«Дезинфекция, дезинсекция мен
дератизацияны ұйымдастыруға
және жүргізуге қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық
талаптар» санитариялық қағидаларын
бекіту туралы
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 144-бабының 6 тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті (А.Б. Мәтішев) заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарына және «Әділет» ақпараттық – құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Т.М. Жақсылыковқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Е. Досаев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі
___________ Т. Дүйсенова
2014 ж. «____» _________
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика сақтау министрінің
2014 жылғы «__ »_______
№ ____ бұйрығымен бекітілген
«Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) дезинфекция, дезинсекция және дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды белгілейді.
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды:
1) ағымдағы дезинфекция – науқас ауру ошағында болған кезде әрбір нозологиялық нысан үшін белгіленген жиілікпен жүргізілетін дезинфекция;
2) гнус – ашық табиғатта және елді мекендерде адамды шағатын және оның қанын соратын қансорғыш жәндіктердің – масалардың, соналардың, майда шыбындардың, есекқұрттардың, бәкене шыбындардың бірқатар түрлерін қамтитын жиынтық ұғым;
3) далалық дезинсекция – адамдар болатын жерлерге қорғаныш аймақтарын құру және қансорғыш жәндіктер мен кенелердің санын азайту мақсатында елді мекен шегінде оларды жою;
4) далалық дератизация – адамдар үшін қауіпті аурулар эпизоотиясын болдырмау және кеміргіштердің санын азайту мақсатында оларды жою;
5) дезинфекция – инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою жөніндегі шаралар кешені;
6) дезинфекциялық жабдық – дезинфекциялау, стерильдеу алдында тазарту, стерильдеу, дезинсекциялау және дератизациялау жүргізуге арналған аппараттар мен қондырғылар;
7) дезинфекциялық құралдар (бұдан әрі – дезқұралдар) – дезинфекциялау, стерильдеу алдында тазарту, стерильдеу, дезинсекциялау, дератизациялау жүргізуге арналған химиялық, биологиялық құралдар, сондай-ақ репелленттер;
8) дезинсекция – жәндіктер мен басқа да буынаяқтыларды жою бойынша іс-шаралар кешені;
9) дератизация – кеміргіштерді жою жөніндегі іс-шаралар кешені;
10) жоғарғы деңгейдегі дезинфекция – барлық патогенді және шартты патогенді микроағзалар жойылатын, ал споралар саны азаятын дезинфекция;
11) инсектицидтер (акарицидтер, инсектоакарицидтер) – жәндіктер мен кенелерді жою үшін пайдаланылатын құралдар (препараттар);
12) имаго – ересек жыныстық жетілген жәндіктер;
13) камералық дезинфекция – дезинфекциялық камераларда дезинфекциялау және дезинсекциялау;
14) кенттік дезинсекция – елді мекен шегінде зиянды жәндіктерді, кенелерді және басқа да буынаяқтыларды жою;
15) кенттік дератизация – тұрғын үй-жайларда (ғимараттарда), қора-қопсы құрылыстарында, мал шаруашылығы, өндірістік үй-жайларда, қойма және басқа да үй-жайларда, сондай-ақ елді мекеннің шегінде ашық аумақта кеміргіштерді жою;
16) қолдану режимі – препаративті нысанда пайдаланылатын қолданыстағы заттардың шоғырлануын қоса алғанда, дезинфекциялау құралын қолдануды сипаттайтын нормалардың жиынтығы, препараттың шығыны, өңдеу уақыты, өңдеу жиілігі мен ауданы, қосымша заттар мен әдістерді пайдалану;
17) қорытынды дезинфекция – науқасты емдеуге жатқызғаннан, оқшаулағаннан кейін, ол жазылған соң немесе қайтыс болғаннан кейін ошақта жүргізілетін дезинфекция;
18) орта деңгейдегі дезинфекция – бактерияларды (оның ішінде туберкулездің микобактерияларын), вирустарды (оның ішінде полиовирустарды), грибоктарды жоятын, бірақ спораларды жоймайтын дезинфекция;
19) ошақ – инфекция қоздырғышы науқастан сезімтал адамдарға беріле алатын шектерде оны қоршаған аумағы бар, инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқастың болатын орны;
20) ошақтық дезинфекция – ошақтарда инфекциялық инфекциялық немесе паразиттік ауруларды профилактика және/немесе жою мақсатында жүргізілетін дезинфекция;
21) препаративті нысан – дезинфекциялау құралдарын шығару және/немесе пайдалану нысаны;
22) профилактикалық дезинфекция – анықталған инфекция көзі болмаған кезде алдын алу мақсатында жүргізілетін іс-шаралар кешені (дезинфекция, дезинсекция мен дератизациялауды қамтиды);
23) репелленттер – жәндіктерді және басқа да буынаяқтыларды үркіту құралдары;
24) родентицидтер (ратицидтер) – кеміргіштерді жоюға арналған құралдар (препараттар);
25) стерилизация – қоздырғыштардың барлық түрін, оның ішінде спораларды физикалық, химиялық, термиялық немесе аралас әдістермен оларға әсер ету арқылы толық жою;
26) төменгі деңгейдегі дезинфекция – бактерияларды, кейбір грибоктарды, вирустарды жоятын, бірақ туберкулез микобактериялары сияқты төзімді бактерияларға қатысты тиімсіз дезинфекция.
3. Дезқұралдармен жұмыс істеуге денсаулығының жағдайы бойынша қарсы көрсетілімі жоқ, кәмелет жастағы адамдарға рұқсат етіледі.
4. Дезқұралдармен жұмыс істеуге тартылатын мамандар (дезинструктор, дезинфектор, дератизатор) әр 5 жыл сайын дезинфекциялау, дезинсекциялау дератизациялау бойынша кәсіптік даярлықтан және жыл сайын жұмыстарды қауіпсіз жүзеге асыру, дезқұралдармен уланған кезде дәрігер қарағанға дейін алғашқы көмек көрсету мәселелері жөнінде нұсқамадан өтеді.
5. Дезқұралдар затбелгіде құралдың атауын, жарамдылық мерзімін көрсете отырып, өнім берушінің ыдысында (қаптамада) сақталады. Ыдыстың затбелгісі дезқұралды сақтаудың (пайдаланудың) барлық кезеңінде сақталады.
6. Дезқұралдардың жұмыс ерітінділерін, улы қармақ жемдерді дайындау, оларды өлшеп-орау сорып-шығаратын желдеткішпен жабдықталған арнайы үй-жайда, арнайы киімді (бұдан әрі – арнайы киім) және жеке қорғаныш құралдарын (қолғаптарды, респираторларды) міндетті түрде пайдалана отырып жауапты тулғамен орталықтандырылған түрде жүргізіледі. Бұл үй-жайларда бөгде адамдардың болуына, жеке заттарды, тамақ өнімдерін сақтауға, ас ішуге және темекі тартуға жол берілмейді.
7. Дезинфекциялау, дезинсекциялау мен дератизациялау жүргізу үшін Қазақстан Республикасының және Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумағында қолдануға рұқсат етілген дезқұралдар қолданылады. Дезқұралдардың қауіптілігі осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген қауіптілік сыныптауышына сәйкес белгіленеді. Дезқұралдарды қолдану шарттары олардың қауіптілік дәрежесімен айқындалады:
1) жабық үй-жайларда аса қауіпті құралдарды (1-сынып) пайдалануға рұқсат етілмейді;
2) балалар, медициналық ұйымдарда, қоғамдық тамақтану объектілерінде және тұрғын үй-жайларда аса қауіпті және жоғары қауіпті құралдарды (1 және 2-сынып) пайдалануға рұқсат етілмейді. Басқа объектілерде кейіннен міндетті түрде желдету және жинау арқылы тек оқытылған персонал ғана оларда адамдар жоқ кезде қолдануына рұқсат етіледі;
3) орташа қауіпті құралдарды (3-сынып) оқытылған персоналдың кез келген типтегі үй-жайларда және тұрғындардың тұрмыста, бірақ қолдану шарттарының міндетті түрдегі регламенттеуімен (препараттың шығыны, желдету режимі, жинау) пайдалануға рұқсат етіледі;
4) қауіптілігі аз құралдарды (4-сынып) қолдану саласын шектемей пайдалануға рұқсат етіледі.
2. Дезинфекцияны ұйымдастыру және жүргізу
8. Тітіркендіргіш әсері және аллергиялық реакциялар тудыратын препараттармен үй-жайларды себелеу, тозаңдату, сүрту әдістерімен дезинфекциялау адамдар болмаған кезде жүргізіледі.
9. Жекелеген объектілерді зазарсыздандыру кезінде дезқұралдардың шығыны осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес есептеледі.
10. Инфекциялық аурудың ошағында ағымдағы дезинфекция науқасты анықтаған кезден бастап емдеуге жатқызғанға дейінгі кезеңде жүргізіледі, үйде емделген кезде – аурудан жазылғанға дейін, реконвалесценттер мен бактерия тасымалдаушыларда – толық сауыққанға дейін жүргізіледі.
11. Ағымдағы дезинфекцияны денсаулық сактау ұйымының медицина қызметкері ұйымдастырады, оны науқасқа күтім жасайтын адам, реконвалесценттің немесе бактерия тасымалдаушының өзі жүргізеді.
12. Қорытынды дезинфекциялауды дезинфекциялық станциялар немесе санитариялық – санитариялық - эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) аумақтық бөлімшелерінің дезинфекциялық бөлімдері (бөлімшелері), ауылдық жерлерде – медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары жүргізеді.
13. Қорытынды дезинфекция инфекциялық аурулар ошақтарында науқасты емдеуге жатқызу, оқшаулау, науқастың сауығуы немесе қайтыс болуы кезінен бастап бір тәулік ішінде жүзеге асырылады.
14. Инфекциялық аурулар ошақтарында қорытынды дезинфекциялауды жүргізуге өтінімді науқасты оқшаулағаннан, емдеуге жатқызғаннан кейін, диагноз өзгертілген соң, науқас қайтыс болғаннан кейін санитариялық – эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органдың аумақтық бөлімшесінің маманы санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарының бөлімдеріне (бөлімшелеріне), дезинфекциялық станцияларға, обаға қарсы күрес мекемелеріне береді. Қышыма және дерматомикоз ошақтарында қорытынды дезинфекциялау жүргізуге өтінімді емдеуші дәрігер береді.
15. Денсаулық сақтау ұйымдарында ағымдағы дезинфекциялауды жүргізу үшін дезқұралдардың, дезинфекциялық-стерильдеу жабдығының қажеттілігін есептеу осы Санитариялық қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жүргізіледі.
16. Дезинфекциялау және стерильдеу режимдерін сақтауды қанағаттанарлық түрде бағалау мынадай көрсеткіштер бойынша айқындалады:
1) ағымдағы дезинфекциялаудан кейін 50 минуттан кешіктірмей алынған бактериологиялық шайындылардың 5 пайызынан (бұдан әрі – %) аспайтын бақылау объектілерінен патогенді емес микрофлораны себу;
2) дезинфекциялау ерітінділерінің шоғырлануын азайтуға немесе арттыруға ерітінділердің берілген шоғырлануынан плюс-минус 0,1-0,2 шегінде жол беріледі;
3) әр түрінің қойылған сынамаларының кемінде 5 %-ын дезинфекциялау заттарының қалдық санына сәйкес келмейтін қанағаттанғысыз экспресс-сынамаларды анықтау;
4) тестілік бактериологиялық бақылаудың камералық дезинфекциялау режиміне сәйкес келуі;
5) қанның қалдық санына оң нәтижелі сынамалардың болмауы;
6) синтетикалық жуу заттарының сілтілік компоненттерінің және майлы дәрі-дәрмектер қалдықтарының қалдық санына оң нәтижелі сынамалардың болмауы;
7) стерильденбеген материалдың болмауы, стерильдеу режимінің сәйкес келуі.
17. Ошақтардағы ағымдағы дезинфекциялаудың сапасын бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарының мамандары зертханалық әдістерді ошақтардың кемінде 5 %-ында қолдана отырып, бір ошақтан кемінде 10 бактериологиялық шайынды алу, дезинфекциялау құралының (құрғақ препарат) 1 сынамасын, жұмыс ерітіндісінің 1 сынамасын алу арқылы жүзеге асырады.
18. Егер патогенді емес микрофлораның болуына оң нәтижелі шайындылардың саны алынған шайындылар санының 3 %-нан аспайтынды, дезинфекциялау препаратының қалдық санының болуына теріс экспресс-сынамалар саны 5 %-дан аспайтынды және дезинфекциялау ерітінділерінің қанағаттанғысыз талдауының саны 5 %-дан аспайтынды құрайтын болса, дезинфекциялау сапасы қанағаттанарлық болып есептеледі.
19. Қорытынды дезинфекциялау жүргізгеннен кейін патогенді микрофлораны сепкен кезде, соңғысы қанағаттанғысыз болып есептеледі және дезинфекция сапасын кейіннен бақылау арқылы қайта жүргізіледі.
20. Қорытынды дезинфекциялау бойынша жұмысты ұйымдастыру сапасын бағалау мынадай көрсеткіштер бойынша айқындалады:
1) қорытынды дезинфекциялауға жататын ошақтар санының ішінде инфекциялық ошақтарды өңдеумен қамту – кемінде 95 %;
2) науқасты емдеуге жатқызу немесе ұйымдастырылған ұжымнан оқшаулау сәтінен бастап бір тәулік ішінде инфекциялық ошақтарда қорытынды дезинфекциялауды орындау, қорытынды дезинфекциялауды уақтылы жүргізу – кемінде 90 %;
3) камералық дезинфекциялау жүргізуге жататын ошақтар санының ішінде камералық дезинфекциялау – кемінде 95 %;
4) ошақтарды қорытынды дезинфекциялау сапасын бақылаумен қамту:
көзбен тексерген кезде – жүргізілген дезинфекцияның жалпы санының кемінде 10 %-ын (ауылдық жерде – кемінде 5 %);
зертханалық әдістерді қолдана отырып – дезинфекция аяқталғаннан кейін 1 сағаттан 3 сағатқа дейінгі кезеңде пәтер ошақтарының кемінде 10 %-ын.
21. Денсаулық сақтау ұйымдарында дезинфекциялау сапасын бағалау үшін мыналар жүргізіледі:
1) стационарларда бір төсекке 0,3 шайынды есебімен, бірақ 30 шайындыдың аз емес, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда бір келуге 0,2 шайынды есебімен заттардан және жабдықтан шайынды алу арқылы дезинфекциялаудың сапасын бактериологиялық бақылау;
2) бастапқы дезинфектанттардың, дезпрепараттардың жұмыс ерітінділерінің әр түрінің сынамаларының кемінде 2 сынамасын зерттеу. Сынамаларды алу кезінде сынаманың алынған күні, дезинфекциялау ерітіндісінің дайындалған күні, оның шоғырлануы, қолданылу мақсаты белгіленеді;
3) камераның типі мен көлеміне байланысты дезинфекциялау камераларының жұмысының тиімділігін бақылау камераның үш жазықтығында 5-10 бактериялық (химиялық) тест салу арқылы жүргізіледі. Стерильдеу сапасын бағалау үшін стерильдеу жағдайларына, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен ауа ортасының стерильдігіне бақылау жүргізіледі.
22. Хирургиялық бейіндегі стационарлардың (бөлімшелердің) үй-жайларындағы ауа мынадай тәсілдермен зарарсыздандырылады:
1) адамдар болмаған кезде қолданылатын ашық және аралас бактерицидті сәулелегіштер мен жабық сәулелегіштердің, оның ішінде адамдар болған кезде ауаны зарарсыздандыруды жүргізуге мүмкіндік беретін рециркуляторлардың көмегімен ультракүлгін сәулеленумен әсер ету;
2) қорытынды тип бойынша дезинфекциялау және күрделі жинау жүргізу кезінде адамдар болмағанда арнайы шашатын аппаратураның (аэрозоль генераторлары) көмегімен дезинфекциялау құралдарының аэрозольдерімен әсер ету;
3) қорытынды дезинфекциялау және күрделі жинау жүргізу кезінде адамдар болмағанда озон генераторлары қондырғыларының көмегімен озонмен әсер ету;
4) микробтарға қарсы сүзгілерді қолдану.
23. Пациентті стационардан шығарғаннан кейін төсек-орын жабдығына камералық дезинфекциялау жүргізіледі.
24. Дезинфекциялау сапасын бактериологиялық бақылауды, стерильдеуді, биологиялық тесттерді дайындауды санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы жүзеге асырады.
25. Денсаулық сақтау ұйымдарында зертханалық әдістерді қолдана отырып, дезинфекциялаудың сапасын бақылау «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы занына сәйкес жүргізіледі.
3. Медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерильдеу алдындағы тазарту дезинфекциясын және стерильдеуді ұйымдастыру және жүргізу
26. Медициналық жабдық пен медициналық мақсаттағы бұйымдар (бұдан әрі – ММБ) адам ағзасымен жанасу дәрежесіне және пациенттің жұқтыру қауіпіне қарай үш топқа бөлінеді:
1) сыни ММБ – адамның тіндерімен, ағза қуыстарымен немесе қан жүретін жолдармен тікелей жанасатын құрал-саймандар мен жабдық;
2) жартылай сыни ММБ – зақымданбаған сілемейлі қабықтармен жанасатын құрал-саймандар мен жабдық;
3) сыни емес ММБ – зақымданбаған тері жамылғымен жанасатын құрал-саймандар, жабдық пен күтім жасау заттары.
Сыни ММБ міндетті стерильдеуге, жартылай сыни ММБ – жоғарғы және орта деңгейдегі дезинфекциялауға, сыни емес ММБ орта және төмен деңгейдегі дезинфекциялауға жатады.
27. ММБ-ны дезинфекциялау және стерильдеу алдында тазарту осы Санитариялық қағидаларға 4, 5-қосымшаларға сәйкес жүргізіледі.
28. Денсаулық сақтау ұйымдарында стерильді түрде шығарылатын тігіс материалы пайдаланылады. Тігіс материалын этил спиртімен өңдеуге және сақтауға қатаң тыйым салынады.
29. Наркозды-тыныс алу аппаратурасын пайдалануға дайындау кезінде аталған аппаратураны жарақтандыруға арналған арнайы бактериялық сүзгілер пайдаланылады. Сүзгілерді орнату және алмастыру нақты сүзгіні қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады. Ылғандандырғыш резервуарларды толтыру үшін стерильді дистильденген су пайдаланылады. Аппараттардың алмалы-салмалы бөлшектері тиісті материалдардан жасалған ММБ сияқты дезинфекцияланады.
30. Пациенттерге күтім жасау заттарын мынадай тәсілдермен дезинфекциялайды:
1) төсеме клеенкалар, алжапқыштар, полимерлі үлдірден және клеенкадан жасалған матрастардың тыстары, медициналық термометрлар – дезқұралдың ерітіндісіне малынған мата сулықпен сүрту тәсілімен;
2) оттекті бетперделер, оттекті жастықтар ұштары, электр/вакуумды сорғыштар шлангілері, медициналық термометрлер, дәретке отыратын ыдыстар, несепсауыттар, эмальданған легендер, клизмалардың ұштықтары, резеңке клизмалар – кейіннен сумен шая отырып, дезқұрал ерітіндісіне батыру тәсілімен;
3) пациенттерге күтім жасау (оларға белгі қойылмаған) заттарын өңдеу үшін белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат берілген жуу-дезинфекциялау қондырғыларын пайдалануға болады.
31. ММБ-ны стерильдеу ыстық-ауа стерилизаторларында, автоклавтарда, спороцидті әсер ететін стерильдеу құралдарының ерітінділеріне салып өңдеу (жоғары деңгейдегі дезинфекция) жолымен осы Санитариялық қағидаларға 6-қосымшада белгіленген әдістерге сәйкес жүргізіледі.
32. ММБ-ны стерильдеу сапасын бақылау осы Санитариялық қағидаларға 7-қосымшада белгіленген әдістерге сәйкес жүргізіледі.
33. ММБ-ны дезинфекциялау, стерильдеу алдында тазарту және химиялық заттардың ерітінділерімен стерильдеу кезінде оларды каналдары мен қуыстарын толтырып, дезқұралдардың жұмыс ерітіндісіне (бұдан әрі – «ерітіндіге») батырады. Алмалы-салмалы бұйымдар бөлшектелген түрінде батырады, құлыпталатын бөлшектері бар құрал-саймандар ерітіндіде бірнеше жұмыс әрекетін жасап, ашылып батырылады.
34. Өңдеу жүргізуге арналған ерітіндінің мөлшері ММБ толық батырылуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болуы тиіс, бұл ретте ерітіндінің мөлшері бұйымдардан кемінде бір сантиметрге (бұдан әрі – см) жоғары болуы тиіс.
35. Сүрту тәсілімен дезинфекциялауға пациентпен тікелей жанаспайтын немесе конструкциялық ерекшеліктері ерітіндіге батыру тәсілін қолдануға мүмкіндік бермейтін ММБ үшін қолдануға жол беріледі.
36. Көп рет қолданылатын ММБ-ны дезинфекциялағаннан кейін оны қолдану жөніндегі нұсқаулыққа (әдістемелік ұсынымдарға) сәйкес дезинфекциялау құралдарының қалдықтарынан тазартып жуылады.
37. Стерильдеу алдында тазарту сапасын бақылау күн сайын жүргізіледі. Бақылауға мыналар жатады: стерильдеу бөлімшесінде – ауысымда өңделген бұйымдардың әрбір атауының 1 %-ы; орталықтандырылмаған өңдеу кезінде – әрбір атаудың бір уақытта өңделген бұйымдардың 1 %-ы, бірақ кемінде үш бірлік. Бақылау нәтижелері журналда сынамаларды жүргізген күнін, өңделген бұйымдардың саның және атауын, бақыланған бұйымдардың саның, сынаманың нәтижесінің және сынаманы жүргізгеннің аты жөнін көрсетіліп тіркеледі.
38. Жараның бетімен, қанмен (пациенттің ағзасындағы немесе оған енгізілетін) және/немесе инъекциялық препараттармен жанасатын барлық ММБ, сондай-ақ пайдалану үдерісінде сілемейлі қабықшамен жанасатын және оны зақымдауы мүмкін медициналық құрал-саймандардың жекелеген түрлері стерильдеуге жатады.
39. Булау әдісімен ММБ-ны, аспаптардың, тоттануға берік металл аппараттардың бөлшектерін, әйнекті, киім-кешекті, таңу материалын, мақта шарларды, резеңкеден, латекстен және пластмассаның жекелеген түрлерінен жасалған бұйымдарды стерильдейді.
40. Ауа әдісімен ММБ-ны, аспаптар мен аппараттардың, оның ішінде тоттануға берік емес металдан жасалған бөлшектерін, силиконды резеңкеден жасалған бұйымдарды стерильдейді. Ауа әдісімен стерильдеу алдында бұйымдарды стерильдеу алдындағы тазартудан кейін кептіру шкафында 85 Цельсий градус (бұдан әрі – °С) температурада көзге көрінетін ылғалы кеткенге дейін міндетті түрде кептіреді. Ауа әдісімен стерильдеу үшін кептіру шкафтарын пайдалануға тыйым салынады.
41. Химиялық құралдардың ерітінділерін қолдана отырып, химиялық стерильдеу әдісі басқа стерильдеу әдістерін пайдалануға мүмкіндік бермейтін, термолабильді материалдар пайдаланылған құрылымдағы бұйымдарды стерильдеу үшін қолданылады.
Жұмыс ерітінділерінің сұйытылуын болдырмау үшін оларға батырылған ММБ құрғақ болуы тиіс.
Химиялық құралдардың ерітінділерімен стерильдеу кезінде барлық манипуляциялар асептика қағидаларын қатаң сақтай отырып жүргізіледі: стерильдеу үшін стерильді ыдыстар және химиялық заттардың қалдықтарынан жуып шаю үшін стерильді су пайдаланылады.
42. Газды әдіспен стерильдеу құралы ретінде этилен тотығын, формальдегидті, озонды пайдалана отырып, әртүрлі, оның ішінде термолабильді материалдардан жасалған бұйымдарды стерильдейді. Газды әдіспен стерильдеу алдында стерильдеу алдындағы тазартудан кейін бұйымдарда көрінетін ылғалды құрғатады. Стерильдеу бұйымдардың нақты топтарын стерильдеуге арналған құралдарды қолдану режимдеріне сәйкес, сондай-ақ стерилизаторларды пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес жүзеге асырылады.
43. Плазмалық стерилизаторларда сутегі тотығы негізінде стерильдеу құралдарын қолданып, плазмалық әдіспен хирургиялық, эндоскопиялық құрал-саймандарды, эндоскоптарды, оптикалық құрылғылар мен құрал-жабдықтарды, талшықты жарық өткізгіш кәбілдерді, зондтар мен датчиктерді, электр сымдары мен кәбілдерді және металдардан, латекстен, пластмассадан, әйнектен және кремнийден жасалған бұйымдарды стерильдейді.
44. Стоматологиялық ұйымдарда (кабинеттерде) бордың әр түрін және басқа да ұсақ құралдарды қыздырылған әйнек шарлардың ішіне толық батырып стерильдейтін гласперленді стерилизаторларды қолдануға жол беріледі. Бұл әдісті қыздырылған әйнек шарлардың ішіне толық батыру мүмкін емес үлкен стоматологиялық құрал-саймандарды стерильдеу үшін пайдалану ұсынылмайды.
45. Металдан жасалған стоматологиялық құрал-саймандарды инфрақызыл әдіспен стерильдейді.
46. Булау, ауа, газды және плазмалы әдістерді қолдану кезінде қағаз, аралас және пластикті қаптама стерильдеу материалдарын, сондай-ақ пергамент пен бөзді (стерильдеу әдісіне байланысты) пайдалана отырып, бұйымдарды оралған күйінде стерильдейді. Қаптама материалдары бір рет пайдаланылады.
Булау әдісін қолданған кезде одан басқа сүзгілері бар стерильдеу қораптарын пайдаланады.
Ауа және инфрақызыл әдістерін қолдану кезінде бұйымдарды қапталмаған күйде (ашық астаушаларда) стерильдеуге жол беріледі, одан кейін оларды мақсаты бойынша дереу пайдаланады.
47. Қапталған күйде стерильденген бұйымдарды сақтау шкафтарда, жұмыс үстелдерінде жүзеге асырылады. Сақтау мерзімі қаптамада көрсетіледі және оны қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес қаптама материалының түрімен айқындалады.
48. Қапталмаған күйде бұйымдарды стерильдеуге орталықтандырылмаған өңдеу жүйесі кезінде ғана мынадай жағдайларда жол беріледі:
1) ММБ-ны химиялық заттардың ерітінділерімен стерильдеу кезінде;
2) металдан жасалған құрал-саймандарды портативті стерилизаторларда термикалық (гласперленді, инфрақызыл, ауа, булау) әдістерімен стерильдеу кезінде.
Қапталмаған күйде стерильденген барлық бұйымдарды мақсаты бойынша дереу пайдаланған орынды. Оларды кабинеттен кабинетке тасымалдауға тыйым салынады.
49. Қажет болған жағдайда термикалық әдістердің бірімен қапталмаған күйде стерильденген құрал-саймандарды стерильдеуден кейін жабдықты пайдалану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген мерзім ішінде бактерицидті (ультракүлгін шамдармен жабдықталған) камераларда сақтауға, мұндай камералар болмаған жағдайда, стерильденген үстелде 6 сағаттан асырмай сақтауға жол беріледі.
50. Стерильденген қораптарда стерильденген ММБ-ны оларды ашқаннан кейін 6 сағаттан асырмай пайдалануға жол беріледі.
51. Ультракүлгін шамдармен жабдықталған бактерицидті камераларды пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес олардың микроағзалармен екінші рет ластануын азайту үшін құрал-саймандарды сақтау мақсатында ғана қолданылады. Бұйымдарды дезинфекциялау немесе стерильдеу мақсатында мұндай жабдықты қолдануға қатаң тыйым салынады.
52. Қапталмаған күйде бұйымдарды ауа әдісімен стерильдеу кезінде ауа стерилизаторында стерильденген бұйымдарды сақтауға және стерильденгеннен кейін оларды келесі күні пайдалануға жол берілмейді.
53. Химиялық заттардың ерітінділерін қолдана отырып, химиялық әдіспен стерильдеу кезінде стерильді сумен жуылған, стерильденген бұйымдарды мақсаты бойынша дереу қолданады немесе стерильденген жайма төселген, сүзгісі бар стерильді стерильденген қорапқа 3 тәуліктен аспайтын мерзімге сақтауға қояды.
54. Стерильденген үстелдің үстін жаю бойынша барлық манипуляциялар стерильденген халатта, бетпердеде және қолғаптарда стерильденген жаймаларды пайдалана отырып жүргізіледі. Стерильденген үстелді жаю күні мен уақыты туралы белгі міндетті түрде қойылады. Стерильденген үстелді 6 сағатқа жаяды. Стерильді үстелде осы уақыт ішінде пайдаланылмаған материалдар мен құрал-саймандарды қайта стерильдеуге жібереді.
55. Стерильдеуден кейін сақтау мерзімі өткен стерильденген ММБ-ны пайдалануға жол берілмейді.
56. Стерильдеуді бақылау стерилизаторлардың жұмысын бақылауды, стерильдеу режимдері параметрлерінің мәндерін тексеруді және оның тиімділігін бағалауды қамтиды.
Стерилизаторлардың жұмысын бақылау физикалық (бақылау-өлшеу аспаптарын пайдалана отырып), химиялық (химиялық индикаторларды пайдалана отырып) және бактериологиялық (биологиялық индикаторларды пайдалана отырып) әдістермен жүргізіледі. Стерильдеу режимдерінің параметрлерін физикалық және химиялық әдістермен бақылайды.
Стерильдеу тиімділігін ММБ стерильділігін бақылау кезінде бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері негізінде бағалайды.
57. Стерилизаторлар оларды орнатқаннан (жөндегеннен) кейін, сондай-ақ пайдалану барысында өндірістік бақылау тәртібімен жылына кемінде екі рет бактериологиялық бақылауға жатады.
58. Стерилизаторларға техникалық қызмет көрсетуді, оларды кепілді және ағымдағы жөндеуді сервистік қызметтердің мамандары жүзеге асырады.
59. Булау мен ауа стерилизаторларының жұмысын бақылау химиялық және биологиялық тестілерді, термохимиялық индикаторларды пайдалана отырып, физикалық, химиялық және бактериологиялық әдістермен жүзеге асырылады.
60. Физикалық және химиялық әдістермен стерильдеу циклі үдерісінде бу және ауа стерилизаторларының жұмысы режимінің параметрлерін бақылау жүзеге асырылады, бактериологиялық әдіспен стерилизатор жұмысының тиімділігі бағаланады.
61. Стерилизаторлардың жұмысын бақылауды оларды әр толтырған кезде денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары жүргізеді.
62. Стерильдеу жабдығын өлшеу құралдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тексеруге жатады.
63. Аумақтық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдары стерилизаторлар жұмысының тиімділігіне іріктеп бақылауды жүзеге асырады.
64. Стерилизатордың температурасын бақылауды жүргізу кезінде тестілерді (химиялық тестілер, термохимиялық индикаторлар мен биологиялық тестілер) стерильдеу материалы бар қаптама қағаздан жасалған пакеттерге орайды және осы Санитариялық қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес стерилизатордың бақылау нүктелеріне орналастырады.
65. Стерильденетін материалдың әр партиясы осы Санитариялық қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес белгіленген нысандағы медициналық мақсаттағы бұйымдарды стрерильдеуді есепке алу журналында тіркеледі. Стерилизатордың паспорты, стерилизаторлардың техникалық жай-күйі мен стерильдеу тиімділігін тексеру туралы актілер мен хаттамалар денсаулық сақтау ұйымындағы жауапты адамда сақталады.
66. Стерильденбеген эндоскопиялық манипуляциялар кезінде (жеке микробтық көрінісі бар ағза қуыстарына табиғи жолдар арқылы эндоскоп енгізілген кезде) пайдаланылатын эндоскоптар тікелей қолданылып болғаннан кейін алдын ала тазартуға, соңғы тазартуға, жоғары деңгейдегі дезинфекциялауға және микроағзалармен екінші рет ластануды болдырмайтын жағдайларда сақтауға жатады.
Стерильді эндоскопиялық манипуляциялар кезінде (хирургиялық араласулар кезінде пайдаланылатын олардың каналдары арқылы стерильденген құрал-саймандарды енгізу, эндоскоптарды стерильденген қуыстарға енгізу, жарамен, қанмен жанасу) пайдаланылатын эндоскоптар қолданылып болғаннан кейін алдын ала тазартуға, стерильдеу алдында тазартуға, стерильдеуге және микроағзалармен екінші рет ластануды болдырмайтын жағдайларда сақтауға жатады.
Эндоскоптар мен олардың құрал-саймандарын дезинфекциялау және стерильдеу осы Санитариялық қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес жүргізіледі.
67. ММБ-ны стерильдеуді ұйымдастыру және оның сапасы үшін жауапкершілік денсаулық сақтау ұйымының басшысына жүктеледі.
68. Стерилизаторлар жұмысын бақылаудың физикалық әдісін температураны (термометр, максимальды термометр), қысымды (манометр) өлшеу құралдарының көмегімен және стерильдеу уақытын есепке алу арқылы жүзеге асырылады. Стерилизатордың жұмыс режимдерінің параметрлерін аппараттың паспортына сәйкес жүргізілетін стерильдеудің барлық циклінде тексеру керек.
69. Бақылаудың химиялық әдісі химиялық тестілердің және термохимиялық индикаторлардың көмегімен жүзеге асырылады. Стерильдеудің аяқталуы индикаторлардың түсінің өзгеруі бойынша көзбен айқындалады.
70. Бақылаудың бактериологиялық әдісі микробтар спораларының дозаланған санын қамтитын биологиялық тестілердің көмегімен жүзеге асырылады. Биологиялық тестілерді санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарының бактериологиялық зертханалары дайындайды.
71. Стерильдеу аяқталғаннан кейін биологиялық тестілер полиэтиленді пакетке салынады және сол күні қоса жүретін бланкімен бірге бактериологиялық зертханаға жеткізіледі.
72. Булау стерилизаторларымен жұмыс істеуге жасы он сегізден асқан, булау стерилизаторына қызмет көрсету бойынша техникалық минимумды тапсырғаны туралы куәлігі бар адамдар жіберіледі.
73. Булау стерилизаторы қабырғалардан 0,8 метр (бұдан әрі – м), шкаф стерилизаторлары 1,5 м қашықтықта орнатылады. Үй-жайдағы еденге ток өткізбейтін материал төселеді.
74. Әрбір электр стерилизаторы электр желісіне ажыратқыш немесе автоматты ажыратқыш арқылы қосылады. Булау стерилизаторын штепсельді розеткаға қосуға тыйым салынады. Ажыратқыш немесе автоматты ажыратқыш еденнен 1,6 м және булау стерилизаторынан 1 м-ден қашық емес қашықтықта орнатылады. Осы ажыратқышқа немесе автоматты ажыратқышқа электр энергиясының басқа да тұтынушыларын қосуға тыйым салынады.
75. Жерге тұйықтау ретінде орталық жылу жүйелерінің су құбырларын, кәріздеу құбырларын, жанатын немесе жарылғыш заттар құбырларын, жайтартқыштардың жерге тұйықтағыштарын пайдалануға тыйым салынады.
76. Булау стерилизаторларына арналған үй-жайда өрт қауіпсіздігінің қағидалары сақталуы тиіс. Стерилизаторларда медициналық бұйымдарды стерильдеумен байланысы жоқ қандай да бір жұмыстар жүргізуге, сондай-ақ үй-жайда жүруге кедергі келтіретін және ластайтын бөгде заттарды сақтауға тыйым салынады.
77. Стерилизаторлар жұмыс істеп тұрған кезде қызмет көрсететін персоналға және стерилизаторлардың пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыратын адамдарға ғана үй-жайға кіруге рұқсат етіледі.
78. Стерильдеу аппаратурасы орнатылған әрбір үй-жайда көрінетін жерде аппаратураны пайдалану жөніндегі қағидалар орналастырылады.
79. Булау стерилизаторына берілетін дайындаушы зауыттың паспорты булау стерилизаторының жай-күйі мен қауіпсіздігіне жауапты адамда сақталады.
80. Автоклав үй-жайы табиғи жарықтандырумен, сорып-шығаратын желдеткішпен, фрамугалармен немесе желкөздермен қамтамасыз етіледі. Стерилизатор жұмыс істеп тұрған кезде үй-жайда есік бекітілмейді.
81. Булау стерилизаторының әрқайсысы сақтандырғыш қақпақпен және дәлдік сыныбы кемінде екі жарым болатын және жұмыс қысымын өлшеу шегі шәкілінің үштен екісінде болатындай осындай шәкілі бар пломбаланған жарамды манометрмен жабдықталады.
82. Таңбасына пломба қойылмаған, тексеру мерзімі өткен, әйнегі сынған немесе басқа да зақымданулары болған кезде, оны ажыратқан кезде көрсеткіш тілі нөлге қайта келмеген жағдайда, манометрді қолдануға жол берілмейді.
83. Сақтандырғыш қақпақ стерилизатордағы сиретілген қысымға байланысты реттелуі тиіс.
84. Қызмет көрсететін персонал булау стерилизаторларының жұмыс режимі мен қауіпсіз қызмет көрсету бойынша талаптарды орындайды, бақылау-өлшеу аспаптары мен сақтандыру құрылғыларының жарамдылығын уақтылы тексереді.
85. Булау стерилизаторларын жөндеуді тиісті рұқсаты бар мамандар жүргізеді.
4. Дезинсекцияны ұйымдастыру және жүргізу
86. Кенттік дезинсекция кезінде объектілердегі жұмыс оларда жәндіктердің болуына алдын ала тексеру жүргізуден, түрлерін айқындаудан, олардың саны мен қоныстану орындарын анықтаудан басталады. Одан әрі іріктеп бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары жүзеге асырады.
87. Өңдеу жиілігі нысаналы түрлердің экологиясына және биологиялық ерекшеліктеріне, объектілердің санитариялық жағдайына және оларға жәндіктердің орналасу деңгейіне, қолданылатын дезқұралдардың сипаттарына қарай айқындалады.
88. Өңдеуді жәндіктердің ұрықтануы (ұшар) алдында тікелей не содан кейін дереу жүргізу қажет.
89. Кенттік дезинсекция тиімділігінің негізгі көрсеткіші жәндіктерден тазартылған ауданның артуы, шыбындарға қарсы күрес кезінде – дернәсілдердің, қуыршақтардың болмауы және олардың сандарының азаюы болып есептеледі.
90. Жәндіктерге және басқа да буынаяқтыларға қарсы өңдеудің үш түрі қолданылады:
1) жаппай өңдеу – жәндіктердің нысаналы түрлері орналасқан барлық үй-жайларда және оларға іргелес аумақтарда кенттік дезинсекция кезінде жүргізіледі;
2) кедергілік өңдеу – белгілі бір аумақтың айналасына қорғаныш аймақтарын құру. Белгілі бір аумаққа жәндіктердің кіруіне кедергі келтіретін кедергіні құру қажет болған жағдайда жүргізіледі. Бұл ретте, ашық стациялардағы, кеміргіштердің індеріндегі, ашық су қоймаларындағы және т.б. өсімдіктер өңделуі мүмкін. Кедергілік аймақтың ені нысаналы түрлердің экологиясы мен қауіпті нозологияның ерекшеліктерімен, сондай-ақ тұрғындардың жаппай көшуінің алыстығына байланысты айқындалады;
3) микроошақтық өңдеу – инфекциялық аурулардың ошағындағы және оған іргелес аумақтағы дезинсекциялау. Таралуына жәндіктер қатысу мүмкін инфекциялық аурулар тіркелген кезде жүргізіледі.
91. Бақылап тексеру кезінде егер, жәндіктер бір ай ішінде үй-жайлардың бірінен де байқалмаса, объектіні «жәндіктерден тазартылғандар» қатарына жатқызады. Тірі бірен-саран жәндіктер табылған кезде объект «қоныстанған» санатына ауыстырылады және қайта өңдеу жүргізіледі.
92. Егер объекті ауданының кемінде 20 %-ында жекелеген жәндіктер мен олардың жиналуы анықталған болса, ғимараттарға (немесе жапсарлас салынған объектілерге) жәндіктердің орналасуы жоғары деңгейде деп есептеледі.
93. Өңдеулердің тиімсіздігі анықталған жағдайда, олар орындаушының есебінен қайта жүргізіледі.
94. Масаларға қарсы өңдеу олар қыстақтан ұшуы алдында немесе алғашқы генерациясы алдында тікелей жүргізіледі, жылытылатын жертөле үй-жайларында өңдеу жыл бойы жүргізіледі.
95. Шыбындарға қарсы күресте негізгі іс-шаралар олардың көбею орындарын өңдеу болып табылады. Шыбындардың дернәсілдері мен қуыршақтарын жою үшін топырақ қоқысжинағыштардың, кәріз жүргізілмеген дәретханалардың, санитариялық-аула қондырғылар айналасындағы асфальт төселген алаңдардың, қи үйінділерінің жиегінен 30-50 см және 80 см-ден астам қашықтықта ларвицидтермен өңделеді.
96. Жүйелі деларвациялық (шыбындардың дернәсілдері мен қуыршақтарына қарсы бағытталған) жұмыстар дернәсілдердің алғашқы жазғы генерациясының І және ІІ сатыларының пайда болуы кезінде көктемде басталады және ол жазғы кезең бойы жалғасады. Қоқыстағы, қидағы, топырақтағы шыбын дернәсілдері мен қуыршақтарын жою үшін инсектицидтер субстраттың тереңдігіне ену үшін әдетте, ерітінділер, эмульсиялар түрінде қолданылады.
97. Гнус компоненттеріне, экзофильді түрлерге қарсы ашық аймақтарды өңдеу жүргізу кезінде жағалауға жақын барлық су қоймаларына, қорғалатын объекті аумағындағы (елді мекен, адамдардың үлкен ұжымы жұмыс істейтін орын), сонымен қатар оның айналасындағы (қорғаныш аймағы) жаппай көбею орындарына деларвация жүргізіледі. Ландшафтқа, аумақта өсімдіктің көп шығуына, гнустың ұшу қашықтығына байланысты қорғаныш аймағының ені 1 км-ден 6 км-ге дейін және одан да астам радиуста болады.
98. Шыбындарға қарсы орындалған іс-шаралардың тиімділігін бағалау өлшемі шыбындардың бөлме және экзофильді түрлері санының маусымдық көрсеткіші болып табылады. Қалаларда бөлме шыбындары санының қанағаттанарлық маусымдық көрсеткіші бір жабысқақ стандарт параққа (тәулігіне) бір данадан, экзофильді шыбындар – бір шыбын ұстағышқа 3-5 данадан, ал ауылдық жерлер үшін – тиісінше 5 және 20 данадан келеді.
99. Санын есепке алу шыбындардың белсенділік кезеңінде 3-10 күнде бір рет тәулік ішінде жүргізіледі, үй-жайларда 20 шаршы метрге (бұдан әрі –
м2) 1 жолақ есебімен жабысқақ жолақтар көмегімен, көбею орындарында торлы шыбынұстағышпен аулау көмегімен жүргізіледі. Тиімділік қанатты шыбындар болмаған кезде, (бір тәулікте) 1 стандарт жабысқақ қағазға орташа алғанда саны 1 данадан аспаған кезде қанағаттанарлық деп есептеледі. Кәріз жүргізілмеген жеке құрылыстар басым учаскелер мен ауылдық жерлер үшін – 3-5 данадан.
100. Объектілердегі дезинсекциялау іс-шараларының тиімділігін бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жүзеге асырады.
101. Іс-шаралардың тиімділігін айқындау қанатты шыбындардың, сондай-ақ көбею орындарындағы дернәсілдер мен қуыршақтардың санын есепке алу арқылы жүргізіледі. Елді мекендегі қызмет көрсететін объектілердің кемінде 5 %-ы есепке алынуға жатады.
102. Егер өңдеуден кейін барлық әдістермен бақылау жүргізу кезінде бір ай ішінде жәндіктер табылмаса, жою іс-шараларын жүргізу тоқтатылады.
103. Объектілерде масаларға қарсы дезинсекциялық іс-шаралардың тиімділігін бақылау пайдаланылатын дезқұралмен, өңделетін бетінің типімен айқындалатын мерзімде жүзеге асырылады. Тиімділік бірен-саран даналар тіркелген кезде қанағаттанарлық деп саналады, есепке алу «ашық қол әдісімен» 20 минут ішінде жүргізіледі.
104. Дернәсілдерге қарсы іс-шаралар тиімділігінің негізгі көрсеткіші қорғалған объектілердегі қанатты масалардың саны болып табылады, масалардың дернәсілдері мен имагосын өңдеуден кейін 5-7 тәулік ішінде анықталуы жертөленің 1 м2 шаққанда қанатты масалардың 1 дарақтан аспауы тиіс.
105. Қорғаныш аймақтарын құру кезінде ашық аумақтарда, кеміргіштердің індерін өңдеуде жүргізілген гнустерге және кенелерге қарсы іс-шаралардың тиімділігін бағалау өлшемі дезинсекциялауға (деакаризацияға) жататын аумақты 100 % қамтыған кезде өңдеуден кейін бір тәулік өткен соң жәндіктердің (кенелердің) кемінде 80 %-ы қырылуы болып табылады.
106. Жертөледегі масаларға қатысты дезинсекция тиімділігінің көрсеткіші сынамаларда тірі дернәсілдерді өңдегеннен кейін 3-5 тәулікте болмауы және қанатты масалардың орта есеппен 1 м2 шаққанда 1 дарағының болуы болып саналады.
107. Үй-жайларда бүргелерді жою жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін бағалау кезінде еденнің үстіне 10 м2-ге 2 қағаз есебімен жабысқақ қағаздар (20х30 сантиметр) пайданылады. Егер тәулік ішінде 1 қағазға екі бүргеден артық түспесе, жәндіктер «бірен-саран» болып есептеледі, 3-тен 10-ға дейін кездессе, – «бүрге көп», ал 10-нан артық бүрге кездессе, «бүрге өте көп» деп саналады.
108. Төсек қандалаларын жою жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін бағалау кезінде олардың неғұрлым болуы мүмкін жерлері қаралады, қарау нәтижелері мынадай болып жазылады: «бірен-саран жәндік», «жәндіктердің жиналуы» деген жазбалар, ал қандалалар болмаған жағдайда «жәндіктер анықталмады».
109. Педикулезге қарсы іс-шаралардың тиімділігін бағалау кезінде өңдеуден кейін жәндіктер мен сіркелердің мүлдем болмауы қанағаттанарлық көрсеткіш болып саналады.
5. Дератизацияны ұйымдастыру және жүргізу
110. Дератизациялау кеміргіштерді жою және кеміргіштер қоныстанған объектілерді олардан тазарту мақсатында немесе инфекциялық аурулардың кеңінен таралуын және экономикалық жағынан шығынды болдырмауды қамтамасыз ететін кеміргіштердің санын ең төменгі деңгейде тұрақты ұстап тұру үшін жүзеге асырылады.
111. Кенттік дератизациялау мынадай типтерге бөлінеді:
1) жаппай дератизациялау – елді мекеннің шегінде ашық тіршілік ету орындарын қоса алғанда, барлық елді мекеннің аумағында жылына 2 реттен сиретпей жүргізіледі;
2) ошақтық дератизациялау – инфекциялық аурулардың ошағындағы және оған іргелес аумақтағы дератизациялау. Таралуына кеміргіштер қатысуы мүмкін инфекциялық аурулар тіркелген кезде жүргізіледі;
3) іріктеп дератизациялау – жекелеген учаскелерде немесе құрылыстарда, негізінен эпидемиялық маңызы бар объектілерде: ет- және балық комбинаттарында, тоңазытқыштарда, элеваторларда, азық-түлік қоймаларында, емдеу және балалар мекемелерінде, мал шаруашылығы фермаларында кеміргіштерді жою қажет болған жағдайда жүргізіледі.
112. Дератизациялау улы қармақжемдерді қою, тозаңдату, газдау әдістерімен физикалық, механикалық, химиялық әдістермен жүргізіледі. Дератизациялау тәсілі мен әдісін таңдау өңделетін объектінің ерекшеліктерімен, нысаналы кеміргіштердің экологиясымен және дератизациялау құралдарының қасиеттерімен айқындалады.
113. Денсаулық сақтау ұйымдарының, балалар ұйымдарының, қоғамдық тамақтану, азық-түлік саудасы объектілерінің құрылыстары мен аумақтарының барлық ауданы тоқсанына бір рет кеміргіштердің болуына тексеруге жатады.
114. Профилактикалық дератизациялау жұмыстарының тиімділігін қамтамасыз ету үшін өңдеулердің белгілі бір жиілігін сақтау көзделеді. Егер пайдалынатын препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықта өзгесі ұсынылмаса, онда үй-жайларды дератизациялау 2-3 айда 1 рет, аумақты дератизациялау жылына 4-6 рет жүргізіледі. Үй-жайларда кеміргіштер ұзақ уақыт болмаған кезде өңдеу жүргізілмейді, ал аумақты өңдеу саны екі есе қысқартылады.
115. Азық-түлік саудасы, қоғамдық тамақтану объектілерінде, көкөніс сақтау қоймаларында, қоймаларда, тұрғын үй-жайларда және аула ішіндегі құрылыстарда уланған қармақжем дератизациялау құралдарын қолдану жөніндегі нұсқаулықта көзделген қолдану режиміне сәйкес қойылады. Балалар ұйымдарының үй-жайларында балаларға қолжетімді улы қармақжемді қоюға жол берілмейді, ал кеміргіштерді жою тек механикалық әдістермен жүргізіледі.
116. Дератизациялау құралдарының сыртқы пішінінің тамақ өнімдерінен, мал жемінен, үй заттарынан, дәрілік препараттардан айрықша айырмашылығы болуы тиіс. Қармақжемдердің тағамдық негізі ретінде адамдар қызығатындай ұнтақталмаған күнбағыс дәнін және өзге де өнімдерді пайдалануға тыйым салынады. Қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін кеміргіштерге арналған родентицидті қармақжемді ашық түске бояу қажет.
117. Ашық аумақтарда улы қармақжем тек жасырын қойылады және балаларға, үй жануарлары мен құстарға қолжетімді болмауы тиіс.
118. Қармақжемдерді дайындау жұмыстары арнайы қоспаларды қолдана отырып барынша механикаландырылуы тиіс. Улы қармақжемдерді дайындау және өлшеп-орау сорып-шығаратын жүйені қолдану және нақты дератизациялау құралдарына арналған тиісті нұсқаулықтарда көрсетілген қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіледі.
119. Қармақжемдерді дайындайтын жұмыс үй-жайларында ауада родентицидтің әсер ететін заттары болуына мерзімдік бақылау жүргізіледі.
120. Ыдысқа салынбаған тамақ өнімдері бар үй-жайларда сусымалы (соның ішінде дәнді) улы қармақжемдерді қолдануға және дуст түріндегі дератизациялау құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
121. Адамдар үнемі болатын үй-жайларда дератизациялау аяқталғаннан кейін уы бар қармақжемнің барлық қалдықтары кәдеге жарату мақсатында жиналуы тиіс. Балалардың және үй жануарларының қолжетімсіз орындарында қармақжем қорғалатын объектіде кеміргіштердің қоныстануын болдырмау үшін қалдырылады.
122. Дератизация тиімділігіне мыналар арқылы қол жеткізіледі:
1) кеміргіштер қоныстанған барлық үй-жайларды жаппай өңдеу жүргізу үшін объектіде санитариялық күнді өткізу;
2) қармақжемді қолдану жөніндегі нұсқаулықта көзделген қармақжемді қою технологиясын сақтау;
3) қойма үй-жайларында дератизациялауды жүргізетін адамдар үшін ені кемінде 70 см қабырғалар бойымен өтетін құрылғылар арқылы қабырғаларға, бұрыштарға және техникалық жүйелерге тұрақты түрде кедергісіз жетуді қамтамасыз ету;
4) әртүрлі материалдарды сақтайтын барлық орындарда еденнен кемінде 15 см биіктікте тұратын стеллаждармен жабдықтау;
5) азық-түлікті және су қорын оларға кеміргіштердің кіру мүмкіндігін барынша қиындататын жағдайда сақтау;
6) профилактикалық өңдеу жүргізу үшін қармақжемді қойғанға дейін дератизациялауды жүргізетін адамдардың барлық үй-жайларға кедергісіз кіруін қамтамасыз ету;
7) ғимараттар мен үй-жайларға кеміргіштерді кіргізбеу қағидаларын сақтау;
8) барлық үй-жайлар мен оларға іргелес аумақты тұрақты тазалау және белгіленген мерзімде қоқысты шығару.
123. Елді мекенде жаппай дератизациялау жүргізген кезде бұл туралы оның тұрғындары міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралы арқылы хабарланады.
124. Елді мекенді немесе оның бір бөлігін нөмірленетін және сызба картаға түсірілетін учаскелерге бөледі. Учаскенің көлемін жұмыс көлеміне қарай айқындайды. Әрбір учаске нақты дератизаторға бекітіледі.
125. Кеміргіштер мекендейтін құрылыстарды дератизатор айына екі рет немесе нақты жағдайларға байланысты одан да жиі аралайды. Дератизациялау тиімділігінің артуына қарай дератизатордың кеміргіштерден таза құрылыстарды тексеру жиілігі азаяды.
126. Кеміргіштермен байланысты инфекциялық аурулар пайда болған кезде жоғарыда санамаланған шараларды жүзеге асырудан бөлек шұғыл профилактиканың типі бойынша дератизациялау іс-шаралары жүргізіледі: атграктант ретінде құрамында өсімдік майы бар улы тағамдық қармақжемдерде қатты әсер ететін ратицидтер қолданылады.
127. Синантропты кеміргіштерге қарсы күрестің неғұрлым тиімді әдістемесінің негізгі қағидаты кеміргіштер мекендейтін барлық жерде оларға қарсы күрес құралдарды қолдану және осы әсердің үздіксіздігі болып табылады.
128. Күресудің негізгі құралы ретінде антикоагулянттары бар ұзақ сақталатын қармақжемдерді, ал қатты әсер ететін уы бар қармақжемдерді кеміргіштер санының күздік шегіне жетуі және көктемде көбеюі кезінде жылына екі рет, сондай-ақ эпидкөрсеткіштер бойынша қолдану қажет.
129. Қыспаларды, қақпандарды және басқа да тұзақтарды дератизациялаудың қосымша әдісі ретінде жекелеген объектілерде қолдану ұсынылады.
130. Кеміргіштердің індерін және жүретін жолдарын тозаңдауға арналған уларды аз мөлшерде қолдану керек, себебі бұл тәсіл қоршаған ортаның пестицидтермен қатты ластануына әкеп соқтырады және өңдеу жүргізілген үй-жайда үнемі болатын адамдар үшін жүргізілетін жұмыстардың қауіптілігін арттырады.
131. Кеміргіштерге қарсы қолданылатын бактериялық препараттар елді мекендерде аумақтық мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органының рұқсаты бойынша ғана қолданылады.
132. Кеміргіштер оңай кіретін және қайтадан қоныстанатын құрылыстарды жүйелі түрде өңдеу кезінде антикоагулянттары бар құрғақ қармақжемдерді қолдануға ерекше назар аударылады. Мұндай объектілерде құрғақ қармақжемдер үнемі болады.
133. Сапалы дератизация жүргізудің маңызды шарты улы қармақжемдерге кеміргіштерді қызықтыратын түрлі азық-түлік өнімдерін: ұнды, дәнді, жарманы, қантты, өсімдік майын; сирек жағдайда нанды, көкөністі, ет пен балық қалдықтарын пайдалану болып табылады.
134. Дератизациялау іс-шараларының барысын бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының мамандары жүзеге асырады.
135. Дератизациялау сапасының көрсеткіші дератизация жүргізгеннен кейін 15-45 күннен соң (пайдаланылған құралдарға байланысты) жүргізілетін аулау құралын қолдана отырып кеміргіштердің санын есепке алу болып табылады. Өңделген оъектінің 1-5 %-ы қамтуға жатады.
136. Елді мекендегі дератизациялау кеміргіштердің кемінде 80 %-ы қырылған кезде тиімді болып танылады.
6. Дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызмет көрсетуші жеке және заңды тұлғаларға талаптар
138. Дезқұралдарды өндіру жеке тұрған ғимаратта жүзеге асырылуға тиіс. Дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау препараттары ндіру әртүрлі үй-жайларда бөлек жүзеге асырылады.
139. Өндіріс және қойма үй-жайлары беті жеңіл тазартылатын әрі залалсыздандырылатын тиісті технологиялық жабдықпен (стеллаждармен, сөрелермен, шкафтармен) жабдықталуға тиіс.
140. Өндірістік үй-жайларда химиялық заттардың ықпал етуіне төзімді жабындылар қарастырылуға тиіс. Құрылыстың қабырғалары, төбелері мен беттері ылғалды тазалауға мүмкін болатын материалдардан жасалуға тиіс.
141. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшылары;
1) дезиинфекциялық қызметті жүзеге асыру процесінде өзіндік және қоғамдық қауіпсіздік шараларының сақталуын қамтамасыз етуге;
2) өндірістік бақылауды соның ішінде зертханалық зерттеулер мен сынақтарды өткізу арқылы жүзеге асыруға;
3) Қазақстан Республикасының халқын, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарын халықтың денсаулығына қауіп төндіретін авариялық жағдайлар немесе технологиялық процестердің бұзылуы туралы уақтылы хабардар етуге тиіс.
142. Шаруашылық жүргізуші субъектілер мынадай үй-жайлардың көлемін осы қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес қарастыруға тиіс.
143. Қызметкерлерге арналған үй-жай себезгімен және санитарлық тораппен, арнайы және өз киімдерін бөлек сақтауға арналған шкафтармен жабдықталуға, алғашқы медициналық жәрдем қобдишасымен және жеке қорғаныш әрі жеке бас гигиенасы құралдарымен жарақталуға тиіс.
144. Дезқұралдардың жұмыс істеуге арналған ерітінділерін дайындау, уланған қармақтарды әр жерге қою, дайындау жөніндегі жұмыс міндетті түрде арнайы киімді (бұдан әрі -арнайы киім) және жеке қорғаныш құралдарын (костюмдерді, қолғаптарды, бас киімді, противогазды немесе респираторларды) пайдалана отырып жүргізілуге тиіс. Ең бірінші қолғапты жуып шешу керек, содан соң басқа қорғаныш құралдары шешіледі. Үй-жайларды өңдеу кезінде оператор әрбір 40 минут сайын 10-15 минутқа таза ауаға немесе өңделіп жатқан аймақтан тыс шығуға тиіс.
145. Жұмыс істеуге арналған ерітінділерді, эмульсияларды, қармақжемдерді өлшеп салу, дайындау, кейіннен кептіре отырып, киім-кешектерді инсектицидтермен, репелленттермен импрегнациялау жылжымалы желдеткішпен жабдықталған арнайы үй-жайда жүргізілуге тиіс. Осы үй-жайларға бөтен адамдар кіруге, өз киімдерін, тамақ өнімдерін сақтауға, тамақ ішуге, темекі тартуға болмайды.
146. Дезқұралдарды сақтауға және беруге арналған зертхана мен үй-жайлар ішке сору-сыртқа шығару желдеткішімен қамтамасыз етілуі қажет.
147. Арнайы киімді жуу, залалсыздандыру арнайы жабдықталған үй-жайда жүргізіледі, үйде және жұмыс орындарында жууға болмайды.
148. Объектілерде дезинфекциялық іс-шаралар объектінің (тапсырысшының) өкілі болғанда жүргізіледі. Өңдеуге жататын үй-жайдағы адамдар дезинфекциялық іс-шаралардың жүргізілуі және тиісті сақтандыру шаралары туралы алдын ала хабардар болуға тиісті. Өңдеу жүргізілетін жерлерде өңдеуге қатысы жоқ адамдардың, сондай-ақ үй жануаларының болуына рұқсат етілмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |