1. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету 1.1 Ақша-кредит саясаты
Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясаты бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге және орта мерзімді болашақта инфляцияны 3-4%-ға төмендеуге бағытталған 2020 жылға дейін инфляциялық таргеттеуді енгізу бойынша Ұлттық Банктің шаралар кешенін жүзеге асыруға бағытталған.
Ұлттық Бактің шаралары кешені ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігінің тиімділігін арттыруға, ақша-кредит саясатын құрамдарының жүйесін жетілдіруге және болжамдау жүйесін құруға, шешім қабылдау жүйесін құруға бағытталатын болады.
Ішкі нарықтағы ахуалды және сыртқы қаржы және тауар нарықтарындағы конъюнктураны ескере отырып, инфляция бойынша нысаналы бағдарға қол жеткізу үшін жыл сайын ақша-кредит саясатының негізгі бағыттары қалыптастырылатын болады. Бұл ретте инфляция бойынша нысаналы бағдар жыл сайын Ұлттық Банк Басқармасымен белгіленетін болады.
Қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Ұлттық Банк ашық нарық, тұрақты кіру операциялары, сондай-ақ ең төменгі резервтік талаптар тетіктері арқылы қысқа мерзімді өтімділікті реттейтін болады.
Ашық нарықта өткізілетін операциялардың негізгі мақсаты – ақша нарығындағы мөлшерлеме деңгейін басқару болып табылады. Ашық нарықта өткізілетін операциялар шеңберінде Ұлттық Банк өтімділікті аукцион негізінде ұсынатын болады. Артық өтімділік пайда болған жағдайда, оны алып қоюдың негізгі құралы ретінде өтімділікті алып тастау аукциондары болып табылады. Ұлттық Банк мерзімі 28, 91 және 182-күндік қысқа мерзімді ноталарды шығаруды жалғастырады. Тұрақты қол жеткізу операциялары шеңберінде, өтімділік банктердің сұратуы бойынша берілетін болады. Ұлттық Банктің депозиттері тұрақты негізде 1 және 7-күндік мерзімге қол жетімді болады.
2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатына сәйкес инфляциялық таргеттеуді енгізу шарты болып айырбас бағамын еркіндікке жіберуге көшу болып табылады.
Үкімет пен Ұлттық банк 2015 жылдың 20 тамызынан бастап теңгенің құбылмалы айырбас бағамына көшу туралы шешім қабылдады. Теңгенің айырбас бағамы іргелі сыртқы және ішкі макроэкономикалық факторларды ескеру жолымен нарықтық сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптастырылатын болады. Айырбас бағамының өзгерістері әлсіреуі және нығаюы мүмкін. Ұлттық Банк теңгенің айырбас бағамының нарықтық деңгейін қалыптастыруға араласпағанымен, елдің қаржылық жүйесінің тұрақсыздану қаупі туындаған жағдайда валюталық интервенция жүргізу жолымен ішкі валюта нарығына қатысу мүмкіндігін сақтап қалады.
Нарықтық айырбас бағамын қалыптастыру тұрақты экономикалық өсім мен ішкі шоктарды абсорбациялауға қажетті жағдайлар туғызады. Құбылмалы айырбас бағамы ақша нарығының қысқа мерзімді мөлшерлемелеріне Ұлттық Банктің пайыздық мөлшерлемелерінің әсерін арттырады. Өз кезегінде, ақша нарығының ставкалары кредиттік ресурстар мен экономикадағы инвестициялардың құнына, іскерлік белсенділік пен инфляцияға ықпал етеді.
Ұлттық Банк экономиканы дамытудың ықтимал сценарлық нұсқаларына байланысты ақша-кредит саясатының баға тұрақтылық жөніндегі негізгі мақсаты мен қаржы жүйенің тұрақтылығына септігін тигізу арасында теңгерімді қолдайды.
Ақша-кредит саясатының шараларын жүзеге асыруы тұрақты және ұзақ мерзімді экономиканың өсуі үшін жағдайларды қамтамасыз етуге және инфляцияны мақсатты дәліздің ішінде ұстап тұруға бағытталады.
Инфляция деңгейін ұстап тұру
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкі инфляцияның өсуіне жол бермеу және оны жоспарланған дәлізде ұстап тұру үшін ішкі нарықта баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды жалғастыратын болады.
Тұтыну нарығындағы бағалардың өзгеруіне әсер ететін сыртқы және ішкі факторлар жедел тәртіппен қадағаланатын болады.
Бәсекелік ішкі нарықтардың дамуына, бағалық мәлім мен жосықсыз бәсекелестікке қарсы күресуге жағдайлар жасау үшін азық-түлік тауарлары мен отын бағаларын ұстап тұруға бағытталған шаралар қабылданатын болады.
Республиканың ішкі нарығын молайту және мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында, облыстар мен Астана және Алматы қалалары бойынша мұнай өнімдерін жеткізу кестелерін бекіту және бензин мен дизельдік отынға рұқсат етілген шекті бағаларды белгілеу жалғасатын болады.
Азық-түлік нарығын реттеу және алыпсатарлық пен бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу, сондай-ақ мерзімдік ауытқуларды қалыпқа келтіру үшін азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану бойынша жұмыс жалғастырылатын болады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бөлшек бағаларының шекті мәндерін белгілеу практикасы жалғастырылады.
Отандық нарықты азық-түлік тауарларымен молықтыру үшін отандық өндірушілерді қолдау қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығында гербицидтерді, жанар-жағармай материалдарын, тыңайтқыштарды сатып алу шығындары субсидияланады, мал шаруашылығында асыл тұқымды мал өсіру жұмысы, мал шаруашылығы өнімінің өндірісі субсидияланады, ветеринарияда мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар қызметі қалпына келтірілді, өңдеуде өңдеуші кәсіпорындар кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесі субсидияланады.
Табиғи монополиялар субъектілері тарифтерінің өсуі реттеліп көрсетілетін қызметтер тарифтерінің инфляцияға рұқсат етілген үлесімен шектелетін болады.
Реттеу және қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету саласындағы саясат
Қаржы секторы тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк қаржы жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне әсер ететін жүйелі тәуекелдер мен қатерлерді анықтау, бағалау, азайту, сондай-ақ жалпы макропруденциалды реттеу тәжірибесін одан әрі жетілдіру бойынша міндеттерді орындауды жалғастыратын болады.
Қаржы секторын дамыту және оның орнықтылығын арттырудың ұзақ мерзімді перспективаға арналған негізгі бағыттары Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамыту тұжырымдамасында айқындалған.
Бар проблемаларды шешу және қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін нығайту, инфрақұрылымды жақсарту мен оның өсу ресурстарын кеңейту маңызды басымдықтар болып айқындалған.
Орта мерзімді кезеңде түйінді міндеттердің бірі жұмыс істемейтін қарыздар үлесін 10 % пруденциялық нормативке дейін төмендету арқылы банк секторының несие қоржынының сапасын сауықтыру болып қалады. Банктердің осы талапты орындауы үшін проблемалық қарыздарды реттеу мәселелерін регламенттейтін заңнама оңтайландырылады және «Проблемалық кредиттер қоры» АО-ның қызметі жетілдірілетін болады.
Сонымен қатар, проблемалық активтер нарығының тиімді инфрақұрылымын құру жөніндегі стратегия әзірленетін болады, бұл оларды басқару үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды.
Банктердің капиталдық базасын одан әрі нығайту үшін олардың әлеуеттік күйзелістер мен қатерлерге орнықтылығын арттыру, сондай-ақ шығындарды сіңіру қабілеттерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. 2016 жылдан бастап банктер үшін жеке меншік және жарғылық капиталдың ең аз мөлшері бойынша талаптарды арттыру басталады. 2019 жылға қарай капиталдың жеткіліктілігі бөлігінде Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің ұсынымдарын кезең-кезеңмен енгізу аяқталады.
Ұлттық Банк белгіленген талаптарды одан әрі жетілдіруді жүзеге асырады, оның ішінде практикаға капиталдың қарсы циклдік буферін реттеуді енгізу параметрлері мен шарттары айқындалатын болады. Капиталдандыру, өтімділік, тәуекелдерді басқару жүйелері бойынша қосымша талаптар белгілеуді көздейтін, жүйе құраушы банк топтары үшін реттеу жүйесі қалыптастырылатын болады.
Ұлттық Банк орта мерзімді перспективада банктердің стрестік жағдайларға орнықтылығын арттыру үшін банктер өтімділігінің жаңа коэффициенттерін, сондай-ақ корландырудың анағұрлым тұрақты көздерін пайдалануға ынталандыруды енгізетін болады.
Саладағы жүргізіліп жатқан саясат Қазақстанның банк секторын одан әрі дамытуға, тұрақтылығын нығайтуға және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Квазимемлекеттік секторды ескере отырып мемлекет міндеттемелерін басқару саясаты
Мемлекеттік, квазимемлекеттік және сыртқы борышты басқарудың тұрақты және тиімді жүйесін қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының Жаңа бюджеттік саясаты тұжырымдамасына Мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару жөніндегі тұжырымдаманың негізгі ережелері интеграцияланған және 2020 жылға қарай ЖІӨ-нің 22 %-нан көп емес жиынтығын құрайтын мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштың жоғарғы шегін шектерін көздейтін өзгерістер енгізілді.
Квазимемлекеттік секторда тәуекелдердің шоғырлануының және борыштық жүктемелерден «қызып кетуінің» алдын алу мақсатында Мемлекет бақылайтын ұйымдардың борышы мен қаржылық тұрақтылығын басқару саясатын бекіту көзделген, оның шеңберінде қарыздарды тарту негізгі төрт тәуекел түрлерін ескере отырып жүзеге асырылатын болады:
1) өтімділік тәуекелі (айқындалған уақытша аралықта қаржы активтерінің және қаржы міндеттемелерінің теңгерімсіздігі);
2) кредиттік тәуекел (өз міндеттемелерін орындамау не тиісінше орындамау);
3) валюталық тәуекел (шетелдік валюталар бағамының ауытқулары);
4) пайыздық тәуекел (құбылмалы пайыз мөлшерлемелерінің ауытқулары).
Мемлекеттің бақылауындағы ұйымдар борышының өсуіне жол бермеу үшін мына мәселелер пысықталатын болады:
- мемлекеттің бақылауындағы ұйымдардың сыртқы қарыздарды тартуға, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның міндетті келісімін және рұқсатын алуды көздейтін нормаларды белгілеуі;
- тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін мемлекет бақылайтын ұйымдардың сырттан қарыз алуына тыйым салуды енгізу мүмкіндіктері;
- мүдделі мемлекеттік органдар арасында жеке субъектілер бөлінісінде квазимемлекеттік сектордың борышы туралы ақпаратпен алмасуы.
Елдің борыштық жүктеме орнықтылығын қолдау мақсатында тұрақты негізде ықтимал қатерлер мен дағдарысты жағдайлардың болуын ескере отырып, мемлекеттің бақылауындағы ұйымдар борышының жағдайын мониторингілеу және бағалау бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.
1.2 Бюджет-салық саясаты
Жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасына сәйкес орта мерзімді кезеңде бюджет саясаты мемлекеттік қаржы теңгерімділігін және әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Осыған байланысты, бюджет саясатының негізгі міндеттері мыналар болады:
- макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету;
-әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына бюджет шығыстарының шоғырлануы;
- бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру;
- фискалды орталықсыздандыру;
- Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану;
- бюджеттің мұнайдан түсетін кіріске тәуелділігін төмендету.
Мемлекеттік шығыстарға, жиынтық сұранысты және инвестициялық белсенділікті қолдауды қамтамасыз ететін деңгейде қолдау көрсетілетін болады.
Тапшылық параметрлері үкіметтік борыштың орнықтылығын қамтамасыз ету және мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын ұзақ мерзімді перспективада дамытуды ескере отырып айқындалатын болады.
Республикалық бюджет тапшылығының төмендеуі 2018 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-ға дейін жоспарланып отыр. Бюджет тапшылығы тек ішкі ресурстар есебінен қаржыланатын болады.
Әлемдік және Қазақстан экономикасындағы жағдайлардың өзгеруі кезінде бюджет саясатын түзету бойынша жедел және икемді шаралар қолданылатын болады.
Мемлекеттік бюджетке жүктемені азайту және құралдар тізбесін кеңейту үшін инфрақұрылымдық және өзге де басым жобаларға жеке секторды тарту мақсатында мыналар ұсынылады:
- мемлекеттік жекешелік әріптестікті (бұдан әрі - МЖӘ) дамыту және жеке инвестициялар көлемін ұлғайту үшін аутсорсинг тетіктері арқылы жеке операторларды тарта отырып мемлекеттік органдар мен мекемелер объектілердің капиталды шығындары мен оларды пайдаланудың сервистік моделіне өтуді жүзеге асыру.
- мемлекеттік кепілдік (коммерциялық қарыздар шарттары бойынша) беруді және бюджеттен қаржыландырудың альтернативасы ретінде кепілгерлікті қолдануды (бағалы қағаздар шығару арқылы) кеңейтуді жеңілдету бөлігінде мемлекеттің шартты міндеттемелерінің тетіктері бойынша тәсілдерді қайта қарау.
Салық саясаты шеңберінде мемлекеттің кірістерді қайта бөлу бойынша әділ құралы ретінде, салық жүйесінің экономикалық қайтарымын арттыру және салық салынатын негізді ұлғайту бойынша жұмыс жалғасады.
«100 нақты қадам» 5 институционалдық реформаны тиімді іске асыру үшін толыққанды салық реформасы жүргізілетін болады, оның шеңберінде мынадай қосымша шаралар ұсынылады.
Сатудан түсетін салықпен бір мезгілде (қосылған құн салығы орнына сатудан түсетін салық) бөлшек сауда кәсіпорындары (тауардар және көрсетілетін қызметтер) және қоғамдық тамақтану орындары үшін келесі мөлшерлемелермен: қолма – қол ақшамен есеп айырысу кезінде -12%, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу кезінде -7%, онлайн сатып алу жағдайда – 5% бөлшектік салық енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Салық жергілікті бюджетке түсетін болады.
Бұл шара КОБ үшін салықтық әкімшілендірумен қатар бюджет кірістерін елеулі ұлғайту, халықты қолма-қол ақшасыз есеп айрысуға ынталандыру және көлеңкелі экономика үлесін қысқарту мүмкіндігін береді.
Жаңа бюджет саясатының Тұжырымдамасын іске асыру үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесін 2017 жылы 10%-дан 11%-ға дейін ұлғайту және 2018 жылы бір деңгейдегі шәкілде 12%-ға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру ұсынылатын болады, ол жергілікті бюджеттердің кірістер базасын ұлғайту мүмкіндігін береді.
Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық кеңістіктің (бұдан әрі-ЕЭК) және алдағы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі-ДСҰ) кіруі жағдайында, акциздік саясатты одан әрі жетілдіру және Қазақстан Республикасының салық заңнамасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Қазақстан Республикасы азаматтарының және жеті жылға есептеліп тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының және тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру жөнінде жұмыс жалғасатын болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану саясаты
Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың жаңа тәсіліне сәйкес, республикалық бюджетте кепілдендірілген трансферттің белгіленген мөлшері экономикадағы ахуалға байланысты төмендеу немесе 15%-ға дейін ұлғаю жағына қарай түзетілуі мүмкін.
Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру және оның жинақтаушы функциясын күшейту үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 794 Жарлығымен тиісті қаржы жылының соңына қарай, ЖІӨ-нің болжамды мәнінің 30% мөлшерінде төмендетілмейтін қалдық белгіленген.
Бұл ретте, республикалық бюджетке кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансфертті жүзеге асыру үшін Ұлттық қор қаражаты жетіспеген жағдайда, төмендетілмейтін қалдық лимитін сақтау қажеттігіне байланысты кепілдендірілген және/немесе нысаналы трансферттің мөлшері тиісті шамаға азайтылады.
Бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында бюджет саясаты 2020 жылға қарай мұнай емес тапшылықты ЖІӨ-ге қарағанда 2,8 %-ға дейін төмендетуге бағытталады.
Үкіметтік қарыз алу саясаты Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдасында белгіленген шектеулерге сәйкес, Ұлттық қордағы жинақтың ауыстырылуына жол бермеу негізінде жүргізіледі, атап айтқанда:
● үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың жыл сайынғы шартты бекітілген инвестициялық кірісінің 4,5 % деңгейінен аспауы тиіс;
● үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және өтеуге арналған шығыстар Ұлттық қордан бөлінетін трансфертті қоса алғанда, республикалық бюджет кірісінің 15%-нан аспауы тиіс.
2016-2020 жылдарға арналған бюджеттік инвестициялық саясаттың (оның ішінде бюджеттік инвестициялар) негізгі басымдықтары.
Бюджеттік инвестициялық саясат стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда және Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашада «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларында айқындалған мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға бағытталады.
Бюджеттік инвестициялардың негізгі бағыттары:
1) Көліктік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық инфрақұрылымды, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы экономиканың тұрақты әрі теңгерімді өсуін қамтамасыз ету жолымен инфрақұрылымды дамыту.
Осы бағыт шеңберінде «Нұрлы жол» бағдарламасының, «Өнімділік 2020», «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламаларының, ИИДМБ, сондай-ақ экономиканы энергетикалық, көліктік және газ инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді қоса алғанда, ИИДМБ-ны іске асыру үшін қабылданған салалық бағдарламалардың іс-шаралары басым қаржыландырылатын болады.
Орта мерзімді перспективада Құрық портында паром өткелі құрылысын бастау және бірінші «құрғақ порт» кешенінің, Атырау және Тараздағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын және «Ұлттық индустриялық мұнай химия технопаркі» инфрақұрылымдарының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Боржақты – Ерсай, Шу – Алматы-1 теміржол желілерін, сондай-ақ «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық – Батыс», Алматы – Өскемен, Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда, Атырау – Астрахань, Орал – Каменка – Ресей Федерациясының қалалары негізгі автожол жобаларын іске асыру басталады. Мемлекеттік – жекешелік әріптестік тетігі арқылы «Үлкен Алматы айналмалы автомобиль жолы» жобасы бойынша концессионер тарту жұмысы жалғастырылады.
«Екібастұз - Семей - Өскемен» және «Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алматы» бағыттары бойынша жоғары вольтті желілердің құрылысы қазақстандық электр станцияларының елдің барлық өңірлерін теңгерімделген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.
2) Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су және жылумен жабдықтау желілерінің инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, үлестік салымдарға кепілдік беру, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолымен өңірлерді дамыту және халықтың өмір сүру жағдайларын жақсарту.
2020 жылға дейін өңірлерді дамыту және Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі «Агробизнес-2020» бағдарламалары бойынша жобалардың іске асырылуы жалғасатын болады.
«2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік жалдамалы тұрғын үй құрылысы арқылы тұрғын үй қорын ұлғайту жоспарланып отыр.
Экономикалық өсу орталықтарын - қалалалық агломерацияларды, екінші деңгейлі қалаларды (облыс орталықтары, Семей және Түркістан қалалары), перспективалы моно және шағын қалаларды, тірек ауылдық елді мекендерді, сондай-ақ шекара маңындағы аумақтарды дамыту өңірлік саясаттың негізгі басымдығы болып табылады.
Қалалардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту проблемаларын шешу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі халықаралық қаржы ұйымдарымен (Еуропа Қайта құру және Даму Банкі, Азия Даму Банкі, Ислам Даму Банкі, Дүниежүзілік банк және басқалар) бірлесіп іске асырылатын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жобалар қоса қаржыландырылатын болады.
Хаб қағидаты бойынша макроөңірлерде тарту орталықтарын құру жөніндегі жұмыс басталады.
Шұғыла қағидаты бойынша барлық коммуникациялар елді аумақтық дамытудың өңірлік теңгерімсіздігін төмендету мақсатында Астанадан басқа макроөңірлердің (Астана, Өскемен, Ақтөбе, Шымкент және Алматы) хаб-қалаларына бағытталатын болады.
3) Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, елдің тұрақты әлеуметтік-демографиялық дамуын, жұмыссыздықты қысқартуды және тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін, білім беру саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарының сапалы қызмет көрсетуінде тұрғындардың қажеттілігін қанағанттандыру, еліміздің тұрақты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту, жұмыссыздықты қысқарту мен жұмыспен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылатын болады.
Мектепке дейінгі ұйымдардың, мектептер мен денсаулық сақтау объектілері желілерін кеңейтуді қаржыландыру, апатты мектептер мен үш ауысымдық оқытуды жою, мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығын қысқарту жөніндегі бар проблемаларды шешуді есепке ала отырып, жүзеге асырылатын болады.
10 ЖОО-ның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылады, оның негізінде ғылымның экономика салаларымен байланысы және кадрлар даярлау қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша іс-шараларды іске асыру жалғасады.
4) Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің нәтижесіне, сапасын жақсартуға бағдарланған, мемлекеттік жоспарлауды енгізу жөніндегі реформаларды тереңдету арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік функцияларды іске асырудың сапасын арттыру.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік функцияларды іске асырудың сапасын арттыру бойынша, оның ішінде «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бағытталған іс-шаралар басым қаржыландырылатын болады.
5) Ірі серпінді дамушы қалалар базасында басқа өңірлер үшін «локомотивтердің» озық өсуінің негізгі «нүктелерін» қалыптастыру арқылы өсу нүктелерін (Астана, Алматы қалаларының) қалыптастыру.
Астана қаласында ЭКСПО-2017 кешенінің құрылысы жалғасады, сондай-ақ жаңа әуежай терминалы салынады және ұшып-қону жолағы реконструкцияланатын болады.
Бюджетаралық қатынастар
Бюджетаралық қатынастар мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің аражігін нақты ажыратуға, республикалық, облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттері арасындағы түсімдер мен шығыстарды бірыңғай бөлуге, сондай-ақ бюджетаралық трансферттерді айқындау әдістерінің бірдейлілігі мен ашықтығына негізделген.
Орта мерзімді кезеңдегі бюджетаралық қатынастар саясатының негізгі мақсаты азаматтарға олардың тұрғылықты орнына қарамастан Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңнамада кепілдік берілген мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жалпыға қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бюджетаралық қатынастарды одан әрі жетілдіру және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуде әкімдерді экономикалық ынталандыруды күшейту мақсатында бюджетаралық трансферттер жүйесі жаңғыртылатын болады.
Жаңа Бюджет саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, даму бюджеті шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы қаржыландыру салаларының аражігін ажырату бойынша жұмыс жүргізіледі.
Қаржылық дербестікті кеңейту және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірлік даму мәселелерін шешуде жергілікті органдардың жауапкершілігін кеңейту мақсатында республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер (ағымдағы және даму трансферттері) есебінен қаржыландырылатын шығыстарды 2017 жылдан бастап жергілікті бюджеттердің базасына толығымен беру мақсатында бюджет заңнамасы әзірленетін және оған өзгерістер енгізілетін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |