Әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын тапсыру рәсімі
1. Жауынгерлік Туды әскери бөлімге ол құрылғанда Қазақстан
Республикасының Президенті атынан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының өкілдері тапсырады.
Жауынгерлік Туды тапсыру кезінде әскери бөлімге Қазақстан Республикасы Президентінің Грамотасы беріледі.
2. Жауынгерлік Туды тапсыру үшін әскери бөлім сапқа салтанатты, ал далалық жағдайларда және соғыс уақытында далалық киім нысанында қарумен Саптық жарғыда белгіленген тәртіппен тұрғызылады.
Жауынгерлік жағдайларда Жауынгерлік Туды тапсыру кезінде әскери бөлімді сапқа тұрғызу тәртібі жауынгерлік жағдайды ескере отырып айқындалады.
3. Жауынгерлік Туды сапқа тұрғызу орнына шығару үшін Жауынгерлік Туды тапсыру үшін келген бастықтың қарамағына әскери бөлім командирі негізінен ордендермен және медальдармен наградталған офицерлерден немесе сержанттардан (старшиналардан) ту ұстаушы мен екі ассистент, ту ұстаушы взвод тағайындалады. Ассистенттер қылышпен қаруланады.
4. Белгіленген уақытта ту ұстаушы Жауынгерлік Туды қабында алып шығады және Жауынгерлік Туды тапсыратын бастықтың соңынан үш адым жерде әскери бөлім сапқа тұрғызылған орынға жүреді. Бұл ретте ту ұстаушы Жауынгерлік Туды сол жақ иығына Саптық жарғыда көрсетілген күйде ұстайды; ту ұстаушының оң және сол жағында онымен қатар ассистенттер жүреді.
Жауынгерлік Туды тапсыру үшін келген адам сапқа қырық-елу адымға жақындағанда әскери бөлім командирі команда береді.
Мысалы: «Бригада, ТІК ТҰР, назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)». Егер бригада карабиндермен қаруланған болса, онда: «Бригада, ТІК ТҰР. Оң жақтан (сол жақтан, маңдайшептен) қарсы алу үшін қарауыл-ҒА».
Оркестр «Қарсы алу» маршын ойнайды. Оркестр ойнауды бастасымен ту ұстаушы ассистенттермен және ту ұстаушы взводпен тоқтайды. Ту ұстаушы Жауынгерлік Туды Саптық жарғының талаптарына сәйкес оны аяғының жанында еркін түсірілген оң қолымен ұстап, оң аяғына тура қояды.
5. Әскери бөлім командирі команда бере отырып, қолын бас киіміне апарады, Жауынгерлік Туды тапсыру үшін келген адамға жақындап, оның алдына екі-үш адым жерге тоқтайды және баяндайды.
Мысалы: «Армия генералы мырза. 41-ші механикаландырылған Суворов орденді бригадасы Жауынгерлік Туды тапсыру жағдайына байланысты сапқа тұрғызылды. Бөлім командирі ұлан полковнигі Дүйсекеев».
Жауынгерлік Туды тапсыру үшін келген адамға баяндау үшін бөлім командирі тоқтаған сәтте оркестр ойнауын тоқтатады.
6. Жауынгерлік Туды тапсыру үшін келген адам баянатты қабылдап, сап ортасының алдына тұрады, әскери бөліммен сәлемдеседі және «ЕРКІН ТҰР» командасын береді. Әскери бөлім командирінің «ЕРКІН ТҰР» командасы бойынша ту ұстаушы взвод саптың сол қапталындағы өз орнына барып тұрады, ал ту ұстаушы ассистенттерімен Жауынгерлік Туды тапсырушы адамға жақындайды және оның соңынан екі-үш адым жерде сол (оң) жаққа қарай сапқа қарсы тұрады. Жауынгерлік Туды тапсыру үшін келген адам ту ұстаушыға жақындайды. Ту ұстаушы оған Жауынгерлік Туды тапсырушы жақындасымен Жауынгерлік Туды еңкейтеді және оны екі қолымен көлденең ұстайды. Жауынгерлік Туды тапсырушы Жауынгерлік Тудың қабын шешеді және Жауынгерлік Туды жазады. Содан кейін ту ұстаушы Жауынгерлік Туды тік қойып және оны оң қолымен ұстап, сапқа қарсы тұрады.
Жауынгерлік Туды тапсырушы адам «ТІК ТҰР» командасын береді және Қазақстан Республикасы Президентінің Грамотасын (бұдан әрі - Грамота) оқиды, одан кейін оны әскери бөлім командиріне тапсырады. Әскери бөлім командирі Грамотаны қабылдап, оны ассистентке береді. Жауынгерлік Ту бөлім командиріне тапсырылады. Оркестр Мемлекеттік Әнұранды орындайды.
7. Әскери бөлім командирі оркестр Мемлекеттік әнұранды орындағаннан кейін Жауынгерлік Туды ту ұстаушыға береді және Грамотаны алады. Содан кейін әскери бөлім командирі: «Ту ұстаушы, менің соңымнан, АДЫМ - БАС» командасын береді. Ту ұстаушы «Адым» командасы бойынша Жауынгерлік Туды сол иығына алады.
8. Әскери бөлім командирі, оның соңында үш адым жерде ту ұстаушы Жауынгерлік Тумен және ассистенттер бөлім сабының сол қапталына жүреді, одан кейін саптың маңдайшебі бойымен (саптан он-он бес адым жерде) саптың оң қапталына өтеді. Оң қапталға шыға отырып, әскери бөлім командирі ту ұстаушыны ассистенттерімен сапта оларға белгіленген орынға тұрғызады. Оркестр қозғалыс басталысымен және ту ұстаушы сапта тоқтағанға дейін «Қарсы алу» маршын орындайды. Әскери бөлім Жауынгерлік Туды созылыңқы «Урамен» қарсы алады.
Ту ұстаушы орнына тұрғаннан кейін әскери бөлім командирі оркестрге ойнауды тоқтату үшін белгі береді, саптың ортасына шығады және Жауынгерлік Туды тапсырған адамның қасына тұрады, содан кейін оның нұсқауы бойынша «Еркін тұр» командасын береді, ал егер бөлімнің «қарауылға» күйінде карабиндері болса, онда алдын ала «Аяқ-ҚА» командасын береді.
9. Жауынгерлік Туды тапсырған адам әскери бөлімді Жауынгерлік Туды алуымен құттықтайды, бөлімше құттықтауға үш дүркін созылыңқы «Урамен» жауап береді. Одан кейін әскери бөлім командирі жауап сөз сөйлейді.
10. Рәсім аяқталғанда әскери бөлім Жауынгерлік Туды тапсырған адамның алдынан салтанатты шерумен өтеді. Салтанатты шерумен өткенде әскери бөлім сапқа қайта тұрғызылады және Жауынгерлік Ту оны сақтау орнына Саптық жарғымен белгіленген тәртіппен апарылады.
11. Жауынгерлік Туды алғаны туралы әскери бөлім бойынша бұйрық беріледі, онда Жауынгерлік Туды сақтау үшін орын, ту ұстаушы мен ассистенттер айқындалады.
12. Жауынгерлік Тудың саптағы күйі, оны шығару және әкету тәртібі Саптық жарғымен, ал оны күзету тәртібі Гарнизондық және қарауылдық қызмет жарғысымен айқындалады.
Әскери бөлімге орден тапсыру тәртібі
13. Әскери бөлімге орден тапсыруды Қазақстан Республикасы Президентінің нұсқауы бойынша адамдар жүргізеді.
14. Әскери бөлім орден тапсыру үшін Саптық жарғымен белгіленген тәртіппен қарумен сапқа тұрғызылады.
Жауынгерлік жағдайларда орден тапсыру кезінде әскери бөлімді сапқа тұрғызу тәртібі жауынгерлік жағдайды ескере отырып айқындалады.
15. Орден тапсыратын адам бөлім командирінің баяндауын қабылдап және жеке құраммен амандасып, сап ортасының алдына тұрады.
Бөлім командирі «Ту ұстаушы, МАҒАН КЕЛ» командасын береді. Осы команда бойынша штаб бастығының көмекшісі (орынбасары) Жауынгерлік Тудың алдына екі адым жерде тұрып: «Менің соңымнан, АДЫМ - БАС» деп команда береді және орден тапсыратын адамға жақындап, ту ұстаушы мен ассистенттерді сапқа қарсы қояды, ал өзі олардың оң жағына қарай тұрады.
Одан кейін орден тапсыратын адам саптың алдында Қазақстан Республикасы Президентінің бөлімді орденмен наградтау туралы Жарлығы мен Грамотасын оқиды, содан кейін Грамотаны бөлім командиріне береді, ал орденді бөлімнің Жауынгерлік Туына қадайды. Оркестр Мемлекеттік әнұранды орындайды. Оркестр ойнауды аяқтағаннан кейін орден тапсырған адам бөлімді мемлекеттік наградасымен құттықтайды. Бөлім құттықтауға үш дүркін созылыңқы «Урамен» жауап береді.
Бөлім командирі жауап сөз сөйлейді.
16. Жауап сөз сөйлегеннен кейін бөлім командирі: «Ту ұстаушы, менің соңымнан, АДЫМ - БАС» командасын береді. Бөлім командирі команда беріп, оның соңынан үш адым жерде штаб бастығының көмекшісі (орынбасары), одан әрі екі адым жерде ту ұстаушы Жауынгерлік Тумен және ассистенттер саптың сол қапталына қарай жүреді, ал содан кейін саптың маңдайшебі бойымен (саптан он-он бес адым жерде) бөлімнің оң қапталына қарай жүреді, онда штаб бастығының көмекшісі (орынбасары), ту ұстаушы мен ассистенттер оларға сапта айқындалған орынға тұрады.
Оркестр ту ұстаушының қозғалысы басталысымен және сапта тоқтағанға дейін «Қарсы алу» маршын орындайды. Бөлім Жауынгерлік Туды созылыңқы «Урамен» қарсы алады. Қорытындысында әскери бөлім орден тапсырған адамның алдынан салтанатты шерумен өтеді.
17. Әскери бөлім наградталған Қазақстан Республикасының ордендері Жауынгерлік Туға матаның бет жағына ордендердің үлкендік тәртібімен тағылады.
Бірінші орден матаның жоғарғы жиегінен он бес сантиметр және ағаш сабынан он сантиметр, қалған ордендер ағаш саптың бойымен жоғарыдан төмен қарай бір-бірінен бес-он сантиметр аралықта тағылады.
Ордендерді Жауынгерлік Туға тағу үшін матада қажет болған кезде тесіктер жасалады, олар жібекпен оралады.
Жауынгерлік Туды сақтау және ұстау тәртібі
18. Жауынгерлік Ту бейбіт және соғыс уақытының барлық шарттары мен жағдайларында өз әскери бөлімімен бірге болады. Оны әр уақытта қарауыл күзетуі, ал оны әскери бөлімге шығару кезінде ту ұстаушы взвод күзетуі тиіс.
Әскери бөлімнің Жауынгерлік Туы:
әскери бөлім казармаларда орналасқан кезде және ол елді мекендерде орналасқан кезде - бөлім штабының үй-жайында;
полигонда (лагерьлерде), оқу-жаттығуларда, жауынгерлік жағдайда - әскери бөлім командирі көрсеткен жерде болуы тиіс.
Бейбіт уақытта ерекше жағдайларда бірнеше әскери бөлімдердің жауынгерлік туларын бірге сақтауға рұқсат етіледі.
19. Әскери бөлім казармаларда орналасқан кезде Жауынгерлік Ту сабына жиналған күйде ордендермен, ордендер және тулар ленталарымен бірге әскери бөлімнің елтаңбалы сүргілі мөрімен мөрленген шынылы шкафта постыда сақталады. Ол тік күйде ту тұғырына (ағаш сапты бекітуге арналған ойықты тұғыр) орнатылуы тиіс.
Постыда Жауынгерлік Тумен ерлігі мен жауынгерлік айбыны үшін Қорғаныс министрінің вымпелі күзетілуі мүмкін.
20. Әскери бөлімді автомобиль, темір жол, су, әуе көлігімен тасымалдаған кезде және басқа да жағдайларда Жауынгерлік Ту оралған күйінде және әскери бөлімнің елтаңбалы сүргілі мөрімен мөрленген қабында сақталады. Жауынгерлік Ту үшін жеке автомобиль, купе (вагон), каюта, ұшақ (кабина) бөлінеді. Жауынгерлік Тумен бірге ту ұстаушы, ассистенттер мен қарауыл жүреді, сондай-ақ құпия құжаттарымен жәшік тасымалдануы мүмкін.
21. Жауынгерлік Туды дұрыс сақтау және ұстау үшін әскери бөлім штабының бастығы тікелей жауап береді. Ол:
жеке өзі немесе өзінің орынбасары мен көмекшілері арқылы сақшылардың постыда Жауынгерлік Тудың жанында кезекшілік атқаруын жүйелі тексеруге;
Жауынгерлік Туды айына бір реттен сирек емес, бұл ретте ордендердің санын, жай-күйі мен нөмірлерін, ордендер ленталары мен матаның жай-күйін, қабының, бауларының, шашақтарының, сабының және ұштығының дұрыстығын тексере отырып, қарауды жүргізуге;
Жауынгерлік Туды қарау кезінде анықталған кемшіліктерді бұл туралы әскери бөлім командиріне баяндай отырып, жоюға шаралар қабылдауға;
бұл туралы әскери бөлім командиріне баяндай отырып, онда қарау уақытын, Жауынгерлік Туды қарау кезінде табылған кемшіліктерді және оларды жоюға қабылданған шараларды белгілей отырып, арнайы журнал жүргізуге міндетті.
22. Жауынгерлік Туды қарауды штаб бастығы ту ұстаушының, ассистенттер мен қарауыл бастығының қатысуымен жүргізеді. Жауынгерлік Ту қапта болған жағдайда штаб бастығы оны қарау үшін жазуды бұйырады. Осы бұйрық бойынша ту ұстаушы Жауынгерлік Туды көлденең күйге түсіреді, ассистенттердің біреуі қабын алады, ал ту ұстаушы сабын жайлап айналдыра отырып, Жауынгерлік Туды жазады. Ассистенттер ту ұстаушыға көмектеседі және бауларының, шашақтарының шатыспауын, матаның жерге (еденге) тимеуін қадағалайды. Бұл ретте ордендердің саны мен жай-күйі, ордендер, ту ленталары мен маталардың жай-күйі, қабының, бауларының, шашақтарының, сабының және ұштығының дұрыстығы тексеріледі.
Штаб бастығының Жауынгерлік Туды орау туралы бұйрығы бойынша ту ұстаушы Жауынгерлік Туды оның матасы жерге (еденге) тимейтіндей етіп көлденең күйге түсіреді. Одан кейін бір ассистент матаны ұштарынан ұстайды және оны жайлап тартады, ал ту ұстаушы мен екінші ассистент сабын жайлап айналдыра отырып, бет жағын ішке қаратып, бұл ретте қыртыстар болмауын және ордендік ленталардың, шашақтар мен баулардың шатаспауын қадағалай отырып, матаны орайды. Шашақтар оралған матаның бойымен тартылған бауларға жиналады.
Мата оралып болған соң, ассистенттер Жауынгерлік Туға қабын кигізеді, штаб бастығы оны елтаңбалы сүргілі мөрмен мөрлейді және одан кейін Жауынгерлік Туды қарауылға күзетуге тапсырады.
23. Жауынгерлік Туды әскери бөлімге шығару және оны қарауылға күзетуге тапсыру кезінде оны жазуды және орауды ту ұстаушы мен ассистенттері штаб бастығының немесе оның көмекшісінің (орынбасарының) тікелей бақылауымен осы қосымшаның 22-тармағында көрсетілгендей жүргізеді.
24. Егер Жауынгерлік Ту қапталған күйінде сақталса, оның матасын кептіру үй-жайдан тыс көлеңкеде немесе үй-жайда жүргізіледі. Жауынгерлік Туды кептіру уақытында ту ұстаушы мен ассистенттер күзетеді.
25. Әскери бөлімнің күштерімен және құралдарымен Жауынгерлік Тудың матасын жөндеуге тыйым салынады. Тек сабына, ұштығы мен бауларына аса қажетті жөндеу жүргізуге рұқсат етіледі.
Жауынгерлік Тудың матасын жөндеу қажет болған жағдайда әскери бөлім командирі команда бойынша Жауынгерлік Тудың матасын арнайы шеберханаға жіберу туралы өтініш жасауға міндетті. Рұқсат алған кезде Жауынгерлік Тудың матасы фельдбайланыс арқылы шеберханаға жіберіледі.
Жауынгерлік Тудың матасын жөндеуге тапсыру актімен ресімделеді.
Әскери бөлімдерді қайта құру (тарату) кезінде жауынгерлік
туларды, ордендер мен құрметті атауларды тапсыру тәртібі
26. Жауынгерлік Ту әскери бөлімде бөлімнің атауы мен нөмірінің өзгеруіне қарамастан, әрдайым сақталады.
Бөлімнің атауын немесе нөмірін өзгертуге әкеп соқтыратын әскери бөлімді қайта ұйымдастыру кезінде бұл өзгерістерді жоғары тұрған командир (бастық) Қазақстан Республикасы Президентінің Грамотасына енгізеді және елтаңбалы мөрімен куәландырады.
ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен 27-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
27. Әскери бөлімдердің жауынгерлік дәстүрлерін және олардың сіңірген жауынгерлік еңбектері туралы естеліктерді сақтау үшін жауынгерлік тулар, ордендер мен құрметті атаулар басқа да әскери бөлімдерге тапсырылуы мүмкін. Бұл ретте Жауынгерлік Туды, ордендер мен құрметті атауларды тапсыру тек бөлімдердің арасында тікелей сабақтастық болған кезде, атап айтқанда, бір немесе бірнеше бөлімдерді жаңа бөлімге (бөлімдерге) қайта құру кезінде жүргізіледі.
Бір әскери бөлімді екіншісіне қайта құрған кезде бөлімнің Жауынгерлік Туы, оның Грамотасы, қайта құрылатын бөлімнің ордендері мен құрметті атаулары жаңа әскери бөлімде толық сақталады.
Бір әскери бөлімді екі немесе одан көп әскери бөлімдерге қайта құрған кезде Жауынгерлік Ту, оның Грамотасы, қайта құрылатын бөлімнің ордендері мен құрметті атаулары әскери бөлімдердің біреуінде толық сақталады.
Екі және одан көп әскери бөлімдерді біреуіне қайта құрған кезде осы бөлімде Жауынгерлік Ту, оның Грамотасы, сондай-ақ қайта құрылатын бөлімдердің біреуінің барлық ордендері мен құрметті атаулары сақталады. Басқа бөлімдердің жауынгерлік тулары, олардың грамоталары, ордендері белгіленген тәртіппен тапсырылады.
Техникалық жай-күйі бойынша Қарулы Күштер құрамынан шығаруға жататын кемелердің ордендері, құрметті атаулары, Әскери-теңіз жалаулары қатарға жаңадан іске қосылатын кемелерге алынып тасталатын кемелердің жеке құрамының бөлігін жаңа кемелердің экипаждарын жасақтауға берген жағдайда берілуі мүмкін. Бұл жағдайда жаңа кемеге ордендерді, құрметті атаулар мен Әскери-теңіз туын іс жүзінде беру тек Қарулы Күштер құрамынан оған ордендер, құрметті атаулар тиісті болатын кемені шығарғаннан кейін жүзеге асырылуы тиіс.
Жаңа бөлімге Жауынгерлік Туды, ордендер мен құрметті атауларды, ал жаңадан салынған кемеге ордендерді, құрметті атауларды беруді Қорғаныс министрі мен басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бірінші басшылары бөлімді қайта құру туралы немесе жаңадан салынған кеменің экипажын құру кезіндегі мәселені шешумен бір уақытта қарайды және белгіленген тәртіппен ресімдейді.
Әскери бөлімді тарату кезінде жауынгерлік ту мен грамота экспонаттау және сақтау үшін қысқаша тарихи анықтамасымен бірге құпия тәртіппен Қарулы Күштердің Бас штабы және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың уәкілетті органдары арқылы фельдбайланыспен мұражайларға жөнелтіледі. Ордендер мен оларға құжаттар белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президентіне қайтарылады.
28. Қорғаныс министрінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бірінші басшыларының бұйрығымен олардың жасаған ерліктері үшін немесе құрметті сарбаздар ретінде бөлімдердің тізімдеріне мәңгіге жазылған әскери қызметшілер туралы есте сақтау мақсатында, олардың аттары бөлімді таратқан жағдайда сабақтастығы бойынша басқа әскери бөлімдердің тізімдеріне жазылуы мүмкін. Бұл жағдайда әскери қызметшілердің аттарын немесе құрметті сарбаздар ретінде әскери бөлімдердің тізімдеріне мәңгіге жазу Қорғаныс министрінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың бірінші басшыларының бұйрығымен жүргізіледі.
Ішкі қызмет жарғысына
6-ҚОСЫМША
Әскери бөлімнің (кеменің) жылдық мерекесі
1. Әскери бөлімнің (кеменің) жылдық мерекесі әскери қызметшілерді Қазақстан Республикасына адалдық, әскери борышына, жауынгерлік дәстүрлерге адалдық рухында тәрбиелеу және жауынгерлік жолдастықты нығайту мақсатында өткізіледі. Жылдық мереке күні болып әскери бөлімді (кемені) құру туралы уәкілетті органның акті шығару күні саналады.
Жылдық мереке күні туралы әскери бөлімнің (кеменің) тарихи формулярында (тарихи анықтамасында) тиісті жазба жазылады.
2. Бұл күні әскери бөлім Жауынгерлік Тумен және оркестрмен сапқа тұрғызылады. Оның сабы алдында қысқаша сөз сөйлеуінде әскери бөлім командирі, басқа да әскери қызметшілер мен ардагерлер бөлімнің жауынгерлік тарихы, бейбіт уақытта қол жеткізген жетістіктері туралы айтады. Содан кейін әскери бөлім салтанатты шерумен өтеді. Әскери бөлімде сапқа тұрғызудың орнына жылдық мереке қарсаңында салтанатты жиналыс өткізуге рұқсат етіледі.
Бұл күні кемеде Әскери-теңіз туын салтанатты көтеру өткізіледі.
Жылдық мереке күні басқа да салтанатты мәдени және спорттық іс-шаралар өткізіледі. Әскери бөлімнің жылдық мерекесін мерекелеу күні демалыс күні болып жарияланады. Әскери бөлім командирі бұл күнге бөлімнің жеке құрамын көтермелеу туралы бұйрық шығарады.
Мерекеге басқа әскери бөлімдер мен қоғам өкілдері, әскери қызметшілердің отбасы мүшелері және бөлімнің ардагерлері қатыса алады.
Ішкі қызмет жарғысына
7-ҚОСЫМША
Келген буынды бөлімшелер бойынша бөлу тәртібі
1. Келген буын бөлімшелер бойынша әрбір әскери қызметшінің іскерлік қасиеттерін зерделегеннен кейін және оның денсаулық жағдайын, шақырылған (тұрғылықты) орнын, шақыру бойынша әскери қызметке қабылданғанға дейінгі алған мамандығын, әскери-есептік мамандығын, мінездемесін және қорғаныс істері жөніндегі басқармада (бөлімде) (оқу орталығында) берілген кәсіби жарамдылығы туралы қорытындыны ескере отырып бөлінеді. Буынды бөлу туралы әскери бөлім бойынша бұйрық шығарылады.
2. Белгіленген уақытта әскери бөлім оркестрмен бірге жаяу сапқа тұрғызылады.
Жаңадан келген буын бөлімше старшиналарымен бірге сап ортасының алдына жиырма-қырық адым жерде сапқа қарама-қарсы екі қатарлы сапқа тұрғызылады.
Сапқа тұрғызу және әскери бөлім командирін қарсы алу Саптық жарғыда көрсетілгендей жүргізіледі.
3. Сәлемдесуге жауап алғаннан кейін әскери бөлім командирі қысқаша сөзінде бөлімнің жауынгерлік жолы, оның батырлары мен наградалары туралы, бөлімшенің жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері туралы және әскери қызметшілерге жүктелетін құрметті және жауапты міндеттер туралы айтады. Содан кейін мерзімді әскери қызметті аяқтаудағы бір-екі әскери қызметшіге, жаңадан келген бір-екі әскери қызметшіге сөз береді.
4. Әскери бөлім штабының бастығы келген буынның бөлімше штатына қабылданғаны туралы бұйрықты жариялайды.
Әскери бөлім командирі жеке құрамды жаңа толықтырумен құттықтайды, одан кейін оркестр Мемлекеттік әнұран орындайды.
5. Әскери бөлім командирінің «Сапқа тұр» командасы бойынша бөлімше старшиналары жаңадан келген буынмен өз бөлімшелерінің сабына тұрады.
6. Келген буынды бөлімшелер бойынша бөлу рәсімі әскери бөлімнің салтанатты шерумен өтуімен аяқталады.
Ішкі қызмет жарғысына
8-ҚОСЫМША
Жеке құрамға қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы
беру тәртібі
1. Әскери қызметшілерге қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы бекітіп беру олар әскери ант қабылдағаннан кейін жаңа оқу кезеңі басталғанға дейін жүзеге асырылады. Оған дейін олармен олардың жауынгерлік (техникалық) мүмкіндіктерін, кәзіргі заманғы ұрыстағы мәнін, сондай-ақ қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын зерделеу жөніндегі сабақтар өткізіледі.
Бөлімшелер командирлері тапсырылатын қару-жарақтың, әскери және басқа да техниканың ақаусыздығын тексереді, команда бойынша тапсыруға әзірлігі туралы баяндайды.
Әскери бөлім командирі қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы экипаждар (есептоптар) мүшелеріне, жүргізушілерге (механик-жүргізушілерге) және басқа да адамдарға бекітіп беру туралы бұйрық береді, жеке құрамға қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы салтанатты тапсыру уақыты мен тәртібін белгілейді. Бұйрық нөмірі мен қару-жарақ, әскери және басқа да техника бекітіліп берілетін адамдардың тектері формулярларға (паспорттарға) енгізіледі. Қарудың атауы, оның сериясы мен нөмірі, берілген күні сарбаздар мен сержанттар құрамы әскери қызметшілерінің әскери билеттеріне, сондай-ақ жеке құрамға қаруды бекітіп беру ведомостарына жазылады.
2. Белгіленген уақытта әскери бөлім Жауынгерлік Ту жанына қарумен және оркестрмен жаяу сапқа тұрғызылады.
Тапсыруға жататын қару сапқа тұрғызылатын жерге шығарылады және саптан он-он бес метр жерде столдарға қойылады. Басқа қару-жарақ, әскери және басқа да техника оларды сақтау орындарында тапсырылады.
3. Әскери бөлім командирі қысқаша сөзінде жалпыәскери жарғылардың сеніп тапсырылған қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы ұстау, оларды Қазақстан Республикасын қорғау үшін жауынгерлік қолдануға әзірлікте ұдайы ұстау туралы талаптарын әскери қызметшілердің естеріне салады. Содан кейін әскери бөлімнің жеке құрамына қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы бекітіп беру туралы бұйрық жарияланады.
Бұйрық жарияланғаннан кейін әскери бөлім командирі: "Еркін тұр" командасын береді, бөлімшелер командирлеріне қаруды тапсыруға кірісуге бұйырады.
Роталар (бөлімшелер) командирлері әскери қызметшілерді саптан кезекпен шақырады және оларға қару тапсырады.
4. Қаруды тапсырғаннан кейін бөлім командирінің командасы бойынша әскери бөлім салтанатты маршпен өтеді, одан кейін бөлімшелер қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы сақтау орындарына кетеді.
Қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы қабылдау үшін үш жұмыс күніне дейін бөлінеді.
Жеке құрам қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы қабылдау үшін экипаж бойынша (есептоп бойынша) сапқа тұрғызылады және рота (бөлімше) командирінің командасы бойынша олардың жай-күйі мен жиынтықталуын тексереді. Қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы тексерудің қорытындылары техникалық жай-күй актілерінде көрсетіледі. Актілер үш данада жасалады, қабылдап алатын әскери қызметші және бөлімше командирі қолдарын қояды. Актілердің бірінші даналары рота (бөлімше) командирлерінің бағынысындағылардың қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы қабылдап алғаны туралы баянаттарымен бірге саптық бөлімге тапсырылады және әскери бөлім бойынша бұйрықта жарияланады. Актілердің екінші (үшінші) даналары қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы қабылдап алған (тапсырған) әскери қызметшілерге тапсырылады.
Қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы ұзақ сақтауда ұстау, соның ішінде корпустарын (объектілерін) герметизациялау жағдайында оларды ішінара герметизациялаудан алуға жол беріледі.
Экипаждардың (есептоптардың) командирлері (бастықтары), (бастықтары), жүргізушілер (механик-жүргізушілер) немесе қару-жарақ, әскери және басқа да техника бекітіліп берілетін басқа да адамдар команда бойынша жазбаша рота (бөлімше) командирлеріне қабылдау актілерін қоса берумен баяндайды, оларға командирлерінің немесе басқа да адамдардың баяндауларын қабылдайды және оларға формулярлар (паспорттар) тапсырылады, оған олар қолдарын қояды және осы сәттен бастап қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы қабылдап алған жеке құрам оған жауап береді.
Қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы бекітіп бергеннен кейін әскери бөлім командирінің шешімі бойынша олардың жауынгерлік (техникалық) мүмкіндіктері және оларды шеберлікпен игеру үлгілері іс жүзінде көрсетілуі мүмкін.
Қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы герметизациялауды қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар оларды тапсырғаннан кейін сол күні орындалуы тиіс.
5. Қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы тапсырғаннан кейін белгіленген уақытта әскери бөлім Жауынгерлік Тудың жанына қарумен және оркестрмен жаяу сапқа тұрғызылады, батальондар (бөлімшелер) командирлері әскери бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары арқылы бағынысындағы жеке құрамға қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы тапсырғаны туралы әскери бөлім командиріне баяндайды.
Әскери бөлім командирі жеке құрамды қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы тапсырумен құттықтайды.
6. Қару-жарақты, әскери және басқа да техниканы тапсыру рәсімі әскери бөлімнің салтанатты шерумен өтуімен аяқталады.
Ішкі қызмет жарғысына
9-ҚОСЫМША
Достарыңызбен бөлісу: |