауылды, болысты, уезді және уәлаятты (облысты) басқарудың тиісті өкімет және атқарушы органдары туралы 100 баптан тұратын Уақытша Ереже қабылдады. Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев 21 сәуірде съезд қаулысымен съезд төралқасының (президиумының) төрағалығына және Бөкей земство управасының төрағасы болып сайланған, ал Бақтыгерей Құлманов Бөкей ордасының комиссары болып сайланған. У.Ш.Танашев Бөкей ордасынан Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне өкіл етіп ұсынылып, Жаһанша Досмұхамедов екеуі Кеңестің атқару комитетіне кіргізілген. Артынша Бөкей ордасынан депутаттыққа өскен. Қазан мұсылмандары атынан сол съезде құттықтау сөз сөйлеген.
Уәлитхан Танашев 1917 жылы тамыз айында Киевте өткен Бүкілресейлік федералистер съезіне қатысқан.1917 жылы қос революция аралығында ол қоғамдық-саяси өмірге белсенді түрде атсалысып, Алаш партиясы мен Алаш автономиясын құруда Әлихан Бөкейхановқа сенімді серік болған қайраткер.
Алаш автономиясының Алашорда аталған «Уақытша Ұлт Кеңесінің» құрамына облыстардан 15 адам сайланды: Уәлитхан Танашев (Бөкей ордасынан), Халел Досмұхамедов (Оралдан), Айдархан Тұрлыбайұлы (Ақмоладан), Ахмет Бірімжанұлы (Торғайдан), Халел Ғаббасұлы (Семейден), Салық Аманжолұлы (Жетісудан), Мұстафа Шоқай (Сырдариядан). Облыстардан тыс Алашорда құрамына Әлихан Бөкейханов, Жаһанша Досмұхамедов, Әліхан Ермекұлы, Мұхаметжан Тынышбаев, Бақтыкерей Құлманов, Жақып Ақбаев, Базарбай Мамытұлы, Отыншы Әлжанұлы сайланды.
Уәлитхан Танашев халықтың милициясы атанған Қарулы күштерін жасақтауға да үлкен мән берген. 1918 жылдың 8 маусымында Самара қаласында құрылған Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетінде (Комуч) қазақ елінің мүддесін қорғауға Танашев та көп еңбек сіңірді. Шілде-тамыз айларында Челябинскіде өткен Комуч пен Сібір үкіметінің екі мәжілісіне Мұстафа Шоқай және Жаһанша Досмұхамедовпен бірге қатысқан. Жаһанша Досмұхамедов екеуі мемлекеттік мәжіліске Комучтың дайындық жұмыстарын жүргізген.
Уәлитхан Танашев 1918 жылдың 8-23 қыркүйектері аралығында Бүкілресейлік Уақытша үкіметі – Уфа дирекциясы құрылған мәжіліске қатысқан. 1918 жылдың қыркүйек айында Мұстафа Шоқайұлы да Уфа дирекциясы құрылған мәжіліске қатысқан. Осы мәжілісте Мұстафа Шоқайұлы Президиум төрағасының екінші орынбасары болып сайланған. У.Ш.Танашев 11 қыркүйекте өткен Алашорданың шұғыл мәжілісіне қатысқан. Бұл тарихи мәжілісте «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметі таратылып, оның орнына Алашорданың Батыс бөлімі құрылған.
1918 жылдың 18 қарашасында өкімет билігі адмирал Колчакқа ауысқан болатын, сол айдың 20-ында адмирал «Мойындалмаған Алаш басқармасы таратылсын» деген бұйрық шығарды. Ең алдымен Күншығыс Алашорда осы шешімнің құрбаны болды. Ал Күнбатыс Алашорда өзінің жұмысын 1920 жылдың 13 қаңтарында тоқтатты. Сөйтіп, Ойыл уәлаяты, кейіннен Алашорда үкіметі 19 ай 3 күн өмір сүрді.
Алаш қозғалысына қатысқандарға «кешірім» жарияланған соң, қайраткерлер қатарында 1919 жылдың аяғында Уәлитхан Танашев Алашорда комитетінің бұрынғы хатшысы ретінде, сол қызылдар әскери төңкерістік комиссариатына тартылған болатын. 1920 жылдың басында Орынбор қаласында Кеңес өкіметінде, Қырғыз әскери революциялық комитетінің (Кирвоенревкомның) аппараты құрамында жұмыс атқарған. ҚырАССР ұйымдастырудың дайыншылдығында, сондай-ақ Қазақстанда мемлекеттік баспаның бөлімшесін құру жөніндегі жұмыстарға белсене араласқан.
1920 жылы 25 қыркүйекте ҚазАКСР әділет (юстиция) халық комиссарының орынбасары қызметіне тағайындалып, бірнеше заң актілерін дайындауға атсалысты.
У.Ш.Танашев 1921-1924 жылдарда Мәскеу қаласында Ұлттар Халық Комиссариатында (Наркомнац) және Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінде (ВЦИК-те) Қырғыз АССР-нің өкілетті өкілі (полпреді) болған. Соған қарағанда ол Қазақстанда Кеңес Республикасын ұйымдастыруға қатысқан және сол жылдары өзінің жұмысымен Қазақ Республикасы мен Кеңес өкіметінің нығаюына үлес қосқан.
1922 жылдың 9 қарашасынан Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы Қазақ АКСР өкілеттілігі басшысының орынбасары, кейінірек федералдық комитетте, жер мәселесі жөніндегі жоғарғы бақылаудың ерекше алқасында (коллегиясында) қызмет атқарды.
1924-1937 жылдары ол Қазан қаласындағы Татар автономиялық Кеңес Социалистік Республикасы (Татар АКСР) Жоғарғы Сотында адвокат болып қызмет атқарған. Сот процестеріне қатысып, адвокат ретінде күрделі істердің үдесінен шыға білді. Татар тілін қасиетті дәрежеде меңгерген, У.Ш.Танашев сол тілде еркін оқып, сөйлей, жаза білген. Арбитраж, соттың істерін татар тілінде жүргізе алған.
1937 жылы татар Республикасының орталығы Қазан қаласында МГБ органдарымен ол қамауға алынған. 1939 жылдың мамыр айында 8 жылға «өкіметке қарсы астыртын бүлікшіл ұйымдарға қатысы бар» деген жаламен сотталып, Коми АССР-нің Ухто-Ижемский исправительно-трудовой лагеріне (п/п**Ветлоян деген жерге) айдалған. 1943 жылдың 24 сәуірінде Коми АССР-дің Жоғарғы Сотының коллегиясының қаулысымен сырқаттануына байланысты босатылған.
1949 жылы 19 қаңтарда Қазан қаласында екінші рет қамауға алынған. 1949 жылдың 6 сәуірінде ОСО қаулысымен СССР-дың МГБ органдарымен сотталып, әйелі Хадиша Зарифқызы Ямашева-Танашевамен бірге арнайы қоныстандырылуға (ссылкаға, спецпоселениеге) Сібірдің Краснояр өлкесіне айдалған.
Әрине, ол жылдары Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашевтың атын айтуға, Алашорда туралы әңгіме етуге болмайтын еді. Дегенмен тумалар өзара оның өте мәдениетті, оқыған адам болғанын еске алып отыратын. У.Ш.Танашевтың зайыбы Х.З.Ямашева-Танашева 1883 жылы туған, мамандығы – тіс дәрігері. Ол Сібірдің Краснояр өлкесінің Абан ауданының деревня Стерлитамақ деген мекеніне арнайы қоныстандырылған.
Жер аударылған жерлерде де У.Ш.Танашев 1949 жылдың 1-ші маусымынан 1954 жылдың 22 қыркүйегіне дейін есепші, счетовод, кассир болып қызмет атқарған.
1954 жылы 9 маусымда істерін қайтадан қарап, наразылық (протест) арқылы Конституция бойынша ссылкадан босатуға және оны толық ақтауға У.Ш.Танашев КСРО-ның Прокуратурасына арыз жазған. Сол 1954 жылы 71 жасында әйелі Х.З.Ямашева-Танашева дүние салған, Краснояр өлкесінде жерленген.
1955 жылы У.Ш.Танашев ссылкадан босатылған.
Уәлитхан Танашев 1955 жылы Қазан қаласында зейнеткерлік демалысқа шыққан. Өзін толық ақтау мақсатында ол 1956 жылы ақпан айында КСРО-ның Прокуратурасына екінші рет арыз жазған. У.Ш.Танашевқа қатысты әрі өз қолымен жазылған қағаздарда бұл туралы біраз мәлімет бар.
Уәлитхан Танашев 1957 жылы 7 ақпанда Татар АКСР-нің Жоғарғы Соты төралқасының шешімімен толық ақталған.
Уәлитхан Танашев 1968 жылы Қазан қаласында, қайын жұртының арасында дүние салған, сондағы зиратта жерленген.
Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев – қазақ демократияшыл зиялылары шоғырының жарық жұлдыздарының бірі, заңгер, заң ғылымдарының кандидаты, алаш қозғалысының аса көрнекті қайраткері.
Уәлитхан Танашев ұлтымыздың саяси, мәдени өмірінде елеулі із қалдырған Алаштың азаматы, өмірінің көбі қуғын-сүргінде өтті. Оның есімін ұрпаққа қалдыру мақсатында Орал не Атырау қалаларында көше аттарын, оқу-орындарына есімін беру қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |